• Ұлттану
  • 29 Маусым, 2022

ҰЛТТЫҢ ЖАНЫН АҚЫЛМЕН ҰҒЫНУ

«...Ақ жүрек таза болса. Жұртты я сатып, я алдап кетпейтін болса. Халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екі талай жерде жанын қиярлық ер жүректі болса. Өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көретін болса. Саясат ісіне жетік болса. Білімді, шешен, көсем, оқыған болса. Халықтың қалпына, салтына, тұрмысына жете таныс болса. Міне депутат болуға осындай адамдар лайық. Бұл сыпатты адамдар біздің қазақта қанша, көп пе?

... Атақ үшін баратын жол бұл емес. Жолым кетті, қысыр қалдым дейтін жол бұл емес. ...Үш жүздің баласы бәрің де қазақсың. Алған бәйгең қазақтыкі болады, алдарсың да қазақты алдырасың...»

Мадияр

Құралай Сәрсембина,

тарих ғылымдарының  кандидаты

Шенеунік, яғни кез-келген билік тұтқасын ұстаған адам – халық қызметшісі. Себебі, халық болмаса шенеунік те жоқ. Сондықтан да, шенеунік болған адам халқым, елім, жерім деген ұғымдарды миы мен жүрегінде сақтай білуі тиіс. Өйткені, заң, қаулы, қарар шығарылады, алайда оның өз мәнінде орындалуы билік қайығы ескегінің есілуіне қарай жүзеге асатын дүние. Ал, шығарылған заңның орындалмауы мемлекетке зор қауіп төндіреді. Біздің пайымдауымызша орындалмаған заң студенті жоқ аудиторияда дәріс оқыған оқытушы халіндей.

Қазақтың өткен тарихы даналыққа толы. Ерлікке толы. Елдікті паш етеді. Өкінішке орай, төл тарихқа философиялық көзқарас өз деңгейінде қалыптаспағандықтан, көп жағдайда тарих өтіп кеткен оқиғалар тізбегі ретінде қабылданады. Болашақ билік тізгінін ұстайтындардың барлығы партада отырып білім алады.  Демек, ұлттық сананың бастауы мектеп қабырғасынан басталады. Тарихтан «тест жаттау» мемлекетшіл, елдік санасы биік тұлғаны қалыптастырмайды. Әр замана адамының сөйлеген сөзі, тілі сол заманның, қоғамның келбетінен хабардар етеді. Сөз – ойдың айшығы болса, ой  ақылдың халінен хабардар етуші.  Ойдың келте болуына да «жаттап оқу әдісі» бір себеп. Тарих – өткен өмір.  Сондықтан да, тарихтан тест жаттамайды, тарихты ең алдымен ынтамен оқиды, оқиғаларды пайымдап, көңілге тоқиды, бекітеді, содан кейін ғана алған білімін тестпен тексереді. Міне, сонда ғана өз Отанының, елінің, жерінің сырына қанық (тарихына) ұрпақ тәрбиеленеді. Себебі, болашақ шенеунік бейнесін қалыптастыру ісі  мектеп партасынан бастау алады. Шенеунік бейнесін ұлттық болмысқа сәйкес әрі замана ағымынан қалдырмай қалыптастыру ісі өз алдына бөлек зерделентін өзекті тақырып. Сондықтан, біз бұл мәселеге тереңдемей, негізгі тақырыбымызға ауысамыз.

Шенеунік бойында ең алдымен ұлтты сүю қасиеті жоғары болу керек. Себебі, ұлттық құндылықтары (рухани құндылықтар) басты орында тұрған мемлекет өзгелерден оқ бойы озық болмақшы. Нағыз зиялыға тән қасиеттің бірі –ұлтын сүю.Ұлтын сүйген жан өзге ұлттарға адамдық қалыппен қарайды. Осы тұста қазақ ұлтының өзге ұлт өкілдеріне адамдық өлшеммен қарау дәстүрінің тарихтан тамырын тереңнен тартатындығын да айтуымыз шарт. Қазақ халқы қай тілде сөйлесін, қай дінді ұстансын, бай немесе кедей болсын адам баласының бәрі бірдей деген өмірлік ұстаныммен ұрпағын тәрбиелеген-ді. «Тіршіліктің қызығы адамға жақсылық жасаумен көрінеді» деген өмірлік қағида ұлттық тәрбиенің қазығы болды. Ұлтын сүйгенде мемлекетшілдік сана тамырын тереңнен тартады. Бұл мәселе ұлттық идеяға көгендеулі. Ұлттық идеясы күшті елдердің шенеунігі де басқаша.

Жүсіпбек Аймауытов «Абай» журналының 1918 жылдың 2 қазанында жариялаған «Ұлтты сүю» деген мақаласында ұлтшылдық туралы былай деген еді: «Өзіңе тілегенді біреуге де тіле», «адам баласын бауыр тұт» деген көркем тілек далада қалып, тұрмыс күресі, қанішерлік майдандап тұр. Ұлты үшін құрбан болуға шыдағандық – ұлтшылдықтың осы күнде ең берік ережесі.Зорлық, қиянат, қанішерлік жоғалып, бір заманда адам баласы бірін бірі маңдайға шертпейтін, жер жүзіне ұжмақ орнайтын шақ бола ма? Жоқ па? Белгісіз болса, алыс. Өзі көксеу – тәтті қиял; заман көксететін емес. Ендігі мақсат – аяқ астында қалмай, тырбанып тырна-қатар ретке кіру, дүниежүзінен жоғалып кетпес қамын қылу.Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Япония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы – мемлекеттің керегі, қызметкері».

Ұлтты сүюдің классикалық үлгісін көрсетіп кеткен зиялылар, ел билеген тұлғалар тарихымызда жеткілікті. Мәселен, қазақ мәдениетінде мәңгілік қалған Абылай, Кене хандар, Сүйінбай, Бұқар жыраулар секілді тұлғаларды нағыз зиялылар деп айта аламыз. Олар мәңгілік рухани ұстаз. Зиялылар қай ғасыр шеңберінде өмір сүрсе де, әлеуметтік ісі арқылы бірін-бірі жетелеп отырады. Нағыз зиялы бойында ұлтшылдық қасиет тұнып тұрады. Әлихан Бөкейханов сынды Алаш зиялыларының тарихи келбеті сөзімізге  дәлел. Алаш зиялылары өздеріне дейінгі зиялылықтың  заңды жалғасы болатын-ды. Зиялылықтың арқасында төл тарихымыздан қазақ рухының қуатты лебі еседі. Осы бір іргелі мәселені тереңнен ұғынған қазақ зиялылары қазақ қариясының сыр сандығында сақталып, ауыздан ауызға беріліп, ұлтты тәрбиелеп отырған қазақ тарихын кітап бетінде қалдыруға ұмтылды.

Қазақ ұлтшылдығы туралы айтқанда ұлты үшін құрбан болған, алайда өзгелерге өркеуде өзімшілдік көрсетпей, өзгелерге өзіндей қараған қазақ зиялылары көз алдымызға келеді. Міржақып Дулатов жазғандай:  «Шын ұлтшылдың өзі аз еді. Ұлтшыл еместердің көбі өзімшіл, дәрежеқұмар, парашыл, шағымшыл, зорлықшыл еді. ... Адамның алдымен адам сипаты болуы шарт. Өзінен басқаның тілегін тілей алмаған, арын, иманын, қара басының пайдасы үшін қысқа күнде қырық сататын соғылғандардан қаны тамып тұрған ұлтшыл артық. Бірақ, біздің қазақтың ұлтшылдығы өзге жуан елдердің ұлтшылдарындай емес екені бәрімізге белгілі. Бізді ұлтшыл қылған нәрсе – біздің кемдікте, қорлықта жүргендігіміз еді» [1, 53-54 бб.]. 

Өзге ұлттардың ұлтшылдық қалпының тарихы мүлдем басқа болғандықтан, қазақ ұлтының ұлтшылдығы туралы айтқанда, оны өзгелердің сүрлеуіне салмай, өзіндік табиғатымен қараған жөн. Мәселен, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов сынды зиялылардың  зиялылық келбетін ерекше феномен деп айта аламыз. Тарих өрісіндегі зиялылық келбетті өрімтал жастың бойына сіңіргенде ғана ұлтын сүйген тұлғалар қатары қалыптасатындығы анық. Сондықтан да, тарихты өткеннің тізбектелген оқиғасы ғана емес, сол оқиғаның себеп-салдарын, нәтижесін сүзгіден өткізіп, ұлттың, күллі адамзаттың қателіктен қашуына қам жасауына, өткеннің інжу-маржанын теріп, оны өрімтал жастың бойына сіңіруге еңбек ететін ғылым деп атаймыз. Тарих ғылымының арқалаған жүгі тым ауыр. Өйткені түзу тарихи сана арқылы ғана ұлт қызметкерін тәрбиелей аламыз. Материалдық игіліктер, жетілген экономика миының сүйегіне дейін ұлтын сүйетін ұлт қызметкерін тәрбиелей алмайды. Әрине, бұл өз алдына жеке зерделенетін мәселе. 

Әлихан Бөкейханов болмысы ұлтшылдықтың биік мысалын көрсетеді. Тарихшы ғалым М.Қойгелдиев жазғандай:  «...біздің қазақ ұлтшылдығының негізін қалыптастырған тағы да – Әлекең. Қазақ ағартушылығымен бірге, қазақ ұлтшылдығы да өмірге келді. Бұл да қажеттіліктен туған нәрсе болатын. Мысалы, кез келген ұлттың ағартушылық кезеңінде ұлтшылдық ағымы қалыптасады. Қазақ ұлтшылдығының қалыптасуы да – ХХ ғасырдың басында қазақ ұлтының дұрыс даму жолына түскендігінің көрінісі. Ал Ресейдің патша өкіметі мен одан кейінгі Кеңес өкіметінің идеологиялық орындары өз құралдары арқылы бас көтерген ұлтшылдыққа мүлдем басқаша мазмұн-сипат беруге тырысты» [2].

Нағыз ұлт зиялысы өзінің жан-дүниесін ұлтының болмысынан ажыратпайды. Оны ұлтының жанын ақылмен ұғыну деп те атаймыз. Қазіргі таңда оқығандарымыз көп болғанымен, олардың ұлт пайдасына тигізер игілігі аз болып отырғандығы да ұлттың жанын ұғынбау себебінен болар. Ұлттық идеядан ажыраған соң, ұлтшыл деген түсінікке үрейленіп қарайтын халге жеттік. Ұлт дамуына қайшы, бірақ қуаты күшті идеология өзінің діттеген жеріне жете бастады. Елшіл емес жершіл, ұлтшыл емес рушыл, жұртшыл емес жекешіл мансап қуғандар саны арта бастады. Алайда, осы тұста отбасындағы тәрбиеге сызат түспеген ортадан өскен қазақ балаларының ұлттық санасы биік болып жетілгендігін де ескеру шарт. Сонымен, қазақ балалары  ұлттық идеядан ажыраған соң ала-құла кейіпте өсіп жетілді. Біреу коммунист болғанына масаттанса, басқалары коммунистерді іштей жек көрді. Рухы биіктер кеңес өкіметі тұсында да тығылып жүріп намазын оқыды. Рухы биік жандар кеңестік мансапта жүрсе де елге қызметін білдіртпей жасап жүрді. Ұлттық идея қоғамда үстем болмағаннан соң, ұлт мінезіне өзгерістер енгендігі шындық. Ұлттық идеядан ажырағаннан соң қазақ ұлтының болмысына жат қылықтар бас көтеріп, тамырын тереңге жая бастады. Осы бір келелі мәселе тұрғысында этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбек «Қазақтың ауызша тарихында»:  «Әрбір этножаралым жадының біртұтастығы қожырай бастағанда, оның этнотөлтумалығы да дүбәралана бастайды. Ал, этнос мүлде өлімге бойсұнғанда, сол этнос аясында бірін-бірі түсінбейтін, бірін-бірі түсінгілері де келмейтін бірнеше әлеуметтік топтар пайда болады... Нағыз ұлтжандылық пен мемлекетшілдіктің сыналар жері де осы болса керек» деп те жазған еді [3, 46-47 бб.].

Ресей империясының отаршыл саясаты салдарынан ұлттық идея тұншықтырылды. Ел аузынан жеткен «Абылай ханның түсі» өмір шындығына айналды. Қазақтың соңғы ханы Кенесары ұлттық идеяның ұлттық деңгейдегі жанталасын көрсетеді. Кенесары феномені қазақ баласының жүрегіне ұлттық идеяның қуатын ұялатып кетті. Саяси жетекші мен халықты біріктіретін – ұлт мұраты. Сондықтан да халық жүрегінен Кене ханына арналған жыр төгілді. Нысанбай жырау Кене хан өлтірілгеннен кейін: бастан тайды бағымыз, байланды тіл мен жағымыз деп жылаған еді. Бұл халық жүрегіндегі шер еді.

ХХ ғасырдың басында Алаш зиялылары өздері тар қапаста күңіреніп жүрсе де, өктем саясаттан теперіш көріп, жасып қалған ұлттық идеяны өмірге енгізіп кетті деп те батыл айта аламыз. Ойлы көзбен қарағанда, зиялыларымыз бастарына төнген қауіп қатерге қарамастан ұлттық идеяны халық санасына сіңіру үшін «Қазақ» газетін шығарып, партия құрып, оның атын «Алаш» деп қойды. Мемлекетінің атын Алашорда деп атауының өзі ұлттық идеяны өмірге енгізу мақсатын көздейді. Алаш – біздің ұлттық идея. Алаш пен қазақ бір түсінік. Алаш идеясының астарында қазақтың  ұлттық рух түсінігі жатыр. Осы тұста Міржақып Дулатұлының: «Қазақты қазақ десе мақтанамын, Алыстан алаш десе аттанамын...» - деп басталатын жыр жолдары да ойымызға оралып отыр. Қазақ баласы үшін Алаш атауы өте киелі түсінік. Ұлт зиялылары өздеріне дейінгі зиялылардың аманатын жалғастырды. Сол кезеңде ұлтшыл азамат атану ең құрметті атақ болатын-ды.

Төл тарихымыздағы ұлттық идеяны шынайы өмірге енгізіп, ұлттық идеямен қаруланған жастарды тәрбиелеу басты мақсат.  Әлихан Бөкейханұлы айтқандай: «Оқу-білім болса, мақсат бәрі табылады дегендей көрінеді. Бұлай болса, ол – адасқандық. Біліммен мақсат шықпайды. Ібіліс жұмақтан білімсіздігінен қуылған жоқ, имансыздығынан қуылды. Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден»[4, 119 б.]. Ал, мінездің түзу болуы ұлттық идеяға көгендеулі.

Қазіргі таңда ұлттың болмысына сай өмірге келген түсініктерді жат көзқарас (еуроорталық және т.б.) тезіне салудың қисыны жоқ. Ұлттық түсініктерді реттеген жағдайда ғана ұлттық идеямыз өміршең болып, мемлекеттілігіміз берік болмақ. Ұлттық идея болған жерде ұлттық идеология тамырын тереңге жаяды. Ұлт өзін-өзі түсінбесе, қандай идеология болмақшы.

Еңбектеген сәбиден буыны қатқан жасөспірімге дейін ұлттық тәрбие сипатындағы мультфильмдер мен көркем фильмдерді көріп жетілсе ұлттық идеяға қосылған зор үлес болып, ұлтын сүйгендер қатары артар еді.

Шенеунік бойында жан-жақты білімдарлық пен ұлт болмысын жете ұғына білу қасиеті, яғни зиялылық жоғары болу керек. 

Зиялылық туралы көзқарастарды түйіндегенде ұлтына адал қызмет ететін, адам баласының игілігі үшін өмір сүретін тұлға туралы зерделейміз. Кеңестік тарихнамада зиялылық тұрғысында бір жақты пікір үстем болып, кеңестік кеңістіктегі халықтардың санасынан ұлт зиялысы түсінігін аластатуға қызмет еткендігі де жұртшылыққа мәлім. Соның салдарынан әлі күнге дейін ұлт зиялысына қатысты алуантүрлі пікірлердің де орын алып отырғандығы белгілі. Ұлт зиялысы деп кімді айтамыз? Оқыған, қалтасында дипломы бар адамның барлығын зиялы деп айтуға болмас. Ұлттық тәрбие мен терең білімді қатар игерген адам зиялы болып табылмақ. Осы тұста тәрбиенің ұлттық мазмұнда болуы тиіс екендігін де естен шығармағанымыз жөн. Мұстафа Шоқай жазғандай: «Ұлттық зия-лы деп кімдерді айтамыз. Бір қарағанда, жеңіл көрінгенімен, шын мәнінде бұл сұрауға дұрыс жауап қайыру оңай емес. Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрін зиялы деп атап, оны сол адам өзі тән болған ұлттың «ұлттық зиялысы» қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсіз қателесеміз. Біздіңше, белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттары төңірегіне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады.Зиялылардың міндеті ұлы да қасиетті болуы себепті өте ауыр. Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни, жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізуде ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі зиялылардың үстіне жүктеледі»[5].

Отарлаушы мемлекет отар болған елдің санасын толығымен бағындыруға ұмтылатындықтан, ең алдымен тарихи санаға қарсы күресіп, ұлт қорғаны болар зиялыларды қаралау, өз қоғамынан өгейлендіру мақсатында науқандарды ұйымдастыратындығы белгілі. Сондай науқандардың салдарынан халық тарихи санадан ажырап, ұлт зиялысын қадірлеу қалпынан айрылып, көлденең көк аттының жетегінде кетуге даяр тұратын халге жетеді. Тарихи санасынан ажыраған жұрт дәстүрді тәрк етіп, ұлттық болмысын жоғалта бастайды. Ұлттық болмысы жоғалған жұрттан нағыз зиялы өсіп жетіледі деп те айту қиын.

ХХІ ғасырдағы қазақ өзінің ұлттық болмысынан ажырап барып, рухани сұхбаттастықтың арқасында өзінің қазақтығымен қайта қауышқан халық. Ұзақ ғасырларға созылған жат мүддеге амалсыз бағыну салдарынан ұлт зиялысының келбетін жоғалта жаздаған халық екендігіміз де шындық. Осыған орай қазіргі таңда мемлекеттік деңгейде қолға алынған тарихи сананы көтеру тұрғысындағы іс-шараларға бір кісідей жұмылу қажеттігі артуда.

Ұлт пен ұлт зиялысы бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Әрбір ұлт зиялылық деңгейіне қарай өркениет көшіне ілесіп, өзіндік болмысына тән мәдениет тарихын қалдырады. Ұлттың зиялылылық қалпы ұлт зиялылары арқылы сомдалып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасын табады. Осылайша, ғасырлар қойнауынан келе жатқан рухани сұхбаттастық арқылы ұлттың рухы ғұмырлы болмақшы да. Ұлттық рух дегеніміз ұлт қорғаны, ұлттық қауіпсіздік кепілі десек те артық айтпаған болар едік. Әрбір ұлт зиялысының елдік санасы ұлтын өрге сүйрер күш екендігі де ақиқат. Алайда, ел басына күн туған заманда ұлттың қорғанышы болған зиялылардың қызметі де жан-жақты болғандығы тарих шындығы. Осы тұста тарихшы ғалым Қамбар Атабаевтың айтып кеткен мынадай тұжырымдарын оқырман назарына ұсынсақ: «Зиялы, бұл қоғамның, ұлттың ақыл-ойы. Қай заманды алмасақ та, зиялы болған, болады да. Тек қоғамына қарай деңгейлері әр түрлі болады. Осы тұста өзім туралы айта кеткім келеді. Мені біреу зиялы десе, маған мазақ сықылды көрінеді. Ғалым болармын, атағым бар шығар, бірақ, зиялы емеспін. Қалай зиялы болам, Кеңестер кезінде партияны мақтап, кандидаттығымды қорғасам, тәуелсіздік алған соң, партияны жамандап, докторлық қорғасам?! Қанша дипломы болмасын, ұлттың мүддесін ойламаған адам зиялы емес. Тарихшы ретінде, тарихымызға тоқтала кетейін. Бүкіл өмірін ұлтына арнаған Алаш зиялыларын айтпай кетуге болмайды. Әлихан Бөкейханов бар ғұмырын халқының мүддесін қорғаумен болды. 24 жасында көтеріліске шығып, қара тізімге енді. Өмірінің соңына дейін сол қара тізімнен шыға алмай өлтірілді. Ахмет Байтұрсынов халқы үшін бүкіл өмірін азаппен өткізгендердің бірі. Ұлт зиялысының үлгілері деп айтуға болады. Олардың зиялылығының ең басты белгісі, ұлтшылдығы болды. Қазір, ұлтшылдық деген термин Кеңес үкіметінің салдарынан трансформацияға ұшырап, мағынасын жоғалтты. Бүгінде, ұлтшыл десе қорқып, қашатындай дәрежеге жеттік. Ал, негізінде ұлтшыл деген азаматтың азаматтығын көрсететін термин. Кезінде 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін өткен құрылтайға сайлауға түскен кандидаттарға берілген мінездемеде ұлтшыл азамат деген баға ең жоғарғы баға болып есептелген» [6].

  Нағыз зиялыға ойшылдық келбет тән. Ойшыл деп өз заманының биігінен пайымдай білетін адамды айтамыз. Мәселен, Әлихан сынды алаш зиялылары замана ағымын халқына ұғындырып, ұлтының бойындағы кемшіліктерді көрсетіп, одан шығудың жолдарын айтып, рухани тамырдан ажыраудың қауіпті екендігін ескертіп кетті. Қазіргі зиялылар да осы бір жауапкершілігі зор міндетті адал атқара білулері тиіс. Жалпы өзін зиялыға жатқызған адам халқына не керектігін біліп, соның жолында еңбек етуі тиіс. Сонымен ар ілімін жоғары деңгейде ұғынған уақытта ғана Әлихан Бөкейхановтар сынды ұрпақ  шоғыры өсіп жетіледі. Сондықтан да, қазіргі кезеңде категорияларға ерекше мән беріп, оларды ұрпақ жанына ұялататындай деңгейде  түсіндірудің қажеті зор болып тұр. Мәселен, ар, ұят, обал,сауап және т.б. ұлттық мінезге сай ұғымдарды балаға жастайынан түсіндірудің маңызы зор. Мағжан Жұмабайұлы «Ойлау» мақаласында ойлаудың ұғымдардан жасалатындығын, ең жалпы, ең жоғарғы ұғым категория деп аталатындығын тереңнен түсіндірген еді. Мәселен, ұлт зиялыларының бойындағы естілік, елдік, ерлік, даналық пен даралық ұғымдарын өрімтал жас өз деңгейінде ұғына ала ма? – деген де сауал еріксіз туындайды. Оларды өз биігінен түсіну үшін билердің, жыраулардың, Абай, Шәкәрім, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек және өзге де ұлт зиялыларының шығармашылығымен сусындау қажет.  Әрбір сөз, ұғым өмір шындығын бейнелеуі тиіс.

Алаш зиялылары халыққа жақын болды. Халықтың жанын ақылмен тереңнен ұғынды. Себебі, төл тарихты жетік білді. Тарихи тұлғалар тағдырына бойлады. Елге төнген қауіптің қарқынын болжап, елдік сананы көтеретін еңбектер жазды. Алаш зиялылары қазақтықты сақтау мақсатында тарих қойнауындағы рухани қазынаны халыққа қайта табыстады. Олар өздеріне дейінгі зиялылықтың  заңды жалғасы болатын-ды. Отаршылық қамыты мойнына мықтап ілінген халқы үшін сан салалы қызметтерді атқарды. Олардың ішінде ең пайдалысы – газет шығару, мақала, кітап жазу, бала оқыту екендігін ұғынып, осы бір игілігі мол істерге көңілі ояу, көзі ашық зиялыларды жұмылдырды.

Қазақ болмысына қатысты анықтаманы Алаш зиялыларынан  асып ешкім де бере алмайды. Өйткені, олар ұлттың жанын ақылмен ұғынғандықтан ұлт мүддесін қорғай білді. Олардың айтқандары халықтың жүрегіне жетті. Сондықтан да, біздің пікірімізше, қазіргі шенеунік Алаш зиялыларының еңбектерін жетік білулері, ұғынулары тиіс.

Мәселен, сол кезеңдегі «Қазақ» газетінде көтерілген мәселелер мемлекеттік деңгейде қаралған мәселелер деп батыл айта аламыз. Себебі, «Қазақ» газеті халық пен билік арасындағы көпір еді. Газет бетінде келелі дүниелер талқыланып халыққа ашық ұсынылды, халық та зиялыларына сенім артып көкейкесті мәселелерін ашық жазды. «Қазақ» газеті мен халық арасындағы байланыс күшті болды. Өзара сенімнің арқасында қоғамға зиянды тұлғалар әшкереленді, ұлтқа зиянды арнайы «тапсырыспен» жазылған дүниелердің зиянды екендігі айтылды. Бір сөзбен қайырғанда, қазақ ұлтының мүддесіне қауіпті мәселелер халыққа жеткізіліп, халықты жаманшылықтан сақтандырып отырды. «Қазақ» газеті ұлт өмірінде дирижер іспеттес болды.

Әлихан Бөкейханұлы бастаған Алаш зиялылары қазақ жерінің сақталуы үшін күресті. Сол мақсатта саяси-экономикалық өмірді терең талдап, құнды идеяларын қалдырды. Қазақ ұлтының дәстүрлі шаруашылығының күйремеуі үшін, қандай мал түрін көптеп өсіріп, қалай егін салу қажеттілігін ғылыми тұрғыда айтып кетті. Барлық  мәселеге  ғылыми  тұрғыдан  қарады. 

Ахмет Байтұрсыновша  айтқанда: «Ғылым дегеніміз дүниені, яғни табиғатты дұрыс тану. Ғылым жоқ болса, дүниені тану дұрыс болмайды» [7, 103 б.]. Сондықтан да, «Қазақ» газеті беттерінде халықтың шаруашылығын аман сақтауға қатысты мақалалар көп жазылды. Думада талқыланған мәселелерді халқына ашық айтып отырды. Мәселен, «Алым тарату жолы» деген мақалада: «Біздің қазақ жақсы жерін алты бөліп, төртеуіне егін салып, екеуіне пішен шауып, мал басқа... жылда басқа -көзге төпелеп, жаңа келген хохолша жыртса, жылдан-жылға астықтың шығымы кем болып, қазақ жерін тоздырып, қаңғып қалар. Хохолдың жылда жыртқаны өз жері емес, қоңсы қазақтан арендаға алған қазақ жері. Бұл жердің тозғанында не жұмысы бар?» [8, 36 б.], – деп ескерткен еді. Қазақтардың жерді мұжыққа тиын-сыйынға жалдап қойып, ақырында сол мұжықтың сиырын бағып кетуден сақтандырды. Алаш зиялыларының негізгі мақсаты – жерден айрылмау. Қазақ жерден айырылса барынан айырылғаны деген қағиданы ұстанған. Ата-баба қанымен қорғалған жерді кейінгі ұрпақ үшін сақтап, замана ағымына сай кәсіп етіп, жермен күн көріп, білім мен ғылымды дамыту басты стратегия болды. Алаш зиялыларының тұжырымы: негізі халық кәсібінен ажырамау керек. Замана ағымына бейімделе отырып, негізгі дәстүрлі шаруашылық тамырынан қол үзбеу керек. Халық тәжірибесінен артық ғылым жоқ. Байлық түбі – ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай адам баласы қазынаға жарымайды [8, 39 б.].

Алаш зиялылары депутат, шенеунік бейнесінің қандай болуы керектігі туралы: «...депутаттар халыққа шын пайдалы адамдар болуы керек. Пайдалы адамдар қандай болады», – дей келе адалдық, сатып кетпеу, ер жүректік, өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көру, саясат ісіне жетік болу, білімді, шешен, көсем, оқыған болу, халықтың қалпына, салтына, тұрмысына жете таныс болу қажеттігін айтып та кетті. Сонымен қатар, «... Атақ үшін баратын жол бұл емес. Жолым кетті, қысыр қалдым дейтін жол бұл емес. ...Үш жүздің баласы бәрің де қазақсың. Алған бәйгең қазақтыкі болады, алдарсың да қазақты алдырасың...» [8, 413 б.],-деп ескертіп те кетті.

Парақорлық пен жемқорлық, атаққұмарлық адамға да, қоғамға да өте қауіпті дерт. Осындай жат қылықтар қазақ қоғамында шамамен ХІХ ғасырдың ортасынан бастап тамырлана бастады. Әлихан Бөкейханұлы парақор адамды қысты күні үңгірде жатып өз аяғын өзі сорған аю мысалында санамызға сіңіріп ұғындырған еді. Өз майын өзі сорған аю секілді, парақор адам да елді жегеннің өзін жегенмен бірдей екендігін естілік сезімнен ажырап қалғандықтан ажырата алмауы мүмкін. Парақорлар көп болған сайын, елдік сана елден ажырай түседі. Ер адасса ел де адасады деген даналық та бар (Міржақып Дулатов).

Әлихан Бөкейханов сьезге келген адамның қызылды-жасыл киініп, алқа-моншақ тағынып, тойға келгендей келмей, қазақтың бір мәселесін талдай алатын деңгейде дайындалып келуіне ерекше мән берді. Тіпті, осы мәселе тұрғысында қалам тербеді де. Бұл мәселе қазіргі күні де тым өзекті болып отыр.

Алаш зиялылары халықтың жаман мен жақсыны айыру мәселесіне ерекше көңіл қойды. Мәселен, «Қазақ» газетінің 1918 жылғы №258-265 санында жарияланған «Демагогия» деп аталатын мақаласында «Европа тілінде «демогогия» деген сөз бар. Ол сөздің мағынасын толық көрсетіп, баспа-бас төлеуіне тұрғандай қазақта сөз жоқ. Тұлпар төлеуіне тұғыр бергендей етіп, «демогогия-ны» қазақша айтсақ, жұртқа жақсы атты көріну болады. Жұртқа жақсы атты болу бар, жақсы атты көріну бар. Екеуінің арасы айыра білген адамға жер мен көктей. Халыққа жақсы атты болған адамдар ақылымен, білімімен, таза құлқымен жақсы атты болады. Жақсы атты көрінетін адамдар көбінесе көңіл аулап жақсы көрінбек. Осыдан 100 жыл бұрын айтылған осы бір өзекті мәселелер қазіргі таңда да тым өзекті болып отыр.

Қазақ ұлтының рухани мәдениеті өзгелерден озық болмаса кем түспейтіндігін біліп, оны дәлелдеу үшін, өткеннің рухани інжу-маржанын кейінгі толқынның бойына сіңіруге күш салды. Қазақ ұлтының рухани-мәдени тұтастығы қалпының шеті сөгілейін деп тұрған халін көріп, «Қазақ» газеті беттерінде тарихи мазмұндағы мақалалар легін жариялады.  «Қазақ» газетінің 1913 жылғы №1-44 сандарында «Отбасының уайы-мын қойып, жұрт басының қайғысын ойласақ ой түсіретін нәрселер әр тараптан көрінеді. Қалыпты шаруамыз өзгеріліп, қалпымыз да өзгерілейін деп тұр. Қалпымыз өзгеленсе, қалай болатынымыз белгісіз, іргеміз тұтас, ыдырамай, бірыңғай жатқан халық едік. Енді арамызға бөтендер келіп, кірісейін деп тұр. Бөтендер кіріскенде халіміз қандай болар? Тарих жолына қарағанда келімсек жұрт күшті болса, тұрғын жұрт аяқ асты болып азып-тозып жоғалмақшы. Тұрғын жұрт күші болса, келімсек жұрт сіңіп, тұрғын жұрттың түріне түсіп, бөтендігі жоғалмақшы. Екеуі де тең болса, бір-бірінен кем болмай, біріне-бірі жем болмай, қатар тұрып күнелтіп, әр қайсысы өз алдына ұлт болып тұрмақ» [8, 14 б.], – деген мазмұндағы жолдар қазақтың дәстүрлі шаруашылығына енетін өзгерістерді, ал одан туындайтын мәдени тұтастыққа сызат түсу мәселесін көтерген зиялылардың сараптамасын көрсетеді.

Мақаланы ұлт зиялысы, жеке тұлғалардан жоғары тұрған ұлттық мұраттарды өмірлік қағида етіп алған Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханның сөзімен түйіндегім келіп отыр: «Кейінгі ұрпақ алғысын тарих бетіне алтынмен жазбай-ақ сиямен жазып қойса да арман не? Егер асығып жаза басып, шатақ жолға салсақ ... жұрт қатарлы шаруаларын арттыра алмай, азып-тозып, бізді осындай сергелдеңге салып қойған аталарымыз ғой деп, көрінгенге зарлап мұңын шағып жүрсе, онан артық ұят не? Қатеден қашып, қам қарастыру бар адамзаттың намысы еді»...

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Елім деп соққан жүрек /Құраст. Күзембаева В.Қ. А., 2002.- 252 б.

2. Қойгелдиев М. Ол ақырғы деміне дейін адал болды.- //Жұлдыздар отбасы («Аңыз адам»).-№20(32).-2011.

3.Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы: Зерттеу. – Астана: Фолиант, 2008. – 728 б.

4.Букейхан А. Казахи.-Астана, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ типографиясы, 2014.-280 б.

5.Шоқай М. Ұлттық зиялы.-https://www.minber.kz.-3.10.2012.

6.Ұлт зиялылары деп кімдерді айтамыз? /QAMSHY.KZ-10.03.2013

7.Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш.-А: Атамұра, 2003.-208 б.

8. Қазақ.-/ Бас редактор Ә.Нысанбаев.-Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998.-560 б.

2724 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз