• Заманхат
  • 01 Сәуір, 2024

Бөлекбаев оқулары

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз, профессор Сағади Бөлекбаевты еске алуған арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Бөлекбаев оқулары аясында өткізілген басқосу тақырыбы «Шығыс өркениеті: Тарих. Мәдениет. Тіл» деп аталды. Аталған алқалы жиын республика көлемінде тұңғыш рет ұйымдасытырылды. 
Іс-шара мақсаты – шығыстану ғылымының өзекті мәселелерін, шығыс елдерінің қазіргі тарих, экономика, саясат, тіл саласындағы мәселелерін қарастыру және ғалым Бөлекбаев Сағади Байұзақұлының ғылымға қосқан үлесі, тұлғалық қасиеттерін зерделеу. Жиынға Қазақстан Республикасы ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, студенттер және профессор С.Б.Бөлекбаевтың отбасы мүшелері қатысты. 
 Саяси ғылымдар академиясының және заң ғылымдары академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Сағади Бөлекбаев көзі тірісінде еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұлттық сарапшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесшісі, Мәдениет министрлігі дін істері комитетінің сарапшылық кеңесінің мүшесі, Алматы қаласы ақпараттық-талдау орталығының мүшесі, Философия және саясаттану институтының ғылыми жобалар жөніндегі сарапшысы қызметтерін атқарған. Сонымен қатар «Мәдениеттер диалогы» ақпараттық-сараптамалық журналында бас редактор, Ресейдің «СОТИС» федералды ғылыми-практикалық журналының редакциялық алқасының мүшесі болған. Ғалымның мақалалары Польша, Нидерланды, Ресей, Украина, Молдова, Өзбекстан, Түркменстан және Қырғызстанның ғылыми басылымдарында жарияланған. 
Дөңгелек үстелді университеттің ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры, профессор М.Оспанова ашты. Өзінің алғы сөзінде профессор С.Бөлекбаев мұрасының бірегейлігін, тұлға ретіндегі мейірбандық пен зерделіліктің таңғажайып үйлесімін ерекше атап өтті. Шығыстану факультетінің деканы, саяси ғылымдар кандидаты, профессор Э.Қағазбаева қайраткер тұлғаның еңбектеріне тоқталып, жиынның отандық ғылым мен білімді дамытудағы маңызына назар аударды. 
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры А.Наурызбаева, профессор С.Нұрмұратов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мәдениеттану және дінтану кафедрасының профессоры З.Исмағамбетова, Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қонаев колледжінің директоры Р.Бөлекбаева және т.б. ғалым мұрасының маңызды тұстарын тілге тиек етіп, естеліктерімен бөліссе, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ғалымдары Р.Бөлекбаева, К.Байсұлтанова, Ж.Есеркепова, Д.Сайкенева пайымды пікірлерін ортаға салды. 
Дөңгелек үстел жұмысына онлайн форматта қатысқан Қазақстан-Неміс университетінің доценті, философия ғылымының кандидаты Г.Мямешева Сағади Байұзақұлының түркі өркениетінің әлемдік мәдениетте алатын орны мен рөліне заманауи көзқарас тұрғысынан баға берген ғылыми еңбектеріне тоқталып, мазмұнды баяндама жасады. 
Сонымен қатар дөңгелек үстел аясында көрме ұйымдастырылып, онда ғалымның кітаптары, шығармашылық еңбектері мен марапаттары ұсынылды.
Республикалық дөңгелек үстел жұмысын қорытындылаған профессор Д.Раев ғалым мұрасын зерттеуді жалғастырудың, шығыс өркениетінің ашылмаған сырларына бойлаудың маңыздылығын атай отырып, шараға қатысушыларға алғысын білдірді. 

Мадина ОМАРОВА,
Жанар ЕСЕРКЕПОВА 
Абылай хан атындағы ҚХҚжӘТУ 
шығыстану факультетінің доценттері
 

110 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз