• Заманхат
  • 23 Маусым, 2014

Өлең сөзде өз ізі бар ақын

Білмейміз келгендерді,
Жалындап жанбаған соң.
Сезбейміз өлгендерді,
Артында із қалмаған соң.
                Қадыр Мырза Әлі
Сатыбалды Даумовтың екі томдық толық жинаған қолыма ұстағанда қандай қазынаға тап келгенімді әлі сезбеген едім. Көзім бірден «Қоянды» деген поэмасына түсті.
Ауыл жоқ.
Тұрмын енді жұртын басып,
Жадау түз жатыр сұлық өңі қашып.
Құйрықсыз қызыл шақа түз түлкісі,
Жанымнан өте берді сылти басып.  
Сұмдық сурет!


Қызыл жүні алтындай құлпыратыны үшін ғана аңшының құмарын оятатын қызыл түлкі­нің дәл қасыңнан сылти басып, қызыл шақа кеспірсіз және құйрықсыз, адамнан қорықпай өте беруі –табиғат заңының күл парша бұзылуы! 
Бір ғана детальмен жаныңның нәзік қылын дың еткізген ақын одан әрі үдемелі түрде үстелеп жердің жетім келбетін, адамдардың – ұстаздары мен тұстастарының – мына құт мекеннен молаға көшіп кеткенін жоқтап «ойраны шыққан елдің кімге обалы» деп егіледі.
Сауы жоқ адам түгел аң-құсыңның,
Түсінер бұл өңірдің қайғысын кім?
...Жұртыңа тұрмын қарап жылап ішім,
«Азғыр» мен «Капустин Яр»
Қос тажалдың
Түбіңе жеткеніне ме сынағы шын?!
Әдетте, қолына қалам ұстаған жас талант өз ауылына деген махаббатын қағаз бетінде айшықтауға ұмтылады. Оған өз ауылынан сұлу, өз ауылынан керемет жер жер бетінде жоқ! Бірақ, Сатыбалды Даумовтың поэмасын оқығанда төбе құйқаң шымырлап, жүрегің езіліп сала береді. Себебі, ол туған ауылын жер бетінен таппай аза жырын жазып отыр.
Жаңа ғана Сатыбалды ақын суреттеген:
Жататын сап-сары құм суси көшіп,
Балқыған сары алтындай ақ жалынға, – деген әсем сурет-ай!  Сусыған құмның жанды келбетін көз алдыңа толқындатып әкеледі де, «түсінер бұл өңірдің қайғысын кім?!» – деп, жан жүрегімен қиналады. 
Зымыран төбесінен құлап-құлап,
Төбелер жатыр өліп, сұлап-сұлап... Туған ауылын Мысыр шәрінен артық санайтын
Сол менің космодромым,
Ғарышқа мені ұшырған, – деп әспеттеген, пәк көңілімен құлай сүйген ауылы! 
Қаңбақ па әкететін дауыл қуып,
Не сұмдық кетті деген ауыл құрып!  – деп күңіренеді..
Иә, сол бір елуінші жылдардың басында – Кеңестер одағы империясының басында отырған Сталиннің атом қаруын жетілдіретін, сынайтын полигондар орнатылды. Біздің кең байтақ Қазақстанның сол сынақтан сау өлкесі қалмады. Сексендей нүкте болған екен. Ірілері – Азғыр мен Семей. 
Ауылының орнын сипап қалған С. Даумовтан гөрі мен бақыттырақ екенмін. Себебі, маңдай тіреп баратын ауылым бар. Дәл үйдің қасына бомбадан түскен қазаншұңқырға ойнаған екі ағатайым – Есболған мен Есберген бір түнде ауырып жоқ болды. Сол күні, сол қазаншұңқырда ойнаған ойын баласынан айырылып аңырамаған түтін, әй, болмаған шығар! Жуас қазақ, көнбіс қазақ «құдай өзі берді, өзі алды» деп жылады да қоя салды. Сонда, сондай қанша ауылдар зардап шекті. Әскерилер келіп «жас баланы далаға шығармаңдар, судың бетін жабыңдар» деп, бұйрық айтып кететін. Неше түрлі пайда болған ауру түрін құр бақылағаны болмаса, ем істелінбейтін. Басы жара-жара, шаштары ойдым-ойдым болып түсіп қалған ойын балалары әлі көз алдымда. Сол шаштан бір-екі талын жұлып алып, зертханаға жіберетіні есімде. 
Онда біздің отбасы Тайсойған деген шөбі шүйгін, қалыңдығынан уақ жандық ішіне кісе бойы көрінбейтін керемет жайлауда болатын. Бір түні «зона алып қойды» деп, ат арбамен асығыс көшірді. Көшіп келген Кенбай деген жерде де «зона атқылап жатыр» деп, үй қамақта отыратынбыз. 
Сатыбалдының жер бетінен өшкен Қоянды ауылы жыр сүйер қауымның жүрегіне көшіп алғай.  
Кілең бір жақсылардың мекені едің,
...аталсын-аталмасын жырда аттары
Мен үшін ауылдастың қымбат бәрі.
Кескіні, мінездері баршасының,
Көңілімнің архивінда тұр қаттаулы.
Сөйтіп, «кіл жігіттің төрелерін» жүрегін жұлмалай отырып: ...жырыммен тұттым аза 
Ең болмаса
Қалсын деп Қояндымның аты өлеңде,  – дейді.
Ақын аға, сіздің Қояндыңыз өлеңде ғана емес, қағаз бетінде ғана емес, жыр сүйер қауым­ның, ақын сезімді жандардың жүрегінде қал­ды деп сеніңіз!
Сатыбалды Даумов не жазса да жүрегінің қанын сия етіп төгеді. 
Жылап ағып барады Сырдария
Жүдеп, налып жағада тұр қария, – деп басталатын өлеңі кешегі қырық бестің жау қашырған батыры мен сылаң қағып елдің сән-салтанаты мен айбынын асырған ару Сырдың қазіргі қасіретін:
Сыр адамды анадай асыраса,
Адам жетіп тына ма Сыр түбіне,  – деп күңіренеді.
Ал, «Түпнұсқа» деген өлеңінде:
Байыған сайын адамдар,
Байлықтан көлдер болды ада.
Өксиді Балқаш, Аралдар,
Дертіне таппай ем-дауа.
...солардың енді сарқытын, 
Жинаймыз «қызыл кітапқа»
Тонап ап нудың бар құтын...
Осынымыз адамдыққа жата ма өзі?
Болса да тысы алаудай,
Іші оның солғын көшірме. 
Көшірме көпке барар ма,
Түпнұсқа тұрса өшуге! 
Бұдан асырып не айтуға болады?
...қойны менен қонышыңа толды өлік!
«Кар Лаг»-тармен «АЛЖИР»-лерден                 қайысқан
Бел омыртқаң кетпеді ме шор болып!
... жоқ! Бітпеді,
Мұңыма мұң қосылды.
Айдай жүзің айғыз-айғыз  жосылды. 
«Тың дастанын» жазып сенің бетіңе
Тігетін жер таппай қалдым қосымды.
Туырылған дала түгел құм қапты.
Құмға белден жасыл шалғын ну батты.
Түрен түсіп жермен қоса көрге де
Таппай қалдым әкем жатқан зиратты!
Құрбандыққа салсақ та өріс, жайлауды
«Тыңгерлерден» нан қалмады 
Дау қалды.
Шұбырғандар (өзге ұлт) көбейді де,
Аз жылда,
Өз перзентің азшылыққа айналды.
Жүрегіңде өз ұлтыңа деген сәл ғана сезімің болса, осы өлеңді мыйың қайнамай қалай оқи аласың! Ар-намысын, ұлтының қасіретін ойлап тыпыршыған ақын жүрегіне енді жер анасының жан жарасы қосылады.
Көп көзінше жылауға да қаймығып,
Қаншама жыл жұттым ішке жасымды!
...Сонда ешкімге көрмеп едік «сен» десіп,
Булықтырып барады елді енді өксік.
Кең далам-ау,
Жиіледі зіл-залаң,
Жаның сыздап жатырсың ба дөңбекшіп?!
Жер анасының зарын ақын ұлындай кім түсінсін!  
Ұйқыңды бұзып дөңбекшітердей жырды жүрегінің қанын сорғалата отырып жазған С. Даумов :
Перзентіңмін!
Бірге өзіңмен кіндігім!
Ұмыта алман,
Бір сен үшін халқымның,
Бастан кешкен қырғыны мен сүргінін!
Ұмытпа; адам!
Ұмытпа, ұрпақ! Ата-баба мекеніңді Сатыбалды ақынша сүйіп, өз жүрегіңде Сатыбалды ақынша аялай білсең –қазақ болып туылып, мына, байтақ елде өмір сүріп жүргеніңе ақынша қуана алсаң ғана осы елдің перзентісің, елің де сені аялап іздейді.
Өз ұлын,
Өз перзентін ескермесе
Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді? (Ілияс Жансүгіров).
Әдебиет айдынында өшпес із қалдырған қарымды қаламгер Сатыбалды Даумовтың сексен жылдығы жақындап келеді. 
Жас талант өз тұсында жарқ етіп көрін­генімен КазГУ-ді бітірген бойда, жиырма төрт жасында «Қазақстан ауыл шаруашылығы» журналының мігірсіз жұмысына қапысыз жегіліп, қызметтің дөңгелегін тынымсыз айналдырған еңбектің көпең торысы болды да кетті. Ол жылдар бойы журналистикада қаламын ұштап, талантын жетілдіре берді. Талай тауқыметті тағдырлармен кездесіп, кезек күттірмейтін мәселелерді ғана мерзімдік баспасөзде қозғады. 
Әйтсе де, ақын өзі айтқан: «өлеңде біреу – дария, біреу –жылға» дегеніндей дариядай лықсып келген тасқын талант жұмыс қамытын мойнынан сыпырған бойда селдетіп қоя берді. Селдеткені емей не, студент кезінен өлең жазуды тежей тұрған Сатыбалды 1985 жылы әйелі «Жұлдыз» журналына жариялаған «Жалын ғұмыр» поэмасымен елді бірден аузына қаратты. Жыр отауына еркін де батыл аттаған Сатыбалдының, жігіт ағасының өлеңдері «тілге жеңіл, жүрекке жылы, айналасы теп-тегіс жұмыр» келіп (Абай) көкейіңе қона кетеді. 
Сатыбалдының өлеңге ашқан сырын оқып көріңіз:
Картаға әлі түспеген бір аралдай,
Көп іздедім өзімді өзім таба алмай.
Құлыптаулы сейфімді ашар іштегі,
Қарманғанмен кілт қолыма түспеді. 
Талант дүниесінің тылсым жұмбағын шеше алмай, кілтін таба алмай көңілі шар тарапты шарқ ұрған ақын: 
Қамап қойып өз ішіме өзімді,
Салды азапқа белгісіз бір күш мені,  – дейді. 
Оны сонша азапқа салған тылсым күш – табиғат сыйлаған талант қой!
Сөйтіп жүріп,
Оңаша өскен жемістей,
Көкірегімде көзден таса пісті өлең!
Міне, кілт те табылды. Ол жанына маза бермеген өлең екен!
Ол ақ параққа селдей тасқындап, оқыған жанның ет жүрегін елжіретіп, тіршіліктің тәтті дәміне тұшындырып, санаңа сәуле шашатын өлең екен.
Сөз құдіретін сыйлаған талайлы тағдырына риза ақын:
Мәуе салса өз басымда жыр гүлдеп,
Сабағынан неге үзбейін бір-бірлеп, – дейді. Сөйтеді  де, көкірек қазынасын өз оқырмандарымен бөліседі. 
Оқыңыз. Қуаныңыз. Мақтаныңыз. 
Сатыбалды Даумовтың өлеңдерінің осы қалайы жоқ. Бәрін жеріне жеткізе айтады. Бәрі тұнып тұрған сурет. 
«Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді» деп, Қадыр Мырза Әлі айтып кеткеніндей, С. Даумов тек өз жүрегінен өтіп өлеңге айналған жайларға ғана қалам тербейді. Сондықтан да, ақынның әр өлеңі сіздің өз сөзіңіз сияқты көкірегіңізде жатталып қалады. Өлеңдерін құныға оқи отырып мен ақынның портретін өз өлеңдерінен таптым. 
Періштедей жаным таза, ақ денем!
Жаңа жауған қар да болмас ақ менен!
Өз талантын да өзі бағалапты:
Ал, жырларым, 
Тұрды үстінде жарқырып,
Жырдан ада,
Жинақтардың қап-қалың. 
Сексен жылдығын елі тойлағалы отырған, ал, өзі мәңгілік мекенінде тыныш ұйықтап жатырған ақынға менің марапатым түк те керек емес. Бірақ, оқығаннан түйгенімді қағаз бетіне түсіруім өзім үшін, әдебиет деген ардың сөзін сөйлейтін қауым үшін керек деп шештім. Сатыбалды Даумовтың өлеңдегі рухына, сұлу жырға жаны құштар жас ұрпаққа айту міндетім деп білдім.
                    Маркиза Базарбайқызы

306 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз