• Ұлттану
  • 21 Ақпан, 2014

АСЫҒЫ АЛШЫСЫНАН ТҮСКЕН АҚЫН

Қазақ халқы шынайы таланттар мен дарындарға әсте кенде болмаған. Сондай өнерімен елдің құрмет-қошеметіне бөленіп жүрген шашасына шаң жұқпас хас жүйріктің бірі – қазақ өлеңіне өз даусы, өзіндік өрнегімен келген Бауыржан Жақыптың есімі бүгінгі жырсүйер қауымға жақсы таныс. Ақын поэзиясы ұлттық бояуының қанықтығымен, қазақи дәстүрден тамыр тартқан көркемдігімен және ақыл мен сезім пернелерін егіз өретіндігімен ерекшеленеді. 
Бауыржан Жақып – сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер. Ақын, ғалым, журналист, аудармашы, ұстаз, білікті басшы... Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіріп, жұрттың бәрімен ортақ тіл табыса білетін азаматтық тұлғасын да айта кеткеніміз орынды шығар. 


Ақын өзі өлеңдерінде талай мәрте жырлағанындай, Шыңғыстаудың бауырында, ұлы Абай, дана Шәкәрім, кемеңгер Әуезовтер өмір сүрген қасиетті топырақта дүниеге келді. Жас­тайынан Абай жырын жаттап, «Абай жолын» бойтұмардай қастерлеп өсті. Абай тұнығынан мейлінше қанып ішіп, Әуезовтың тереңіне бойлады. Ұлы­лар­дан тәлім алып, соларға қарап ой да, бой да түзеді. Бұл тағдырдың ақынның маңдайына жазған бақыты ғана емес, үлкен жауапкершілік екенін түсінді. Түсінді де, солар салған жолға түсіп, қызығы мен қиындығы қатар өрілер ақындық тағдырды таңдап алды. Мен Бауыржан ағамен бір ауылда туып-өстім. Тіпті, бір шатырдың астында, ұзын бір үйдің бір жағында олар, бір жағында біз тұрдық. Есіктеріміз де екі жаққа қарай ашылатын. Қыстың кей күндері қар қалың жауса, үйіміздің төбесіне дейін басып қалушы еді. Сонда қайсысымыз бірінші шықсақ, есіктің алдындағы қарды күреп бірімізді-біріміз сыртқа шығарып алушы едік. Қақаған қысы мен ақ түтек бораны болмаса, ынтымағы жарасқан, береке-бірлігі мол ауыл еді. Ақын «Біздің ауыл» атты өлеңінде өзінің туып-өскен ауылы туралы былайша ой толғап, жырдан шашу шашады.
Біздің ауыл – сауықшыл, сәншіл ауыл, 
Бір соқпастан кетпейтін әнші дауыл.  
Қытығына тимесең қойдан жуас, 
Ашуланса бишікті, қамшылы ауыл.
Шалғыда жүр шалдары шаруа 
    ап тәуір, 
Еске аламын өткенді әр уақта бір. 
Тағзым еткен айқұлақ зираттарға 
Біздің ауыл – әулие, аруақты ауыл.
Әміренің әнімен оянады, 
Тәттімбеттің күйіне боянады. 
Алақанға салып ап сол бір ауыл, 
Төлеужанның жырларын аялады.
Біздің ауыл – сол ауыл, баяғы ауыл,  
Жүзін күннің нұрына шаяды ауыл.
Көк аспанға ақша бұлт бөркін атып, 
Қонақ келсе, құшағын жаяды ауыл.
 Осы шағын өлеңде-ақ біздің ауылдың бар кескін-кейпі, ажар-көркі, тыныс-тірлігі керемет көрініс тапқан. Ақынның шеберлігі сонда, қауыздай нәрсенің ішіне үлкен «дәнді» сыйдыра білген... Бауыржан ағамыздың үш-төрт көйлекті ерте тоздырғаны болмаса,  бір-бірімізді бала кез­ден білеміз. Балалық бал дәуренді бір­ге өткіздік. Ауыл баласына тән бүкіл қызық-шыжықты бастан кешірдік... Тау-тас кездік, қарақат, бүлдірген, жауқазын, жуа тердік, қияқ пен ши арасына жасырынып, тығылмаш ойнадық. Бұзау мен тайға мініп, талай жарыстық. Саршұнақ аулап, мойнына жіп байлап, ит сияқты жетектеп жүрген кезіміз де болды... Қазір сол сағымдай болған балалық шақты сағынасың, ойласаң болды, бойыңды қимас­тық сезімдер билейді... Ақынның «Аңсау» атты өлеңін оқығанда ауылымызға тағы бір мәрте саяхаттап барып қайтқандай күй кешесің:
Мен сағынып келдім
Анамның ақ құрттарын,
Даламның ақ бұлттарын,
Туған үйдің түтінін будақтаған,
Қызыл күрең жолдарды күн қақтаған.
Ағаш – хауыздарды
Жасыл желегін аспанға атқылаған,
Мөлдір бұлақтарды
Бір-бірімен жарысып, шапқылаған.
Көлдерді мөлдіреген,
Ақ жауынға таулардың жуынғанын,
Көздері жәудіреген
Қозыларын ауылдың, құлындарын.
Жұлдыздары самсаған түнгі аспанды,
Бала күннен бірге өскен құрдастарды.
Жеңгейлерді алдымнан жыр-қақпа         ашқан,
Әжейлерді әдемі сырмақ басқан.
Қарындастарды
Қос бұрымнан қатар өрген,
Қарияларды маған сан бата берген.
Інілерді таңдайы тақылдаған,
Ағаларды сөзімді мақұлдаған.
Шық қонған жапырақты,
Киелі топырақты
Сағынып келдім мен.
Иә, бәріміз де сол балалық балдәурен шақты сағынамыз. Сағыныш сазын шерте отырып, өткен-кеткенді еске аламыз... Біздің кезімізде ауыл балалары көбінесе асық ойнайтын. Дорбалап асық жинайтынбыз. Ата-әжелеріміз бен әке-шешелеріміз бізге арнап асық жинап жүретін. Үйде ет асылса болды, алдымен жіліктің етін жеп, майын ішуге емес, асығын алуға асығып тұратынбыз. Сондай асыққұмар баланың бірі едік. 
Бауыржан ағамызбен де талай мәрте асық ойнадық. Әлі есімде қайдан алғанын білмеймін, онда арқардың үлкен сақасы бар болатын. Сол сақасымен келіп, бәрі­міздің асығымызды сыпырып алып кете­тін. Дырдай боп ұтылып, ішіміз удай ашып қала беретінбіз. Қандай құпиясы бар екенін білмеймін, әлгі сақасы қалай атса да алшысынан түсетін.
Ақ сүттей армандаған түнді көрдім,
Сұлудың күлкісінен сыңғыр өрдім.
Бөркімді ақша бұлтқа лақтырып,
Асығым алшы түскен күнді көрдім.
«Берме, – деп, – еліме күн райы                 бөтен!»
Қолымды тәңіріге жайып өтем.
Бірде алшы, бірде шік, бүк, тәйкі                 түскен,
Өмірдің өзі – асық ойыны екен, – деп ақынның өзі дәл тауып айтқандай, әрдайым Бауыржан ағамыздың асығы алшысынан түсіп келеді... Асығының шік, бүк, тәйкі түскен кездері болған шы­ғар, бірақ, есімде қалмапты. Ал, сақасының атқан сайын алшысынан тұра қалатыны әлі күнге дейін көз алдымда сайрап тұр... 
Иә, өмірде жолы болды. Мектепте үздік оқыды. Алғашқы оқытушысы біздің шешеміз еді. «Бауыржан бала кезінен талапты, зейінді, алғыр еді!..» деп әркез шәкіртін мақтанышпен еске алып отырады. Қазақ ұлттық Мемлекеттік университетін де үздік бітірді, кейіннен жеті-сегіз жыл сол өзі білім нәрімен сусындаған оқу ордасының Журналистика факультетін басқарды. Ғылым жолындағы ізденістері де табысты болды, «М.Әуезов – публицист», «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары», «Публицистикалық шығар­машылық негіздері» тәрізді ғы­лыми-зерттеу кітаптары жарық көрді. Кан­дидаттық, докторлық диссертация қорғады, профессор атанды. Оның ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты – қазақ көркем әдебиеті мен журналистикасындағы пубицистика жанрының қалыптасуы, дамуы, теориялық және шығармашылық мәселелері. Жалпы, 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Ұлттық ғылым ака­демиясының мүше-корреспонденті болып сайланды. Бұл, әрине, ауыз толтырып айтарлықтай жетістік екені белгілі. Тұжырып айтқанда, алмас­тай жарқылдаған жырларымен ғана емес, тұшымды публицистикалық һәм ғылыми еңбектерімен де танылып, журналистика һәм ғылым саласында да өзіндік қолтаңба қалдырған ерек тұлға.  
Қазірде «Қазақ энциклопедиясының» бас директоры. Қызметте де абыройлы табыстарға жетті, шығармашылықта да үлкен бел-белестерді бағындырды. Елімізге ең алдымен арқалы ақын ретінде танылды... «Жұлдызды шақ», «Көзімнің нұры», «Айдындағы аспан», «Ақ лақ», «Аудитория», «Баспалдақтар», «Бір кеменің үстінде», «Айдындағы аспан», «Қолтаңба», «Уақыт ұршығы», «Қызыл қайың» сынды жыр жинақтары бірінен соң бірі кезегімен шығып жатты.  Оның шығармалары орыс, түрік, украин, македон, түркімен, қырғыз тілдеріне аударылды.  Қазақстан Жазушылар һәм Журналистер  одақтарының және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды. Талай мәрте республикалық жыр мүшәйраларында топ жарды. Яғни, танылып қана қойған жоқ, қуатты қалам иесі ретінде өзін өзі жалпы жұртшылыққа мойындатты. Жұлдызы жанды, тағы да асығы алшысынан түсті... Осындай атақ-абыройдың оңайшылықпен келмегені де айдай ақиқат. Бұл салқын ақыл мен шынайы талантттың ғана емес, үздіксіз оқып-іздену мен білім-біліктің, ерен еңбекқорлықтың арқасы, соның табиғи жемісі.
Сүйіспеншілік – адамзат ғұмырын жалғайтын нәр. Туған жер мен өскен елге деген сүйіспеншіліктен ғана ұлы өнер туындысы дүниеге келеді. Ендеше, поэзияның алтын діңгегі де, үзілмес арқауы да осы сезім.
Туған жерім!
Қымбат сенің әр кешің, қымбат         таңың, 
Тал бесікке тәнімді құндақтадың. 
Сен деп соққан жүректе көп сыр 
    жатыр, 
Тауыса алмай келемін жырлап бәрін.
Тұңғыш сенің төсіңде көзімді 
    аштым,  
Сезімімнің пернесін өзің бастың. 
Сағыныштың дертінен саған деген, 
Жаным барда кеудемде 
                                     жазылмаспын.
Жазылмаспын, өтермін аңсап мәңгі, 
Пейілім деп біл менің, жауса, 
    ақ қарды. 
Сені ойлаумен кешті де батырамын, 
Сені ойлаумен сағына қарсы 
    ап таңды.
Ғажайып бір мейірім жанарда ойнап, 
Сені ойласам, қаламын анамды ойлап. 
Қырларыңа шығамын, сонан кейін 
Тереңіне Шағанның алам бойлап.
Жайсаң далам, жазирам, жазық         маңдай, 
Сырларыңды боламын аз ұққандай. 
Сенен ұзап ешқайда кете алмаймын, 
Мені жіпсіз байлаған қазық бардай.
Бұл өлеңде ақынның туған жерге деген ыстық махаббаты, шынайы сүйіспеншілік сезімі барынша көрініс тапқан. Міне, сондықтан да ақын мен махаббат ұғымы бір-бірінен ажырамай ғасырлар бойы бірге жасасып келеді. Себебі, махаббат дегеніміз ақынның жарық дүниедегі сүйіспеншілік көзі. Ол да осы арқылы бірде күйінсе, бірде сүйінеді. Орыс халқының ұлы ақыны Сергей Есенин бүкіл өмірінде өзі туған деревнясын сүйіп өтіпті. Міне, сол себепті де отандастары оның есімін ерекше құрметпен еске алады.
Бауыржан Жақыптың өлеңдерін оқы­саңыз да, дәл осындай сезім сырларын басыңыздан кешеріңіз хақ. Алыстағы ауыл келбеті алақаныңызға сыйып кеткен­дей әсерде боласыз, шын жүрегімен сүйсіне жыр­лайды. Оның туып-өскен өлке­ге деген перзенттік махаббаты жырлары­нан менмұндалап көрініп тұрады. Туған жердің әсем табиғатын: жусанын, қынасын, майқарағанын, сәмбі талын, ақша бұлтын, өзен-көлін, тіпті күрең жолы мен жаңбырына дейін жырға қосады, сағынышпен еске алады. Сондықтан да, әрбір өлеңінде көзі­мізге оттай басылатын бала күннен таныс суреттер бірінен соң бірі қол ұстасып жүре береді. Мысалы, «Бәйге» деп аталатын өлеңіндегі мынадай үзіндіні оқып көрелікші:
   Кеткенде аттар аңырап,
   Қозған сәтте делебе,
   Бір шайқалып шаңырақ,
   Дір етеді кереге.
Осы өлең жолдарын оқығанда өзіңіз де бір сәйгүлікті таңдап мініп, бәйгенің қақ ортасында жүргендей әсерде боласыз. Бәйге кезінде қазақтың қаны қызып, намысы да сарапқа түседі. Осы бір көңіл-күйді ақын «Бір шайқалып шаңырақ, дір етеді кереге» деген екі жолға әп-әдемі сыйғыза білген. Ұтымды да ұтқыр теңеу. 
Келесі бір өлеңдерінде ақын ауыл өміріне тереңірек дендей түседі. Бұл жолдарда оның өзіндік ізденістері де жоқ емес. Ауылдағы әрбір тас, әрбір ағаштың ақын көзімен сөйлеп тұрғанын аңғарасыз:
Зиратың да елеңдеп тұрған шығар, 
Ай құлағын тосумен құбылаға.
Әрбір ақын поэзия әлемінің есігін өзіндік жаңа үн, жаңа леппен аттайтыны белгілі. Аттың тұлпар болатындығы тай жарысынан байқалса, ал, ақынның болашақта қандай шыңнан қол бұлғай­тыны оның алғашқы өлеңдерінен-ақ аңғарылады. Бауыржан жырларындағы ақындық екпінді оның жыр әлеміндегі өзіндік ізі деп бағалаған жөн. Осы сөзіміздің дәлеліндей ұйқасы мен ойы шымыр түсіп жатқан мына бір шумақтар оқырманын бей-жай қалдырмасы анық:
Кел, күнім, жылдарым, кел айларым.
Жатқандай дүбір күтіп кең аймағым,
Шөкімдей ақ бұлт көрсең, көк                 жүзінен, 
О, жұртым менің жырым деп                 ойлағың.
Ұзатқан қыздай өзен сыңсып аққан,
Таттың-ау сенде талай жыр                     шұбаттан.
Көк өрім шыбық көрсең Көктемеде, 
Ойларым ол да менің бүршік атқан.
Туған жер тақырыбын жырламаған ақын кемде-кем шығар. Бірақ, соның ішінде туған жер туралы өлеңді атап айтар болсақ, қай-қайсымыздың да ойымызға ең алдымен Қасым Аман­жоловтың жыр­лары оралады. Өйткені, ондағы таби­ғат пен ақын сезімі үйлесім тауып, оқырманның көз алдына әдемі сурет галереясын алып келері анық. Ол сонысымен де ерекше, сонысымен де ыстық, аса құнды. Ал, Бауыржан Жақыптың да туған жер тақырыбын жырлауы өз ерекшелігімен көзге түседі. Өйткені, ақынның өлеңдерінен жадағай тіркестерді таппайсыз. Оның орнына ту­ған жерге деген ақын бойындағы ыстық сүйіс­пеншілікті байқайсыз:
Туған жерім!
Қымбат сенің әр кешің, 
қымбат таңың, бесікке тәнімді                      құндақтадың.
Сен деп соққан жүректе көп сыр 
            жатыр,
Тауыса алмай келемін жырлап бәрін.
Биыл ердің жасы елуге толып отырған арқалы ақын қазір де бәйгеге түсер аттай бабы мен бағы қатар келіскен шығар­машылық дер шағында. Ол поэзияның ең күрделі саласы поэма жанрында да қалам тербеп, кең тынысты қаламгер екенін де танытып жүр. Ойлы да сыр­шыл ақынның шоқтығы биік поэ­масының бірі – «Жан дауысы». Ақын бұл шығармасында Семей полигонында сыналған атом бомбаларының қоршаған ортаға тигізген кері әсері туралы сыр толғайды. Сан алуан көр­кемдік философиялық түйіндеулер жасайды. Жүректі тебірентіп, мүлгіген санаға қозғау салар ой, идеяға салмақ артады. Ең бастысы, өмірлік әрі әлеуметтік мәселені қозғайды. Оны оқыр­ман жүрегіне кестелі де көркем тіл­мен жеткізеді. Мұны поэманың баста­луынан-ақ байқауға болады:
Көздері бұлақтардың жабылғандай,
Бойынан қан тоқтаған тамырлардай,
Әскердің тәртібімен дөңдердің де,
 Шаштары тақырланып алынғандай.
Көркіне көрген сайын жансұқтанған,
Көлшіктер лайланып шалшық болған.
Бір кезде тасып аққан өзендердің,
Арнасы қасық сусыз қаңсып қалған, – деген бедерлі шумақтар автордың ше­бер­лігі мен ақындық талғамының өте жоғары екендігін аңғартса керек. Ақын бұдан әрі Табиғат-Ананың бел балалары – «Таудың зарын», «Қураған то­ғайдың соңғы сөзін», «Боз даланың қа­сі­ретін» және осыларды жоқтап «еңі­регенде етегі жасқа толған» «Жел­дің жоқтауын» тебірене жырға қо­сады. Поэмадағы әрбір жол өксікке толы. Тау «өртеніп, шала-жансар тәні қалғанына, омыртқасы омырылып, жотасы жанғанына» назаланса, то­ғай «улы ортаға қамалып, улы сәуле уыс­тағанына, улы судан нәр алып, улы ауамен тыныстағанына» күйінеді, өзен «суын сүйікті ететін балдырдың си­регеніне, еңсесін биіктететін ба­лық­тың азайғанына, ауруға шалдығып, құрдымға суы кеткендей құрып бара жат­қанына» мұңайса, жел «өрт шалған жерінің, дерт шалған елінің дауасын таппай» күңіренеді. 
Поэмада осындай жансызды жандыға айналдырған ақынның негізгі мақсаты қоғам кесапатынан туындаған замана запырандарын барынша ашып көрсету. Ал, туған елдің болашағы мен туған жердің табиғатын жырлау әр ақынның азаматтық борышы екені айтпаса да түсінікті.
Бауыржанның «Астар туралы» деген әсерлі өлеңі бар. Онда ақын әр нәрсенің сыртқы тысымен бірге астары болатынын, ол жайында әркімнің ойлай бермейтінін тілге тиек етеді. 
Әр нәрсенің бар астары, бар тысы, 
Ол жайында ойлай бермес әр кісі. 
Талай сырды түсінеміз кеш барып, 
Отырғанда балалықты еске алып: 
«Анам талай құрақ көрпе кұраған, 
Астарына үңілген жоқ бір адам. 
Әжем өзі тоқып қойған алаша, 
Жолақ-жолақ тысы қандай тамаша! 
Әкеміздің көрдік сары тонын да, 
Қарамадық астарына оның да».
Байқамаппын мен көзімді ашқалы,
Бар екенін дүниенің астары.
Бұл сөзімді барлығы да растар:
Күн менен түн, бірі – тыс та, 
                                           бірі– астар.
Жұлдызды аспан, құпиясың сен маған,
Жұмбағыңды шешіп жатыр енді адам.
Өзендерім желең төсі ашылып, 
Тереңіне, ағады сыр жасырып. 
Қара жердің астарында асыл бар, 
Қойнауына шөккен талай ғасырлар. 
Қалың бұлттың астарынан жай         құлар, 
Қуаныштың астарында қайғы бар. 
Жарықтың да астары бар – қараңғы, 
Ой да астарлы, – ұстама, дос             жағаңды.
Жүрегімнен тырс-тырс тамды 
                                            тамшы-өлең, 
Тыңда менің домбырамды, 
                                            барша әлем! 
Шанағында оның қанша саз жатыр,  
Астарында бүғып жатыр 
                                               қанша әуен?! 
...Жүрегімнен тырс-тырс тамды 
                                            тамшы – өлең.
Иә, ақынның өзі айтпақшы ойдың да астары болады. Ендеше, ақындық ерек­шелігі де осында. Ол өз өлеңдерін көбінесе астарлы ойға құрады. Ақынды терең түсіну үшін оның жырларын көкірек көзімен зейін қоя оқу керек. Сонда ғана жыр астарындағы «жасырын» ойлар өз құпия-сырларын айқара ашады. Әйтпесе, ақынның айтпақ ойын жете түсінбеуіңіз ғажап емес. Мысалы, Бауыржанның «Қо­ңыр әулие үңгірі» атты өлеңін талдап көрелікші. Ақын бұл шығармасында өзі туып-өскен жердегі «Қоңыр әулие үңгі­рінің» кескін-келбеті мен сыр-сипа­тын сөз ете келе, оның ішінде «есіле аққан тұп-тұнық судың» бар екенін еске салады.
...Бұл өзеннің аңқасы бір кеппейді,
Басқа өзендер бұл өзенге жетпейді.
Көрген адам табиғатқа таң қалып,
Келген адам бір ұрттамай кетпейді.
Су да кен ғой, ерте тапқан бұл 
                   кенді ел,
Осы судың қасиеті бар, жұрт емдер.
Ауырғанда балаларын жіберіп,
Алғызады «шипалы» деп, үлкендер...
...Пәк қолыммен,
Бала кезде кекілді,
Сол суменен талай жудым бетімді.
Жырым-дағы мөлдір болса деп келем
Осы үңгірдің шипа суы секілді.
Міне, Бауыржан Жақып осындай айт­қыш әрі тапқыр ақын. «Қоңыр әулие үңгірі»  туралы айтқан ойларын оның өз өлеңдеріне де бағыштауға болады.  Астарлы ой, астарлы сөз осындай-ақ болар! Ойымызды көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медет­бектің сөзімен түйіндесек: «Егер, Бауыржан табиғаттың көңілді де, қөзді де арбар сыртқы құбылыстарын сөз-суретке түсірумен ғана болып, тек соны ғана қызықтап кетсе, онда ол оқырман қауымды тез жалықтырып алған  болар еді. Онда ол қаншама әдемі бояулар жағып, қаншама қызық суреттер салса да, бар болғаны пейзаждық қана ақын боп қалар еді. Өйткені, табиғат әлемі, бізді қоршаған мына дүние әсем қимыл-қарекеттер мен ажарлы әсем суреттерден  ғана тұрмайды ғой. Оның да тартысқа толы драмасы, күйініші мен сүйініші, бітіспес күресі мен тіресі бар. Сондықтан енді ол дүние астарына үңілуге бет қояды». Орынды айтылған сөз. Бұған алып-қосарымыз жоқ!
Ақынның өлеңдері де «Қоңыр әулие үңгірінің» шипалы суы сияқты, мөп-мөлдір қалпында өз арна-ағысынан буыр­қанып ағып жатады. Оқыған адамның көңілін жел­піп, жан-дүниесін тербеп, бойын сергі­тері сөзсіз. 
Демек,  жақсы ақын. 
Думан РАМАЗАН

379 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз