• Ұлттану
  • 06 Қаңтар, 2014

Талғам мен таным таразысы (Әдеби сын - эссе)

ТұрантегіДулат Тұрантегі,
жазушы

Ең бастысы әдеби орта болса
немесе Тәкен тағылымы

Баяғыдан қалыптасқан әдетіміз әлі де сол қалпында. Анау-мынау ұрыс-керіске бергісіз қызу пікір талас кейде мойын тамырлар білеуленіп, шеке таспалары шо­ды­райғанша толас таппайтын. Алдында әдемі әдебиет кештерінен басталған сыр-сұхбат айлар өте айбарланып, са­ли­ха­лы ізденістерге ұласып, құныға-құ­ныға кітап­тар ақтарып кететінбіз. Бас­­шымыз да бастаушымыз да ақын Бә­ти­мә Батырбекова болатын. Ол бізге әде­­биеттен сабақ берген. Келе-келе бұ­рын­­­­ғы талпыншақ шәкірттері тырнағы өс­кен тірнек қыраннан топшысы бекіген мұз­балаққа айналып тұғырын тастап, шыр­қау биікке самғап кетер хәлге жетті. Бұдан әрі ұстаздың өзі шәкіртке айналып, талантты түлектердің қарым-қауқары, ой-өрісі, біртін-біртін өз заманының ор­тақ зердесі деңгейіне жетіп, кейде тасып төгіліп сапыру бермей буырқанып қай­нап жатқанына тәнті болатын. Енді, ақын қыз өзі де ширығып, жазғандары мен жазар өлеңдерін әбден иі қанып, көңілінен шық­қандары болмаса, бірлі жарым олпы солпылау дегендерін жалаулата бермей, қымтай бастаған. Мыналардың беті жа­­ман. Олардың ондайлығын шығып жат­қан кітаптарды талқылап, жүндей тү­тіп, ұнам­ды-ұнамсызын, тақырыбы мен ті­лін, баяндау, уақиғаны өрбіту машығы – түп­теп келгенде автор мен кітаптың жетер мәресі мен шырқау биік арман-аңсарын алақандарына салғандай ғып жіліктеп тастайтыны сұм­дық. Сонда, олар кітаптан кемшілік іздеп, сынап-мінеуді мақсат ет­пейді, өздерінің алып ұшқан асау көңіл­деріне қанат біті­рер қасиетті Музаны із­деп, сөздер мен сөйлем­дерден тұшымды тың өрнектер, әсерлі бояулар күтетін.


Топ басшысы Төлеген Тоқбергенов. Мұның стихиясы – сыншы В.Белинский, Әуезов пен Шолоховты пір тұтады. Онан соң Мырзабек Атенов, Жанғали Меймандосов. Арасында біз де бармыз. Бұлардың бәрі де өлең жазады. Тү­біт­иек бозбалалық шақ өтіп, қылшық мұр­­тымыз тебіндей бастаған. Бір жазда Мәскеуден ауылға Тәкен Әлімқүлов келді. Жанында қосағы Эмма бар. Екеуі аппақ боп, жеңіл киінген. Қос аққудай боп қатар жүріп Шолаққорғанның шы­­­ғыс жағындағы Өрқақпаның түбін­де­гі Бибі Май­рам бұлағына келіп тамса­на дәмін алып, ұзақ су ішті. Бізге бәрі таң­сық. Жүргені, тұрғаны, сөйлеген сө­зі, тамақ талғағаны бәр-бәрісі. Мыр­за­бектің үйіне түсіп, сол кезде ауыл ке­ңес­тің төрағасы болып істейтін Әтенов Мел­декеңе ат тауып беріңіз, біраз сергіп, серуендеп қайтайық деп қолқа салған. Ал, мына кітапшыл топқа ол кісінің әңгіме айтқаны қызықты. Көбіне үндемейтін адам, енді кілең жас жігіттер айнала қор­шап алған соң көсіліп бір кететін шағы болатын. Көбіне Абайдан бастап, орыс әдебиетіне, одан Еуропаны аралап, А.Пуш­кинге келіп ті­релетін. Ол кезде Пуш­киннің туғанына 150 жыл толып, оның қа­зақ тілін­де қалың кітабы шыққан кез. Сол кітаптағы Тәкен аударған бірнеше өлеңдер бар. Төлеген мен Мырзабек сол аудармаларды дауыстап жатқа оқып берді. Мақам басқа, өздері көп оқыған қиссалардан, он бір буынды қара өлеңге келмейді. Біртүрлі жаңаша ырғақ, екпіндетіп, қолды сермеп оқы­ғанды қалайтындай. Жастарды осы жаңа леп қызықтырады.
Құшады мұнар, ышқынып теңіз,
Жағаға шыға келеді ойнап.
Толқынға төніп шыңда тұр бір қыз,
Аққудай түнгі қанатын қомдап.
Жарқ та жұрқ етіп қанаты жалын,
От нажағай тартады қызды.
Ұшырып қыздың орамал шәлін,
Ұйтқиды дауыл теңселтіп құзды.
Бозғылт бір тартып, жылтылдар
аспан,
Тұманда сұрғылт тамаша теңіз!
Дауыл, көк толқын, бәрінен асқан,
Емес пе ғажап шыңдағы сол қыз!
«Құшады мұнар..» деп аздап пауза сақ­тап, одан әрі әр сөзді мәнерлеп, өздері өмірі көрмеген, бірақ, өлеңнен танып тұр­ған теңіз тынысын сезгендей.
– Бәрекелді! Әдебиетке бет қойған­дарың жақсы екен!
Онан кейін жазушы ағамыз ұзақ-ұзақ әлем әдебиетінің классиктері жайлы әңгі­мелер, ән жалғастырып кететін. «Жас кезде оқығанның пайдасы көп, бірін­ші­ден уа­қыттан ұта­сыңдар, ойын­ның есебінен, екін­шіден осы кезде оқы­ғандарың ой­да ұзақ сақталады. Ал, сендер оның үс­ті­не оқығандарыңды ортаға салып талқылайды екенсіңдер, бұ­дан өте жақ­сы талғам қалыптасады».
Қазақ ақындарынан Қасым Аманжоловты, Қуандық Шаңғытбаевты, ерекше бөліп айтатын. Ғали, Мұзафар, Тақауи, Қа­лижан ақындардың аударма жасаудағы ізденімпаздықтарына тәнті екендігін жасырмады.
– Аударма жасау кісіні, ақынды дегенім ғой, қатты өсіреді. Сендер кітап оқумен қатар айналаны мұқият зерттеп, зерделеуге мән беріңдер. Қандай шөп өседі. Мысалы қырғыз ақыны Мол­дақылыштың «Шу баяны» дастанында тізбектелетін өсімдік атауларына ғалымдар таң қалған. Жусан мен бетегеден басқаны білмейтін жазушы төл туындысында табиғаттың нендей өрнегін жасамақ. Оқушыны осымен де ынтықтыруға болады. Төрт түлік малдың атаулары ше? Білетіндер түйенің жүз атауы бар дейді. Қыран құстар ше? Олар сұңқар, жағалтай, күйкентай, тұ­рым­­тай, қырғи, тұнжыр, тұйғын, лашын, қаршыға, ителгі, би­дайық, самұ­рық болып кете береді. Қара бүркіт, көк бүркіт, сары бүркіт болса, бұлардың әр қалай мінез, ерек­­шеліктері бар. Тау қыраны, түз қы­раны құм қыраны дегендей... бұлар­дың да айырмашылықтары бар. Оқу бар да, ой өрісті кеңейту бар. Қазақ әдебиетінің майталманы М. Әуезов Еу­ро­палық әдебиетте Виктор Гюгоға ерекше ден қояды. Оның «Абай жолы» романының ұзын ырғасында бейне жүйесінде, сөйлем ырғағында, иә, иә, балалар, прозалық шығармаларда да сөйлем ырғағы болады, міне сонда ро­ман­тизмнің бой көрсетуі тегін емес. Мен М.Әуезовтың кең тынысын, зор серпінін ұнатамын – деген.
Ағаның дәрісінен кейін бұлар мүлдем құ­тырып кетті. Өз ойларының тым қара­байыр емес екендігіне көз жеткізгендік, жазушы ағаның батаға бергісіз «бәре­келді»-сі оларға қанат бітіргендей еді. Кейінірек бұл ортаны бала Асқар (Сүлей­менов) жағалап жүрді. Бірақ, ол әлгіндей әңгімелерге ара­ласқан жоқ. Кө­біне сырт көз, бақылаушы есепті, қызығушы, тың­даушы қалпында жүрді.
– Жазушы ең алдымен мәдениетті, аса білімді болу керек – деген еді – Тәкен аға. Онан соң бой күту, өзіңді өзің ұстай білу. Бұл – сыртқы көрініс, одан сөйлеу мәдениеті, ішкі мәдениет деген аса ма­ңызды, бұдан ойға берілу, қиялға да ерік берген жөн. Жаңа сендер Пушкинді оқы­ғанда тәп-тәуір өнер көрсеттіңдер. Оны қайдан үйреніп жүр­сіңдер?
– Радиодан, кинолардан...
– Ираклий Андронниковтан.
Тәкен аға қалың қастарын кербез керіп таңданып қалған.Әсерленген шақтарында есі есіп әлем жазушылары, олардың романдары жайлы әңгіме айтады.Міндетті түрде оқу керек деп Гюгоны, Флоберді, Бальзакты, Вальтер Скотты,Толстойдың «Война и мирін», Әуезовтың барлық жаз­ғанын қалт жібермей оқып отыруды ұсы­натын.Кейін біз қызмет істеп жүрген кездерде әлгі Созақтың Бердяевына алып бар деп Сапарбек інісіне тапсырма беретін.Ол кім еді десе,өй саған не болған Әлгі кім еді, е е, Дулатты айтам, сол балада білім бар. Айтпақшы Чех сырасынан біраз әкеп таста дейтін.
Алғашқы келгенде бәрімізді әуес кө­ріп, орыс жеңгеміз көздері күлімдеп, жоқ оттай жанып, әрқайсымызға кезек қарап таң қалып, аузы ашылып қалған. Ұзақ-ұзақ жүрістерден шаң жұтып аңызақ қауып тау асып әзер жеткен бір қиырда қара домалақ жасөспірімдер Пушкинді жатқа айтып тұрғанына мүлде сенетіндей емес. Сонада, елге барып қайтайық дегенде қуана мақұл­даған еді. Еділден өтіп Ақтөбеге жеткенде пойыз терезесінен ұзақ қарап неткен ұшы-қиыры жоқ шексіз дала деп жалыға бастағанын айтып жатыр. Одан Арал, Шалқар, Қызылорда..
– Әй, Тять! Сенің елің өзі СССР- ға жата ма, өзі? – деп әзілдеген.
– Күте тұр, Ұлылықтың, кеңдіктің не екенін сезесің әлі.
Енді, міне, өзі таңдаған қосағының неге жазушы болып кеткенін, керемет ақындығын Мәскеудегі небір сұңғыла біл­гіштер зор баға­лағанда жаңылмаған екен. «Ақынды туған жерінен таны деп пе еді Гёте. Мына жігіттер ше! Жанып тұр ғой, жанып тұр. Қандай таза өздері» – деп түйген.
Көзқарақты оқушылардың есінде бо­­­лар, (біз алға озып кеттік-ау, осы) кейін бұлардың қай-қайсысы болсын аға жа­зушының үмітін әркім өз хал-қа­да­рынша ақтағандай болды. Төлеген жұрт таныған әдебиет сыншысы болса, Жан­ғали белгілі композитор, әрі уыты бөлек сықақшы ақын, ретінде танылды. Мырзабек те қара жаяу емес, екі үш эссе кітаптың ав­то­ры. Өнер мен әдеп жайлы ағымдағы көзқарастарға үн қосып отырады. Сол өнерге сусаған топтың өмір сүру дәстүрі ісі әлі күнге дейін сорабынан жаңылған жоқ. Арасынан анау айтқандай қадау-қа­дау, бүкіл ел танырлық тұлғалар шыға қоймағанымен өздерінің күнделікті өмір сал­тының өзімен өзгелерге, сол өздері күн кешіп отырған орталарына талғам-танымның дұрыс қалыптасуына ық­палы болмай қалған жоқ. Ең басты нысана әдеби сауаттылықты көтеріп, көркемдіктің не екенін біліп, талдай алуға же­тісу болатын. Жақсы мен жаманды ажырата білудің өзі адамдық кемелдіктің бір белгісі деп саналған. Олардың айнымас досы кітап, ұстазы Тәкен еді.
Иә, бүгінгіге қарағанда жұтаңдау ақ­парат қоры. Ол кезде орайы келсе ар­ғы бер­гіден көсілтіп әңгіме айтатын ше­жіре қа­риялардың алдын көрудің өзі бір ғанибет-тін. Әйтпесе, сөзден басқа, кітаптан ­басқа рухани алданышы жоқ, балалық деп аталатын, бірақ, оның қы­зығын емін-еркін бастан кешірмеген біздер үшін Тәкендей тірі жазушымен кезігіп, оның дәрісін тыңдау өте сирек олжа болғаны рас.

***
Айдың сәулесі, білте шамның жа­ры­ғы­мен таңды таңға ұрып кітап оқыған көздер бұл күнде кенересі қырау­ланып, қалың-қалың шыны­лар­дың ар жа­­ғы­нан парақтан парақ оздырып, әріп қуалаудан әлі де жалығар емес
Кім болсаң да үлкенің, кішің мейлің,
Бастан асып жатса да ісің мейлі,
Бір мезгіл кітап бетін ашпайтұғын,
Адамдарды мен мүлде түсінбеймін. Де­генді уәр тұтсақ, Бұл да Тәкеңнің ғибратынан болар.
Иә, бұл күнде кітап оқып отырған бала көрсек сүйсінетін болдық. Біртүрлі ішің жылып, әлгіні жақын тартасың.
Қауіп санар құс келіп, құс қайтымын,
Білесің кемтар да өзін қыйнай­тынын.
Көзі жоқтар қолымен кітап оқып,
Қолсыз жан тіспен қалам ұстайтынын.
Иә, әркімнің әрқалай айналысар ісі бар, бірақ, біздер баяғыша ауық-ауық бас қосып жаңа кітаптар жайлы, әдебиет пен өнердің жай-күйі жайлы пікір алмасуды естен шығарған емеспіз. Келісім былай: Мен бір екі газет, бір екі жорналға жазылсам, сен одан басқасына, ал, анау, одан да басқаларына жазылып алып тұрамыз. Кітап та сондай. Кейін ауысып оқып, пікірлесіп, өз ойларымызды ортаға саламыз. Кейін бұған интернет қосылды. Бұл нарық заманына бейімделудің бір жолы. Мүмкін болғанша жаңа кітаптардан қапы қалмау. Соңғы қатты талқыланған кітап Ш.Айтматовтың «Таулар құлағанда» немесе «Мәңгі қалыңдық». Одан бері де бі­раз уақыт өтті. Қазір М.Мағауиннің «Шың­­ғысханына» шұқшиғанбыз. Бұл шы­ғар­ма хақында пікірлер екі жарылып, әзірше ке­лісімге келе қоятын түріміз жоқ. Жо, жоқ, шығарма жайлы емес, Ұлы қағанның өз басы туралы.
– Шыңғысханды қазақ қылудың қажеті қанша?Алдымен түрік қылып алайық-та.
– Түрік екенінде шүбәң болмасын. Мына Азиялықтар түгілі қазір анау балтық жағалауы елдері де түрік тектілерге кіреді екен.
– Мынауың қызық екен.
Осы төңіректегі ізденістер мен мақала­ларды қуалап тауып оқып жатырмыз. Алда әлі талай шайқас болары хақ.
– Бұл – жалғыз біздер емес бүкіл қазақ зиялыларын екі топқа бөліп тынатын шығар. Жә, оны қоя тұралық, бұл тарихи зерттеудің еншісі.
Қазіргі кездегі талас-пікір эстрада, он­дағы әндер мен әншілер жайы, қа­тын дауыстылар мен қызтекелер. Ма­ғау­ин­нің зерттеуінде Шыңғысхан мұн­дай сұмдықты қатаң жазаға тартқан көрінеді. Табылған Жасысында (олар 64 баптан тұрады екен) табиғатқа сай емес жыныстық азғындау өлім жазасына лайық деп көрсетіліпті.
Жер жүзін жаулап келе жатқан жа­һандану мен оның әсері. Аз ұлт­тардың жойылып, жұтылып кетпеу, қорғаныс иммунитеттік қауқары мен оны ны­ғайтудың шаралары. Бәр - бәрісі әңгіме дүкен арқауы. Міне, бүгін тағы да Сәбет екеуміз концерт тыңдап отырып, көңілге түйгендерімізді ірікпей айтып отырмыз.
– Осы да сөз бе? Ән бе осы да? «Биле­ші, билеші, қабағыңды түймеші».
– Жә, бұл пікірді айтып жүрген жал­ғыз сен емессің. Әлденеше мәрте айтылып келеді. Мәселе соның қанша ай­тыл­ғанымен одан шы­ғып жатқан қор­тын­ды жоқтығында. Әлгі И.А. Крылов­тың «Вася, мұның қалай, ұят емес пе? Ет, балық ұрлап жегенді қою керек қой. дегеніндей; Ал, мысекең болса тыңдап жатып жей береді, жей береді».
– Жалпы, байқайсыз ба, адамдар бұл күнде өзгеріп кеткен. Адамдарды бұрынғы айтылғандармен ұялта алмайсың. Вася мысық жесе жей берсін, И.А.Крылов айтты екен деп ырзығынан қағылу керек пе? Мәселе мысықта емес, аспазшыда ғой, бәрін көріп, бі­ліп отырып, Вася мысықтың күнде ұр­­лық жасап жүргенін көріп тұрып еш ша­ра қолданбауында ғой деймін. Тап қазіргі біздегідей. Ұрлық болып жатыр, жемқорлық асқынып барады, адамдар азып барады. Әдеби процесс те сондай. Адамына қарай заманы. Енді не қыл дейсің. Жаман шығармалар қаптап жүр, оларға қанша айтқанмен сынның қауқары өтпейді.
– Үйткені оны тыңдамайды. Жалпы, айтшы өзің осы күні кімнің айтқанын кім тыңдап жатыр.
– Ала-құла дүние, ала-құла адамдар. Құндылықтарға ала-құла түсі­ніктер. Осы мидай араласып кеткен қой­малжың дү­ниеден жақсыны аман сақ­тап қалу, оны көпшілікке паш ету, жақсы деген мынау деп шұқып көрсету, жинақтай айтқанда көркемдікті насихаттау керек қой.
– Меніңше осы тұста үлкен бір пәл­сапалық мәселені шешіп алған жөн ау.
– Шешіп алу емес, назар аудару десеңші.
– Дұрысы солай шығар. Авто­ритар­лық дәуір өткен. Бедел, әлдекімдерді пір тұту. Олардың айтқанына тақ тұ­ру деген қалған сияқты. «Болмашы еп­шіл, болсаңшы көпшілдің» постин­дустриялық заманда дәурені өткен сы­ңайлы. Жекелік алға шыққан кезеңде қоғам өмірінен сырт, әлеуметтен, көп­ші­­ліктен тыс тұлға қалыптаспайды. Же­ке­нің бір өзі өзін тұлға санайды да шығар­машыл ортада бір өзін бір стиль сезінеді. Бүгінде ол елдерде (батыс­ты айтам) тұл­ғаға - геройға сусап отыр­ған қоғам жоқ. Оның бәрі қияли шы­ғармалар мен анимациялық балалар фильмінде ғана. Найтмэн, человек паук деген сияқты. Кейде Гераклды да шақырып қояды.
– Оның біздегі көрінісі бәлкім кен­таврға бет бұруымыз ба екен?
– Пассионарлық тұлға керек қой, әсі­ресе үлкенді сыйлап үйренген бізге. Қа­зіргі тұлға өркениеттіліктің үлгісін көр­сететін, жыл­жып бара жатқан уақытты алдын-ала сезі­нетін, па­расат, пайымы мол жаңашыл болуы керек шығар. Үміт, харекет, білік. Міне бізге не керек! Ал, кентавр мен көк бөрі тамырларымыз.
– Тұлға керек екені рас. Бірақ, бізде жақсы бір нәрсе ойласаң қазақ қылы­ғымыз қосарланып қалмайтыны бар. Ау салсаң шылауға ілікпей қалмай­сың. Тұлға деп біреуді шығара бастасаң, мен содан кеммін бе дегендей іштарлар қоса көтеріледі.
– Немесе руластар өздері-ақ әлгі ада­мыңды көре алмаушылыққа ұшы­ратады.
– Жә, аржағы белгілі «етекбастылық» қой. Бәрібір елге тұтқа, жұртқа серке керек. Әлеуметте де, саясатта да, әдебиетте де сында да.
Биікке бастаған екенсің, тау соқпа­ғының қақпа тастары мен еңістің шеңгелі етекке жармаспай қалмайды. Шыдас керек, алған беттен қайтпау.
– Міне, міне...

Өлеңнің көркі өрнегінде болар
Айтпаса сөздің атасы өледі. Міне қа­раңыз: әдейі сынның обьектісі етейін деп тұрғаным жоқ, кезі келген соң айтуға тура келді. «Қазақ әдебиеті» газетін әрдәйім күтіп аламыз, ең бір жақсы көретін, көп жылдан бері үзбей оқитын басылым ғой. Міне, сол газетте сын туралы әр нөмір сайын ащы-ащы сөздер айтылып, сөйтейік, аямай сынайық, жауырды жаба тоқу болмасын деген сарындағы мақалалар үлкен-үлкен сыншылар мен жазушылардың аузымен айтылып жатады. Енді қараңыз, сондай, әдебиетке жаны күйзелген мақалалар басылған номірдің өзінде талғамы төмен өлеңдер жарық көріп жатады. Ау, мен не деймін, домбырам не дейдінің кебі дерсің. Қайда еді, алып қойыпем ғой сол газетті.
– Раушан! Оу, Рәкесі! Менің мына жерге қойған газетім қайда?
– Тұрған шығар орнында.
–Қанша рет айтам, менің қағаздарымды жинамай-ақ қойыңдаршы осы. Ә, міне тап­­тым.
Міне, мына газетте (01.03.2013 № 9 ) бір-екі автордың топтама өлеңдері жарияланды. Сол өлеңдердің бір екеуін оқып көрейік;
«Ортақ бағыт» деген өлең
Барлық жанға бұл дүниеде
Ортақ екен бір бағыт.
Ол бағытты айқындайтын
Күндіз-түні тоқтамайтын уақыт.
Уақыт өте, өсіп, ер жетерсің,
Мүмкін кемел жасқа келерсің.
Бірақта бір сәтте бөгелмей,
Мәреге жетіп, дүниеден өтерсің.
Толассыз жалғасады уақытпенен
Адамдардың өмірдегі көш жолы.
Бағыт бізге ортақ болғанымен
Болады әр адамның өз жолы.
Өлеңді біз түгел келтірдік. Ішінен іріктеп алынған әлжуаз шумақтар екен демеңіздер. Бәрі осы. Ақын не айтқысы кел­­ген? Немесе осы айтқандарында қан­­дай поэтикалық сезім, әйтпесе әсер бар?
Автордың тағы бір өлеңін алып көрейік «Толық адам» деп аталатын өлең былай басталады.
Орта жастан асқанда
Келесі жартыға аяқ басқанда,
Өтті деп қалай, кеткен жарты
Есеп беру бізге керек сияқты.
Одан әрі;
Келтіре алмассың өткенді
Қайтара алмассың кеткенді.
Нені сен орындай алмадың?
Негізгі осы болу керек сұрағың.
Бұдан әрі жалғастырудың керегі жоқ шығар. Не жөнді ұйқас жоқ, не буын бу­нақ жағы ретті емес. Кейде буыны асып ке­теді, кейде жетпей жатады. Бәрі де сын кө­термейтін дүние. Ертеректе мұндай туын­­дылар республикалық маң­дай алды басылым түгіл аудандық га­зетте де жа­рық көруі екі талай болатын. Бұл әлде көр­кем өнердегі демократия ма? Кім не айтқысы кесе айта беретін. Біздіңше, әдебиетте мәселе жәй ғана айтуда емес, қалай айтуда емес пе еді? Поэзия бейнелі ойлау емес пе еді?
– Түу, Дүке, сонша күйіп-пістіңіз ғой – деді Сәбет. – Мұндай өлеңдер кез келген облыстық газеттерде, тіпті, респуб­ли­калықтарында да жиі кездеседі ғой. Тіп­ті алтындатып, жалтылдатып кітап етіп бастырып жатқандар қаншама.
Айтпақшы, бұл Сәбет дегеніңіз ма­ман­дығы басқа болғанымен қазақ әде­биетіндегі жағдайларды бір адамдай білетін, өнердің шын жанашыры де­се болғандай. Оның әдебиетшілерді бір қызықтыратын ерекшелігі Тәкен шы­ғармаларын бүге-шігесіне дейін біле­тіндігі. Және ең бас­ты­сы «Абай жолы» романын жатқа айта­тындығында. Талай тексергенбіз, сол қалың кітаптың кез келген томының кез келген бетін ашып, оқыңыз да ар жағын Сәкеңнің еркіне беріңіз, сіз тек кітаптан қарап салыстырып отырыңыз. Ары қарай жатқа айта береді. А.С. Пушкиннің айтатыны бар еді. Талантты ақын болу бар да жақсы оқушы, талантты оқушы болу бар, ал, оның өзі үлкен өнер деп. Мынау тап соның өзі. Сол үшін де оның Сәкеңді айтам, қазіргі әдебиет өнер жайындағы пікірлерін тыңдап онымен санасудың, сырласудың өзі бір ғанибет.
– Иә,баяғы аталарымыз қырманда істеп жаңа бастырылған дәнді күректеп, қызылдап жататын еді. Сол сияқты рухани ырзықты да жел шақырып қызылдап, тазалап алу қажет-ақ. Ығырмағы, шөп-шаламы, ұшығы дегендей, қажетсіздің, керек еместің бәрі желмен ұшып кетуі керек. Оған бұрқыраған мінезді жел емес, жайлап, екпіндеп соққан самал болса же­тіп жатыр. Айтып отырған самал мен күрегіміз бүгінгі сынымыз бен талғам тазалығы.
– Әлгі көп оқудың қажеттігі де осы тұста керек. Әйтпесе, сендер ақын жазған нәрселерді талдауға тиіс емес­сіңдер, ол ақынның туындысы, ол солай жазды, солай қабылдаңыздар, талдамаңдар! – дейтіндер де бар. Олар­дың ұстанымы да ұғынықты. Ол шы­­ғармашылық ер­кін­дік. Бірақ, ер­кін­­діктің жөні осы деп бүгінгі поэзия биігінен төмендемеу керек қой. Онсыз да кітап аз оқылатын кезде талғамсыз оқушының қолына әлгіндей нашар кі­таптар немесе топтама өлеңдер кез­де­сіп қалса, оқы, оқы дегендерің осы ма, мұндай әдебиетіңе болайын деп мүл­дем жеріп кетпесіне кім кепіл?
– Иә, әр нәрседе де біліктілік керек. Өнер мен әдебиетке тіпті де талғам қа­тал жоғары болғаны жөн. Үйткені ол рухың, зияткерлігің мен, өрең. Мұны тәрбиелейтін сын. Әдеби көркем сын. Әне, анау тұрған кітапты алыңыз-шы. Гегель. Эстетика. Мы­на бір жерінде айтады: «Критика – самовыражение литературы». Әде­биетің қандай болса сының да сондай. Немесе керісінше сынның деңгейі қандай болса, әдебиетің де сондай деген ма­ғынада.
– Негізі, әдебиетке де Д.Менделеев керек-ау. Әр шығарманың салмағын, қасиет ерекшелігін көз алдыңа кесте ғып жайып салып, әркім көрсін өзінің қай жерде, қай деңгейде тұрғанын.
– Солайы солай ғой, реалды шындыққа жақындасақ, осы кезде кез келген өнімнің сапасын анықтайтын сарашылар, экспертиза, бар емес пе? Өнер саласында да осы күні ән байқауларында талапкер әншіге сенің ана жерің анандай, мына жерің былай болса дұрыс болар еді деп, соңында баға қойып жатады ғой. Оған әншілер пәлендей мінез көрсетіп жатқан жоқ. Үйткені сын айтып отырғандар сол саланың ең білгірлері. Ал, әдебиетке келсек, сөзге тұрмайды. Сын айтсаң сотқа беріп жатады. Бұл қалай, сонда қамбаға салар астықты ұшық пұшығымен шөп шаламымен үйіп соған малданып отыра беруіміз керек пе? Ішкі мәдениет жалпы адамзат жеткен деген деңгейді мойындау деген болу керек қой. Сондай тазаланудың жоқтығынан әдебиетті көркем сөзді, оның киесін қа­дір­лемеуден сөз арасы былғанып жат­қанына көп болды. Натура бар, тұр­мыстық сөз қолданыс бар, көркем тіл бар, көше тілі, жаргон бар бәрін араластыра беруге бола ма екен.
– Онан соң, эротика тағы бар. Неғұрлым еркін болам деп, анайылыққа, тіпті боғауыз­ға барудың қажеті бар ма?
– Осының бәрі батысқа еліктеудің салдары. Олардың көптеген фильмдерінде боғауыз сөзді шімірікпей соға беретін тұстары аз емес.
– Эротика болған, оны батысқа апарып жапсыра берудің керегі жоқ. Бұрыннан бар, тіпті, ауыз әдебиетінде де кездеседі. Бұрындары сауықшыл халық қандай бір жиын тойларда пәленшемен түгеншені айтыстыру керек, деп ақын қыздарды сөзшең жігіттермен ұштастырып қызығына бататын. Сонда жеңіліп бара жатқан жігіт осылай айтсам қыз бәлкім тосылып қалар деп тұспалдап та, ашық та, көбіне жұмбақ түрінде айтылмайтын сөздерді айта бастаған. Оған ыға қоятын қыз жоқ. Ә десе мә деп жауап қайтарып тастайтын. Ауылда өскен баланың көрмейтіні жоқ. Жыныстық деген таңсық емес. Мұның ақыры қыз ағаларының жігітті таяққа жығуымен тойдың шырқы бұзылатын. Бұған мысалды кез келген ауылдың әңгі­месінен ақын қыз бен ақын жігіт бопты, олар сондай-сондай сөздер айтып ұтып кетіпті деген сияқты деректерден қанығуға болады. Бірақ, ақынның шын ақындығы онымен өлшенбеген. Қайта абыройына дақ түсіретін шалалық, тілі ащылық деп бағаланған.
– Бүгінгі сыңарезулікті пайдаланып, енді баспа жүзінде өздерінің өнерін эротикамен, жалаңаш тәндікпен көрсетіп жүрген жағдайлар орын алуда. Бірер жыл бұрын газеттердің бірінен сондай бір топтамаға кезіккенім бар. Ақын қарындасымыз бұл жолы құштарлықты жыр етемін деп мүл­дем нақтылыққа барған екен.
«Бал бұлақтан құныға бір жұтамыз,
Қызу айқас, жеңілеміз, ұтамыз.
Алқын жұлқын шабыттанған шақтарда
Білмей қалдық, қайда қалды лыпамыз».
Рас, кей сөздердің оралымы дәл сондай болмағанымен негізгі сөздер сол қалпында алынды. Одан әрі ақын қыз «Жайрап қалдым қауындай боп қақ жарылып» деген бей­нелеуге дейін барған. Сезім қуалау, гедонизм.
Негізі, эротика кез келген ақында бола береді. Үйткені ол өмір, ол шындық. Ес білген адамның бір қызығы осы емес пе? Сол шындықтан әсерлену нәтижесінде ақын өз ішін бір мезгіл босатып та алғысы келетін шығар. Ол Абайда да бар. Басқада да бар. Осы кезеңде Исраил да сол тоғайға біраз ат шалдырғанын оқырман ұмытпаған шығар. Осыдан он шақты жыл бұрын белгілі ақын Иран Ғайып
«Айқайласа бірігіп,
Үстімізбен кірігіп,
Жанып күйіп жайланып.
Астымызбен байланып» деп жазған-ды.
Кезінде Мұқағалиға сол дәуірдің по­эзия­сы туралы баяндама жасатқан екен. Көптеген ақындарға талдау жасап, қазақ поэзиясы Қадір, Сағи, Тұманбай, Жарас­қандармен шектелмейді, әлі талай жаңа есімдер келер соларға үлгі боларлық жол ұсынылуы керектігін айтқан. Махаббат лирикаларына тоқтала келіп, Жарас­қанның «шторм» атты өлеңін ерсі көргенін айтады. Өлеңнің шторм аталуы бой бермей тұрған құштарлық.
«Қолымды апардым дірілдеп
Үстіне жұп-жұмыр тізеңнің».
«Меніңше деп жазды Мұқағали бұл өлең ешқандай талдауды керек етпейді. Бәрін де өзі айтып тұр. Қазақша айтуға ұят. Жас ақынның мұншалықты әбес­тіктен аулақ болғаны жөн. Сын қайрақ. Сын әде­биеттің құмшарығы. Сынды қылыш деп ұғыну ұшқарылық. Оның от шашқан шақ­пақ шарығына түскен қару өткірленіп, үшкірленіп жалтырап тұрмақ».
Өлеңшілдік қазақтың негізгі қасиет­терінің бірі, бірі ғана емес-ау біре­гейі.
«Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп, Абай атам содан айтқан болар. Сол ақындық, өлеңшілдік келе-келе заманның ыңғайына ығысып:
«Ақын ғаріп емес пе,
Заман ғаріп емес пе,
Байды өтірік мақтаса.
Әділеттен аттаса» – деп ақындық қуа­тын теңбіл жоталы жолбарыс жетелеген Жам­был бабамыз айтқандай «Асыранды ақын­дар» көркем сөздің тұқымына тұз құйып жүрген­дердің шығар жері екені белгілі.
– Бірақ, билік соны қажетсінеді ғой. Қайсы бір патшаның болсын өз сұр­қыл­тайы болған. Орыста сонау заманда М.Ло­моносов Екатерина патшайымға не­бір одалар арнады емес пе! Және көр­кемдік деңгейі де тәп-тәуір.
– Бұл екеуіне де керек. Ақын патшаның ықыласына бөленіп, шығармашылықпен еркін айналысуға мүмкіндік алады. Ал, билік дуалы ақын аузымен өз дегенін іске асыруда жәрдемші деп табады. Эзотеризм.
Ақындардың бұдан басқа да түрлері баршылық. Өлеңді кәсіп қылуы өз алдына, оны қызықтап, ермегіне айналдырып, бір нәрселерді ұқсастырып, ұй­қастырып жататындары да бар. Әлеу­­меттік тәп-тәуір мәселелерді қоз­ғай отырып кейде шалқып кеткен­де қалыптан шығып, ақындық қа­бі­­лет­­ті қызық-қызық өлең­дер құ­рау­ға жұмсайтын кездері де болады. Тәуел­сіз­дік­тің 20 жылдығына орай көп­теген ақын­дар өздерінің мадақ жырларын жазды. Соның бірі «Үш қоңыр» газетінің 2011 жылғы № 33, 28 қыркүйекте жа­рия­ланған Серік Қапшықпай ұлының тәу­ел­сіздік жыры айдарымен көлемді тол­­ғауы жарияланыпты. Автордың өлең жазу­да едәуір төселіп қалғандығы көрініп тұр. Техникасы, сөз сонылығы, ұйқастары еш­бір мынау деген ақыннан кем емес. Сол жыр-толғауда елі­міздің ұшан-қиыр даласын, әсем табиғатын жырлай келіп, кейде сабадан асып, тасып, төгі­ліп кетеді. Сондай шалқымалы тұстарда
Дәнін көр ау, қай маңның,
Бәрін де кіл ім.. әлгі!
Бидайыңнан айналдым
Ұрғашы адам сыңайлы, – деп дәннің болмыс бітіміне қарап отырып әйел мүшесіне ұқсатып отыр­ғанына жолықтық. Бірақ, бұл бір бай­қаусыз айтылған тосын теңеу емес екен. Одан әрі жырлай келіп:
Бәрінде бар қай маңның
Собығы ұзын бұл әлгі...
Қурайынан айналдым
Еркек адам сыңайлы, – деп, тағы да бір анайылыққа, қарабайырлыққа ұры­на­ды. Біз сөзіміздің бас жағында «Қ.Ә.» газетінде жарияланған Ғалым Мұ­тановтың топтамасына біраз көңі­ліміз толмағанын білдірген едік, Маралтай ақынның сөзімен айтсақ, өлеңдік дең­гейге көтеріле қоймаған дүниелер. Одан эротикалық шумақтардың авторы болған Салтанат қарындасымыздың әдеттен тыс қатты құштарлықты жа­лаңаш суреттеген тұстары да аз кем сөз болды.
– Оу, Дүке, интернетті қайтпек­сіз? Ға­лам­­торда небір айтуға ауыз бармайтын өлең жазып жариялап жатқан қыздар шықты ғой.
– Ойбай, айтпа! Жыныстық қаты­насты қызықтап жазып, қайткен кезде тәнің қан­дай сезімде болды... деп, ауылдық жерде хайуандық әрекеттерді көріп тұрғандай сәт­­терді өлеңге айналдыруда. Және ең жама­ны мұныңды қой, ұят емес пе деп сайтқа шыққандар да айтпайды. Қайта, молодец! деп қол­тығына су бүрке түсетіндер бар.
Бір өкіндірер жері мұндай өлеңдердің (прозада да баршылық) бірен-саран емес, көптеп кездесетіндігінде.
Кезінде ұлтымыздың ұстазы Ахмет Бай­тұрсынов: «Әдеби еңбекті ешкім мақ­таныш үшін жазбайды, шығарма мінезден туады. Ұлтымыздың қа­же­тін өтейді сөйтіп» деп жазған екен. Өкінішке орай, ұстаздың бұл айтқан­дары іске асып жатқан жоқ. Керісінше, ақындықты мақтан тұтатындар баршы­лық. Бұл күнде қаржыларына әдемі өрнектелген кітаптар шығарып, ауыл елде кездесулер өткізіп беріңдер деп қиғылық салады. Одан келесі жылдары тағы да кітап үстіне кітап шығарып (ол кітаптарында байшыкештерді мақтап, бірдеңе дәметіп, өлеңнің құнын түсіретін жағдай бар) ал, енді не дейсіңдер, міне төрт бес кітап шығардым, Жазушылар одағына қабылдаңдар деп есік тоздыратындар бар. Өкініштісі сол, кейде солардың кейбіреулері қабылданып та жатады.
Ақындар турасында сөз болғанда ең алғы шарт – өлең, өлең болуы керек қой. Онда ырғақ, өлшем, әуезділік, тағы да бір және міндетті түрде бастысы – ұйқас мінсіз болуы. Одан басқа ақындық көңіл-күйдің құбылуына орай интонация, тегеурін, ша­рықтау-шалқу дегендей де болуы мүмкін. Бұл көбіне француздар мен орыстар верлибр деп атап кеткен еркін өлеңдерде көбірек бой көрсетеді. Тәңірінің өзінен дарыған қасиет - ол көркем өнер туындысы. Сон­­дықтан, көркемдік, сұлу, бейнелі сөз айшықтанып көрініп тұрғаны абзал. Баяғыда әжелеріміз ұршық иіріп, мақтадан немесе қойдың жүнінен алаша тоқитын. Төсеніш үшін болсын, іргеге тұту үшін болсын жиектеріне өрнек салып құстабан, құс таңдай, қош­қар мүйіз сынды әсем бедер салатын. Тағы да сондай өрмек құрып жәй теру жасайтын. Мұны қара теру деген. Одан көбінесе қап тігетін. Бұл енді әсемдік бұйымға жатпайтын.

Заманға лайық постмодерн
жыр көкжиегі
Жазбамыздың бас жағынды айтып едік қой. Біздер бірнеше достар кейде, ыңғайға қарай, ауық-ауық жиылып, өз ара кеңесіп, замана туралы, мәдениеттің, әдебиеттің қайда бара жатқаны жайлы пікір алысып тұратын едік. Кеңес соңында тапсырма берілетін. Жи­нала қалған жағдайда жай ойға келгенді экс­промттық жолмен, алдын ала ойланбай айта салмау керек делінген.
– Бұл өзі қиындап барады ғой, баяғы Х1Х ғасырдың соңындағы орыс композиторлары мен суретші, әдебиетшілерінің «Могучая куча»-сы сияқты ма?
– Ондай болу қайда, бірақ болмасаң да ұқсап бақ, деген емес пе?
– Ешкімге ұқсаудың керегі жоқ. Жәй, өзіміздің достардың келесі шәй ішуіміздің үстінде не болса соны айтып немесе өсекке жол бергенше баяғы өзіміз жақсы көретін қоңыр әңгімемізді жалғастыра берейік – деді, бүгінгі асаба Сексенбай.
– Келесі жолы, Дүке, сіз осы тақырыпта бізге әңгіме айтып беретін болыңыз. Сол тапсырмамен мен бұл тақырыпты мақала сияқты жазбақ болдым. Тек өзіміз ғана болмай, басқалар да аралассын, сырлассын дегендік.
Бүгінгі күн санаға үлкен жүк түскен кез. Тау суындай арындаған, келе-келе бой бермес үлкен селге ұласқан ақпарат тасқыны ырыққа көнер емес. Ол сол өзінің ырыққа көнбейтін еркіндігінен қуат алып еркін жайылуда. Ғылыми тех­никалық төңкерістер үсті-үстіне жаңа сер­пін тауып, барған сайын өндірістік ин­но­вациялық сипат алып қарқындай түсуде. Пост индустриялық өнім өндіру­дің шарықтап өсуі экономикалық ер­кін­діктің, трансконтинентальдік кор­­по­рациялардың жалпыға бірдей қана­ғаттандырушылық, тұтынушылық қа­жет­тердің мейлінше тез әрі кең көлем­де сұраныстарға жауап беру ісіндегі үстемдігімен ерекшеленеді. Бұл үде­мелі өркендеу тек материалдық игіліктер өндірумен шектелген емес. Ол бүкіл ақыл - ес, сананы қамтып бәрін де өз бауы­рына басып алуды көздеуде. Бұл айта беретін жаһанданудың көрінісі. Бұған қарсы тұрар қуат күш жоқ. Үйткені ол капитал заңына сәйкес соның өзімен құр­сақтанған. Осылайша өркениетке, зайырлы қоғамға қарай жыл­жудың обьективті заңдылығы іске асады.
Жаңа заманның, жаңа, бұрынғыға ұқ­­са­­­­майтын дәуірдің өз құндылықтары бо­­лады. Ақыл, ой, сана, рухани дүние бәр-бәрісі астасып араласып, өндіріспен де кірігіп кеткен. Жаңа дәуірге жаңа көз­қа­растар, жаңа құндылықтар мен сол құндылықтар турасындағы пікір пайымдаулар болуын қажетсінеді. Бүкіл адамзат сөйтіп мәдениеттің жаңа сатысына қадам басты. «Мәдениет, оның тарихы дегеніміз диалектиканың атасы Гегель айтқандай рух қозғалысының талпынысы». Осы заңдылық біздің қа­зақ қоғамын да толық қамтып отыр. Әу баста «Алаш» арыстары, одан бері қарай С.Қожанов, С. Садуақасовтар қоз­ға­ған ұлт мүддесі, әдебиетте қызыл импе­рия­ның әлі күш қуаты сарқыла қоймаған өткен ғасырдың сексенінші жылда­рының екінші жартысында А.Сүлей­меновтердің, Т.Әбдіковтердің, т.б. ұстанымына айнал­ғанда былайғы шы­бында­ғыш жұрт үрпиі­сіп қалғанды. Жаңа дәуір өзі­нің рухани саладағы, санадағы барлық жа­ғымсыз, кесір кесапатымен бірге, оған қарсы тұрар ұлт туын ардақ тұтатындардың қарасын көбейте түсті. Соданда болар, бұл алаш азаматтарына деген қазіргі жұрттың сағынышы солғындаған емес. Үйткені қан­дай да болмасын үстемдікке қарсы тұ­рып ұлттық болмысты сақтап қалудың ішкі қуаты осы тектес тамырлардан нәр алады.
– Иә, қиын шақтарды бастан кешу­деміз. Бір жағынан бұрынғы, сан ға­сыр жинақ­талған рухани құндылықтар өз мә­ні­нен айырыла баста­ған, ал, оның орнын толтыратындай, жаны­ңа жақын жаңа құн­дылықтар қалыптасып бол­маған кез.
«Дәуірлер ауысып жатқан заманға кез келгейсің» деп қытайлықтардың кө­не қарғысына ұшырағандаймыз. Ұлт­­тың ұлт боп қалуы үшін қызу майдан бас­тал­ды. Осыған дейін кем тұтып, біз­дер сияқ­тыларды же­текке алып ке­леміз дей­тін ық­пал­ды ұлттар әлі де райынан қайтар емес.
Рас та шығар біздер бірнеше ғасыр талпыншақ, үйренуші ұлт болып келдік. Бұған Абайдың өзі бас болып, орыстан үйрен деп жол сілтеді. «Біздің мәдениет үйренуші мәдениет екеніміз рас, бірақ үнемі соны ұстана берсек, оның зардап зиянын тартуымыз мүмкін. Бұлай ете берсек, түп-нұсқалық өз мазмұнымызды әлсіретіп алуымыз мүмкін (М.Қойгелдиев). Қазақта үйрен де жирен деген жақсы сөз бар. Ұлт қамы деп өз шеңберімізде тұйықталып қалуға тағы болмайды. Ұлтсыздануға қарсы әрекет аса пара­сатты­лықпен жүргізілгені абзал. Батыс мәдениеті қаншалықты тағылымды болға­нымен оның ұлттық мәдениетімізді әлсіретуге, аздыруға бағытталғаны көп­ші­лік немесе бұқаралық деп атап жүр­гені­міздей, арт музыка, арт поп, арт искусство күйедей жайпап келеді. «Транскорпорациялар ұлт мәдениетін өз қолбаласына айналдыруға бағытталған, бұл жаһандану» (Дос Көшім ).
Ауыспалы кезеңдер, өліара шақтар бұған дейін болған.
Өткен ғасырдың басында капиталистік дүниеде болған жаппай тоқырау, санаға үлкен салмақ салып, мақсатсыздық, идеясыздық тоқырауға ұшырағаны белгілі. Содан дүние екіге жарылып, жаңа саясаттанған жүйелерге жол ашылды. Бұл еркіндік үшін күрес тарихының жалғасы, сана бостандығы үшін күрестің қызу басталғаны еді. Коммунистік идеяның белең алуы дәл сол кезде оған қарсы тұра алатын әлеуметтік күштің жоқтығынан болатын. Мынадай шарасыздық пиғыл соның салдары болатын. «Бірге тұрып, бірге өмір сүргенімізде ортақ мақсат болмаса мұндай өмірде мән жоқ». Бұл пікірді сонау дүниені түгел шарпыған индустрияландыру, АҚШ-тың экономикадағы үстемдігі мен мәдени, рухани салада да өз тәртіптерін, бұқаралық поп музыкаларын тықпалап жатқан кезеңде Франзуздардың қарсы тұрған кезеңінде дербес, ерікті, еркін бағыт ұстанған «Экономика және гуманизм» журналынан кезіктірген едік. Бірақ, ол қарсы тұрушылық тек тар шеңбердегі – өнер адамдарының шығармашылық еркіндік талап еткен қарсылығы ғана еді. Онда әлеуметтік мүдделер қорғалған жоқ.
Алла тағалаға мың мәртебе шүкіршілік! Ел­ба­сымыздың реформалары арқасында осындай өліара шақты бастан кешіріп жатқанда біздер алдыға үлкен мақсаттар қойып, ұлтты, халықты біріктіретін үлкен стратегиялық мәні бар көп жылдарға арналған жоспар программалар қабылдап жүзеге асырып жаттық. Алдында 2030 стратегиялық жоспар, одан, міне, енді 2050 программасы! Бұл «ешқандай измдерге» ұрынбай-ақ өз жолымызды – Қазақстандық өркендеу жолын тапқандықтың нәтижесі еді. Бұл таза прагматикалық жол; алмағайып сәттерде аяққа нық тұруда бірден-бір тиімді жол еді. Мұнда рухани салаға мемлекет тарапынан басымдық берілуі екінші қатарға шегеріле тұратыны өзінен өзі аян. Осының әсерінен қоғамда саяси ауа жайылушылық, торығу, рухани дағдарыстар түрлі деңгейде көрініс табуы заңдылық.
Сол жаппай индустриализация қар­қын алып келе жатқан өткен ға­сыр­лардағы кезеңде оған қарсы тұрып, қабылдамаған ағымдардың бірі экзистенциализм (лат. существование - өмір, тіршілік, күнелту) еді. Бұл саяси қарсылық емес, шығармашылық жолындағы адамдардың абсолюттік еркіндікке ұмтылу қозғалысы болатын. Оның пайда болуы өткен ғасырдың басында, тіпті, одан алғы ғасырда буржуазия философы Кьеркогордың ойларымен дүниеге келген. Кейін ол кеңінен жайылып искусство, әдебиет, жалпы шы­ғармашыл интеллигенция арасынды танымал ағымға айналды. Сюрреализм (фран. сверхреальность) де осыдан қоректеніп, рухани тірек алыпты десе болады. Ол кейін АҚШ-та кең өріс алды. Әлемге танымал белгілі өкілдері Сартр, Камью, суретші С. Далилердің арттағыларға жасаған ықпалыда зор болды. Олар шындығында шеберліктің шыңына шығып, формадағы, бояудағы неше түрлі бұрын қол жетпеген құбы­лыстардың сырын ашып шын мәніндегі шедевр туындылар жасады. Бірақ, одан бір мән, мазмұн оқиға, сюжет іздеп әуре болмаңыз. Бәрі абстрактылы. Мысалы, Сальвадор Далидің, бас­қасын қояйық, «автопортрет» деген туындысына көз тоқтатсаңыз адам ақылы жетпейтін қызықты кескіндерге кезігесіз. Сәл сәл өзіне ұқсай ма, ұқсамай ма адам кейпі қолданылған материал құралы бояу­ларының өзгешелігімен таң­дандырады. Бәрі ағып, тамып, ашыған қамыр сияқты тасып немесе кофенің қоюындай қоймалжың дене жылжып ағып бара жатып адамның иегін бейнелеген. Енді, тез тіреу қоймаса ағып түсетіндей. Дереу қураған бұтақтан тіреу қоя салған. Сонымен, адам иегі тоқтап тұр. Енді, ары қарай бет сұлбаны түгелдей қарасаң қас қабақ та сондай, тыриған арық қолы да тіреу таянышқа сүйеніп әрең тұр. Алдындағы сағат та сондай. Дөңгелек кейпі еріп ағып сопайып барады. Бәрі де ағып, тамып, еріп тұр. Бірақ, осының бәрі үлкен өнермен ыждаһатты, нәзік те жарық етіп жасалған. Бояулар жібек сияқты. Түк мән жоқ. Үлкен шеберлік қана бар. Қап! дейсің ішіңнен. Есіл еңбек нені айтқысы келді екен? Бірақ, бұндай шығарма сол өзінің құпиялылығымен де өте әсерлі.
Болмысты адамның өз ішінен іздеуді ұсы­нады. Экзистенция, яғни, жеке адам өзі ар­қылы дүниені және өзін таниды. Шындық пен ақиқатты мифтерді пайдаланып, түс көруден, қиял-елестен, абстракты ойдан, дерексіздіктен іздейді. Поэзияда, қылқалам шығармаларында шындықты, болмысты мағынасыздыққа, жетелейді. Экзистенциализмде дінге сенушілік, кейбір тармақтарында атеизм басым болып келеді. Әлгінде айтылды ғой, бұл сананың, рухтың тоқырауға ұшыраған шағында сүйенер идея таппай күйректіктен, дәуірлердің өліара шағында пайда болған ағым.
Біздер де бұл күндері өліара шақтан өтіп барамыз. Осыған дейінгі қаншама ғасырлар бойы жинақталған рухани құндылықтарды мансұқтаған кездерді бастан кешірудеміз. Бұл кезеңнің ерекшелігі шығармашылық ортада күйректік пайда болғандығы. Солай болмағанда ше? Болмыста, тұрмыста бұрынғы дәстүрлер, тәртіп пен тыйымдар өзінен өзі жоққа шықты. Әдеп, инабат, ұят, ар делінетіндер ысырылып тасталды. Әркім дара-дара, құдай пана принципі белең алған соң, алдымен күн көрісті ойлап, жұрт ақша үшін, баю үшін не бір сұмдықтарға бара бастады. Ел басқарады, халықтың қамын ойлайды дегендер парақор, жемқор, ашкөздік танытуда. Жұрттың көз алдында мемлекеттің беделі түсуде. Ай сайын, апта сайын не бір лауазымды адамдар қылмысқа ұрыныпты деген хабар естіп жатамыз. Заңдар аяқ асы болып тапталып жатыр. Онан соң, тәуелсіздіктің келуімен бұрын жабық болған архивтер ашылып, жұртшылық кеңес кезіндегі небір сұмдықтарды біліп, қатты торығып, түңіліп ашу ызасы да шектен шыға бастағанын аңғарды. Бұл жағдай жалғыз біз емес пост кеңестік елдердің бәрінде бар екендігі байқалды. Ақындар мен ғалымдар без теріп кетті дегендей күндерді бастан кешіріп жаттық.
Не навижу этот ХХ век,
Не навижу его кровавый рек.
Зачем мне закон о праве человека
Я давно уже не человек, – депті А. Соколов деген ақын.
Өнерде талғамсыздық етек алып, батыс­тың бейбастақ музыкасы мен санадан аулақ түйсікті ғана қоздыратын күмпілдек билері жастардың есін жаулап алды. Осындай шақта әлгі жоғарыда айтылған өмірден түңілуді медет тұтқан экзистенцияның ұшқындары бізге де жетіп күйректік бой көрсете бастады. Алғашқыда осындай жылауық поэзия белең алғаны рас. Бірақ, бұған Мұқағали сияқты ақындар тобы көп бой алдыра қойған жоқ. Туған жерді сүю, оның табиғатын, әлеуметтің өршіл рухын жырға қосу, ел, жер, азаматтық парыз жайында тебірене толғау, өрнекті ой кешулер өрісін таба білді. «Еңкейген қартқа таяныш, жылаған балаға жаялық етіп» өлеңнің азаматтық рухын түсірген жоқ.
Ойлы жас!
Өлең менің сырласымдай,
Сырлассам да құмарым жүр басылмай.
Айтып өткен ақында арман бар ма,
Жүрегінің түбіне кір жасырмай.
Немесе:
Сәби халқым, сарыла сыр ақтарам,
Жалған ой, жасырын күй жырақ маған.
Сенің үнің мендегі, сенің жырың,
Сенің ойың мендегі тұрақтаған.
Бұл өмірді жырлау. Қандай жағдай болмасын ақын елінің өмірге құлшынысын бәсеңдетпей, тұйықтан алып шығуды өзіне міндет санайды. Қадыр, Тұманбай, Сәкен, Рафаэль, Несіпбек, Фариза, Ақұштап т.б. өздеріне тән азаматтық, адамгершілікті арқау еткен позицияларында қалды да, Темірхан, Иран Ғайып, Маралтай тектес ақындар тегеурінді түрде ұлттық намыс­ты қайрау, ояту бағытындағы күрескер, адуын жырларын өмірге әкеліп жатты. Сонау Көк бөрілер мен Күлтегіндермен үндесіп, қайсар бабалардың рухын шақырып, туларын көтерісті. Ал, ақындардың бір тобы өз ішіне үңіліп, дүние сырын іштей ұғынуға талпынуы абстракцияға, әлгі айтылған экзистенцияға, дерексіздікке берілуі бекер емес. Осы тұста поэзия іштей түлеп, жаңа жағдайларда жаңа форма табуға талпыныс жасағаны да байқалды. Ішкі драманы беру, адам жан дүниесінің құпия қалтарыстарына үңілу сияқты психологиялық тітіреністер шеберлене түскендей. «Өз заманының шындығын көрсете алмаған, сезіндіре алмаған поэзия бос қиял іспетті» депті В. Белинский сын жоқ жерде өнер де жоқ депті тағы да.
Бірте-бірте өмір қалыпты арнаға түс­кеннен кейін күйректік, мұңшылдық сарын жайлап сейіле бастар ма екен? Әй, қайдам. Бұл заманның сұрқы бөлек. Халық ретінде, ұлт ретінде жойылып кетпеудің жолын қарастыру керек. Осы бағыттағы тегеурінді күш ұлттық рухқа мін боларлық тоғышарлық, рухсыздық, намыссыздық шалақазақтық пен ашкөздік енжарлық пиғыл-мүдденің өрісін тарылта түсу ісінің зәрулігін ұғындырудың мәні зор. Бұл ардың ісі, әдебиеттің ісі болса керек. Әйтсе де, пендешілік мұң жуық аралықта тарқай қоймайтын түрі бар.
– Бұлай таусыла сөйлеудің керегі жоқ. Мұңның да мұңы бар. Қара бастың, ішіп жемнің мұңы басқа, бүкіл ұлттың жоғын жоқтап, тілеуін тілеген мұң басқа. Шынтуайтына келгенде осы мұң, қасіретке бой алдырғандық кей ақындарда жасандылық емес пе екен деген ой да келеді. Ал, жасандылық қашан да болсын эстетикалық шөл қандырып, жағымды әсер етеді дегенге сену қиын. «Жер наны үшін ұн керек, ел қамы үшін мұң керек» деген ғой Асқардың сыныптасы Разық.
Рас, көне заманнан, Эсхил дәуірінен, тіпті, одан да әріде трагедиялар мен небір ғылыми трактаттарды өлеңмен жазып, са¬наны алға сүйреген керемет үлгілері болған. Одан, тас қашап, мүсін жасау, қала салу, сәулет, сурет өнері өз алдына ғажайып дүниелер. Адамзат мәдениеті мен өнерін алға сүйреуде Леонардо да Винчи, Микеланджело, Рафаэльдердің, Тициан, Рембранд, Рубенстердің өнегелі істері небір керемет жолын қуушы қылқалам шеберлерін тудырғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Қайта өрлеу дәуірінен кейін өнердегі нағыз бәсеке өзінің шырқау шыңына жеткені аян. Әр бір жұрттың өнер туындыларына аялы көзбен қараған жөн деген екен Гетенің досы, Берлин университетінің ректоры Г.Фон Гумбольт.
– Әлемдегі қай халықтың болмасын өнерінің бір қылы қисайса, ол бүкіл адамзат мәдениетіне келген нұқсан деп ұғу керек, – деп. Мәдениеттерді қарсы қоймау керек. Олар бір-бірімен көзге көрінбейтін жіптермен байласып жатыр деп жалғастырады ойын әлгі ғұлама қария.
Көшпенділер мәдениеті өз алдына бөлек бір әлем. Далиған даланың қалалары мен темір мен алтыннан түйме түйген өнеріне қызықпаған көрші қалмаған. Сансыз соғыстарды бастан кешіріп жатқан дала өлеңді жанына жан серік еткені мәлім. Ол қаласа қару, жанына от салар ұран, толқыған көңілге тоқтам айтар аталы сөзі, қамыққанда жан сергітер жақын сырласы болды. Ақ өлең тектес әрі өсиет, әрі ұран тектес. Тоны көк, Күлтегін жырлары соның айғағы. Жыр дастандар, толғау сөз, батырлар жыры, қисса, шежірешілер сөзі, жыраулар тебіреністері, дастандар мен лиро эпос, айтыс, терме өнерлері еш бір халықта біздегідей кемелдікке жете алмаған. Қазақтың қара өлеңі поэтиканың нағыз академиясы десе болғандай. Ал, өрнекті сөз - жыр нұсқалары күйлермен астасып жатады. Осыларды еске ала отырып, бүгінгі қазақ өлеңі туралы ренішті пиғыл танытудың өзі артық сияқты. Сол мол дүниеден басқа елдердің кең хабары болса, олар әлдеқашан өлең құрауда кімнен үлгі аларын айтқызбай ақ сезер еді. Үйткені ол түп нұсқа. Үйткені ол түп-тамырдан нәр тартқан текті сөз. Үйткені ол ешқашан өңі солғын тартпайтын киелі дәстүр.
Бұдан біздің ақын-жазушылар ешкімнен ештеңе үйренбесін деген сөз шықпайды. Жағымды, көңілге қолай, жаңа заманға сай ырғақты болсын, басқа болсын өнер туындылары бізге де жат емес. Дегенмен, батыста пәлен ақын бар екен деп тықпалай берудің де керегі шамалы. Бар екенін білгеннің өзі де жеткілікті, онда да оларды қайталамау үшін. Тіпті, кей жазушыларды әлдекімдер мақтады екен деп, біздер де дүрмекке ере бермеуіміз керек сияқты. Осы Г. Маркес дегенді жиі ауызға алады. Оның «...Жүз жылы...» батысқа әлдеқандай болғанымен біздерге пәлендей өне­гелік те шеберлік түрғысынан да мәні шамалы сияқты. Кейіпкер әйел пәлен еркекпен әуйі болғанын мақтан етсе, төбесінен ұрғашы торғай өткізбейтін еркек мауығы мүңкіген шақтарында, тіпті, өз бауырларына, ет жақындарына да көз сүзетіні қай бір адамдық қасиет? Әйтеуір, батыстағыларды жақсы біледі екен дегенге мәз болмай, еліктеуді де пір тұтуды да талғам таразысынан, өз ұлт дәм татымымыздан күтуіміз керек қой.
Ақындығымен де сыншылығымен де ерекше көзге түскен Иосиф Бродскийді көп айтады. Талант екені даусыз, тума талант. Әйтпесе, сонша атақ алып, пәлен университетте профессор болып жүргенде оның нақтылап алған жалпыға міндетті он жылдық білімі де жоқ. Бар болғаны сегіз класты Кеңес елінде жүріп зорға алған адам. Ал, оның ақындығына, талантына дау жоқ. Осы тұста оның ССРО-дан қуыларда сотқа берген жауаптарына назар аударып көрелік.
Сот: Сіздің мамандығыңыз?
Бродский: Ақын, аудармашы.
Сот: Сізді ақын деп кім айтқан? Қалай білуге болады?
Бродский: Кім болушы еді? Мені адам деп кім таныды?
Сот: Сіз ақындықты оқыдыңыз ба?
Оларды даярлайтын... оқытатын жерде...
Бродский: Мен оны білім, оқу арқылы берілетінін естімеппін.
Сот: Енді немен беріледі?
Бродский: Құдайдан ғой деймін.
Сот: Сотқа қандай талап, тілегіңіз бар?
Бродский: Маған не деп айып тағып отыр­ғанына түсінбедім (Фрида Вигдо-рованың интернеттегі жазуларынан).
Ақынды еркіндігі үшін, шығармашылықта тым ерік еркіндігі үшін сотқа тартты. Еркінмін деп, ауа жайылушылықтың жақсылыққа апармайтынын Кеңес үкіметі ерте түсінді.
Міне, осы керемет ақынның өлеңдері, эссе­лері батыста кең таралып, үлкен бағаға ие болды. Сол үшін де оған Нобель силығы берілді. Бірақ, ол солай жазды екен деп, атағына құлдық ұрып, қазақ ақындары оған еліктей қойған жоқ. Оның өлеңдері абстрактылы, өзін өзі іздейтін, мәнге көп мән бере бермейтін стильде жазылған. Мысалы «Ария» деген өлеңінде
Полдень в комнате: тот покой
Когда низы как во
Сне пошевелив рукой
Не изменит ни чего, – деген жолдар бар. Мұнда Бродский дәстүрлі өлең жолдарын бұзып, қалыптасқан тұрақты сөз тіркесін (во сне) үзіп ұйқас үшін екі жолға бөліп тастайды («как во» мен «ничего» ұйқасуы үшін ал, во сне басқа жолға жер аударылады). Келесі бір шумақты талдап көрелік:
«Муха» деген өлеңінде де осындай жағдай.
Теперь ты медленно ползешь по глади
Замызганной плиты, не глядя
Туда, откуда ты взялась в апреле.
Теперь ты еле
Передвигаешься. И ничего не стоит
Убить тебя.
Немесе:
Трудным для подражания
Птичкиным языком
Лишь бы без содержания («Рождественские стихи» 2008 ж. С-Петер­бург кітабы).
Міне, көріп отырсыз мазмұн, мән дегеннің керегі жоқ деп ашық жазып отыр. Өлеңші қа­зақ үшін мұндай әрекеттің еш өнегесі жоқ.
– Айтпақшы мен бір қызық айтайын. Сіз айттыңыз ғой, әлгі Бродский айтыпты «шебер ақын болса торғайдың шырылын салсын» деп. Бізде бір бала бар қарлығаштың шырылын айнытпай салады, міне былай – деп Сәбет сөзді бұрып жіберді.
– Қане, қане?
– Тіцә, тіцә! Шіррә ә ә.. ли, шіррәәә! уағалайкү уәлайкү..уәлию, ашыри машыри, чыррр!
– Келеді әй, хе хе! Уағаләйку уәли, ә?
– Хе, хе, хе! Қызық ә?
– Жалпы, қарлығашты мұсылман құс дейді ғой, Періште мен пенденің арасында жүретін.
– Солай болса солай шығар, тілі мұсылман сөздеріне келеді екен.
– Иә, Бродскийді айтам-ау, Жалпы бұл ақынның көп өлеңдерінде осындай тіркес бұзу, мәнсіздікті өлең еткен жағдайлар едәуір баршылық.Тегі, батыс елдерінде шығармаға әлеуметтік мән жүктеуді дұрыс көре бермейді. Біз әлемдік классика деп, жатып жастана оқитын Бальзактар мен Стендальдарды Фрацияның өзінде өткен ғасырдың ортасында-ақ оқымайтын болғандығы хабарға кезіккенім бар.

Махаббат мұңы
Тоқтаусыз тамшылаған өмір тамшыларында махаббат дәмі сезілмесе, сылдырап ағып кеткен лайсаң судан айырмасы қайсы? Бірде есіңді алардай тым тәтті балдай, бірде ащы, бірде кермек сол тамшылар махаббаттың тылсым сырымен ақындар жырына арқау болғалы қашан. Сол сезім тамшыларының ең ескісі де, сағыныштысы, ащысы да тәттісі – мұң. Іңкәрлік, ынтықтық сағыныш тудырады. Мұның уыты мұң. Адам атадан бермен қарай жұбын іздеу, теңін табу, сүйгеніне жолығу Тәңірінің өзінен. Қаншама ғасырларда қаншама ақындар жыр арнамады. Жұбайын өзіне қаратсам деп, қайтсем көңілін өзіме бұрам деп, тотықұстар мен тауық­тар қауырсындарын түрлендіріп, бұлбұлдар құйқылжыта ән арнады. Тау со­ғыс­қандай болып, небір нән пілдер мен мүйіздері қарағайдай бұлан мен бұғылардан бастап, титімдей масаларға дейін өз сүй-гендерін иемдену үшін өлімге бас тігіп бітіспес шайқасқа түсті. Серігінен айырылып қалған күнді қайғының басы болдған күн деп, аққулар көлде мұңайды. Ал, адамдар оның асқынған түрін Ләйлі мен Мәжнүнге теңеді. Әлемдегі ең ұзақ та шытырман ертегі «Мың бір түн».
Махаббат машақатынан басталғаны белгілі. Жұмыр басты пенде қай заманда да махаббатсыз күнді күн демеген. Махаббат – мәңгі, ол ешқашан ескірмейді. Кім де болсын, мейлі ол патша, мейлі пақыр болсын өз махабба­тын ая­лап өтуге құмбыл. Көбіне жыр жа­зады, ән арнайды. Серілер майданға, жек­пе-жекке шығады. Жүйкеге салмақ тү­сіп, айықпас дертке ұшырайды. Бәрі де жүректен өтеді ағымы осы дегендей қа­дірін кетіре бастаған кез туды. «Махаббат ға­дауатпен майдандасқан. Енді міне ең асыл қа­сиеттердің бірі тұтқан махаббат сезіміне де қаяу түсіп, замана тұр.
«Қайран менің жүрегім мұз болмай ма» деген Абай атамның мұңы адаспай келіп жүректі тұмшалады. «Махаббат пен құштарлық» та екеуі екі жол екенін енді ұғынғандаймыз. Еркін заман ерік еркіндігін ала келді. Бұл өз кезегінде махаббат еркіндігі дегенді жетелеп жүр.
Бұрындары «мен не болсам, болайын, сен аман бол» немесе «Дүниеде сенен артық жар жоқ маған, саған жар менен артық табылса да» деп үздігетін еді. Жәй үздігіп қана қоймай, жар­ға деген адалдығын қорғайтын еді.
Енді: ...Бір жерден оқығаным бар еді.. Мәдина Омарованың «Қарғалар» деген әңгі­­месі, жарық көргеніне біраз уақыт болса да, осы заманғы, мына жолдар өмірі есімнен кетпейді.
«...Ол не себепті әке шешесінің алдында борышты сезінуі керек, түсінбейді. Жоқ түсінетін, бірақ, осы жерден әлдебір әділетсіздікті сезетін. Не себепті еркін өмір сүруден қысылуға тиіс, неге олармен бірге тұрып, олардың алдындағы «перзенттік парызын» өтеуі керек. Және бар­лы­ғын бақытқа кенелту үшін жақсы біреуге тұрмысқа шығуға міндетті.
...Бір қызығы, оларға маған жарық дүниені көрсет деп жалынған жоқ. Өле өл-генше қарыздар болайын деп келісім берген шартқа отырғам жоқ. Туса өздері үшін туды. Ал қалғаны әркімнің өз еркі емес пе?..» Одан әрі қарай оқи түсейік;
– «Сәлем!
– Cәлем!
– Жалғызсың ба?
– Иә.
– Маған келсеңші.
Бір сәтке үнсіз қалған Айжан «жақсы» деді (Бұл Айжанға жігіті Бағланның телефон соққан сәті).
– Келді. Бағлан жалғыз емес екен.
– Танысып қой, менің жолдасым, бірге жұмыс істейміз.
– Марат.
– Айжан.
Марат ұзын бойлы арық жігіт екен. Күлгенде әппақ тістері жарқ ете қалады. Әдемі.
– Не ішесің?
– Сыра.
– Онда мен қазір барып сыра алып келейін, сендер дастархан жасай беріңдер. Ол шығып кетті. Содан Бағлан жоғалып кетті.
– Бағлан келмейді деді Марат.
– Қалай келмейді, сыра ше?
– Сыра тоңазытқышта толып тұр.
Айжан Бағланды іздеп телефон шалады. Аржақтан басқа бір әйелдің даусы. Бағлан келмейтін болды. Айжан жылай бастады.
– Айжан, неменеге жылайсың, саған қандай айырмашылық бар, бәрі бір емес пе?
– Ие, әрине, әрине.
– Неге жылайсың, әйелдер осы қызық, онда тұрған не бар.
– Иә, дұрыс. Ол тез шешінуге кірісті.
Тәңертең тұрып айнаға қарап еді, жүзі әлем тапырық екен...»
Бұл бүгінгі жастардың махаббатының айқын көрінісі. Обалы не керек, әңгіме жап-жақсы жазылған. Бүгінгі шындықтың суреті қаз-қалпында мөлдіреп тұр. Ел жұртымыз болып, ақындарымыз болып, аза бойымыз қаза тұрып безінетін нәрсеміз осы. Мәтіндегі «...қандай айырмашылық бар, бәрібір емес пе» деген жолдар менің есімнен мүлдем кететін емес.
Е.Тұрсыновтың «Келін» фильмі одан әрі жалаңаштана түскен. Мейлі ондағы кейіпкерлер бүгінгі қазақ болмағанымен өзге жұрт оларды қазақ деп таниды. Махаббат тұрақсыздығы. Сүйгенін аңсап, мұңға толы өлеңдер жазғанда ақындар осындайға кезіктірмесе екен деп, дүниеден, іріп бара жатқан қоғамнан жерігенде өмірді мансұқтап, мұңға күйректікке түсетіні осыдан емес пе? Содан болар қазіргі махаббат туралы жазылған өлеңдер бұрынғыша жа­лаң «күйдім», «сүйдім» деп емес, терең психо­ло­гиялық толғанысқа түсіп, іштей үгіліп, аң­са­ғанынан көз жазып қалғанына өкініп, көкі­ректерін сағыныш оты өртейді. Махаббатқа адалдығын, өліп-талып күтіп жүргенін ішкі жан-дүниесінің бүкіл күйзелісімен, ішкі драмасымен шынайы сезіндіруге ұмтылады.
«Жұлдыз» журналының 2013жылғы №3 санында бір топ ақын қыздардың лирикалық топтамаларына кезіктік. Кезіктік те бас ала ал­май құныға оқыдық. Бәрі шындық. Сезім де, күй­зеліс те, сағыныш та, өкініш те бәр бәрісі шы­найы.
Ақсүйрік Ізмұханова «Бала талдар иіскейді жылы ауаны» атты топтамасында сол біз айтып отырған шынайы мөлдір сезімнің сырын шерткен. Өлеңдер әп-әдемі, шып-ширақ жазылып, алғашқы тармағымен ақ өзіне баурап алады.
«Ерте көктем» өлеңін оқып көріңіз:
Ерте көктем,
Ала келді жұпарын ерте кеткен.
Бала талдар иіскейді жылы ауаны,
Лебімен аймалап еркелеткен.
Сүйісуде
Көгершіндер махаббат мүйісінде.
Бір белгі бар құстарда маған таныс
Бір белгі бар көктемнің иісінде.
Ағын өктем,
Әкелгендей жаныма тағы көктем.
Балғын иіс сеземін, көкірегімді
Сенің исің секілді жарып өткен.
Бұралады
Тал қайыңды тербетіп бұлақ әні.
Мен өзіңді сағынып тұрмын жалғыз,
Үнсіз жұтып жұпарлы жылы ауаны.
Көктем жайлы өлең жазбаған ақын жоқ шығар. Әр кім өзінше көңіл ауанын жасарып жаңарып келе жатқан дүниенің құлпыруын өзінше жырға қосады. Ал, мына қарындасымыз әдетке айналған, көп өлеңдерде кездесе беретін, қайталана беретін «Жайнаған», «Құлпырған» есімшелері мен көсемшелерінен немесе «қызыл, жасыл, әдемі, сары, көк» сияқты сын есімдерден ада, ішкі сезімге үңіліп, бір кезде жанын жа­ды­ратқан бір иісті есіне алып, сол иісті мына көктем енді тағы да ала келіп, бала тал­дардың ырғалуымен есіне салып тұр.
Өлеңнің құрылымына да өзгерістер ен­гізіп, белгілі он бір буынды қара өлеңді жеке, бастапқы тармақтарынан қысқа бунақты жолға көшкен. Көп сөзділіктен, артық анықтауыштардан қашып, тек керек сөздерді ғана, сезімін жеткізеді-ау деген сөздерді ғана сұрыптаған. «Сүйісуде көгершіндер махаббат мүйісінде...» қаншалықты таныс болса да соншалықты тосын, жанға жылы махаббат идиллиясы. Біртүрлі елжіреген күйге еніп айта түссе екен деп, жо жоқ, енді ештеңе айтпаса екен деп, әлдебір түйсікпен өз басыңдағы сондай сәттерді іздестіре бастайсың. Жарайсың, қарындас, сезіміңнің мөлдірі былғанбасын.
«Күннің күркірі мұңды қозғасын,
Өзгесі бізге лайық деп пең?
Сенде ақ жауын, менде көз жасы,
Келші қосылып жылайық. Көктем !
Келші, қосылып вальс билейік!
Жауынның қандай жағымды әуені!
Ешқашан енді құлай сүймейік, жарай ма?
Мұң ғой сезім әлемі...
Бұл музыка. Жүрек лүпілдеп асау сезімге ие бола алмай, көктем мен бірге билеп, көктем оятқан ару жанның сүйгенін аңсаған жанның ішкі сезім бұлқынысы. «Ешқашан енді құлай сүймейік, жарай ма?» Құлай сүюдің дерті меңдеп үлгерген. Бұл әлгі өнер сарапшыларының өнерпаздың еңбегін бағаларда айта беретін «қауіпті сызығы». Дертке кезіге бастаған махаб­баттың шек сызығы одан да қауіпті.
Атын асфальтқа жүректің қызыл бояуын жазып қоямын, сен жаңбыр өшіріп кетші, себелеп! Деп назданғанымен, өлең жолдарына симай, симай емес-ау, әдейі жазбай кеткен ішкі іңкәрлігі бар. Ол өшіріп кетпеші дегені еді. Оны оқушы өзінің әлде бір беймәлім жетінші түйсігімен сезін­гендей болады. Ішінен өшіріп кетпесе екен деп тілеуін тілегендей.
Ә-ә, ұмытып барады екенбіз ғой. Бұл тебі­реніске толы әдемі жыр жолдары Жадыра Байбуланова атты ақын қыздың өлеңінен үзінділер. Бұл да қара өлең емес, 10 буынды ерекше ырғақпен оқылатын өлең. Өлеңнің бұл құрылысын біреулер Тұманбай ақынға телиді. Сол алғаш пайдаланды деп жатады. Бірақ, ол көп қолданғанымен алғаш поэзия әлеміне енгізген Қасым мен Тәкен ақындар еді ғой. Тәкен аға А.С.Пушкиннің «Дауыл» өлеңін қазақшалағанда осы тәсілді алғаш рет қолданды. Тармақтағы бунақтар 3+2, немесе 2+3 бунақтардан құралып, 5+5 болып жаңа екпінді ырғақ табады. Бұл ішкі сезімнің ерекше көтеріңкі қалпын беруде аса қолайлы құрылым. Жадыра қарындас мына өлеңінің ішкі интонациясын беруде осы өлшемді алғаны қолай көрген екен.
Мәселе, әйтсе де, мұнда емес. Кей сын­шы­лардың қазақ өлеңдері сол қара өлең тө­ңірегінен шыға алмайды, ескіден жа­лықпайды дейтін ренішті сөздерінің жаңсақ екен­дігін көрсетуде. «Поэзияның соры – ауыл ара­сындағы болмашы ғана оқиғаны сөзге тиек етіп ұсақтап бара жатқан ақындардың адасуында» (Жұлдыз, 2013. № 3. 146 бет).
Ал, махаббат лирикасы үф етсең ұшып кетердей, нәзік, тым нәзік сезімдерден сүзіледі емес пе. Оны ірі, ұсақ деп айта алмайсың «айдың мүйізіне ілініп тұрған тамшы нұрдың қашан үзіліп түсерін күтіп» шыдас табатын, я тағат таусылатын шақтар болады. Сол сәттерді ұстап қалсам деп ақындар жан таласады. Ақ тер, көк тер болып сөз сараптап, сезім сүзгісінен өткізеді. Жадыра қыз сол тақылетті ақындар санатына жатады.
Сөз саптасы да осы заманғы жастардың ауызекі тілінен алынған. «Сынсам да өзіңмен сынамын бірге» Сынды, өкінді, опынды, енді қайтпек? Мұны ақын «Шаттықтан кетті шұғыла ғайып» деп, өзін сабырға шақырып «Ерегіскенде мына өмірге қосылып бірге күліп алайық» деп түйіндейді. Иә, бұл күнәһар көктем. Ақынның бұдан әрі «Жыныма тимеші», «Жүрдек пойыз», т.б. өлең­дерінде алабұртқан көңіл-күйі іштей ши­рыға түседі Бұл сәт көбіне ежелден таныс су­ретті көз алдыңа алып келеді. Дала гүлін құ­шағына алған ғашық жан қауызын жарып шыққан нәзік желбезектерді бір-бірлеп «сүйеді», «сүймейді деп жұлып тастап тұрған қобалжыған сәтін көргендейсің.
Бірақ қыз өз махаббатына берік.
«Бақытты болмайсың сен» – деп күз
Жылайды төгіп қанша мұң.
Жаңбыр!
Оған сүйетінімді жеткіз
Сезбеген болса әлі...
Ақын қыздың шын сүйген арудың қалпына еніп, жаңбырмен сырласқаны қызықты-ақ, әрі сондай нанымды. Бұл өлеңдетіп отырған жоқ сияқты. Жәй сырлас досымен етене беттесіп іштегі жан сырын жеткізші оған деп арзу тілегін, ең қимасын айтып отыр.
Жаңбыр! Сен оны аймала!
Жақындай алмаймын енді мен...
Онан әрі сүйгенін ақ жауынға теңейді. «Тұп-тұнық көздері үнемі, Ақжауын! Аумайсың екеуің. Білсең ғой оның да жүрегі дәл сендей мөп-мөлдір екенін.
Бақытқа сол ғана лайық,
Қуанса, шаттыққа куә бол.
Дәл сендей бір кезде мұңайып
Жыламасыншы бірақ Ол...
Міне, сүйгеніне деген адалдық! Өлең өріле береді. Жан-жүйкені қоса тарамдап өріміне сіңістіріп жіберген. Ендігі өмірі жыр боп құйыла береді.
Өлмейді сөз де, үміт те
Өзгесі өледі шын.
Өмірің өзгелік те
Сен менің өлеңімсің.
Қыздың махаббат мұңына елтіп, бірге мұң­дасып, оның жүрегін құлыптап, қаламын бос қойғанының куәсі боласың. Одан әрі белгілі ...сағыныш, жанды жегідей жеген арылмайтын сары уайым мен оның серігі сағыныш. Осының бәрі өлеңмен өрілгенде жон арқаң шымырлап жыбырлап шымал өріп кеткендей сезінесің. Солайша ақын бастан кешкен хал енді сенің халіңе айналады. Үйткені бәрі рас, сенімді, сен енді Ол болып, Ол сен боп кеткендейсің. Өнердің өлеңнің құдіреті осы болар. Ақын топтамасында «Тағдыр деген...», «Мен енді», «Қара сыз...» «Көңілге тағы келген бе», «Өткелсіз» өлеңдері мұң мен тебіреністің тұманында бір батып, бір шығып, көңіл көкжиегін көлбеңдетіп өз тұң­ғиығына жетелей береді. Сен оқи түсіп ере бересің.
Енді, бірер сөз ақынның шеберлігі жайлы болса. Ең алғашқы байқалатын жай – өзіндік стилі, мақамы бар. Сөзге сараң, сезімге бай. Өлең құрылысы да көңіл-күйге қарай ширатылып, ширығып, көп сөзге ұрынбай сезім тол­қыныстарын дөп басып орын орнында тұрғандығы. Ұйқас та, ырғақ та солай. Көбіне арзан ұйқас емес тереңде жатқан ішкі иірімдер де үндеседі.
Қара сыз
Қалтырай үн қаттым.
Шарасыз
Шыға алман шырқап тым.
Тербеген тәтті мұң жүрегін
Меңдеген сағыныш сырқатпын.
Мұнда үндестік заңына лайықталған дыбыс қуалаушылық, диссонанс та алғашқы сөздері мен соңғы сөздері өз ара ұйқасып көңіл-күйдің тұтас қалпын қапысыз жеткізіп тұр. Шумақта ұйқаспаған сөз жоқ. Бәрі ұйқасып тұр. Бұл тәсіл әсіресе «Өткелсіз» атты өлеңінде қатты байқалады.
Заңына тағдырдың көндігіп,
Тағы да мұң тербеп, өлді үміт...
Жыр шыққан жүректі емдедім
Тұншыққан сезімді сөндіріп.
Өлеңді соңына дейін оқысаңыз да сол бір қалып. Алғашы сөз екінші тармақта да сөздің соңында да бір-бірімен ұйқасып, біріне бірі сезім мен байланған. Тармақтың алғашқы жолы «Заңына» болса келесі тармақ «Тағы да» болып ұйқасып басталады да соңғы сөздер тағы да «өлді үміт» «сөндіріп» болып үйлесіп көркемдік шешім табады.
Жалпы, сөздің басында да айтқан едік, қазақ өлеңдері бүгінгі таңда шеберліктің шырқау биігінде. Көп оқимыз, шет елден де, көршіден де хабар алып тұрамыз. Өлең өлкесі қандай деңгейде білгің келеді, біртүрлі қызық. Сонда байқағанымыз, сол баяғы екпін түсетін буын бунақтар ұйқастың айнымас қазығы. Ақ өлеңі, тіпті, ұйқасты қажет етпейді, Ырғақ пен екпін болса болды. Ол солай, ұйқасқа мән беріп жатқан ақын жоқ. Ал, көршілердің өлеңі сол баяғы бір буынды сөздердің ұйқасынан көп ұзап кетпеген. Ал, біздерде ұйқас екі буыннан болса, әйтеуір ұйқас, көбіне үш буын, ең көп қолданылатын қара өлеңде төрт буын болып келеді де, кейінгі кездерде бес буынды, тіпті, кейде үйірлі ұйқас, қопарыла бүкіл тармақ болып ұйқасып келетін өлеңдер баршылық. Бұдан бір сөзді қосып, не алып тастай алмайсыз. Бұл нағыз шеберлік, мінсіз ақындықтың белгісі деп білу керек.
Оның үстіне өлеңнің түр формасын, құры­лымын жаңаша қиыстыруды өзіне міндет етіп қойған, сүйтіп байырғы баяндауға бейім қара өлеңнен өзгешелеу немесе сол қара өлеңді екпін, ырғақ, ішкі динамикаға қарай бейімдеп жаңа жол тапқан ақындар легі де көптеп кездесе бастады. Оны мына Айжан Табаракқызы атты ақын қыздың өлеңдерінен қапысыз аңғарамыз.
Алакеуім...
Жатыр әне ішке тартып дала демін,
Бүгін тағы...
Келмедің...
Үміт жылап
Жалғыздық құшағында қала бердім.
«Күз» деп аталатын бұл өлең үзілмейтін үміт жайында. Табиғаттың тылсым сырлары ақын қызға ой салады. Жаны кең терең түкпіріндегі қатпар-қатпар сезім қабаттарын оятып, күзгі әуенге орай мың құбылып, бұрын белгісіз қалып келген пернелерді ашып, үнге қосады. Қапелімде қолдан шығарып алған бақыт құсын өз махаббатын көп аңсап, тебірене күтіп, қайтсе де қолда қалған үміт жібінің бір ұшынан айырылғысы жоқ. Енді, сүйгенінің өз тұлғасы түгіл, оның тыныстаған ауасы, табаны тиген топырақтың өзі бұған аса ыстық.
Жүрегімнің емдей ме жарасын күз,
Санай берем бір күннің арасын жүз.
Келесің ғой сен ертең..
Қандай жақсы,
Бір қаланың жұтамыз ауасын біз.
... Жел ұшырса көңілдің жапырағын,
Мұңмен мұңдас боп тағы отырамын.
Сен келесің... біз енді бұрынғыдай
Бір қаланың басамыз топырағын.
Мына өмірге қайта ораласың.
Үзілмейтін үміт, сарқылмайтын сағыныш өз махаббатына деген шексіз беріл-гендік.
Көңілің әлі де елеңдей ме екен мен десе,
Сезімнің исі жұпарлы еді өзгеше.
...Жаның жабырқап өткен сайын сен жалғыз.
Кінәләй ма екен мен мұңлықты сол көше.
Жалғызбын...
Солай...
Күндер де құрғыр өтпейді.
Бір көрсем екен...
Мәңгіге сосын кет , мейлі.
Жапырақ үміт ілініп үнсіз мүлгиді
Тағы бір күзге жетеді, бәлкім жетпейді.
Бұл мәңгіге берілген махаббат. Осы тектес махаббатты көп іздейсің, аңсайсың, мәңгі солай болса екен деп іштей батаңды беріп, адалдыққа мінәжат еткің келеді. Тағы да көркем әдебиеттерді ақтарып кетесің. Мына өмірге қайта ораласың. Теле хабарларды көресің. МузТВ, ХитТВ, тағы сондай каналдарды көресің. Жап жақсы әуендермен араласып, көрерге зауқың соқпайтын би рэптердегі ерсі қылықтар, хайуандық әрекеттерді көріп тағы түңілесің. Жаныңдағы жастар болса үздігіп, аузының суы құрып көзін алмайды.
Осыдан келіп кітап ұстаса Д.Досжановтың «иненің ұшында» хикаяты қолыңа іліксе, әбден тоят тілеп, есіл дерті сол болып, ындыны қанбайтын Ая қыздың әтешке ұқсап кетіп бара жатқан жігітінің көлігіне қарғып мініп, тал түсте машиненің ішінде абыл ғұбыл тоятын қандырғысы келіп тұратын жиіркенішті көріністерге кезігесің. Содан жағаңды ұстайсың. Бала-шағамнан аулақ болғай деп тілейсің. Ал, әлгінде оқыған ақын қыздың махаббатқа соншалықты беріктігі туралы өлеңін уіздеп қайтадан журналыңды іздей бастайсың. Ала-құла дүние. Ала-құла адамдар. Ала-құла сезімдер. Осылардың арасынан жаныңды жадыратар жаймашуақ жылы сезім, әсерлі, қайғылы болса да бү­кіл тұла бойыңды тербетер тәтті мұңды аң­сайсың. Махаббат мұңы да көркем мұң. Сондай жырлар, сондай әндер іздейсің.

757 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз