• Заманхат
  • 23 Маусым, 2014

ҚАЗАҚСТАН – ТҮРКИЯ: ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУЫ

Екі ғасырға жуық Ресей империясына, одан кейін 70 жылдан аса Кеңестік дәуірде бағынышты жағдайында өмір сүрген түркі халықтарының тарихи байланысы мен дәстүр жалғастығы мүлде үзілуге таянып, ұлттың бір бөлігі сипатынан айрылып, ассимиляцияланып, өзінің болмысының іргетасы шайқала бастады. 1991 жылы Ұлттық Тәуелсіздікке қол жеткізген Әзербайжан, Түркменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан өз тіліне, өз мәдениетіне, ата тарихын оқып үйрену мүмкіндігіне ие болды. Түркі тілдес мемлекеттердің басшылары 1996 жылы Ташкентте кеңес өткізіп, ежелгі Түркі мемлекетінің құрылуына 1450 жыл толуын атап өтуге келісіп, тиісті шаралар белгіледі. Түркі тілдес халықтардың тарихи ынтымақтастығын қалпына келтіріп, кеңейту, ортақ тарихын танып, ортақ мәдениетін бірлесе отырып дамыту мақсат етілді. Декларацияға Түркия, Түркмения, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғыз және Өзбекстан Президенттері қол қойды. Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Тарих толқынында» деген еңбегінде: «Түптеп келгенде, ұлттық мемлекеттік саясаттық базалық негізі өзін-өзі тану болып шығады» деп жазды[1].


Түркі әлемінің жер аумағы 11 миллион шақырымды алып жатыр. Мұндай ұлан-ғайыр кеңістікке үш бірдей Еуропа сыйып кетеді. Осыншама аймақты алып жатқан жерде 200 миллионға жуық 21 ұлттан құралған Түркі халықтары мекендейді. Оларды этногенез, дін, діл, тіл, тарих, әдебиет, рухани және материалдық мәдениет, тұрмыс салты мен әдет-ғФұрыптар, салт-сана ортақтығы біріктіріп отыр. Түркі әлемінің рухани құндылықтары, сан ғасырлық ерекше көп үнді мәдениеті  күллі әлемдік өркениеттік құрамдас бөлігі болып табылады. Барлық тарихи сынақтардан өтіп келген бұл өзгеше мәдениет ХХІ ғасырда да әлемдік зияткерлік дамудың ағымында болмақ. Социалистік идеялардың күйреуі нәтижесінде мәдениеттердің этностық  деңгейде бірігу үрдісі күшейе түсті. Халықтар тарихындағы мәдени, діндік ұқсастықтар, олардың арасындағы қатынастарда маңызды аргументке айналды. Мұның өзі халықтар арасындағы этностық, тілдік және тарихи жақындықты басты құндық санайтын жаңа мәдени ұрандардың  жариялануына әкелді.
Тәуелсіздік алғаннан  бері  түрік бірлігі идеясын ерте ұғынған Елбасы өзінің сара саясатын сарабдалдықпен жүргізіп келеді: «Түркі халықтары жұмылған жұдырықтай болып біріккен кезде геосаяси өмірге тең құқықты субьект ретінде ықпал ете алады, мәдени әлемдегі өзара қарым-қатынастарда қайдағы бір енжар, ынжық элемент ретінде емес, өзгелермен тең тұлға ретінде бой көрсете алады. Бұл бағыттағы алғашқы игі қадам ортаазиялық одақтың құрылуы болды. Оның шеңберінде біздің бәрімізге ортақ мәдени ұқсастығымызды жете сезіну деңгейіміздің көтеріле түсетіні сөзсіз»[2].
Түркия республикасының негізін қалаған, он бес жыл бойы оның тұнғыш президенті болған Мұстафа Кемал Ататүрк  Түркия республикасының жарияланғанына 10 жыл толуына орай бір жиында сөйлеген сөзінде түркі бірлігіне үлкен  сенім білдіріп: «Ең алдымен мен біртұтас түркі ұлтшылымын, яғни, ұлтжандысымын, солай тудым, солай өлемін. Түркі бірлігі күндердің күнінде шындыққа айналатынына сенемін. Өзім ол күнді тікелей көрмесем де ,оны түсімде көре отырып, көзімді жұмамын. Ертеңнің тарихы өзінің жаңа кезеңдерін түркі бірлігімен бастайтын болады. Әлем бейбітшілік пен тұрақтылықты сол кезеңдерден  табады» – деп қорытқан болатын [3].
Күллі түркі халықтарының тағдыр тұтастығын армандаған ұлы көсем Кемал Ататүрктің үлкен арманын іске асыруда Түркия республикасы басшылары адалдық танытып келеді. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болғанын бірінші болып, жарты сағаттан кейін қуанышын білдірген Түркия елі еді. Тарихтың бетқаратпай қиыншылықтарына мойымай өзінің сүйегіне сіңісті мәдениетін жоғалтпай сақтап, бүгінгі күнге дейін бауырластығын көрсетіп отырған Түркия республикасы.
Түркияның экс-президенті, он жыл премьер-министр болған Сүлеймен Демирел газет журналистеріне берген бір сұхбатында: «Кеңес Одағы ыдыраған кезде біз Қазақстанның әлемге Мәскеу терезесінен ғана қарамағанын қаладық. Тәуелсіздігін жариялаған елдердің алдында келесі бір қиындық тұрды. Қазақстанға нарықтық экономикаға көшу керек болды. Міне, осы тұста Түркия елі Қазақстанның жанынан табылып, қолтығынан демеді. Өзінде жоқ қаржыны өзгелерден несие алып Қазақстанға берді. Түркияның да сол кезде асып-тасып бара жатқан байлығы жоқ болатын. Бірақ, соған қарамастан, бұл біздің бауырларымызға қосқан үлесіміз болсын деп, өзгеден үнемдеп, 1 млрд. долларлық  несие бағдарламасын аштық. Егер, Қазақстан бұл несиені дәл мерзімінде төлемесе, онда бұл қаржыны Түркия өз есебінен төлеуге мәжбүр болатын. Қазақстан өзіне алған міндеттемесін уақытысында орындады. Кейін Қазақстанның осы іс-қимылын француздардың, жапон­дардың, американдықтардың сеніміне кіруге жол ашып, шет ел инвестициясының келуіне алғы шарттар жасады. Осылайша қазақ елі Түркия арқылы әлемге терезе ашты. Бұл үрдіс­тердің бәрінде Президенттеріміздің еңбегі зор» [4] деген болатын.
Біздің тарихымыздың жаңа кезеңінде Қа­зақстан Республикасы мен Түрік Республикасы арасында әрсалалық байланыс өзінің тұрақтылығымен, екі ел басшылығының саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларымен байланыстарды кеңейтуге деген ұмтылыстарымен ерекшеленеді. Аталған үрдістердің дамуына екі ел халықтарының тарихи, мәдени, этностық-діни жақындығы мүмкіндік тудырды. Тәуелсіз алғаннан кейін түркі тілдес мемлекеттердің ортақ рухани құндылықтарды қайта жаңғырту кезеңі басталды. Ол қандай құндылықтар еді? Біз мақаламызда осы бағыттардың қандай жолмен іске асырылуына тоқталмақпыз. Олар бүгінде тамырлас халықтардың неғұрлым тығыз жақындасу  жолында Түркі кеңесі, ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы сияқты құрылымдар, сондай-ақ, Түркі тілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы, Ақсақалдар кеңесі арқылы нақты қадамдар жасалуда.
Түркі әлемінің төл ұйымы – «ТҮРКСОЙ». Бұл ұйымның  бас  директоры  Дүйсен Касеиновтың айтуынша, бұл түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сы деп атауға тұратын үлкен халықаралық ұйым. Бұл ұйым 1993 жылы Алматыда өз тәуелсіздігін алған бес түркі тілдес республикалардың, атап айтқанда, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан мен Әзербайжанның түркі халықтарының арасындағы үзіліп қалған мәдени қатынастарды қайтадан жандандыру мақсатында Түрік республикасымен қол қойылған хаттаманың негізінде құрылған болатын. Қазір «ТҮРКСОЙ» халықаралық аренада өзіндік орны мен қолтаңбасы бар түркі тілдес халықтар мекен ететін 14 тәуелсіз республиканы қамтыған іргелі ұйым болып табылады. Оған жоғарыдағы аталған 5 елден басқа Ресейдің сүбьектілері: Татарстан, Башқұрстан, Алтай, Тува, Хакассия, Саха сондай-ақ Молдованың құрамындағы Гагауыз Йері мен Солтүстік Кипр Түрік республикасы мүше. Осы жерде айта кететін нәрсе, бұлардың тек 6 ғана ұйымның құрылтайшысы болса, қалған 8 республика бақылаушы мәртебесіне ие болып отыр [5].
Әлемге құлашын кең жайып келе жатқан жаһандық үрдісі түркі тілдес елдердің рухани сипатына қауып  төндіретінін ескерсек, оған тек дәстүрді сақтау, ынтымақтастықты дамыту арқылы ғана қарсы тұра алатынымызды ұмытпағанымыз жөн. Бұл турасында да халықаралық ұйымның атқарып отырған істері сан алуан. «ТҮРКСОЙ» түркі халықтарының салт-дәстүрлерін мейлінше дамытуға күш салуда. Сондықтан, бұл ұйым ортақ тарихтың тереңіне үңіледі. Тарихтың сабақтарын кейінгі буынға көбірек ұқтыруға тырысады. Түркінің ұлы мәдениетінің болғанын, оны сыртқы күштердің қандайы да басып-жаншып тастай алмағанын, әр халықта сақталып қалған дәстүрлердің басын құрап, рухани дүниеміздің алтын сынықтарын жинап, қайта құрастырсақ, әлемдегі орнымыздың айрықша болатынын санаға сіңіреді. Сонда рухы биік ел жаһандануға да, қаһарлануға да қарсы тұра алады. Міне, «ТҮРКСОЙ» рухты көтеретін дәстүрлі өнерді дамыту үшін бар мүмкіндікті қарастырып отыр.
ТҮРКСОЙ өнердің өріне шыққан  тұлғалардың аттарын ұлықтау арқылы да танылды. Түркменнің өнер саңлағы Ашық Айдынды еске алуға арналған халықаралық фольклорлық музыка фестивалі, башқұрт түркологы Абдуқадыр Инанды, әйгілі биші Рудольф Нуриевті еске алу кештері тек танымдық қана емес  тағылымдық үлгісімен де  бағалы. Сондай-ақ, ТҮРКСОЙ Махамбеттің туғанына 200 жыл, Абайдың, Жамбылдың туғанына 150 жыл, Мұхтар Әуезовтың туғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық жиындарды өткізуге белсене атсалысқанын айтуға болады[6]. Барша түркі жұртына ортақ «Наурыз» мерекесін барынша ауқымды етіп өткізу ТҮРКСОЙ-дың ең мәртебелі міндеттерінің бірі.
Бұл ұйымның жақсы дәстүрлерінің бірі – мәжіліс өткізетін елде әдебиет пен өнер көрмесін ұйымдастыру. Тілегі бір, тілі ұқсас ағайын сол арқылы бір-бірінің түп негіздеріне үңіледі, жаңа жетістіктері жөнінде мәлімет алады, ортақ өнердің әр халықта сақталып қалуының сырына қанығады. Ұйым құрылғалы қаншама жыл өтсе де осы өнегелі үрдіс бұлжымай сақталып келеді.
ТҮРКСОЙ-дың баспа саласындағы қызметі де айтарлықтай. Мысалы, «Едіге» эпосының татар нұсқасы, қырғыздың «Манас» эпосы, башқұрттың «Орал батыр» эпосы, М.Әуезовтың таңдамалы шығармалары түркі халықтарының тілдерінде жарыққа шықты. Ұйымның төрт айда бір шығатын «ТҮРКСОЙ» атты журналы бар.
Біздің елде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айрықша назар аударып отырған осы бағдарлама бойынша атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарының бірі – ежелгі дәуірдің мұрасын зерттеп, жарыққа шығару. Ал, біздің арғы тарихымыз ортақ, рухани бастауымыз бір екені белгілі.  Ендеше бұл бағдарлама аясында біз бүкіл түркі дүниесіне ортақ рухани құндылықтарды түгендей алады екенбіз. ТҮРКСОЙ-дың мақсат-мүддесі мен үндес осы мемлекеттік бағдарлама көптеген тарихи жәдігерлерімізді қайта оралтатын болады.
2010 жылы Астанада түркі дүниесіндегі тұнғыш және бірегей ғылыми-зерттеу орталығы –  Түркия академиясының ашылу рәсімі болды. Бұл түркі тілдес елдердің мәдени-гуманитарлық байланысын нығайтуға өлшеусіз үлес қосатын тарихи маңызы зор уақиға. Салтанатты жиынға Түркі Республикасының Президенті Абдулла Гул мырза қатысты. Бұл рәсімнің ерекше маңыздылығын айғақтай келе, Елбасы: «Енші алып қалың түркі тарасқанда, қазаққа қара шаңырақ қалған жоқ па» -деп ақиық ақын М.Жұмабаев өлеңін  назарға салған[7]. Астананы түркология ғылымының орталығы ету, одан әрі түркі тілдес халықтардың келісіп кесім айтатын, ұйысып шешім шығаратын мекеніне айналдыру идеясы Еуразия кіндігінде орналасқан Қазақ елі үшін өте оңтайлы әрі ұтымды шешім еді. Сол мақсатпен  осы күндері құрылған Түркі академиясы  бірталай істің басын қайырып, бағытын нақтылап отыр. 2011 жылы қазан айында Алматы қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастарының кеңесінің алғашқы саммитінде сөйлеген сөзінде Елбасы жаңадан құрылған Түркі академиясының тамырлас тарихымызды зерделеп, ортақ мәдениетіміздің дамытудағы роліне, оның нәтижелі жұмысына Қазақстанның жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын еске салды. Сонымен қатар, Президент Түркі академиясының алдында тұрған нақты міндеттерді белгілеп, бірқатар нақты ұсыныстар айтты.
Біріншісі, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Ахмет Яссауи және басқа да ежелгі атақты бабаларымыздың түркі әлеміне ортақ мұрасын бірлесе насихаттау. Екіншісі, 2017 жылы Түркістанда «Қазіргі түркі әлемі: «Нақты ахуал және даму болашағы» атты халықаралық симпозиум өткізу. Үшіншісі, 2012 жыл – Елорданың түркі мәдениетінің астанасы болып жариялануына орай мәдени іс-шаралар фестивальдерін ұйымдастыру[8].
Н.Ә.Назарбаевтың  тікелей араласуымен ашылған түріктілдес  елдерге мамандар даярлайтын оқу орындарының бірі – Яссауи  атындағы қазақ-түрік университетінің 11 факультетінде 25 мыңнан астам студенттер мен аспиранттар дәріс алады. Олардың ішінде қазақстандық жастармен бірге 28 шет елдік мемлекеттер мен автономиялық республикалардан келген тәлімгерлер бар. Айта кету керек, Алматыда Түркияның  тағыда 2 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Олар – Сүлеймен Демирел атындағы және Шет тілдер және іскерлік карьера университеттері. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев түркі тілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық Кеңесінің 2013 жылы тамыз айында өткен 3 саммитінде сөйлеген сөзінде бүгінде Түркі кеңесі аясы кеңейген танымал халықаралық ұйымға айналғанын атап өтті. «Ұйым экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Өзара ынтымақтастық пен бірліктің артуы «Түркі әлемі» атты ортақ брендті жер-жаһанға танытып отыр» - деді  Президент [9].
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Түркі елде­рінің арасындағы білім, ғылым және мәде­ниет саласындағы ынтымақтықты дамыту қажеттілігіне саммиттерде, конференцияларда сөйлеген сөздерінде ерекше тоқталады. Елбасы жоғарыда аталған халықаралық  ұйымдарды «түркі әлемінің қанына сіңген төзімділік, шыдамдылық, адамгершілік қасиеттерін кеңінен насихаттауды жөн» - деп санайды. Сөзімізді қорыта келе айтатын болсақ, бүгінде көк түріктің кіндігінен жаралғандардың ішінен Нұрсұлтан Назарбаев көш ілгері озып тұр, түркі әлемін біріктіру, ортақ тарихи, мәдени құндылықтарды жандандыру бастамалары арқылы күллі түркі әлемінің лидеріне айналды, ал, өзі Елорданы «Түркі әлемінің астанасы» дәрежесіне жеткізді» [10].
Жанар Құдайбергенова,
тарих ғылымдарының докторы.

371 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз