• Заманхат
  • 30 Сәуір, 2024

Ғылым – ел мен қоғам игілігі үшін

Ғылым күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелер сөз болды. Жиынға әр саладағы жетекші ғалымдар, ғылыми-зерттеу ұйымдарының басшылары, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, академик Асқар Жұмаділдаев, Қазақстан Республикасы Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закария, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасы, академик Ахметқал Медеу, Назарбаев университеті жанындағы «National Laboratory Astana» ғылыми мекемесінің бас директоры, профессор Дос Сарбасов және тағы басқа ғалымдар қатысты. 
 

 

Президент ең алдымен жиналған қауымды Ғылым күнімен құттықтап, ғалымдарға деген жылы лебізін жеткізді. Ғылым күні ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келуіне байланысты халқымыздың біртуар перзентінің биылғы мерейтойын атап өту мәселесіне тоқталды. 125 жылдық мерейтой аясында ғалымға шынайы құрмет көрсету арқылы елімізде білім-ғылым культін қалыптастыру жолында маңызды қадам жасалмақ. «Біз «ғылым» туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімі ойға оралады. Бұл – заңдылық. Ең бастысы, еліміз Сәтбаев салған сара жолды жалғастыруы қажет» деп атап өтті Президент. 
Қазіргі уақытта елімізде табиғи апатқа байланысты күрделі ахуал қалыптасып отырғаны белгілі. Мемлекет басшысы ең алдымен осы жағдайға қысқаша тоқталып өтті. Көптеген елді мекенді қарғын су басып жатыр. Президент тапсырмасына орай Үкімет барлық қажетті шараларды жүргізуде. Су басқан өңірлердегі халыққа бүкіл ел болып жәрдем беріліп жатыр. Ең бастысы, елдің амандығы екені анық. Жалпы, мұндай тосын құбылыстар бүкіл әлемде табиғи үйлесімнің бұзылуы, жаһандық климаттың өзгеруі секілді катаклизмдерге байланысты жиілеп кетті. 
«Бұл бүкіл адамзатқа төніп тұрған өте үлкен қатер. Сондықтан мұндай апаттардың алдын алып, азаматтардың амандығын қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Ғылым – бұл міндетті іске асырудың бірден-бір жолы. Әсіресе, елімізде болып жатқан су тасқыны кезінде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы айқын сезіліп отыр» деді Президент. Расымен де, ғылым академия­сы қоғамдық ұйымға айналып, ғылыми қызметке сұраныс азайған жылдары қоғам мен мемлекеттің көптеген саласында олқылықтар орын алғаны шындық. Аса маңызды шешімдердің көпшілігі ғылыми зерттеулерге негізделмей, соңы олқылыққа ұрындырды. Су тасқыны, орман өрті осыны айқын аңғартты. Мәселен, 1990 жылдары ғылым саласында 40 мың ғалым болса, қазіргі уақытта олардың саны 20 мыңның төңірегінде. Көптеген ғылыми-зерттеу институттары қысқарып, сақталып қалғандары мүшкіл хал кешті. Президент өз сөзінде: «Шынын айту керек, еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алдық. Осының салдары енді көрініп жатыр. Біз еліміздің ғылыми әлеуетін қалпына келтіруіміз керек» деп, кемшіліктерді жоюдың уақыты келгенін, жиын барысында ғалымдар тарапынан айтылған ұтымды ұсыныстар міндетті түрде ескерілетінін жеткізді. 
Осы ретте отандық ғылымның әлеуеті мен мәртебесін көтеру жұмыстары жолға қойылып келе жатқаны көпшілікке белгілі. Атап айтқанда, Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Былтыр ғылымға үш жылдың ішінде 625 миллиард теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Ғалымдардың жалақысы екі есе көбейді. Озық ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын қалыптастыруға қомақты қаржы бөлініп жатыр. Докторантурада оқуға арналған білім гранттарының саны артты. Ғалымдарға әлемнің озық ғылыми орталықтарында тәжірибеден өту үшін зор мүмкіндік беріліп отыр. Жас зерттеушілерді қолдау шаралары күшейтілді. Соның нәтижесінде ғылыммен айналысып жүрген жастардың саны көбейіп келеді. Ұлттық ғылым академиясы жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылып, жастардың бастамалары мен идеяларына жол ашылды. 
«Мемлекет ғалымдарға, сарап­шыларға, ел экономикасына жаңашылдық әкелетін мамандарға зор үміт артады. Оларға айрықша миссия жүктеледі. Сол үшін де ғылыми әлеуетімізді нығайта береміз. Барлық салаға инновациялық тәсілдер енгізу үшін қолайлы жағдай жасаймыз» дей келе, Президент аса маңызды бірнеше мәселені атап көрсетті. Олар: 
1.Ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану. Аса маңызды шешімдер тиісті ғылыми қорытынды негізінде қабылдануға тиіс. Президент маман тапшылығы жөнінде айта келіп, Тараз гидромелиоративтік-құрылыс инс­титуты қайта қалпына келтірілетінін мәлім етті. Сондай-ақ, Сейсмология институтына қатысты іс-шаралар жүргізіліп, қаржы бөлінеді. Жауапты министрліктер энергетикалық апат, эпидемия, қуаңшылықты болжау және оның алдын алу мәселесін, әкімдіктер аймақтарды дамыту бағдарламаларын ғылыми қауымдастықпен бірлесе отырып қарастыратын болады. Бұл жұмысқа гидрология, климатология, география, инженерия және өзге де сала мамандары тартылады. 
«Мемлекеттік органдар барлық істе, ең алдымен, сапалы ғылыми қорытындыға сүйенуі керек. Бұл – өте маңызды міндет. Шешімдер әбден пысықталып, нақты негізделіп барып, қабылдануға тиіс. Талдау жүргізіп, ахуалды болжау үшін ғалымдардың қолында, зерттеу орталықтарында қажетті құрал-жабдықтар болуға тиіс» деп атап көрсетті Қ.Тоқаев. 
 Соңғы жылдары әлемде табиғи және техногендік апаттардың саны күрт көбейді. Жаһандық индустрия­ландыру мен урбанизация үдерісі климаттың өзгеруіне тікелей әсер етіп отыр. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналды. 2026 жылы БҰҰ аясында Қазақстанда өтетін Аймақтық климат саммитінде мұздықтардың еруі, өзендер мен көлдердің таяздануы, шөлейттену, жердің тозуы сияқты проблемалар көтеріледі. Еліміз саммитке дайындықты бастап кетті. 
Ғылым экономиканың қарқынды дамуына септігін тигізуге тиіс. Экономиканы әртараптандыру жөнінде көптен бері айтылып келе жатқанымен, ел бюджеті әлі де толықтай дерлік шикізат экспортына тәуелді. Президент Үкіметке экономиканың жаңа моделін құру міндетін жүктей отырып, бұл іске ғылыми институттар мен университеттердің ресурстарын жұмылдыруды тапсырды. Ғылым ел дамуының стратегиялық мақсаттары мен экономиканың қажеттіліктеріне қызмет етуге тиіс. Ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізу процесіне назар аударылатын болады. 
2.Жасанды интеллектіні жедел дамыту. Өткен жыл жасанды интеллектінің әлемді дүр сілкіндірген жылы болды. Бұл салада күн сайын елді елең еткізетін жаңалықтар болып жатыр. ЖИ адам еңбегін алмастыруға кірісті. Нейрожелілерді қолданушылар саны күн сайын көбеюде. Бұл үрдістен Қазақстан да тыс қала алмайды. Қазір Үкімет Жасанды интеллектіні дамыту стратегиясын және Цифрлық кодексті әзірлеп жатыр. Жасанды интеллектіні дамытатын тиісті институттар құрылады. Жақын арада елімізде күрделі ғылыми міндеттерді шешу және қолданбалы жобаларды жүзеге асыруға арналған суперкомпьютерлер іске қосылады. ЖИ саласында маман даярлау ісіне баса назар аударылады. 
3.Университет ғылымын және ғылыми инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне баса назар аудару. Университеттер тек білім беріп қана қоймай, ғылыми орталықтарға айналуы керек. Ол үшін ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру, өндіріс орындарымен тұрақты байланыс­ты жолға қою, ЖОО қызметкерлері арасында ғылыми атағы бар мамандардың үлесін арттыру секілді күрделі міндеттер тұр. Президент кадр даярлауды бакалавриаттан бастау керектігін айтып, университет ғылымында қордаланған мәселелерді шешу бойынша құзырлы министрлікке нақты шара қабылдауды тапсырды. Алдағы уақытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті үшін жаңа ғимараттар салынады. Басқа да жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту қолға алынады. Әсіресе, Президенттің ғылыми мекемелерді заманауи зертханалармен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы ғалымдардың көңілінен шығатыны сөзсіз. 
4.Ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту. Ғылыми кадрларды даярлау ісін жолға қоймайынша, ғылымнан нәтиже күту бекершілік. Сапалы кадр болғанда ғана ғылым сапалы болады. Әсіресе жас ғалымдар – кез келген ғылымның тірегі. Президент жас ғалымдарды жан-жақты қолдауға шақырды. «Жыл сайын жас ғалымдарға байқаулар арқылы берілетін гранттың қаржы көлемін арттыру керек. Сондай-ақ ғалымдарға докторантурадан кейін шетелде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беру қажет. Олардың зерттеу жұмысымен алаңсыз айналысуына жағдай жасау керек. Ғалымдар лайықты стипендия алуға тиіс» деді Қ.Тоқаев. Осы ретте білікті мамандарды іріктеу, даярлау және олардың ғылым саласында қалуына жағдай жасау тапсырылды. Докторантураға қатысты мәселе тыңғылықты зерделеніп, ахуалды түзеу үшін қажетті шара қабылданатын болады.
Қазіргі таңда «жасыл» энергетика, климаттың өзгеруі, су ресурстарын үнемдеу салаларындағы кадрларға сұраныс артып келеді. Осыған байланыс­ты еліміздің жетекші жоғары оқу орындары экономикамыздың басым салалары үшін ғалымдар мен білікті мамандарды жедел даярлауға мән беруге тиіс. Президент инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың ұлттық моделін әзірлеуді тапсырды.
Жалпы соңғы бірер жыл көлемінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен ғылым саласында елеулі өзгерістер болып, ғылымға баса мән беріле бастады. Президент ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық екенін үнемі айтып келеді. Жуырда Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында да осы мәселе қозғалды. Қазір Парламентте талқыланып жатқан «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы да ғылымның дамуына зор серпін берері сөзсіз. Бұл маңызды құжатты ғылыми қауымдастық үлкен үмітпен күтіп отыр. 
«Біз тұтас қоғам болып ғылымды жан-жақты насихаттауға күш салуымыз керек. Ғылымға қызығушылықты мектептен бастап оятқан жөн. Тұтас қоғам болып ғылым-білімді дәріптеуіміз керек» деді Қ.Тоқаев. Бұл жұмысқа мектеп мұғалімдері, ЖОО оқытушылары, ғалымдар, сондай-ақ БАҚ құралдары белсене қатысуға тиіс. Ғылыми ағартушылық жүйелі, кешенді іс-шаралар атқаруды қажет етеді. Әсіресе, қазақ тіліндегі ғылыми контенттің сапасы мен көлемін арттыру қазіргі маңызды міндеттердің бірі. 
Президент Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысындағы сөзін қорыта келе, ғылымның игілігін бүкіл ел көруге тиіс екендігін айтты.
«Ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады. Ғылымсыз ел құрдымға кетеді. Ал ғылымы озық ел кез келген дағдарысты еңсере алады. Ғылым өркендесе, экономика да өркендейді. Яғни, халықтың әл-ауқаты артады. Түптеп келгенде, ғылым азаматтардың тұрмысын сапалы, болашағын жарқын етуге тиіс. «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» боламыз десек, осы мақсатты жүзеге асыруымыз керек». 
Мемлекет басшысы елімізде көп жыл бойы қордаланған мәселе көп екенін ашық айтып, қиындықты бірлесе еңсеруге шақырды. Шынында да, қазір ел алдында тұрған кезек күттірмес ауқымды міндеттер шешімін табуы үшін ғалымдар қауымы, азаматтық қоғам және билік органдары бірлесе күш-жігер салуға тиіс. Бұл ретте озық ойлы ғылыми қауымдастыққа зор жауапкершілік жүктеледі. 

Дина Халық

***

Тақырыпқа орай, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Вице-президенті және гуманитарлық ғылымдар мектебінің ғылым жөніндегі вице-деканы Дос Сарбасовтың және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесі Президимуының мүшесі Бейбіт Әбдікеновтың Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте жасаған баяндамаларын ұсынуды жөн көрдік (келесі бетте). 

 

 Кәкен Қамзин, филология ғылымдарының докторы: 

Ғылыми бәсекелестіктен қалыс қалмайық

Ғылым мен білім беру саласы – жанды организм, эволюциялық үдерістің жемісі. Өтпелі мәжіліс, дуылдаған жиналыс емес. Ғылым мен білім саласындағы жедел ілгерілеушілік, инновациялық тренд көрнекті тұлғалардың, мықты ғылыми мектептердің арқасында жүзеге асады. Сондықтан, болашағынан үміт күттірер жас ғалымдарды аты танымал оқымыстылардың айналасына топтастырған жөн. 
Біз осы ретте гуманитарлық ғылым бағыттарын шетке қақпауға тиіспіз. Адамгерлік ғылым ұлттық дүниетанымды қалыптастырады, мемлекетіміздің рухани қауіпсіздігін нығайтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысындағы сөзінде зертханалар жасақтау жөнінде атап айтуы тегін емес. Масс-медиа контентін (жанрлық тұрпатын) үлгілеумен-модельдеумен көп жыл бойы айналысу барысында, модельдеу-үлгілеу математика, архитектура, химия, физика, астрономия, психология және т.б. пәндермен тығыз байланысты екеніне көзім әбден жетті. Яғни дәл қазір туындыгерлік пен технологиялық модернизация егіз. Сондықтан біздің университеттегі тоқсан жылдық тарихы бар журналистика факультетінде ақпарат кеңістігін жаңа сипатта зерттеуге қауқарлы арнайы ғылыми орталықтар, зертханалар ашу қажеттілігі еш күмән туғызбайды. Біз сонда ғана Батыстың да, Шығыстың алдына шығамыз, теориялық тұжырымдарды көшірмелеуден бойымызды аулақ саламыз. Өз ұстанымымызды басқа жұртқа үлгі ретінде ұсына аламыз. Заманалы ақпараттық технология қазір кез келген тілдегі ғылыми жаңалықтармен жылдам танысуға мүмкіндік беріп отыр, басқаша айтқанда, қазақ тілінде жарияға шыққан айрықша дүниеңізді француз, араб, қытай, ағылшын тілдес зерттеушілер қиналмай оқи алады. Демек, ғылыми бәсекелестік алғы күндері тіптен өрши түседі. Біз осы жағдайды қатты ескеруіміз керек. 
 

1923 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз