• Ел мұраты
  • 30 Қыркүйек, 2022

АҢСАУ

Ислам ЖЕМЕНЕЙ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

Сөзімді Шаһ Ғұрбәт әңгімесімен жалғастырған жөн болар. Шаһ Ғұрбәттің тұңғыш зерттеушісі Күмбез Кавуыс қаласының тұрғыны, Уәли Мұхаммед Қожа. Оның әкесі аймақта аты шыққан дін қайраткері, ғалым болған. Уәли Мұхаммед Қожа зерттеу нәтижелерін «Шаһ Ғүрбәт» атты жинақта дәйекті түрде жазып жариялады. 

Шаһ Ғұрбәт кесенесін салу Горгандағы Қазақстан консулы Айтжан Айдаштың ерен еңбегімен жүзеге асты. Сол аралықта атамекенге оралып оқытушы, аудармашы болып еңбек етіп жүрген Нияз Тобыш пен маңғыстаулық белгілі зерттеуші Алқажан Әділхан Мәратөбедегі, Ақбенттегі түркілердің ежелгі мазарлығында қазақтың ескі қорымдарын аралап, Шаһ Ғұрбәттің медресесі және жерленген жерін көріп, танысып келген еді. Сондағы көрген қызық деректердің бірі – V-VI ғасырларға тиісті Адай мен Жалайыр таңбалары екен. 

Аталған Шаһ Ғұрбәт сопы Мәхтумқұлының ұстазы болғанын зерттеп, зерделеп жазған Уәли Мұхаммед Қожа мен оның ізімен атсалысқан қазақ консулы Айтжан Айдаштың еңбегіне сын айтып, қарсы пікір жазған Швейцарияны паналаған түрікмендердің «түрікмен зерттеу орталығының» басшысы А.Гүли жалпы қазаққа кіжініп, кемсітіп, әдептен тыс сөздермен кектене Шаһ Ғұрбәттің бар болғанын жоққа шығарып жазған. Оның бүйтіп кектене жазуын бауырлас елдерге жарасымды іс еместігін айтқым келеді. Бұл пікірге қарсы болған жағдайда әдеппен дәйекті жазып ой бөліскен жөн. Бүйтіп аласұрып, кіжініп, тісін қайрап қарсы пікір жазған А.Гүлиге жол болсын. Әсіресе ортағасырлық әдеби туындыларды ислам қағидасы, дүниетанымынан ажырата қарай алмаймыз. Сондықтан Ислам дінімен бірге араб, парсы және түркі елдерінің арасында ортақ исламдық әдебиет пайда болды. Оған үш елдің ғалымдары, қаламгерлері мен ақындары атсалысты. Қазақ даласының бір өңірі Маңғыстау мен Түрікмен елінің мәдени-діни байланыстары соған куә бола алады. Ол үшін А.Гүли басын шовинист қалдықтарының батпағына тықпай, қазақ-түрікмен халықтарының мәдениеті мен әдебиетін бірге зерттеп жатса, екі бауырлас елдің талай ортақ құндылықтарына қанық болады. А.Гүлилер жалған патриот. Түрікмен мен қазақтың ортақ тарихы мен рухын сезе алмайды. А. Гүлилер сөзі патриот болғансыса да, жан дүниесі батыстық демократиясына іңкәр зиялысымақ жандар. Сол үшін кіжінбей, бауырыңды тап, А.Гүли. Сіздей батыс мәдениетіне жағымпаздар түрікменін жазған болып, батысқа жағынып күн көруді жақсы біледі. Өйткенше қазақ тілін, мәдениетін үйреніп, қазақ-түрікмен бауырларыңды жақындастыруға ат салысқаныңыз жөн болар. Қазақ-Түрікмен бір-біріне ұстаз-шәкірт болса, аспан жерге түспейді. Анау Иранның Һамадан қаласынан Орта Азияға келген парсы Жүсіп Һамадани Бұхарада Қожа Аһмет Иасауидің ұстазы болған деседі. Сондықтан білім мен білімдарға шекара жоқ.  

Енді өз хикаяма қайта оралсам, 1964-67 жылдары өзімнің балғын жас кезеңіме аяқ басқанда Түрікмен Сахарадағы орақ науқаны жүріп жатқан айларда қонақжай, қарапайым көптеген түрікмендермен араласып, дәмдес, сұхбаттас болдым. Түрікмен тілін әжептәуір үйрендім. Олардың күрішпен айрықша дайындайтын «чектерме» тағамынан талай рет дәм таттым. Олар мені қажы ағаның баласы деп қатты құрметтейтін еді. Үлкендерінің бәрі мені «Исламжан»деп атайтын еді. Біраз әдет-ғұрыптары, мінез-құлықтары, тіршілік жай-күйімен таныстым.

Шындығына келгенде аталған жылдары түрікмендер арасында оқымысты шектеулі болды. Түрікмендердің көбісі парсыша білмейтін еді. Сол себептен Горган қаласы таза парсылар тұратын шаһар болғандықтан оларға қалаға келгенде жалғыз жәрдемші қазақтар болды. Түрікмендер таныған қазақ үйге қонақ болып, олардың көмегімен қаладағы қажет істерін орындап жүрді. Екінші жағынан түрікмендер дінге бекем халық болған. Бес уақыт намазын қаза қылмай оқып жүретін, бірақ догма емес еді. Әрі қазақ пен түрікмен мұсылман сұнни ханафи мәзһабта болғандықтан бір-бірімен тез тіл табысып кететін еді. Ал Горган қаласында сұнни ханафи мәзһабына тән жалғыз мешіт қазақ ауылында болған. Сол үшін түрікмендер әу бастан қазақ ауылындағы мешітке барып ғибадат жасап жүрді. Кейінгі жылдары олардың шаруа тобы қазақ ауылына көшіп келіп, үйреніскен соң басқа аудандарға үй ауыстырып жүрді. Ал түрікменнің оқымыстылары қаланың тәуір ықшам аудандарынан үй сатып алып Горганда көбейе бастады. Әсіресе кейінгі жылдары түрлі мамандықтарда білім алған түрікмен азаматтары Горган қаласындағы түрлі мекемелерде басқару орындарға ие болып, «Мәхтумқұлы» атты журналын түрікмен тілінде шығарып келеді. Горганда саны артқан түрікмендер «көп қорқытады, терең батырады»дегенге арқа сүйеп, қазақ ауылындағы мешіттің тізгінін қолға алғысы келетін көрінеді. Әзірше Қазақстан консулдығы арқа болып, түрікмендер пиғылын іске асыра алмай келеді дейді айтушы бауырларым. Түрікмен-қазаққа ынтымақ керек, буынсыз жерге пышақ салудың қажеті жоқ. Әйтпесе, ол екеуінен де саны көптің қолы көкке жетеді.  Алайда Горгандағы түрікмендер өздерінің тарихи болмысын, әдет-ғұрпын сақтап қалуға бар ынтамен кірісіп жүргендері байқалады. Тіпті ораза және құрбан айт намаздарында қазақ ауылының мешітінде ең көп намазға қатысатындар түрікмендер. Олардың Түрікмен Сахарада көптеген қалаларда қалыптасқан діни мектептері бар. Ирандағы қазақ жігіттері аталған түрікмендердің діни медреселерінде оқып, діни білімін жетілдіріп келеді.  

Сіздер байқаған болсаңыздар, Гүлістан провинциясының орталығы Горган қаласы мәдениеттердің тоғысқан қаласына айналуға тиісті шарттарға ие болғаны үшін қазіргі кезде Иранның көптеген ұлт-ұлыстарының өкілдері Горганға көшіп орналасып алған. Солардың арасынан түрікмен, бәлуч, күрд, араб, тағы басқа сұнни мұсылмандар жұма намазын қазақ ауылының мешітіне келіп оқиды. Сондай-ақ сұнни қауым ораза мен құрбан айт намаздарын қазақ ауылында оқуды үрдіске айналдырды. Қазіргі кезде Горганда алғашқы құрылған қазақ ауылының солтүстік шығысында «Һеммәтабат» атты екінші қазақ ауылы бар. Ондағы қазақ мешіті барлық сұнни мәзһабдағы жамағатқа парызын өтейтін ғибадатханасы болып, қызмет атқарып келеді. Бірақ күн өткен сайын қазақтың саны азайып, өзге мұсылман қауымның саны артып келеді. Оның екі себебі бар: бірі – қазақ көш басын ата жұртқа бұрып қойған. Екінші себебі–  «көптің аты – көп».

Енді мен айтып отырған 1964-1967 жылдардың шаруасына сөз басын бұрсақ, әкемнің жүк тасымал шаруадағы ұстанған саясаты бірегей тәсіл болған. Әкем жүк көлігін бірнеше маркалы жүк тасымал көліктеріне көбейткен еді. Ол жүргізуші шопырға: «Сізде адам болған соң үлкен армандарыңыз бар. Өсіп-өніп балаларыңызды тәрбиелеп, үлкен табыстарға қол жеткізгіңіз келеді. Ал өмір бойы басқа біреуге шопыр болғыңыз келмейді»деп жүргізушіге сатып алған жүк машинаның бағасын ашық айтады. Мәселен мына көлік 40 мың долларды құрайды. Сіз мына айлықпен жұмысты бастайсыз, қашан әлгі көліктің құнын төлеп бітірген соң, көлікті қайта бағалаймыз. Мәселен аталған көліктің құны қазір 25 мың долларға төмендеді. Сонда егер қаласаң бір тиын берместен елуде елу ортақ боламыз. Сіз жұмыс істеп жүріп айлығыңызды алып жүріп, тапқан пайданың елу пайыз үлесінің ақшасын бөлісіп тұрасыз. Елу пайыз үлес ақшаңды төлеп болған соң қайта келісеміз. Оны құптасаңыз көлікке жаңадан баға қоямыз. Мәселен енді құны ескіре бастаған үшін 15 мың доллар төмендеген. Жүргізуші қаласа бұл көлікті бір тиын төлемей сатып алады. Бірақ өзі шамасын есептеп ай сайын мынадай төлеуге болады деп келіседі. Сөйтіп кешегі шопыр, бүгінгі көлік иесі болады.Бұндай келісіммен бірнеше қазақ, түрікмен азаматтары көлік иесі болды. Оған жүйелі іс істеп, адал еңбек ету басты табыс болмақ.

Сондай-ақ Горган қаласында алғашқы жүк тасымалы синдикатын құруда бастама жасағаны үшін қаланың басшылары әкеме ерекеше құрметпен қарайтын еді. Қаладағы бірнеше мекеме басшылары жыл сайын құрбан айт, наурыз мерекесінде әкемнің шаңырағына сәлем беріп, құттықтап, айттап кететін еді. Өйткені әкем өзінің және аталарының атына бірнеше рет қажылыққа Меккеге зиярат етіп келген абыройлы «қажы» атауына ие беделді тұға еді. Қазақ жастарын оқуға, иманды болуға насихаттап, барынша көмектесіп жүретін. Жыл сайынғы ораза айында ауыл ақсақалдары, жастар және молдалар, дін жолындағы түрікмен ғалымдары, қарияларға ауыз аштырып, түнгі және күндізгі уақытын игі шаралармен өткізіп жүретін. Қазақ қоғамында кей-кейде араздық туындап, дау-дамайға ұласса, әкем араша түсіп, татуластыруға шақырып тұратын. Сондай-ақ жастар түрлі тентектік мінез көрсетіп, полиция тарапынан қамалып қалса, Ақмұраттың араша түсуімен бостандыққа шығып жүрген жандар аз болған жоқ. Қаланың ішкі істер департамент басшысы ұдайы бұндай келеңсіз жайттарды әкеммен ақсақал ретінде кеңесіп, оңды шешім қабылдап отыратын.

Иран-Теһран. Қазақстан Республикасының елшілігі. 1992 жыл.

Әкем қаланың жүк тасымалдау істеріне елеулі еңбек сіңіргені үшін қаланың ішкі істер департамент басшысы полковник Қаһрамани дәстүр бойынша құрбан айтта құттықтауға әкемнің шаңырағына келгенде оны құрметтеп, марапаттады. Ол үшін әкеме шопыршылық сынаққа қатысусыз жүк көлігін айдауға құжат тапсырды. Сонда әкем оған: «Құрметті полковник, мен машина айдай алмайтыным былай тұрсын, мен тіпті қызығып та машинаның рөлін ұстап көрген адам емеспін. Мен жай шаруаны реттеп, ұйымдастырған жанмын, куәлік менің хақым емес қой»,-дегенде, полковник: «Білемін. Бірақ бұл құжат сіздің ұлан-ғайыр еңбегіңіз үшін біздің сізге деген ризалық куәлігі болып, өміріңізге естелік болып қалсын деп ұсынып отырмын»деп жауап берген еді. 

Сондай-ақ әкемнің қайын атасы Самарқанд Бәли ахунд бастаған мешіт салу игі идеясын Горганда бастап, бір топ қариялармен: Айтмұхаммед молда, Досанбай Жеменей, Әлихан Олжашы, Шәрғи Көрпе, Өтеміс Құнанорыс тағы басқалар «Әбу Қанапия» атындағы сұнни мәзһаб мұсылманға арналған қазақ мешітін салуға бастама жасады. Мешіт аяқталған соң оның бас имамы болып Айтмұхаммед Жеменей бекітілді. Одан кейін молда Байрам Қосқұлақ, сосын оның ұлы Фарһад Байрамұлы қазіргі кезде бас имам болып қызмет атқарады. Бастапқы мешіт жаңартылып, сол атымен жаңа көркімен діндар қауымға ғибадат жасап, діни сауатын ашу үшін қызметін атқарып келеді. Абай айтқандай: «Адамның адамнан артықшылығы бір істі бастағанынан білінеді, қалай бітіргені емес». Самарқанд ахунд  бастаған істі күйеу баласы әкем және кейінгі ұрпақпен жалғасын тапты. Қазіргі кезде қазақтар тұратын: Горган, Бәндәр-Түрікмен, Күмбез-Кавуыс қалаларындағы екі қазақ ауылдарында мешіт саны көбейген. Оқып жетілген діни сауатты молдалардың да саны артқан. Оның бірі қазіргі кезде Ақтаудағы мешітінде қызмет атқарып жүрген Әли Ескелді. Тағы бір-екі жас діни мамандар.

1980-1990 жылдары жаңа серпіліс кезеңі болып табылады. Біріншіден, Иран елінің жоғарғы оқу орындарында қазақтың жүздеген ұл-қыздары заманаға сай түрлі мамандықтарды: математика, ауыл шаруашылығы, экономика, педагогика, қоғамдық білімдер, басқару ісі, кеме инженері, әдебиет, статистика, техника саласының бағыттарында оқи бастады. Бір легі мемлекеттің әр түрлі салаларында басқару деңгейдегі қызметке қол жеткізді. Екіншіден, 1991 жылдың 28-ші қыркүйегінде қазақ елінің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Түркияға сапар шекті. Ол Стамбул қаласының Таксим алаңында орналасқан зәулім қонақ үйінің залында шетте жүрген қазақтардың өкілдерімен кездесті. Мен Иран-Ауғаныстан қазақтарының атынан сонда сөйлеген сөзімде:«Кеңес әскерінің ауған жеріне кіруіне байланысты басқалармен бірге қазақтардың ауа көшуіне тура келді. Қазір олар Иран, Түркия, т.б. елдерде босқын ретінде ғұмыр кешуде, әрі азаматтық куәліктері болмағандықтан, өте мүшкіл халде күн көруде. Сондықтан ең бірінші кезекте сол ағайындарды елге көшіріп алуыңызды сұраймыз. Сондай-ақ иран қазақтары жергілікті жұртына да, үкіметке де сыйлы болғаны үшін мемлекет басшыларымен келісіп, заңды түрде иран қазақтарын көшірумүмкіндігін қарастырсаңыздар» деген өтініш жасадым. Президент бұл өтініштің орындалатынын қадап айтты.Сол уәдесінен кейін көп ұзамай босқын ауған қазақтары Иран, Түркия, Пәкістан, Сауд Арабиясы елдерінен ұшақпен атажұртқа оралуы жөнінде мемлекет тарапынан арнайы жоспар жасалды. Бұл Қазақстанның тәуелсіз ел болуының алғашқы қадамдары еді. Артынша 16-желтоқсан күні Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болып жарияланды. 1992 жылдың қаңтар айының 29-шы жұлдызында Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар келісіміне қол қойылды. Көп өтпей-ақ Иран Ислам республикасының Қазақстандағы елшілігі ашылды. Иранның тұңғыш елшісі Рәсул Ислами мырза 15 қыркүйек 1992 жылы ел президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сенім хатын тапсырды. Соның арқасында Президент Нұрсұлтан Әбішұлының Иран жеріне (29 қараша, 1992 ж.) бірінші ресми сапары жүзеге асты. Оның айтарлық нәтижесі 1993 жылдың қыркүйек-қазан айларында Иран елінің астанасы Теһран қаласында Қазақстан Республикасының елшілігі ашылып, елші ретінде Мырзатай Жолдасбеков қызметке кірісті. Бұл сапардың тағы бір айтарлық жемісі Қазақстан президенті мен сол кездегі Иран Ислам Республикасының Президенті Әли Акбар Һашеми арасында Иран қазақтарының заңды түрде ата-мекеніне өз қалаулары бойынша көше алатындығы жөніндегі келісімге қол қойылды. Соның нәтижесінде 1995 жылдың күзінде Иран қазақтарының алғашқы тобы қазақ жеріне Бәндәр Әнзәли шаһарынан Ақтау портына кеме арқылы келіп, аяқ басты.

Әкем ақсақалдар алқасының төрағасы ретінде президенттің алғашқы және екінші сапарында қазақ делегатын бастап Президентті қарсы алу рәсіміне қатысып, Теһрандағы кездесуде еліміздің тәуелсіз болғанын ел атынан құттықтап, сұхбаттасып, ел арманын жеткізген еді.

 Тәуелсіз еліміздің Иран Республикасы мен Қазақстан Республикасында тұңғыш елшісі болған филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков «Ел тағдыры, ер тағдыры» деп аталатын еңбек жазып шығарды. Бұған қоса Иран қазақтары туралы «Қазақтар қаңбақ емес, көше берер» атты мақаласы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Онда профессор Мырзатай Жолдасбеков Қазақстанның Теһрандағы елшілігінің ашылуымен сондағы қазақ бауырларының ішкі сағыныш пен аңсарын бір-бірімен ұштастыра суреттеген-ді. Ол: «Мына бір арпалысып ес шыққан заманда елдегі ағайындар үшін Теһранда елшіліктің ашылуы, бәлки пәлендей бір елеулі оқиға бола қоймас, ал мұндағы қазақтардың қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес, оны тек көзімен көргендер ғана сезіне алар еді. Сондықтан да кейбір ықыласты, қошеметті сөздерді бауырларымыздың сондай қуанышынан туған деп түсінген жөн» деп Иран қазақтарының пәк көңілін суреттеп берді. Ол аталған кітабында қазақ қариялары туралы да сөз айтқан. Мырзатай Жолдасбек әкеммен жылы рәуішті достық қарым-қатынаста болды. Екеуі бірге қазақ тағдыры туралы талай рет кеңес құрған еді.

Әкем Иран қазақтарының атамекенге көшуінде де елеулі үлес қосқанын сол кезде көші-қон саясатын жүргізген Еңбек министрі Саят Дүйсенбайұлы Бейсенов (1940-2016) 1991-1993 жылдары министрлік міндетін атқарып, Иран қазақтарының көшуге келісілген құжаттарын реттеуге барғанда әкемнің еңбегін ерекше бағалап: «Егер ақсақал қажы Ақмұрат алда жүріп, бюрократиялық кедергілерді жойып отырмағанда иран қазақтарының көші өте қиынға соғар еді, бәлкім жүзеге аспай да қалар еді. Өйткені бұл көштің Иран саясатына кереғар әсері тиер деп уайымдаған шенеуніктерді Ақмұрат аға тәтті тілі, парасатты пайымымен тыныштандырып, қиын жолдың барысын оңайлатып жүрді. Ол аса ірі қоғам қайраткері еді. Елге де, үкімет орындарында да айрықша беделге ие болған тұлға еді»деп айтқан еді. Сондықтан әкенің шарапаты маған да тиіп жатты.

Иран қазақтары туралы зерттеу мақсатында Иран еліне арнайы барған әйгілі қазақ ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлының «Қазақ әдебиеті» газетінде «Көш қонысты болсын десек» атты сапарнамасы жарық көрді. Түркиялық дін қайраткері Халифа Алтай, маңғыстаулық әлемге танымал күйші Сержан Шәкіратұлы, қазақ халқының мақтан тұтатын өнертанушы-сазгер тұлғасы Ілия Жақанов өз сапарнамаларында, сондай-ақ, Ирандағы Горган қаласында қазақтарда қонақ болып, жақсы әсер алған тарихшы-журналист Бақтияр Әбділдаұлы да 2002 жылы Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің бірнеше санында Иран қазақтары туралы мақалаларында әкем туралы жылы лебіздерін хатқа түсірген. Қазақтың көптеген мемлекет қызметкерлері, зиялы қауымы, ғалымдары, ақын-жазушылары мен өнер адамдары әкемнің шаңырағында құрметті қонақ болған. Осы орайда мен әкемнің кеңпейіл, жаны жомарт, адами қасиетінен есте қалған бірнеше оқиғаны айтқым келеді.

1992 жылдың 15 қыркүйек айында Иран Ислам Республикасының елшілігі Алматының Қабанбай батыр көшесінде ашылып, тұңғыш елші Рәсул Ислами мырза ресми түрде жұмысына кірісті. Біраз уақыттан кейін менің Алматыда жұмыс істеп жүргенімді естіп, мені елшілікке шақырып: «Ислам мырза, мен өте қуаныштымын, сіздей оқымысты иран қазағы осында ата жұртында екі елдің мәдени-тарихи байланыстарын тереңдетіп, достасуына көпір болып жүргені үшін  шын жүректен құттықтаймын», - деп сөзін әрі қарай былай сабақтады: «Енді сіздей көзі ашық, туған өлкесін де, атамекенін де сүйе алатын азамат бар болғаны олжа деп есептеймін. Өзің жақсы білгендей, біз жаңа тәуелсіздікке қол жеткізіп жатқан Қазақстан Республикасы үшін қуаныштымыз. Өйткені біздің тарихи-мәдени кеңістігіміз ортақ. Дегенмен ұзақ ғасырлар арамыздағы байланысымыз түрлі себеп-салдарынан үзіліп қалды. Сол қазақ халқы мен елінің тарихи процесінен хабарсыз қалдық. Енді біз көрші-дос Иран Ислам Республикасы атынан алғашқылар болып, Қазақстан Республикасын ресми түрде таныдық әрі елшілігімізді ашып отырмыз. Дәл осы бастапқы кезде өзіңдей азаматтың көмегі керек. Шынтуайтына келгенде біз қазақ туралы да, оның мемлекеттік тарихи құрылымы туралы да онша көп біле бермейміз. Сіз осында аудармашы әрі маған кеңесші болып жәрдемдессеңіз өзіңнің туған өлкең және атамекеніңе қызмет жасаған болар едің»деп сөзін түйіндеді. Кеңсесінің жанындағы бөлмені көрсетіп, келісімімді ала тұра жұмыс орнымды көрсетті. Мен де аса парасатты, адами қасиеті мол, сауатты һәм салиқалы, кемеліне жеткен дипломат Рәсул Ислами елші мырзаның жанында қызмет жасағаным үшін өзімді шансты жан деп санаймын. Бұл жайтты әншейін айтып отырған жоқпын. Себебі бір оқиға бір жерден басталып, сабақтасқан оқиғалар тізбегі жасалғанына Алланың ісіне таң қаласың. Тәңірі қаласа, бәрі өз ретімен жалғаса береді екен. Сондықтан адамзат тарихында болып жатқан әрбір оқиға өзінің өткенімен сабақтасып жатады. Сол үшін тағдырға сенбеске амалыңыз жоқ.  

Жұмыс күндердің бірінде бәрімізге танымал «Аттан Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай Хантемірұлы Асылбек қажы бір автобусы толы адамдарымен елшілік ғимаратының алдына келіп тұрады. Бұл оқиға бірнеше күнге әлде апталарға созылады. Мен күн сайын жұмыс ғимаратына кіргенде оларды көремін. Бір күні елшіліктің бір қызметкерінен: «Бұл кісілер кімге келіп тұр, елшілікке ме?»деп сұрағам. Жаһангири елшіліктің есепшісі менің сұрағыма «Иә, Ираннан Меккеге барамыз деп виза сұрап жүрген сияқты. Бірақ елші мырза оларға виза беруден бас тартып отыр»деп жауап қатты. Мен бұл жайытты біліп, жұмыс кабинетіне кірер кезде Амантай аға мені байқап қалып: «Әй, осы сен қазақсың ба?», - деді. Мен: «Иә, қазақпын», - дедім. Ол: «Ендеше бізге виза алып беруге көмектесші. Біз Иран арқылы қажылыққа барғалы жүрміз. Мына елші виза бермей жүр», - деді. Мен: «жарайды, көмектесіп көрейін», - дедім. Елші мырза жалғыз отырғанын білдім де қабылдауында болдым. Мәселені айтқанымда: «Шыны керек, осы мәселені өзіңнен сұрайын деп жүргем. Мына топ қандай топ, Иран арқылы Меккеге барамыз деп виза сұрап жүр. Олардың зияны тиіп қалмай ма? Басым дал болды. Олардың өкілі күнде келіп, қырық адамнан аса кісілерге транзит виза беруімді өтініп жүр. Сіз не кеңес бересіз? Оларға виза беруге бола ма? Сіз олардың зиянсыз екеніне кепілдік бересіз бе?», - деп сөзін сұрақпен аяқтады. Мен: «Елші мырза, кепілдік беремін», - дедім. Елші: «Ендеше консулдық паспорттарын жинап, тиісті құжаттарды дайындасын, виза берейік», - деп өтінішімді орындады.  Қателеспесем, 42 адам болған. Амантай қажы бастаған топ визаларын алып, Түрікменстан арқылы Иранға қарай жолға шығамыз деп кетті. Арадан біраз уақыт өткен соң олардың хабарын мен Ирандағы інім Әбділ-Әкімнен естідім. Ендігі қызықты қараңыз. «Аттан» тобы Түрікменстан шекарасына барып, Иран жеріне қадам басқанда автобусқа виза алмағанын сонда байқайды. Амал жоқ, автобусты шекараға қалдырып, өздері шекарадан ең жақын, ірі Машһад қаласына қарай жол тартады. Онда барғанда тіл білмейді, қаланы танымайды. Осылайша таң қалып, сергелдең күй кешіп жүргенде менің туған інім Әбділ-Әкім бауырыма жолығады. «Аттан» тобы Әкімнің қазақ екенін біліп, мәре-сәре болып қалады да жөн сұрайды. Әкім оларға: «Сіздер ең дұрысы осы қаладан 650 шақырым жерде орналасқан Горган қаласына барғандарыңыз жөн. Сонда менің әкем Ақмұрат қажының үйіне барасыз. Әкеммен кеңесіп, әрі қарай не істеу керек екенін өзіңіз шешерсіз. Әрі сол аймақта қазақтар үш қалада (Горган, Күмбез Кавуыс, Бәндәр Түрікмен) тұрады. Қазақтармен дидарласып қаласыз», - деп кеңес береді. Олар інімнің ұсынысын қабыл алады. Сөйтіп бәрі інімнің жетекшілігімен Горган қаласына қарай бет алады. Горганда алдын ала хабарын баласы Әкімнен естіген әкем оларды құшағын айқара ашып, қуанышпен қарсы алады. Әлгі 42 адамнан құралған топ үш-төрт күн әкемнің үйінде қонағасын жеп, демалып, есін жиып, жаңа бағытын айқындап, әкеме риза көңілмен рақмет айтып қоштасады. Кейін Амантай қажы менімен түрлі жиындарда не көшеде кездесіп қалса: «Сенің әкең қажы Ақмұрат ғажап адам. Оның бізді қарсы алып, жолға салғаны үлкен азаматтық. Кез келген адам қырық шақты адамды қабағын шытпай, шат көңілмен бірнеше күнге қонақ қылу қолынан келмейді. Бізден сәлем айт, Алматыға келсе, маған хабар бер», - деп жылы лебізін маған айтып жүретін. Кейін қайтыс болғанын менің аузымнан естіген соң: «Ислам, хабарлас, әкеңе үлкен бір ас беруді ұйымдастырайық», - деп маған ескертіп қояды. Айтайын дегенім, оқиғалардың бір-бірімен түйісіп пайда болуы бәрі де әкемнің елдік пейілі. Тек қана оның ұрпағының дәнекерлігімен жүзеге асып жатқандай көрінеді.

Менің Иса Бәли деген нағашы ағам бар. Кішкентайдан бірге өскенбіз, менен екі-үш жас үлкендігі бар. Қазір Бәндәр Түрікмен қаласының оңтүстік қазақ ауылында тұрады. Өзінің жеке жүк тасымалына арналған он сегіз тонналық «Вольво» маркалы ірі көлігі бар.Ол Ираннан Қазақстанға жүк тасып тұратын. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған бастапқы жылдары қазақ жігіттері атамекеніне Ираннан азық-түлік, жеміс-жидек тасып тұрды. Осы Иса Алматыға жүк алып келгенде біздің үйде апталап қонып кететін еді. Сондай бір келісінде маған бір оқиғаны айтып берді. Ол: «Қазақстанға жүгімді жеткізіп, қайтқан сәтте Иран-Түрікменстан шекарасының (Сәрәхс) кеденінен өтіп тұрған кезде бір кісі мені көріп, маған қарай асығыс жүріп келді де: «Қазақсың ба», - деді. Мен: «Иә», - дедім. Ол: «Ендеше маған көмектесші», - деді. Мен: «Қандай көмек керек?», - дедім. Ол: «Ираннан 40-50 мың долларлық тауар алған едім. Бірақ кейбір құжаттары дұрыс болмай қалып, әрі қарай әкете алмай тұрмын. Әрісі мұнда қалуға да мұршам жоқ. Елге қайтуым керек. Менің тауарларымды мен қайтып келгенше аманатқа сақтауға көмектессеңіз», - деген өтініш айтты. Мен: «Замандас бауырым! Бұндай құны жоғары тауарды ешкімнің аманаттап алуға батылы жетпес. Тек бір кісі бар. Ол Горганда тұратын менің жездем қажы Ақмұрат. Егер көмектесетін болса осы кісінің қолынан келеді. Ал ол кісі қабылдамай бас тартса, ешкімнен үміт күтпеңіз!»,- дедім. Ол: «Ендеше тез мені сол кісіге жолықтыршы»,-деп сұрады. Мен де кеденде жұмысым бітіп, ауылға жүргелі тұр едім. Содан: «Жүріңіз, кеттік», - дедім. Осылайша Горганға қарай тарттық. Екеуміз жол-жөнекей таныса бастадық. Басында екеуміз қазақ болған соң, бұрынан таныс адамдар сияқты мәселені тілге тиек ете беріппіз. Аты Өнербек екен. Өзі дәрігер, Атыраудың тұрғыны екен. Жолды танысып-білісіп қысқарттық. Горганға жетіп Ақаңның үйі тұрған көшеге жеттік. Өнербектің бағына Ақаң бірнеше замандас достарымен үй қабырғасының көлеңкесінде әңгіме құрып отыр екен. Өнербек көліктен түсіп, ағаларға сәлем беріп, жақындадық. Мен сөзді бастап, жездеме қаратып Өнербекті таныстырып, оның тығырыққа тірелген шаруасын айтып бердім. Ақаң әдеттегіндей мұқият тыңдаған соң: «Өнербек бауырым! Жарайды. Тауарыңды алып кел, анау қоймаға орналастыр. Бәрі дұрыс болады. Құжатын түзетіп, жіберіп беруге де көмектесемін», - деп мәселенің түйінін бірақ шешті. Ақаңның жанында отырғандардың бірі: «Ақа, бұл өте көп дүние ғой. Құны да жоғары. Мойныңда қалмай ма?», - деген уәж айтты. Сонда Ақаң: «Біз қазақпыз, бауырмыз. Осындай кезде жау аяқтан шалғанда, біз қолдан ұстап қалмасақ, қазақ болғанымыздан не пайда! Сонда кім болғанымыз»,-деп сөзді ұзатпай: «Исажан, тез қозғалып, шаруаны тындырыңыз. Бауырымызды жолынан алып қалмаңыз», - деді. Міне, осы оқиғаны естіген мен әкеме бұрынғыша риза болып, іштей оның ерлік мінезі мен жақсылыққа тез шешім қабылдай алатын қабілетіне тәнті болып, қуанғам. Әкем ешқашан дүние үшін түңілмеген, оның ойлайтыны адам аман болса болғаны дейтін еді. Әкем Өнербектен қабылдаған аманат тауарларының құжатын реттеп, бірте-бірте Атырауға жіберіп, жұмысты тындырып беріпті.

Әкем Ақмұрат қажы, түрікмен досы 
Аразгелді Сәрдәст және мен. Горган

Иса нағашының маған айтқан әңгімесінен біраз уақыт өткеннен кейін бір күні бір кісі телефон соғып: «Мен Өнербекпін. Әкеңіз Ақмұрат қажы сізді айтып, телефоныңызды берген. Айтайын дегенім, Атырауға жолыңыз түсіп жатса, мына менің телефоныма хабарласарсыз. Амандық біліп, осыны айтқым келген», - деп ілтипат сөздерін айтып жатты. Мен де Исадан мәселеге біраз қанық болған соң рақмет айтып, әңгімені ұзатпадым. Жыл өтті ме, екі жыл өтті ме, әйтеуір Атырауға жолым түсті. Уәде бойынша хабарластым. Жайық өзені бойында «Ақ Жайық» деген санаторийы бар екен. Үйінде қонағасын беріп, қайық дайындап, Жайық бойымен теңізге құйылатын сағасына дейін серуен құрдық. Кейін әкемнің Ақтауға келгенін естіген Өнербек арнайы Ақтауға барып әкеме сәлем беріп, Атырауға алып барып қонақ етіп, сый-сияпат көрсеткен. Өнербек ұдайы әкемнің мәрттігін еске алып, білгендер мен білмеген жандарға айтып жүреді екен. Алла әкемнің біліп-білмеген күнәсін кешіріп, жанына жаннаттан орын бергей деп тілеймін.

2019 жылдың сәуір айында Алматы қаласында сәті түсіп, Иранның Бәндәр Түрікмен қаласында тұратын Ғапур Бәли нағашым, жастық шағымдағы жақын досыммен өткен-кеткен жылдардан есте қалған естеліктерді әңгімелеуге құдам Ағали Нұрқожаұлының шаңырағында реті келді. Ғапур  орта мектеп бітірген соң Иранда Ұлттық банктің Гомишан қаласындағы бөлімшесінде қызмет жасады. Банк қызметкері болғаны үшін әжептәуір орындарға ие болып, заң бойынша отыз жыл қызмет істегеннен кейін зейнеткерлікке шықты. Содан тіршілігінің шығындарын қамтамасыз ете алатындай зейнетақымен зейнеткерлікке шығып, соның арқасында өмірлік жолдасы Талшын екеуі арқайын, тыныш ата-мекенін аралап жүр. Біраз күн Түркістан қаласында Ауғанстаннан Иран-Түркия арқылы мемлекеттің қамқорлығымен 1993 жылы елге көшірілген қазақ ағайындарға қонақ болып келген. Қазір Алматыда Талшынның інісі Ағалидің үйінде тұрақтаған. 

Ғапурдың естеліктерінен тарихтың өткен жылдарында қазақ қазаққа жанашыр, қамқор болғанын нақты істерінен көре аламыз. Сондай-ақ қазақ қоғамында «ақсақалдық институт» жүйесі болғанын байқаймыз.

Иран қазақтарының «Ақсақалдық институтының» соңғы тұяғы Ақмұрат қажы Рақбайұлы жайында айтар болсақ, Ғапур жүрегінің мөлдір мейірін тіліне тиек етіп, сөзін былай өрбітті: «Мен ешқашан қажы аға Ақмұраттың бізге жасаған жақсылығы мен қамқорлығын ұмытпаймын. Ол менің баламның тағдырына араша түсіп, үлкен бәледен аман алып қалды», - деп бір түйді. Сосын: «Бір топ қазақ жастары жергілікті бір жаспен төбелесіп қалған. Қазақтар оны мес қылып сабаған. Біздің тентектер менің балам Амантай, Сани, Жаппарұлы, Оғлан және Рашид есімді жігіттер болған. Төбелеске бас кінәлі етіп, ең жуасы менің баламды нысанға алып, сотқа берген қарсы жақ. Мен бұл түйінді бейбіт жолмен шешіп тастауға бар мүмкіндігімше әрекет жасап бақтым. Таяқ жеген жігіттің де әкесіне бірнеше рет адам жіберіп, өзім де бардым. Олардың беті бері қайтар түрі жоқ. Оларға қаншама жалынып, жалбарынсақ та көңілдері жіби қойған жоқ. Сотқа беріп, мәселені ушықтыруға іске кіріскен сәтте мен қатты уайымдап, «бұл тығырықтан кім шығара алар», - деген ойға батып, қажы аға Ақмұратқа тоқтадым. Қажы ағаның алдына барып, мәселенің тоқетерін айтып бердім. Жақсылап тыңдап алған қажы аға бойын тіктеп, маған тура қарап: «Ғапуржан, еш уайымдама, шешіледі», - деді де, істің шешуін ертеңге қалдырмай, маған: «Жүр, ол кісіге барып, бетпе-бет сөйлесейік», - деді. Ақаң екеуміз әлгі кісінің үйіне жетіп бардық. Барған соң сәлемдесулерден кейін Ақаң бірден негізгі мәселеге көшіп, әңгімені адам мен адам баласының бір-біріне мұқтаж жандар екенін, оның әке ретінде баласына қорған болу керектігін айта келіп, әрі қарай сөзін жалғастыра берді. Кешегі күнге дейін менің де, мен жіберген дәнекер кісілердің де сөзін құлағына ілмеген әлгі кісінің жүзінен жібіген іздер пайда болып, қатаң сөздері де жұмсара бастады. Сөздің қысқасы, Ақаңның әңгімесі аяқталғанда оның да келіскені, даудан бас тартқан уәдесі аузынан нұр болып шашылған сәтте мен өте бақытты әке екенімді қайта сезіндім. Міне: «Қажы ағаның сөзі өткір, шешімі нақты, жүрісі айбарлы, жолаушысына сенім ұялата алатындай қасиетке ие құрмет тұтатын ағамыз, ақсақалымыз еді», - деп сөзін аяқтады. 

Әкем елдің тәуелсіздігінен кейін ең әуелі қонақ болып келіп, ағайын, жекжаттарын, туған елде қалған замандастарымен дидарласуды жүзеге асырды. Оның бұл сапарына туыс-інісі Қайрат Құшықұлы Бәйбіше шашпауын көтеріп, жолбасшы болды. Айлап жүріп, жүздеген ағайын-жерлестерінің үйінде болып, қонағасынан дәм татып, мерейі өсті. Содан 2004 жылдары әке-анам (Ақмұрат-Зылиқа) армандаған туған еліне оралып, Маңғыстауға орнығып, азаматтық куәлігін алды. Елге оралғанда Маңғыстауда ең жақын дос-сырлас інісі Қайрат болды. Елге оралған соң ауа райының өзгеруінен бе, не басқа себеп пе, әйтеуір сырқаттанып қалды. Сол себептен бір күні Қайрат інісін үйге шақырып алып, көлігіне отырып: «Тарт, інім», - депті. Ақтау мен Жаңаөзен арасындағы трасса бойында Жаңаөзенге қарай 30 шақырым қашықта орналасқан қорым бар екен. Сонда жеткенде әкем інісіне қарап тұрып, былай деген: «Маңғыстауда тудым, 5 жасымда елден кеттік, өмірім Иранда өтті. Енді елге оралдық. Мына қауым ұлы жолда екен, мен өмірден озғанда осы жерге қоярсыңдар, туған топырақта жатсам, жолаушылар дұғаларында атымды атаса, елге деген сағыныш болған кем дүниемнің орны толар», - деп өсиет айтып, аманат еткен. Бірақ тағдырға кім қарсы тұра алар дейсіз. Ирандағы Арзатай қызы, бес ағайын арасында жалғыз апамыз: «Мен соңғы қызымның ұзату тойын жасамақпын, соған әкетайым, сізді күтемін. Сіз келмесеңіз тойдың сәні де, мәні де болмайды», - деп бірнеше рет хабар жіберіп отырды. Қыз жүрегі әкенің науқас күйін сезе алмады ма, әлде тағдыр осылай болды ма? Әкем амалсыз науқас халімен жалғыз қызының көңілін қимай Иранға барған. Қызының тойынан кейін науқасы үдей түсіп, төсек тартып, 2004 жылы тамыздың онында дүниеден өтеді. Оның жан жары Зылиқа анам да амалсыз Иранға қайтып, сонда тұрақтап, өмір бойы сүйген жарын сағынып, өлгенде оның жанында болу күнін санап жүреді. Әкем өлімінен біраз уақыт бұрын немересі Нағиманың жолдасы Ережеп Қуанұлын жанына шақырып алып, онымен бір сырын бөліседі. Оған: «Ережеп балам, мен түс көрдім, жақында дүниеден өтемін. Тілеш жеңгей де маған қосылады. Ал Зылиқа біраз уақыт өмір сүреді. Соған дайын боларсыз», - депті. Көпке ұзамай өзі, артынша айтқандай Тілеш жеңгейі дүние салыпты. Содан алты жылдан кейін Зылиқа 2010 жылдың тамыз айының жиырма бесінде 90 жасқа таяп дүние салады. Екеуінің мәйіті Аққала маңындағы Қожа Пауаддин қорымында жерленді. Тәңірі иманын жолдас, жанын жаннаттан қылғай!

Әкем науқастанып жатқанда мен Иранға бардым. Біраз уақыт жанында болдым. Сол күндердің бірінде Горганда тұратын түрікмен досы жанына жақындап: «Қажы аға! Мен сізге он мың доллар берешекпін, төлеу мерзімі жақын, бірақ төлей алатын түрім жоқ. Маған алты ай уақыт берсеңіз, риза болар едім»,-деді.Сонда әкем жымиып: «Жарайды. Бірақ ол кезде оны Зылиқаға берерсіз»,-деп жауап берді. Аразгелді Сәрдәст риза көңілмен: «Бұл не дегеніңіз, Алла жазса! Өзіңізге беремін», - деді. Әкем: «Жоқ, олай болмайды, әр істің бір қайыры бар. Оны тек Алла біледі», - деп досына қарап, күлімсіреді. Әкем сонда маған: «Исламжан! Сенде шаруаның адамысың, жұмысыңа барып қайт. Маған қарайтұғын бала-шаға, ел-жұрт бар ғой. Сен менің күнімді күтіп отырғандай болма, тірі адам тіршілігін жасағаны жөн. Алла бұйырса тағы кездесеміз. Мен денсаулығым жақсарған соң Таразға барамын. Жақсы жер», - деп жолға шығуыма рұқсат берді. Бірақ көп ұзамай дүниеден өтті деген хабар жетті. Мен қайта Иранға тарттым. Бірақ әкемнің мазарына топырақ салу бұйырмады. Өйткені Иран қазақтары адам қайтыс болған күні жерлейді. Мен болсам үші күні жеттім. Бір өкініш бүйрегімде қадалып қала берді. Себебі өмірімнің барлық жетістіктерінде әкемнің шарапаты самалдай есіп жүрді. Тіпті әкемнің аға достары Шарғи Көрпе мен Өтеміс Құнанорыс аталар да досының қайтқаны үшін жылады. Әкеме бата оқу үшін қазақпен бірге жергілікті парсы, түрікмен, бәлуч, күрд, түрік, хорасандық, исфаһандық басқа да өңірлерден мыңдаған сан түрлі кәсіпкерлер, үкімет шенеуніктері көңіл айтып келіп жатты. Мен сенімді тіректен айырылған болдым.

Мен елге оралғанда Тараздағы достарым жабырқаған көңіліме демеу болды. Таразда Мекемтас ағаға: «Мен енді жетім болдым. Мен әкемді түпсіз қазына деп ойладым» дедім. Шынында да «Жақсы әке жаман балаға қырық жылдық ризық» дегендей, мен әкемнің шарапатын әлі күнге дейін сезіп келемін. Бұл өмірде адам үшін жақсы болу, жақсылық жасау мүлдем жойылмайды екен. Егер жақсылықтың қадір-қасиетін біле алсақ оның мұрагері бола аламыз. Ал жақсы мен жақсылықтың қадірін білмесек, оның қарғысына ұшыраймыз. Алла қадірдің қадірін қашыратындардан сақтасын. Мен әкем болмағанда арман қуа алмас едім. Бәлкім, арман қуам десем бүкіл өмірім  күлге айналар еді. Қол жеткізген барлық табысымның артында әкем сүйенер қара тауым болды. Мен ұдайы әкемнің ымын ұғып, ұятыма бүгіліп жүрдім. Әкеге еш нәрсе істей алмағандай, анама еш қызмет көрсете алмағандай шерменде күйде жүрдім. Тек кейде ағалардың жақсы лебіздері өкініш күйігімнің жарақатына ем болып тұрды. Әбсаттар аға бір күні менің жан дүниемді ұққандай әке-анама берген аста: «Исламжан! Қайғырма, өйткені әке-анаңның рухы саған риза. Олар риза! Өйткені елін сүйген, елінің сүйікті, еңбекқор, адал перзенті болып жүргенің олардың қалауы еді. Ал сен олардың елге деген сағынышын осылай өтей алмай, қаңғырып, елеусіз жүргеніңде сенде өкініш болса, заңды құбылыс болар еді. Бірақ сен оларды тарих алдында ұятқа қалдырған жоқсың. Сол үшін оларға  Алладан шарапат тілеп, еске алып, құран бағыштап, дұға жасап жүру міндетіңді ұмытпа! Сен әке-анаңа да, еліңе де қызметің үшін мақтанышсың, Алла риза болсын саған, бауырым», - деп жанымды бір серпілтті. Пендеміз, іс пен сөздің арасында үндеспей жатқан түйінді шешіп, үндестіріп берген пайымға өзімізді жұбата саламыз.

 

711 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз