• Ел мұраты
  • 30 Сәуір, 2022

Әл-МАШАНИ МИРАСЫ

Жуырда Алматыдағы «Ғылым ордасында» көрнекті ғалым Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машанидің  «Табиғат – матбуғат» атты кітабының тұсаукесері өтті. Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры ұйымдастырған іс-шара ғалымның 115 жылдық мерейтойына арналды. Сондай-ақ ғылыми кітапхана  «ХХ ғасырдың әл-Фарабиі Ақжан әл-Машани мирасы» деген тақырыппен Ақжан әл-Машани мұраларының кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге Отырардағы «Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби музейі» қорынан құнды жәдігерлер қойылды. Кітап тұсаукесерінде Ақжан әл-Машанидің шәкірті, фарабитанушы Гүлсім Садақбаева, академик Ғалымқайыр Мұтанов, шығыстанушы Төрәлі Қыдыр баяндама жасап, ғұлама ғалымның шығармашылық мұрасына тоқталды. Сондай-ақ кітаптың жарыққа шығуына үлес қосқан Абдуррахим Алтай, Өмір Тұяқбай, Жарқынбек Нұрлаев сынды ғалымдар ой-пікірін ортаға салды.   Ақжан әл-Машани – Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұрасын Қазақстанда және шетелде зерттеген тұңғыш ғалым. Әбу Насыр әл-Фарабидің Дамаскідегі (Сирия) Баб ас-Сағир қорымынан қабірін тауып, құлпытас орнатуға атсалысқан және ұлы ойшылдың Қазақстан жерінде – Отырарда туғанын әлемдік ғылыми қауымдастыққа дәлелдеген. Әл-Машанидің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілді.Ақжан әл-Машани «Табиғат – матбуғат» кітабында әл-Фарабидің космологиялық еңбегіндегі табиғат ғылымынан адам тағылым алуға міндетті деген ойды дәлелдейді. Құнды қолжазба басылымы – ақыл-сананы даналыққа баулитын,  халқымыздың мәдениет, ғылым, өнер, сәулет, жазу тарихын, дін мен ұлттық дүниетанымының сырларын жаңа қырынан тануға жетелейтін ерекше еңбек. Қолжазба ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған. Бір қызығы, «Табиғат – матбуғатты» 1984 жылы профессор Ақжан әл-Машанидің өзі кітапханаға сыйлапты. «Сол күннен бастап қолжазба 38 жыл бойы сирек қорда сақталды, бірақ араб тілінде жазылғандықтан оны ешкім пайдалана алмады. 2021 жылы Ақжан әл-Машанидің шәкірті, фарабитанушы Гүлсім Садақбаева қолжазбаны аудару ісін ұйымдастыруды қолға алған болатын. Міне енді қазақ халқы бұл бірегей кітаппен танысуға мүмкіндік алды», – дейді қор қызметкері Гүлшат Әбікова.  Кітапты даярлауға атсалысқан исламтанушы Қуат Қабдолда былай дейді: «Біз ғылымды айтқанда әл-Фарабиді бірінші айтамыз. Ал әл-Фарабидің еңбектерін зерттеп, әлемге танытқан Ақжан Машанов болатын. Мен «Табиғат – матбуғат» кітабының аудармашысы ретінде өзімді бақытты адам санаймын. Дін мен білімді ұштастырған тұлғалардың еңбектерін аударуда аз да болса септігім тигеніне қуаныштымын. «Табиғат – матбуғат» деген сөз аударғанда «Табиғат – баспа» деген мағынаны береді. Табиғаттың әр жаратылысында Алланың белгісі бар. Қолжазба табиғаттың сол сырын метафизикалық, жоғарғы математика, дін, мәдениет жағынан ашуға тырысады. Мәселен, «Жер кіндігі – темірқазық» деген мақал тек қазақта ғана    бар. Құранда «Сендерде темірді жасайтын орасан күш бар» делінген. Сол  күшті біздің ата-бабаларымыз игерген. Олар Алтайда темір өндірген. «Табиғат – матбуғат» – темірдің сыры, оның ерекше қасиеті және өзге де табиғаттың тылсымдары жайлы сыр шертетін ғылыми еңбек».    Ақжан әл-Машанидің шәкірттерінің айтуынша, «Табиғат – матбуғат» әл-Фараби еңбектерін түсінуге апарар, жол сілтер көпір іспетті. Нағыз анықтамалық құрал. Ақжан Жақсыбекұлының «Табиғат – матбуғатын» толық түсініп, игерген адам әл-Фарабидің кез келген трактатын қиналмай оқи алады. Оның құндылығы осында. Қазақ ғылымында өшпес із қалдырған әмбебап ғалым-ұстаздың өмірі – өнеге, рухани мұрасы – мәңгілік. Осы орайда Ақжан әл-Машанидің шәкірті, фарабитанушы Гүлсім Садақбаеваның мақаласы оқырмандар назарына ұсынылып отыр.   

Дина ТАЗАБЕКҚЫЗЫ

2236 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз