• Заманхат
  • 23 Маусым, 2014

Кенжебаев феномені

КенжебаевАдам дүние есігін ашып, еңбекке алғаш қадам басып, ел санатына қосылған күнінен күнделікті тіршілікке қызу араласып, аламан бәйгеге қосылады. Жазмыштың маңдайға жазғанын көруге тағдырын табындырып, бар ынта-ниетін соған жүгіндіреді. Бәсекелестік сайысы мен өмір жарысында ел-жұрт алдында ұялмайтындай іс қылуға тәуекел етудің өзі үлкен батылдық, әрі көзсіз ерлік. Осы бір өмір заңдылығы ұлтымыздың ұлағатты ұлы, Алаш абызы Сағындық Кенжебаевқа тән десек, еш жаңылыспаспыз. Еліміздің, ұлтымыздың абыройын асқақтатып, елеулі еңбек еткен, кешегі келмеске кеткен кеңес заманында жер ортақ, тіл ортақ деген кездің өзінде қитұрқы саясат арнасынан жол тауып, жерді тұтас, елді бүтін ұстап, елінің негізін нығайтуға, керегесін кеңейтуге ықпал еткен ерекше мақтаныш етер, айрықша пір тұтар тұлға деп нық сеніммен айта аламыз.


Қазақ қасіретінің барлық тауқыметін бастан кешіп, халқының барлық қуанышын көрген, тар жол тайғақ кешу жолдарынан өтіп бүкіл елге танылған тұғырлы тұлғаның кіндік қаны тамып, өмірге келген жері – киелі Қарқаралы өңіріндегі Қоңырқұлжа ауылы. Ұлттық поэзияның мақтанышы Қасым Аманжолов, қазақ театрының негізін салушылардың бірі Қалибек Қуанышбаев, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов, халқымыздан шыққан тұңғыш кәсіби заңгер Жақып Ақбаев, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров және басқа да көптеген елімізге белгілі өнер саңлақтары мен ғылым қайраткерлері шыққан қасиетті Қарқаралының Бесоба ауылында балалық шағы өткен өрен жастың болашаққа қадамы, алғашқы талпыныстары Арқаның осы шағын ғана жерінен бастау алды. Жастайынан зерек, ұғымтал, өр де жігерлі болып өскен жасөспірім ауыл мектебін бітірісімен Қарқаралыдағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Орталық Қазақстанның сол кездегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі саналған білім ошағын үздік бітірген талапты жасты аудандық партия комитеті Бесоба ауылдық кеңесінің хатшысы етіп тағайындайды. Ел басына күн туған 1942 жылдың мамыржай жазында  алғашқы еңбек күні ол үшін осылай үлкен сын сағатпен басталды. Шын мәнінде өрім жас әскери-есеп бөлімінің бастығы міндетін атқарып, әскер жасына келген ауыл жастарын майданға жіберуге дайындады. Айтар сөзге оңай жұмыс сияқты болып көрінгенмен жауапкершілігі әлдеқайда жоғары еді. Әскерге міндетті жастарды аудандық әскери комиссариатқа үнемі өзі бастап апарып жүрді. Майданға аттанушылар саны азайғаннан кейін отбасыларға «қара қағаз» тапсыру тіпті қиын болды. Әрең шыдап жүрген жас жігіт басшыларының қарсы болуына қарамастан өзі тіленіп майданға аттанды.
1942 жылдың шілдесінде Түркменстанның Шаржоу қаласында орналасқан Орлов жаяу әскер училищесінен бір-ақ шықты. Адам төзбес аптап ыстық жағайдындағы әскери жаттығулардың бәріне төзіп бақты. 1942 жылдың ақпанында олар оқыған училище құрамын майданға жөнелтті. Резервтік, одан соң Брянск майданына шоғырланып, оны зеңбірек дивизионы барлау бөлімшесінің командирі етіп тағайындайды. Атақты Орлов-Курск шайқасының қиян-кескі ұрыстарына қатысып, жеке ерлігімен жараланған жауынгер серігін құтқарғаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Одан әрі Калинин, І-Балтық бойы, ІІ-Белорус майдандарында соғысып, жаудың мықты бекінген Кенигсберг қаласы (қазіргі Калининград) үшін болған шайқастарда екі жерден аяғы күйіп кезекті бір кескілескен ұрыста жалын құшқан танктен рота командирі екеуі аман шығады. Осы ерлігі үшін екінші рет «Ерлігі үшін» медалін өңіріне қадайды. Болашағынан үлкен үміт күттірген батыл жауынгерді Горький қаласындағы әскери-саяси училищесіне оқуға жібереді. Ол бір ауыр кез болатын. Соғыстан қираған ауыр өнеркәсіп орындарын қалпына келтіріп, ауыл шаруашылығын көтеру міндеті тұрды. Маман кадрлар да тапшы болатын. 1945 жылдың ақпанында курсант Кенжебаев Қарағанды облыстық партия комитетінің өтініші бойынша Қарулы Күштер қатарынан босатылып, елге қайтып оралды.
Соғыстан шыңдалған майдангер жасты қызығы да, қиындығы да мол  еңбек жылдары күтіп тұрды. Келе сала 1946 жылдың басында Қарқаралы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған білікті де білімді жас басшы өзінің жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында қызмет сатысымен өрлей берді. Білімге деген құштарлық оқуға итермелеп, 1948 жылы Мәскеудегі Орталық комсомол мектебіне жіберіледі. Айналасы екі жыл аралығында осы мектепті және М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің философия факультетін жеделдетілген мерзімде үздік бітіріп шығады. Сөйтіп, алып империя – Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген түрлі ұлт өкілдерін таң қалдырады. Сол жылдары рес­публика комсомол комитетін басқарған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әмір Қанапин өзі оқуға жіберген Сағындық Кенжебаевтың екі оқу орнын бірдей бітіргенін естіп: «Ол нағыз жігіт екен! Екі қызыл дипломмен қайтып оралды, біреуі – МГУ-дікі. Осылайша, ол ауыл балалары астананың жоғары оқу орындарында оқи алмайды деген пікірді жоққа шығарды. Біз ауыл жастарының еліміздің жоғары оқу орындарында оқуға ұмтылысын қолдауымыз керек. Біз бұл мәселені республикада шындап талқылайтын боламыз» деп ризашылығын білдіріпті [1, 51]. Расында да кешегі ауыл баласы Сағындық Кенжебаевтың осы алғырлығы көптеген қазақ жастарына үлгі болып, көпшілігі оның жолымен Мәскеу сияқты ірі қалалардың университеттері мен институттарынан білім алды. Өзі де басшы қызметтерде болған кезінде ұлт кадрларын орталық жоғары оқу орындарында оқытуды үнемі басты назарда ұстады.
Мәскеудегі оқуын сәтті бітіргеннен кейін С.Кенжебаев 1951-1960 жылдары  Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы, одан кейін екінші, бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқарып, республика жастарының нағыз білгір көшбасшысы ретінде елге кеңінен танылады. Одақтық орталық тарапынан қатаң бақылау болғанына қарамастан жас басшы өз қызметінде тәуелсіз болуға тырысып, туған халқына байланысты мәселелерде Мәскеу мінбелерінде өз ойын бүкпесіз, ашық айта білді. Республика комсомол ұйымын бұрынғы Кеңес Одағының дәуірлеп тұрған кезінде он жылға жуық білгірлікпен басқарған кезінде ұлттық жас кадрлардың тәрбиеленіп, өсіп-өркендеуіне, жан-жақты білім алып, қызмет сатысымен көтерулеріне ағалық қамқорлығын аямады.
«Осы қызметінде Сәкең өзінің іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, білімімен, біліктілігімен сол кездегі ел басқарған азаматтардың ортасында ерекше көзге түсті. Тек қана Қазақстанда емес, бүкіл Кеңес Одағының көлемінде комсомол ұйымының дарынды басшыларының бірі бола білді. Соның айғағы – Сағындық Жүнісұлының  Бүкілодақтық лениншіл коммунистік  жастар одағы  Орталық Комитетінің бюро мүшесі болып сайлануы. Сәкеңнен бұрын да, одан кейін де республика комсомол ұйымын басқарған азаматтар Одақ көлемінде осындай үлкен дәрежеге жете алған жоқ» деп белгілі қоғам қайраткері, экономист-ғалым, академик Кенжеғали Сағадиев жастар басшысының қызметіне әділ бағасын беріпті [2, 31]. Шынында да С.Кенжебаев Мәскеудегі жоғары комсомол билігінің негізгі басшыларының бірі болып, есімі бүкіл Кеңес Одағына танылды. Республика жастарының мұқтаж мәселелерін үнемі жоғары басшылыққа жеткізіп, дұрыс шешімін табуына табандылық көрсеткен. Осы ретте С.Кенжебаевтың Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Л.И.Брежневке жолдаған хат алмасуында Алматыда стадион құрылысын салу барысы туралы айта келіп «Динамо», «Спар­так» стадиондарында көрерменге арналған мінберлердің және т.б. қажетті орындардың жоқтығына назар аударып, осы мақсатқа жеткілікті қаржы бөлінуін сұраған [3].
Л.И.Брежневке жолдаған тағы бір хатында С.Кенжебаев ұлтжандылығын танытып, республикамыздағы көркемөнерпаздар жұмысы негізінен ауылды жерде дамитынын айта келіп, осыған байланысты жергілікті өнерпаздарға қажетті әдебиеттің қазақ тілінде шығуына жеткілікті көңіл бөлінбейтіндігін әңгіме еткен, бұл мәселені дұрыс шешкенде ғана халық таланттарының деңгейі көтерілетіндігін айтып, «Ұлттық ойындар», «Халық күйлерінің жинағы» сияқты қазақ тілінде көмекші әдістемелік құралдар мен кітаптар шығуына көмектесуін сұраған [4].
Сұрапыл соғыстың қанды майдан шайқас­тарында шыңдалып, өмірдің түрлі ауыр кезеңдерін бастан кешкен жас қайраткер туған халқына, еліне қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетті. Республиканың комсомол жастарына басшылық еткен кезде тың жерлерді игеру науқанына белсене қатысты. Қазақстан комсомолы С.Кенжебаев басқарған жылдары «тың және тыңайған жерлерді игеруде маңызды роль атқарды» [5, 279]. Бұрынғы Кеңес Одағы көлеміндегі саяси-әлеуметтік және экономикалық тұрғыдағы мемлекеттік маңызы зор осы өте ауқымды шарадағы жұмыс күшін тарту мәселелерінің бірде бірі Кенжебаев назарынан тыс қалған жоқ. Себебі, Мәскеудегі жоғары комсомол басшылығында оның беделі жоғары болды да, жас қазақ басшысының әр сөзі, әр ұсынысы мен әр батыл пікіріне құлақ асты.
Тың көтеру эпопеясы деп мақтанып келгені­мізбен бұл үлкен науқанның сыртында жымысқы саясат бүркемеленді. Міне сол қиын кездің өзінде республика жастар ұйымын басқарған Сағындық Кенжебаев тың игеру науқанын қолдай отырып, Мәскеуде шыққан орталық «Комсомольская правда» газетінде жарияланған мақаласында тыңға келушілердің қазақ халқының тілі мен мәдениетін, тарихы мен салт-дәстүрін үйрену қажеттігін бірінші орынға қойды. Түйсігі бар адамға ойлы басшының бұл кемеңгер ақыл-кеңесінің пайдасы шексіз еді. Бірақ, Ресей, Украина, Белоруссия және тағы басқа одақтас республикалардан жалаң ұранға бас ұрып қазақ жеріне ағылған жастар арасында бұрын ауыр қылмыс істеп, жазасын өтегендер, маскүнемдікке бой ұрып, бұзақылықпен айналысқан адамдар да болды. Олар бірен-саран емес, көптеп келіп қазақ даласын мекен ете бастады. Республикадағы саяси-қоғам­дық, әлеуметтік жағдайдың ушығуына әкеп соғатын сәт туды. Мұндай қауіпті білсе де, Мәскеу қойған басшылар үнсіз қалып танытты. Шыдамның да шегі бар еді. ВЛКСМ (Бүкілодақтық лениншіл коммунистік жастар одағы) Орталық Комитетіне 1959 жылы күзде Мәскеуде өткен кезекті Пленумда тың игеруге барған жастармен жұмыс туралы мәселе талқыланып, осы келелі жиында баяндама жасаған осы одақтың бірінші хатшысы Сергей Павлов Қазақстанда тың игеруге келген жастарды дұрыстап қарсы алмай, олардың дем алуына тиісті жағдай жасалмайтындығын сынға алғанда, көпе-көрнеу айтылған жалаға төзе алмаған Қазақстан комсомол жастарының басшысы Сағындық Кенжебаев мінбеге шығып, аяусыз тойтарыс бергендігін замандастары аңыз қылып әңгімелейді. Ол кезде бірінші басшының айтқаны заң, қарсы сөйлеу деген қылмыспен парапар. Ал, тумысынан қара қылды қақ жарып, әділ сөзге сүйенген тура мінезді Кенжебаев жоғары одақ басшыларынан еш қаймықпай, республикада сол жылдары орныққан жағдайдың шын мәні туралы батыл ойын білдірген. Әсіресе, Қазақстанға көптеген адамдар үлкен ақша қуалап, өз мақсаты жолында келген пайдакүнемдер болмауынан сақтандырып, қазақ елін «адам аяғы тимеген» жер деуге үзілді-кесілді қарсы екенін, тың игеру науқанының республика үшін кері демографиялық ықпалы бар екенін, тың игеруге келгендердің көпшілік бөлігі жағымсыз элементтерден тұратынын ашына айтып, мәселені төтесінен қояды.
Қазақстан КП Орталық Комитетінің 1959 жылы 23 қазанда өткен ХVІ Пленумында Қарағанды металлургия зауыты құрылысының жай-күйі сөз болғанда республика комсомолының жетекшісі С.Кенжебаев шығып сөйлеп, қазақ ұлтынан жұмысшы кадрлар даярлау мәселесін төтесінен қойды. Осы зауыт салына бастағаннан бүкілодақтық комсомол құрылысы болып жарияланғаннан бері елдің түкпір-түкпірінен отыз ұлттың 12 мың жас өкілі келгенін айта келіп: «Көптеген кәсіпорындар мен құрылыстарда қазақ жұмысшыларының пайыздық көрсеткіші шамалы ғана екендігін ашық айтқан жөн. Істі бұлай жүргізуге болмайды: қазақ ұлтының қыз-жігіттері тек мал шаруашылығына жұмыс істеуге ғана барулары керек пе? Шын мәнінде тұтастай бір социалистік ұлттың саналы жас бөлігінің ауыр индустрия дамуынан қалыс қалуына көнуге болмайды... Біз қазақ жігіттері мен қыздарын техникалық ілгері өрлеу жолында озық орыс шеберлерінен кәсіби-техникалық дағдыларды машықтануы үшін өнеркәсіп орындарына көптеп және батыл жіберуіміз керек» деп ұран тастап, үлкен мінберден ұлт болашағы үшін көкейкесті мәселе көтерген болатын (6). 
Қазақстан жастары басшысының өз ұл­тына жанашырлық танытқан бұл батыл әре­кеттері жоғары комсомол басшылығын үлкен әбігерге түсіреді. Одақ көлемінде барлық газеттер Кенжебаевты сынаған қаншама қар­сы мақалалар жазды. Дүмбілез басшы С. Пав­лов пен Кремльдің партия жетекшілері Кенжебаевтың шындықты ақтарған бұл батыл сөзінен жергілікті ұлтшылдықтың белең алғандығын көріп, тез арада оны Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметінен босатады. Осылайша нағыз ұлтжанды қайраткер азамат туған елін шексіз сүйіп, атамекенін қызғыштай қорғағаны үшін жоғары басшылықтан шеттетіледі де, республиканың солтүстік облыстары жөніндегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті төрағасының орынбасары етіп Ақмола қаласына жіберіледі. Көп ұзамай Ақтөбе облыстық партия комитетінің хатшысы қызметіне тағайындалады.  Екі жарым жылдан кейін Мәскеудегі Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық Ғылымдар академиясына оқуға жіберіледі. Одақтың өктем саясатына төзбеген, өз пікірі бар Кенжебаев сияқты «жағымсыз» басшыларды осындай оқу орындарында оқыту арқылы ғылымға немесе жоғары оқу орындарына жіберу кеңестік жүйенің қитұрқы тәжірибесі болатын.
Кенжебаев феноменінің ерекше бір қыры кешегі империялық патша заманында елі үшін еңіреп туған ұлы жерлестері Әлихан Бөкейханов пен Жақып Ақбаев сияқты алашшыл идеяға адал болып, кеңестік өктем саясатқа қарсы тұруы ерлікке пара-пар әрекет болатын. Кеңес заманында тың өлкесінің Ресейге берілуіне қарсы пікір айтқан сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенов пен Ақмола қаласын Хрущевград деп атауға тойтарыс беріп, тың өлкесіне қарасты қазақ жерлерін Мәскеу билігіне беру туралы сол жылдары тың өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болған С.Соколов ұсынысына қарсы сөйлеген Есіл аудандық атқару комитетінің төрағасы Шайдахмет Серғазин де елінің болашақ қамын ойлап, қайсарлық танытқаны үшін Кенжебаев сияқты жапа шеккен еді. Қазақстанның кеңестік тарихында туған жер үшін, атамекен ел үшін Кремль билігімен қаймықпай күрес жүргізген осы қайраткерлер есімдері үлкен құрметпен аталады. Бәрі де өктем саясатқа қарсы пікір білдірген батыл әрекеттері үшін жоғары қызметтерден аластатылып, қудаланғанымен тәуелсіз Қазақстан тарихында ел бостандығы мен ұлт болашағы үшін күрескен батыл  да батыр  қайраткерлер ретінде үнемі үлкен мақтаныш сезіммен айтылады.
С.Кенжебаевтың ерлікке теңесер ісіне атақты батыр, қолбасшы Бауыржан Момышұлының өзі риза болып халық қаһарманының өмірін жазып жүрген белгілі қаламгер Мамытбек Қалдыбаймен кездескен бір сәтте жас қазақ басшысының Мәс­кеу­дегі жиында сөйлеген батыл сөзіне сүйсініп: - сұрқия саясат оның ерлігі туралы айтқызбақ түгілі, атын да ататпай қойды. Ал, ол халқымыздың ары үшін, намысы үшін басын қатерге тігіп перзенттік борышын адал атқарған азамат! – деп ерекше мақтаныш сезіммен айтса, сөзін әрі қарай жалғастырып: – Бүкілодақтық Комсомол жастар одағы басшылары бас қосқан бюрода Сағындық Кенжебаев: «Қазақстан тыңын игеруге бұдан былай қылмыскерлерді емес, жұмыскерлерді жіберуіңізді өтінемін» – деп сөйлеген. Оның ол өтініші орынды, әділ – деді [7,174]. Енді бірде таныс профессордың Баукеңнің үйіне келгенде С.Кенжебаев туралы сөз болғанда оны комсомол ұйымы басшысы болып, ол орыннан түсуінің заңды екенін айтқанда батыр қатты ашуланып: – Ол көп нәрсені ұтты. Біріншіден, менмен басшылардың қазақтар туралы астамшыл ойын өзгертті. Екіншіден, халқымыздың ерлік рухының ояу екеніне көз жеткізді, – деп С.Кенжебаевтың жастарға келер ұрпаққа үлгі болар тұлға екендігін айтыпты [7,175-176]. 
Қандай құрметке де лайық батыл азамат Сағындық Кенжебаевтың ұлтына араша болған ерлік істері осымен ғана шектелмейді. Республика жастарының басшысы болған 1950 жылдардың басында ұлт зиялыларын қудалап, жазықсыз соттаудың екінші кезеңі басталған тұста еліміздің бетке ұстар ұлы перзенттері Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаевқа да қауіп төнді. Мәскеуде кезекті бір сапарда болғанда ВЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, беделді де әділ басшы Н.Михайлов онымен кездескенде М.Әуезовтың «Абай жолы» романында ескіліктің сарыны басым, өткенді аңсау басым екендігін айтып сұрағанда С. Кенжебаев еш саспай, бүкіл Кеңес елінің оқырмандары жылы қабылдаған бұл шығармадан қандай да ұлтшылдық пиғылдың жоқтығын түсіндіріп, ескіліктің сарынын іздеп жүрген пиғылдың зиянкес ниеттегілердің қасақана істеп жүрген тірлігі екендігін дәлелдеп жеткізеді. Н.Михайловтың С.Кенжебаевпен болған әңгімесін КСРО Жазушылар Одағының төрағасы А.Фадеевтен естіген ұлы жазушы М.Әуезов ұлты үшін туған жас басшы Кенжебаевтың маңдайынан сүйіп, үлкен ризашылығын білдіріпті.
1967-1976 жылдары республика Жоғары және арнаулы білім министрінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып, ұлттық ғылыми зиялы қауымның өсіп өркендеуіне үлкен үлес қосты, елімізде көптеген жаңа оқу орындары мен жаңа мамандықтар оқытатын бөлімдердің ашылуына себепкер болды. С.Кенжебаевтың табанды іс-әрекетінің арқасында Мәскеу, Ленинград, Киев, Рига, Қазан, Новосибирск қалаларындағы ірі оқу орындары мен ғылыми орталықтарға жүздеген қазақ жастары жіберіліп, олар кейін кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғаған білікті маман және ғалым болып оралды. Осы оқу орындарының басшыларымен алдын-ала республиканың білімді жастарына орын беру туралы келісіп, жолдама алу Кенжебаев құзіретінде болып, ойлаған мақсатының дұрыс шешім тапқанына өзі үлкен биікке жеткендей қуанып жүреді екен. Жоғары білім саласына басшылық еткен қызметін де көп жалғастыра алмады. Турашылдығы, қай мәселеде болсын шындықты бүкпесіз айтқан  мінезі жоғары билікке жаққан жоқ шығар, оның үстіне «ұлтшыл» деген айыбы тағы бар. Ұлтжанды, елін сүйген қайраткерден сескенген болар, ақыры түрлі сылтаулармен алаш ұранды азамат лауазымды қызметтен өз еркімен кетуге мәжбүр болды.
Қайсар қайраткер еш абыржыған жоқ. Кезінде екі бірдей жоғары оқу орнын бір жылда бітіріп, Мәскеу профессорлары, Мәскеуде аспирантурада қалуын өтінгенде отаншыл азамат еліне қызмет етуді міндет етіп, туған жерге оралып еді. Бір кезде Горькийде әскери-саяси училищеде оқығанда диалектикалық және тарихи материализмді құмарта тыңдап, теориялық шыңдалудың алғашқы мектебінен өтіп еді, енді осы мамандық бойынша докторлық диссертация қорғады. Қазір философия ғылымының докторы ғана емес, үлкен өмір өткелінен өткен, көпті көрген ақылман абыз ретінде өмірлік ғылымдар докторы, ғибратты ғұмыр ғалымы ретінде өскелең жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, тәуелсіз елінің жаңа буынын тәрбиелеуге қомақты үлес қосып келеді. Талай әуре-сарсаңды да, жөн-жосықсыз айыптауларды да бастан өткерген қайсар қайраткер «күш жағынан да, моральдық жағынан да төзе білді... Сол кезде біз, оның достары оның қандай мықты жауынгерлік мінезден жаралғанына тағы да көз жеткіздік». Осылай деп С.Кенжебаевтың жақын достарының бірі белгілі қоғам қайраткері Қанапия Ахметов еске алыпты [8, 43].
Ұстаздық, ағартушылық, ғылыми қызметтегі жұмысы да қуантарлық. Алғашында министрдің орынбасары қызметінен босағанда  абыройлы жас басшы жұмыссыз қалған жоқ. Бұрын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болып жас ізбасар інісінің қадамдарына әркез тілектестік білдіріп жүрген Алматы шет тілдері педагогика институтының ректоры Нұрымбек Жанділдин қиын сәтте қол ұшын беріп, 1976 ж. 19 ақпанда институттың ғылыми коммунизм кафедрасының меңгерушісі етіп тағайындаған [9].  Соңғы қырық жылдай уақыты Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетімен тығыз байланысты. Ұзақ жылдар университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры қызметін атқарса, соңғы жылдары Қазақстан тарихы және қоғамдық ғылымдар кафедрасын басқарып келеді. 1987 ж. профессор міндетін атқарған С.Кенжебаев өзі жетекшілік еткен кафедрада ғылыми коммунизмнің өзекті мәселелері бойынша теориялық семинарды басқарып «Әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету тұжырымдамасы – ғылыми коммунизм теориясына қосылған  үлес» атты зерттеуін шығарып қана қоймай, республикалық басылымдарда бірнеше ғылыми мақалалар жариялаған [10]. Осылайша бір жылда ауқымды жұмыстар атқарып, кафедра оқытушыларына үлкен үлгі-өнеге көрсеткен. «Қалың көпшіліктің әлеуметтік шығармашылығы және коммунизм құрылысы» атты монографиясы оның кеңестік кезеңдегі көп жылғы ғылыми ізденістерінің жемісі болды. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы кезіндегі жаңа үрдістегі жарияланымдары Қазақстан тарихында бұрын айтылмай келген көптеген жайттардың ақиқатын ашып, кейбір көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерін бағалаудағы әділеттілікті қалпына келтіруге ықпал етті.
Философия ғылымының докторы, профессор С. Кенжебаев бірнеше монография мен оқулықтың, жүзден астам ғылыми және ғылыми-танымдық мақалалардың авторы. Ғылыми зерттеулері қоғам дамуының күрделі мәселелерін шешуге арналған. Ғалым еңбектерінде қалың көпшілік шығарма­шылығының даму диалектикасының, әлеу­меттік-саяси мәдениет демократиясының ең маңызды аспектілері қарастырылған. Про­фессордың зерттеулеріне республикалық және бүкілодақтық баспасөз беттерінде, Пекин, Будапешт басылымдарында жоғары пікірлер білдірілді. Алаш көсемдерінің бірі Мұстафа Шоқай туралы Францияда жарық көрген үш томдық кітапқа ғылыми кеңесші болып, философияның өзекті мәселелері бойынша көптеген ғылыми зерттеулерге басшылық етті. Кафедра меңгерушісі бола жүріп соңғы жылдары «Жетілдіру және адамдық фактор», «Қазақстан Республикасында жоғары білімді жетілдіру» монографияларын, «Тарих және тұлғалар» мақалалар жинағын жазып шығарды. Ол 9 ғылым докторы мен 20-дан астам ғылым кандидатын даярлап шығарды, көптеген ізденушілердің докторлық және кандидаттық диссертацияларына сарапшы болып сөйледі. Ұзақ жылдар бойы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) жанында докторлық диссертациялық кеңестің мүшесі болды. Философия ғылымы бойынша теориялық семинарларға, жас оқытушылардың зерттеулеріне жетекшілік етті. Қазір университет магистранттарына «Ғылым тарихы мен философиясы» атты жаңа пән бойынша дәрістер курсын қазақ және орыс тілдерінде оқып келеді.
С.Кенжебаев – қазақ тілінің шынайы жанашыры. 1994 жылы 22 сәуірде «Кара­ван» газетінде орыс тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру туралы кереғар пікірге қарсы өзі қызмет ететін университеттің бір топ қоғам­танушы ғалымдарымен бірге өзі бас болып «Тіл тағдыры ойыншық емес!», «Нужен ли второй государственный язык?» деген мақала республикалық «Халық кеңесі», «Советы Казахстана» газеттерінде сол жылдың 2 және 5 шілдесіндегі сандарында жарияланып, қа­зақ тілі тағдырын тәлкекке түсірмей, кертартпа әрекеттерге тосқауыл қоюды жаңа сайланған Парламент депутаттарына тапсырды. Қайраткер-ғалым өзі де қазақ тілінің өрісінің кеңеюіне үлкен белсенділік танытты, оның тікелей қатысуымен философия, саясаттану, әлеуметтану пәндері бойынша қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтар жарық көрді. Жеке өзі «Ғылым философиясы» оқулығын қазақ тілінде жазып шығарды.
Қайраткер ғалым-ұстаздың ел алдындағы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Кеңестік кезеңде Еңбек Қызыл Ту, І-дәрежелі Отан соғысы ордендерін өңіріне тақса, тәуелсіздік жылдары «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ресейлік «Маршал Г.К.Жуков» орденімен марапатталды.
Белгілі қоғам қайраткері, жазушы-журналист Әбілфайыз Ыдырысұлы С.Кенжебаев туралы жазған «Төраға» атты лирикалық эссесінде «Лениншіл жас» газетінің жауапты хатшысы болып, 1963 жылы Мәскеуде «Комсомольская правда» газетінде білімін жетілдіріп жүрген кезде осы басылымның бас редакторы, белгілі журналист А.Аджубейдің қабылдауында болады. Бас редактор салған жерден: «Бұрынғы хатшыларың Кенжебаев жолдас қандай адам еді?» деп сауал қойғанда қазақ журналисі мүдіріп қалыпты. Сонда, Аджубей: «Әй, қазақтар-ай, жерлестерім менің, өздеріңнің күшті адамдарыңды білмейді екенсіңдер! Кенжебаев – мықты қазақ!» деп шолақ қайырыпты (11,63).
Кенжебаев – мықты қазақ!  Жай адам емес, атақты Аджубей осылай деп баға беріпті. Ал, біз айтамыз: Кенжебаев мықты қазақ қана емес, Кенжебаев – батыр қазақ. «Батыр» деп егескен жауын жекпе-жекте жайратқан, қайтпас қайсар қаһарманды ғана емес, «батыр» деп жанын шүберекке түйіп, ел қамын, жер қамын, ұлт болашағын ойлайтын, өмір қызығына тоймайтын, қиындыққа мойымай, үміті мен сенімін ұрпақтарына ақ тілекпен жолдайтын нағыз қайраткер азаматты айтады. Міне, біздің Сағындық ағамыз сондай мықты, батыр феномен қазақ!

Нұргүл Жанақова,
Абылай хан атындағы  Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Каликов А. Кенжебаев С. и его время. –Кіт.: Ұлттың ұлағатты ұлы. – Алматы, 2004. -164 б.
2. Сағадиев К. Азаматтық басты ерекше тұлға. –Кіт.: Ұлттың ұлағатты ұлы. – Алматы, 2004. 
3. ҚР Президентінің архиві. 812-қор, 19/182-тізбе, 343-іс, 12-п.
4. ҚР Президентінің архиві. 812-қор, 19/182-тізбе, 343-іс, 30-31-п.
5. Қазақ Совет энциклопедиясы. –Алматы: Қазақ Совет энциклопедиясының бас редакциясы, 1975. Т.6.
6. ҚР Президентінің архиві. 708-қор, 32-тізбе, 39-іс, 67-п.
7. Қалдыбай М. Өмір өткелдері. –Алматы: Экономика, 2010. -448 б.
8. Ахметов К. Слово о Сагындыке Кенжебаеве. – Кіт.: Ұлттың ұлағатты ұлы. – Алматы, 2004.
9. Абылай хан атындағы ҚХҚжӘТУ архиві. 1993-қор, 1-тізбе, 1002-іс, 158-байлам, 57-п.
10. Абылай хан атындағы ҚХҚжӘТУ архиві. 1993-қор, 1-тізбе, 2022-іс, 140-байлам,   4-п.
11. Ыдырысұлы Ә. Төраға. – Кіт.: Ұлттың ұлағатты ұлы. – Алматы, 2004.

1444 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз