• Заманхат
  • 06 Наурыз, 2014

Жастар және діни сана

Өтпелі кезең жылдары қоғам өмірінің барлық салаларында терең, түбегейлі өзгерістер орын алды. Бұл қоғамның рухани саласында, соның ішінде дін мен діни мәдениетке де терең өзгерістер алып келді. Кеңестік тоталитарлық жүйе мен атеистік идеологияның күйреуі салдарынан туындаған өтпелі кезеңдегі идеологиялық айқынсыздық әлеуметтік жағдайдың адамдар санасына сарыуайым мен торығу сезімін тудыруы, діни сауатсыздық, сонымен бірге, 1992 жылы қабылданған діни бірлестіктер туралы заңның солқылдақтығы мен дінтанулық сараптама жүргізу туралы ереже мен білікті теолог мамандардың болмауы, діни ағымдардың миссионерлік жұмысының қарқынды жүргізуі – мұның бәрі елдегі діни жағдайға өз ықпалын тигізді.


Діни жаңғыру постатеистік және постто­талитарлық елдерге тән. Өйткені ұзақ жылдар бойы ұлттық және рухани құндылықтарынан ажыраған елдер өзінің арғытегінде өрнектелген тамырларына қайта оралуды мақсат көретіні даусыз. Діни өрлеу үдерісі және құндылықтар дағдарысы, діни негізде өзіндік бірегейленуді  іздеу, түрлі субмәдениеттің құрылуы бұрынғы кеңестік елдер үшін тән құбылыс  болып отыр. 1990 жылдары діни сананың жаңғыруы  дәстүрлі діни бірлестіктердің позицияларының күшеюімен бірге,  Қазақстан үшін жат жаңа деструктивтік және тоталитарлық діни ұйым­дардың пайда болуымен ерекшеленеді. Қазақ­стандағы дәстүрден тыс діни ілімдерді ұста­нушылар қатарында түрлі әлеуметтік топтағылар, рухани ізденістерде жүргендер, жанына жұбаныш, сырқатына шипа іздегендер, жұмыссыздар мен қалталы азаматтар құрады. Жалған діни ағымдар өз қатарына 16-30 жас аралығындағы жастарды тартуы – болашақта ұлтымыздың діни бірегейлігі мен ынтымағына кері әсерін тигізуі мүмкін.  
Қазақ елі VІІІ ғасырдан бері Ислам діні мен құндылықтарын сүнниттік бағыттың Әбу Ханифа жолымен ұстанып келеді. Әбу Ханифа жолы ұлттық болмыс пен дәстүрмен біте қабысып кеткен. Өйткені бұл мазхаб ұлттық әдет-ғұрыпты діни үкім шығару шартының бірі ретінде қабылдаған. Ханафи мазхабы Орталық Азия халықтарының діни ұстанымы мен өмір салтының негізіне айналған. Ислам – бұл дін, мораль, мәдениет және өркениет ұстанымдары болып табылады. Қазақ  елінің 72 пайызын құрайтын мұсылмандар екені белгілі. Елімізде  сан түрлі наным-сенімді ұстанатын діни  бірлестіктер мен ұйымдар қызмет етуде. Ал ислам дін бірлестіктерінің саны 2000-нан асады. Қазақстандағы  діни бірлестіктер қоғамның тұрақтылығы мен ұлттық тұтастығымызға, қоғамдық келісім мен діни төзімділік жолына қызмет етуі тиіс. Тәуелсіздік пен даму философиясының қайнар көздерінің бірі – рухани асыл мұрамыз ұлттық құндылықтардың ажырамас бөлшегі діни құндылықтарымыз еліміздің рухани бірлігін күшейтіп, рухани қайта өрлеуді және ұлттық мүддені асқақтатуы тиіс.
Еліміздегі дінаралық келісім мен тату­лық, рухани қауіпсіздік – халықтың бірлігі мен ынтымағының елдің бейбіт дамуының негіздерінің бірі. 2007 жылы елімізде дінтанулық сараптама жүргізу ережесі қабылданса, 2011жылы Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заң қабылданды. Қазіргі уақытта елімізде 17 конфессияға тиесілі 3088-ден аса діни бірлестік тіркелген. Осы діни бірлестіктерге дінтанушылық сараптама және ғылыми талдау жасайтын білікті дінтанушылар қажет. Түрлі сектанттық топтардың адам санасы  мен дүниетанымына, ұлттық бірлікке, жанұяға, қоғамға тигізер залалын БАҚ арқылы үнемі жариялауды кешенді түрде өткізу керек. 
Еліміздегі кейбір дәстүрден тыс ағымдар халқымыздың діни дүниетанымы мен бірлігіне қауіп төндіре бастады. Елімізде ислам дінінің атын жамылып жастардың діни сауатсыздығын өз мүдделеріне пайдаланып, жастарды теріс жолға салып жүрген топтар аз емес. Сондықтан еліміздегі жат діни  ағымдарға қарсы тұратын азаматтық ұстаным мен сыни көзқарас қалыптастыру маңызды. Жат діни ағым шырмауына түскен жастарға идеологиялық тұрғыдан ықпал ету тетіктерінің бірі – ұлттық рух пен  ұлттық дүниетаным  негізінде тәрбие беру. «Дін – ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң –қасіретің» – бұл халық даналығы. 
 Дін тақырыбы – бұл күрделі, нәзік тақы­рып. Дін алауыздықтың емес, бірлік пен ынтымақтың негізі болуы керек. 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заң діни саладағы мемле­кеттік саясаттың пәрменділігін арттырып, зайырлылық қағидатын айқындай түседі деп ойлаймыз. Еліміздің орталық, шығыс және батыс аймақтарында дінтану мамандықтарын даярлайтын оқу орындарын ашу арқылы кадр тапшылығын шешуге болар еді. Діни оқу орындарында оқитын жастарға дін және қоғам, дін және құқық, дін және ұлттық руханият және зайырлы мораль негіздері сынды пәндерді жүйелі түрде окыту қажет. Дінге құштар жастарды ең алдымен ұлттық рух пен зайырлы мемлекеттік негізде тәрбиелеп, исламдағы көркем мінезділік және адамгершілік құндылықтарға баулып, отанды сүю, қоғам мен адамды құрметтеу секілді ұстанымды санасына сіңіру керек. Жастарды діни этикалық өмір салтқа үйретіп, біртіндеп дін негіздерін оқыту қажет. Моноқалаларда жастарға кәсіби бағдар беру  және мәдени-спорттық кешендер жұмысын жетілдіруге мән беру қажет. Діни сананың радикализациялануына – қарсы тұратын салиқалы діни ұстаным мен зайырлы қағидатты ғылыми негізде  зерделеу қажет. Сонымен қатар, еліміздегі діни бірлестіктерде қызмет істеп жатқан дін ұстаздарының діни білімі мен өмір деректері мұқият сарапталуы тиіс. Шетелдерге діни білім алуға ұмтылатын жастарымыздың қатары көбейіп отырғандықтан, олардың дүниетанымы қалыптасып, діни білімі жеткілікті деңгейде толыққаннан кейін ғана шетелдерге діни оқу орындарына жіберілгені жөн. Діни оқу орындарында оқитын жастарымызға ұлттық мәдениет пен салт-дәстүріміз, ұлт философиясы мен психологиясы, ділі туралы жан-жақты білім беруге ерекше көңіл аудара отырып, жастар бойында діни біліммен қатар, зайырлы білімнің қазіргі жетістіктері туралы терең түсініктер қалыптастыру заман талабы.  
Қазіргі таңда жастар арасында діндарлар қатарының көбейіп отырғанын ескерсек, олардың дүниетанымында дінаралық сыйластық, яғни, өзге діндерге құрметпен қарау, дінді ұстанбайтын азаматтарды түсіне білу және ұлтаралық келісім мәдениетін қалыптастыру өзекті. Жастарымызды ата-бабамыз ұстанған Әбу Ханифа мәзһабы бойынша шариғат ұстанып, амал етуді үйрету керек. Себебі, бір мәзһабты ұстану ұлттық бірліктің негізі. «Исламдағы бір мәзһабта болудың артықшылығы – халық біртұтас, ынтымағы мен бірлігі күшті, ұйымшыл болады» (Дербісәлі Ә. Ұлық имам – Имам Ағзам Әбу Ханифа. – Алматы, 2008. -96 б.).
Қазіргі таңда еліміздегі  ислами білімі бар дін   мамандарының білім алған  оқу орындары төмендегідей: «Нұр» Египет ислам мәдениеті университетінің түлектері, Әл-Азхар университетінде білім алғандар, Түркия   университеттеріндегі теология факультеттері мен Пәкістанның  діни оқу орындарында оқығандар, Сауд Арабиясында оқығандар, Бұқара және Ташкенттің   діни оқу орындарында білім алғандар. Шет елде діни білім алғандар үшін елдік дәстүр мен ғұрыптар, зайырлы мәдениет ұстанымдары, мемлекет пен дін қатынасы туралы білімін жетілдіру қажет.
Еліміздің кейбір аймағында  дәстүрден тыс топтардың ілімдік ерекшеліктері бұл топтар арасында дүниетанымдық негізде бір-біріне төзімсіздік танытуы көрініс беруі мүмкін. Ел аймақтарында, әсіресе, шағын қалалар мен ауылдарда діни  ағымдардың уағызы мен іс-әрекеттеріне дінтанулық талдау жасау керек. Діни насихатпен тек арнайы рұқсаты бар адамдар айналысуы тиіс.
Діни жағдайға қатысты кейбір мәселелерді атап көрсететін болсақ, бұл прозелитизм, діни фанатизм, діни төзімсіздік және діни экстремизм қаупі. Бұл жағдайлардың алдын алу үшін бұқаралық ақпарат құралдарында дінаралық татулық пен келісім  мәселесіне қатысты танымдық, сараптамалық материалдар жариялануы тиіс. Этносаралық және конфессияаралық қатынастар мәдениетін жетілдіру үшін төмендегідей қадамдар жасау өзінің оң нәтижесін береді деп санаймын. 
Мектептермен қатар, жоғарғы оқу орындарында дінтану пәнін міндетті пән ретінде енгізу және зайырлылық қағидаты дінтануды оқытуда негізгі әдістемелік ұстаным болуы шарт. Дінтанушылық сөздік пен терминологияға қатысты еңбектер шығару.
Тәуелсіздік аясында халқымыз өзінің тарихын, мәдениетін, рухани мұрасын жан-жақты және терең тануға қол жеткізді. Зайырлы мемлекетімізде ұлтымыздың сана-сезімін және салт-дәстүрлерін, ұлттық құндылықтарын өркениеттік тұрғыдан зерделеу маңызды. Өйткені халқымыздың тарихында айшықталған құндылықтарды және ұлттық дүниетанымымыздың негіздері мен ерекшеліктерін білу ұлттық жаңғыруымыздың негізі болмақ. Қазақ елінің рухани тұғыры ислам мен оның құндылықтарының қайта жаңғыруы халықтың өзінің рухани түп-тамырын толық түсінуге деген ұмтылысын ашып көрсетеді. Сондықтан да, қазақ халқының діни-рухани мәдениетін танып білуге ұмтылуы заңды. Ұлттық дүниетаным мен ділдің қалыптасуына ықпал еткен рухани құндылықтарды зерттеу қазіргі қазақ қоғамының рухани түлеуі және діни санамыздың беріктігін нығайту үшін қажет. Осындай зерттеулер қазақ елінің рухани тұғырының бірі ретіндегі ислам құндылықтарының қоғам өміріндегі орны мен рөлін айқындауға мүмкіндік береді. Ұлт руханияты үшін ұлттық тіл, ұлттық діл және дін рухани тұғыр болып табылады. Осы үш діңгек бір-бірімен ажырамас бірлікте болғанда ұлт тұтастығы да берік. 
Қазақтың бітім-болмысын және рухани жан дүниесін айшықтайтын ислам дінінің құндылықтары мен мәдениетін жан-жақты зерттеу, қазақ қоғамындағы діни төзімділік пен діни келісім мұраты жолына қызмет етпек. Қазақстандағы қазіргі діни жағдайды және дінаралық қатынасты зерттеуде ислам дінінің қоғамдағы мәдени-діни және рухани негіздерін ғылыми тұрғыдан талдау өзекті.
Еліміздің тәуелсіз ел ретінде әлемдік қауымдастыққа енуі, ұлт руханиятының қайнар көзі тіл, діл, дінді өркендетуге жол ашты. Халқымыздың рухани құндылықтарының бірі ислам дінінің қайта жаңғыру үдерісі діни сана мен діндарлықтың жандануына ықпал етті.
Еліміздегі діни қайта өрлеу рухани мәдениеттің имани нәрі мен өмірлік қуатына деген сенімінен туындап отыр. Қазақ халқының рухани мұрасындағы халық ауыз әдебиеті үлгілер, әдет-ғұрыптарды, сондай-ақ ұлы ойшылдарымыздың мұраларының діни негіздерін танып білу өзіміздің ділімізге негізделген және тарихымызда таңбаланған рухани ұстанымдар мен құндылықтар өмірдің нақты шындығы негізінде туындаған. Сондықтан да, ұлттық өмір салтымызды, әдет-ғұрпымызды, салтымызды, дәстүрлі діни мәдениетімізді және мұрамызды жүйелі де, толыққанды зерделеу уақыт талабы.

Бағдат БЕЙСЕНОВ, 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің доценті, философия ғылымының докторы
Нұрболат Манапбаев, 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің 2-курс магистранты

423 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз