• Заманхат
  • 23 Маусым, 2014

Имам әл-Матуриди дәуіріндегі діни ахуал

Ислам – адамзатты қараңғылықтың зұлма­тынан ақиқаттың асыл нұрына жетелейтін, соңғы ақиқат дін. Сол дінімізге жүрегіміздің төрінен орын беріп, дұрыс тани білуіміз басты міндетіміз. Әлбетте, бұл ілімді адамзаттың асыл тәжі, хазреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үйреткен жолы арқылы және ол ауыр аманатты арқалаған имамдарымыздың қалдырған толассыз терең мәнді кітаптары арқылы оқып-үйренеріміз анық. Міне, сондай имамдарымыздың бірі имам әл-Матуриди. 
Имам әл-Матуридидің  өмір сүрген саяси ортаға келер болсақ, аббасилердің дәулеті әлсірегеннен кейін шығыс және батыста тәуелсіз мемлекеттер пайда бола бастады. Осындай тәуелсіз бөлініп шыққан мемлекеттердің бірі Самания елі еді. Имам әл-Матуриди  осы мемлекетте өмір сүрген-ді. Аббаси дәулеті қанша әлсірегенімен, имам әл-Матуридидің  өмір сүрген ортасы  саяси жағынан тыныш болды. Алайда сол уақыт әртүрлі мәзһабтарға, бидғаттарға (дінде болмаған жаңадан кірген жаңалықтар), әртүрлі  пікірлерге толып жатқан еді. Бұл діни мәзһабтардың имамның ілім жолына әсер етпей қоймағаны белгілі. Сондықтан да имамның көп еңбектері осы салаға, яғни діни топтарға тойтарыс беруге, сүннет жұрты арналды. 


Имам әл-Матуридидің өмір сүрген ортасы ілім және ғалымдардың отаны екенін анық көруге болады. Сондықтан да, бұл өлкеден әртүрлі салаларда үлкен имамдар шыққан. Солардың  басында Имам әл-Матуриди тұрады. Бұл өлкеде халифадан бастап, қарапайым халықтың өзі де ілімді талап ететін. Тіпті, басқа өлкелерден бұл жерге келіп ілім алатын еді.
Сол сияқты бұл өлкеден хадистанушылар имамы Имам әл-Бұхари шыққан. Демек, имам әл-Бұхари өлкенің Бұқара деген жерінен шығып, хадис жинау мақсатында Ирак, Хижаз, Мысыр, Шам өлкелеріне сапар шеккен. Сол сияқты Муслим ибн Хажаж Найсабури шыққан. Әрине, бұл өлке дүниеге әкелген ғалымдардың бәрін бірдей тізіп айту мүмкін емес. Сондықтан да Ислам әлеміндегі әйгілі екі имамды келтірдік. Бұл екі имамның өзі осы өңірде ілімнің қаншалықты деңгейде болғандығын ашық аңғартса керек.
Осы аталмыш жағдаяттарды зерделей отырып, Имам әл-Матуридидің өмір сүрген дәуірінде ғылымның гүлденген кезеңін көруге болады. Сол кездегі ғылымның дамуына ықпал болған басты себептер:
1. Патшалардың ғалымдарға құрмет көрсетуі. Осы құрметтеулердің нәтижесінде ілім дамыды.
2. Бұл өлкедегі саяси, қоғамдық тыныштық ілімнің дамуына үлкен себеп болды.
3. Ғалымдардың рамазан айында жиналып, бір-бірімен ғылыми мәселелерде  пікір-талас өткізулері үлкен мәнге ие болды.
4. Әртүрлі мәзһабтар және солардың ара­сын­дағы мәселелер, олардың жауабын беру, өз ұстанымын қорғау сияқты істер ілімнің, өр­кениеттің  дамуына алып барды. Мысалы, фиқһта Ханафий, Шафиғи мәзһабтары, ақидада Ашғарий, Матуридий, Муғтазила одан да басқа кәләм мәзһабтары болған. 
5. Адамдардың бай болуы, сауданың дамуы. Бұл да ғалымдардың  дүниемен емес, ғылыммен шұғылдануына себеп болды. Нәтижесінде ілім дамыды.
6. Ілімге шөлдеген шәкірттердің үлкен ілім иелеріне келіп әртүрлі  салаларды меңгеруі, осы өңірде ілімнің кең қанат жайып дамуына септігін тигізді.
Осы себептердің бәрі бұл өлкеде ғалымдардың көбеюіне, халифалардың ілімге және ғалымдарға қатты көңіл бөлуіне ықпал етті. Сондықтан да, имам Матуриди кішкентай кезінен ғалымдардың мәжілістеріне етене араласып өскен, көптеген ілімді игерген. Әсіресе, ақида және фиқһ ілімдерін жақсы меңгерген.
Имам жасап жатқан сол кездегі қоғамда Насранилар (христиан өкілдері), Яһудилер (еврей өкілдері) болған. Ғаббаситтер халифаларының кең қарағандығы себепті оларға діндерінде көптеген  кеңшіліктер берілген. Тіпті, Құдайға сенбейтіндер де шықты. Хауариждер Сижистанда, Муғтазилалар Найсабурда және Шиғалар, Каррамияларда шықты. Осы себептердің  барлығы Имам әл-Матуридидің сүннет жұрты және жамағатының ақидасын қорғап шығуына себеп болды. 
Имамның ғасырындаға Ислам жағдайына келер болсақ, Ислам әлеміне үлкен әсері тиіп тұрған, пікірі кең тараған Мұғтазила ақида мәзһабы болатын. Тіпті, атын жамылған Каррамия сияқты діни топтар пайда болып жатқан еді. Шиға, Хауариж сияқты саяси топтардың да әсері бар болатын. Мұғтазила сенімі Аббаситтер халифаларынан қолдау тауып, Ислам орталығы Бағдат және басқада халифатқа қарайтын аймақтарға тарап, мұсылмандар арасында ақида мәселесінде қайшылықтар туындап, өзара келіспеушіліктер орын алды. Халифат орталығынан шалғайда орналасқанына қарамастан Мұғтазила пікірі Самарқанд аймағын да шарпыды. Өйткені діни пікір бір жел тәрізді, оның соққан самалының бармайтын жері қалмайды. Ол кезде бұл өлкені Мауара ән-наһр, яғни өзеннің арғы бетіндегілер деп атайтын. Мұндағы «Мауараннаһр» сөзіне түсіндірме беріп кеткеніміз жөн болар. «Мауараннаһр» сөзі – араб тілінде «Екі өзеннің арасындағы өлке» деген мағынасына саяды. Бұл Орта Азияда Жейхун (Әмудария) өзенінің арғы жағындағы түркілер қоныстанған территорияға берілген жеке географиялық атау. Бір кездері КСРО-ның құрамына кірген бұл аймақ қазір Өзбекстанды, Қарақалпақстанның шығыс бөлігін, Тәжікстанды, Қырғызстанның оңтүстігін, Қызылқұм шөлі мен Қазақстанның бір бөлігін алып жатқан шалғай дала. Дегенмен, сол кезде Аллаһ Тағала мұсылмандары қате сенімнен сақтап қалу үшін, сол өңірден Имам Әбу Мансур әл-Матуридиді шығарды. Сондықтан, имамның ақида мәселесіне тереңдеп енуіне, оны сақтап қалуына және де мұсылман жамағатына әйгілі «Китаб әт-Таухид» атты еңбегінің туындауына осы Мұғтазила секілді кәләм мәзһабтарының пайда болуы себеп еді. Ислам ақидасының жүйеге келу барысында пайда болған алғаш адасқан топтардың бірі – Мұғтазилиттер болатын. VIII ғасырдың бас кезінде пайда болған, ақылға ерекше мән берген мәзһаб. Мұғтазилиттердің негізін қалаған - Уасыл ибн Ата. Осы секілді өзге де адасқан топтарға жауап беруде еңбек сіңірген ғалым -  Имам Әбу Мансур әл-Матуриди еді. 
Бүгінгі таңда еліміздің жағдайы имам әл-Матуридидің кезіндегі пайда болған кәләм мәзһабтарының ойлары, пікірлері кең тарап тұрған уақыт. Осы кезде имам әл-Матуриди сияқты әрбір білімді азамат ден қойып, Аллаһ үшін сүннет жұрты және жамағаты сенімін қорғап қалуы тиіс. Сондықтан ақидаға қатысты, сенім мәселелерін ашып беретін діни оқулықтар қажеттілігі сезілуде.
Сөзімізді қорыта келе имам әл-Матуридидің өмір сүрген дәуіріне қысқаша шолу жасап, зерделедік. Сондай-ақ имамның еңбектері мен шығармалары, ілімі, дін жолындағы күш жігері мен ыждағаттылығы турасында айтар болсақ том-том кітаптардың жазылары ақиқат. 

Рахымжан ӘКІМБЕКОВ, 
Нұр- Мүбарак университетінің 
магистранты

287 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз