• Ел мұраты
  • 01 Сәуір, 2024

ЕЖЕЛГІ ҚАЛА ҚАЙ ЕЛГЕ ТИЕСІЛІ?

Төреғали ТӘШЕНОВ, «Aqiqat»

Ғылымдағы талас-тартыс жарты ғасырдан бері жалғасуда 

 

Әлемге әйгілі Ұлы Жібек жолындағы түркі мемлекетінің астанасы болған Баласағұн қаласы жер астында қалғандықтан, оның орналасқан жерін дәл анықтау, сырын ашу ғалымдар үшін әлі күнге өте қиынға соғып тұр. Ғылымдағы талас-тартыс, Баласағұн дауы жарты ғасырдан бері тоқтамауда. Дауласып жүрген – қазақ пен қырғыз. Шу өзені екі елге де ортақ. Қырғыз ғалымдары оны Тоқмақ қаласы маңында орналасқан ежелгі Бұрана мұнарасы тұрған жер деп есептейді. Бұдан мың жыл бұрынғы ежелгі қаладан Қырғызстанда қалған делінетін жалғыз белгі – биіктігі 24 метрлік осы мұнара ғана. Қараханидтер дәуірінен қалған ескерткіш. Оның бастапқы биіктігі 50 метрге дейін жеткен дейді. Бізге аман жеткені әлгіндей. Басына айналма баспалдақпен шығуға болады. Оның Бұрана (кей жерде Бурана) деп аталуы «мұнара» сөзінің бұрмаланған түрі делініп жүр. Бұл жер музей-қорыққа айналып, ежелгі Баласағұн қаласының орны ретінде ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілген. 
   Ал қазақ ғалымдары ежелгі Баласағұн қаласы Қазақстанның Жамбыл облысы Шу ауданында орналасқан Ақтөбе қалашығының орнында болған дегенді дәлелдеумен келеді. Қазақстандағы бұл жер де ежелгі Баласағұн қаласының орны ретінде ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілген. Ал қайсысы дұрыс, дәлелдеп көріңіз. 
– Біздің ауылымыз ресми түрде Ақсу деп аталғанымен, Баласағұн атымен танымал. Себебі, Шу ауданындағы Ақсу ауылының маңында ежелгі Баласағұн (Ақтөбе) қаласының көне жұрты орналасқан. 
Бізге бұл қала құм, саз, топырақ басқан үлкенді-кішілі төбе күйінде жеткен. Дегенмен, байыптап қарасаңыз, шынында да бұл маң кезінде өте ірі шаһардың шекарасы болғанын жай көзбен-ақ байқай аласыз. 
Анам Бәтиманың айтуынша, сол көне қалашық Ақтөбенің маңына шапқыншылық заманда біреулер қырық есекпен алтын әкеп көміпті дейді. Анама мұны жастау кезінде 80-дегі бір шал айтыпты. Ол шал бала кезінде жасы 80-дегі басқа бір шалдан естіген екен. Ол алтын сақталған жердің картасы Қытайда біреудің қолында сақталған дегенді естіп, осы жақтан біреулер іздеп барса, картасы бар шал қайтыс болып кеткен екен, ал картаны ешкім таппаған. Осы қырық есекке жүк болған алтын қазіргі Ақсу су қоймасының астында қалып қойған дейді білгіштер. Бәлкім бұл шындық, бәлкім жай ғана аңыз шығар, кім білсін, – дейді бұрын осы Ақсу ауылының әкімі болып қызмет еткен Нұрым Сейдахметұлы ақсақал бір аңыздың шетін шығарып. Аңыздың аты – аңыз, ал ғылым ақиқатты сүйеді. Аңыз ақиқатқа жетелесе игі. 
Ауылдың аты, жоғарыда айт­қанымыздай, ресми түрде Ақсу аталса да, ел ішінде Баласағұн деп аталады екен. Қазір төбешік болып жатқан ежелгі қаланың орнын Ақсу өзені қоршай ағып жатыр. Тау жақ бетіндегі, астында көмілген алтын қалған дейтұғын Ақсу су қоймасы қол созым жерде орналасқан. Төменгі жақта Тасөткел су қоймасы бар. Жақын маңда әйгілі Шу өзені жөңкіп ағады. Қазірдің өзінде нулы-сулы жер ол заманда ежелгі қаланың сәні мен мәнін арттырып, құлпырта гүлдендіргені анық. Ол тарихтың бәрі жер бетінен өшіп, үн-түнсіз төбе болып жатыр. Қарахан қағанатының батыстағы бас астанасы, Еуразия кеңістігінің ең ірі экономикалық, саяси, мәдени, ғылыми және діни орталығы болған Баласағұн шаһарының орны дәл осы төбешік дегенге сенер-сенбесіңді білмейсің. Ақтөбе басынан кең жазыққа қасқая қарап тұрып, дәл осы жерде әлемге әйгілі ғалымдар Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари тұрып, еңбектенгені, Жүсіп Баласағұнның атақты «Құтадғу Білік» («Құтты білім» ) еңбегі дүниеге келгені есіңе түскенде кеудеңді мақтаныш кернейді. Қат-қат болып қаланған кірпіштері осы күнге аман-есен жеткен қалашықтың шахристандары, цитаделі, рабады аршылып, қалпына келтіру жұмыстары жасалынған. Ежелгі кірпіш, құмыра сынықтары аяқ астында шашылып жатыр. Қырық жылдай уақыт бұрын осы ескерткіштің жанынан ҚазМУ-дің тарих факультетінің студенттерінің археологиялық базасы үшін жүз адамдық жатақхана салған екен. Осы қалашық орнын жарты ғасыр тынбай зерттеген тарих ғылымдарының докторы, профессор Уахит Шәлекеновтің келместің кемесіне мініп кеткеніне де төрт жылдың жүзі болды. Жүзге таяған жасында жалғанның жарығынан көшкен ақсақалдың арманы Баласағұнның дәл қазақ жерінде болғанын әлем ғалымдарына ресми түрде мойындату еді. Болашақта ақсақалдың ішінде кеткен арманы, зерттеулер тыңғылықты жалғаса берсе, орындалар...    
Нұрым ақсақал шын айтқан екен, жай көзбен қарап-ақ мынандай ұлан-ғайыр жазығың қазіргі Тараз шаһарынан да үлкен қала сыйып кететіндей-ақ аса кең аумақ екенін көресің. Ат шаптыратындай айнала қазылған ор бар деседі. Ал бір жағы жар, бір жағында Шу өзені ағып жатқан қырғыздың Бұрана қалашығының орны Батыс Түрік қағанатының астанасы болған алып қала сиятындай жер емес, кішкентай ауыл ғана сиятындай тар ғана қолтық. Осыдан кейін Баласағұн қазаққа тиесілі емес деп көр-дүр.
Ұлан-байтақ Еуразия аймағының мәдени һәм рухани астанасы болған Баласағұн қаласына шамамен 1130 жылдары шығыстан келген қарақытайлар шабуылдайды. 1210 жылы пұтқа табынушы қарақытайларды Мұхаммед Хорезм шахтың әскері талқандайды. Шах әскері кеткен соң қала қайта қарақытайларға қарап қалады. Сегіз жылдан кейін Баласағұнды Шыңғыс хан шауып алады. 
Отырар қаласы Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейін Әмір Темір тұсында қайта қалпына келтірілсе, Баласағұн қаласын ешкім қайта «тірілтпеген». Жалпы, Шыңғыс ханға өз еркімен берілгендіктен қала қирамаған болса керек-ті. Бірақ бізге белгісіз себептермен қала сол бойы жер астында қалған. Ислам мәдениетінің ең бір гүлденген, ірілі-ұсақты екі жүзге тарта мешіт-медресесі, көк тіреген мұнаралары, ханакалары, алтын сарайлары болған әйгілі шахар құм астында үнсіз мүлгиді.
Жалпы, Баласағұн қаласының қай жерде орналасқанын анықтаумен шығыстанушы ғалымдар ХІV ғасырдың басынан бері айналысып келеді. Зерттеулер әлі күнге дейін жалғасуда дедік. Кезінде шығыстанушы ғалымдар В.В.Бартольд, М.Тынышбаев та Баласағұнның орнын табуға ұмтылып, құр болжаммен шектелген. Бартольд ұлан-ғайыр Шу аймағынан іздеп көру керек деген. Тынышбаев дәл табар ма еді, өкінішке қарай, репрессияға ерте ілігіп, атылып кетті. Сол арада, дәл айтсақ, 1938-1939 жылдары ленинградтық ғалым Л.Н.Бернштам Қырғызстандағы Тоқмақ қаласының оңтүстiк батысында 8 шақырым қашықтықта орналасқан ортағасырлық Ақбешiм қаласының орнында кiшiгiрiм қазба жұмыстарын жүргiзiп, қолға түскен азғантай деректерге сүйенiп, Ақбешiмдi Баласағұн деп жариялап жiберді. Қырғыздар қазір әйгілі Бұрана мұнарасын осы Баласағұн қаласының орны деп көрсететінін жоғарыда айттық. Осы «сенсацияның» кесірінен Баласағұн қаласының орны Қырғызстандағы Тоқмақ маңында ма, әлде Қазақстандағы Жамбыл облысының Шу ауданындағы ортағасырлық Ақтөбе қонысында ма, деген екіұдай пікір қалыптасып, ғылыми талас әлі күнге дейін жалғасуда. 
1974 жылы Жамбыл облысының Шу ауданындағы Ақтөбе қонысын ҚазМУ-дің профессоры Уахит Шәлекенов бастаған топ арнайы қазады. Сол кезде күтпеген жерден келiп, ескерткiшпен жан-жақты танысып, оның тарихи Баласағұн қаласы екенін алғаш болжап айтқан атақты академик Әлкей Марғұлан екен. Қала орны Баласағұн екенін ары қарай ғылыми түрде дәйектеген марқұм Уахит ағамыз, 
Баласағұн қаласы ежелгі тарихи деректерде қай уақыттан бері белгілі дейтін болсақ, VІІ ғасырдың соңы мен ІХ ғасырдың басында өмір сүрген Мұхаммед Ибн-Мұса әл-Хорезм дүниежүзілік географиялық картасында Шу, Талас, Жетісу өңірлеріндегі түркі қалалары туралы сөз қозғап, оларды картаға түсірген, координаттарын белгілеген. Солардың ішінде Баласағұнды да дәл көрсеткен. Ол карта қазақ жеріндегі Ақтөбе қалашығының орнын тұспалдайды. Х ғасырдың аяғы мен ХІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген, Хорезмнен шыққан ұлы ғалым Әбу-Райхан Бируни жасаған дүние жүзінің жағрафиялық картасында Баласағұн қаласына сипаттама берілген. Х ғасырда Иерусалимде дүниеге келген ғалым Мұхаммед Ибн-Ахмед ал-Макдиси «Баласағұн халқы көп, суы мол қала. Оның төңірегінде бір-біріне жақын көлемді және тұрғындары көп қалалар орналасқан» дейді. М.Қашқари «Түрік сөздігінде» Баласағұн туралы мағлұмат бере келіп, «Арғу екі таудың арасы. Тараз (Талас) пен Баласағұн арасындағы шаһарларды «Арғу» дейді. Өйткені ол жерлер екі тау арасында жатыр» дейді.
Қарахан мемлекетінің астанасы Баласағұнда Бограхан (Бура хан. Қара Бура) билік құрған. Баласағұн тұрғындары түркі және соғды тілінде сөйлеген. Қала 1210 жылы Мұхаммед Хорезмшаһты жеңген қарақытайлықтардың қол астына қарайды. 1218 жылы Шыңғыс хан әскерлеріне қарсылықсыз беріліп, Ғабалық («Жақсы қала») деп аталады. XIV ғасырдан бастап Баласағұн қаласы өмір сүруін тоқтатқан. 
40 жыл бойы жинақ­тал­ған құнды археологиялық жәдiгерлерге сүй­енiп, ортағасырлық тарихи қала –Баласағұнның тұрған жерiн анықтап, оның орта ғасырлардағы түркi мемлекеттерiнiң әлеуметтiк-саяси, экономикалық және мәдени орталығы болғанын ғылыми түрде дәлелдеп берген адам – археолог және этнолог ғалым, профессор Уахит Шәлекенов дедік. Ғалымның «V-ХIII ғасырдағы Баласағұн қаласы» атты монографиясы бұған дейiн жазылған ғылыми еңбектерден өзіндік ізденісімен ерекшеленеді.
 Баласағұн қаласындағы қазба жұмыстары кезінде неше түрлі теңгелер табылған. Нумизматиктер Р.3.Бурнашова мен О.И.Смирнов теңгелердегі «Шу» деген жазуды әр түрлі ғылыми әдістермен толық анықтады. Осы теңгелерді талдаудың нәтижесінде Баласағұн қаласын салдырған Түркеш мемлекетіндегі хақандардың бірі Шу екендігі дәлелденді. Сонымен бірге теңгедегі «Түркеш теңір хақанның теңгесі» деген жазу Баласағұн мен Шу қалаларында Шу есімді жас хақанның билік жүргізгенін анықтай түседі. 
Тарихи деректерге сүйенсек, VIII ғасырдың I-жартысында Шу және Баласағұн қалалары Түркеш қағанатының құрамына енген. Олай болса, Шу қаласының тарихы VIII ғасырдың I жартысынан басталады деп айтуға толық ғылыми негіз бар екендігін Уахит Шәлекенов дәлелдеді. Шу қаласы 12 ғасыр өтсе де өзінің алғашқы атын сақтап келе жатқан тарихи ортағасырлық қалалардың бірі. Көне Шу қаласының тарихи қалдықтарын археологиялық тұрғыдан зерттеу — болашақтың ісі. Жалпы, Шу мен Талас өзендері бассейндері бойына орналасқан ежелгі Суяб, Аспара, Мерке, Құлан секілді қалалардың жұмбақ сыры көпшілікке әлі беймәлім. 
 Енді осы Баласағұнда дүниеге келген әйгілі Жүсіп Хас Хажыб Баласағұн жайлы аз-кем айта кетелік. Түркі дүниесінің ірі ойшылының туғанына 1000 жыл толуына байланысты 2016 жыл түркі әлемінде ТҮРКСОЙ шешімімен Жүсіп Баласағұн жылы деп жарияланғаны белгілі. Философия, математика, медицина, астрономия, астрология, өнертану, әдебиеттану, тіл білімі, тағы басқа ғылым салаларының дамуына зор үлес қосқан Жүсіп Баласағұнидің есімі әлемдік әдебиет пен мәдениет тарихында «Құтадғу білік» («Құтты білік») дастаны арқылы қалды. Жүсіп Баласағұни бұл дастанын хижра есебімен 462 жылы, қазірғі жыл санау бойынша 1070 жылда жазып бітірген. «Құтты білік» дастанын ол Қарахан әулетінен шыққан Табғаш Қара Боғраханға арнайды. Бұл үшін ақынға Хас Хаджиб (сарай министрі) атағы беріледі. Дастанның бізге жеткен үш нұсқасы бар. Біріншісі, Герат қаласындағы 1439 жылы көне ұйғыр жазуымен (қазір ол Вена қаласындағы Корольдік кітапханада сақтаулы), екіншісі, XIV ғасырдың 1-жартысында Египетте араб әрпімен (Каирдың Кедивен кітапханасы қорында) көшірілген. Ал Наманған қаласынан табылған үшінші нұсқа XII ғасырда араб әрпімен қағазға түсірілген. Бұл қолжазба Ташкенттегі Шығыстану институтының қорында сақтаулы тұр. Ғалымдар осы үш көшірме нұсканың әрқайсысына тән өзіндік ерекшеліктерді жинақтай отырып, «Құтты білік» дастанының ғылыми негізделген толық мәтінін жасап шықты. Венгер ғалымы Герман Вамбери (1832 - 1913) «Құтты біліктің» бірнеше тарауын неміс тіліне аударып, 1870 жылы Инс­брук қаласында жеке кітап етіп бастырып шығарды. Бұл шығарманы зерттеу, ғылыми мәтінін дайындау және аударма жасау ісімен орыс ғалымы В.В. Радлов (1837-1918) жиырма жыл бойы (1890-1910) айналысқан. 
Түркия ғалымдары 1942-43 жылдары «Құтты біліктің» үш нұсқасын да Ыстанбұлдан үш том кітап етіп шығарыпты. «Құтты білік» дастаны орта ғасырларда бүкіл түркі әлеміне түсінікті болған Карахан әулеті мемлекеті түріктерінің тілінде жазылған. Оны Қаримов өзбек тіліне (1971), Н.Гребнев (1971) пен С.Иванов орыс тіліне (1983), Асқар Егеубаев қазақ тіліне (1986), бір топ аудармашы ұйғыр тіліне (1984) тәржімалаған. «Құтты білік» дастаны белгілі бір мағынада елдегі Ата заң (Конс­титуция) қызметін атқарған. Әлемге әйгілі ғалымдар «Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» поэмасы – ең алғаш, ең көне, әзірше жалғыз, мұсылман идеологиясының негізінде, осы идеологияны уағыздаушы ретінде түркі тілінде жазылған шығарма» деп баға береді. 
Міне, ежелгі Баласағұн қаласының тарихы мен онда туған әлемге әйгілі Жүсіп Баласағұнның өмірі мен шығармашылығына қатысты деректер осылай сөйлейді. Ал біз сол әлемдік ғұлама ойшыл туған Баласағұн қаласының анық қазақ жерінде болғанын әлемге дәлелдей алмай әлекпіз. Шер-ағаң айтпақшы, бір кем дүние. 
Баласағұнда бүгінде кешенді зерттеу­л­ер жалғасуда. Егер ежелгі қала шекарасы түгелдей қоршауға алынып, жолдар мен ғимараттар салынса, туристер тартылып, құпиясын қойнына бүккен төбе талай тарихи сырды жайып салар ашық аспан астындағы музей болатыны сөзсіз...
 

1685 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз