• Ұлттану
  • 30 Қыркүйек, 2022

КҮЙ ТАРЛАНЫ

Көрнекті күйші Қали Жантілеуовтың туғанына 120 жыл

Дина ИМАМБАЙ

Қазақстанның ұлттық музыка мәдениетінің тарихында 1934 жылы өткен халық өнерпаздарының слеті және осы жиыннан кейін ұлы композитор, қазақ музыкасының ғұламасы Ахмет Жұбановтың басшылығымен құрылған қазақтың тұңғыш ұлт аспаптар оркестрінің алатын орны ерекше. Бұл дәстүрлі музыканың жаңа дәуірі  басталған уақыт. Тұңғыш оркестрдің құрамына қазақ даласының түкпір-түкпіріндегі халық ішінен шыққан тума таланттар тартылды. Оркестрдің негізін қалаушылардың алдыңғы қатарында Қазақстанның халық артисі Қали Жантілеуов бар.

Халық таланты жеткізген күйлер қазақ музыкасының алтын қорына қосылды. Ұстаз Қ.Жантілеуовтың тәрбиелеген шәкірттері ел мақтанышына айналды. Бабалардан қалған асыл мұраның қаймағын бұзбай кейінгі ұрпаққа жалғастырушы, аманатқа адал дүлдүл домбырашының туғанына биыл 120 жыл толып отыр.  

Тарихымызда небір асыл күй мұрасын қалдырған кемел күйші-композиторлар, дүлдүл домбырашылар өткені мәлім. Теңдесі жоқ ауыз әдебиетіміз секілді құдіретті әуез – күмбірлеген күй де құйма құлақ, көкірегі даңғыл туабітті таланттар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, заманнан- заманға жетті. Киелі өнер дарыған біртуар тұлғалардың күй көзінің қарашығындай сақтап, көкірегінде құндақтап, бір мысқал кемітпей осы дәуірге жеткізген «Алтын көпір» буынның көрнекті өкілі – Қали Жантілеуов. Күй қасиеті тумысынан бойына сіңген, бала кезден жадына жаттап, саусағына қондырған кемел күйлер мен орындаушылық өнерді өзінен кейінгілерге табыстап, рухани қазынамыздың өрісін кеңейтуге ерен үлес қосқан дүлдүл домбырашының өзі де қайталанбас тұлға, ұлттық мәдениетіміздегі баға жетпес құндылық.

Қали Жантілеуов 1902 жылы 8 қаңтарда бұрынғы Ішкі Бөкей ордасы, Қамыс-Самар қисымы, №10 ауылда (қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы)  қарапайым шаруа отбасында дүниеге келеді. Болашақ саз саңлағы бес  жасынан бастап музыкаға әуестенген екен. Біртіндеп ауыл аймаққа танылып, «домбырашы бала» атанады. Тоғыз жасында-ақ домбыраның құлағында ойнаған жасөспірімге атақты Мәмен күйшінің назары түсіп, қасына ертіп біраз күй үйретеді. Қ.Жантілеуовтың төл шәкірті, белгілі музыка зерттеушісі Абдулхамит Райымбергенов ұстазынан естіген бір әңгімені былай шертеді:  «Қали ағамыз  Динаны елде, батыс Қазақстанда жүргенде тыңдап келген адам ғой. «Сүмбіле базар кезі, Оқап екеумізді тайлақты сатып киім алуға жіберді. Бір кезде базардағы жұрт «Дина қатын келе жатыр!» деп гу-гулеп кетті. Арбаның үстінде отырған Дина біраз күй тартты. Базардағы бүкіл жұрт шаруасын жинап қойып, күй тыңдады. Бір кезде арбаның үсті ақшаға толды.  Содан базарбасы келіп: «Шешей, мына жерде үй дайындап қойдық, жүріңіз» деп Қажығали дегеннің үйіне алып барды. Бүкіл жұрт сонда жиналды. Үйде Мәмен отыр екен. Дина екеуі күй-тартыс  жасады. Оқап (Қабиғожин) екеуміз баламыз, елдің аяғының арасында қыстырылып тұрып, таң атқанша күй тыңдадық. Ертесіне ауылға жеткенше аузымыздың суы құрып айтып келдік» деп айтып отыратын». Осы бір әңгіменің өзі бала Қалидың өнерге деген ынтық ықыласын аңғартса керек. Айта кетерлігі, Қали Жантілеуов пен Оқап Қабиғожин бала кезден құлын-тайдай тебісіп, бірге өскен.  

 

Зерделі жастың республикаға танылуы әйгілі академик, қазақ өнері мен мәдениетінің бағына туған тұлға Ахмет Жұбанов бастап ұйымдастырған халық музыканттарының слетінен басталады. Бұл 1934 жылдың маусым айы болатын. Қ.Жантілеуов отбасының деректері бойынша,  маусымның 14-де Алматы сахнасына Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған небір жезтаңдай әншілер мен балбармақ күйшілер көтеріледі. Кезек Қалиға да келеді. Сонау қиырдағы Батыс Қазақстанның құмды ауылынан келген қылшылдаған жас жігіт қалың нөпір халықтан қаймықпастан, бабасы Құрманғазының «Адайына» басады. Осындай құдіретті домбырашыны аңсай  күткен халық қайта-қайта қол соғып, оны сахнадан жібермейді. Қазылар алқасы да жас жігіттің өнеріне дән риза болып, байқаудың бірінші жүлдесін   береді. Сөйтіп астананың төрінде жас домбырашының тұсауы кесіледі.  

Көп ұзамай  байқауға қатысқан ең үздік орындаушылар – Қали Жантілеуов, Оқап Қабиғожин, Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев сынды өнер саңлақтарынын басын қосып, ең алғашқы ұлт аспаптары оркестрі құрылады. Он бір адамнан құралған ұжым ол кезде «КазЦИК ансамблі» деп  аталып, кейін Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестріне айналды. Ансамбльдің тұңғыш ұйымдастырушысы әрі дирижері академик Ахмет Жұбанов еді.

Осыдан былай Қали Жантілеуов өнерге біржола бет бұрады. Қали Жантілеуов халық аспаптары оркестрінің алғашқы құрамында болып қана қоймай, Ахмет Қуанұлының ең білікті көмекшісіне айналады. Ол ансамбльдің репертуарын жасақтап, орындалатын шығармаларды таңдап-талғап, жанкешті жұмыс істеген.  Халық композиторларының әлі көп тарай қоймаған таңсық туындыларын нотаға түсіру жағын қоса игеріп, қазақтың  кәсіби мәдениетінің негізін қаласады. Қ.Жантілеуов ұзақ жылдар бойы оркестр домбырашыларының концертмейстері болады. Ол Алматы мемлекеттік консерваториясында алғаш құрылғаннан ұстаздыққа шақырылып, халық аспаптар кафедрасының негізін қалаушылардың бірі болды.  1955 – 1968 жылдары Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясында қызмет етті. Қали Жантілеуовке айтулы орындаушылық шеберлігі үшін 1942 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, ал 1954 жылы Қазақстанның халық артисі атақтары берілді. Өнер саласындағы зор еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

«Қали борандатқан тез екпінді күйлердің орындаушысы.  «Адай», «Терісқақпай» сияқты күйлерді әлі күнге Қалидың өзіндей ешкім тарта алмайды десек өтірікші болмаймыз. Ол сонымен қатар «Баламайсаң», «Науайы» сияқты әндеткен күйлерді де сызылтып орындайды» деп жазады академик Ахмет Жұбанов.   

А.Райымбергеновтың айтуынша, Қали Жантілеуов –  әйгілі күйші Құрманғазының немере шәкірті. «Қ.Жантілеуов Құрманғазының, Дәулеткерейдің көп күйлерін Мәменнің қолынан алып, Мәменнің барлық күйін өз қолынан үйренген. Бізге Қали Жантілеуов тартқан   күйлердің бәрі түпнұсқа ретінде қымбат» дейді өнер зерттеушісі. Күйші де өз естелігінде: «Менің дұрыс күйшілік жолға түсуіме ұстазым. Мәменнің қамқорлығы ерекше. Ал алғашқы «Кеңес», «Көңілашар» күйлерін нағашым Нұртазадан үйрендім» деп отырады екен. Кейінгі ұстаздары Мәмен, Тоғайбай, Жұматай сияқты елге белгілі домбырашылар болған. 

Қали Жантілеуов шығармашылығы мен қайраткерлігінің тағы бір ерекше қыры – ұстаздығы.  Табиғатынан талант пен парасат-пайым қатар дарыған өнер саңлағы өзі жинаған киелі мұраны шәкірттеріне лайықты табыстай білді. Ол кісі алдына келген шәкіртінің бойындағы қабілетін тап басып танып, талапты жастарды дұрыс жолға бағыттай біліпті.  Бір өзі – бір мектеп болған Жантілеуовтен сабақ алған сол кездегі талапты жастар кейін ұлттық өнеріміздің бір-бір тұлғасына айналды. Олар:  Қазақстан Республикасы  Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары,  профессор, әйгілі дирижер Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Қазақстанның халық артистері, профессор Фуат Мансуров, Рүстембек Омаров, Әзидолла Есқалиев, Қаршыға Ахмедияров, профессорлар Хабидолла Тастанов, Айтжан Тоқтағанов, Тұяқ Шәмелов, Шәміл Әбілтаев, Абдулхамит Райымбергенов және басқалар. Күйші шәкірттерінің ұстазына деген құрметі мен алғысы  шексіз.   

Абдулхамит Райымбергенов: «Қали Жантілеуов – Құрманғазы, Мәмен тәрізді ұлы  күйшілердің мұрасы мен орындаушылық дәстүрін осы заманға жеткізген күйшінің бірегейі. Қазір бәріміз тартып жүрген Құрманғазының «Адай»,  «Серпер», «Ақбай», «Қайран шешем», «Терісқақпай» күйлері Қали ағамыздың орындауында оркестрге түсірілді. Қазіргі күйлердің көбі Қалекеңнің репертуарынан алынған. Қали ағаның жады керемет, музыкалық бір дәуірді тұтастай игерген адам. Ол кісі күйді есте сақтау қабілеті арқылы меңгеру мектебінен өткен соңғы алыптардың бірі. Ұстаздарынан қалай үйренді, солай тартты, солай бізге жеткізді.   Ағамыздың орындаушылық шеберлігі әбден жетілген, мінсіз еді. Біз қазір де Қали ағаның орындаушылығына жүгінеміз, эталон ретінде шәкірттерімізге  ұсынып отырамыз. Түпнұсқаға ең жақын күйлер осы».  Белгілі күйші-домбырашы, ұстаз, фольклортанушы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Айтжан Тоқтағанов – Қали Жантілеуовтың төл шәкірті. «Музыкалық шығарманың өміршеңдігі – оның орындалуында. Орындалмаған  шығарма жойылады. Ал жақсы орындаушының қолына түссе құлпырып, әрленіп, ғасырдан-ғасырға өтеді. Аттың жалында, түйенің қомында туған қазақтың музыкасы ғаламат орындаушылар арқылы осы заманға жетті. Солардың бірі, тіпті бірегейі Қали Жантілеуов. Біз сол кісінің көзін көрдік, күйін үйрендік.  Қазақстанның батыс өңірінің көп күйі Қали Жантілеуов ағамыз арқылы ғылыми айналысқа түсіп, республикаға тарады» дейді Айтжан ағамыз.  

1971-72 оқу жылында Алматы консерваториясының соңғы курсына қадам басқан үш бірдей дарынды жас – Қаршыға Аxмедияров, Шәміл Әбілтаев және Айтжан Тоқтағановты осы оқу орнының ректоры Ғазиза Жұбанова шақырып алып: «Сендер енді оқу бітіресіңдер, соңғы курстарың. Осы Алматыда күйдің кені Қали Жантілеуов бар.  Сол кісі қазір арамызда  жүрген кезінде күй үйреніп қалыңдар. Мен ректор ретінде жағдай жасайын, сендер тек үйренсеңдер болды» деп кеңес береді.  

«Ғазиза апайымыз – асылдың тұяғы, көреген адам ғой, - деп еске алады Айтжан ағамыз. - Содан Қаршыға, Шәміл үшеуміз ол кісіні үйінен көлікпен алып келеміз, таңертеңгі оннан түскі бірге дейін кезек-кезек күй үйренеміз. Бір күн Қаршыға, бір күн Шәміл, бір күн мен. Жоғарғы  курс студенттеріміз, бағдарламадан тыс, консерваторияның оқу жоспарында жоқ күйлерді үйрендік. Ол кезде бұл күйлер әлі көп таралмаған. Соның бәрін Қали ағамыз бізге тікелей өзі үйретті. Мысалы xалық күйі «Қарт ноғайды» Қалекеңнен басқа ешкім тартпаған. Баламайсаңның «Дүние-ғапыл» және «Назым» деген күйлерін, Құрманғазы, Дәулеткерей, Динаның тартылмай жүрген күйлерін  осы Қали аға арқылы үйрендік. Қазаққа кең тараған «Кеңес» деген күйдің батыс қазақстандық үлгісін Қали ағамыз ғана тартатын».  

Осылайша, Қали Жантілеуов жеткізген күй нұсқалары Қазақстанның кәсіби музыкалық оқу жүйесіне енгізіледі, xалықтың игілігіне айналады. Бұл үрдіске Қали ұстаздың шәкірттері – Қаршыға Аxмедияров, Шәміл Әбілтаев және Айтжан Тоқтағанов та үлес қосады.  

–Қали ағамыз бізге атақты күйшілеріміздің түпнұсқа күйлерін үйретті. Олардың бәрі нотаға түсті, кітап болып шықты. Мысалы,  Дәулеткерейдің «Жігер» деген күйі – күйлердің төресі. Бұл шығарма бес жарым минут орындалады.  Қазақтың күйлері көбінесе екі-екі жарым минут, әрі кетсе үш минут. Кезінде А.Затаевич пен А.Жұбанов «Жігерге» ғаламат күй деп баға берген. Тұтас бір симфония, өте мағыналы, мәнді, ғажайып әуен. Үйренуі де, есте сақталуы да күрделі. Домбыраның буындарын, басы мен ортасын, сағасын түгел пайдаланып тартылады. Осы күйді тікелей Қали Жантілеуовтың өзінен  үйрендік. Атақты дирижер, Алматы және Ленинград консерваториясын бітірген, білімді музыкант әрі керемет домбырашы Шамғон Қажығалиев ағамыз: «Мен әрбір күйді үш сағатта үйреніп алушы едім,  ал «Жігерді» Қалекеңнен үш күн отырып үйрендім» деп айтып отыратын.  Қазір бұл күй рухани айналыста, – дейді А.Тоқтағанов.   

Күйші шәкірттерінен ұстаздарының адами келбеті жайында да сұраған едік. «Қали ағамыз ақжарқын, аузын ашса жүрегі көрінетін адам еді.  Өзі көп сөйлемейтін, мол пішілген, палуан денелі. Жасында өте қайратты жігіт болыпты. Домбыраның пернесін басқан бір саусағының өзі біздің екі саусағымыздың ізін алатын. Біз қолымызға күш жұмсап, білегіміздің салмағын қосып жатсақ, ол кісі саусағын домбыраның мойнына қойса болды, дыбыс өзінен-өзі тербеліп төгіле беретіндей еді.  Оң  қолының қағысы тіпті ғажайып, құрдастары «Қалидың әр қағысы бір қаралық» деп әзілдейтін. Күй тартқанда қолдарының үйлесімі керемет, оң қолы мен сол қолы бір мезетте бірдей қозғалып, қағыс пен дыбыс арасындағы процесті керемет меңгерген.  Зейіні өте мықты, бала кезінде жаттаған күйлерін еш ұмытпаған. Және бір қасиеті, ол кісі үйренген нәрсесіне артық қағыс қоспайды, не кемітпейді, қалай үйренді, сол қалпында жеткізген. Жаратушының өзі үлкен қабілет-қарым берген, ерекше жаратқан адам ғой» деп, Айтжан ағамыз ұстазы туралы тебірене толғанды. 

Күйші өнерін тани білген ғалым-зерттеушілер Қали Жантілеуовтың орындау шеберлігіне таңғалып, таңдай қаққан екен. «Күй тартқанда асықпай-аптықпай күмбірлете, әр дыбысы маржандай жарқырағандай әсер  қалдыратын. Күйдің әрбір буынын егжей-тегжейіне дейін жеткізе тартатын. Музыка білгірлері  «Қалекең былай орындайтын еді ғой» деп аузының суы құрып айтып жүруші еді. Біз студент кезімізде осындай әңгімелерді көп естідік» дейді А.Тоқтағанов. 

Қазақтың сан ғасырлық даналығын бойына бүккен тылсым да сұлу сазды күй өнерін меңгерген адамдардың болмыс-бітімі де ерекше ғой. Қали атаның шәкірттеріне деген көзқарасы жөнінде сұрағанымызда, Айтжан ағамыз былай деді: «Ол кісі ешкімді бөлмейтін, тең қарайтын. Алдына күй үйренемін деп шын ниетіңмен келсең, шын ниетімен үйретеді.  Қали ағаның дәрісіне жүрдім-бардым қарау деген мүлде болмайды, ол кісінің алдына бір барғаннан-ақ өзіңнен-өзің солай қалыптасасың. Жан-жүрегі таза бұл адамның көңіліне қаяу түсірудің өзі ұят, оны бірден  ұғынасың. Кейбір өнер жолындағы адамдарда кездесетін жат әдет Қали ағада жоқ еді. Ол кісі қасиетті өнерді ғұмыр бойы таза қалпында ұстап өтті».       

Тұтас бір тарихи дәуірдің куәсі, қазақ елінің бірнеше саяси-қоғамдық кезеңін бастан кешкен Қали Жантілеуовтей дарынды тұлғаға жаратушы ұзақ та мағыналы ғұмыр сыйлапты. Туып-өскен елі мен жеріне деген махаббаты шексіз жан өмірінің соңын өзінің Жаңақаласында өткізген. Бұл жөнінде күйшінің немересі Жанна Нұрланқызы Жантілеуова былай дейді: 

«Қали атам қызығы да, қиындығы да мол ұзақ өмір сүрді. Ресми түрде  1902-1993 жылдары өмір сүрген делінгенмен, ол1898 жылы туған. Атамыздың Мұстахима, Мафруза атты екі қызы және Нұрлан  атты ұлы болды. Әкем – Нұрлан Жантілеуов 28 панфиловшылар саябағының жанындағы шағын үйде тұрғанда біздің үйге Дина Нұрпейісова, Ахмет  Жұбанов, Күләш Байсейітова қонаққа келгенін жиі айтатын. Әкем бірде Дина Нұрпейісова келгенде апаның домбырасын алып қашып кетіпті. Ұрысатын болды-ау деп үйге қорқып кірсе, Дина әжеміз: «Өскенде өнер адамы болатын шығар» деп еркелете жымиған екен.  Әкем кәсіби пианист болғанымен, экономика саласында жұмыс істеді. 

Біз Алматының К.Тимирязев көшесінде Қали ата, әкем, анам, мен және екі ағам үш бөлмелі шағын пәтерде тұрдық.  Қали атамның мейірімді жүзі көз алдымда. Ол күн сайын таңертең көрме маңайында (ВДНХ) серуендейтін. Домбырасын қолынан тастамайды,  ұйықтар алдында мен оған үлкен кесемен сүт әкеп беремін. Кейде қимылсыз терең ойға шомылған атам ақырын ән шырқайтын. Бірде мен: «Ата, неге үнемі осындай мұңды әндерді айтасыз?» деп сұрағанымда ол: «Бұл әндер қазақ халқының өмірінен туған ғой» деп жауап беріп еді. Атамыз 1990 жылы туған жерге барамын деп Жаңақалаға қайтты, үш жылдан кейін үлкен қызы Мұстахиманың қолында қайтыс болды.  Атамызбен қоштасуға  Қазақстанның түкпір-түкпірінен әріптестері мен шәкірттері келді. Соңғы сапарға шығарып салу кезінде халық артисі Қаршыға Ахмедияров қоштасу күйін тартты». 

Бұл ғаламат көрініс халықтың асыл перзентіне деген риясыз құрметі еді. Қазірде күйші атындағы республикалық домбырашылар конкурсына қатысуға келген талапкерлер ең алдымен Қали Жантілеуовтың зиратына барып, тағзым етеді. Бұл рәсім өзіндік дәстүрге айналған.

Күй өнері жайында көсілтіп жазған көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев бір мақаласында былай деп толғанады: «Иә, түсіне білген кісіге қазақ күйлері кең дүниенің өзіндей тылсым, шалқар мұхиттай тұңғиық қой. Ол діліңіз түйсінгенмен, тіліңіз түсіндіріп бере алмайтынды да айқындап ашып бере алады. Қазақ күйлері әлдеқашан қапысыз ұғындырғанды қазақ сөздері әліге дейін жеріне жеткізіп түсіндіріп үлгерген жоқ. Тек  сол бір қоңыр әуездің ар жағындағы асыл мән, ақық мағынаны айнытпай дәл жеткізіп бере алатын асқан орындаушылық шеберлік табылса болғаны. Ол – ілуде бір жолығатын сирек бақыт». Дүлдүл домбырашы Қали Жантілеуов осы санаттан.

Биыл дәулескер домбырашының туғанына 120 жыл толуына орай жыл бойы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Олардың қатарында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығымен өтетін Құрманғазы атындағы мемлекеттік оркестр мен консерваторияның концерттері, Батыс Қазақстан облыстық әкімдігі өткізетін республикалық байқау,  Жаңақалада – туған жеріндегі іс-шаралар бар. Әйтсе де, халқымыздың рухани қазынасын  толықтыруға ерен үлес қосқан біртуар тұлғаға деген құрмет әлі де кемшін  екені рас. Бір өкініштісі, жан серігі домбырасын ешқашан тастамаған күй көнекөзін дер кезінде бейнетаспаға түсіріп, мәңгілікке қалдыру жағы құнтталмапты. Тек ол орындаған күйлер Қазақ радиосының «Алтын қорында» біршама сақталған. Жантілеуов сынды дүлдүл домбырашының орындаушылық шеберлігін әр саусағының ізіне дейін түгел зерттеп, насихаттау қастерлі күй мұрамызды тек дамыта түседі емес пе.   

«Қали ағамыздың республика мәдениетіне сіңірген еңбегі өлшеусіз. Сондықтан Алматыда немесе астанамызда, Орал қаласында ескерткіш қойылса, музыкалық оқу орнына, көшелерге есімін берсе лайық болар еді.  Қ.Жантілеуов атындағы байқауды да тұрақты түрде өткізу және оның деңгейін көтеру қажет. Халықтың өнерін өлтірмей жеткізген жанға қандай құрмет жасасақ та жарасымды» дейді бұл жөнінде А.Тоқтағанов.  «Біз барлығымыз да Қали Жантілеуов мектебінің шәкіртіміз. Барлығымыз сол кісінің үлгісімен тартамыз» деп, А.Райымбергенов те Ұстаз есімін лайықты есте қалдыру жайы елеусіз қалмауы тиістігін айтады. 

Иә, Қали Жантілеуовтың бірегей орындаушылық шеберлігі қазақ күйлерін орындаудың жоғары деңгейінің өлшемі болып қалды.  Жантілеуов –  өткен ғасырдағы ұлы күйшілер дәуірін жаңа ғасырға ұштастырған тарихи тұлға. Осындай біртуар азаматтардың арқасында Құрманғазы, Дәулеткерей, Мәмен, Динадан келе жатқан ұлы өнер сабақтастығы үзілмей, осы күнге жетті. Бұл сабақтастық ешқашан үзілмеуі керек. Қали Жантілеуов сынды тұлғалар еңбегін лайықты есте қалдырудың тағылымы мен тәлімі зор. Өнер осылай дамиды.    

1916 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз