• Еркін ой мінбері
  • 21 Ақпан, 2014

ҰЛТТЫҚ ЭЛИТА ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?

Жарас Сейітнұр,
саясаттанушы

Кез келген қоғам мен мемлекеттің дамуында аса маңызды рөл алатын  адамдар тобы болады. Оны әр түрлі атаумен атап жатады: «элита», «истеблишмент», «номенклатура», «үстем тап», «қадағалушы я басқарушы азшылық», «билеуші топ», «басқарушы орта», «биліктің жоғары эшелоны», «каста», «бомонд», жоғары «ақсүйектер» тобы және т.б. Бұлар қо­ғамның ажырамас бөлігі боп табылады. Өйткені, қоғамның өмір сүруі тек еңбек бөлінісінің арқасында ғана жүзеге асады. Әрбір әлеуметтік топ өзіне тиісті міндеттерді атқарады: бірі материалдық игіліктерді өндірумен айналысса, екін­шілері – рухани құнды­лықтарды жасайды, үшіншілері – басқарады және т.с.с. дегендей. Демек, кез келген қоғамда оны басқаратын ат төбеліндей азшылық (элита) және оған бағынышты көпшілік (бұқара) өмір сүреді. Әлеуметтік өмірде  иерархия сөзсіз болмай қоймайтын құ­былыс. Бұл хайуанаттар әлеміне де тән жай. Олай болса, басқарудың биік ұшын­да тұрғандарды зерттеудің маңызы зор.


Ғылыми әдебиеттерде ғана емес, сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары мен күнделікті өмірде де кең қолданып жүрген, біздің сөздік қорымызға француз тілінен енген «элита» деген сәнді бір сөз бар.  «Элита» термині (фр. elite - ең жақсы, іріктелген ) француз тілінде «қоғамның белгілі бір бөлігін құрайтын топтың ең көрнекті, таңдаулы өкілдері» деген мағына береді. Этимологиялық тұрғыда қарайтын болсақ, бұл сөз әуелде жоғары сапалы дүниелерді білдірген, мәселен, XVII ғасырда көпестер сапалы тауарларды осылай атаған, ал, XVIII ғасырда  «элита» сөзі таңдаулы адамдар тобы (ақсүйектер, бекзадалар қауымы) мен іріктелген әскери бөлімдерге қатысты қолданылған. XIX ғасырдан бастап  сұрыпталған  ең жақсы дәннің тұқымы мен өсімдіктерді, асыл тұқымды жануарларды атау үшін генетика мен селекция саласында қолданыла бастады. Бұл сөздің көпшілікке кең тарауы оның генетикалық- биологиялық мән-мағына аясынан шығып соцуимға қатысты қолдануында еді. Зерттеушілер  «элита» сөзін арнайы ұғым ретінде әлеуметтік иерархия жүйесінде жо­ғарғы қабаттарға (страталарға) қатысты қолдана бастады. Ғылыми айналымға (саясаттану мен әлеу­мет­тану ғылымдарында) бұл тер­мин­ді  итальяндық ғалым Вильфредо Па­рето (1848–1923) енгізді делінеді. Ол «Жалпы әлеуметтану бойынша трактат» (1916) атты  еңбегінде элита ұғымына өз салаларында неғұрлым жоғары көрсет­кішке жеткен адамдар деп анықтама беріп, оларды басқарушы элита және басқаруға қатыспайтын элита деп бөледі. Ол эли­таның халықты бағындыруда күш пен құқықты қолданатынын  айтады. Күш­­тің көмегімен билік жүргізушілерді «арыс­тандар», ал, билікті қулықтың көме­гімен ұстап тұратындарды «түлкілер» деп атады. Элитаның бірінші тобы қатаң күштеу тәсіл­деріне сүйенсе, екінші тобы үгіт-насихат пен саяси айла-шарғыға иек артады деп есептейді. Айта кететін бір жайт, бүгінгі таңда кең таралғандығына қара­мастан ғылыми қауымдастықта «элита» ұғымының мазмұны жөнінде ортақ пікір қалыптаспай отыр. Оның бір себебі, зерттеушілердің оны анықтауда өзара қайшы келетін екі негізгі әдіснамалық тұрғыны ұстануында жатыр. Біріншісі – аксиологиялық (құн­дылық тұрғысынан келу) бағыт. Бұл бағыт бойынша, элитаға кіретін адамдар неғұрлым жоғары интеллект, дарыны мен қабілетімен ерек­ше­ленетін, айрықша талант пен кәсіби құзыреттілікке ие жандар. Сөздің тура мағынасындағы  – ең жақсылар, нағыз таң­даулылар, топты жарып шыққан ең үздіктер, артық туғандар. Қазақша айтсақ, элита өкілі «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар», алдына жан салмас білгір, озық тұлға боп табылады. Өзінің ақылы мен күш-қуаты, жеке тұлғалық сапалы қасиеттері арқылы өзгелерді еріксіз мойындатады. Бір ауыз сөзбен айтсақ, барлық жағынан лайықты адамдар. Қоғамның қаймақтары, бетке ұстарлары. Алайда бүгінгі саяси жүйедегі басшы топтарды эмпирикалық зерттеу мен нақты өмір көрсеткендей, жоғары биліктегілердің бәрі моральдық тұрғыда өнегелі, үлгі тұтар кемел тұлғалар деуге әсте келмейді. Сол себепті саяси қайраткерлерге қатысты элита сөзін қолдану бірқатар әдіснамалық мәселелер тудырып отыр. Ал, екінші бағыт­ты альтиметриялық (лат. altus (alti) биік, заңғар + грекше. өлшеймін)  деп атайды. Бұл тұрғыдан келсек, элитаға нақты билік пен ықпалға ие жоғарғы орындарда отырған кез келген адам кіреді. Кім жоғарыда отыр, сол билеп-төстейді. Адамның моральдық қасиеті мен интеллект сапасы есепке алын­байды. Қандай амал-тәсілмен бол­масын биліктің жоғарғы шыңына жет­кен адам элиталық топқа кіреді. Бұл жерде «элита» сөзі өзінің бастапқы мағынасынан айырылып қалады. Ен­ді олар ең үздіктер емес, де-факто би­лікті ұстап отырғандарды білдіреді. Олар билікқұмар не атаққұмар, есебін тап­қыш айлақор, жалтарғыш, зымиян не залым болса да бәрібір. Ең бастысы жоғары қызметте отыру, биік мансапқа жетсе болғаны. Бұл, әсіресе, саяси элитаға қатысты. Мұндай бағыттың қалыптасуына саяси әлеуметтанудағы итальяндық мектеп­тің (Н.Макиавелли, Г.Моска, В. Парето, Р.Михельс, Э. Дженнинг) әсері зор. Бұл мектепті кейде маккиавеллистік деп те атайды. Олардың тұжырымдамасы бойын­­ша, бірін-бірі алмастыратын эли­та­­­ның екі типі бар. Бірі саяси айлалы әрекеттерге, қулық пен алдаудың кө­ме­гі­мен елдің басын айналдыруға бейім, ақылды, епті «түлкі» адамдар. Екін­шілері тұрақтылықты сақтауға (кон­серватизм)  және күш жұмсауға бейім тұл­ғалар (арыстандар). Альтиметриялық бағытқа сын айтушылар басқарушы саяси топқа қатысты «элита» терминін қол­да­нудың қаншалықты дұрыс екендігіне кү­мән келтіреді. Тіпті, моралистер жоғары билеуші топтың бейморальдығы туралы қортынды да жасады.  Кейбір зерттеушілер саяси басшылыққа қатысты элита терминін қолданудан бас тартуды ұсынады. Онда элитология өз зерттеу пәнінен айырылып қалуы мүмкін. Айтпақшы, саясаттану ғылымы саласында элитаның пайда болуын, шығу тегін, қалыптасуын, өсуін, дамуын, билікке келуін, қоғамға ықпалын, жойылуын зерттейтін ар­найы ғылым саласы бар. Оны элито­логия (фр. elite - үздік, таңдаулы, жақсы-жайсаң және logos – ілім) деп атайды. 
Осындай шешімін таппаған әдісна­малық проблемалар зерттеушілерді күр­делі жағ­дайға қалдырып отыр. Ал, қалың бұқара кез келген элита өкілдерінен лайықты ақыл мен жоғары мораль үлгісін күтіп отыр. Демек, қоғам мен мемлекеттің бетке ұстар қаймақтарының кәсіби біліктілігіне, біліміне, биік моральдық сапасына қойылар талап та жоғары болуы тиіс. Үміт еткен үлгіден ауылы алыс шынайы саяси үдерісті объективті зерттейтін саяси әлеуметтану, саяси психология пәндерін нормативтік си­паттағы саяси философиядан ажырату ет пен сүйектен жаратылған пендеге оңай емес. Американдық саясаттанушы Гарольд Лассуэлл элита терминін құн­дылық өл­шем, мазмұннан тазартып, оған тек неғұрлым үлкен билікке ие адамдарды жатқызады. Алайда, жай адамдар өзде­рін қадірлеуге тұрарлық лайықты бас­шыға бағынғанды қалай­тыны түсі­нікті шығар. Әйгілі экономист әрі фило­соф Фридрих фон Хайек өзінің атақты «Құлдыққа апарар жол» атты кітабында билікте тек лайықты абзал адамдар ғана емес, ең нашар адамдар да кездесетінін жазады. Билікке неліктен жаман адамдар келетінін ол: «Егер, қоғам не мемлекет индивидтен жоғары тұ­ратын болса, онда оның нағыз мүшесі боп жеке мақсаты тек ұжымның мақ­сатына сәйкес келетіндер ғана та­бы­лады. Жоғары мақсат үшін кез кел­ген әдіс-құрал жарай беретін жер­де, әдеп нормалары мен ережелеріне орын қалмайды. Қатыгездік борышты орын­дау боп саналады...Мұратқа шын беріл­гендіктен олар бейморальды әре­кет­терге әзір. Жоғары құндылықты жоғарғы көсем орнататындықтан қол астындағылар  сөзсіз оған бағынуы тиіс. Жоғары мансап пен билікке жету үшін көптеген «лас» жұмыстарды атқаруға тура келеді. Ішкі мұрат-құндылықтары бар адамдар оны орындаудан бас тартса, принципсіз жандар билік үшін бәріне де  барады» – деп түсіндіреді. Демек, бас­қа­рушы топ қатарында моральдық әрі пси­хологиялық жағынан әр түрлі адамдар бар.
Қазіргі ғылым элитаны әр түрлі негізге сүйене отыра топтастырады. Қызмет ету саласына қарай саяси элита, ғылыми элита, бизнес – элита, әскери элита, мәдени элита, діни элита, медиа-элита және т.б. болып бөлінеді. Билікке қатысты билеуші және контрэлита. Ресми және бейресми элита. Көптеген топтастыру нұсқаларын талдап жатпай, тек тақырыбымызға қатыстысына тоқталатын болсақ, әлемдік саяси, іскер топтар мен ғылыми элита өкілдерінен тұратын дүниежүзілік элита мен ға­ламдық бәсекеде өз ұлтының мүддесін қорғайтын ұлттық элита түрін бөліп көр­сетуге болады. Алғашқылары әлемдік процестерге әсер ете алатын, жаһандық басқару стратегиясын жасайтын өте бай әрі ықпалды адамдар тобы. Қазіргі кезде түрлі бейресми пікірсайыс алаңдарында, халықаралық форумдарда ортақ позиция, келісілген қағидалар мен идеяларды тал­қылап әзірлейтін ғаламдық жүйе жасалды. Қалың жұртшылыққа Да­вос­тағы бүкіл әлемдік экономикалық форум сияқты бас қосулар белгілі. Одан басқа да халықаралық жабық клубтар (жеке шақырумен ғана баруға болатын Бильдерберг клубы, Үш жақты комиссия, яғни,  “Трилатераль” (Trіlateral) сияқты халықаралық ұйым­дар) бар. Мәселен үш жақты комис­сия құрылғанда оның атқарушы директоры боп посткеңестік жұртшылыққа есімі та­ны­мал американдық ғалым және мемле­кеттік қайраткер Эбигнев Бжезинский тағайындалды. Үш жақты комиссия мүше­лері жасырын жағдайда қабылданған ше­шімдер Батыс  елдерінің саясаткерлері үшін өзінше бір заңға айналып отыр. 
Отандық зерттеуші ғалымдардың пікірінше, еліміздің ұлттық элитасы аз зерттелген тақырып болып табылады. Өйткені, онымен егжей-тегжейіне же­те қарап зерттейтін мамандар бізде көп емес. Баспасөз беттерінде біздің элитаны көбік пе әлде қаймақ па деген мәселе төңірегінде талқылап жатады. Элита термині ғылыми ұғым емес, бағалаушы сипатқа ие түсінік боп отыр. Оның үстіне орыстілді ғалымдар мен қазақтілді зерттеушілердің бұл ұғымды түсінуі мүлде бөлек. Мәселен, белгілі алаштанушы, филология ғылымдарының докторы, жазушы Тұрсын Жұртбайдың пікірі бойынша: «Элита, қазақша айт­қанда қаракөк. Қаракөк ұлттың тағ­дырына жауап беретін, ұлттың мүд­десін көздейтін және ұлт үшін барлық қиындыққа баратын тұлға. Элитаның рухы мен жаны, қолы мен ары таза болуы керек. Кімнің тарысы піссе соның тауығы болатын жалтақбастарды элита деп айтуға болмайды». Қазақта мынадай өлең шумағы бар екен: «Жеті атаңнан қаракөк үзілмеген. Қан сұйылса көкше бөрілігіңнен дым қалмас, қортық тумай қайтеді?». Т.Жұртбайдың жазуынша, бекзадалықтың, мырзалықтың, шексіз өктемдіктің, бақ-дәулеттің ұр­пақтан-ұрпаққа ауысып, өздерін ерекше жара­тылған тұқым есебінде марапаттайтын «қаракөктің» баламасы өзге ұлт­та да ұшырасады. Шың­ғысханның ата-бабасының нұрдан жаралуы, Еуропадағы асыл тектілердің «голубая кровь» деп аталуы соған саяды. Қазақ жақсы, тектіні «қаракөк» дейді, ол не себептен қара көк? Егер, «қара» көптікті, күшті, құдіретті білдірсе, «көк» – Тәңірдің аты боп шығады. Қазақ халқы үшін жылқы малының орны ерекше. Оны төрт түліктің «төресі» атаған. Біздің этномәдениетіміз жылқы түлігімен тығыз байланысып жатады. Ат десе  ішкен асын жерге қоятын қазақтың ең жақсы көретін түсі – «қаракөк». Сирек кездесетін бұл жылқы түсі ел ара­сындағы тарту-таралғыға тартылған дип­ло­матиялық келіссөздерде маңызы бол­ған. «Қаракөк не жүйрікті алсам, не бөрікті алсам» деген сөздің астарына үңілер болсақ, мықты әрі жүйрік аттардың қаракөк түстен шыққанын көреміз. Тарих ғылымының докторы, жылқытанушы – ғалым Ахмет Тоқтабайдың айтуынша, Қа­зақ­­станның барлық аймақтарында біздің ата-бабаларымыз  күнделікті өмір және әсі­ресе, ұрыс-соғыс барысында қаракөк түсті аттарды өзгелерден артық көрген.  Бәйгеде оза шабар элиталық жүйрік аттар да осы түстен екен. Демек, қазақ үшін жылқы тектіліктің бірден бір нышаны болып саналғаны тәрізді элита ұғымы да тектілікпен байланысты. Қазақтар генетикалық-биологиялық факторға үл­кен мән береді. Аңыз-ертегілерінде де осы сюжет байқалады. Адамды сына­ғанда тегіне қарап бағалау орын алады. 
Қазақ тілінде элита терминінің бір баламасы ретінде «дегдар» сөзі қолда­нылып жүр. Тіпті, елімізде «Дегдар» атты гуманитарлық қоры жұмыс істей­ді. Қазақ тілі қорына иран тілінен («дәһ­дар» – бастық, ел басқарушы) ен­ген. Диалектологиялық сөздіктерде «асыл тұ­қымды, өте жақсы, ерекше тәу­ір, заты бар, текті» деген мағынаны бе­реді. Мы­салы, Біржан сал: «Ұл тумас Қазан­қаптай ата ұлынан, тұқымы дегдар шық­қан жатынынан» десе, Сұлтанмахмұт Торай­ғыровтың «Қамар сұлу» романында: «Ежелден дегдарлымысың тұқымы оңған, малыңа, басыңа да қыдыр қон­ған» деген шумақтар кездеседі. Бұдан бөлек ақсүйек, бекзат нәсіл, бекзада, төре, қожа деген сөздер қолданылады. Шәкәрім қажының «Ең жақсы адам не қылған кісі?»  деген сауалына  «ел тағдырын шешер биліктің екі тізгін, бір шылбыры кемелдің, үздіктің үздігінің қолында болуы қажет» делінетін сөзі бар екен. Шоқан мен Абайдың көзқарастарында да элита теориясын ұлттық мазмұн тұрғысынан байы­туға қызмет ететін ой-пікірлер кездеседі. Сайып келгенде, элита түсінігі қазақ үшін текпен байланысты дүние.
Элитаға кімдер жататындығын анық­тауда біздің зерттеуші ғалымдар  негізінен ресейлік және шетелдік ғалымдардың элитаға қатыс­ты жасаған концепциялары, теориялары мен жүйелеу әдістеріне сүйенеді. Элита теориясы қоғамның таңдаулы, игі жақсы-жайсаңдарының ерекше міндеттері мен әлеуметтік-саяси және интеллектуалдық белсенділігі және қалың бұқараның енжарлығы түсі­нігінен туындайды. Мысалы, В.Па­ретоның пікірінше, қоғам пи­рами­далық құрылымнан тұрады, оның биік шыңында басқарушы әлеу­­мет­­тік топ элита тұрады. Олар қоғам­ның даму бағытын анықтайды. Теориялар қалану негізіне байланысты түрліше ажыратылады. Мәселен, биологиялық тео­­рияларда биологиялық-генетикалық бел­­­гі­­­леріне бай­ланысты (Р.Уильямс, Э. Бо­гардус) адам­­дарды аса көрнекті және қа­тар­дағы, бел­­сенді және енжар, ақыл-есі дұ­рыс және кеміс деп бөлсе, психологиялық тео­рияларда (Г.Джилберт, Б. Скиннер) біреулердің кереметтілігі және екінші бі­реу­лердің қарабайырлығына түрткі бола­тын психологиялық қасиеттерге сүйенді. Психоаналитикалық теорияларда (З.Фрейд, Э.Эриксон) нәпсіні тежей білу қабілетіне және билікке немесе басыбайлыққа ұм­тылуға, ал, әлеуметтік-психологиялық тео­рияларда (Э.Фромм, Г. Лассуэл) әрбір адамның психологиялық ерекшеліктеріне, оның өмірінің әлеуметтік факторларына байланысты өзгерген мінез-құлықтың әртүрлі типтерін мойындаудан шығады. Қазақща айтсақ, «бес саусақ бірдей емес» дегенге саяды. Технократтық теория­ларда (Дж.Бернхэм, Дж. Гелбрейт)  өндірісті басқаратын және өздерінің тех­никалық дағдыларының арқасында «техно-құрылымда» ерекше жағдайға ие адамдардың ұйымдастырушылық міндет­теріне, постиндустриялды теорияларда (Д.Белл және т.б.) – ғылыми білім фак­­торлары және «постиндустриалды қо­ғамның» ғылыми-техникалық және әлеу­меттік дамуын айқындайтын жетекші күш ретінде ғалымдардың осы заманғы дүниеде атқаратын рөліне баса назар аударылады. Белгілі бір мәселелерді түсін­дірудегі алуан түрлі өзгешеліктерге қара­мастан барлық элита теориясы үшін: қоғамды әрқашан элитаға және бұқараға бөлетін адамдардың табиғи теңсіздігі бар; ғылыми-техникалық және әлеуметтік дамудың қозғаушы күші ретінде элитаның қажеттілігі негіз­деледі; біреулердің сөзсіз үстемдік етуі және басқалардың бағынышты болуы заңдылық; көпшіліктің үстінен қарайтын билеуші азшылықтың толық құқылығы мен заңдылығы туралы жорамалдар ортақ болып табылады. Элита түрлерінің ішінде зерттеушілерді, әсіресе ықпалы тұрғысынан күшті саналатын саяси элита қатты қы­зықтырады. Жалпы, саяси элита деген не, оның құрамына кімдер енеді, оның құрылымы кандай деген сұрақтарға жауап табу өте маңызды.
Саяси элита – бұл қоғамды басқа­руда билеуші қызметін атқаратын және мемлекеттік билікті қолына шоғыр­лан­дырған, маңызды саяси шешімдер кабыл­дауға қатысатын мамандандырылған, әлеу­­меттік артықшылығы, жеңілдігі бар топ. Қоғамның саяси элитасының кұра­мына биліктік функциясын және уәкілдік құқықты иеленген жоғарғы дәрежелі қыз­меттегі кәсіби саясаткерлер кіреді. Саяси элитаның кұрамына сонымен бірге, қоғам дамуының стратегиясын дайындауға, саяси бағдарламаларды әзірлеу мен жүзеге асыруға да кәсіби дайындығы бар жоғары мемлекеттік қызметкерлерді жатқызуға болады. Оның басты сипаттарын баса көрсету үшін, оны көбінесе «елдің саяси бас­шылығы», «саяси шешімдер кабылдау орталығымен» байланыстыра айтады. Дүниежүзінің әлеуметтану және сая­­саттану әдебиеттерінде саяси элитаға бе­рілген көптеген анықтамалар мен әр түрлі көзқарастар бар. Біздің заманымызға дейінгі уақыттың өзінде антикалық Грекия­ның белгілі саяси кайраткері Перикл: «саясатты аз ғана адамдар жасайды, алайда ол жөнінде бәріде пікір айтады» – деген екен. Қоғамда көптеген адамдар мен әлеуметтік топтардың әдетте саяси өмірге күнделікті тікелей қатынаса алмайтыны белгілі. Адамдардың көпшілігі үшін саясатқа араласу жанама іс қана. Белсенді саяси қызметпен, әдетте, азшылық айналысады. Саясатпен қоғамның өз арасынан дайындығы және беделі бар көшбасшылар ұсынатын кәсіби сая­саткерлер, адамдардың ерекше тобы шұғылданады. Басты өмірлік мүд­делері саясаттан тыс жатқан бұ­қара халықтың саяси енжарлығы саяси элитаның өмір сүруінің маңызды факторы болып табылады. Тіптен, ең дамыған демократиялық елдердің нақты саяси практикасында бұқара халықтың саяси шешім қабылдау үрдісінен және саясатқа бақылау жасаудан қол үзуі жоғары дәрежеде. Кезінде әлеуметтанушы Роберт Михельс «олигархияның темір­дей қатаң заңын» ұсынған еді. Ол бойын­ша, бұқара халықтың тікелей би­­леуі техникалық тұрғыда мүмкін емес, сондықтан, кез келген режим ат төбеліндей азшылықтың билігіне – олигархияға айналмай қоймайды. Ми­­хельстің түсіндіруі бойынша, элита белсенді әрі ұйымдасқан азшылық ре­тінде азаматтардың бақылауынан шы­ғып кетуге тырысады және саясатты өз мүдделеріне қарай икемдейді, бағындырады.
Зерттеушілер саяси элитаны анықтау мен оның ауқымын белгілеу үшін келесі өлшемдерді ұсынады: біріншіден, қоғам­ның саяси элитасын жария саяси қызметпен кәсіби айналысатын, барлығының күре­сінің түпкі мақсаты айқын саналатын адамдар кұрайды; екіншіден, олар қоғам­нан біршама өзімен-өзі болумен қатар, сол саяси тәртіптің калыптаскан «ойын ережесін» ұстанатын, мысалы, қайсыбір билеуші және оппозициялык бөліктің мәнді ерекшеліктерін сақ­тайтын, сонымен бірге, әртүрлі саяси элита фракцияларының мүдделері, құн­дылыктары және мақ­саттары ортақ біріккен тығыз топты кұрайды, үшіншіден, осы адам­дарды саяси кайраткерлер ретінде олар­дың өзіндік зандылығын коғамдық мойындау бар. Басқару саяси элитаның өмір сүру факторы болып саналады. 
Бүгінгі таңда элитаны кәсіби біліктілік жағынан анықтауға қатысты зерттеулердің ішінде ағылшын әлеуметтанушысы М.Янг енгізген меритократия идеясы басым ұста­нымдардың біріне айналуда. «Меритократия» ұғымы бюрократияны, технократияны және жалпы қоғамның таптық құры­лымын өзгерте алатын қоғамды басқарудың жаңа қағидасы ретінде қаралуда.
Ұлттық мүдде тұрғысынан элитаны патриоттық-өнімді және   компродорлық деп бөліп қарастыруға болады. Элитаның бір бөлігі ұлттық құндылықтар өндіріп, елдің ұлттық байлығын көбейту үшін жұмыс істеп жатса, екінші біреулері бұрын жасалып жиналған дүниені шашумен, ұрлаумен шұғылданады. Ал­ғашқысын өз ұлтының нағыз элитасы десек, екіншілерін «квазиэлита» немесе жалған элита деуге болады. Ресей пре­зиденті В.В.Путин экономикаға қа­тысты бір мақаласында мынадай бір ой айтады: капиталдары бар, инвестициялық шешім қабылдай алатын экономикалық және қар­жы элитасы осы елде (Ресейде) тұруы, өз балаларының тағдырын осы мемлекеттің мүдделері мен ұзақ мерзімді дамуымен байланыстыруы  тиіс. Ресейлік тағы бір саясаткер, философ әрі дін маманы, халық депутаты Виктор Аксючиц өзінің бір сұхбатында былай: «Ресей элитасы тек өз елінде ғана басқарушы топ, элита бола алатынын енді түсінді. Егер, Ресей өмір сүруін тоқ­тататын болса, онда бұл элитаның капиталдарын тартып алады және өздерін түрмеге отырғызады. Сол себепті, олар Ресейдің мемлекет ретінде сақталуы үшін күресуде» дейді. 
Басқарушы элитаның ел алдында тұрған міндеттерге сай келмеуі, ұлт­тық-мәдени ортадан қол үзуі және олардың компрадорлық сипаты ұлттың құл­ды­рауы мен мемлекеттің іріп-шіруіне әке­леді. Халықтың кедейленуі мен елдің ойсырай қирауының басты себебі де осында жатыр. 
2011 жылы Ярославь форумында сөз сөйлеген американдық саясаттанушы З.Бжезинский реселік қатысушыларға қарата мынадай бір пікір айтқан екен: егер, сіздің элиталарыңыз ақшаларын біздің банкілерде сақтайтын болса, онда ол енді біздің элита (яғни, батысшыл) болып табылады. Демек, әрбір ұлттық элита ең әуелі өз ұлты үшін қызмет етуі тиіс.
Бүгінгі Қазақстанның ұлттық элита­сының алдында тұрған маңызды бір мәселе – өз Отанына азаматтық-мемлекеттік тұр­ғы­дан қызмет ету және осы қызмет аясында елдің экономикалық-материалдық және рухани-мәдени ресурстарын сақтау, дамыту, ұлғайту. Қазақстан келешегі ұлттық эли­­таның дайындығына, кәсіптілігіне және патриотизміне тікелей байланысты.

4330 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз