• Заманхат
  • 06 Қаңтар, 2014

ПЛУТАРХ – ГРЕК ӘДЕБИЕТІНІҢ КӨРНЕКТІ ӨКІЛІ

Рим билігі дәуiрiндегi грек әдебиетiнiң ең iрi өкiлi Плутарх болды. Жазушы шамамен 46-жылы Беотия аймағындағы Хероней қалашығында туған. Ата-бабасы осы жердiң текті әулеттерiне жататын оқымысты жандар болған. Плутархтың өзi де заманының ғылым, өнер және әдебиет орталықтары болған Афина мен Александрия қалаларында жан-жақты бiлiм алған. Ол өте мәдениеттi, момын мiнездi жан болғандықтан қала халқы ортасында сыйлы болып, жоғары лауазымдарға тез қол жеткiзедi. Рим жаулаушылары да оған ерекше құрметпен қараған. Бiрнеше рет Римге сапар шегiп, ол жердегi атақты мемлекет, мәдениет қайраткерлерiмен достық қарым-қатынас орнатады. Бiрақ жазушы өз өмiрiнiң негiзгi бөлiгiн әдеби шығармашылыққа арнап, туған жерi Херонейде, достары мен шәкiрттерi ортасында өткiзiп, шамамен 120-130-жылдар арасында қайтыс болады.


Ежелгi деректерге сүйенсек, Плутарх 225-тен артық шығарма жазған. Мiне, осы мол әдеби мұрадан бiзге дейiн 150-i жеткен. Ғалымдар бұл шығармаларды негiзiнен екi топқа бөлiп қарастырады. Бұлардың бiрiншiсi – дидактикалық шығармалар, екiншiсi – өмiрбаяндар. Бiрiншi топқа кiретiн шығармаларды «дидактикалық» деп атау олардың мазмұнына оншалықты сәйкес келмейдi.
Өйткенi, бұлардың көпшiлiгi филосо­фиялық тақырыпта, тарих және әдебиет мәселелерi туралы жазылған үлкендi-кiшiлi мақалалардан құралған. Осы мақалалар арасында бiз саясат, тәлiм-тәрбие, музыка және басқа мәселелерге қатысты шығармаларды да кездестiремiз.
Бiрiншi топтағы шығармалардың негiзгi бөлiмiн, әрине, әдеп мәселелерiне байланысты мақалалар қамтиды. Мұндай туындыларында жазушы адамның күнделiктi тiршiлiктегi мiндеттерi жайлы кеңестер берiп, тәкаппарлық, тойымсыздық, жасанды ұялшақтық, залымдық және осы сияқты жарамсыз кемшiлiктерден құтылу, достық, туыстық, отбасылық қатынастар мен басқа да адамгершілік қасиеттердi нығайту жолдарын көрсетедi. Плутархтың түсiнiгiнде, жақсылық пен жамандықтың барлығы адамның мiнез-құлқынан туындайды. Сондықтан, әр бiр жан әрдайым жақсылыққа қарай ұмтылып отыруы тиiс. Бұл жолда жүрекке қуат, дертке шипа болатын жалғыз нәрсе – философия.
Плутарх философияның тәрбиелiк құдiретiне үлкен мән бергенiмен, бұл салада оның өзi ашқан жаңалығы жоқ. Оның шығармаларында талқыланатын философиялық, сондай-ақ әдеп мәселеле­рiне қатысты пiкiрлердiң барлығы да түрлi қайраткерлердiң, ғалымдардың және қаламгерлердiң кiтаптарын ерекше зейiнмен игерудiң нәтижесiнде қол жеткен бiлiмдердiң жемiсi.
«Дидактикалық шығармалар» тобына кiрген мақалалардың әр қайсысында жазушы ежелгi ойшылдардың пiкiрлерiн баяндап немесе олардың шығармаларынан үзiндiлер келтiрiп, осы әдiс арқылы өзiнiң пiкiрлерiн дәлелдеуге ұмтылады.
Плутарх жаңа заманда өзiнiң осындай шығармаларымен емес, ал «Қос өмiрбаян» деп аталатын тарихи туындыларымен ерекше даңққа бөленген.
«Қос өмiрбаян» - Грекия мен Рим әле­­мiнде өткен тарихи тұлғалар ортасын­дағы бiрер маңызды ұқсастық бойынша қосақталып жазылған өмiр қиссаларынан тұратын шығарма, яғни жазушы қос өмiрбаянның бiрінде – Рим, екiншiсiнде – Грекия азаматы туралы хикаялап (мәселен, Тезей мен Ромул, Демосфен мен Цицерон, Александр мен Юлий Цезарь және т.б.), арнайы қорытынды бөлiмде олардың ортасындағы жақын ұқсастықтарды баяндайды. Бұл өмiрбаяндар жұп түрде жазылып, тарихи тұлғалардың ерекшеліктерi арнайы тарауларда көрсетiлгенімен, әрбiр қисса өз алдына аяқталған жеке шығарма. Мiне, осындай қос өмiрбаяндардан 23-i, яғни жеке алғанда 46-сы бiзге дейiн жеткен. Бұлардан өзге, осы топтағы шығармалар арасында тағы төрт атақты мемлекет қайраткерiнiң өмiрбаяны бар. Сондықтан, бiзге дейiн жетiп келген қиссалардың барлық саны - 50.
«Қос өмiрбаяндар» тарихи жағынан өте құнды шығармалар, өйткенi, жазушы атақты адамдардың өмiрiн суреттегенде ең ежелгi замандардан бастап, өзi жасап жатқан дәуiрге дейiн болған Рим мен Грекия тарихының маңызды кезеңдерiн де баяндайды. Плутархтың бұл шығармалары арнайы ғылыми еңбектiң жемiсi емес, ол түрлi жазушылардың шығармаларындағы мәлiметтер негiзiнде жазылған туынды. Плутарх пайдаланған көптеген деректер «Қос өмiрбаян» кiтабынан басқа жерлерде кездеспейдi, яғни жойылып кеткен.
Дегенмен, Плутархтың баяндауында кейбiр тарихи оқиғалардың дұрыс келтiрiлмегендiгiн де байқаймыз. Бұл жағдай, негiзiнен, кiтапты жазуда алға қойған мақсаттарға байланысты жiберiлген кемшiлiктер болса керек. Өйткенi, «Қос өмiрбаян» авторын көбiрек қызықтыратын нәрсе тарих емес, тағы да сол әдеп мәселесi болған. Александр өмiрбаянын хикаялайтын бөлiмде Плутарх өзiнiң тарихқа көзқарасын былай келтіреді: «Бiз тарих емес, өмiрбаян жазып отырмыз. Кейде ең шарапатты iстер арқылы жақсы қасиеттер мен кемшiлiктердi анықтай алмайтындығымыз сияқты, қанды жорықтар, ұлы жеңiстер, қоршауға алынған қалалардан гөрi, елеусiз бiр iс, бiр ауыз сөз немесе айтыла салған қарапайым әзiл-қалжыңның өзi адам мiнезiн тереңiрек ашады… Егер дұрыс десеңіз, онда ұлы iстер мен жорықтарды суреттеудi басқалардың мойнына жүктеп, iшкi жан толғаныстарды тереңiрек ашуға және сол арқылы әр бiр адамның өмiрiн баяндауға кiрiсемiз»[1,28]. Плутарх, шындығында да, тарихи тұрғыдан маңызды болған оқиғаларға мүлдем назар салмай, керiсiнше қаһарманның бейнесiн ашатын кiшкене фактiлердi, тiптi ретi келгенде аңыздарды, ұзынқұлақ сөздердi шығармаға енгiзiп жiберудi абзал көредi. Жалпы, сәл ғана жағылған бояулар, майда детальдар жәрдемiнде қаһарманның жарқын бейнесiн сомдау, осы жолмен оның iшкi жан-дүниесiн, табиғатын ашу – Плутарх шығармашылығының негiзгi әдiсi. Плутарх ежелгi дәуiрлерде өткен қайраткерлердi жан-жақты жетiлген, ер жүрек, отансүйгiш, адал, азатшыл жандар ретiнде суреттеуге бейiм.
Жоғарыда айтылған кемшiлiктерге қарамастан, «Қос өмiрбаяндар» шығармасы көркемдiк жағынан өте шебер жазылған туынды. Оның образдары айқын, тiлi көркем, оқиғалары әсерлi, сондықтан қызықты оқылатын туынды.
Мiне, осындай көркем шеберлiк жаңа заман адамдарын, тiптi зұлымдық тұңғиығына батып кеткен орта ғасыр­лардағы қайраткерлерді де өзiне тартады.
Қайта өрлеу дәуiрiнiң ұлы гуманистерi (Эразм Роттердамский, Франсуа Рабле) Плутархқа ерекше құрметпен қараған. «Қос өмiрбаяндардан» алынған оқиғалар негiзiнде Шекспир өзiнiң бiрнеше даңқты туындыларын («Кариолан», «Юлий Цезарь», «Антоний мен Клеопатра») жазды. Атақты француз трагедияшылары Корнель мен Расин көбiнше, Плутарх шығармашылығынан пайдаланып отырған. «Қос өмiрбаяндарда» талданатын азаттық, адамсүйгiштiк идеялар француз қайраткерлерiнiң (Руссо) назарын да өзiне аударды.

Ж. Қобланов,
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және
инжиниринг университетінің доценті,
филология ғылымдарының
кандидаты

Пайдаланылған әдебиеттер:
Қобланов Ж.Т. Шетел әдебиеті тарихы. Алматы, «Қазақ университеті». 2004.
Белинский В.Г. Римские элегии в сочинение Гете. Псб. т.5. М., 1953.
История эстетики. Памятники мировой эстетической мысли. т. 2. М., 1964.
Горький М. О литературе. М., 1953.
Радциг С.И. Введение в классическую филологию. М., 1965.

501 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз