• Ұлттану
  • 06 Қаңтар, 2014

АЛА СИЫР, АҚҚЫЗ ӘЖЕМ ЖӘНЕ ТҰЛЫП

Олжабай СабырбекСабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Балалық деген базарды балағымызды түріп тастап армансыз, алаңсыз аралап жүргенбіз. Балауса балдәурен кезең­нің көктемесінде көңілдерге көк кептер қо­нып, ешнәрсенің парқын біле бер­мейміз. Таңертеңнен шешем ағарған іш­кізеді. Кейде көгілдір қыраттарға шы­ғып, шең­гел-шеңгелдің арасынан жуа теріп келеміз. Балалық шағыңызда ай­ранға жуа араластырып ішкеніңіз бар ма? Бір жапырақ нан табыла қалса, бала үшін бұдан артық тамақ болмаушы еді ғой.


Жалаңаяқ жолдастарыммен жуа те­ре кеткенмін. Жолай бір бау балауса шөп жұлып алып тымпыңдап көтеріп кел­дім. Ондағым біздің асыраушымызға айналған ала сиырдың өзінен аумай қал­ған бұзауына беру. Оның енесі бізге ағар­ған сыйлап жүр ғой.
Иығымдағы шөпті тастай беріп денем дір етті. Кішкене ғана бұзау қозғалмайды, көздері бір нүктеге қадалып қалған. Ұстап көрдім. Қуыс кеуде, құр мүсін. Шошып кеттім.
– Апа! – деп қорадан атып шық­қанымды білемін.
Әжем маңдайыма суық шүберек басып отыр екен.
– Қорқып қалған ғой, – деп таң­дайымды көтерді.
Кейін білдім, ала сиырымыздың әде­мі бұзауы әлдеқашан өліп қалыпты. Сиырды идіру үшін әкем мен шешем бұ­зауды сойып, терісіне шөп толтырып қойыпты. Оны «тұлып» деп атайды екен. Байғұс сиыр сол тұлыпты бұзауым деп еміреніп иіскеп, емшегінен шелек-шелек сүт сорғалайтын көрінеді. Бос тұ­лыпқа еміренген ала сиыр бізді сүтке қарық қылғанмен, «бұзауы» өспей-ақ, идіріп ембей-ақ қойды.
Күндердің күнінде өзінің құр тұлыпқа алданып жүргенін сезді ме, бауырына жақындаған шешемді теуіп, сүзіп, ала­көздене өкіріп маңайына жолатпай қой­ды. Содан өрістен төрт емшегі сыздап та­ғат­сызданып келмейтін болды.
...Көршіміздің Қорабай деген ұлы болды. Мектепте оқып жүргенде тентектігімен аты шықты. Жоғары сыныпқа өткен кезде шараптан дәм ауыз тиді. Сол, сол-ақ екен, Қорабай қарадай жүріп бүкіл ауылды қырып жіберетін «өнер» ашты. Мектептен соң училищеге түсіп, механизатор болып оралды. Кең­шар басшылары, комсомол комитеті оны әскерге аса «құрметтеп» шығарып салды.
– Әскерде танкі айдадым. Командирдің өзін танкімен тырқыратып талай қудым, – деп аузына арақ тигенде бөсіп отырғанын талай естідік. «ДТ-75» деген шынжыртабанды трактор беріп еді, көп ұзатпай оны нағыз «танкіге» айналдырып шыға келді. Ішіп алғанда адамдарды көше-көшемен трак­тормен тырқыратып қуатынын әлі ұмытқанымыз жоқ. Ошақбайдың шар­бағын ойрандап кеткені бар, Мау­сым­бектің қорасын бұзып кеткені бар, ау­данға айдалып, он бес сөтке «қонақ үйге» жатып келген күндерінде есеп жоқ. Сонда да ес кірмеді Қорабайға.
– Бұл диюды үйлендірейік. Келіннен ұялар. Балалы-шағалы болса тентектігі тиылар, – десті үлкендер жиылып. Енді, Қорабай көкемнің өз тойында өзі төбелес бастап, бүкіл ауылды қырып кете жаздаған «кон­­цертін» қаз-қалпында қағазға түсір­сек, төрт-бес парақ қор болады. Мелдебек жәкемнің қолының сынғаны, Сұл­­тан көкемнің басы жарылғаны, Түк­тібай ағаның иығы шығып кеткені, То­ғызбайдың тепкінің астында қалып, бет-ауызы көнектей болып ісіп, адам танымастай күйге түскені, бүкіл ыдыстың сынып-күйрегені сияқты «ұсақ-түйекті» айтсақ та жеткілікті. Айтпақшы, учаскелік инспектор Қарасарт Жаңбырбаев Қорабай көкемді сол күні ауданға айдап, көзін ба­қырайтып он бес сөткеге жауып-ақ тастайтын еді, ауылдың ақсақалы, қарасақалы тү­гел жиналып, «бүгін ғана шаңырақ көтерді, тойдың бәлесі ғой, «қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде», ағайын араз болмасын, тентегімізді өзіміз тезге саламыз. Бір жолға кешір» деп жата жабысып жалынбағанда. Сөйтіп, Қорабай көкеміз туралап келген «тажалдан» осылай аман қалды.
– Ой, атасына нәлет! Төбелеспесе той­дың несі қызық? Қатып кеткен төбелес ұйымдастырдым-ау. Әттең, өз тойым болып, қолымның қышуы қанбай қалды, – деп жүрді бұл дүлей көпке дейін. Қолының қы­шуы қанбай қалған төбелесі осы болса, қанғандағысы қандай болар еді?! Құдай сақтасын!
Үйіне тезек түсіріп, сексеуіл түсіріп жүрген Қорабайды ел «түзелдіге» санап-ақ қалған еді. Қайдағы?! Бір күні тракторын жау қуғандай безілдетіп келе жатқанын көріп үй-үйге, қора-қораға тығылдық. Сол түні көршіміздің иті үріп, сиыры мөңіреп, балалары ұлар­дай шулап, жеңгеміз асаудай тулап шық­ты. Көкеміздің үйіне әлдекімдердің кіргенін, оны ұйықтата алмай алысып шыққанын бала болсақ та көзіміз бақырайып жатып білдік. «Біздің үйге кіріп кетпесе екен» деп Құдайға жалбарынып, көрпе астына жасырындық. Кішкентай жүрегіміз бүлк-бүлк соғып жатып: «Қорабай көкем бұдан кейін арақ ішпесе екен, балалары қояндай қалтырап отырмаса екен» деп тәңірден тіледік. Бірақ, біздің бұл тілегіміздің де, Аққыз әжеміздің көкке емшегін сауып жалбарынғанының да шапағаты болмады. Тозақ уының ащы тырнағына тұсақталған Қорабай көкемнің көздері ештеңені көрмей, ақыл-есін тұман торлап, ібілістің соңынан ере берді (әжем солай айтады ғой, ол кезде біз ібілістің не екенін қайдан білейік). Шайтан судың құлына айналған көкеміз қарайғанды қас дұшпан санап, қарадай-қарап соқтығысатын. Соңғы кезде көзіне белгісіз елестер еніп, түні бойы аласұрып шығады екен дегенді еститінбіз. Жеңешеміз темірден жаратылған жан-ау, сірә. Көкемнің қолақпандай жұдырығына көпке дейін шыдап бақты. Бет-ауызы көкала қойдай болып ісініп, ел көзіне қарауға шамасы келмей, бұқпантайлап, жүзін орамалмен орап үйде көміліп отырды. Ешкімге, тіпті, төркіндеріне де тіс жарып шағым айтпады.
– Маңдайыма жазылғаны осы шығар. Құдай салды, мен көндім, – дегенін естіп, апам талай рет риза болып келген. Сөйткен солдаттың етігіндей сірі жеңгем де бір күні сөгілді. Қатты бір тепкенде бүйрегі езіліп, аудандық ауруханадан бір-ақ шықты. Емделіп, беті бері қараған соң шаңырағына оралар деп ойлағанбыз. Шашы жалбырап жүгіріп жүрген жапырақтай қызын да, кішкентайынан булығып өскен, оңайлықпен сөйлей қоймайтын қарадомалақ баласын да көргісі келмей, төркініне тартып кетті.
– Енді көрмегенім Қорабайдың үйі болсын. Балалар есін жинаса, шешелерін бір күні өздері-ақ табар, – депті.
Бұл соңғы сөзі.
Ал, ағамыздың «арақты қоямын» деген сөзінің шет-қиыры болмады. Оның «қойдым» дегені енді бізге «тойдым» дегендей естіле бастады. Бірақ, ол ешқашан ішімдікке тойып көрген емес. Маскүнемдікке салынған адамдар ұмыт­шақтық дертіне душар болады деседі ғой. Бәлкім, ол осы кеселді жұқтырған шығар. Әйтеуір, қазір айтқанын қазір ұмытады. Әйтпесе, өткенде ғана жылап отырып: «Арақты біржолата қойдым» дегені қайда? Көкеміздің психикасында да біз біліңкіремейтін бірдеңелер байқалды. Кейін білдік, мұны «психоз» дейді екен. Жүйке жүйелері жұлым-жұлым болып зақымданған көкеміздің құлағына түрлі дауыстар естіліп, көз алдына қорқынышты елестер көрініп, арақ ішкен түні «шайтандармен шайқасып» шығатын болды.
Күндердің күнінде ағайындар жиналып Қорабай көкемнің қол-аяғын тұтқын секілді тарс байлап, әлдеқайда алып кетті. Алқаштарды емдейтін арнайы ауруханаға жатқызған ба, бірер айдан соң ағамыз мең-зең күйде қайтып келді да араға көп уақыт салмай «ескі досымен» қайта қауышты. Дүрбелең қайта басталды. Көкемді тырп еткізбей қол-аяғын арқанмен байлап, емші-тәуіптерге емдеуге әкетті. Осы сапардан ол кәдімгідей оңалғандай болып оралды. Жүзіне қан жүгіріпті. Бір таң қалғанымыз – қолынан құман түспейтін болыпты.
– Иә, аруақ! Ұзағынан сүйіндіргей, – деп қариялар қуанып жүрді.
Бір күндері болғанда Қорабай кө­кемнің көздері тұманданып, қолына құ­манды алып Қойбағар жәкеме тұ­ра ұмтылды деседі. Сол сол-ақ екен Қо­рабайдың бәз-баяғы бозборан бейберекет әрекеті бұғып жатқан жыландай басын көтеріп, цунами желіндей сумаңдата, солқылдата соқты дейсіз бір. Ол жолындағының бәрін жайпап бара жатты. Әжемізді ескі қорымдағы атамыздың қасына табыстап, үйге кел­гендер жағаларын ұстапты деседі. Үйде іліп алар ештеңе қалмапты. Қора тып-типыл. Ағайын-туыс жылу жинап, әже­міздің жетісін, қырқын өткізді.
– Сорлы Аққыз, қу тұлыпқа телміріп өтті. Осы жалғызы адам бола ма деп арқа еті арқа, борбай еті борша болып ғұмыр кешті. Жастай жесір қалып, бір баланың соңына қарап қалып еді, қараң қалғыр Қорабай, шешесіне не жақсылық көрсетті? Енді, бұл алқаш не істер екен? – деп үлкендер жиналған кезде аһ ұрып отырғанын бала болсақ та естідік. Сонда кішкентай жүрегіміз атқақтай соққан.
Бір күні жеңешеміз келіп, ұлы мен қызын алып кетті.
– Үлкейген соң елін табар. Әзірге Қорабайдың тепкісін көрмесін. Жанымды жалдасам да жаутаңдатпай жеткізермін, - депті жеңешеміз. Сөйтіп, айдың-күннің аманында бауырларымыз басқа жұртқа кетті. Жылай-жылай кетті. Жаутаңдап кетіп бара жатқан көздеріне қарай алмадық. Жүрегіміз қан жылады. Тірі тұлыпқа айналған Қорабай көкем де бір күні біржола тыныш тапты. Үрейге бой алдырған ол қораға барып арқанға мойнын салыпты.
Бірақ ұлы мен қызының басына бір уыс топырақ салмағаны қатты батты.
Енді, кім іздейді, сізді көке!

***
Жуырда баспасөз беттерінен мына мәліметті оқып жағамды ұстадым. Ресми дерек бойынша, республикамыздағы нар­кологиялық мекемелерде 235416 адам маскүнемдік дерті бойынша есепте тұрады екен. Демек, маскүнемдік 100 мың адамға шаққанда 144,2 жағдайға ай­налған. Бір адамға күніне 12 литр арақ, 31 литр сырадан келеді екен. Еліміздің тұрғындарының 33,3 пайызы, яғни, үш­тен бі­рі арақ ішеді. Жас ерекшеліктеріне келсек, 40-49 жастағылар көш бастап, 20-29 жастағылар одан кейінгі орында. Ал, 18-19 жастағылардың үлес салмағы 37,7 пайызды, жасөспірімдердің үлесі 22 пайызды құрайды екен. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары ішімдікті шамадан тыс тұтыну ұлт денсаулығы үшін қауіпті, ұлттың тегін құртады дейді.
Ұлттың тегін құртқаны емей немене, Қорабай көкемнің басынан өткер­гендерінің өзі талай қасіреттің өзі емес пе? Қай қазақ баласын қаңғытып жібереді? Қай қазақ отбасының берекесін кетіреді? Шариғат та өзіне-өзі қол салғанды хош көрмейді. Оларға, тіпті, жаназа да шы­ғармайды деседі. Шешесі қолы – көсеу, шашы – сыпырғы болып жүріп ит өліммен өлді. Әйелі босағасын аттағалы рахат, отбасы қызығын көре алмай-ақ кетті. Ұлттың тегі құрымағанда енді несі қалды?
Ер-азамат әрбір отбасының ұстыны, тірегі. Әр әке-шеше өмірге ұл бала келсін деп тілегенде «соңымда ізім қалсын» дейді. Адам ұрпағымен мың жасайды. Әрбір шаңырақ өмірде өз орнын тапқан ұлы – ізбасарымен мақтанады. Ал, сол ат тұяғын басар тайдың тағдыр талайы бұралаң жолмен өтсе ше? Онда отбасы үмітінің өшкені. Арамызда қаншама отбасы өз шаңырағын ортаға түсіріп, ішімдіктің құлына айналып жүр десеңші. Өткенде өмір бойы жоғары қызметте істеген бір кісінің жалғыз ұлы ең ауыр індет – есірткіге елтиді деп естігенде не айтарымды білмедім. Сол жалғызбен бірге жалқы үміт те жалп етіп сөнді. Ендігі әке тағдыры не болмақ? Ол да құр тұлыпқа иіген біздің әлгі ала сиыр сияқты өлімтік ұлға үміт артып келді ғой.
Қызық. Сиыр ғой – мал. Түйсік атаулыдан жұрдай. Құр тұлыпқа алданды. Ал, адамдар ше?..
Адамдар алданбайды. Бірақ, үмітін өшіре алмай өтетіндері өкінішті.
Ей, адамзат баласы! Сен де бір үйдің үкілеген үмітісің. Әкең мен шешең, туыс­тарың, бауырларың құр тұлыпқа емес, тұлғаға қарап қуансын.

***
Тұншығып ояндым. Біреу алқымымнан сығымдап қысқандай, алқынып тұрмын. Түс көріппін. Баяғы бала кезім екен деймін. Ала сиыр аларып қарайды. Үйге қарай айдаймын, қашады. Арғы жақтан Аққыз әжем көрінді. Көзінде мұң. Жанарында жас. Бір уыс болып бүктетіліп қалыпты. Айтпақшы, соңғы кезде оны «бүкір кемпір» дейтін. Қолын маңдайын қойып ту-у алысқа қарағыштайды.
– Қорабай, а, Қорабай, қайдасың?
Әне, ана қыраттан Қорабай көкем көрінді. Қап-қара болып түтігіп кетіпті. Артына қарайламайды. Жападан жалғыз жалаңаяқ от кешіп бара жатыр. Осы оттың шетіне келгенде Аққыз әже состиып тұрып қалды. Алаулаған от өткел берер емес. Бүкір кемпір бүк түсті.
– Қайт, балам, қайт!
Аққыз әженің ащы айқайы екен мені оятқан.
Сол күні Аққыз әжемнің бейітінің басына барып Құран оқыдым. Күтімсіз қорымның үстін арамшөп басып кетіпті.

 

349 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз