• Заманхат
  • 26 Сәуір, 2013

«Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі хақында туған ойлар

Қазіргі кездегі қоғам дамуында, XXI ға­сырда, Абай шығармашылығының өміршеңдік, жасампаздық болып отырғаны айқын. Жас ұрпақты тәрбиелеуде, оның бойына ұлттық болмысты сіңіруде, әрқашан да, Абайдың өсиетнамасына тоқталамыз, сүйенеміз, пір етіп, өмірдегі шырағымыз іспеттес. Жаһандану – жалпы әлемдік саяси, экономикалық, мәдени және біртұтас ақпараттық кеңістік арқылы әлемдік өркениеттің аса маңызды өлшемдерін жалпы адамзаттық өлшемге біріктіруде. Сондықтан, әрбір ұлт өздерінің ұлттық рухани және материалдық құндылықтарын сақтап қалу үшін күресуде. Жаһанданудың өз қиындықтары мен тиімділігі де бар. Сондай тиімділіктің бастысы – ел мен елдің, мемлекет пен мемлекеттің жақындасуы. Бұндай мүмкіншіліктерге шет тілдерін үйрену арқылы қол жеткізуге болады. Шет тілдерді игеру адамның ой-өрісінің кеңеюіне, жаңа елдермен танысып, шет елдік компанияларда жұмыс істеуіне, карьерлік өсу жолына, шет елде білім алып, тәжірибе алмасуына әсер ететіндігі белгілі.


Өз заманында Абай да орыс тілін үй­ренуге шақырып, өзінің 25-ші қарасөзінде оның қажет­тілігі мен маңыздылығын баяндап кеткен. Орыс тілі сол кезеңдегі, әсіресе, көшпенді қазақ хал­қына, ең бірінші, өзінің сауаттылығын ашуға керек тіл ретінде үлкен рөл атқарғаны баршаға аян. Өйткені, орыс тілі батыс және шығыс елдердің мәдениетін, әдебиеті мен өнерін танып білуге жол салған көпірі десе болғандай еді; орыс тілінен тәржімәланған шетел ақпараттарының көп болуы; қоғамның қай саласын жете меңгергің келсе де, өз ұлтыңды әлемге паш еткің келсе де – бәрі осы орыс тілінің күшінде болды.
Абай Құнанбаевтың өзі де бірнеше тілдерді: орыс, араб-парсы, шағатай тілдерін меңгер­ген және сол тілдерден қазақ тіліне әлем әдебиетінің классик ақын-жазушыларының шығармаларын тәржімалаған. Сондай туындының бірегейі – орыстың классик ақыны М.Ю.Лермонтовтың «Горные вершины» (1840ж.) өлеңін қазақ тіліне «Қараңғы түнде тау қалғып» (1892 ж.) деп және бұл өлең бүкіл қазақ халқының төл шығармасындай боп, сүйіп тыңдайтын көп айтылып жүрген белгілі өлеңдерінің бірі болып табылады. Өлеңнің халық жүрегінен орын алғаны сонша, біреу білсе, біреу білмес, бұл өлеңнің түпнұсқасы – сонау XVII ғасырда өмір сүрген немістің классик ақыны Иоганн Вольфганг Гетенің «Über allen Gipfeln ist Ruh» өлеңі екенін, оны орыстың классик ақыны М.Ю.Лермонтов «Горные вершины» деп неміс тілінен орыс тіліне тәржімалағаны баршамызға мәлім. Осыдан-ақ мынандай тұжырымға келе­сің: қай ғасыр, қай заман болғанда да, сол ғасырдың, сол заманның көкі­регі ояу азаматтары өз ана тілінен бас­қа өзге тілдерді үйренуге, білуге және меңгеруге тырысқаны, тек қана үйреніп қоймай, оны іс жүзінде көрсете білуінде, ұрпақтан-ұрпаққа, мәңгілікке өшпестей із қалдырып, өз ұлтының мәртебесін биікке көтеріп, бүкіл әлемге паш етуінде. Көптілділіктің қажеттілігі мен маңыздылығы ерте заманнан-ақ адамзаттың білуі, түсінуі және үйренуі – тарихи шындық. Жаһандану кезеңінде, ел мен елдің, мемлекет пен мемлекеттің арасын байланыстыратын осы көптілділік саясаты – уақыт талабынан туындап отырған ең бір ұшқыр жолдың бірі десе болғандай.
Енді, немістің ұлы ақыны И.В.Гетенің «Über allen Gipfeln ist Ruh» («Қараңғы түнде тау қалғып») өлеңіне тоқтала кетейік. Бұл өлеңді 1780 жылы қыркүйектің 6-шы жұлдызында жазған. Сол тұстағы өлеңдерінің ішіндегі ең бір шоқтығы биік шығармасы десе болады, өйткені, бұл өлеңді орыстың ұлы ақыны М.Ю.Лермонтов пен қазақтың ұлы ақыны А.Құнанбаев тәржімаламас еді. Бұл – ұлылардың рухани жалғастығы және ұлыларды байланыстырып тұрған құдіретті күштің бар екенін сездіретін шығарма. И.В.Гете ақындығымен қатар, философ, жаралыстанушы және саятшылықпен де айналысқан. Сондай саятшылыққа баратын жері – шығыс Германияның Зуль округінде орналасқан Ильменау қаласына жақын Кикельхан тауының бөктері мен оның айналасындағы қалың Тюрингия орман алқабы. Ол өз өмірінде бұл өңірге 28 рет келген, бірталай өлеңдерінің шығуына себепкер болған қасиетті орын болып есептелінеді. Солардың ішіндегі туындының бірі – біз баяндап отырған «Über allen Gipfeln ist Ruh» («Қараңғы түнде тау қалғып»). Бұл өлеңді оқығанда, адам өзі табиғаттың бір тылсым құбылысына енгендей болады. Орман ішіндегі И.В.Гетенің кішігірім екі қабатты аңшы үйі күні бүгінге дейін сақталып, қазір мұражай ретінде қызмет етуде (Үй 1776 жылы салынған. «Goethehäuschen»). Жан-жақтан келетін көп туристердің назарын осы өңірдің табиғаты тартады, қызықтырады. Сонымен қатар, бұл жерде тарихи құндылықтардың көп болуы және олардың сақталуы маңызды.
Жазушы Қалмұқан Исабайдың жеке архивінен 1981 жылғы қаңтардың 1-ші жұлдызында «Қазақ әдебиеті» газетінде Алматыдағы Энергетика институтының доценті Ж.Тобаяқовтың «Абай әні – Европада» атты мақаласын көріп, оқыдым. Бұл мақалада автордың 1980 жылдың күзінде Германияда өткен симпозиумға Қазақстан делегациясының құрамында болып, қатысып, немістің ұлы ақыны И.В.Гетенің есімімен тығыз байланысты Ильменау қаласында және Кикельхан тауының басындағы Габельбах деген жерде орналасқан Гетенің екі қабатты үйінде, қазіргі мұражайында болып, онда неміс ғалымдарының қазақ делегациясына көрсеткен сый-құрметтерін өте бір әсерлі етіп баяндайды. Енді, осы мақаладан үзінділер беруді жөн көрдім: «Бес күнге созылған симпозиумнан соң, неміс халқының Гете, Шиллер, Виланд сияқты талант иелері өмір сүрген аудандарды араладық. Солардың ішінде бізге ерекше әсер еткен Ильменау ауданындағы ұлы Гетеге арналған музейлер болды. Осы музейлердің ең ірісі Кикельхан деген таудың басындағы Габельбах деген жерде екен. Орман арасындағы екі этажды үйге жақындай бергенімізде, кенеттен Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» әні қазақ тілінде шырқалып қоя берді. Шындығында, бұл біз үшін күтпеген жай еді. Сондықтан болар, мен осынау музейге жақындаған сайын өз үйіме келе жатқандай сезіндім. Сөйтіп, еңсем көтеріліп, музей табалдырығын іштей мақтанышпен аттадым. ... Музейдің енді бір көрнекті жерінде «Абай мүйісі» бар екен. Онда Абайдың қолдан салынған шағын көлемді портреті мен домбыра ілулі тұр. Домбыраның бетінен: «Гетенің Азиядағы тұңғыш аудармашысы ақын және композитор Абай «Түңгі кезбе әніне» арнаған әуенін осындай ұлт аспабымен шығарған» деген жазуды орыс және неміс тілдерінде оқыдық. Оның бір жағындағы аппақ мәрмәрға «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі қазақ тілінде қашалып жазылыпты. Музей қызметкері осы тақта алдында бөгеліп, оның пайда болу тарихымен таныстыра бастады. Ал, мен бұны жазушы Қалмұқан Исабаевтың 1979 жылы апарып қойғанын кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінен оқыған болатынмын. ...Қазақ жазушысы Қ.Исабаев музейге мәрмәр тақтамен бірге «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңінің магнит тәсілімен жазылған таспасын да тапсырған екен. Содан бері музей қонақтарын «Қазақтың ұлы ақыны Абайдың немістің ұлы ақыны Гетенің сөзіне жазған әні» деп «Қараңғы түнде тау қалғыпты» естіртіп шығарып салады екен. ...Мен музейден ұзай бергенде іштей «Европаның осы бір түкпірінде қазақ рухы да ұя салған-ау» деген ойда болдым. ...»
Осы мақаладан-ақ байқап отырмыз, Қалмұқан ағамыздың бастауымен осы мұрағаттың сақталып келе жатқанын, жылына осы мұражайда шамамен 60-70 мың адам Абай әнін тыңдап, оның неміс ұғымына да жат емес екендігін айқындайды. Тақтайшадағы бұл мәңгі өшпес өлеңдер – екі елдің арасындағы, мемлекет пен мемлекет арасындағы өз-ара мәдени байланыстың жалғастығы екенін айту керек. Әр ғасырда өмір сүрген ұлылардың рухани дүниелерінің, озық ойларының жалғастығы десек болады. Қазақ халқы өзінің ұлы ойшыл, классик ақыны Абай Құнанбаевты қалай пір тұтса, неміс халқы өзінің ұлы ақыны И.В.Гетені сондай биік дәрежеде пір тұтады.
Тағы бір айтатын жайт – Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде 2008 жылдан бері проф. абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының басшылығымен Абайтану ғылыми-зерт­теу орталығы жұмыс атқарып келеді. Бұл орталықтың атқарған және атқаратын іс-шаралары орасан зор. Университеттің барлық факультеттерінде барлық мамандықтарының жұмыс оқу бағдарламасына арнайы енгізіліп, жастарды Абай оқуларымен сусындатуда. Жыл сайын Абай Құнанбаевтың мерейлі туылған күндеріне арнап әр түрлі дәрежеде ғылыми конференциялар мен Абай оқуларын ұйымдастырып тұрады. Бұл іс-шаралар тек университет көлемінде ғана емес, еліміздің ірі-ірі қалаларындағы жоғары оқу орындарында да жүргізіліп келеді. Шетел тілдері және халықаралық қатынастар факультетінің кәсіби шетел тілдері коммуникациясы және аударма ісі кафедрасының неміс тілі пәнінің оқытушыларының да бұл шараларға қосқан үлесі зор. Неміс тілі ғалымдарының «Абай қарасөздерін» неміс тіліне аударып, 2003 жылы «Buch der Worte von Abai» AG Verlag «Mektep» Almaty баспадан шыққан кітап «Назидания слова Абая» деген оқу әдістемелік құралы 2005 жылы университет баспасынан жарық көрді. Бұл оқу әдістемелік құралды сабақта және сабақтан тыс уақытта қосымша оқулық ретінде пайдаланып, ал, 2011-12 оқу жылынан бастап барлық мамандықтардың оқу жұмыс жоспарына «үйде оқытылатын көркем оқу» (Hauslektüre) ретінде енгізіп, күні бүгінге дейін Абай қарасөздерімен студенттерге ұлттық тәрбие мен білім беруде аянбай еңбек етіп келеміз. Қазіргі кезде мектептен бастап лицей, колледждерде Абай оқулары енгізілуде. Әрине, бұл болашақ жас ұрпаққа білім беру мен оны тәрбиелеуде өте қажет, өйткені, әрбір қазақ Абай атамыздың артына қалдырып кеткен өлмейтұғын сөздерін ешқашан естен шығармай, өз жүрегінде сақтаса, Қазақ елі – жасампаз ел болады деп, қазақтың ұлы перзенті Мағжан Жұмабаевтың: «Мен жастарға сенемін!» деген ұлағатты ұранымен өз ойымды тұжырымдаймын.

Роза Оразалинова,
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық
университетінің аға оқытушысы

2044 рет

көрсетілді

11

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз