• Заманхат
  • 28 Мамыр, 2014

Исламдағы «әулиелік керемет» ұғымдарына талдау

Халқымыз әулие мен ишан атағына ие болған жандарды қатты құрметтеген. Осы ретте, әулиелер деген кімдер? Бұл сауалға Ислам көзқарасы бойынша қысқаша тоқталайық. Әулие сөзі негізінен араб тіліндегі «уәли» жақын, дос, көмекші [1.897] ұғымдарын білдіреді. Бұл сөздің шариғаттағы мағынасы – исламда тыйым салынған барлық күнә істерден бойын алыс ұстайтын, Аллаһқа шынайы берілген, Раббысына деген махаббаты жалындап, Одан қатты қорқатын және Хазіреті Пайғамбарымыздың с.а.у. сүннеттерін мұқияттылықпен орындаған, иманы берік жан. Араб тілінде «уәли» сөзінің көпше түрі «Әулие» (достар). Қасиетті Құран мен Пайғамбарымыз с.а.у. хадис шәрифтерінде «уәли» және «әулие» есімі Аллаһтың сүйікті пенделері, құлдары, достары деген ұғымды білдіреді. Құран аяттарынан «Әулияуллаһ» (Аллаһтың достары) деген сөзді көптеп кездестіруге болады. Ол: «Біліңдер! Расында Аллаһтың достарына қауіп - қатер жоқ әрі олар қайғырмайды....» [2,10:62]


Аллаһ Тағала достарының болмысынан олардың әдепті, адамдық қасиеттері мол, парасатты, жүзінен нұр тамған, иман жүзді, инабатты, кішіпейіл әрі Жаратушыдан ерекше қорқа білетін жандар екендігін  мына аят білдіреді. «Олардың жүздерінде сәжделердің ізінің дерегі бар» [2,48:29]. Хазіреті Омардың р.а. риуаяты бойынша, Аллаһ Елшісі с.а.у. былай дейді: «Аллаһ құлдарынан кейбір адамдар бар, олар шейіт (Аллаһ жолында соғысып қаза тапқандар) те емес, пайғамбар да емес. Бірақ қиямет күні олардың дәрежелеріне пайғамбарлар мен шейіттер қызығып қарайды». Сахабалар: «Ей, Аллаһтың Елшісі! Олар кімдер және қандай амал жасайды екен? Бізгеде айтсаңыз, біз оларды жақсы көріп құрметтейік», деген кезде, Хазіреті Пайғамбарымыз с.а.у. сөзін былай деп жалғастырды: «Бұлар бір топ болып, араларында туыстық, бір-біріне беретін мал мен дүниелік пайдалары болмастан, тек Аллаһ разылығы үшін және Аллаһ жолында бір-бірлерін жақсы көреді. Аллаһқа ант етемін. Олардың жүздері бір нұр секілді және олар нұрдан жасалған бір баспалдақ үстінде. Адамдар қорыққан кезде олар қорықпайды. Адамдар қайғырған кезде, олар қайғырмайды» деп олардың сипаттарын айтқан. 
Сонымен қатар әулие кісілер Аллаһтың өз­деріне берген кеңшілігі мен артықшылығы арқасында «карамат» көрсетеді. Карамат сөзі араб тіліндегі мағынасы құрмет көрсету, сыйлау (1:669). Ислам дінінің шариғаттағы мағынасы Аллаһқа шынайы бойұсынған, Пайғамбарымызға с.а.у. шын ықылас ниетімен сенген, Раббысына құлшылық етуде алдына жан салмаған әулиелеріне берген Аллаһтың сыйы, кеңшілігі болып табылады. Негізінде, бір әулиенің караматы өзінің сенген пайғамбарының мұғжизасынан туындайды. Мұғжиза да, карамат та төтенше болатын жағдай. Мұғжиза пайғамбарда, карамат сол пайғамбардың жолын ұстанушы әулие кісілерде болады. Бұл жайында Имам Ағзам Әбу Ханифа «Әл Фиқһул әкбар» атты еңбегінде былай дейді: «Әулиелердің көрсеткен караматы хақ» (3:3) Олай болса, карамат мәселесінде күмәнданудың қажеті жоқ.
Кейбір адамдар сиқыршы, балгердің табиғат заңдылықтарынан тыс іс әрекеттерін көрген кезде, бұл Аллаһтың берген караматы деп ислам дінінен ауытқып, Аллаһ Тағалаға ортақ қоса кетеді. Бұндай сиқыршы, балгер адамдардың көрсеткен караматтары біздің пайымымыздағы діни караматқа жатпайды. Мұндай әрекеттер сол кісілердің күпірлігін арттыруымен қатар өзгелердің адасуына себеп болады. Сондықтан сиқыршының сиқыры мен әулиелердің караматының ара жігін ажыратып білуіміз қажет. Бір адам баласының табиғат заңдылығынан тыс ғажайып, керемет іс әрекет жасаса немесе болар істің алдын болжап, кейін сол айна қатесіз болып жатқанын көрсеңіз, алдымен ол адамның Аллаһтың әмірлерін (иман ету, намаз, зекет...), тыйымдарын (сиқыр, балгер, арақ...), бұйырған жолдарын ұстануында шариғатқа сай амал етіп етпегенін білмейінше оларға сеніп алданып, шариғат шеңберінен ауытқып кетпеуіміз керек.
Құранда және сүннетте келген Аллаһ доста­рының (әулие) караматын көрсеткен бірнеше мысалдар келтіруге болады. Хазіреті Закария (ғ.с)  өзінің балдызы Мариям анамызға қамқор болып, Аллаһ Тағалаға құлшылық ғибадат етуіне, Раббысын тану үшін мешіттің жанындағы арнайы бір бөлмеге орналастырып, оған қажетті нәрселерін алып беретін. Зәкәрия (ғ.с) уақыт өте келе, Мариям анамыздың караматын көре бастайды. Себебі  Мариям анамыздың бөлмесіне Закариядан басқа ешкім кірмейтін болған. Хазіреті Закария (ғ.с). өзінің күнделікті азығынан басқа Мариям ананың алдында жаз кезінде қыстың жемісін, ал қыс мезгілінде жаздық жеміспен азықтанып жатқанын көрген кезде, таңғала еріксіз сұрауға мәжбүр болады. Бұл жайында Аллаһ Тағала Құранда былай баяндайды: «Сонда оны (Мариям ана) Раббы жақсы қабылдап, көркем өсірумен өсірді және оған Закарияны ие қылды. Закария (ғ.с) оның бөлмесіне әр кіргенде оның жанында тағамды көріп: «Ей, Мариям! Мыналар саған қайдан келді?» – деді. Мариям: «Ол Аллаһтың қасынан, шексіз Аллаһ қалаған құлын есепсіз ризықтандырады» деді» [2,3:37]. Хазіреті Мариям пайғамбар емес, тек Исаның (ғ.с) анасы екені анық. Демек, ол пайғамбар болмаса, онда оның алдында жатқан азық пен жемістер оның нәтижесі деген сөз.
Енді сүнеттен дәлел келтірейік. Хазіреті пай­ғам­барымыздың бір хадисінде өткен үммет­терден үш жолаушының жаңбырдан ықтану әрі түнді өткізу үшін бір үңгірге кіріп паналағанын, сол кезде тау басынан құлаған үлкен бір тас үңгірдің аузына кептеліп, әлгі үш кісінің шыға алмай, Аллаһқа дұға еткені айтылады.Олар өздерінің Аллаһ разылығы үшін жасаған амалдарын айтып, Аллаһтан үңгір аузына кептелген тасты жылжытуын сұранады. Аллаһ олардың мінәжатын қабал етіп, үңгірдің аузына кептелген тасты жылжытады. Олар үңгірден аман есен шығады [4,12].
Аллаһтың достары атанған әулие құлдарының караматы екі түрлі болады:
1. Рухани карамат – ілім, ахлақ, ғибадат, мағрифат пен тақуалықта рухани дәрежеге жету. Бұл дәрежеге жеткен әулиелердің әрбір айтқан сөздері ғибратқа толы, мағыналы, әдепті, ешкімнің көңіліне тимейтін әсерлі сөздер болады.
2. Кауни және сурри карамат – ғайып болған затты әп-сәтте әкелу, апару, бір мекеннен екінші мекенге әп сәтте жеткізу, жабайы аңдарды адамға қызмет еттіру секілді т.б күнделікті өмірде көрсететін караматтар. Әу­лиелер мұндай караматтар көрсетуге әуес болмайды және мұндай караматтарға көңіл де бөлмейді [5,372-373].
Мұғжиза мен караматтан тыс өзге де табиғат заңдылықтарына қайшы 
келетін жағдайлар
Ислам діні мен ғұламаларының ерекшелігі сол, табиғат заңдылықтарынан тыс оқиғалардың бәрін мұғжиза демей, оларды өзара бөліп жүйелеген. Бұл ислам дінінің әдістемесінің дамығандығының көрсеткіші. Жоғарыда айтып өткеніміздей, пайғамбарлардың мұғжизасы мен әулиелердің караматынан тыс өзге де табиғат заңдылықтарына қайшы келетін жағдайлар бар. Бұларды мұсылман ғалымдары мынадай топтарға бөліп қарайды:
а) Ирхас. Келешекте пайғамбар болатын адамға кейбір төтенше жағдайлардың көрінуін ирхас деп атайды. Мұндай төтенше жағдайлар ол адамның болашақ пайғамбар болатындығына дәлел. Мысалы, Хазіреті Исаның (ғ.с) яһудилердің дін басыларына, анасына ойнастан тудың деп айып тағушыларға бесікте жатып өзінің пайғамбар болатындығын, Інжіл атты кітап берілетіндігін айтуы ирхасқа жатады. Сол секілді Хазіретті Мұхаммедтің (с.ғ.с) сүт анасы Халиманың үйіне береке әкелуі, көкесі Әбу Тәлібпен тасат­тыққа шыққанда, оның қолын жайып атасы жалбарынғанда, жаңбырдың жаууы, үнемі үстінде бір бұлттың жүруі де табиғат заңдылығына қайшы келетін оқиғалар еді [6,62-71,86-87].
ә) Мәунат. Мәунат – көмек, жеңілдік деген ұғымды білдіреді. Аллаһ тағаланың сүйік­­ті бір пендесі болғанымен, кез-келген бір мұ­сылман кісінің қиын-қыстау кезінде, Ал­лаһ­тың жәр­демімен аяқ астынан ісінің оңға басу құ­былысын «мәунат» дейді.
б) Истидраж. Истидраж – уақыт беру, мұрсат беру деген ұғымды білдіреді. Күпірлігі мен күнаһарлығын ашық түрде көрсеткен жандардың ниет-тілектеріне қарай болатын төтенше жағ­дайларды «истидраж» дейміз [5,267]. «Карамат» әулиеде болса, истидраж күнаһар пендеде болады. Аллаһ күпірлікте шектен шыққан құлдарына истидраж қабілетін беру арқылы күнаға белшесінен батуға мүмкіндік береді. Мысалы, Ібілістің дұғасы қабыл болып, қияметке дейін адамдарды тура жолдан адастыруы, Перғауын мен Нәмруд секілді өздерін құдай дәрежесіне санап, нәпсілерінің қалауы бойынша әрекет етулері истидраж түріндегі оқиғалар. Бірақ түбінде олардың нәтижесі де оң болмайды. 
в) Иханет. «Истидраж» күнәһар, фасық бір кісіге берілген қабілет болса, «иханет» те сондай кісінің ниет тілегі мен мақсатының керісінше болуы деген сөз. Яғни, «иханет» жалғаншы, күнәһар кісінің жасаған ісінің жалғандығын айғақтайтын, табиғат заңдылықтарына қайшы келетін жағдайлар. Жасаймын дегенін жасай алмай, болады дегені болмай қалуы. Мысалы, жалған пайғамбарлардан Мусәйләмәтул Кәззәб өзінің пайғамбар екендігін дәлелдеу үшін бір көзі көр болған кісінің көзінше шипа беру үшін түкірігін жаққанда, екінші сау көзінің көрмей қалуы секілді.
Әу баста атам қазақ әруаққа сыйынбаған, сыйлаған. Біз осы екі ұғымды ауыстырып ал­ған­даймыз. Қабірлердің басындағы әруақ­тардың тасына барып, өлгендерден тілек тілеп, қасиетті Қағбаны айналғандай тауап етіп жататын, әруақтарға арнап, құрбан шалып, тілек тілеп, бала сұрап жалбарынатын қауім іс-әрекеті қаншалықты исламға қайшы екенін біреу білсе, біреу білмес. Қазіргі кезде көпшілікке таныс «Ақжол», «Сұңқар», «Аққу» деген атпен көптеген мұсылман бауырларымыздың адасқан жолында көш бастап, қабірлерді аралатып, олардан демеу сұратып жатқаны жасырын емес. Көктемнің шуақты күндері басталысымен ақ шүберек байлаған автобустар жолға түсуді бастайды. Қабірлерге барып қайтушылардың жиған терген теңгесін жинап алып жолын ашып берушілер де насихатын күшейтеді. Бұл осы дүниенің есебі ал ақиретте ше? 
Алайда олардың: «Біз аруақтарға емес, Аллаһтан сұраймыз, тек біздің тілегімізді Аллаһқа аталар жеткізеді» деп жүргендері рухани айлакерліктен басқа ешнәрсе емес. Өйткені, Аллаһ тағала «Аллаһтан басқа нәрселерге табынасыңдар ма? Олар сендерге зиян тигізу қабілетіне де, пайда келтіру қабілетіне де ие емес қой. Аллаһ естуші, әрі толық білуші [2,5:76]. Осы бізге анық дәлел емес пе? 
Қазіргі қабірлерге зиярат етушілердің мән бермей жүрген бір мәселесі – Ислам сенімі бойынша қабірде жатқандардан тілек тілеуге болмайтындығы. Тілек тек ғана бір Аллаһтан тіленеді. «Жаратушы тұрғанда жаратылғаннан не сұрайсың» – деп аталарымыз тегін айтпаған. Аллаһ тағала «Фатиха» сүресінің 5-аятында бір Аллаһқа ғана құлшылық етіп, әрі бір Аллаһтан ғана сұрау қажеттігін адамдарға бұйырған еді. Ал, қабірде жатқан қандай қасиетті адам болса да, одан бірдеме сұрау – Аллаһтың қаһарын тудыратын серік қосу күнәсі екенін біліп қойғанымыз жөн. Әулие, әнбие, әруақ – бұлардың бәрі өмірден өтіп кеткен адамдар. Олар біздің қайғы-қасіретімізге, қуаныш-шаттығымызға ортақтаса алмайды. Бізге ешқандай жәрдемін тигізе алмайды.Тіпті олар біздің не тілеп, не сөйлеп жатқанымызды да естімейді. Бұл сөзімізге дәлелді Құраннан табамыз.
«Егер оларға жалбарынсаңдар дауыстарыңда естімейді. Мүбада, олар естісе де, сендерге жауап қайтара алмайды. Сондай - ақ, қиямет күні олар сендердің ортақ қосқандарыңнан танады. Толық хабар беруші Аллаһтай сендерге ешкім түсіндірмейді» [2,35:14].
Енді «өлген адамның қалай көңілін тауып разы етуге болады, қандай қажеттілігін өтесек әруақ алдындағы міндетімізден құтыламыз?» Бұл сұрақтардың жауабын шариғаттан іздеген жөн. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетіне сүйенсек тірі адамдардың өлген пенденің алдындағы міндеттері: мәйітін жуу, кебіндеу, жаназасын шығару жерлеу. Осы рәсімдерді орындаған адам өлі алдындағы өз міндетінен толық құтылады. Әрине, Құран оқып, дұға бағыштаса, өлген адам одан пайда алуымен қатар, арғы өмірде Аллаһтың кеңшілігімен үлкен сауапқа кенеледі. 
Бірақ шариғат шартын сақтап орындамаса бұдан да пайда жоқ. Егер, өліге бағыштап мал сойып, құлпы тас орнатып, мазар салып әруақты риза етеміз десек, бұл жерде Аллаһтың бұйрығы бұзылатынын білгеніміз жөн.

Кажмукан Тулемаганбетов, Нұр-Мүбарак Египет 
Ислам Мәдениеті университетінің 2-ші курс магистранты

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Арабско-русский словарь. Ташкент. Камалак 1994 ж. 
2. Құран Кәрім қазақша мағынасы және түсінігі, Халифа  Алтай. Мадина. 
3.Фиқһул Акбар.  Әбу Ханифа. Ташкент. 
4. Риадус Солихин.  1991ж. 1 том. 
5. Иман негіздері.  Сейтбеков. С. Алматы. 2010 ж. 
6. Адамзаттың асыл тәжі. Дамира Өмірзақ­қызы Ибрагим. Алматы 2004 ж.
7. Тасаввуф.  Осман Нури Топбаш. Алматы. 2007 ж.

740 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз