• Заманхат
  • 06 Наурыз, 2014

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕР ЖӨНІНДЕ НЕ БІЛЕМІЗ?

Қазіргі елімізде ақпараттық қоғам құру процесі қарқынды жүріп жатқан жағдайда ақпарат, ақпараттық байланыстар қоғамның кез-келген саласының негізгі өзегіне айналып отыр. Ақпараттық байланыстар саяси жүйенің қан тамыры секілді, оның құрамдас бөліктері мен элементтеріне нәр береді, өзара байланысын, іс-қимылын қамтамасыз етіп отырады. Басқаша айтқанда, саяси жүйенің, оның құрамдас бөліктерінің дұрыс қызмет атқаруы ақпараттың объективтілігінен, нақтылығынан, дер кезінде жетуінен тікелей тәуелді. Демек, кез-келген мемлекеттің, ондағы мемлекеттік басқару формаларына қарамастан, оның  саяси жүйесінің барлық құрамдас бөліктерінде   (саяси институттар, саяси қатынастар, саяси нормалар мен принциптер, саяси сана мен саяси мәдениет)    ақпараттың қалыптастырушы, үйлестіруші, байланыс факторы ретінде алатын орны ерекше болмақ және ол дами бермек. Өйткені, ақпараттық технологиялардың, ақпарат таратудың жаңа әдістерінің, соның ішінде бүгінгі күні Қазақстанда ресми түрде бұқаралық ақпарат құралдарына теңестірілген Интернет желісінің дамуымен бірге саяси жүйенің коммуникативтік қызметі де жандана түседі. Мемлекеттік билік те бұл жаңалықтарға қызығушылық танытып, соның нәтижесінде «электрондық үкімет», «электрондық әкімдік», «электрондық партия», «электрондық университет» сияқты жаңа жобалар, ақпараттық-коммуникациялық саяси институт туындады. Сонымен бірге, ақпаратты өндіру-тарату процесі мен компьютерлік техниканың шапшаң дамуы мемлекеттік басқарудың құрылымы мен механизмдеріне айтарлықтай әсер етуде. Бүгінгі ақпарат тасқыны толассыз күшке айналған, бүкіләлемдік ақпараттық кеңістік қалыптасқан жағдайда қоғамдағы ақпараттың рөлі мен орны ерекше артып отыр.   Бұл өз кезегінде мемлекеттің, қоғамның және жеке адамдардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінің күрделенуіне ықпал етуде.


Қазіргі таңда ақпарат тарату мүмкіншілігі бойынша Интернет торабы алдыңғы қатарға шығып отыр. Газет, теледидар, радионың түгелге жуығы Интернет торабында сайт немесе өз парақшаларын ашып, электронды ақпарат құралдарының саны күннен-күнге өсуде. Ал, Интернеттегі әлеуметтік желілердің қолданушыларының орта жасы 7-ден 48-ге дейін болып отыр. Қазір кез-келген ұялы телефонда әлеуметтік желілерге қосылу үшін қосымша бағдарламалар орнатылатын болды. Кез-келген компанияның өз тауарларын жарнамалау мақсатында әлеуметтік желіде парақшалары бар. Тіпті, Үкімет мүшелері, көптеген лауазымды тұлғалар Интернетте өз парақшалары, блогтарын ашып, сол арқылы өздерінің қызметіне байланысты ақпарат беріп отырады.
Әлеуметтік желілердің жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуға пайдасы зор. Интернеттен музыка, фильм, ойындардан басқа ғылыми мақалалар, аудиокітаптар, тіл үйрену курстарын, тамақ істеу, би үйрену, дене шынықтыру тәсілдерін көшіріп алуға, қарауға болады. Көптеген оқулықтар мен рефераттар, түрлі суреттер де Интернетте жетерлік. Кез-келген мемлекеттік органдар, түрлі компаниялар мен дүкендер, кафе, мейрамханалар туралы ақпарат алу, олардан анықтама алу, тапсырыс беру сияқты көптеген жұмыстарды үйде отырып Интернет арқылы бітіре беруге болады.  Сонымен қатар, әлеуметтік желілер арқылы кез-келген адам өзінің пікір алмасатын, мүдделестер ортасын қалыптастыруға, жаңа таныс, дос табуға да мүмкіншілігі бар. Сол сияқты кез-келген фирма өзінің өнімдеріне қызығушылық танытқан клиенттерін топтастыра алады.   
Алайда, әлеуметтік желілердің адамзатқа, әсіресе жас ұрпаққа кері әсері соңғы кезде барлық елдерде ғалымдарды, билік өкілдерін, жастар тәрбиесімен айналысатын ұстаздарды алаңдатып отыр.    
massaget.kz сайтының мәліметтері бойын­ша:
Әр 20 минут сайын facebook-те бір миллион сілтеме таралады;
Әр сағат сайын facebook-те 4,5 миллион адам қандай да бір іс-шараға шақыру алады;
Әр минут сайын facebook-те 100 мың адам дос болып қабылданады;
Барлық қолданушылардың 50 пайызы аптасына 1-5 сағат уақытын әлеуметтік желілерде сөйлесумен өткізеді;
Әр секунд сайын 8 адам қандай да бір әлеуметтік желіге тіркеледі;
Google-дегі іздеу саны күніне 1 миллиардтан асады;
Адам саны жағынан Facebook Қытай, Үндістан елдерінен кейінгі әлемдегі үшінші «мемлекет»;
Орта есеппен алғанда әрбір қолданушы өз аккаунтына күніне 2 рет кіреді;
Жыл сайын әлемде шамамен 100 адам әлеуметтік желіде қалдырған хаты үшін өмірден озады;
Әлеуметтік желілер интернетте уақыт өткізудің тәсілі саналатын порнографиялық сайттарды басып озды;
Әлеуметтік желі әлемдегі әрбір үшінші жұптың айрылысуының басты себепшісі;
АҚШ елінде қиылған некелердің 10 пайыздан астамы әлеуметтік желілердің арқасы;
Балалардың 80 пайызында әлеуметтік желі­лерде өздерінің жеке аккаунты бар;
Жаңалықтар адамдарға басқа каналдар арқылы әсіресе әлеуметтік желілер арқылы келе­тін болғандықтан әлемдік 25 газеттің 24-інде тираж саны азайған;
Танымал әлеуметтік желілердің көбісі қол­да­ну­шының өшірген суреттерін сақтайтыны анық­талды;
Facebook бар болғаны бір жыл ішінде 200 миллион қолданушы жинаған, ал телеөндіріске 60 миллион көрермен жинауға 13 жыл уақыт кетті;
Бүгінде 5 компанияның төртеуі жұмыс­шыларды іздеу кезінде әлеуметтік желілердің көмегіне жүгінеді.
Қа­зақ­с­­тан­да­­ 5,6 мил­лион адам­ әлеу­­меттік же­­лі­­­лер­­ді күн­де­­лік­­ті­ пай­да­ла­на­ды­ екен. Ең танымал­ әлеу­­мет­­тік же­лі­лер­дің­ қатарында күніне 1 млн. 125 мың рет қаралатын «Мой мир» (3 миллионнан астам қазақстандықтар тіркелген), 558 мың рет қа­ралатын «Одноклассники», 252 мың рет қаралатын «В контакте», 410 мың рет қаралатын «Facebook» -ті­ жатқызуға болады. Өкінішке қарай, қа­зақс­тан­дық­ ешбір сайт, портал мұн­дай­ кең аудиторияны әлі күнге дейін қам­ти алған жоқ. Күніне 350 мың қа­зақс­тандық ұялы телефонмен «mail.ru agent»-ті тұтынады. Әлеуметтік желілердегі әрбір екінші адам өзі­ жайын­да өтірік мәлімет жазатын көрінеді. Тар­қатып айтсақ, олардың 29 пайызы есімі мен жасын, 23 пайызы отбасылық жағдайын, 22 пайызы түр-әлпеті және қызығушылықтары туралы, 17 пайызы білімі мен жұмысына қатысты жалған ақпар беретін болып шыққан. 
Қазақстанда Интернет қолданушылар кө­бі­не Ресейлік сайттарды қарайтыны және бұл жайттың тұрақты өсіп келе жатқаны алаң­датады.  
Соңғы жағдайға келер болсақ – Интернеттің қазақстандық бөлігі Казнетте ақпараттың аздығы және сапасы, әралуандығы жағынан төмендігі  Интернет қолданушылардың негізінен ресейлік ресурстарды пайдалануына себеп болып отыр. Бұл өз кезегінде ресейлік сайттардан мәліметтер тасымалының (трафигінің) есебінен Интернет тарифінің жоғарылауына, сол себепті белгілі бір мөлшерде Ресейдің пайдасына шешілетін қаржылық шығынға себеп болады, екінші жағынан, біздің елде әлі толық дами қоймаған интернет-жарнамалардың, оның ішінде өзге елдің бұйымдары мен қызметтерін ұсынатын, әр түрлі мазмұндағы (тіпті порнография, діни тақырыптағы материалдар да бар) талап етіл­меген жарнамалардың, спамдардың көбеюіне жағдай туғызады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми мәліметтерінде қызметіне көптеген елдерде тыйым салынған діни-экстремистік ұйым­дардың әлеуметтік желілер мен түрлі сайттарды (оның ішінде порнографиялық сайттар да бар) пайдаланып, негізінен 18-25 жас аралығындағы жастарды арбап, өз қатарларына тарту фактілері көрсетілген. 
Өткен жылғы компьютерлік антивирустарға қарсы программалар өндіруші «Касперский лабораториясының» жетекшісі, ресейлік бизнесмен Евгений Касперскийдің баласының ұрлануы, үстіміздегі жылы Ақтөбе қаласындағы 8- сыныпта оқитын қыз баланың mail.ru сайты арқылы тапқан таныстарының қолынан қаза болуы сияқты деректер көптеп саналады.  Сол сияқты қазіргі кездегі компьютерлік, интернет клубтар жастар үшін спорт секцияларын, басқа да денсаулыққа пайдалы шараларды, тіпті таза ауадағы жай қыдыруды да ауыстыра алмайды. 
Бұдан басқа, әлеуметтік желілерде елдің конституциялық құрылымын, тұтастығын күштеп бұзуға шақыратын, нәсілшілдікті, рушылдықты, діншілдікті, өзге ұлт өкілдеріне төзбеушілікті уағыздайтын материалдар да кездеседі. Араб елдерінде әлеуметтік желілер көмегімен болған «твиттерлік төңкеріс», Жаңаөзен оқиғасы осыны тағы бір дәлелдеп берді. Біріншіден, әлеуметтік желідегі ақпараттың барлығы шынайы бола бермейтіні белгілі. Екіншіден, ақпарат жылдам әрі көп адамға тарап кетеді. Ал, ереуіл ұйымдастырушылар әлеуметтік желіні жақсы пайдалана білді. 
Кез-келген мемлекет өзінің ұлттық қауіп­сіз­дігіне аса көңіл бөледі. Қазақстан да демо­кратиялық бағыт ұстанған, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет ретінде өзінің қауіпсіздігін, оның ішінде ақпараттық қауіпсіздігін қамта­масыз етуге мүдделі. Сондықтан да ақпа­раттық қауіпсіздіктің нормативтік-құқықтық қамтамасын дамыту мақсатында «Ақпараттандыру туралы», «Мемлекеттік құпиялар туралы»,  «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы», «Жарнама туралы», «Байланыс туралы», т.б. заңдар, «Ақпараттық қауіпсіздік тұжырымдамасын қабылдады». Ал, қоғамдық ұйымдар, Журналистер одағы мен конгресі тарапынан бірқатар келіспеушілік тудырған  2009 жылы 10 шілдеде қабылданған «Ақпараттық-коммуникациялық тораптардың мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда негізінен Интернет желісінде Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келетін ақпаратты  таратпау, осы мақсатта провайдерлердің жауапкершілігін күшейту мәселелерін реттейді. 
ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынысымен Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да «Интернет кеңістік және қауіпсіздік» ғылыми орталығы ашылып, қызмет етуде. Кейіннен осындай орталықтар ашу мүмкіншілігін қарастыру 5 ЖОО-на жүктелді.   
    Қорыта айтқанда, Интернет торабын, әлеуметтік желілерді ауыздықтау мүмкін емес. Алайда, қоғамның дұрыс дамуы үшін, жас ұрпақтың адами келбетіне, денсаулығына, ой-өрісіне келетін зиянды азайту мақсатында:
Отандық әлеуметтік желілерді дамытып, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету;
Интернеттің ұлттық ресурстарын, әсіресе қазақ тілінде балаларға арналған ресурстарды дамыту;
Педагог ғалымдар тарапынан компью­терлік оқыту формаларын зерттеп, әдістемелік нұс­қаулар жасау, сонымен бірге балалар, жасөспірімдер, ата-аналар арасында жүйелі түрде компьютерлік ойындармен, әлеуметтік желілермен аса әуестенудің зияндығы туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру;
Жасөспірімдер арасында ақпараттық мәдениет тақырыбына зерттеулер, арнайы курстар өткізу қажет деп есептейміз.  
Р. Бердібаев, 
саяси ғылымдарының кандидаты, 
Халықаралық ақпараттандыру 
академиясының академигі
Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Панарин И.Н. Информационная война и геополитика. – Москва: Издательство «Поколение», 2006. – 560 с.
2. Информационно-психологическая и психотронная война. Хрестоматия / под общей редакцией А.Е. Тараса. – Минск: Харвест, 2003. – 432 с.
1http://www.astana-akshamy.kz/?p=7205 сайтының материалдары.

704 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз