- Келелі кеңес
- 25 Қараша, 2022
ӘН ӘЛЕМІНІҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ
«Өнер дүлдүлдері болмаса, мына күйбің
тіршілікте адамдардың
көңілін кір басар еді».
Шерхан МҰРТАЗА
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау төрінде өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде көрнекті ақын Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын салтанатты түрде тапсырғаны мәлім. Осы мерейлі сәт үстінде Мемлекет басшысы халқымыздың сүйікті композиторы Шәмші Қалдаяқовтың есімін ерекше ілтипатпен атай келіп, былай деді: «Кеше даңқты композитор, сазгер Шәмші Қалдаяқовқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілгенін білесіздер. Ол – Әнұранымыздың авторы, ұлт руханиятында ерекше орны бар аса көрнекті тұлға. Біртуар сазгерге құрмет көрсету – перзенттік парызымыз. Шәмшіні халқымыз «қазақ вальсінің королі» деп қадірлейді. Шәмшінің әндері қашанда халықтың жүрегінде, ешқашан құндылығын жоймайды. Шәмші ағамыз әлі күнге дейін халқымыздың өмірінің бір бөлігі деп айтуға болады» – деді. Біз осы орайда журналымыздың тұрақты авторы Сағындық Ордабековтың Шәмші Қалдаяқов туралы жазған «Ән әлемінің жарық жұлдызы» атты жүрекжарды мақаласын ұсынуды жөн көрдік.
Бұл күндері есімі аңызға айналған дарабоз композитор Шәмші Қалдаяқовтың өткен жүзжылдықтың 70-80 жылдарында біздің Жамбыл өңірінде 17-18 жылдай тұрғаны көпшілікке жақсы мәлім. Ол ежелгі Тараз жерінде жай жүрмей, халықпен етене жақын араласып, бірнеше сырлы ән жазғаны («Мойынқұмда ауылым», «Фосфорлы Жамбыл», «Дүнген қызы», «Сағынышым менің», «Жақсыгүл», «Келін келді», «Саған айтам», «Алмас» және т.б.) да белгілі.
1986 жылдың жазында, яғни тамыз айында ол соқыршекпен ауырып, перитонит болып Жамбыл облыстық аурухананың хирургия бөлімінде операция жасатып, 20 күндей тиісті ем-дом алды. Сол күндерде сазгер ағамен арада болған қызықты әңгімелер, ой-пікір алмасу мен сырласулар әлі күнге дейін есімнен кетпей, жадымда жаңғырып тұр. Қимастықпен кей-кейде Шәмші ағаны еске аламын. Республикалық, облыстық газет-журналдарда Шәмші туралы жазылған бірнеше естеліктерім жарық көріп, оқушылардың ыстық ықыласына бөленді, тіпті, олардың базбірі республикалық радио мен телевидениеден жеке хабар ретінде де берілді.
...Асқынған соқыршекпен хирургия бөлімшесінің 10-шы палатасында жатқан Шәкеңе таңертеңгілік палатасына кірсең болды, төсегінен атып тұрып: «О, Сағындық, айналайын, менің алтын қолды дәрігерім! Күннен-күнге денсаулығым жақсарып келеді. Шүкір. Көңіл-күйім де жаман емес. Кейде өзімді курортта жатқандай сезінемін. Сенің шипалы қолыңа түскеніме ризамын, Жаратқан Иеме ол үшін күн сайын «тәубе» деп отырмын» – деп қарсы алады, екі қолын ұсынып бала мінезді сазгер ағамыз. Сөз арасында өзара орынды қағытпа қалжың сөздер де табылады. Бірде Шәкең, жымың қағып, маған ойнақы көздерін қадап:
– Сәке, осы дәрігерлер аурудың қайсысы жақсы екенін біле ме екен? – деп тосын сұрақ қойды. ”Шәмші ағамыз тағы не қалжың ойлап тапты екен?” деп оның жүзіне қарадым. Сонда ол:
–Ең жақсы ауру – жүрек ауруы, немесе, сіздерше айтсақ жүрек инфаркты. Көп қиналмай, басқаға масыл болмай, тіл тартпай аяқ астынан көз жұмасың. Ал, екіншісі, менің ойымша – қотыр.
–Жарайды, жүрек жайлы пікіріңізге қосыламын. Ал, қотыр несімен жақсы?
–Қотырды қасыған сайын жаның кіріп, өлгенше рахаттанасың. Расында да солай емес пе, а?–деп күлкіге басты.
–Шәке-ау, мынауыңыз анекдоттың дөкейі екен, – деп оның қалжыңына риза болып, күлкісіне қосылдық.
Бір бітпейтін күйбің тіршілік күндіз Шәкеңмен асықпай отырып, сыр шертіп, жазылып әңгіме-дүкен құруға мұрша бермейді. Қан қысымын өлшеп, тамыр соғуын санап, қажетті ем-дом тағайындап, келесі іске кірісіп кетесің. Бой жазып әңгімелесуге мүмкіндік кешкі кезекшілік кезінде ғана сиректеу болса да болады. Шәкеңді күнде көріп жүрген маған бір күні тың ой келді.
Аптаның ортасында аурухананың сол кездегі бас дәрігері Алексей Семенович Овсянниковке барып, жұма күнгі лездеменің орнына хирургия бөлімінде емделіп жатқан белгілі композитор Шәмші Қалдаяқовпен дәрігерлердің кездесуін өткізуді ұсындым. Ол келісімін берді. Шәкеңнің палатасына келіп:
– Шәмші аға! Ертең тәжірибе алмасамыз. Сазгер де адам жанының арашашысы екенін өзіңіз жақсы білесіз. Сіздің емшілікке де қырыңыз бар екенін байқадық. Соған орай, сізбен аурухана дәрігерлерімен кездесуді жоспарлатып келдім. Ертең таңертең сағат 8:30-да дайын отырыңыз, мен өзім келіп ертіп барам, – дедім қалжың-шындығымды араластырып.
– Олай болса, сен маған ақ қалпағыңды, халатыңды, қандауырыңды бер, – деп ол қалжыңыма қалжыңмен жауап берді.
Ертеңіне таңертең белгіленген уақытта Шәкеңе келдім. Көңілі көтеріңкі. Қырынып, селдір шашын тарақпен тарап, ақ көйлекке галстук байлап, қара түсті пиджагін киіп, оның омырауына «Қазақстан Ленин комсомолының лауреаты» белгі-төсбелгісін тағып, сақадай дайын отыр екен. Көзім оның киген спорттық шалбарына түсті.
–Шәке! Мынауыңыз қалай? Костюміңіздің шалбарын неге кимегенсіз? – дедім, оның мына киім кигеніне таңғалысымды білдірдім.
–Інім-ау, мінберден сөйлейтін адамның тек кеуде жағы ғана көрінбей ме? Ақ көйлек пен пиджак кидім, галстук тақтым. Ел негізінен бет пен сөйлеп тұрған ауызға қарайды. Төменгі жаққа көңіл бөлмейді ғой, – деп ол уәж айтты. Мен бұған көнбей, шалбарын кигіздім.
Кездесу екі сағаттан астам уақыт алды. Шәмші ағамыз дәрігерлер алдында көтеріңкі көңілмен шешіле сөйледі, олардың көптеген сұрақтарына жауап берді, сөз арасында өнер жайында толғанып, ойын-оспақ, қалжың да айтты. Жиналған қауым дән риза болып тарасты.
...Бірде, ауруханадағы кезекті бір түнгі кезекшілік кезінде, бөлімшеде негізгі іс-шаралар саябырсығанда, Шәкеңді кешкі ас-шайға шақырдым. Ағамыздың көңілі әдеттегіден көтеріңкі екен. Құдай жарылқап, кезекшілік тыныш, бір қалыпты өтіп, кеш бойы екеуара талай әңгіменің басын қайырып тастадық. Байқағаным, Шәмші ағамыз әңгімені келістіріп, желісін игізіп, нешебір тапқыр сөздермен көмкеріп, шебер айтады екен. Тыңдаушысын құрғақ, дәмсіз әңгімемен жалықтырмайды. Халық арасында беделді, сыйлы, құрметті азамат бола тұра өмірде қарапайым, көпшіл, бауырмал, жүзінен әрдайым жылулық лебі есіп тұратын жан екенін ұғасыз. Қалжың мен әзілді де ерекше жандырып айтады. Ара-арасына өзінің шымшыма әзіл өлеңдерін де қосып, әңгіме желісін үзбей «тұздықтап» қояды.
Сөздерінде басқалардай мақтангершілік, өзін мадақтау, дәріптеу белгісі сезілмейді. Бір байқағаным, Шәкең саясат тақырыбынан бойын әрдайым аулақ ұстайды. Көбіне замандас, үзеңгілес копозиторлар мен әншілер, ақын мен жазушылар жайлы, өзінің басынан өткен хикая-оқиғалар, шығарған әндерінің тарихы жайлы әңгіме шертеді. Бірақ, біреуді сыртынан жамандап, қаралап, мұқату дегенді білмейді. Көрнекті сазгердің сөз шеберлігіне тәнті болып, айтқан әңгімесін бұзбай, ұйып тыңдай бергің келеді…
–Иә, інім, біліп жатырмыз, өзің Қаратау өңірінен, Сарысу ауданының тумасы екенсің. Ол жер менің ата-бабаларым ертеде мекен еткен киелі топырақ. Сонау бір қиын кезеңде менің әкем Қалдаяқ ашаршылықтан жан сауғалап Оңтүстікке қарай ығысып, Сыр бойына қоныстаныпты. Мен сол Шәуілдір ауданындағы Темір стансасына жақын маңда Сарықамыс деген ауылда 1930 жылы қыс айының бірінде дүниеге келіппін. Туу туралы куәлікті кейінірек алдым. Француз халқының белгілі тұлғасы, жарты әлемді өзіне қаратқан жаужүрек император Наполеон Бонапартты кім білмейді? Сол Наполеонның туған күні тамыздың 12-і екен. Мен туу туралы куәлігімді аларда Наполеонды аса қадірлегенімнен туған күнімді 12 тамыз деп жаздырып алдым. Оным дұрыс болған деп есептеймін. Ал, әлгі өзің өскен киелі де қазыналы Каратаудың бойындағы Созақ пен Сарысу өңірін жалпы қазақ біріктіріп «Теріскей» деп атайды. Талай рет ол өңірді асықпай аралап, дәм татып, табиғатын саялап, мөлдір бұлақтарынан су ішіп, көптеген достар тапқанбыз. Тарихы бай, өнерлі өлке, бақыт мекені. Ол өңірде қаншама аруақ-бабалар тыныстап жатыр?! Ысқақ бап, Баба-ата, Түкті шашты Әзиз баба, Қарабура, Саңғыл ата, күйшілер Ықылас пен Сүгір, белгілі жазушылар Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Сәуірбек Бақбергенов, Тоқберген Төлегенов... Ия, қайсысын тізбектей бересің. Қазақтың әлгі «Шаянға барып әншімін деме, Созаққа барып күйшімін деме», деген сөзі бостан-бос айтылмаған. Тіпті, заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов оңтүстік сапарында қарт Қаратау бойын аралай жүріп, қарапайым халықтың қонақжайлық ниет-пейіліне таң болып, ел аузындағы аңыз әңгімелерді, хикаяттарды, жырларды ұйып тыңдап, мұрты бұзылмаған қазақи таза тілді, қызықты мақал-мәтелдерді, тарихы терең тың деректерді естіп: «Қолды бір босатып алып, алаңсыз зерттейтін өлке екен» деуінің өзі бұл аймақтың айтарлықтай құдіретін көрсетсе керек. Менің де сол өнер бесігі, шырайлы мекен Теріскейге арнап ән жазғаным бар. Ақын Сабырхан досым екеуміз Теріскей өңіріндегі жүрегі жұмсақ ағайындардың дархан көңілдеріне, қонақжайлылығына, пейілдерінің кеңдігіне риза болып жазылған ән-өлеңде мынадай жолдар бар:
Байлығың жатқан жалпақ қырға симай,
Кеудесі әнге симай, жырға симай.
Дариға-ай, жырға симай.
Күлімдеп тұрған мекен Теріскейім,
Күнгейдің құрдасындай, сырласындай.
Дариға-ай сырласындай.
Теріскей айналайын келбетіңнен,
Сен бізге ақ бесіксің тербетілген.
Мыңжылқы, Келіншектау, Шолаққорған,
Қызылкөл босамайды қонақтардан.
Дариға-ай, қонақтардан.
Ақ бикеш сәлем айтар, Сарыарқаға,
Қаптаған Қаратауда бұлақтардан
Дариға-ай, бұлақтардан.
Теріскей айналайын келбетіңнен,
Сен бізге ақ бесіксің тербетілген.
Бұл ән бұл күндері сол өлкенің гиміне айналды. Оны үлкен сахналардан, радио мен теледидардан белгілі әншіміз Нұрғали Нүсіпжанов және де басқалары тамылжыта орындап жүр, – деп «Теріскей» әнімен таныстырды композитор ағамыз.
Әңгіменің реті ұзақ жыл ел басқарған, қазақтың біртуар ұлы Димекеңе – Дінмұхамед Қонаевқа ауысқанда Шәмші ағамыз:
– Мен өмірімде Дінекеңдей парасатты, көпшілікке қамқор, ұлтжанды азаматты кездестірген емеспін. Ол – халық үшін қам жеп, елі үшін «етігімен су кешкен, ауыздықпен су ішкен», есімі қазақ ұлтының тарихына үлкен әріппен жазылатын нағыз ел ағасы, тұлға. Ертеректе Алматыда үй-күйсіз жүргенімде жарықтық Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев әріптесім Нұрғиса Тілендиевке айтып, мені ЦК-да өз кабинетінде қабылдады. Бұрын-соңды ондай айтулы мекемеде, үлкен кісінің алдын көрмегендік болар, расын айтсам, қатты қобалжыдым, қысылдым. Аузыма да жөнді сөз түспеді-ау деймін. Мені Димаш ағаның қарапайымдылығы, ой-өрісінің тереңдігі, тіпті, мәдениет пен өнерден кең хабардар екені таңғалдырды. Ойындағы біраз нәрсені қозғап, шешіле әңгіме айтты.
Димекең Нұрғиса екеумізді ризашылықпен есік алдына дейін шығарып салып тұрып: «Қарақтарым, сендер елдің, көпшіліктің адамысыңдар, жақсы ән жазып жүргендеріңді білемін, тіпті, сендерді мақтаныш етеміз. Музыка – адамзаттың әмбабап тілі ғой. Ол біздің жан дүниемізді байытып, әсіресе, ұлттық сана-салтымызға баулитын сиқырлы күш» дей келе «Өздеріңді күтіңдер, не дегенмен сендер ел адамысыңдар… Аналарыңды қойсаңдар жақсы болар еді...», – деп ағынан жарылып, ағалық ақылын айтты. «Аналарыңды» дегені ішімдік жайлы екенін біз айтпай ұқтық.
Несін жасырам, сол кісінің қамқорлығы арқасында, көп ұзамай, Құдай жарылқап, Алматының орталығындағы жаңа үйден (Ленин проспектісіндегі «Қазақстан» гастрономы үстінен) хан сарайындай үш бөлмелі пәтер алдым. Ризашылық сезіммен төріме Димаш Ахметұлы Қонаевтың әдемі бір портретін іліп қойдым. Отбасым рахатқа кенеліп, бұрынғыдай қысылып, қымтырылмай өмір сүрдік. Міне, одан бері талай жылдар өтті. Ұлдарым Қасым (Әбілқасым) мен Мұхтар ат жалын тартып мінетін жасқа жетті, екеуі де өнер жолына түсті.
…Менің жаным әрқашан да ел арасын, ауылды аңсайды да тұрады. Алматыны жүрегіме ыстық, жаныма жайлы жасыл желекті, айқай-шуы аз Жамбылға ауыстырсам деген оймен мына қала түбіндегі Жалғызтөбеден жер алып, үй сала бастадым. Бірақ, қаражат тапшылығы қолбайлау болып, үйлі-жайлы болам деген үмітім көгілдір сағымдай еш жеткізер емес… Қайдам, білмеймін мына жарық дүниенің, дөңгеленген сайқымазақ өмірдің рахатын қашан көретініме…
Сондай сәтте, бір сөз иірімі келгенде:
– Шәмші аға, ел арасына тарап кеткен Сіз туралы әңгіме, аңыз көп. Оның қайсысы рас, қайсысы бұрыс екені белгісіз. Айып болмаса, Сізге бір сұрақ қойғым келіп отыр. Рұхсат па, Шәке?
– Иә, сұра. Бірақ, ол не сұрақ болды екен?.. — деді, қысық көзімен менің жүзіме зерттей, күлімсірей қарап.
–Айтушылардың сөзіне сенсек, кезінде «ащы суды» бір кісідей ішіпсіз. Оны қашан және қалай қойдыңыз?
– Е, жастық шақта барлығы болды ғой. Оның бәрін несіне жіпке тізе берем. Шынымды айтайын. Сен жақсылап тыңда ендеше… – деп Шәкең сәл кідіріп, түн қоюлана түскен терезеге қарап отырды да қоңыр дауыспен әңгімесін бастап кетті.
– Әлгі өздерің білетін жамбылдық дәрігер-психиатор Амангелді Сұрағанов ағаларыңмен 1976 жылдың қысында Алматыда таныстым. Ол кезде ол Көкшетауда психдиспансерде қызмет істейтін, Алатаудың бөктеріндегі санаторияға келіп, демалып жүріп (қасында тағы бір жігіт бар), екеуі мені үйге арнайы іздеп келіп танысты. Елдеріне қайтарда Көкшетауға қонаққа шақырды. Шақыруын қабыл алып, бірер күн ел аралап, серігіп қайтайын деген оймен 1977 жылдың көктемінде Көкшетауға жол тарттым. Реті келіп жатса, Ақан Серінің бейітіне барып, ұлы ақын-сазгерге зиярат ету де ойда бар.
Ахаң Көкшенің «Тереңкөл» маңында жерленген екен, оған тәу етіп, құран түсіру үшін бір топ жігіттермен сонда бардық. Құранды бейіттің басындағы Мәжит деген қарт кісі — шырақшы оқыды. Дауысын қыраттап, тыңдаушыларын ұйытып, әсерлі оқиды екен. Бір мезетте денем дел-сал болып, кірпіктерім еріксіз айқасып, көкірегімді өксік қысты. Менің ырқыма көнбей, жанарларым былауланып, мөлт-мөлт етіп жас төгілді. Себепсізден-себепсіз булығып, демім тоқтап қалғандай болды. Кенет:
– Сен Шәмші емессің бе? Неге жылайсың? — деген дауыс ту сыртымнан саңқ ете қалды. Көзімді ашып, дауыс шыққан жаққа қарап едім, Ақаң екен. Жүзі маған тым қатулы көрінді. Орнымнан тұрмақ болып ұмтыла беріп едім, әлгі бейне жоқ болды. Айналама қарасам өзіме еріп келгендерден бөтен ешкім көрінбейді. Барлығы құранға мүлгіп отыр, кейбіреулері көздерін тарс жұмып алған. Шырақшы-молда құранын аяқтамапты. Көзімді қайта жұмып едім, Құдайдың құдіреті, әлгі көрініс көз алдыма көлбеп қайта келе қалды да Ақан Сері екеуіміз ашық әңгімеге көштік. Мен оған мына өмірге нала екенімді, тіпті, бақытсыз жан екенімді айттым. Ол жауап ретінде:
–Шәмші, сен осыншама жасық па едің. Неге егілесің? Өмірдің қиындығымен күресе біл, қайсарлы бол. Сенің әлі халқыңа берерің көп. Жасыма, таусылма. Ән өнерің құлдырамасын, шабытың шалқысын, әумин! — деп батасын берді де көзден ғайып болып кетті.
Мен: – Неге, кімге өкпелеймін… Аха, кешіріңіз мені… Жоқ, болмайды екен… Бүгіннен бастап әзәзіл арақты қоямын… Ішуді тоқтатам, — деп күбірлей беріппін. Өз даусымнан өзім шошып, көзімді ашсам, қасымдағылар маған үрейлене қарап:
–Шәке, не болды саған? Өзіңмен өзің сөйлеп отырсың. Тыныштық па?
–Барлығы дұрыс, жігіттер. Оған көңіл аудармаңдар… Ойыма бір нәрсе түсіп кетті де, содан… Құранымыз бен ниетіміз қабыл болсын! – деп бетімді сипап, орнымнан тұрып олардың көңілдерін басқаға аудардым.
– Міне, содан кейін, яғни, 1977 жылдан мен ішімдікті мүлдем тоқтаттым. Арақ-шарап дегенді аузыма алмаймын. Бірақ, арақтан бойымды аулақ ұстағаныма көп жылдар болса да ел мені сан жаққа жүгіртеді. Тіпті, «Шәмші ішуін қойғаннан кейін, ән жазуын да қойыпты», «Шәмшінің шабыты тек арақ ішкенде келеді екен», — деген қашпа сөздер желдей еседі. Кімнің аузына қақпақ боласың, інім. Айта-айта өздері де шаршар, одан кейін қояр деп ойлаймын, – деп сөзін аяқтады.
Әңгімеден әңгіме өрбіп, сөзден сөз шығып, әңгіме әуені бір кезде тіл мәселесіне ауысты. Шәкең өз кезегінде:
– Ана тiлiмiзде «ата», «көке», «әже», «әке», «шеше», «ана» деген тамаша сөздер бар екенiн бiлесiң. Байқадым, сен әлгiде жасы келген қарт кісіге «көке» дедiң. Сiрә, әкеңдей болған болу керек. Тiптен жарасып тұр. Біле білсек «көке» деген «көк» дегендi бiлдiредi ғой. Ал көкте тәңiрi, сонда «көке» дейтiн әкемiз көктегi тәңiрден кейiнгi адам болып көрiнедi. Бүгiнгi бала осыны ұмытты, «папа», «мама» дейдi. Осы «папа» ақсақал, «мамасы» әже болғанша қалмайды. Тағы да «ассалаумағаликум» – «Алланың нұры жаусын», «уаликмсалам» –«Сiзге де Алланың нұры жаусын» деген сәлем беру бірте-бірте мүлдем қолданыстан шығып қалады ма деп қауіптенем. Оның орнына «саламат па?» деймiз. Байқаймын, тiптен кейiнгi жастар «қалайсыз?» немесе «сәлем!», тіпті базбірлері «привет –салам!» деп амандасуды жөн санайды. Сөйтіп қазақтың қадырлі, қымбат сөздері шеттетіліп барады. Қайдам, тіліміз қойыртпақтанды...
– Оныңыз орынды Шәмші аға. Қазақ тілі бай, әдемі тіл. Әке мен шешені «әкешім», «анашым» деп жас балаға кішкентайынан бойына сіңірсек жақсы болар еді. Әттең, әлі тілі шықпаған балаға ата-анасы «аташка», «әжешка», «апашка», «тетушка» деген сөздерді тықпалайды, миына сіңіреді. Кейбір таяз ойлы, түйсіксіз жастар орынсыз әлгі сөздерді отбасына енгізеді. Өздерінше оны жетістікке, сәнге, «модаға» айналдырып, өздерін мәдениетті, оқымысты етіп көрсеткісі келеді. Содан кейін олардың болашағынан не күтуге болады. Айтып отырғаныңыз бойында қазақ қаны, ұлттық рухы бар адамға ой салатын мәселе, – деп мен өз ойымды қостым.
–Шәке, екі ұлыңыз да өнер жолын таңдаған екен. Осы балаларыңыздан келешекте Сіз сияқты белгілі композитор шығар ма екен? – деп сұрақ қойдым.
–Е-е, інім-ау, ол күн қайда. Өкініштісі, екі ұлым да халқымыздың салт-дәстүрін, тарихын, мәдениетін және тілін терең білмейді, орысшалары басым. Қалада өсті. Уақыт солай болды ма, қайдам, ана тілімізді олардың бойларына сіңіре алмадым. Соған кейде өкінемін. Екеуінен ары барса –жақсы музыкант шығар, ал композитор шығу мүмкін емес, –деген еді сұңғыла азамат.
Расында да елінің тілін, ділін, ата ғұрпын, салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, қазақтың мінезін, қазақтың мәдениетін терең білмеген адам қалай өз ұлты жайлы немесе оған арнап тәуір ән немесе жүректі селт еткізер сырлы саз жаза алады? Ол мүмкін емес. Бұл – бұлтартпасыз шындық, өмірлік аксиома.
Міне, осылай, әңгіме-пікір бірімен-бірі сабақтасып, жалғаса берді.
– Шәке, бұл күндері есіміңіз елге танымал композиторсыз. Сіздің әніңізсіз қазақтың бір тойы, басқосуы өтпейтіні рас. Әндеріңіз көпшілкке тез тарап, ел арасында жас баладан кәріге дейін айтылып жүр. Сізді «вальс падишасы, королы» деп жатады білгірлер. Сөз жоқ, қазіргі қазақ өнерінің майталманысыз. Ал, енді өзіңіз пір тұтатын сазгер-композитор қатарына кімдерді жатқызар едіңіз?
– Ой, айналайын, інім-ай! Мына сұрағыңа менің жауабым дайын. Ол – Естай. Оның «Қорланы» керемет, қайталанбас дүние, әннің шыңы десек те болады. Онда зарлы замандағы қазақтың басынан өткен қасіреті, қайғысы, мұңы, көз жасы, іштегі у-шері керемет орын алған. Ол әнді тыңдағанда мен ерекше бір күйге енемін, бойымды бір тылсым жұмбақ сезім билейді, терең толғандырады, иіңді жібітеді. Сірә, менің ойымша, бұл сол әннің кереметтілігі болуы керек. Міне, нағыз ән деп осыны айт, ән шығарсаң осылай жаз!.. Артымызға Естайдай әсерлі бір ән қалдырсақ бізде арман бар ма?! Ал, қазіргі сазгерлерді алсақ, ол – Нұрғиса (Нұрғиса Тілендиев). Нағыз Алла тағала жаратқан қайталанбас талант иесі. Оны ешкіммен салыстырып, қатар қоя алмаймын. Оның күйлері, әндері қазақ өнеріне келіп қосылған ұмытылмайтын, ескірмейтін жауһар дүниелер...
Сөйтіп, әңгіме жалғаса береді, айтылар ой-пікір түйдек-түйдек болып сыртқа шығады. Сондай сәттерде, бір сөз иірімі келгенде:
– Шәмші аға, «Тамды аруы» деген көңілді тереңнен тербейтін, жүрегіңнің қылын шертетін, сезіміңізді оятатын сазды әуеніңізді көпшілік елти тыңдайды. Сол Тамдыңыз мына біздің Қаратау етегіндегі Талас ауданының бұрынғы «Шолақтау» совхозының орталығы ма? Әлде басқа Тамды ма?
–Тамды деген аудан Өзбекстанның Бұхара облысында. Аудан тұрғындары мал шаруашылығымен айналысады екен. Негізгі тұрғындары – қазақтар. Солардың шақыруымен сонау бір жылдары мамыр айында арнайы барып, елмен дидарласып, бір айдай сол өңірдегі елді мекендерді, малшы ауылдарын, көрікті жайлауларын араладым. Мені кереметтей күтіп алды. Қонақжайлықтары ерекше, қолдары ашық, көңілдері мәрт, жүректері жомарт қандастарымыз – қазақ ағайындар мені жақсылап қонақ етіп күтті. Қайтарымда иығыма шапан жауып, астыма ат мінгізді. Олардың бұл сый-сияпатына ризашылығымды білдіріп тұрып:
– Құрметті, ағайындар. Сіздердің жаздай жадыраған көңілдеріңізге, ерекше сый-құрметтеріңізге, дархан пейілдеріңізге үлкен рахмет. Күттіңіздер, құрметтедіңіздер, сыйладыңыздар. Ризамын. Мен сіздерге қарыздар болып барамын. Алматыға барғаннан кейін міндетті түрде сіздерге арнап бір жақсы ән жазамын. Әннің атын қазірдің өзінде ойлап қойдым – «Тамды аруы». Амандық болса, мен сіздерге тағы ораламын, сонда сіздерге арналған ән-шашуымды ала келемін. Көріскенше күн жақсы, бауырларым! –дедім толқи сөйлеп.
–Әй, бәрекелді, Шәке! Құрметтi Шәке! Қай кезде келсеңiз де есiгiмiз ашық, төрiмiз дайын. Көп кешiкпей өздерiңiз уәде берген Тамды, Мыңжылқы туралы әндi тамылжытып алып келетiнiңiзге сенiмдiмiз. Жаңа әніңізді күтеміз… – деп олар дуылдасып, қимай қоштасты.
Содан, Алматыға оралып, бірер күн шабытымды шақырып әлгі «Тамды аруы» әнін дүниеге келтірдім. Сөздерін, яғни, мәтінін танымал, терең сырлы ақын Қадыр Мырзалиевке «заказбен» жаздырдым. Қадырды жыр жазар алдында арнайы үйге шақырып, Бұхара өңірінде көрген-білгенімді, естігенімді, Тамды мен Мыңбұлақтың тамылжыған тамаша табиғатын, оның кеңқолтық еңбеккерлерін, ақжарқын азаматтарын, тіпті, сұлу, кербез арулары жайлы мол мәлімет бердім. Қадырға рахмет, жырды аса шеберлікпен ойымдағыдай етіп жазып шықты. Әніме домбыраның қос ішегіндей, болат-шойын жолдың қос «рельсіндей» сөзі әдемі үйлесіп, жарасып тұр. «Тыңда!» деді де Шәкең ыңылдап пәстеу, өзіне тән қарлыңқы дауыспен әнді бастап кетті.
«Сені ойлап, құлазыған құла құмдай
Заулайды қиял қырдың құланындай.
Бұрымың Мыңбұлақта туған ару,
Сол жердің мың бірінші бұлағындай.
Ебелектей, жел аңсаған,
Көбелектей, гүл аңсаған
Келем саған.
Жамалың жас көктемнің жамалындай,
Жүрегің махаббаттың қамалындай,
Тамдының тамылжыған әнші аруы,
Лебізің таңның уыз самалындай.
Жел аңсаған ебелектей,
Гүл аңсаған көбелектей
Келем саған…»
Жанарлары ерекше нұр шашып, екі қолын қомдай түсіп, алақандарын жазып жіберіп, екi бетi алаулап, ырғағын келтіре өлеңнің қайырмасын тағы бір қайталады.
–Міне, бұл әннің туу тарихы осындай. Көпшілікке ұнайтын болу керек, сірә, радио мен телевидениеден мезгіл-мезгіл қайталап беріп жатады.
Тағы бір реті келгенде Шәкеңнен:
–Шәмші аға, соңғы жылдары радио мен теледидардан тамылжыта орындалып жүрген «Сыған серенадасы» атты әннің дүниеге келуі жайлы айтыңызшы. Сол әнді естісем сығандар ортасында жүргендей сезімде боламын, ән ырғағы сол ұлттың ерекше өмірін елестетеді, –деп өтініш білдірдім. Ол сәл ойланып, күлімсіреп әңгімесін бастап кетті.
–Әр ән ішіңнен шыққан баламен тең. Олардың жеке өз тарихы, өз тағдыры бар. Мен 1959 жылы консерваториядан шығып қалып, ауылға қайтуға ұялып, жерлес студент-жастардың қасында жүрдім. Жаздың бір күні Алматының батыс жағындағы «Тастақ» базарына бардым. Сол жерде бір топ сығандар гитара мен мандолинге қосылып мәре-сәре болып кішігірім концерт қойып жатыр екен. Қолым бос, уақытым мол ерігіп жүрген мен жаңағылардың өнерін тамашалап біраз аялдадым. Сызылта салынған көңілді ән, мың бұралған би маған қатты әсер етті. Біраз уақыттан кейін менің де қаным қызып, арқам қозып қатар тұрған жас сыған жігітінің қолындағы мандолинасын алып, шектерін қағып-қағып жіберіп поляктың композиторы Огинскийдің белгілі «Отанмен қоштасу» полонезасын ойнап бердім. Менің мұндай өнерімді байқаған олар ”Жақсы, жақсы, жігіт тағы бір ән, тағы…» –деп әр тұстан қолқалай бастады. «Сарыжайлауды» төгілттім. «Ой, пәлі, мынауың керемет ырғақ қой, тамаша, браво, жарайсың!»–деп сығандар ортаға алды. Әр жерден «Тағы, тағы бір ән, жігіт!» –деп рахмет айтқан разы дауыстар естіліп жатты. «Қорлан» әні орындалды. Олар мені құрметтеп Сайран өзенінің жағасындағы шатырлы таборына қонаққа шақырды. Асығатындай шаруам қалып бара жатқан жоқ. Сығандардың өмірін көрейін деген оймен Сайран жағасындағы сығандар таборында қонақта болып, әңгіме-дүкен құрып, сығандардың асқақ әндерін тыңдадым, қысқаша, жаныма ұнағаны соншама солармен кешке қалып қойдым.
Кешке қарай табор шатырларының алдына от жағылып, қазан көтеріліп, алау маңында керемет өнер жарысы басталды. Кіші-гірім сахна дерсің. Ортаға шыққан қыз бен жігіттер алма-кезек ән айтып, би билеп өнер мерекесін дуылдатты. Мен де олардан қалыспай, анда-санда мандолинге қосылып ән айттым. Бұған тәнті болған қалың сақалды сыған бароны «Жігітім, сен өнерден құр алақан емес сияқтысың, орындаған әндерің жүректің қылын қозғап, қатты тебірентті. Өзің қайдан боласың? Мамандығың бар ма?» – деп сұрақ қойды. Мән-жайымды түсіндірдім.
– Олай болса сен бізбен бірге тұра бер. Анау шеткерек тұрған шатыр үй, қонақтарға арналған. Соған түнеп жүре бер. Сендей өнерлі жігіт бізге де керек, – деп жылы ықыласын білдірді. Келістім. Дайын баспана, қарын тоқ, уәйім жоқ, күнде кешке ән-би. Бір түнеп шыққан маған мына орта ұнаған секілді. Күндіз ұйқыны қандырып алам да, кешке алау басында жиналып, жүректі қытықтайтын ән тыңдап, сұлулардың ұршықша үйірілген биін тамашалаймын. Табор әп-сәтте сахнаға айналып жүре береді. Бірте-бірте бойым сығандарға үйреніп, табордың белсенді бір мүшесіне айналдым. Қарап жатпай өнерімді ұштап, мандолинмен ән айтамын. Сығандар оны ұйып тыңдайды. Сөйтіп, екі айға жуық өмір бір күндей өте шықты.
Күз келіп, күн салқындап, сығандар жыл құсындай жылы жаққа қоныс аударуға дайындалды. Ауа-райы салқындап, қар аралас жаңбырды күтпей көшкендері дұыс та шығар. Мен не істерімді білмей дал болдым. Сығандар болса: «Шәмші, бізбен бірге жүр, табордағы өзің қалаған қызды ал, сен сияқты талантты адамға құшағымыз ашық» – деп қолқа салды. Мен ойланып, тәтті қиялға берілмей, есімді жиып Алматыда қалуды жөн көрдім. Бірақ, шынымды айтайын, көпке дейін сол көңілді сығандар ортасын аңсап жүрдім. Әсіресе бойы талшыбықтай, еліктің лағындай нәзік, әрдайым көңілді жүретін, би десең жанып тұратын, сүйкімді Изольда бейнесі көз алдыма көлбеңдеп тұра қалғанда жұдырықтай жүрігім аласұрып, аузыма тығылады. Қоштасарда ол «Шамші аға, мен сізге шын ғашық болып қалыппын. Мен сізді шексіз сүйемін...» деп еді-ау, жасаған. Білмеймін, әйтеуір мен мең-зең болып, сол аруға ғашық болып қалғанымды сезіндім. Кейде түсімде солардың ортасында ән салып, көңілді Изольдамен би билеп, жаным жадырап жүремін. Сыған әуендерінің сарынымен оянатын кездерім де болды. Есіңде болса, орыстың көрнекті ақыны А.С.Пушкин де біршама уақыт сығандар ортасында болған, кейін олардың өмірі мен өнерін өз творчествосына тиімді пайдаланған. Мен көп уақыт сондай бір түсініксіз бей-жай күйде болдым. Сыған достарыма деген сағыныштың арқасында жаңағы өзің тарихын сұрап отырған ән «Сыған серенадасы» өмірге келген еді.
«Толқысын шартарап,
Тасышы, тебіренші, Ей, гитара!
Ой, жансерігім,
Төгілсін гүл тарап!
Жаның тарықпасын!
Ән шарықтасын.
Қайран басың, Ғарып басың,
Көзімді жұмбай қамықпасың!»
Бұл әннің қайырмасы. Ән мәтінін талантты ақын Қадыр (Қадыр Мырзалиев) жазды. Сәл болмағанда, мына ағаң сыған болып кете жаздаған...», –деп күлді Шәмші аға.
– Сазгердің шығармасының өмірлі болуына не қажет? – деген сұрағыма ол ойлана отырып: “Дүниеге талай ән келеді. Бірақ халық арасында олардың ішінен тұрақтайтындары шамалы. Жалп еткен ұшқындай, немесе жазғы көбелектей ғұмыры бір айлық, бір жылдықтары да бар. Жұрттың есінен тез-ақ шығып кетеді. Желпіп өткен желдей өтті, кетті. Жалпы халыққа жағып, есінде қалатын, ұзақ жасайтын ән туғызу кім болса соның қолынан келе бермейді. Ән жазсам ол әсері, таза жүректерге тамыр жаятындай етіп жазғым келеді. Аз жаз – бірақ саз жаз. Ұрпақтан ұрпаққа ауысатын ән жазу үшін елдің тарихын, салт-дәсүрін, жұрттың көңілін, жүрек дірілін, сана-пейілін, ішкі дүниесін жаныңмен, жүрегіңмен ұға білу керек. Сонда ғана жазған туындың өмірлі болады», –деп жауап беріп еді композитор ағамыз.
–Енді, Шәке, біздің Мойынқұм өңірі жайлы жазылған «Мойынқұмда ауылым» әні жөнінде мәлімет беріп өтсеңіз. Біліп жүрейік, ән қалай жазылып еді?
– Жамбыл облысының сол кездегі басшысы Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов өмірде сабырлы, салмақты, әр нәрсеге байыппен қарайтын саналы, ойлы басшы болғанын білесіңдер. Сол абзал азаматтың шақыруы бойынша Жамбылға ақын досым Сабырхан Асанов екеуміз арнайы келдік. Хасекең жайдарлы мінезбен, құшақ жая қарсы алды. Амандық-саулық сұрасып болғаннан кейін Хасан Шаяхметұлы:
– Жігіттер, Жамбыл жеріне хош келдіңіздер. Екеуің де саңлақ, өнердің ортасында, елдің көз алдында жүрген белігілі айтулы азаматсыңдар. Шакеңнің керемет әндері бұл күндері бүкіл халық аузында жүр десем қателеспеймін. Мен Қызылорда облысында бірінші хатшы болып қызмет етіп жүргенде сол жердегі халық ансамбілі Португалияға онкүндік гастрольға баратын болды. Содан қызу дайындық жұмыстары басталып кетті. Барлығы орынды, жоспар бойынша ән-күйлер бағдарламасы жасалды. Бірақ, бір нәрсе – сахнаны ашатын Қызылорда өңірі туралы бір жақсы жаңа ән жетіспейтін сияқты. Ақылдаса келе Шәмшіні іздедік. Жігіттерді жіберіп Алматыдан Шәкеңді алдырдық. Шәкең біздің сенімімізді ақтап, әсерлі, сазды «Сыр сұлуы» әнін өмірге әкелді. Ансамбльдің атын да «Сыр сұлуы» деп атап, Португалияға аттандырып жібердік. Барлығы ойдағыдай, сәтті болды. Газет-журналдар ол өнер сапары жайлы жарыса мақтап, қолпаштап жазып жатты.
Енді міне, Жамбыл еліне де Шәкеңнің көмегі қажет болып тұр. Біздің Мойынқұм мал шарушылығымен айналысатын ең шалғай аудан. «Елдің шетінде, желдің өтінде» қысы жазы ел байлығын тасытып жүрген майталман еңбеккерлер жайлы бір жақсы ән керек» –дей келе, Хасекең телофонның құлағын көтеріп: «Алло, Айтбай Назарбековпен мені қосыңдар» деп хатшы қызға тапсырма берді. Бірер уақыттан кейін телефон безілдей жөнелді:
– Айтбай Назарбекович! Сәлеметсіз бе, жағдайларыңыз жақсы ма? Менің алдымда қос майталман –әйгілі сазгер Шәмші Қаладаяқов пен ақын Сабырхан Асанов отыр. Оларды қасына бір-екі жігітті қосып Сіздерге – Мойынқұмға жіберемін. Бұл творчестволық жолсапарларында олар Сіздің өңірдің еңбеккерлері жайлы жақсы бір ән жазып беруді мақсат етіп отыр. Барынша жағдайларын жасаңыз. Мен Сіздің мүмкіндіктеріңізді, қонақжайлылығыңызды, парасаттылығыңызды жақсы білемін...» – деп сенім білдіріп, телефон тұтқасын қойды.
Сөйтіп, бір жетідей Мойынқұм өңірін асықпай аралап, еңбеккерлермен жүздестік, екі дүркін Еңбек Ері Жазекеңнің (Жазылбек Қуанышбаевтың) отбасында қонақта болдық, жайлауы мен көлдерін көзбен көріп, қазақ даласының кеңдігіне, кең алқапты меңгерген жергілікті халқының пейлі мен мәрттігіне риза болдық. Сол сапарымызда «Мойынқұмда ауылым» әнін жазып едік.
«Мойынқұмда – ел жайлауы,
Ел жайлауы – көк шалғын.
Хан тауы мен Жамбыл тауы
Кең жайлауы достардың».
Ән ел арасына тез тарап, сәулесі мол жарық әлемге қанат қағып кете барды. Біздің шығарған әнімізге риза болған аудан басшысы Айтбай Назарбеков қазіргі мініп жүрген сары 07-ші «Жигулидің» кілтін сол жолы тапсырып, Сабырханға ат мінгізіп көңілімізді бір көтеріп тастап еді, жарықтық ағам. Өнерімді орынды бағалап, құрметтеп жатқан еліме, халқыма рахмет. Әйтпесе, шынымды айтайын, әлгі еңбек кітапшасы (трудовая книжка) деген менде мүлдем жоқ. Әндерімнің гонорарларымен «барына береке берсін, қанағат қарын тойғызар» деп, өз өнерімді өмір бойы нәпақа етіп жүрген жанмын. Артып бара жатқан байлығым жоқ, дүниеге, байлыққа қызыққан жан емеспін. «Көйлек көк, тамақ тоқ» дегендей Құдайдың пешенеге жазғанын көріп, барына шүкіршілік етіп, «тәубе!» деймін».
– Шәке! Сіздің шығармаларыңызда партия, Ленин, компартия съездері, соғыстағы жеңіс туралы бірде-бір дүние жоқ. Оған не себеп?
–Мына сұрағың мені қинады. Мен ешқашан ешбір партияға мүше болған емеспін. Компартияның көсемдерінен, съездерінен де аулақ жүрдім. Мен өз елімнің, халқымның, өз жерімнің патриотымын. 50-ші жылдары қазақ жері бөліске түсіп, бірнеше солтүстік облыстар Ресейге, Маңғыстау Түркіменстанға берілейін деп жатыр деген дүмпу сөз ел арасына тарағанда, қазақтың Ұлы даласы бөліске түспейтінін білдіріп, жердің иесі кім екенін білдіретін «Менің Қазақстаным» әні өмірге келді. Бұл ән барша қазақ жастарының басын біріктіріп, жігерлендіріп, рухтандырып, «қазақ жері бөлінбейді» деп атой салғызды. Кремльдегелер қаймығып, өз райларынан қайтты. 1961 жылы Юрий Гагарин Байқоңырдан ғарышқа көтерілгенде, жоғарыда отырған базбір шекпенділер: «Шәке, ғарышкер туралы бір тамаша ән жазыңыз» деп қолқа салғаны есімде. «Бұл менің тақырыбым емес. Қинамаңдар мені. Егер қазақ баласы ғарышқа көтеріліп жатса сөз басқа...» деп мен бірден ол туралы ән жазбайтынымды ашық айттым және сол сөзімде тұрдым да.
Шәмші ағамыз сол жолы ауруханадан шығуға асықпады. Біз де: «Үй-жайы Алматыда, қаласа ауруханада жата тұрсын» деп асықтырмадық... Асықпауының тағы бір себебін кейінірек білдік.
…Кешкілік кезекшілік кезінде аурухана ауласынан өтіп бара жатып, су бұрқақ пен қауыздың жанында біраз халық жиналып қалғанын байқадым. Ортада қызу әңгіме жүріп жатқаны түсінікті. Бір сәтте құлаққа жағымды ән бірте-бірте күшейіп, кешкі тынық ауаны қалқып бара жатты. Көп дауыспен айтылып жатқаны бәрімізге бұрыннан таныс «Сыр сұлуы» әнінің саз-ырғағы. Жақындау келгенде ғана байқадым –топ ортасында Шәмші ағамыз бейне үлкен оркестрді басқарып тұрған дирижер сияқты екі қолының саусақтарын жайып жіберіп, аса бір шеберлікпен жоғары-төмен тынымсыз сілтеп тұр. Жиналған келіншектер мен қыздар, жігіттер мен ересектер әннің ырғағын дөп басып, барлығы әнге қосылып, бүтін керемет хор капелласындай әнді нәшіне келтіре орындап тұрғандай сезінесің. Көпшіліктің ықыласын түсініп, олардың көңілін бөлмей, Шәкеңді алаңдатпай алыстау жерден өтіп кеттім.
Кейін Шәкеңе: «Аға, кеше кешкі репитицияларыңыз қалай өтті? Кеше байқадым, көп қыз-келіншектер, жігіттер қаумалап алыпты… Еріккен қыз-келіншектерге «қолды» болып кетпеңіз…» деп әзіл айттым.
Шәкең не туралы әңгіме екенін бірден ұғып: «Інім, саған шындығымды айтайын… Ауруханадағы сырқаттар менің осында «пышаққа түсіп» жатқанымды естіп, бұрыннан таныстары келіп сәлем беріп, қолқалап кешке бөлмелеріне, бөлімшелеріне шақырып қонақ етіп жатыр. Халқымның көңіліне ризамын. Елің сыйлап, елеп, құрметтеп жатса одан артық адамға не керек? Біраз күннен бері кешке қарай ауладағы субұрқақ маңына жиналып, әңгіме-дүкен құратын жақсы бір дәстүр пайда болды. Дерттен қиналып жүрген жандардың көңілдерін бір сәт болса да көтеріп, оларды сіздер, дәрігерлер дәрі-дәрмекпен, қандауырмен емдесеңіздер, мен оларды көңілді ән-жырмен, жанға жағымды әзіл-қалжыңмен емдеп жүрмін. Так что, сөйтіп, мен ауруханада бос жатпай, яғни, бекер тостақ босатпай, сырқаттардың өз ауруларынан тезірек айығып кетуіне бір кісідей үлесімді қосып жүрмін. Мұным дұрыс емес пе, ә?!» –деп ойнақы көздерімен маған қарады. «Иә, оныңыз өте дұрыс екен, Шәке. Аурулардың көңілдерін көтеру үшін біздер, дәрігерлер де оларға жанға жағымды жеңіл әзіл-қалжың айтамыз. Жақсы сөз –жан семіртеді емес пе. Ендеше, сіз – адамдарды ән-жырға бөлеп, дерттен айықтыратын, уайым-ойлардан бөлетін үлкен емшісіз. Сіздің еңбегіңіз дәрігерлердің қызметінен еш кем емес. Әрдайым жақсы, жаңа әндеріңізбен көпшілікті қуанта бергейсіз, аға!» деп мен де оған іле жауап бердім. Сөйтіп, кешкі «концерттен» кейін ауруханада емделіп жатқан азаматтар кезек-кезек өз бөлімшелеріне дастархан жайып, шайға шақырып, Шәкеңді ортаға алып, оның қызықты әңгімелері мен хикаяларын, сан түрлі естеліктері мен әзіл-қалжыңын рахаттана тыңдап, бір желпініп қалады екен…
Содан кейін де Шәкеңмен талай рет кездестім. Кездескен сайын: «Менің сүйікті дәрігер інім, халың қалай!» деп құшақ жая ризашылықпен сәлемдесетін. Жамбыл қаласының орталығындағы Абай атындағы драма театрында 1990 жылдың желтоқсан айында өткен халықтың сүйікті сазгері Шәмші Қалдаяқовтың 60 жылдық мерейтойына қатысып, концертін тыңдап ерекше ләззат алдым. Сол жолы Сабырхан Асанов екеуіне «Жамбыл қаласының құрметті азаматы» деген атақ берілді. Халық қолдап «Қазақстанның халық әртісі» атағы да берілді.
Кейін бір жолыққанымда:
–Соңғы уақытта мына жүрек деген қатты мазалап жүр, інім. Мезгіл-мезгіл ыңқыл-сыңқылмен аурухана маңын торуылдау әдетке айналып барады. Қайдам, не боларын? Қанша өмір қалды, бір Алланың өзі біледі? – деп уайым айтты. Шынында, ауыр сырқат оның дегбірін қашырып, жүзі жүдеу тартыпты. Мен қадірлі ағаны ауыр ойдан айырмақ болып:
–Шәке-ау, «Жүрегі бар адамдардың ғана жүрегі ауырады»–деп өзіңіз айтпайтын ба едіңіз?»–деп қалжыңдаған болдым. Бірақ, Шәмші ағаның мына кейпінен, ажал деген тажалдың құрық салғанын сезіндім де ішімнен терең күрсіндім…
Содан көп уақыт өтпей, яғни 1992 жылдың 29-шы ақпанында, 62 жасқа қараған шағында қазақ музыкасының көрнекті қайраткері, ірі тұлға Шәмші Қалдаяқовтың жүрегі мәңгілікке тоқтады. Шәкеңнің нәзік те сезімтал жүрегі мына өмірдегі әділетсіздікке, кереғар дүниеге, сірә, шыдас бермесе керек. Сөйтіп, қазақ өнерінің көгіндегі тағы бір жарық жұлдыз ағып түсті. Өзінің саналы ғұмырында тек өз ұлтының ұлылығын, елінің азаттығы мен жерінің байлығын, пейілінің ақтығы мен пәктігін, адамға тән нәзік махаббат сезімді асқақтата жырлаған заманымыздың айтулы сазгері, ғасыр бұлбұлы сайрауын тоқтатты. Дәурен-ай десеңші, тағдырға кім әмір жүргізе алады?!.
«Шәмшіге айт, тағы да таңдандырсын,
Жандандырсын жүректі, жандандырсын!
Мәңгі өлмес махаббатын айта жүрер,
Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырсын!» – деп Мұқағали ақын айтқандай, Шәмшінің артында қалған өлмейтін әндері әлі де талайлардың жүрегіне нұр құйып ел арасында шырқалып жүр.
* * *
Шәмшінің тұнып тұрған сыр шындығымен, шынайылылығымен және сезімге терең бойлауымен ерекшеленетін алғашқы әндерінің өзі композитордың атын елге жайып, халықтың сүйікті перзентіне айналдырды. Қырық жылдан астам шығармашылық қызметінде Ш.Қалдаяқов 300-ге жуық музыкалық туынды жазды. Олардың дені ән жанрында. Ш.Қалдаяқовтың өзінің қайталанбас қол таңбасы халықтың бояуы қанық талантымен қазақ халқының қазіргі әнін, өнерін биік белеске көтерді, қалың қазақты махаббат бесігінде тербетіп, халқын жасампаз әнімен рухтандырып келеді. Оның ғажап шығармашылығы ұлттық мәдениеттің тамаша көрінісінің бірі екенін баса айтқан жөн. 2010 жылы оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. «Менің Қазақстаным» әні мемлекеттік Әнұранға айналды. Оның «Ана туралы ән» шығармасы сәби жүректің сөнбес махаббаты десек жаңылыспаймыз.
«Ана туралы әннен көңілге медет тауып, дәтке қуат алады. «Есейіп кетсем де, Мен саған сәбимін» деп тебіренеді. Ана да, бала да, аға да, дана да бәрі осылай жырлайды. Жалғыз анаға қатысты емес, байтақ далаға да айтылып тұрғандай сезіледі бұл ән кейде. «Мен саған сәбимін» деп.
Қазақ Жер-Ана дейді ғой. Махаббат атаулының бәрі бастауын анадан алады. Туған жер дейсіз, ол да ана. Туған ел, Отан дейсіз, ол да ана. Алғаш есің ауып ғашық болған махаббаттың себепшісі бойжеткен қыз – ол да болашақ ана, сүйген жар. «Сол даланың қызы еді ғой, Жүрек алғаш сүйгені» (Қуандық Шаңғытбаев). Демек, осынау әнде айтылғандай, «әлемнің жарығын сыйлаған ана».
«Әлемнің жарығын, сыйладың сен маған» сөзінің иесі, қазақтың біртуар ақыны Ғафу Қайырбеков үлкен жүрекпен, алапат сезіммен жазып қойғанын байқау қиын емес өлеңді. Бірақ «Ана туралы жырды» қағаздан оқып бастаса болды, әні тарта береді. Жүрекке, көңілге жатталып, сіңіп қалғаны сонша поэзиясын оқи қоймаққа бекінсең, әуені жетелеп алып жөнеледі. Естуімізше, бұл туындының сөзінен әні, яғни әуені бұрын туған деседі білетіндер. Қазақ вальсінің королі, ән өнерінің алыбы Шәмші Қалдаяқовтың консерваторияда оқып жүрген кезі екен. Әйгілі композитор оқуда жүргенімен, атағы шығып, қазақ даласына есімі белгілі бола бастаған. Әндері радиодан дүркін-дүркін шырқалып, елдің жүрегіне жол тапқан 1959 жылдардың шамасы. Соның алдында ғана анасы Сақыпжамал ауылға арнайы шақыртып, маңдайынан иіскетіп қайтқан жас композитор. Шешесі бата берген: «Қайда жүрсең де аман бол, балам. Салған әндерің ұзаққа жетсін, айтылмай жатып үзілмесін», деген жалғыз ауыз сөзде қаншама салмақ жатыр десеңізші. Бұған қарағанда анасы баласын қапысыз танығанға ұқсайды. Белгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің аталарының шаңырағына хакім Абай бата берді дейтін сөз бар. «Сөз ұстайтын ұл берсін» деп. Сазгердің анасының аузынан шыққан жаңағы бірауыз сөз осы батаны еске түсірді. Дуалы ауыздан шыққан мерген сөз нысанаға тимей қоймайды.
Өлерінің алдында, екі-үш ай бұрын Шәмшісін шақыртып, батасын бергеніне қарағанда анасы сезген. Ғұмыры ұзаққа созылмасын. Ажал уақыты жақындағанын. Әйтпесе Алматыдағы ұлын Шәуілдірге арнайы шақыртып, маңдайынан иіскеп, ақтық сөзін айта ма?! Шәмшісі әскерден келгенде анасы ұлына «балам, үйленіп шаңырақ көтер, мен немере сүйіп, арманымнан шығып кетейін» депті. Ертеректе қазақ үлкендері тектен-текке сөз шығындамайтыны осыдан аңдалады. Ана тілеуі бұлай болғанымен, адам баласы қалағанының бәрі орындалған ба өмірде. Әртүрлі жағдайға байланысты ол кезде Шәмші үйлене қоймағанын айтады туған інісі Қадыр Қалдаяқов.
Ұлы сазгерге толғатып, ғасыр, бәлкім дәуір адамын туған шешеміз Сақыпжамал төре затынан көрінеді. Қазақтың соңғы ханы Кенесары жау қолынан қапыда қаза тапқанда, кіші әйелін інісі Жәңгір төре алады. Осы кісілерден туған ұлдың бірі – атақты Шәді ақын, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар өмірін жырмен кестелеген тұңғыш қазақ. Қазақ ислам әдебиетінің негізін салушы. Ұлы Шәмшінің анасы Сақыпжамал да осы тектен екені айтылады.
Композитордың өзі темекіні бұрқыратып отырып аса қимастықпен еске алатын екі әні бар. Соның бірі – қазіргі Қазақстанның мемлекеттік Гимні «Менің Қазақстаным» болса, екіншісі – композитор анасына арнап шығарған «Ана туралы жыр» әні.
«Менің шешем ауылдың сыртында жатыр, әкемнің қасында. Ол кісі өмірден жас кеткен адам. Ұзақ уақыт ауырды. Ақыры сол аурудан дүние салды. Ол кезде мен бойдақ едім, 1959 жылы. «Анаңды Мекеге қырық рет арқалап апарып, әкелсең де ақ сүтін өтей алмайсың» деген сөз бар қазақта. Сол ақ сүтінің бір белгісі болсын деп мен 1959 жылдан бастап ана туралы ән жазуды ойға алдым» – дейді Шәмші Қалдаяқов.
Композитордың көзі тірісінде Тілеген Ахметов түсіріп алған әңгімесінде өзі «Менің Қазақстаным» атты «Ұран ән» жаздым десе, сонымен қатар атаған мына туындысы да аналар әнінің гимні. «Әлемнің жарығын, сыйладың сен маған» дегеннен асырып не айтуға болады? Және бұл сөз әнімен қалай жымдасқан? Әуен де, өлең де елдің екі шетінен бірін-бірі іздеп жүріп тауып, кірігіп кеткендей. Жүз жылда бір туатын кесек туынды. Бір қызығы, туындыны жалғыз қазақ ұлты ғана емес, бауырлас түрік ағайындардың ішінде татар, башқұрт, моңғол, тағы басқа халықтар шырқайтыны туралы мәлімет бар.
Осыншама халықтар арасына таралып, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін салатын туындының дүниеге келу жолы тұнған трагедия. Шәмші анасы қайтыс болғанда, жетісі мен қырқын өткеріп қойған соң бір-ақ барып аза тұтқан. Оған дейін Сақыпжамал анамыз хал үстінде төсек тартып жатқанда ағайындары телеграмма жөнелткен екен. Алайда ол сазгердің қолына жеткен уақытынан бір жарым ай асқанда барып тиеді. Іле ауылы Шәуілдірге жеткен сазгер анасының суыған топырағын ғана құшып қалады. Қырқына дейін атқарылып қойған. Содан Шәмші ауылында қырық күн аза тұтып жатады. Өзі айтпақшы, 1959 жылдан бастап анасына ән шығаруды ойлап жүрген де, жаңа ән арада екі жыл өткенде ғана туыпты. Інісі Қадырға «Кәден, бұл әннің отыз нұсқасын жазып, ішінен елдің жүрегіне жетеді-ау деген ең жағымдысын алып қалдым» дейді екен. Онымен қоймай ән бірден жазыла салмаған. Екі жыл өткенде анасы түсіне кіріп, күлімдеп разылығын білдіргенін айтыпты өзі. Содан кейін ғана дүниеге әуен келген. Екі жыл бойы мазалап шықпай қойса, шығармашылық иесін сол жылдар бойы қинап жүрді дегенге саяды. Азабы мен ғажабы мұнымен де шешіліп кетпеген. Дүниеге ән келген соң оған лайықты сөз жазылуы керек. Әдетте Шәмші әнін жазып болғанда өлеңін кімге жаздыру керектігін бірден пайымдап, шешіп қояды делінетін. Бұл жолы ондай болмайды. Лайықты мәтінге тапсырыс беретін ақын таппай қиналады. Мен деген авторлардың көбі жүрексінеді. Ұлы Шәмшінің анасын жоқтай алмай қалам ба деген күдікпен алмай қояды. Сөйтіп те біраз жүріп қалады автор.
Күндердің күнінде отыз мәрте жазып, ішінен ең сұлуын таңдап алған әнін Әбілахат Еспаевқа тыңдатады. Тыңдап болған Әбекеңе енді осыған лайықты сөз жазатын ақын таппай жүргенін айтқанда, ол кісі бірден Ғафу Қайырбековті атайды. Жақында оның да анасы ол дүниелік болғанын есіне алады. Әбілахат ағасы арқылы Ғафекеңді іздеп табады Шәмші. Сөйтсе, екі автор тағдырлас болып шығады. Анасы қайтқанда Шәмшінің басынан өткен жағдай Ғафу ағасында да қайталанған екен. Ғафекеңнің туған анасы ертеректе қоштасқан фәнимен. Ақынды туғанында ағасының әйелі бауырына салып алған да, ол кісі Ғафекеңнің туған шешесіндей болып кетеді. Сол анасы бақиға аттанғанда уақытында жете алмай қапа күйі жүреді де, Шәмшіні кездестіреді. Атақты ақын ағасының құлағына тиген ән көп ұзамай құйқылжып, тамылжып ала жөнеледі. Әннің бағына қарай сөзі де құйылып түскенін бүгінде бұл туынды барша қазақтың жүрегінен орын тапқанымен түсіндірсе де жеткілікті. Өз аналарына ескерткіш қоймақшы болған ақын мен сазгер осылайша күллі аналарға мәңгі өлмес ескерткіш соғып кетті», –дейді «Егемен Қазақстан» (8.03.2022) газетіне жарияланған мақаласында талантты журналист, ақын Жәнібек Әлиман.
Шәке! Бізді тастап асығыс басқа әлемге аттанып кеткеніңізге анау-мынау деп өмір толқынымен, күйбең тіршілікпен арпалысып жүргенімізде 30 жыл сырғып өте шығыпты. Уақыт шіркін уыста тұрмай зулап барады-ау, тегі. Иә, 30 жыл өте шығыпты. Қазақтың ән өнерінің көшін бастаған, аты аңызға айналған, халқымен бірге жасай беретін қайта тумас, қайталанбас хас талант, ақиық дарабоз, дүлдүл сазгердің мерейі биік, есімі мәңгілік. Қазақ барда қанша ғасыр өтсе де Шәмші әндері әрін де, сәнін де жоғалтпайды.Аққудың сазды да, назды үнін әнге қосқан Шәмші аға, біз Сізді сағынып жүрміз!..
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
11671 рет
көрсетілді0
пікір