• Заманхат
  • 03 Маусым, 2013

ИСЛАМ ДІНІ ТАҒЫЛЫМЫ

Ислам діні адамзат өркениетінің даму тарихында мәдениет пен ғылымның дамуына жетекші болып отырған игілігі мол дүние. Әлемнің болмысы, әлем болмысының үйлесімділігі, адам өмірінің мағынасы туралы айтып кеткен ойшыл ғалымдардың дүниетанымдық идеяларының негізі осы ислам дінінің өрісінде жатыр. Ислам дінінде қоғамның, мәдениеттің дамуына ықпал ететін зиялылардың ағартушылық қызметтеріне шек қойылған жоқ. Дін тарапынан зиялылықтың рухы жоғары бағаланып, әр ұрпақ буынға адалдық пен рухани тазалықтың қадір қасиеті насихатталып отырған.


Пайғамбарымыз Мұхаммед Хадистерінде «Оқымысты ғалымдар – Алла Тағаланың алдын­дағы сенімді адамдар» – делінген [1, 46 б]. Ғылым мен білімді дұрыс иелену үшін адам өз рухын, өзінің жан дүниесін, ойлау деңгейін жетілдіре білуі тиіс. Ғылым адамзатқа ортақ қа­зы­на, сол рухани қазына жолында ғалымның халық игілі­гіне ортақ құндылыққа қол жеткізуі, оның жауапкершілігі арқылы ғана жүзеге асады. Осы себептен Ислам дінінің ұрпаққа қояр талабы ғылымға дұрыс қызмет ету, сол арқылы қоғамға, ұрпақ мүддесіне қажет игілікті істің негізін қалыптастыру, жолын сақтап отыру.
Ислам дінінің өзегі, барлық жаратылыс пен адам болмысының түпкілікті себептерін, адам мен әлем болмысының үйлесімділік табиғатын, осы әлем болмысының біздің санамызға тәуелсіз даму заңдылықтарын адам баласына ақиқатты негізде түсіндіретін «ҚҰРАН».
«ҚҰРАН» жалғыз адам баласы өмір сүріп отырған әлемнің ғана емес, бүкіл ғаламның жаратылыс заңдылығымен себептерінің ақиқаты көрсетілген Қасиетті кітап. Ғылым тарихынан мәлім болып отырғандай, әр бір ғұлама ғалым әр бір ғылым саласында әр бір ғылыми жаңалықтың иесі. Сол ғылыми жаңалықты ашудағы оның танымына беріліп отырған ақпарат, яғни, оның өзге қарапайым адамнан жүйрік пайымдауының түпкілікті себебі, оның еркіне де тәуелсіз болуы мүмкін. Құдіретпен берілген білім адам жанының ерекше қасиетін арттырады, ерекше қасиетке ие жан адамның ойлауына, пайымдауына, ізденуіне жетекші. Шәкәрімнің бүгінгі бізге жетіп отырған рухани мұраларынан ұғынып отырғанымыздай, ғылымның дамуына себеп ғұлама ғалымның ашқан жаңалығы болса, ғалымның ғалымдығына себеп, оның жанының ерекше құбылысқа ие болуы. Адам баласының кемеңгерлік қасиетке ие болуының бір ғана себебі бар, ол жаратушы құдіретіне тән құбылыс. Демек, ислам дінінің адамға қояр ең басты талабы дүниенің, адам болмысының, яғни, адам мен әлем болмысының тұтастығын, даму ұқсастығын, бір біріне тәуелділігінің негізгі себебі Жаратушы құдіретін ақылмен ұғыну, біліммен көз жеткізу.
Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед Мұстафа хадистерінде, «Білім үйрену ғибадаттан да артық және ол діннің де тірегі» – делінген [1, 46 б]. Адам баласының жаратылысының түп­­кі­лікті себебі де, оның мақсаты да Жарату­шы құдіретінің ақиқаты. Құран адамзат баласына игілік мүмкіндіктерін иелену үшін жіберілген дүние. Оның тереңдігін әр ұрпақ буын толықтай зерделеп, терең түсінген сайын, ол игілік мүмкіндіктерін иеленеді және қоғамды ізгілікке қарай жетелей түседі. Адамның зердесінің рухы, оның өзі өмір сүріп отырған дәуірдегі қоғамына, кейінгі буынға игілік істерді таңдай білуі, ол үшін адам шынайы білімді тани білуі қажет. Шынайы білім адамға тәжірибе арқылы келеді, шынайы білімді қалыптастырып, халыққа түсіндіруші Пайғамбарлар және оның Сахабалары. Тарихи кезеңде, осы діни тұлғалардың нағыз ағартушылық қызметі халықтың мәдениетінің қалыптасуына ықпал еткен. Халық мәдениетінің қалыптасуы сол мәдениет иесі халықтың, елдің, ұлттың сақталуы. Ал, оған себеп болатын адамзатқа ортақ игілікті дұрыс танып, қызмет етудегі рухани тұлғалардың ақиқатқа адал, елдікке табандылығы, әділетті іске тұрақтылығы. Ислам дінінде шынайы білім мен зиялылықтың жоғары бағаланып, адамзатты соған бағыттауының түпкілікті мәні осында.
Адам баласы игілігі үшін «Құран аяттарының» жерге түсірілуі, оның білімін, жолын, ізгілігін, қасиетін ұрпаққа түсіндіруші Пайғамбарымыздың қызметі және оның Сахабаларының ислам дінінің білімін, идеясын, құндылығын халыққа жеткізудегі тарихи қызметі ақиқатқа сенуді ғана емес, оны тану үшін, терең ұғынуды жүктейді. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, Ислам діні мен оның өкілдерінің тарихи тұлғасы өзінің дербес философиясын қалыптастырды. Ол философияның мәні дін мен ғылымның және ұрпақ мүддесінің қасиетін біріктіріп, оның сақталуына тарихи кепіл болып қалуында. Әл-Фараби: «Дін дегеніміз – көзқарастар жүйесі мен іс-әрекеттер тізбегі және Алланың адамзат баласына салып берген қасиетті жолы. Діннің арқасында көкірегі ояу адамдардың баршасы да көздеген мақсаттарына жетуге мүмкіндік алады. Баршасы деп отырғанымыз – тайпалар мен қалалар, ал кей жағдайларда ол белгілі бір халықты немесе сан алуан халықтарды қамтуы да ғажап емес» [2, 47 б] деген. Құранның білімі шексіз, Құран сөзін халыққа жеткізуші Пайғамбар даналығының өрісі терең. Себебі, Құран білімі ол Алланың құдіреті, сол құдіретті түсіндіру үшін Пайғамбардың дүниеге келу себебі де, осы Қасиетті кітап сөзіндегі білімнің адам санасына тәуелсіздігімен айқындала түспек. Осы себептен, Ислам дінінің тағылымын, білімін, жаратушы құдіретін дұрыс түсініп, оны дұрыс өмір сүруге пайдалану үшін Пайғамбар мен оның Сахабаларының қызметі діннің адамзат үшін қасиетін ұғындырып отырады.
Пайғамбар мен Сахабалардың қызметін терең түсіну, тағылымын дұрыс ұғыну арқылы әр ұрпақ буын дін білімінің құнарын өзінің игілігіне дұрыс пайдалана алады. Тарихтағы ойшылдарымыздың, атап айтсақ Абай, Ыбырай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпеев сынды ғұлама ғалымдарымыздың негізгі идеясы адамзатты ізгілікке бағыттайтын қасиетті діннің рухын көрсетіп, дұрыс пайдаланудың жолын халыққа көрсетуінде.
Имандылық адам бойындағы ерекше қасиет­­тер­дің жолын ашып, оны халық игілігіне бағыттайтын қасиет. Адамның жан дүниесінің жеке өзіне ғана емес, халыққа да тигізер пайдасы шексіз. Бірақ, адам алдындағы күрделі нәрсе сол жан дүниенің көзін ашып, өрісін кеңейтетін, ерекше қасиеттерді қалыптастырып, игілікке жарайтын деңгейге көтере білу оңай іс емес. Адам тұлға болып тумайды, тұлға ретінде қалыптаса алады, бірақ, оның қалыптасуы өмірдің рухани және әлеуметтік негіздегі талаптарымен жүзеге асады. Осы талаптарды біліп, оның себебі мен мәнін түсініп, өзінің жан дүниесіне қажет дұрыс нәрселерді дұрыс таңдай білу имандылық. Демек, имандылық дегеніміз адам баласының адами қасиеттерге бағыттайтын құндылықтарды танып, жан дүниесін, ой өрісін жетілдіруі, тарихтан, өзі өмір сүріп отырған қоғамнан дұрыс білім алып, оны діннің талаптарымен үйлестіре білу, сол арқылы қоғамдық өмірде жеке өзін ғана емес, халықты ізгілікке бастайтын нәрселерді қалыптастыра білуі.
Пайғамбарымыздың хадистері діннің тазалығын, сол арқылы ұрпақ рухының тазалығын қамтамасыз етіп, адам болмысы мен мемлекет мүддесінің қауіпсіздігін сақтауға бағыт бағдар беріп отырады. Пайғамбарымыздың хадистерінде білімнің халық игілігі үшін берілу себебі де көрсетіледі: «Білімнің екі түрі болады: біріншісі – адамның жанына ұялайды да, оның өзіне пайдасын тигізеді; екіншісі – адамның тіліне қонып, Алла Тағаланың құдыреттілігін ғылыми негіздеп береді» [1. 46 б.]. Діннің тірегі білім, өрісі имандылық. Кемеңгерліктің рухын қалдырған тарихи тұлғалардың болмысы, іс-әрекеті, идеяларының ақиқаттылығы бұның барлығы бұндай адамдардың кездейсоқ өмірге келмейтіндігінің айғағы. Сол бойға дарыған қасиеттің көзін ашып, оны тәрбиелей білу жеке адам мен сол адамды дүниеге әкелетін халықтың имандылығы. Имандылықтың рухы мен тарихи феномені осында жатыр.
«Құран» сөзі адамзатқа тура жол, тура білім көрсетеді. Құранның адамзатқа берер бағыты Алланың берген мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана білу. Ғылымда ақиқат толықтай анықталған жоқ, әр ғасырда табиғатта ашылған жаңалық, нақты ғылымның нақты бір ақиқатына қол жеткізгенімен, табиғат пен әлем жаратылысының ақиқаты адамзат баласына пайымдау күйінде ғана мәлім. «Құран» осы біздің санамызға тәуелсіз, адам біліміне үстем болып отыратын әлем мен табиғат жаратылысының ақиқаты. Сол себептенде, оның құдіреттілігінің ең басты ақиқаты білімінің шексіз және оның біздің таңымызға тәуелсіз және үстем болып отыруында. Ислам діні адамзат игілігі үшін жаратылған, оның негізгі мақсаты ізгілік. Себебі, «Құран» Алланың адамзат баласына игілік үшін жібер­ген дүниесі, осы игілік жолына адамзатты бағыттап отыратын Пайғамбар Хадистері. Сол себептен, біріншіден адамға Ал­ланың құді­ретін ұғыну, «Құран» сөздерінің қасиеті мен ақиқатын түсіну міндетін және осы ислам дінінің қағидаларын дұрыс ұғыну, дұрыс пайдалану және дұрыс жеткізудегі Пайғамбардың және оның Сахабаларының қызметінің тарихи мәнін ұғыну терең нәрсе. Пайғамбардың және оның Сахабаларының тарихи қызметі жер бетіндегі тұлғалықтың ерекше феномені. Себебі, «Құран» қағидаларын түсіндіріп, адамзатқа таратудағы Пайғамбардың Алла құдіретімен ерекше жаратылған тұлға және оның Алланың құдіреті, дін, имандылық жөніндегі сөздерінің, іс-әрекетінің еш өзгеріссіз қасиетті күйінде жатталып, қағазға түсуі немесе зерттеліп жазылуы оның Сахабаларының шын мәнінде адамзат игілігі үшін жаратылған ізгі адамдар екендігінің нақты айғағы.
Қазақ даласына ислам дінін таратушы Қожалар болса, сол халыққа дін тағылымын үйреткен рухани тұлғалардың қызметі қазақ тарихында ғасырлар бойын ұрпақ санасында сақталып отырды. Сол себептенде, қазақ ұғымында діни тұлғалардың қызметінің беделін сақтап тұру халықтың міндеті саналған. Себебі, Құранды ұғыну, Алланың ақиқатына ақыл биігінен көз жеткізу, ал, оның сол қалпында ақиқатты түрде халық санасына жетуі сол кездегі діни тұлғалардың діни сауаттылығында. Діни сауаттылық оңайлықпен келмейді, оған әрине қабілеттілік, аса сезімталдық, даналық, білім және қай жағынан болсада адалдық пен іске тұрақтылық қажет. Бұны әрине, Қазақ болмысының тірегіне, мәдениетінің өзегіне айналған сол дәуірде өмір сүрген рухани тұлғалардың қызметі жүзеге асырып отырды.
Алла адамды жаратқанда оның өмір сүруіне қажет, игілік жолын тұрыс таңдау үшін көптеген мүмкіндіктер берген. Ол адамның рухани қасиеттері, іс-әрекеті және өзін қоршаған ортадағы табиғат байлығы. Осы рухани мүмкіндіктерді тану, игеру, иелену арқылы жеке адам ғана емес, ұрпақ ұлт ретінде тұлғаланады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Хадистерінде: «Өркөкіректігі жоқ, мүсәпірліктен де аулақ адамға, жағым­паздығы жоқ кішіпейіл жанға; өз күшімен жинаған дәулетін жұмсаған адамға, даналар мен оқымыстыларға жақын жүргендерге, қорлық көргендер мен бақытсыздыққа ұшы­рағандарға қайырымдылық жасағандарға мол қуаныш келе берсін» делінген [3, 185 б.]. Қазақтың тарихи өміріндегі елдіктің, ұлттық мүддеге қызмет етудің алғы шарты ол халыққа жақын болу, халықтың сенімінен шығу, даналардың тағылымын үйрену, білімді болу. Осы биіктіктегі халық түсінігінің негізі ислам руханиятында жатқандығын көру қыйын емес. Шариғатта отбасы құру, ұрпақ тарбиелеу және оған білім мен өнер үйрету, отанға қызмет ету, ата-ананың, ата-бабаның рухын құрметтеу сынды талаптар адамзатқа қойылған. Осы ислам руханиятының негізіндегі қалыптасқан жыраулар даналығы қазақ идеясының тәжірибесін қалыптастырып отырған.
Рухани өмір болмысы адам баласының рухани қызметімен анықталады. Сол сияқты, қазақ тұлғаларының бүгінгі уақыт табалдырығында өзінің рухы мен құндылығын жоймай, рухани қазынаның бүгінгі күннің қажеттілігіне ие болуы біріншіден осы шариғат талаптарын дұрыс орындай алуында. Шариғат талабын дұрыс орындау дегеніміз сол уақыттың, сол дәуірдің және сол тарихи кезеңдегі ұлттың өмір сүру деңгейін, ұлттық мүдде тағдырының тұрғысында зерделей білуінде.

Үмбетхан Сәрсембин,
философия ғылымдарының кандидаты, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің Саяси-әлеуметтік пәндер кафедрасының аға оқытушысы

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қасиетті сөз // «Жұлдыз», №12, 2003.
2. Әл-Фараби«Әлемдік философиялық мұра». Жиырма томдық. 4-том. Әл-Фараби мен Ибн Сина философиясы. – Алматы: Жазушы, 2005. – 568 бет.
3. Қасиетті сөз // «Жұлдыз», № 12, 2003.

516 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз