• Заманхат
  • 01 Сәуір, 2024

ДАНАЛЫҚТЫҢ ЖОЛЫ

Жанат ДӘУЛЕТБЕКОВА,

Қазақстан-Британ техникалық университетінің профессоры,

педагогика ғылымдарының докторы

 

Ыбырай Алтынсарин атындағы Педагогика ғылымдарының ғылыми-зерттеу институты (қазіргі Ұлттық білім академиясы) өткен ғасырдың соңғы онжылдығы мен ХХІ ғасырдың басында Тәуелсіз еліміздің білім беру жүйесін түбірімен жаңартқан, ұлттық дәстүрлерді сақтай отырып, өркениетке жетудің іргелі тұғырларын бекіткен бірден-бір іргелі ұйым болды. 
Сол институтқа директор болып тағайындалған білікті маман, кемеңгер ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор Немеребай Нұрахметовтың бастамасымен көп өзгерістер жүзеге асырылды. Жинақылықты, дәлдікті ұстанатын Н.Нұрахметов институттың жұмысын ілгерілетуге қатысты барлық іске батыл кірісіп, ең әуелі институт қызметін заманға лайық жүргізудің тұғырнамасын анықтап алуды көздеді. 
Ғылыми мекемеге артылған сенім үдесінен шығуы үшін оның ішкі ғылыми әлеуетін көтеру қажеттігін түсініп, сол кездегі Педагогикалық ғылымдар академиясы «Оқытудың мазмұны мен әдістері» деп аталатын институтының Алматыдағы филиалын қосып алып, ірілендірді. Мекемені «Қазақтың білім проблемалары институты» деп қайта құрды. 
Институт құрамындағы зерт­хана­лардың саны мен сапасы оның мәр­тебесі мен құрылымына, аты мен затына сай болуына ден қойылды. Н.Нұрахметов басшылық еткен жылдары ғылыми-­педагогикалық бағытта қаншама ау­қымды істер атқарылды. Жалпы, және орта білім беруді түбегейлі жаңартудың ғылыми-әдістемелік негіздері қаланып, заманға лайық ізденіс өріс алды. 
Директор келелі іске республикадағы білікті ғалымдарды, тәжірибелі мұғалім­дерді жұмылдыра білді. Оның тікелей жетекшілігімен ел тарихында тұңғыш рет жалпы білім беретін мектептерді дамыту тұжырымдамасы, білім берудің мемлекеттік стандарттары жасалды, орта мектептердің жаңа базистік оқу жоспары түзілді. Егемен еліміздің ұлттық мектеп тұжырымдамасы бекітілді. Ұлттық мектеп моделі өмірге келді. Осындай қабырғалы істерге тәжірибесі мол, көргені көп, кемеліне келген ғалымдар да, тәуелсіздік рухымен қуаттанған жас толқын ізденушілер сүбелі үлес қосты. 
Жасыратыны жоқ, сол жылдары күнкөріс қиын болды. Сондықтан талай мамандар материалдық жағдайын жақсартудың жолын қарастырып, институттан кеткен жағдайлар да болды. Бірақ қолға алынған іргелі істі жалғастыруға тәуекел еткендердің қатарында мақаламның басты кейіпкері Данагүл Мақажанқызы Қазақбаева да бар еді. Ол тынбай іздене жүріп, білім мен ғылымның қат-қабат шаруаларына құлшына кірісіп кетті. Педагогика ғылымының сырына қанықты. Еңбек­қорлығының арқасында жалпыадамзаттық игіліктердің ішіндегі өз ұлтының даралығын айқындайтын мәйекті негіздерді таныды. Сол танымы атына заты сай, жүзінен нұры төгілген, жібек мінезді Данагүлдің шешімді пікірлерінен, білігінен бірден байқалып тұратын-ды. 
Ғалымның бойындағы тектіліктің тамыры оны тағылым бесігінде тербеткен отбасынан дарыған. Сөз өнерінің қайнарынан сусындатқан атасы Қазақбайдың, он саусағынан өнер тамған әжесі Мүгүлсіннің берген тәрбиесі бабалар жолын жалғаған болса, Данагүлдің ізгілік әлемінің өзегі ата-анасының шексіз мейірімі мен махаббатынан бастау алып жатыр. 
Ардақты әкесі Көксай ауылының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, талай елдік істердің ұйытқысы болған жан. Азаматтығының айқын бір көрінісі – ата-анасының сөзін екі етпейтін, перзенттік парызына адал қалпынан танбауы. Осындай берекесі жарасқан отбасында тәрбиеленген ұл-қыздарының барлығы да адам игілігіне қызмет ететін кәсіби мамандық түрлерін таңдапты: мұғалім, дәрігер, өнер саласы, табиғаттың арашашысы. Мұғалім мамандығын өміріне серік еткен апалы-сіңлілі үш қыздың бірі – Данагүл.
Әрине, кез келген жасөспірімнің болашағын таңдауында мектептің, оның ішінде пән мұғалімінің ықпалы мол. Данагүл алдымен, өз ауылындағы «Ақжар» сегізжылдық мектебінде, кейін Күләш әпкесі тұратын Кербұлақ ауданындағы «Жоламан» орта мектебінде оқыды. Осы мектепте сабақ берген физика пәнінің мұғалімі Зейнолла Аитов есімді ұстаздың кәсіби шеберлігі, өз пәніне деген шексіз сүйіспеншілігі шәкірттерінің жүрегінде жаратылыстанудың құпияларын тануға деген қызығушылығын оятты. «Өзі де өте мәдениетті, ерекше бір жақсы адам еді. Жалпы, оқушының қай пәнді болса да, жақсы көріп оқуы сол пәнді оқытатын ұстазға көп байланысты ғой. Менің педагогикалық жоғары оқу орнына оқуға түсерде физиканы таңдауыма осы ұстазымның берген білімі тікелей ықпал етті...» деп еске алады Данагүл. 
1970 жылдары кеңес заманының талабы бойынша ауыл мектебін бітірген жастар кемінде бір-екі жыл туған жерінің шаруашылық ерекшеліктеріне қарай еңбек тәжірибесін меңгеріп, жоғары білім алуы тиіс болатын. Данагүл де мектеп бітірген соң, өзге замандастары секілді ауылында механизаторлық курста оқып, бір жыл тракторды тізгіндепті. Бірақ арманы мен аңсары оны Талдықорған қаласындағы педагогикалық институттың физика факультетіне алып келді. Білім іргетасы берік қыз емтихандардан сүрінбей өтіп, студент қатарына қосылды. Жаңадан ашылған білім ошағындағы кілең жас мамандардың бойындағы өршілдік, өз істеріне деген сүйіспеншілік, жауапкершілік пен ізденімпаздық студенттердің де бойына от, жүректеріне шоқ берді. 
Қыз жүрегінің түкпірінде қызыққа толы студенттік шақ деп аталатын өмір көктемінде бүр жарған талай армандар болды. Бірақ Данагүл ғұмыры өзі армандағаннан да бақытты, өзі болжағаннан да баянды һәм жемісті болатынын ол кезде білген жоқ-ты. Әлбетте, Жаратушының күрмеулі сәтте сындарлы шешім жасай алатындарды қолдайтынын, оларға келісімпаздар мен көнбістерге қарағанда мол нәсібе, асқақ абырой, биік бедел дарытатынын кейінірек сезінді. 
1978 жылы көктемде пединститут түлектері үшін үлкен еңбек жолына аттанатын шақ келді. «Жастықта алған білімің тасқа қашалған жазумен тең» дейді қасиетті хадисте. Албырт көңілді алаңдатқан жастықтың қызығынан гөрі білімнің сырына бойлауға құмарлығы басым түскен Данагүл Талдықорған педагогикалық инс­титутын қызыл дипломмен тәмамдады. Сол кездің шарты бойынша үздік диплом иелері болашақ жұмыс орнын өзі таңдауға құқылы болды. Институттағы ұстаздары оған Ақын Сара ауылындағы (Жансүгіров ауылы) мектепке баруды ұсынды. Өйткені ол мектеп пединституттың эксперименттік базасы болатын. Ұстаздары талантты шәкірттерімен алдағы уақытта тәжірибелік жұмыстарды бірге жасайтынын айтып үгіттеді. 
Осы шешуші сәтте Данагүлдің көңілі өзінің туған ауылына баруды қалады. Бұл қалау оның тек кәсіби жолын ғана емес, бүкіл ғұмырына бетбұрыс жасаған, бақытына бастаған ең ұтымды таңдау боларын бойжеткен қыз ол кезде сезбеді. Жетісу аймағында саусақпен санарлық қана қазақ мектебінде мұғалім болуға шешім қабылдады. Сөйтіп, Кербұлақ ауданындағы үлкен білім ордасы – «Қарашоқы» орта мектебіне орналасты. Екі тілді бірдей жетік меңгерген ол қазақ, орыс сыныптарына физикадан сабақ берді. Бітіруші түлектерге сынып жетекшісі болды. Қызығы мен шыжығы итжығыс түсіп жататын алғашқы жылдың сан түрлі сынағынан сүрінбей өтті. 
Мектепте балаға білім мен тәрбие беруде мұғалімнің кәсіби білігі ғана емес, адамгершілік қасиеттерінің ерекше рөл атқаратынын шәкірт кезінде көкейіне тоқып өскен жас маман алдындағы оқушыларын өзара құрметке баулыды, өмірдегі басты құндылық – адами қасиеттерден бастау алатынын өз әрекеттерімен сезіндіруді мұрат етті. Отбасында алған текті тәрбие ендігі жерде кәсіби ортадағы жоғары жауапкершілікпен толықты. Оның бойындағы табиғи сыпайылық, нәзік сезімталдық, батыл шешімділік бір-бірімен үйлесіп, оған деген әріптестерінің де құрметін арттырды. Солардың ішінде осы мектепке бір жыл бұрын жолдамамен келген жас жігіт, математикадан сабақ беретін Нестай да бар еді. Олардың әріптес ретіндегі сыйластығы бірте-бірте шынайы махаббатқа ұласты. Келер жылы олар қол ұстасып, болашақ өмірге бірге жол тартты.
«Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа» дегендей, қанаттаса қызмет ете жүріп, жары Нестайдың бойындағы ғылымға бейімділікті таныды. Көп ұзамай ол жұбайына қалаға барып, білімін одан әрі жалғастыруы, ғылыммен айналысуы қажет екенін айтты. Бұл Данагүл үшін әрі тосын сый болды, әрі өмірлік серігінің мәрт мінезін таныған, азаматының қай кезде де өзіне сүйеу болатынына сенімін арттырған ерекше ұсыныс болып еді. Сонымен бірге осы кезде олар өздерінің болашақ сәбиін күтіп жүрген аса бір бақытты кезең болатын. Сөйтіп, қыздары бір жасқа толғанда Алматыға көшіп келді.
Нестай қалаға келген бетте оны Мәскеудегі бұрынғы кеңес одағының Педагогикалық ғылымдар академиясы Оқытудың мазмұны мен әдістері ғылыми-зерттеу институтының қазақ филиалына ертіп апарды. Байқауда жас маманның бойындағы зерттеушілік қабілетті таныған мекеме басшылығы оны бірден жұмысқа қабылдады. 
Еліміз егемендігін алып, кеңес одағындағы Педагогикалық ғылымдар академиясының қазақ филиалы Ы.Алтынсарин атындағы Педагогика ғылымдары ғылыми-зерттеу институтына қосылған кезі де осы уақыт болатын. Бұл үлкен өзгеріс оның ғылым жолын жаңа әрі өміршең бағытқа бұрды. Мәскеуде бекітілген кандидаттық жұмысының тақырыбы пәнаралық байланыс бойынша бекіген еді. Институт директоры Немеребай Нұрахметовтың қырағы көзі қаршадай қыздың бойындағы қаршығадай алғырлықты, тереңдікті, тектілікті жазбай таныды. Оған кандидаттық диссертациясында физика пәнінің білім мазмұнын зерттеу нысаны етіп алуды аманаттады. Егемен елдің жаңа тұрпатты ұлттық мектебіндегі оқу пәндерінің білім мазмұнын анықтау аса өзекті болып тұрған осынау сын кезеңде ең күрделі әрі аса өзекті проблема боп тұрған физика пәнінің мазмұнын анықтау мәселесімен айналысуды директор Данагүлге сеніп тапсырды. Өзіне артылған мұндай сенім жас зерттеушінің бойына жігер құйды. Ол пән мазмұнын таңдау мен оның құрылымын түзудің принциптері мен критерийлерін анықтау бойынша зерттеу жұмысына белсене кірісті. Өзге пәндер бойынша жаңа білім мазмұнын зерделеп жүрген институттағы әріптестерімен бірге талай жиналыстарда жаңа заман талабына лайық білім мазмұнын анықтауға қатысты өз ойларын ортаға салды, тұжырымдарын көптің талқысына салды, құнды пікірлерімен, іргелі ойларымен бөлісіп, жас болса да биік беделге ие болды. 
Осы жылдарда Қазақ бiлiм мәселелері институтында «Жаратылыстану-математика пәндерін оқытудың мазмұны мен әдістері», «Үздіксіз білім мазмұны мен стандарттары» зертханалары құрылып, онда «Оқыту қазақ тілінде жүргізілетін мектептердегі оқытудың мазмұны мен әдістерін жетілдіру», «Жалпы орта білім беру тұжырымдамасын жүзеге асырудың теориялық, эксперименттік-педагогикалық шарттары», «Физиканы оқытудың мазмұнын, әдістері мен формаларын жаңартудың ғылыми-әдістемелік негіздері», «Физикадан ОӘК жасауға қойылатын талаптар жиынтығын айқындау» және т.б. тақырыптар бойынша жүргізілген зерттеу жұмыстарына Данагүл белсене атсалысты. 
Зерттеу нәтижелері Жалпы орта білім беру тұжырымдамасы, Базистік оқу жоспары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттары, жалпы орта білім беретін мектептегі барлық пәндер бойынша жаңа оқу бағдарламалары, жаңа буын оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерде (ОӘК) және т.б. еңбектерде көрініс тапты. Стандартта берілген базалық білім мазмұны жалпы білім беретін мектепке арналған байқау оқулықтарында жүйеленіп берілді. Бұл оқулықтар эксперимент мектептерінде тәжірибелік байқаудан өткізіліп, кезең-кезеңмен рес­публикадағы барлық мектептердің оқыту үдерісіне енгізілді. Олардың өңделген үшінші, төртінші басылымдары жаңартылған мазмұндағы оқулықтарға дейін «Атамұра», «Мектеп» баспаларынан жарыққа шығып отырды.
Данагүл Қазақбаева көп жылғы ізденістерінің нәтижесін ғылыми-концептуалдық, әдістемелік тұрғыдан жинақтап, 1998 жылы «Жалпы білім беретін негізгі мектептің физика курсының базалық мазмұны және оны оқытудың әдістемесі» (13.00.02 – Физиканы оқытудың теориясы мен әдістемесі) тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Осы зерттеуде алынған ғылыми-әдістемелік нәтижелер, анықталған базалық мазмұн 7-9 сыныптардың «Физика» пәні бойынша егемен еліміздің алғашқы төл оқулықтарынан бастап, бүгінгі қолданыстағы оқулықтардың мазмұнында және пәннің оқу-әдістемелік кешенінде жүзеге асырылып келеді. Бұл – кез келген ғалым армандайтындай орайын тапқан оңтайлы қадам, ақиқатқа айналған асқақ аңсар, қолайы келген құтты қадам еді. Елге адал қызмет етіп, жеткіншек ұрпаққа заман талабына сай білім беруде аянбай еңбек етуге мүмкіндік берген тағдырдың сыйы деп санайды ғалым осы кезеңдерді еске алғанда...
Көп ұзамай кеше ғана өздері ғылыми негіздеген жаңа тұрпатты мектеп моделі отандық білім беру жүйесіндегі түбегейлі өзгеріске ұйытқы болды. Мектеп оқушылары жоғары сыныптарда болашақта өзі таңдаған мамандықтарға сай білім беретін бағдарлы мектеп талабы бойынша оқуға мүмкіндік алды. Аты да, заты да жаңа үдерістің өмірге берік енуі үшін Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ бiлiм академиясында «Бағдарлы мектеп және қашықтан оқыту» зертханасы ашылды. Институт әкімшілігі ойласа келе осы зертхананың меңгерушілігіне Данагүл Мұқажанқызын тағайындады. 
Сол кездері Данагүлдің тікелей жетек­шілігімен бағдарлы оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздерін анықтап, оны жүзеге асырудың алгоритмін түзіп, республи­камыздың барлық аймақтарына іс-­сапармен барып, семинарлар өткізіп, бағдарлы оқытуды ұйымдастырудың жолдарын түсіндірді. Мемлекеттік маңызы зор бұл ауқымды әрі аса күрделі іс-шаралар мектептің жоғары сатысында оқытудың жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарын жүзеге асыруға жол ашты. Сонымен қатар зертханада сол кезде алғаш қолға алынып жатқан қашықтан оқыту мәселесін жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл қазіргі таңда қоғамның барлық саласында, әсіресе, білім беру саласында кең қолданыс тауып отырған «online» оқытудың алғашқы бастамасы болды. Міне, осы атқарылған жұмыстар еліміздің білім беру саясатын жүзеге асырудағы аса жауапты істің абыроймен орындалуына ғалым Д.Қазақбаева қосқан өлшеусіз үлесі деп бағалау ләзім. 
Ғылыми қызметкерлердің сол уақыттағы диссертациялық зерттеу жұмыстарының тақырыптары да, алынған ғылыми-әдістемелік нәтижелері де біздің республикамызда жүргізіліп жатқан зерттеулермен байланысты болды. 2010 жылдың желтоқсанында Данагүл Мұқажанқызы 13.00.01 – Жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика мамандығы бойынша «Мектепте жаратылыс-ғылыми білім беруді дамытудың теориясы мен практикасы» тақырыбында дайындалған докторлық диссертациясын қорғады. Ғалым тұжырымдары тәуелсіз елдің болашағын қалыптастыруға ұзақ жылдар бойы қалтқысыз қызмет етуде. Заман талабына сәйкес мектеп оқушыларының сапалы білімі мен саналы тәрбие алуының алуан түрлі көкейкесті мәселелері педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Данагүл Мұқажанқызы Қазақбаеваның ой көрігінде шыңдалып, ұзын саны 200-дей жарияланымда жарық көріп, отандық ғылымның жаңа белестерге жетуіне ықпал еткені сөзсіз. Бірақ «ұлық болсаң, кішік бол» дейтін бабалар қағидатын ұстанатын шынайы ғалымдардың әдетімен Данагүл де еткен еңбегін, сіңірген үлесін ұлттық ғылымға қосқан мысқалдай ғана парызым деп санайды. Бәлкім, оның даналығы да, гүлдей сүйкімділігі мен күндей нұрлылығы да сонда болса керек. 

130 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз