• Ұлттану
  • 17 Желтоқсан, 2022

Қаламгерлік жол

Біздің бұл әдеби толғанысымыз қазақ топырағында оқырманы ең көп қаламгердің бірі болған Сәбит Мұқановқа арналмақ. Қазақтың классик жазушысы Сәбит Мұқанов ұлтын, елін, мемлекетін сүйген, қазағына адал қызмет етіп, қажет кезінде кеудесін оққа тоса білген патриот азаматтардың бірі.Сәбиттің шығармаларында қарапайым халық өмірі шынайы көрініс тауып, ол көтерген мәселелер қалың  оқырманның көкейінен шығып, қарапайым халықтық тілде жазылған еңбектері оқырманның түсінігіне оңтайлы болып, жүректерге тура жол тапты. Жазушы, ақын, әдебиет зерттеуші-ғалым, қоғам қайраткері Сәбит Мұқанов 1900 жылы 26 сәуірде бұрынғы Ақмола губерниясы Петропавл уезінің Таузар болысында  (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл  ауданының Сәбит ауылы) дүниеге келген. Алты жасында әкесі Мұқан, жеті жасында анасы Балсары қайтыс болады. Әпке-қарындастарының барлығы бірінен кейін бірі шетінеп, бір отбасынан жалғыз қалады. Содан балалық  шағы кісі есігінде жалшылықта өтеді.

Сәбит өзінің талаптануымен хат танығанымен, мұғалім алдын көріп, жүйелі білім ала алмайды. Құранды жатқа оқыған ол, өмір бойы шығармаларын төте жазумен жазған. Құдайдың берген талантымен жастайынан домбыра ұстап, ауылдың жыршы баласы атанады. Тек он сегізге толғанда, Омск қаласына барып, мұғалімдер курсында оқуға мүмкіндік туады. Сол кезде сабақ берген ұстаздарының ішінде Мағжан Жұмабаевта бар еді.

1918 жылы курсты бітірген соң Сәбит ауылға келіп мұғалім болады. Осында ауылды кеңестендіру жұмысына белсене араласып, топтық күрестің жауынгері ретінде танылады. Ақмола губерниясы ГПУ-нің Көкшетау облысындағы оперативтік өкілі және партияның Ақмола губкомының нұсқаушысы қызметін атқарады. Бұдан кейін 1922 жылы Орынбордағы рабфакқа түсіп, оны бітіріп шыққаннан соң, баспасөз орындарында жұмыс істейді.

1923-1925 жылдары Сәбең «Еңбекші  қазақ» газетінде әдеби қызметкер болып істейді. Сәкен Сейфуллиннің ықпалымен Қазақстан Орталық Атқару комитетінің мүшесі болады. 1926 жылы Қызылжарда шығатын «Бостандық» газетінің жауапты хатшысы, 1927 жылы Қазақтың пролетариат-қара щаруа жазушылары ассоциациясының (КазАПП) жауапты хатшысы және «Еңбекші қазақ» газеті партия бөлімінің меңгерушісі болады. 1927-1928 жылдары Қазақстан мемлекеттік баспасының бас редакторы болып тағайындалады. Сәбит осы кезден бастап, шығармашылыққа шыңдап бет бұрады. Осы кезге дейін атқарған сан салалы қызметінде болсын, шығармашылық өрлеу жолында болсын, ілгерілеудің басты кепілі – терең білім екенін, онсыз көздеген мақсатыңа жету мүмкін еместігін айқын сезінген ол өз білімін тереңдетуге батыл шешім қабылдайды:

-1928 жылы Ленинград (қазіргі Санкт – Петербург) университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Бірақ аз уақыт оқығаннан кейін отбасы жағдайына байланысты Петропавл (Қызылжар) қаласына келіп, «Кеңес ауылы» газетінің редакторы және жазушылар бөлімінің жетекшісі болады;

–1930 жылы қайтадан Мәскеуге барып, алдымен академик Марр атындағы Тіл білімі институтына түседі. Бұл – әдебиетші, тілші болам дейтін адамдар үшін дұрыс бағыт беретін сол кездегі ең мықты оқу орны еді;

–1932 жылы Мәскеудегі Қызыл профессура институтына ауысып, 1935 жылы оны бітіреді. Осы жылдардың бәрінде Сәбит өте өнімді еңбек етеді. Әрі оқиды, отбасын да қасына алады, сонымен бірге шығармаларын да жазады;

–1934 жылдан бастап КСРО Жазушылар одағының басқарма мүшесі, ал 1936-1937 жылдары Қазақстан Жазушылары одағының төрағасы болады;

–1937-1941 жылдары Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында профессор болып қазақ әдебиетінен сабақ береді. Осы кезде Мұқановқа «Алашорда ақыны Мағжанға қамқорлық көрсетті, С.Сейфуллин бастаған ұлтшылдар тобында болды, буржуазиялық ымрашылдыққа барды» деген айып тағылып, саяси сенімсіздік көрсетіледі;

–1943 жылы Сәбең қайтадан Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы қызметіне қайтып келеді. Осыдан бастап 1951 жылға дейін Жазушылар одағын басқарады. Жазушылар одағын басқарған жылдарда ол көптеген жас қаламгерлерге қолдау, көмек көрсетеді;

–1947 жылдан 1959 жылға дейін С.Мұқанов Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, 1947-1954 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болады;

–1954 жылы Қазақ КСР-і Ғылым Академиясының академигі болып сайланады. Атақты жазушы 1951-1973 жылдар аралығында еркін шығармашылықпен айналысады.

Халықтың сүйікті жазушысы 1973 жылдың 18 сәуірінде Алматыдағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің ауруханасында дүниеден озды. Оның қазақ мәдениетін өркендету саласында сіңірген зор еңбегі кезінде жоғары бағаланды. Ол екі рет Ленин, екі рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. Бүкілодақтық бейбітшілік қорғау комитетінің мүшесі болды. Ұлы жазушының шығармалары әлемнің 46 тіліне аударылды.

***

Сәбит Мұқанов әдебиетке араласқаннан бастап-ақ дәуір, заман алға қойған тақырыптарға қалам тербеді. Оның қаламынан туған әдеби мұра сан жанрлы, мол көлемді, идеялық-эстетикалық мәні жоғары да бағалы. Ол 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта  поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме, оннан астам пьеса, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, қазақ мәдениетінің  тарихы мен этнографиясы туралы зерттеу еңбектер, т.б. сан-салалы кітаптар жазды. Жазушының алғашқы өлеңдері мен поэмалары, мақалалары мен әңгімелері 1917 жылдан жариялана бастады.

Сәбит жастайынан халық арасында жиі айтылатын жыр-дастандарды жаттап, өзі де ауызша, жазбаша өлең шығарып талаптанады. Ол туралы әйгілі жазушы Ғабит Мүсірепов «Автобиографиялық әңгіме» атты мақаласында («Аңыз адам: Қазақ совет жазушысы Сәбит Мұқанов» журналы, №17 (149), қыркүйек 2016 жыл, 20-бет) былайша толғанады: «Сәбит өлеңді іркілмей де қиналмай жазушы еді, жағдай да талғамайтын. Бір столдың үстінде, ол өлең жазып, мен есеппен басым қатып, бірге отырамыз. Кейде оның өлеңге еріп, бұл бөлмеден шет дүниеде, алыстағы бір оқиғалар арасында, шытырман суреттердің ортасында отырғанын сезінемін де, қызығып қоямын. Қазір оның ойында оқу да жоқ, басқа түрлі күнделік қуаныш-қайғысы да жоқ, тек қана өлеңге ауысатын суреттер, өзі ғана айқын көріп, үнсіз тілдесіп отыратын адамдары бар.

«Адамның кейбір кездері

Көңілде алаң басылса;

Тәңірінің берген өнері

Көк бұлттан ашылса;

Сылдырап өңкей келісім

Тас бұлақтың суындай,

Кірлеген жүрек өз ішін

Тұра алмас әсте жуынбай» -

дегендей, бұл ақынның бір қымбат шағы. Өлең үстінде Сәбитті мен осы халде талай көрдім.Сонысына қызуғышы едім.»

Мұқановтың есімін жалпы қазақ оқырманына кеңінен танытқан 1928 жылы жарық көрген «Сұлушаш дастаны». Ол бұл дастанында ғашықтық, махаббат мәселесін шынайы поэзияға бөлеп, асқақта көтере отырып, әлеуметтік мәні зор түйіндерді толғап шешеді. «Сұлушаш» – көркемдігі, оқиға құрылысы жөнінен әлі күнге дейін қазақ поэмаларының алдында тұратын шығармалардың бірі.

Қаламгердің поэзия саласында «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы» (1926), «Октябрьдің өткелдері» (1927), «Ақ аю» (1935), тағы басқа поэмалары; очерк-публицистикадан «Саяхаттар» (1954), «Туған жердің тыңында» (1955), «Тыңда тұнған байлық» (1957), «Алып тың адамдары»(1959) кітаптары жарық көрді. Драматургиядан «Алтын астық» (1939), «Шоқан Уәлиханов» пен «Сәкен Сейфуллин» пьесаларын жазды. «Жарқын жұлдыздар» атты зерттеу еңбегі жарияланды. 1961 жылы өлеңмен жазылған «Замандас туралы аңыз» атты шығармасын бастырды. Оның 1974 жылы жарық көрген «Халық мұрасы» (2005 жылы «Жазушы» баспасында толықтырып ұсынылды) деген тарихи-этнографиялық шолуы халқымыздың мәдениеті, өнері, тілі, материалдық игіліктері жайында жазылған ерекше құнды зерттеу еңбек болды.

Жазушы 200-ден астам әдеби сын мақалалар жазды. Қазақтың ауыз әдебиетін зерттеді. Фольклор және көне жазба мұраларды жинап бастырды. Халық поэзиясының ірі өкілдері туралы толымды пікірлер айтты.

Жинақтап айтқанда, Сәбит Мұқанов қазақ әдебиетінің өсіп қалыптасуына, көркейіп дамуына, сан жанрда өркендеуіне көп еңбек сіңірді, зор үлес қосты.

***

Сәбит Мұқановтың ірі шығармалары (романдары мен повестері) социалистік реализм әдісімен ұлтқа, халыққа қызмет ету мақсаты мен таптық тұрғыда жазылды. Мысалы, оның «Мөлдір махаббат», «Ботагөзі», «Сырдариясы», үш томдық өмірбаяндық «Өмір мектебі» халқымыздың социализм кезіндегі шежіресі сияқты:

1.Жазушының сүйекті романдарының бірі – «Мөлдір махаббат». Бұл шығарма бастапқыда «Адасқандар» деген атпен жарияланған. Роман алғаш 1929 жылы жазылып аяқталып, 1931 және 1935 жылдары екі мәрте жарық көрген. Осы туынды кезінде қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романдардың бірі болып, дербес орын алған.

Мұқанов бұл романды едәуір өзгерістер енгізіп, 1959 жылы «Мөлдір махаббат» деген атпен қайтадан бастырып  шығарды (1962, 1964 жылдары орыс тілінде жарияланды).

2.Сәбит Мұқановтың шығармашылығында да, бүкіл қазақ прозасында да белгілі белес болған келелі туындысы кейіннен қайта өңделіп «Ботагөз» деген атпен жарық көрген «Жұмбақ жалау» романы. Жазушының үлкен жетістігі болған «Ботагөз» (1938) романында халық тарихындағы қиын кезең болып саналатын 1912-1919 жылдардағы оқиғалар, әлеуметтік тартыстар, түрлі қоғамдық күштердің қақтығыстары суреттеледі. Сәбең романға сол жылдардағы қазақ өмірінің үлкен иірімдерін арқау етіп, алуан түрлі, қайталанбас ерекшелігімен көзге түсетін кейіпкерлердің мінез-құлық  сипаттамаларын терең аша отырып болмыстың эпикалық көрінісін толық қамтиды.

3.Қазақ әдебиетінің классигі жазған «Сырдария» романында Ұлы Отын соғысы жылдарындағы тыл патриоттарының ерлік еңбегі, отаншылдық ой-сезімі суреттелген. Романда халықтар достығы шыншылдықпен көрсетілген. Бұл шығарма 1948 жылы жеке кітап болып шықты да, кейін 1953 жылы толыққан, өңделген нұсқасы орыс тіліне аударылып, Москвада туысқан халықтар тілінде және шетелдерде бірнеше рет басылды.

4.Сәбит Мұқанов – мемуарист жазушы. Оның «Өмір мектебі» деп аталатын үш томдық шығармасы қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылатын дүние. Трилогияның алғашқы тараулары «Менің мектептерім» деген атпен 1930 жылы жарияланды. 1941 жылы жеке кітап болып басылды. Жазушы бұл кітапты қайта жазып, толықтырып, «Өмір мектебі» деген атпен (бірінші, екінші кітаптары, 1955 жылы; үшінші кітабы, 1964 жылы) жариялады. Трилогия жалғыз жазушының басынан кешкені емес, тұтас ұлттың тарихы мен қоғамдық әлеуметтік тұрғыдан есеюі сияқты сезіледі. Жалпы алғанда, «Өмір мектебі» трилогиясы – Сәбит Мұқановтың творчествосының ішінде дербес тұратын шығарма. Жазушының шығармашылық өмірін түгел дерлік қамтыған бұл еңбек – шын мәніндегі халық шежіресі.

5.Қаламгердің соңғы шығармасы Шоқан Уәлиханов туралы жазылған «Аққан жұлдыз» романы болды. Оның жоспарынша төрт том болуға тиіс бұл роман аяқталмай қалды. Романның бірінші кітабында (1967) Шоқанның жастық шағы, өскен ортасы, тәрбиесі, Омбыдағы кадет корпусын бітіріп шыққанға дейінгі өмірі суреттелсе, екінші кітапта (1970) Шоқанның генерал-губернатор Гасфорттың қарамағында адъютант болып қалғанынан бастап, Шынжаң сапарына дейінгі өмір кезеңдері баяндалады.

Сәбең сол кездегі көп айтыла бермейтін тарихи шындықты осы аталмыш кітапта біршама жазып, халыққа ұсынды.

6.1945 жылы жарық көрген «Балуан Шолақ» повесінде қазақ композиторы, атақты палуан, әнші Балуан Шолақтың образы сомдалған. Сәбең – ат айдаушы бала ретінде бай-бағыландармен ел қыдырып жүріп, XX ғасыр басында өмір сүрген Балуан Шолақ, Ақан сері, Естай сияқты әнші-ақындардың, біразын көрген адам. Өзі аса талантты адам болғандықтан, бала кезгі көрген-білгені жадында қалып қойған. Осылардың образын Балуан Шолақ арқылы жинақтап бергісі келген.

Балуан Шолақ Баймырзаұлы – қазақтың күш өнерін көрсеткен спортшысы, жауырыны жерге тимеген палуаны. Оның есімін де халық осы өнеріне сүйсінгендіктен еркелетіп, жас күнінде саусағын үсітіп алуына байланысты «Балуан Шолақ» деп атаған, әйтпесе өзінің азан шақырылып қойылған шын аты – Нұрмағанбет. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Дулат тайпасының Сәмбет руынан. Бірақ аталары ерте кезде Арқаға қоныс аударғандықтан, оның бар өмірі Көкшетау өңірінде, атығай, қарауыл руларының арасында өткен. «Балуан Шолақ» повесі – әнші, сал-сері өмірінен жазылған алғашқы ғұмырнамалық туынды.

Сонымен, тамаша әңгімеші, кейіпкерлерді әлеуметтік-психологиялық сипаттаудың шебері Сәбит Мұқанов XX ғасырда қазақ романының дамуына үлкен үлес қосты.

Мұхтар Әуезовтің: «Қазақ әдебиетінің аға жазушысы Сәбиттің аты – қазақ оқушысының мол қауымына өте даңқты, анық қымбат аттың бірі» деп, Ғабит Мүсіреповтің: «Жазушы Сәбит Мұқановтың қаламынан туған еңбектер өз алдында бір энциклопедия» деп, Мұхаметжан Қаратаевтың: «С.Мұқанов толық мағынасында халық жазушысы еді» деп, Расул Ғамзатовтың: «Біздің әдебиетіміздің Эльбрустарының бірі» деп, Сәйфи Құдаштың: «Шын мағынасында үлгі-өнеге тұтатын кең құлашты жазушы», деп жоғары деңгейде ұлықталған қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың шығармашылық ғұмыры XXI ғасырда да жалғасын табуда. Шығармалары қайта басылып шығып жатқаны өз алдына, Қазақ елінің әдебиеттану  ғылымында С.Мұқановтың кітаптарына, өткен ғасырдағы атқарған қызметі мен жазушылық жолына жаңаша көзқарас қалыптастыратын зерттеу еңбектері де жариялануда. Мұның рухани сұраныстан туғанын, қоғамдық қажеттілікпен байланысты екендігін дәлелдеп жату артық шығар.Сәбиттанудың жаңа да жарқын парақтарының жазылуына академик-жазушының 2000 жылы 100 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО шешімімен жоғары деңгейде аталып өтуі зор әсер-ықпалын тигізді. Мұқановтың шығармалары неліктен XX ғасырдан XXI ғасырға батыл бет түзеді дейтін көптеген сауалдардың жауабын іздеген кісі, 2005 жылы «Арда»баспанасынан «Тарихи тұлға тағылымы» айдарымен жарық көрген Тұрсынбек Кәкішұлы мен Күләш Ахметтің «Сәбит Мұқанов» атты әдеби-ғылыми ғұмырнама кітабын бастан-аяқ шолып, оқып шыққаны жөн. Бұл еңбек бүгінгі өскелең ұрпаққа алып тұлғаның қилы заманы мен қиян тағдырын танытады.

«Мен де адаммын жаралған сүйек, еттен,

Маған жүрек, жан беріп қан тебіренткен

Бір күні дамылдаса, жөнелем мен

Сапарға әкем, атам, бабам кеткен,

Бірақ мен, адам емен ізім тақыр,

Мейлі жұрт «алтын» десін, мейлі «бақыр»,

Жолында өзім ерген ұлы көштің,

Бірталай мен қалдырған мүлік жатыр», – деп нар сеніммен ғұмыр кешкен Сәбит не себепті халық жүрегіне жол тапты деген сұраққа, сәкентанушы әрі сәбиттанушы ғалым, филология  ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев жауап тапқандай: «...Сәбит Мұқановтай алыптың артына қалдырып кеткен  ұлан-ғайыр мұрасы оны әрқашан жоқтатады, іздетеді. Қателесе жүріп түзету, от баса жүріп өріске шығу, ел жұрттың көкейіндегісін дер кезінде айта біліп, игі іске мұрындық болу көп адамның қолынан келе бермейтінін Сәбит Мұқановтың өр тұлғасынан табамыз да, әрбір қимыл-әрекетіне, айтқан ой-пікіріне қарауыл қоя отырып, тарих таразысына саламыз» (Кәкішев Т. Шамырқанған шындық// «Қазақ әдебиеті,» № 7 (3275), 17 ақпан 2012 жыл, 1 және 6-беттер).

С.Мұқановтың нағыз аңыз адам екеніне көзі жеткендіктен  Тұрсынбек Кәкішев «Аңыз адам» журналының бір нөмері Сәбеңе арнала ма екен? Арналады ғой, арналмай қайда кетеді?! деп үміттенуші еді. Өкінішке орай, Тұрсекең көре алмай кетті. 2016 жылы «Аңыз адам: Қазақ совет жазушы Сәбит Мұқанов» журналы (№17 (149), қыркүйек 2016 жыл, 35-бет) жарық көрді.

Иә, ұлы жазушы шығармаларын халыққа өте түсінікті, құнарлы тілмен жаза білді. Суреткердің қай шығармасын оқысаңыз да кең көсілген ой ағыны, ішкі сезім пернесі, сөз саптауы, баяндауы – барлығы керемет үйлесімділік тапқанын анық аңғарамыз.

Бір сөзбен айтқанда, Сәбит Мұқанов – халқымыздың қайталанбас жазушыларының бірі екендігі сөзсіз. Ол өзінің өнегелі де өміршең шығармаларымен қазақтың талай ұрпағына рухани азық беріп, қазақ барда жасай беретін ұлы классик.

Рашит КАРЕНОВ,

экономика ғылымдарының докторы,

профессор, академик, ҚР Білім

беру саласының құрметті қызметкері,

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУдің

 еңбек сіңірген қызметкері

1234 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз