• Заманхат
  • 26 Ақпан, 2024

Сахнада – Ана бейнесі

Өнер адамы әрқашан да жаны нәзік, жүрегі таза, сезімтал болып келеді. Ерекше жаратылыстың да өзіндік себептері жетерлік. Оның ішінде актерлік өнер қиын һәм күрделі. Сахнаға шығып сөйлегеннің бәрі талант емес. Тіпті жаратылысыңнан тума талант болсаң-дағы тәрбие, тәлім сабақтары қажет-ақ. Ананың сүтімен дарыған мұндай қасиет бірте-бірте дамып, сол баяғы аз-мұз талант шыңдала келе суреткерлік мінезге айналмақ. Сондай табиғаты дара суреткер, «Алыптар тобы» атанған актерлардың сарқыны, Сыр өңірінің перзенті – Сәбира Майқанқызы Майқанова. Ол Қызылорда облысы, Сырдария ауданында 1914 жылы күзге салым дүниеге келген екен (Құжат бойынша 1 қаңтар). Әкесі Майқан мейірімді, байсалды, көп сөйлемейтін, орта шаруалы адам болыпты. Шешесі Дәмегүл – өр мінезді, келісті-кескінді өз заманының сұлуы атанған Қыпшақ қызы. 

 

Әкеден бір жасқа толмай, шешеден жеті жасында айырылған ол кішкентай сіңілісі Зағипа екеуі жетімдіктің машақатын көп тартып, Қызылорда қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленеді. 
Серәлі Қожамқұлов тәрбиелеген жас актрисаның өнер жолындағы тұңғыш қадамы – Б.Майлиннің «Майдан» пьесасындағы Алтынай атты комсомол қыздың рөлі. Театр Қарағанды қаласына гастрольдік сапар шеккенде темір жол үстінде осы рөлге дайындық жүргізілді. Сол арада өнер майталмандары, асыл ағалар кейіпкерді сахнада қалай ойнау керектігі жайлы мағлұматтар берді. Жас актриса таланты көрермендерді ұзақ уақыт қол соғуға мәжбүр етті. «Мен толқып, жүрексініп ойнап шықтым. Серке ағайымның қуанғанына қарағанда рөлім жаман шықпаған сияқты. Бұл ұстаз үшін де, шәкірт үшін де оңынан туған күн болды. Серке ағай маңдайымнан сүйіп арқамнан қақты. Мен де өте разымын, қолдау көргеніме қуанып, жүрегім лүпілдеп тұрды», – дейді актриса өзі жазған естелігінде. Сол кезде театрдағы ең жас актриса болғандықтан С.Майқановаға үлкендер тарапынан қолғабыс көрсетіліп тұратын. Бала кездің бұлыңғыр естеліктері ұмытылып, енді жаны жайсаң жандардың арасында көңілді күндерін кешіп жатты. Ең бастысы труппа әртістерінің бір-біріне деген сүйіспеншілігі зор. Театр мәселесі жөнінде сөзге келіп қалғанмен, артынша жайраңдасып, күлісіп кетіп бара жататын. 
Өнегелі өрісі кең мектептің өкілі режиссер Жұмат Шанин де өнер шаңырағындағы ұжым мүшелерінің бәрін кем көрмей тең бағалайтын. Рөлдерді бөлгенде әркімнің қабілетіне көз жүгіртіп, олқылықтарына ескерту айтып отыратын. Осындай ортадан тәлім алған С.Майқанова кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында коллективтендіру дәуірі, жаңа өмір орнату кезеңдерінде қажыр-қайратын аямаған қыздардың бейнесін мүсіндеп, аз уақыттың ішінде тәжірибелі тарлан әртістердің қатарына қосылды. Актрисаның тырнақ алды рөлдерінің бірі – татар жазушысы Д.Рахменқұловтың «Документ» пьесасындағы Роза есімді пионер қыздың рөлі. Содан кейінгі В.Киршонның «Астық» пьесасындағы комсомол ұйымының хатшысы Зотованы С.Майқанова тақылдақ, шаш ал десе бас алатын шолақ белсенді, жарамсақ етіп көрсеткен. Бұл рөлдің көрерменге ұнағаны сондай, тіпті көшеде кездескен көрермен «Сәлеметсіз бе, Зотова!» – деп өтетін. Ал, М.Әуезовтің «Алма бағында» пьесасындағы агроном Рая, Б.Майлиннің «Малқамбайында» байдың қызы Өзипа жас актрисаның көпшілік жүрегіне жол тауып, келешегінен мол үміт күттірген кейіпкерлер болатын. Алғашқы бейнелері уақыт өте келе, рөлдердің ұзақ-сонар керуеніне айналды. Олар М.Әуезов пен Л.Соболевтың «Абай» трагедиясындағы Ұлжан, «Қарагөзінде» Мөржан, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы көрпеш – Баян сұлуында» Мақпал, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» Зейнеп, Д.Исабековтың «Мұрагерлерінде» Салиха, Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуінде» Биғаным. Аударма шығармалардан Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-анасында» Толғанай, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» Фармон, К.С.Треневтың «Любовь Яроваясында» Любов Яровая, А.Н.Островскийдің «Найзағайында» Кабаниха, Э.Раннеттің «Адасқан ұлында» Элена Туиск, В.Дельмардың «Өкінішті өмірінде» Купер Люси, М.Фриштің «Дон жуанның думанында» Селестина т.б.
Өмір сүрген ортасы, салт-дәстүрі, сана-сезімі, ақыл ой-өрісі, мінез бітімі мен болмысы, сөйлеу мәнері, жас-мөлшері жағынан бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар дара тұлғалар, оның ішінде аналар бейнесі Сәбира Майқанованың сомдауында ерекше орын алады. Ауызын ашса, аяулы сөз ағылатын, жүрген жері у да шу, қыран күлкі, нағыз сауықтың адамы С.Майқанованы сахнаның пірі десе де болғандай. Небір жақсы қасиеттерді бойына сіңірген ана кейіпкерін сомдауда еш аянып қалмай сахнада өмір сүретін. Кейіпкердің басында болып жатқан қайғы мен қуанышты өз бойынан өткізетін. Актрисаның қуанып, мақтан ететіні Абай мен Шоқанды, Қозыны дүниеге әкелген абзал да парасатты аналар бейнесін бүгінгі ұрпаққа жеткізу құрметіне, маман режиссерлердің сеніміне ие болғандығы. Қазақ анасының бойындағы ұлттық психологиялық ұяңдық пен дархандықтың, нәзіктік пен сезімталдықтың бүгінгі қазақ әйелдерінің абзал қасиеттері мен аналық тұлғаларының сахна төрінен орын алуына аз да болса септігін тигізгені үшін актриса өзін бақытты санайды. Қалың көрерменнің сүйіспеншілігіне, жұртшылық құрметіне бөленген С.Майқанова аналар рөлінің бай галереясын жасады.
С.Майқанова бейнелеген алғашқы ана рөлі М.Әуезов пен Л.Соболевтың «Абай» трагедиясындағы – Ұлжан. (реж. Ш.Айманов пен Я.Штейн, суретшісі В.Голубович). Кезінде бұл қойылым театр мамандарынан тиесілі бағасын алды. С.Майқанова сахнадағы аналар бейнесін жасауға ерте талаптанды. «Егер мен жастар бейнесін ұзақ уақыт жасасам, аналар бейнесін мүсіндеу өте ауыр болар еді. Аналар бейнесін сахнаға шығару үшін орта жастағы, одан кексе әйелдерді ойнап қалыптасу керек», – дейді актриса. Әр ананың жаратылысы әртүрлі.
Ұлжан – ұлы адамның анасы. Абайдай данышпанды дүниеге алып келген қасиетті ана. Қаһарлы Құнанбайдың ең ақылды, кемеңгер бәйбішесі. Ұлжан тек ана емес, Құнанбайға да, Абайға да ақылшы. Зередейін дана әженің ұлынан артық бағалайтын келіні. Келін болып Зередей шежіре ененің қолына түскен. Зеренің аналық мейірімін көрген Ұлжандай ананың қайсы қырынан келуі керек? Актриса ең алдымен кейіпкердің кім екенін түсінуге барын салды. Онсыз суреткердің тоқырауға ұшырап, әрі-сәрі күйде қалуы сөзсіз. Не істеп, не қойғанын сахнагер өзі түсінбесе халық қалай қабылдайды. Сондықтан актриса осы бір тұстарына келгенде аса мән беруім керек деп түйген. Тіптен, сол қойылым болатын күні өзін басқаша ұстайтын. Мінезін, жүріс-тұрысын барынша сабырлылыққа, ұстамдылыққа бейімдейтін. Өйткені жасы небәрі отыздың үстінде. 
Құнанбай ауылының салтанатты көрінісі, Абайдың келуіне қуанған ел. Бәрінен бұрын жүректері елжіреп, сағынған, көруге құштар екі анасы – Ұлжан мен Зере. «Абай, Абай келді!», – деген айғай-шу. Асыға басып, абдырап, сүйінші сұраған қыз-қырқын, жеңгейлер. Тал шыбықтарды тай етіп мініп, ерсілі-қарсылы шапқылаған Оспан бастаған балалар дауысын естіп шыққан Ұлжанның кезек-кезек шөпілдетіп, сүйіп жатқан әйелдерге: «Баламыздың бетінен сүйетін жер де қалдырмадыңдар-ау!» – деген лебізінің өзі Сәбираның айтуында майда қоңыр музыка сазындай естілетін. Сол бір жай ғана салмақпен, күлімсірей қараған жүзінен ұлына деген сағынышын да, аналық махаббатын да айқын аңғартатын. Осы арада шешесін байқап қалған Абай шаттанып анасының құшағына жүгіре басып енгенде Ұлжан – Майқанова сабырлы қалыппен білдіріп, жылы үнімен, алдымен әкесі Құнанбайға амандасу керектігін айтып баласына жөн сілтейтін. «Майқанова Ұлжанды ұстамды, ақылды, мейірімді етіп суреттейді. Оның бойынан ірілік пен кішіпейілділік бірдей сезілетін. Бірақ актриса Ұлжанның нағыз мәні – адамгершілік деген түсінікте бейнеледі. Майқанованың байсалды қимыл-қозғалыстары, ақылды да мейірімге толы көзқарастары Ұлжан жанының нәзіктігін, ниетінің адалдығын білдіріп отырды. Актриса Ұлжанның бұл мінездерін жалпы қазақ әйеліне тән төзімділіктен асырған жоқ. Қайта, Майқанова Ұлжанның даналығымен, шыдамдылығымен Құнанбайдың жүгенсіз қаталдығын басып отыратынын сездіреді. [1,131-132бб.]. 
Оқиға өзгеріп, өрістеп жылдар өтіп жатыр. Енді бір қалыпта тұруға болмайды. Ұлжанның бет-жүзі де, дене бітімі де өзгеруі керек. Абай ер жетіп келеді. Шешесінің де жасы ұлғаюы тиіс. Енді актриса әр көрініс сайын гримдерді өзгертіп отыруы керек деп шешті. Бірнеше рет грим салу қиындық туғызса да өте мұқият ұқыптылықпен өзгертіп, шашының әрбір талына қосылған ағы мен бетіне түскен әжім сызықтарына дейін көрініс сайын қосып, өзгертіп отыратын. Қыс қыстауында, жаз жайлауында киетін киімдерін де әдемі, жұмсақ, жағымды түстерден киіп, ауыс­тырып тұрды. [2]. (Қолжазба: Аналар тұлғасы, әрқайсысының мінез-құлқы). Ұлжан – С.Майқанова Абайдың анасының тұлғасын тереңдікпен жасау үшін осындай әрекеттерге барды.
Қойылым барысындағы тағы бір көрініс: Қодардың өлімін көріп, адам төзгісіз жағдайдың жанында болып, ауырып жатқан Абайдың көңілін сұрай келген Жиреншеге Ұлжан – Сәбира «Шырағым-ай, несіне ертіп апардың, жас қой. Шошынар демедің бе?» – деген екі-ақ ауыз сөзге азғантай ғана диалогқа көп мән беріп, астарлайтын еді. Баланың басы ауырып, балтыры сыздар деген қауіп емес, ойлағаны Абайдың бұл сұмдықты көріп, ширыға түсіп, әкесі еткен зұлымдықты сезіну арқылы неге барып соғарын ойлап отырған тереңдігін аңғартатын.
Құнанбай қажыға баратын көріністе Абай әкесіне Аспахан, Абадан, тағы басқа бірнеше қалаларды үсті-үстіне айтып, ұқтырып, қағаз бетіне түсіріп беріп жатқанда Ұлжан – Сәбираның жүзінен ерінің Меккеге бару сапарына деген қуанышымен бірге, ұлының осынша дүниені біліп қалғанына шаттанып сүйінішін жасыра алмай, ана жүрегі мерей тұтқан шүкіршілігі аралас мақтаныш лебі байқалатын.
Жұт жылындағы көріністе Абаймен бірге күйініп, қарт әжесі! «Қақсатпасын, жылатпасын мына елді!», – деп күйінішін білдіргенде суыққа тоңып, ел қайғысына үнсіз ортақтаса барын беріп, қамқорлық ететін. 
Сәбира Майқанованың өмірі мен тұрмыс-тіршілігінде енесі Қанипаның орны ерекше. Театрдағы жұмыстарын алаңдамай атқаруы енесінің арқасы еді. Тірлік қамы, төрт баланы бағып қағу, барлық үй шар­уасы сол кісінің мойынында. Енесінің жасаған жақсылығын ешқашан ұмыта алмайды. Жоғарыда айтылған ене мен келін арасындағы көріністің шынайы шығуына оның себі тигені анық.
Оқиға барысында Қозының күркесі тігілген тау шыңында Баян Қодарда кеткен малын қуып, қол бастап бара жатқанда алдынан Қозы шыға келеді, Баян сөйлесе келе өзі ес біле бастағаннан іздеген серігі Қозы екенін біліп, көңілі алабұртып, бірден оянған махаббатқа мас болғандай тасты құшып жатқан қызға Мақпал – Сәбира: «Арда емгенімнен айырғалы тұрған кім едің, қалқам?» – деп сұрақ қойғанда бүкіл денем дір ете қалатын. Үнінде қимастықпен бірге елден, жерден айырылып, жалғызсыраған жанның мұңы қоса естілетін. Артынан Баян екенімді біліп, құшағын жая ұмтылған Мақпал – Сәбираның ыстық та, мейірімді ана құшағын сезгенімді айтып жеткізу қиын», – деп жазады актриса Махпуза Байзақова өз естелігінде [3,114 б.].
Одан әрі Баян Мақпалмен Қозы бейіті басында кездесетін. «Жүрші құлыным, қосыңа. Айықшы көргеніңнен», – деп екі қолын жайып, жасқа толы сынық жүзімен Баянды бауырына басып тұрғандағы көрініс көрерменді еріксіз елітіп әкететін. Осындай лирико-трагедиялық сарында өз бояуын тапқан мұңды Мақпал рөлі актриса жасаған ана образдарының ішіндегі ұмытылмас дүние еді. Дәл осы көріністі актриса Ф.Шәріпова – Баян былай деп еске алады: «Есімде қалған бір сәт ең соңғы Баянның Қозы өлген соң мола басына келгендегі монологы. Бүкіл қойылымның нүкте қояр жері осы тұс Сонда маған күш-қуат берген екі ғажайып актрисаның құдіретін айтпақпын. Бейіт басындағы қос анаға Баян: «Күңіренген қос ана! Қос кеудеңді тағы бір иіскетші», – деп екеуін құшақтаймын. Сондағы есім кете таңқалғаным қос алып актрисаның жер қайыстырып, бар болмысымен, жан-тәнімен солқылдап жылауы... Мен өмір мен өнерге қалтқысыз берілгендікті көрдім. Бұл менің тұңғыш алған сабағым, нәрім. Еліктегім, жеткім келді, өмір бойы талпындым осынау бір шынайы шындыққа», – деген жүрек жарды лебізінде ұлы актрисаның өнеріне табынушылықты, таза талант алдында тізе бүгуді байқауға болады. Адал да, ақ жүрек актрисаның ойыны үнемі шынайы болары хақ. Ниеті таза адал да, еңбекқор актер образға еніп, сахнада өмір сүреді. Екі актрисаның (М.Байзақова, Ф.Шәріпова) лебіздерінен аналық қасиеттің құдіретін сезінгендікті байқау қиын емес. Бұл С.Майқанованың сахнадағы жеке-дара аналық қасиеті. 
Актрисаға: «Сіз сахнада аналар образын көп жасайсыз, ана бейнесін өмірге келтіру сізге өте оңай тиетін шығар», – деген сұрақтар көптеп қойылады. «Егер анадан ананың айырмашылығы болмаса актриса болып не керек?», – деп жауап береді сахна шебері. Ол ойнаған аналар бейнесінің бәрі халық аузында аңыз болған асыл адамдардың анасы. Актриса үшін бұл кескін емес, өмірдегі Сәбираның өзі болып есептеледі. «Мәселен, ана образын алайық. Онда балаға деген мейірімді көрсету керек. Егер сен алдыңдағы сәбиге өз нәрестеңдей мейіріммен, жүрек жылуымен қарай алмасаң көрерменді иландыру мүмкін емес» [2], – деген мағлұмат береді үлкен өнер иесі. «Өнер деген киелі нәрсе, соны мықтап ұғынбаған жан өзін босқа қинайды. Ондайда кеудеңді қанша кергенмен бопсалығың ашылып қалады. Мен кереметпін, қолым биікке жетті, жұрт менімен енді теңдесіп алсын», – деп лепіретіндерден шынайы талант шықпақ емес... Нағыз таланттың қасиеті – қарапайымдылық. Ол қашан да өмірмен өзектес, тағдырлас жан. Өнерде де, өмірде де, адал адам ғана көздеген биігіне шығады. Әрбір рөлге тазалықпен бармасаң, жүрегіңнің арымен кіріспесең, ол рөлдің шықпайтынын ерте түсінгеніме қуаныштымын». Бұл үлкен өнер иесінің өсиеті. 
С.Майқанова талай аналар бейнесін жасады. Барлығы дерлік көрермен жүрегінен орын алды. Солардың ішінде өте сәтті шыққан рөлдерінің тағы біреуі классик жазушы Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» (1956 ж.) атты тарихи трагедиясындағы Шоқанның анасы – Зейнеп. Ол сахналаған өзге рөлдеріне ұқсамайтын, дара тұлғалы рөл еді. «Сәбира Майқанованың бейнелеуінде Шыңғыстан әлдеқайда мықты әрі ірі болып шыққан. Ол өзін отбасының тірегіндей сезінуі сахналық әрекеттің негізі. Оның маңғаз да салмақты отыруы, үстіндегі сәнді киімі де, байсалды үні де, Зейнептің ешкімнен именбейтін мінезін танытқандай әсер қалдырады. Зейнептің Шоқанға деген аналық сезімі де актриса ойынында айқын көрінген. Шоқанның басын сипап, кеудесіне басып тұратын қысқа көріністе Зейнеп – Майқанова ананың жан толқынысын, баласының тағдырын ойлап, тебірене күйзелген сәтін жақсы көрсетеді» [1,304 б.]. Зейнеп сұлу да, сымбатты, өзі кербез, ақылды да тәкаппар, реті келсе Шыңғысқа айтқанын істете алатын мықты, мығым бәйбіше болып шыққан. Ол бұл қалпын Ресейдегі генерал-губернатор Гасфордтың үйінде қонақта болғанда өздерін әлдеқайда өркениетті санайтын Еуропалық ханымдар мен мырзалар арасында да сақтай біледі. Үстіне қызыл күрең зерлі барқыт бешпетін киіп, басында төгілген оқалы кимешегі, айналасына керіле, паңдана қарап тұрғанында хан Шыңғыстың ханшасы атанған келбетіне көз тойғандай еді. Ағасы Шорманның арқасында бұдан бұрын да талай рет орыс қауымының ортасында болып, олардың сән-салтанаттарына қанығып өскенін айқын танытып тұр. Гасфортпен амандасқанда өзге қазақтардай иіліп, жығылып, құлдық ұрып жатпай, бойын тәкаппар тік ұстайды. Қасындағы басқа ауылдастарының оқыс мінез, артық қимыл-қозғалыстарын жаратпай тұрғанын қас-қабағымен, көзінің қиығымен білдіреді. Зейнептің ұлына деген аналық сезімі де актрисаның ойынында айқын көрінген. Шоқанға: «Балам, өз туысыңды кемітпей сөйле», – дегенде бірер ауыз диалогқа көп мән бере сөйлейді. Ол Зейнептің намысқой өзімшілдігін өз халқына деген жанашырлығын білдіреді. Сәбира – Зейнеп ойынында сырт көзге күлкі болмайық, надандығымызды ешкім сезбесін деген лебіздерді зілмен, ызғарлы өңмен, суық сөзбен ғана жеткізетін.
Талантты актердің жасаған бейнесі көз алдында салынған суреттей жазылып қалатыны сияқты, Зейнеп ананың ерекше бейнесін көрермен ұмыта алмайды. Актриса Зейнеп рөліне алғашқы дайындық жүргізген күннен бастап әдемі сөйлеп, әсем жүріп-тұру, тіпті жан-жағына көз тастау барлығы басқа аналардан өзгеше болуға тиіс – деп шешкен. Шыққан тегі ақсүйек тұқымы, келін болып түскен жері Шыңғыстай ханның елі. Солай бола тұрса да, Сәбираның сомдауындағы Зейнеп кішіпейіл дархан ана. Шоқандай ұл тапқан ананың сырт пішіні мен ішкі жан-дүниесін табу актрисаға оңайға соқпады. Зейнеп бейнесін биікке жеткізу үшін бар мүмкіндігін аяған жоқ.
Сәбит Мұқанов зайыбы Мәриям апай екеуі әрбір қойылым сайын келіп ойынды тамашалайтын. «Қанша жыл жүріп, қанша рет қойылса, сонша рет көрдік қой» – деп отыратынды Мәриям апай. Сәбит ағай Нұрмұқанның Шоқанына риза болғаны соншалық, туған баласындай жақсы көріп кетті» [4], – деп Б.Римова өз хатында есіне алады. Бұл ұлы суреткердің өз шығармасына, актерлер қауымына көрсетілген үлкен құрметі. Ол уақытта әр қойылымға Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндер көздерінің тірісінде жұбын жазбай келетін. Сол жайсаң жандардың бәрінің үйінен дәм таттым, «Айналайын Сәбира таланты жақсы, өсіп келеді» – деген сөздерін есітіп қанаттандым» – деп Сәбира апайдың өзі де, ұлы өнер иелерінен естіген жылы сөздерін мақтанышпен айтып отыратын болған. Қойылым дайындау барысындағы қолтаңбаларын көкірегіне сақтап ақыл-кеңестерін тыңдады. Осы ғұмырында Сәбира сусындаған университет, артист үшін үлкен мектеп, үлгі-өнеге еді. «Мұқаңның өзі репетицияға қатысып отыратын. Ондай емес былай ғой – деп нұсқау беретін. Қалай сөйлеу керек екеніне дейін түсіндіретін. Қай саладан болсын осыншама білімді қалай қай уақытта жүріп меңгерген» – деп артистер тамсанатын [2]. Актриса М.Әуезов шарапатының қаншалықты маңызды болғанын сөз етеді.
Ұлттық драматургиямыздың осындай небір күрделі образдарын жасауда С.Майқанованың актерлік шеберлігі тайға таңба басқандай танылып тұрады. Қазақ әдебиетінің классигі заңғар жазушы М.Әуезовтің «Қарагөзіндегі» (1963 жыл. Реж. А.Мадиевский). Мөржан қайталанбайтын образдардың бірі. Бір рулы елді билеген бәйбіше Мөржан – Сәбира қатал замандағы халықтың ортасынан кесек шыққан, жан баласы жүзіне тура қарай алмайтын айбынды ана. Б.Құндақбайұлы: «Мөржан кескін-келбеті өте суық, қимыл-қозғалысы да ауыр, сөзі өктем, түксиген қабағы ашылмайтын қатал жан болып бейнеленген» [5, 133 б.], – деп сахнадағы образды дәл суреттейді. Нәресте күнінен бауырына басып асыраған сұлу Қарагөздің теңі Наршадай мырза, байдың ұлы. Ал сал Сырым ағайындары саналады. Жеті атаға толмай қыз алысу Мөржан үшін өліммен тең. Ол сүйекке түскен таңба болмас үшін Мөржан екі ғашықтың қосылуына қарсы. Қатал жүрегі мұндай сұмдыққа төзе алмайды. Қаталдығы сол «Табанын тіліп құл қылыңдар, босағаға байлап тастаңдар!» – дейді адуынды бәйбіше көтеріңкі дауыспен.
 Енді актриса қаһарлы, қатігез, Мөржан болуым керек деп шешті. Сахнада Қарагөзге титтей де мейірім жасаған жоқ. Сәл босаса жібі үзіліп кететіндей. Қойылым барысында актрисаның дауыс ырғағы мен үн құдіретінің қаншалықты қадір-қасиетінің барлығы Мөржан образында аңғарылатын. С.Майқанованың айтқан сөз, басқан қадамына дейін шынайы да табиғилығымен әсерлі болатын. Сәбира сомдаған Мөржан – билік айтқан тәкаппар, ақылды, өте қатал мінезді, айтқанын екі етпей орындататын нағыз адуынды бәйбіше болып шыққан. «Семіз бәйбіше баяу басып сахнаға шыққанда төңірек су сепкендей тына қалады» [1, 288 б.]. Ол сөйлемей жатып, сахнаға келгенде-ақ қалың көрермен ду қол шапалақтап, актрисаның жүріс-тұрысының өзіне разы болады. «Мен ол кісімен бірге Қарагөзді бейнеледім. Актрисаның жоғары деңгейдегі шеберлігінің арқасында қойылым көпшілік көңілінен шығып отыратын. Ол партнер ретінде Мөржан болып әсер етіп, Қаракөз рөліндегі маған үлкен рух беретін. Тіпті отты көздерімен алара қарағанда жанымды қоярға жер таппай, бойымды қорқыныш билейтін. Жас кезімнен Сәбира Майқанова, Рахия Қойшыбаевалар аса құрметтейтін, таланттарына бас иген актрисаларым болды. Екеуі де ана рөлдерін бар жан-жүректерімен керемет тебірене ойнайтын. Туған анамдай қамқорлық жасап, ақылын айтып, актерлік шеберліктің қыр-сырын үйрететін» (З.Шәріповамен сұхбат. 22.02.2002 ж.) – деп көз көрген әріптесі Зәмзәгүл Шәріпова туматалант жайындағы ой-толғаныстарын осылай білдіреді. 
1981 жылы аталған театрдың сахнасында М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы Әзірбайжан Мәмбетовтің режиссурасымен қайта қойылғанда да ұлттық нақышта шешіліп, спектакль кейіпкерлері жас актерлермен толықтырылды. Сәбира Майқановаға Мөржан рөлі тағы да сеніп тапсырылды. Актриса семіз бәйбіше образында мінезі ауыр, қимыл-қозғалысы маңғаз, тәкаппарлығы басым, сөзін астарлап, ойланып асықпай сөйлейтін, барынша қатал, ойып түсетін адуынды бәйбіше етіп кестелегенін Б.Құндақбайұлы өз талдауында жазады.
 Ш.Айтматовтың республика театрларында көрсетілген көптеген шығармаларының ішінде қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театры қойған «Ана – Жер ана» (1964) сахналық жүйесі ерекше орын алады. Автордың «Құс жолы» (қырғызша «Саманшы жолы») повесінің желісі бойынша Львов Анохин жасаған инсценировканы Қалтай Мұқамеджанов тез арада тамаша, әрі мазмұнды аударды. Қоюшы режиссері Ә.Мәмбетов, суретшісі А.Ненашев, музыкасын жазған Ғазиза Жұбанова және барша актерлер жұмылып, ерекше дайындықпен, жанын сала іске кірісті. Толғанай рөлі Сәбира Майқанова мен Фарида Шәріповаға берілген. Енді актрисаға дамыл тауып отыру жоқ. Қуанышынан гөрі қайғысы мол соғыстың қасіретті кезеңдеріндегі ел күрсінісі мен қайғысына ортақтасқан Толғанай рөлі ауыр сезімдерге құрылған. Басында күрделі рөлді меңгеру актрисаға өте ауыр тиген. Рөлге дайындықты қалай бастарын білмей ұзақ жүрді. Режиссер С.Майқановамен жұмыс істеуді доғарды. Тек жас актриса Ф.Шәріповамен көп уақытын өткізетін. Спектакль қолға алынғаннан бері театрдың ішінде үлкен мереке болып жатқандай күй орнаған. Күндіз-түні дайындық. Инсценировканың оқиғасы қызықты, әрі мағыналы болғандықтан актерлер де ыждағатпен дайындыққа жұмыла кірісті.
Сәбира апай толығымен шабытына енген. Бұрынғы ойнаған аналардың рөлі үлкен кейіпкерлерге салынған жол іспетті. Бүкіл ойы, өмірі Толғанай деп ұққан. Ерен еңбегі еш кеткен жоқ, керісінше жана түсті. Осы сәтті профессор Ә.Сығай: «Толғанайды жер тарпыған тұлпардай дүбірлетіп толғайды-ау кеп, қайран біздің Сәбира апа! Сілтесін қарашы, көсілуін бақшы сабазыңның. Темперамент. Дыхание. Вдохновение. Топырақтың дәл өзінен өніп шыққан хас талантың осы» [6, 143 б.] – деп тамсана жазады. Туматалант актрисаның ерекшелігі деген осы. Міне актриса жасаған Толғанай үлкен ізденіспен, қажырлы еңбекпен келген.
Сахнадан шашын қырау шалған ана көрінді. Кең дала, бидай сабақтарымен көмкерілген егісті алқап. Қатігез тағдыр-тауқыметі әбден қажытқан. Ол өзінің көкірегіндегі шерін, мұң-зарын Жер-анаға айтып, шағынып тұр. Толғанай ананың шейіт кеткендері көп. Жаны бірге, жар жұбы – Сыбанқұл, өркендері – Қасым, Майсалбек пен Жайнақ. Отан үшін шайқаста оты ерте өшкен арыстар. Төрт бірдей арыс ана жүрегін күйдіріп, мұңға батырады. Азалы Толғанай Жер-анаға қайғы-қасіретін жеткізіп тұр. Осы бір көрініске кеудесін жара күрсінбеген көрермен болған жоқ. Ана жүрегінің осы бір зілзала ауыр қасіретін бірге көтеріседі олар. Шебер актер әрдайым көрермен сезімін осылай баурап, толғандыратын болар.
Алғашқы сахналарда Толғанай – Сәбираның бойынан анаға тән әсемдік қасиетті байқаймыз. Тағынған ақ орамалы жарасым тауып, күлімдеп жастық шағын еске алады. Жүзінде ерекше нұр ойнайтындай. Әлі еш тауқымет басына түспеген Толғанайды балалары мен жары Сыбанқұл қасында уайымсыз жүрген үй шаруасының ұйытқысы ретінде танимыз. 
Оқиға күрделенген сайын Толғанай – Сәбираның көңіл-күйі күрт төмендеп, өзгеріп сала береді. Шашы ағарған, қабағы шытылып, әбден шаршаған, шалдыққан күйде ол сұм соғысқа тісін қайрап, отты көздерінің қиығымен алысқа көз тігеді. Ел қамын ойлаған, еңбекқор ананың жанарынан қырағылық пен үрейді қабат көреміз. Енді не болар екен? – деген сұрақ үнемі дамыл таптырмай, титықтатып барады. Қанша қиындық көрсе де мойымауға бел буған. Тіпті менмендігі де жоқ емес. Сенің қиянат қайғыңа көне қоймаспын, Соғыс! – деп қайтпас қайсарлық танытады.
Сыбанқұлды майданға аттандыратын сәті, үлкен ұлы Қасым мен жұбайы Сыбанқұлдың қазасын естірту кезіндегі Толғанайдың жан азабын С.Майқанова көрермен қауымға сол табиғи қалпында әсерлі етіп жеткізді. 
– Атыңнан түс Толғанай, мұндайда жаяулатып, аттан түсіп жүрмесе болмайды дегенде-ақ, бір жамандықтың болғанын жүрегі сезгендей. Түймесі ағытулы, күпәйкесі алқам-салқам болып, салы орамалы қобырап кеткен актрисаның үлкен ойлы көздері мұңға толып, даусы қалтырап – Ол не дегеніңіз? Мынауыңызға түсініп тұрған жоқпын – деп жүре сөйлеп, бей-жай күй кешеді. Тәлтіректеп, шалға қарай аяғын әрең басады. Бір сәтке есінен айырылғандай үнсіз тұрып қалып, не істедім енді? Ендігі өмірім не болады? – деген трагедиялық көңіл-күйді бет-әлпетінен айқын аңғартатын. Бұған қоса музыканың азалы үні естілгенде бар дүние күңіреніп, азан-қазан болатын. Дәл осы сәтте көрермен актрисамен бірге қайғырып, жылап отыратын. «Біз Толғанайдың өзегін өртеген қайғысына, Жер-анаға ақтарған мұң-сырына үнемі ортақтасып отырамыз» [7]. Қасірет шеккен сәттердің бәрі актердің өз басына дәл осы минутта өтіп жатқандай әсер еткенін аңғартатын пікірлер баспасөз бетінде өте көп жазылды.
С.Майқанова қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі өткен онкүндігіне 1964 жылы гастрольдік сапармен барғанда, Кремльдің театр сахнасында Толғанай рөлін сомдады. Қалың жұртшылық Толғанайдың толысқан бейнесіне ризашылығын білдірді. Толғанай ананың тұла бойымен түсірілген бейне суреті бірнеше күн бойы орталық көшелерде ілулі тұрды. Бұл үлкен өнерге, оны ойнаушы актерлерге деген разылық белгісі, алғыс нышаны. Толғанай бейнесі актрисаның шығармашылық шыңы болып саналады. Осы қойылым сахнаға шыққан күннен бастап басылым беттерінде, ақпарат құралдарында талай дуалы ауыз мамандар ұжымның өнердегі табысы ретінде бағалап, ой топшылауларын, лебіздерін білдірді. Сондай зерделі пікірдің бірін «Ана – Жер-ана» мақаласында Борис Львов-Анохин айтқан. «Қазақтардың қойған спектаклі біздің сахналауымызға мүлдем ұқсамайды. Мұның өзі назар аударуға тұрарлық жәйт. Ш.Айтматовтың повесі жан тебірентерлік, сахналық нақты шығармаға айналды. Толғанайдың қиын, әрі күрделі бейнесін С.Майқанова трагедиялық негізде сенімді, әрі көтеріңкі көңіл-күйде алып шыққан. Оның жуан, қоңыр дауысында бейбітшілік ісін қорғаушы, балаларын қолынан жұлып алып бара жатқан сұм соғысқа қарсы тұрған ананың жан-жарасының сыздауы мен ашу-ызасының сарыны бар. Ананың монологы, күрсінісі, наразылығы тым әсерлі, әсіресе оның жаңа жиналған дәннен сол мезетте пісірілген таба нанды қастерлеп, аса бір мейіріммен бетіне басатын сәті адамның жан-дүниесін қозғайды» [8, 145-146], – жеп жазғанды. Театр маманы Б.Львов-Анохин өзінің сахнадағы қойылымымен қазақ театрының табысты жұмысына баға беріп, салыстыра отырып ой түйеді. Режиссер мен суретші жұмыстарын бағалай отырып, Толғанай кейпіндегі актрисаның шеберлігін, оның бейнені сомдау барысындағы көңіл-күйін дөп басады. Сәбираның Толғанайы қасірет шеге жүріп, қайраттанады. Адамзаттың асыл анасына айналады. Барынша шынайылықпен рөлге енген ол оқиғаны басынан өткеріп, бейнелеп емес, сол Сәбираның өзі соғыс зардабынан бағы тайып, қара жамылған күллі жесір-жетімнің жиынтық тұлғасына айналғанды. Қарапайым әйелдің бітім-болмысымен бүкіл ел басына түскен қасіреттен, тағдыр тауқыметінен морт кетпей, керісінше қинала жүріп жігерленіп, шыңдала түседі. Бұл үшін актриса өзінің қиын-қыстау күн кешкен жылдарын, яғни өткен өмірін зердесінен өткізіп, сарапқа салады. Өзіне таныс, замандас аналар тағдырын ой елегінен өткізді. Адам төзгісіз қасіретті жылдарында қайта өмір кешкендей болады. Шерлі шындықпен астасып жатқандықтан да Толғанай тұлғасы елдің, адамзаттың анасындай биік тұғырға көтерілген. Бұл рөлде ешқандай да жасандылық жоқ. Барлығын актриса шынайы өмірден, басынан өткен қатал тағдырдың парақтарынан алып отыр. Сондықтан да халық Сәбира өнеріне сенеді. Бірге күрсініп, бірге қабырғасы қайысады. Көрермен Толғанаймен бірге соғыс кезіндегі зұлматты оқиғаларды басынан өткереді. Мұндағы адамдық тамаша қасиет, елге туған жерге, отанға деген махаббат, асқан сүйіспеншілік, аналық нәзік сезім адам жанын тебірентпей қоймайды. Өйткені образ трагедиялық шыңына жетті. Өзін Толғанай сезінді. Жарынан, балаларынан айырылған мұңлық соғыстың бар зардабын мойынымен көтерген. Қара қағазды алған сайын, еті өлген көнбіс ананың жылай-жылай жасы құрғаған Толғанайдың мұңлы көздерінде қайғы тұнып тұр. Жанарындағы сұм соғысқа деген лағнетін жақтырмай, жиіркене, жирене қараған оқты көздері арқылы білдіреді. Жо-жоқ, балаларын тартып алып, қатал тағдыр сағын сындырмақшы. Отан үшін, ел үшін қан төгіп жатқан балаларының әруағы разы болсын деп, белі бүгілсе де қайыспай жүрген қайсар ананы сомдайды актриса.
Бұл рөл үлкен қиындықпен келген дүние болғандықтан мәңгі есте қалады. «Ана – Жер ана» қойылымы отыз жыл бойы сахна төрінен түскен жоқ. Актрисамен бірге ширек ғасыр өмір сүрді. Көрермен де ұлы өнерпаздың ойынын көруден жалыққан жоқ. Толғанайды көптеген жылдар бойы ойнағанымен, әр қойылымға алғаш рет шығып отырғандай тың, аса жауапкершілікпен, монологтарды қайта-қайта еске түсіріп даярлықпен келетін. Өйткені ол рөлдің кірпігіне кірбің түсіргісі келмейді. «Толғанайды мен рөлім демеймін, өзімнің тағдырым, өзімнің күйзелісім, өзімнің қуанышым деп есептеймін», – дейді актриса. Осы біраз ғана лебіздің өзінде қаншама астарлы сыр жатыр. Өз рөліне деген махаббат пен құрмет болмайынша тамаша образ жасалуы мүмкін емес. 
Иә, Толғанай бейнесі актрисаның бағын ашты. Ш.Айтматов: «Айтсам мақтанғандай болмайын. Жазылуында жетіспеушіліктер болған шығар. Қазір жазсам басқаша жазар едім. Бірақ менің ойымды Майқанова толықтырды», – деп актрисаның зор талантын мойындаған. Осы сөз актрисаның шығармашылық өміріне шуағын шашып, қанат бітірді. Толғанай рөлі арқылы актерлік өнердің биік шыңына көтерілді.
Сырлы суреткер өнері көрерменнің қиялын тербеп, ой үстіне ой тудырады. Саф өнерді қолға қондыру әркімнің қолынан келе бермесі анық. Оған барынша тазалық, адамгершілік темірдей төзімділік керек. С.Майқанова  өмірін театрға арнады. Бар өнерін халқына сарқып берді. Ол бірде ақылшы абыздай, бірде аңқау адал, бірде жаны сұлу жайсаң жасампаз, енді бірде шыдамсыз күйгелек, актриса қамтымаған мінез-құлық қалмаған. Трагедия, комедия, драма қай жанрда болсын актрисаның оң жамбасына келе қалатыны оның шеберлік диапазонының кеңдігін әшкерелеп, нағыз жүйрік екенін дәлелдеп тұр. Адамның жан-дүниесі мен психологиясын бір кісідей-ақ зерттеді, зерделеді. Сан түрлі бітім-болмысқа еніп, әр көрген сайын әрқалай тамсандырып, тереңіне тартып әкетеді. Ол өмірде де, сахнада да – ана. 1932 жылы қабылданып, бар өмірін арнап, адал қызмет еткен Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының да анасы атанды. Еңбегі еленіп Қазақстан (1958) және КСРО (1970) халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1967) құрметті атағына ие болды.

Мәншүк ТАШИМОВА
М.О.Әуезов атындағы 
Әдебиет және 
өнер институты Театр және кино бөлімінің ғылыми қызметкері, театртанушы

 

Пайдаланған әдебиеттер: 
1.Қазақ театрының тарихы ІІ том. – Алматы: Ғылым, 1978. – 430 б.
2.С.Майқанованың қолжазбасы.
3.Байзақова М. Өнердегі өмір. – Алматы: Жалын. – 1977. – 137 б.
4.Б.Римова Самародок сары алтын // Қазақ әдебитеті 1994. – 4 ақпан №5.
5.Құндақбайұлы Б. Мұхтар Әуезов және театр. – Алматы: Ғылым. – 1997. – 248 б.
6.Сығай Ә. Театр тағылымы. – Алматы: Парасат. – 203. – 320 б.
7.Тоғысбаев Б. «Ана – Жер-ана» // Социалистік Қазақстан. – 06.03.1966 ж.
8.Бел-белестер. – Алматы: Өнер. – 1987. – 288 б.

820 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз