• Ұлттану
  • 30 Сәуір, 2022

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖӘНЕ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ТҮРКІТАНУ

Түркі тайпаларының грамма-тикасының зерттелуі ХІ ғасырдағы М.Қашқаридың «Түркі тілдерінің сөздігінен» (1072-1074 жж.) басталып, ХІV ғасырдағы Әбу Хайан әл-Гарнатидің «Түркі тілі туралы жазылған түсіндірме кітабымен» (1312 ж.) жалғасып жатыр. Ал түркі тайпалары дербес ұлыс, халық болып қалыптасқан ХV-ХІХ ғасырларда жеке тілдер мен тіл топтары арнайы зерттеулер нысаны бола бастады. Оған төмендегі қысқаша тарихи шолудың өзі дәлел. Ресейдегі нағыз ғылыми түркология XIX ғасырдың II жартысынан басталады. Түркологияның лингвис-тикалық арнада дамуына Москва (Н.Г.Коноплев, Ф.Е.Корш, А.Е.Крымский, В.А.Горддевский), Петербург (О.И.Сенковский, О.Н.Бетлингк, И.Н.Березин, В.Вельяминов-Зернов, Л.Будагов, В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский, С.Е.Малов, А.Н.Самойлович), Қазан (А.Казембек, Н.И.Ильминский, В.Катаринский, Н.И.Ашмарин, В.А.Богородицкий) қалаларындағы оқу орындары мен лингвистикалық мектептердің қосқан үлесі ерекше болды.

ХІХ ғасырдың алғашқы жартысының өзінде бірнеше  түркі тілінің алғашқы ғылыми грамматикалары жазылып, жарық көрді. Татар тілінің бірінші грамматикасын И.И.Гиганов (1801 ж.) түрік тілімен салыстырып қарастырады. Ал А.К.Казембектің (1802-1870 жж.) «Грамматика турецко-татарского языка» (1839 ж.) атты еңбегінде түрік, әзербайжан тілдері ғылыми-теориялық аспектіде сөз болды. Әзербайжан тілінің алғашқы оқу құралдарының бірін (1843 ж.) армян педагогы Х.Абовян (1805-1848 жж.) жазды. Хакас тілінің фонетикасы мен грамматикасын тұңғыш жүйеге түсірген фин ғалымы, угрофинтанушы, түрколог М.Х.Кастрен (1813-1852 жж.) болды. 1851 жылы О.Н.Бетлингк «Якут тілінің грамматикасын» басып шығарса, башқұрт тілінің алғашқы біршама жүйеленген грамматикасын (1869 ж.) Мирсалих Бикчурин (1820-1903 жж.) жазды. М.А.Терентъев түрік, парсы, қазақ және өзбек тілдерінің қарапайым, қалыпты грамматикасын (1875 ж.), хрестоматиясын (1876 ж.) жазып, алғашқы талпыныстар жасады. В.В.Радлов 1860-1900 жылдар аралығында түркі жазба ескерткіштерін оқу мен зерттеу және тірі түркі тілдерінің грамматикасы жайлы ізденістер жасады. Ал Н.И.Ашмарин (1870-1933 жж.) чуваш тілінің фонетикасы, морфологиясын (1898 ж.), синтаксисін (1903 ж.) жазып, чуваш лингвистикасының негізін салды. Тува тілінің фонетикалық, грамматикалық құрылысы турасындағы алғашқы іргелі еңбекті (1907 ж.) Н.Ф.Катанов (1862-1922 жж.) жазды.Қазақ тілінің тұңғыш ғылыми грамматикасының зерттеліп, жарық көруі (1914 ж.) А.Байтұрсынұлынан (1873-1937 жж.) басталды.Түркімен тілінің алғашқы ғылыми негіздегі оқулығының (1915 ж.) авторы И. А. Беляев (1920 ж.) болды.

XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басында Орта Азияда жергілікті кадрлардың, мәселен, Ш.Ш.Уәли-хановтың қазақ, жалпы түркі, моңғол тілдеріне, Н.Н.Пантусовтың ұйғыр тіліне, В.Наливкиннің өзбек тіліне, ЬІ.Алтынсариннің қазақ тіліне, Кавказда М.В.Мохирдің құмық тіліне, Н.А.Карауловтың балқар тіліне, Сібірде В.Вебрицкийдің алтай тіліне, Э.К.Пекарскийдің якут тіліне арналған еңбектері жарық көрді.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы түркі халықтары тілдерінің ұлттық тіл грамматикаларын басқа ұлт өкілдері немесе сол тіл өкілдерінің, яғни ұлттық мамандардың жазуы басты мәселе.

А.Байтұрсынұлының лингвисти-калық еңбектерін зерделеу үшін ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі әзербайжан, түрік, түркімен, өзбек, ұйғыр, татар, башқұрт, қырғыз тілдері грамматикасының зерттелуімен салыстыра қарастыру қажет. Ол тілдердің зерттелуін салыстыра отырып, ортақ қағидалары мен ерекшеліктері нақтыланады. Түркі тілдері грамматикаларының зерттелуін әлемдік лингвистика аспектісінде талдап, түркітанудағы лингвистикалық бағыттар, мектептер және әдіс-намалардың мазмұны зерделенеді. Осы аспектілерде талдау арқылы ғана А.Байтұрсынұлының әлемдік лингвистикалық түркологиядағы орны, еңбектерінің мән-маңызы анықталады.

А.Байтұрсынұлының лингвисти-калық және дидактикалық еңбектерінің түркітанудағы маңызы әрбір түркі тілінің грамматикалық салаларына, сонымен қатар шетелдердегі, яғни Қытай, Түркия, Монғолия, Иран және Өзбекстан елдеріндегі қазақ диаспораларына ғана емес, қазақтан басқа ұлттар үшін сауат ашу, оқулық рөлін  атқарғандығын туысқан қырғыз елінің мысалынан көруге болады.

А.Байтұрсынұлы еңбектерінің Орта Азия мен түркі халықтары алдындағы абырой-атағы мен беделі ұлы ұстаздың 50 жылдық мерейтойы кезінде ерекше дәлелденді. А.Байтұрсынұлының елу жасқа толған мерекесі 1923 жылы Орынбордағы Я.Свердлов атындағы клубта болған. Мерейтойға қазақтан басқа қырғыз, өзбек, түркімен, башқұрт, тәжік, ноғай, орыс халықтарының зиялы өкілдері қатысқан. Қонақ болғандар әр елдің ресми өкілдері, үкімет мүшелері, ғалымдар мен ақын-жазушылар болды. Ахмет Байтұрсынұлының құрметіне ұйымдастырылған банкетті И.Танабайұлы ашып: «Жау еңсені басып, қара бұлттай қаптап, түнше түнеріп тұрғанда кеудесінің күшін аямай жанын құрбан қылып, халқын жарыққа қарай, өрге сүйреген бірінші ұстазымыз, қажымайтын қаһарымыз – Ахмет Байтұрсынұлы. Ахмет ағай – қазақ халқының бірінші мұғалімі, ұстазы. Өзінің тізесін, түрменің терезесін үстел етіп, Ақаң қаламын тартпай жазумен болды. Ақаңның бойындағы ерекше қасиеті:1) қазақтың әдеби тіліне негіз салушы, 2) қазақты оқытып, надандықпен күрескен бірінші ұстазымыз, 3) оқу ісіне, жазуға жаңалық кіргізген данамыз, 4) патша үкіметінің зұлым саясатымен күресіп, қарсы пікірін таратқан қаһарманымыз,5) қазақ халқының атақты ақыны Ахмет ағай – қай жағынан болса да, қазақ халқының көсемі». Одан кейін И.Танабайұлы інілеріңіздің бір аманатын тапсырамын деп, А.Байтұрсыновтың омырауына алтын жетон тағады. Жетонның бір бетінде: «Түркістан зиялыларынан белгі. 1922 жыл. 2 ауғыс», ал екінші бетінде: «Ақа! Күшті сенің қаламың. Халық ісі – сенің тамағың. Жаса, ұлт мектебінің жүрегі!» деген сөздер ойылған» [2, 306-307]. Өкінішке қарай, бұл жетонның қайда қалғаны белгісіз.

А.Байтұрсынұлының еңбектері қазақ қауымының ғана емес, қырғыз халқының да рухани қажеттілігін өтеген. Мәселен, 1924 жылы 12 маусымда Орынбор қаласында қырғыз-қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі өткені белгілі. Келесі 1925 жылы 25 мамырда Бішкек қаласында Қарақырғыз автономиялық облысының ағарту қызметкерлерінің педагогика және білім мәселелері жөнінде облыстық І съезд өтеді. Осы съезде Орынбордан А.Байтұрсынұлы шақырылып, құрметті президиумға сайланған. А.Байтұрсынұлы осы съезде қырғызша және орысша қысқартып аударып сөйлейді. Ол өз сөзінде әрбір түркі тайпасының өз тілі, өз кітабы және осы тілде өз мектебі болуы керек екенін айта келіп, жиырмасыншы  жылдары түркі тайпаларының жазуы жаңадан пайда болды, әр диалект өз алдына тіл болып бөлінгенін, осындай кезеңде әліппе мен термин мәселесі бірінші қатарда тұруы керек екенін айтады. Қырғыз профессоры Карбоз Дыйканов А.Байтұрсынұлының 1910, 1912 жылдары Қазан, Уфа, Орынбор қалаларында қазақ тілін татар тілінен бөліп ажырату үшін «Қазақ әліпбиін» 3 рет оқулық етіп шығарғанын, қырғыздар бұл кітаптарды 1924 жылға дейін оқып пайдаланғанын баяндайды [3:12-13].

А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялылары тіл тазалығын сақтау, әдеби тілді қалыптастыру және ұлттық тілдің көркемдік деңгейін, қоғамдық өмірдегі рөлін көтеру жолында жанашыр ғана емес, жасаушысы да болды деуге толық негіз бар. Оның 1912-1926 жылдар аралығында қазақ тілінің келелі мақсат-міндеттер жайында «Жазу тәртібі», «Шаһзаман мырзаға» (1912  ж.), «Жазу мәселесі», «Қазақша сөз жазушыларға», «Қазақша оқу жайынан», «Оқыту жайынан» (1913 ж.), «Бастауыш мектеп» (1914 ж.), «Шекіспей, бекіспейді» (1916) атты тарихи мақалалары жарияланды.

А.Байтұрсынұлы «Қазақ» газетін ұйымдастырғанға дейін «Айқап», «Шора» журналдарында жарияланған еңбектерінде Ы.Гаспринскийдің 1884 жылы ұсынған «усул жадидін» қолданғанымен, оның көзсіз еліктеушісі болмай, араб әліппесі негізіндегі қазақ жазуы қазақ тілінің төл дыбыстық жүйесіне сүйенетіндігін, тіліміздегі арабизм, парсизм, татаризмдерге қарсы шықты [4:387-395, 432-434; 5:223-326]. Араб әліппесін қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне қарап түзу мәселесін 1912 жылы «Айқап» журналында жарияланған «Жазу тәртібі» атты мақаласында [4:380-385] алғаш көтеріп, тұңғыш қадам жасады. Қазақ тілінің 43 дыбысын 28 таңбадан тұратын араб әліппесі негізіндегі қазақ жазуын ұсынды.Құран жазылған қасиетті жазу, канондық тіл болған араб жазуының әліппесін қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне негіздеп реформа жасауы ең басты ерлігі болды. «Шора» журналындағы (1913 ж.) «Қазақша сөз жазушыларға» атты мақаласының мазмұны түркі тілдеріндегі емле де түрік-татар тілдерінің жөнімен жүруі керек деген ойға жауап іспетті. Онда «емле – жазу үшін шығарған нәрсе. Олай болса, тілді … емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек» [4:395], «егерде Гаспринскийдің сөзін тірілтеміз десек, ұлығ іс үшін ұсақ намысты қойып, түріктің тұнық тілін, түзу емлесін алу керек» [4:399] дейді.

«Оқыту жайынан» деген мақа-ласында усул – жадит (төте оқу) жүйесімен сауаттандырудың 2 түрлі әдіске: усул   мәдие – әріпті таныту арқылы сауаттандыру, усул   сотие – дыбысты таныту арқылы сауаттандыру болып бөлінетінін, оның ішінде графикалық әдіспен (усул мәдие) емес, фонологиялық әдіспен (усул сотие) үйретудің тиімді екенін ескертеді [4:77]. Ал Ахаңның 1912 жылдан бастап бірнеше рет қайта басылған оқу құралдары усул сотие әдісімен жазылғаны белгілі.

Осы кезеңдегі (1914-1916 жж.) тілге қатысты түйткілдердің бірі – татар зиялыларының 1914 жылы Петербургтегі мұсылмандар съезінде «рухани мекеме қағазы» (баспасөз ісі – Ш.Ж.) татар тілінде болсын деп ұсыныс жасап, ақыры «татар-түрік тілімен» жазылатын болып қабылдануы. Бұл жөнінде Ә.Бөкейханов 1914 жылы «Қазақ» газетінің бірнеше санында жазып [6:156-157], жақтасы Жаһанша Досмұхамедов, қарсыласы Бақытжан Қаратаев болғандығына налып жазды. Келесі бір «мүйіздеудің» сорақысы тағы да осы татарлардан 1916 жылы шықты. Қазақ тіліндегі «рухани мекеме қағаздарының» татар баспаханаларына кіріптарлығын пайдаланып, басына түскісі келіп, олар мұсылмандар съезінің шешімін қазақ тіліндегі баспа өнімдерінен талап етті. Алаштың ардақтыларының бірі, орыстарға қазақ тілін үйретудің негізін салушы Телжан Шонановтың 1923 жылы жазғанындай: «Ол кезде мәдени жағынан жоғары тұрмыз деп есептеген татар инте-легенциясы өзге түркі халықтарын татарландыру, ішінде қазақ та бар, басқа да ұсақ түркі тайпаларын да ешқандай себеп-салдарсыз татар тектес жұртшылықта татар тілін қабылдасын дегеннен басталған еді. Кезек қазақ тіліне де таянған еді» [7:126]. Мұндай пиғылдардың «сыбағасын» А.Байтұрсынұлы өзінің «Шекіспей, бекіспейді» атты мақаласында [6:157-158] берді.

Тарихқа ой көзімен қарасақ, ұлт-тық мемлекеттің нығаюы, ұлттық мәдениеттің өркендеуі және ұлттық тілдің қалыптасуы (тілді сақтау, тілдің тазалығы, әдеби тіл қалыптастыру), оның ғылыми грамматикасының жазылуы, мәселен ХІV-ХVІІ ғасыр-лардағы Қайта өрлеу дәуірінде, феодализмнің күйреп, діни мәдениеттің әлсіреуімен, рухани мәдениет философиямен, жаратылыстану ғылымдарымен тығыз байланысқа көшкен жағдайда іске асады. Тілдің жалпы мәселелері тілдің әлеуметтік-қызметтік (функционалдық) рөлін айқындаудан, яғни тіл мен оның иесі болып табылатын халықтың қарым-қатынасы мен қоғамдық өмірдегі қызметтерін айқындаудан басталады. Осы тұрғыдан алғанда, А.Байтұрсынұлы бас болып бағдарламалы түрде қолға алған қазақ тілінің мәселелерін оның ұлттық әдеби тіл болуын, әдеби тіл болудың басты шарттарының бірі жазбаша түрде дамуын, жазу мәдениеті даму үшін жетілген әліппенің болуы керек екенін; ұлттық әдеби тіл қалыптасып даму үшін қоғам өміріне белсене қызмет етуі қажет екенін, ұлттық мемлекетке қызмет ету үшін көркем әдебиет, ғылыми-педагогикалық еңбектер (мектептен бастап жоғары оқу орындарының оқулығына дейін және ғылыми-көпшілік кітаптардың жазылуы) мемлекеттік құрылымның іс қағаздарының тіліне айналуы керек екенін, демек тілдің қоғамдық-әлеуметтік және тарихи қызметтерін жете түсініп, жетілдіре түсуге бүкіл ғұмырын сарп еткендігіне жоғарыда баян еткен еңбектерінің мазмұнынан-ақ зерделеуге болады. А.Байтұрсынұлы қазақ әдеби тілінің қоғамдық өмірдің барлық салаларында толық қызмет етуін қамтамасыз ету арқылы бүкіл түркі тілдес халықтардың ұлттық тілінің зерттелуінің тууына, қалыптасуына және дамуына игі әсер етті.

Шапағат Жалмаханов,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Джусупов М. Фонемография А.Байтурсынова и фонология сингармонизма. – Ташкент: 1995. – 221 с.; Джусупов М., Ибрайымов Қ., Ахмет Байтұрсынұлы: ғылымтаным, терминжасам, стилистика. –  Алматы, 2007; Джүсіпов М. Казахская графика: вчера, сегодня, завтра (кириллица или латыница...). – Москва: Российский университет дружбы народов, 2013. 

2. Тұрғараева Г.М. Ахмет  Байтұрсыновтың Академиялық орталықтағы қызметі (1921-1923 жж.) //Materials of the international conference «The Eeuropethe Turkicword science, engineering and technology». June 15-17, 2016, Side, Turkey, S. 300-308.

3.Дыйканов К. Кыргыз тили жана Акмат Байтурсунов // «Ана тілі» газеті, 1998 жыл, 24 қыркүйек. - №38. – Б. 12 – 13.

4. Байтұрсынов А. Тіл тағлымы. –Алматы: Ана тілі, 1992.-455 б.

5. Дулатов М., Омаров Е. А.Байтурсынов (библиографический очерк) // Дулатов М. Шығармалары. – Алматы, 1991. -3 б. –Б. 295-302.

6. Әбдіманов Ө. «Қазақ» газеті. – Алматы: Қазақстан, 1993. – 168 б.

7. Шонанов Т. А.Байтұрсынұлы халық ағарту және әдебиет саласында // «Жұлдыз» журналы, 1992, №2. Б.123-128.

4979 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз