• Ұлттану
  • 08 Ақпан, 2012

Евней Букетов: «ҒЫЛЫМ – ерлікті, жүректілікті тілейді»

Әнуар ТАРАҚОВ,

филология ғылымдарының докторы

Қазақ ғылымындағы есімі елге кеңінен танылған айтулы тұлғалардың бірі – Евней Арыстанұлы Букетов. Ол техника ғылымының докторы ретінде өз саласына үлкен еңбектер қалдырумен бірге, әдебиет пен өнерге, әсіресе аударма ісіне қатысты толғамды тұжырымдар білдірді. Академик Е. Букетов қазақтың әйгілі ханы Абылай заманы мен тұлғасы туралы зерттеумен бірге, Шоқанның, Абайдың, Мұхтар Әуезовтың шығармашылығы жайлы жан-жақты тұжырымдарын айт¬ты. Жазушылық өнермен бірге көркем аудармамен айналысты, Шекспирдің «Макбет» драмасын сәтті тәржі¬малауы өз алдына, қазақ көркем аудармасы оның келешегі туралы пайымдаулармен қазақ аударматануына өзіндік үлесін қосты. Оның көркем аудармаға қатыс-ты пайымдаулары бүгінгі күні де өзекті де өткір. Көркем аударманы оқытуда аталған ой-пікірлері пайдаланылып келеді.

Евней Арыстанұлы ұзақ жылдар Орталық Қазақстандағы ірі білім және ғылым ордасы Қарағанды мемлекеттік университетін басқарды. Ғалымдық-педагогикалық қызметтегі көңілге түйген байламдары, әсіресе, жастар тәрбиесі туралы ой-толғамдары көрнекті ғалымның азаматтық, ағартушылық тұлғасын биіктете түседі. Бұлар арнайы талдап, бағалап, байыптауды қажет етеді.

Біз бұл мақаламызға атақты ғалымның «Көкейкесті» кітабындағы ғылыми жұмыс жауапкершілігі мен шығармашылық ізденіс, ғылыми қызметкер келбеті туралы заманауи маңыздылықтағы ой-тұжырымдарын талдап, бағаламақпыз. Е. Букетов ең алдымен жас ғалым қандай болуы керектігіне тоқталады. «... ғылыми-техникалық революция кезеңінде жоғары білімін жемісті жолмен пайдаланам деген жас маман, әсіресе ғылым саласында қызмет істеуге дайындалған жас маман, өте көп білуі керек те, сол білгенді творчестволық процесте пайдалана алу керек». Жас ғалымдарға көп оқу, көп білу, жан-жақты терең іздену кеңестік кезеңде басты талап болды. Бұл талап бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның ғылымын өркендетуде де күн тәртібінен түскен жоқ. Өкінішке орай, бүгінгі ғылым жастардың терең білімін, үлкен ізденісін саралау, сараптаудан гөрі, диссертация қорғаудың тиімсіз шетелдік жүйесін негізсіз қабылдауда.

Е. Букетов: «Ғылыми ізденіс дегеніміз шығармашылық процестің барып тұрған биігі, шыңы. Олай болса бұл жолда қызмет істеудің өзі де қызғылықты нәрсе, өйткені шын шығарма адамның ойы¬на қанат бітіріп, бойына қызу беретін нәрсе. Демек, ғылыми ізденіс дегеніміздің өзі шын мәнісінде табиғаттың әлі ашылмай, тұңғиығында жатқан ақи¬қатын, сырын іздеп табу болып табылды. Ал ақи¬қатты іздеп табу үшін, сол ақиқатты іздеуші, яки сол ғалым өзі мейлінше адал, ақиқатшыл болуға тиісті. Ондай адам ең алдымен өз қарабасының алдында адал болуы керек» – деп ғылыми ізденістің ерекшелігін көрсетеді, оның ең басты шарты адалдық деп біледі. Ғалым қашанда адалдықпен ғана өзінің жарқын жетістіктеріне жете алады. Ғылымға адалдық, ғалымның өз басының адалдығы қазіргі таңда да аса қажет құндылық. Ол ғылыми ақиқат үшін Джордано Бруно, Галилео Галилей мен Николай Коперниктің қандай азапты тағдыр кешкенін жас ғалымдар есіне салады.. «Білім инемен құдық қаз-ғандай» деген халық даналығының астарында ғылым жолының ауырлығын меңзеп отырғанын ұғыну қиын емес. Олай болса жас ғалым Абайша айтқанда «неге ғашық, неден қашық» болуы керек. Көкейкесті мәселе осыдан өрбиді.

«Жастардың болашаққа құлаш сермеп өсуіне бірден-бір кедергі – өз адалдығына нұқсанды заттарға кешіріммен қарау болып табылады; өсем деген жас мұндай қасиеттерге қайырымсыз, кеші¬рім¬сіз болуы қажет. Ғылыми қызмет адалдықпен қатар қайсарлықты, қажырлылықты тілейді. Өйткені, ғылымда бірден болжаған мақсатыңа жету жолында шытырман бұлтарыстар, сәтсіз адымдар көп болады; көрікті мақсатына осының бәріне шыдаған қайсар, қажырлы адам ғана жетпек. Ғылым ерлікті, жүректілікті тілейді. Ғылымның ашқан жаңалығы көп жағдайда қалыптасқан ұғымға, әдеттенген түсінікке сай келмеуі мүмкін, тіпті қарсы болуы да мүмкін. Мұндайда ақиқатты, жаңалықты ұсын¬ған адам, сол жаңалықтың шынайы екенін көпшілікке дәлелдеп болғанша, құбыжық та болып көрінетіндігі болады».

Е. Букетов осылайша жастардың ғылым жолындағы ізденісіне, өсіп-өркендеуіне кедергі келтірер кеселдерге кешірімсіздік танытуды өткір қояды, ғылыми қызметтің адалдық, қайсарлық, қажырлылықты қажет ететіндігін айқындап кетеді. Расында да жас ғалымдарда осы қасиеттерге қарама-қарсы салғырттық, немқұрайдылық, еріншектік, даярға маяр болу, белгілі бір ақыл-кеңестің ырқынан шыға алмау (кейде, тіпті оған атүсті қарайтындар бар) белең алып өзіндік іздену, тың жаңалық табу жоғалып барады. Осындай жат әдеттерден арылу үшін ол мынадай келелі кеңес ұсынады: «сіз¬дер өздеріңізді дамылсыз тынышсыздық пен үз¬діксіз ізденіске үйретулеріңіз қажет. Ғылымдағы қызметтің қиындығы да осында, қызығы да осында». Бұл қашанда қадір-қасиетін жоймайтын, маңызды да құнды тұжырым. Әр жас ғалым өзінің жазу кабинетінің алдына көрнекілеп жазып қойса да болады. Ең бастысы өмір бойы жүрекке жаттап, көңілге сақтап жүретін қымбат қағида. Енді бірде әйгілі ғалым: «... біздің заманымыз жылдан-жылға білек пен бұлшық еттен гөрі ми мен басқа жүк артуын еселеп үдетіп келеді, бұл еселеп үдету күшейе түспесе, бәсеңдейтін түрі жоқ. Олай болса әрбір жас өз миын ауыр жұмыстарға ертеден баулып, ертеден үйретуге тиісті» – деп жас мамандарды алдағы уақыт талабына зер салғызады. Мұның не үшін қажеттілігін де санада жаңғыртады.

«Болашағымыз негізінен ғылым мен техниканың дамуына байланысты. Біз ғылыми-техникалық революция заманының адамымыз, сондықтан ғылыми қызметкер болуға дайындалыңыздар, ол үшін үздіксіз оқу керек, іздену керек, дамылсыз ми қызметін атқару керек, деп уағыздадым. Жобасы, мен бұлай үйрете берсем, сіздерде жастық шақ қалмайтын түрі бар. Тұманбай ақынның осы лекция басында келтірілген өлеңіндегідей, «Бармаған таулар, жүрмеген жолдар, көрмеген қызық, шықпаған биік, бармаған базар» – сол болмаған күйінде қала беретін түрі бар».

Байыпты, байсалды байлам жасаған ғалым бір сәт әзілдей әрі өзінің сүйікті ақыны Тұманбай Молдағалиев өлеңдерінен үзінділер ала отырып, жастарға арнаған дәрісін әдебиетпен, поэзиямен нәрлендіріп, жетілдіріп отырғанын аңғарамыз. Қандайда бір пайдалы іске шығармашылықтан гөрі ықылас пен ұқыптылық қажеттілігін ойға тоқи отырып, тағы бір мәселені көлденең қояды да, оны жастармен кеңесіп, сырласып шешеді, ортақ ойға шақырады:

«Ал егер сендерге ешқандай нұсқау да, ереже де, дағды да жоқ, бірақ өмір талабынан, жаңа міндеттерден туған жаңаша, болашағы беймәлім жұмыс тапсырылса ше? Мұндай жұмысты қолға алып, нәтижелі аяқтап шығу үшін біліміңді, ойыңды, қиялыңды, бір сөзбен айтқанда творчестволық өрісіңді, творчестволық қабілетіңді пайдалануың қажет. Басқаша айтқанда, ғылымда, өнерде, әдебиетте қызмет ету үшін адамда шығармашылық түйсік болуы тиіс, сол шығармашылық түйсікті тәрбиелей білуің қажет, өрістете білуің қажет».

Студенттер бойынан болашақ ғылым адамына қажетті шығармашылық сезімталдық, түйсік, танымды байқай білу – баршамызға қажетті қасиет. Белгілі бір пәндерді басым оқытамыз да, оның ғы¬лыми жұмысқа, шығармашылық ізденіске бейім-ді¬лігін ескере бермейміз. Ғылым – айрықша ой-сана ізденісі мен жандүние құштарлығының жемісі. Олай болса, болашақтың бүгіннен басталуын, студент¬тердің, жас мамандардың алғашқы қадамынан бағыт-бағдар беріп, баптау жағын мықтап есте ұстауымыз керек. Ғылымды туыстықтың, тамыр-таныс¬тықтың даңғыл жолына айналдырушылар бар. Олар ел ертеңін, ғылым келешегін ойламайды. Оған қалтасы қампайса, көңілі марқайса болғаны. Ғылым – тамшылай төгілген тердің, тынымсыз еңбектенген ізденістің, оқыған үстіне оқып, белгілі бір дәлелдеу мен дәйектеудің түбіне тереңдеп бойлаудың, машақаттанудың жолы. Ғылымда даңғыл жол жоқ. Бұлтарысы көп, бұралаңы мол, тайғанап, тайып, қайта жығылып, қайта ілгері ұмтылуды керек етеді. Ғылыми-шығармашылыққа бет бұрған жас талапкерге білімін жетілдіріп, оқығанын ойға тоқып қана қоймай, пайдаға асыру жөнінде мынадай кеңес береді:

«Шығармашылық адамдарының өзгелерден айырмашылығы сол – оның ойында, миында қарама-қарсы фак¬тілер мен құбылыстар қашан да қақтығыста жүреді, содан барып осындай драмалық шым-шытырық айқастың негізінде жаңа ой, жаңа тұжырымдар туып жатады. Ондай жаңа ойлардың жүзеге асуы ескі нұсқалардың, көне әдістің, бұрынғы білімнің аясына сия бермейді. Демек, студент қашан да білімге ұмтылып, оқып, үйреніп, жадына сақтап жүрумен қабат, сол үйренгендерін, оқығандарын, зерттегендерін сарапқа салып, өздерінше тұжырым, түйсік түйе білулері керек. Бір сөзбен айтқанда алған білімдерін бойларына шығармашылықпен сіңірулері тиіс».

Біздегі бүгінгі білім беру ісінде осы жағы жетісе бермейді. Алған білімді шығармашылықпен санаға сіңірудің мәні тереңде. Бұл – оқытушы мен студент арасындағы нақты да мақсатты, табанды да қажырлы жұмыс. Өкінішке орай, қазіргі жоғарғы оқу орындарында, мектептерде қолданылып жүрген тест жүйесі оқушыларды да, студенттерді де үйренген¬дерін, оқығандарын, зерттегендерін сараптап, саралап, талдап, тұжырым жасап, бағалап, қорытындылауына еш мүмкіндік бермейді. Тест – мықты, қуатты білімнің нәтижесі емес, белгілі бір сөздерді жаттап алып, бірнеше сауалға дұрысы осы деп долбарлау. Тест – терең білімнің де, білімді түйсініп, ойға, миға тоқудың да тажалы. Біз бұдан құтылмайынша, білім мен ғылымда өркениеттік өлшемге жете алмаймыз. Батыстың, Американың тар ұғымдағы білімді сараптау нәтижесін шалқар даласындай шабыттана, көсіле ойын жеткізе алатын қазақ баласының білім деңгейіне телу – жетістік емес, ой-өрісті бұғаулау.

Академик, атақты ғалым В. И. Бернадскийдің мына бір терең толғанған пайымдауына тоқтал¬ған: «Әрбір ұлттың ғылыми әрекеті үкімет басшылығының саналы жігері мен қажырлы нұсқауының арқасында іске асуы мүмкін, ал үкіметтің өзі нем-құрайды қарап, тіпті қарсылық білдірген кезінде, жеке адамдардың, әйтпесе, қоғам ұйымдарының қажырлы қайратының күшімен іске асуы мүмкін. Демек ғылым қазіргі мемлекеттің осы екі өмірлік кү¬шінің әдейілеп бірлескен жағдайында ғана гүл-деніп өркендемек».

Е. Букетов осы сөздерге аса мән берген. Қоғамның қандай жағдайына, биліктің қандай ұстаған саясатына қарамастан, ғылым тоқырамай, тоқтамай, алға өрлей бермек. Демек ғылым – ғылым үшін емес, адамзат үшін керек. Бүгінгі әлемдегі экономикалық дағдарысты былай қойғанда, экологиялық жағдайдың дүниежүзін алаңдатып отырғаны да, ғылымның жаңа мәселелерге, адамзатты сақтауға, табиғатты аялап, сақтап қалуға бағытталуын өткір талап етеді. Бүгінгі ғылым мақсаты да осыған батыл ден қоюы қажет.

Е.Букетовтың ғылыми жұмыстың ерекшелігін анықтап көрсеткен пайымдауы да өз өмірінен түйген тәжірибе үлгісіндей. «Ғылыми жұмыс, ғылыми ізденіс шығармашылық қызметтің шығар шыңы. ... Шынайы шығармашылық адамды қайта жаң-ғыртады, қанаттандыра түседі. Шығармашылық жұмысыңнан алған рахаттан артық рахат бар ма екен сірә! Шын мәнінде, нағыз азаптанып, ұзақ ізденіп жазған ғылыми жұмысыңның нәтижесіне жетіп, жарқын қуанышына ие болу үлкен бақыт». Ғалым ғылыми зерттеу¬дің осындай өзгеше қасиетін өнегелейді. Ол ғылымның ең ізгі мұраты адамзатқа қызмет ету, адам игілігіне пайдалы жемісін беру, жаратылысты жаңалығымен жарқ еткізіп, өмірді сәуле¬лендіру, адамдардағы бақыт пен шаттық дарыту деп ұғады. А. К. Толстойдан аударған, өзіне ұнаған өлеңі¬нен мынадай шумақтарды мысалға келтіріпті:

Кеңістікте көрмес-білмес сиқырлы сыр көп әлі,

Жақсылықтың жанды аялар жарқын лебі

соғады.

Бұл тылсымды ұқпағандар құрғақ қана ермек дер,

Ал тірілтер көңілі ояу мен сезімдері сергектер.

Жалғыз сәуле, жарасымды үн ұяласа көңілге,

Ғаламат бір жаңалықты берер олар, өмірге,

О, ақыным, тұңғиыққа үнсіз сүңгіп көрші бір,

Соқыр Гомер, таскереңді Бетховенше әнші қыл.

Жанмен тыңдап, көре білші көңіліңнің көзімен,

Сонда нұрлы шуақ тарар қараңғылық өзінен.

Төңірегің жырға елтіп, сұлулықпен безенер,

Қилы-қилы әсемдікті қызықтай бер, сезе бер ...

Сол шақта сен ғажап қалып деміңді ішке жиып ал,

Дүниенің дүлдүл сәтін жүрегіңе құйып ал!

Расында да ғылым Алексей Толстой жырымен түйіндесек: «Кеңістікте көрмес-бөлмес сиқырлы көп сырларды, тылсым құпиясын ашу, ғаламат бір жаңалық енгізіп, жер жүзінің әсемдігіне жарқын сән беру, жақсылықты әр беру».

Осы жырға әйгілі ғалым өз пайымдауын да қосады: «Табиғаттың адамға белгісіз заңдылығын ашудың мәні адамзаттың ғасырлар бойы жинаған білім биігі деп аталатын шындық. Монбланына тағы бір шоқы қосу, тағы бір шындық, тағы бір ақиқат қосу деген сөз. Сонымен қатар мұның мәні нағыз ғылы¬ми қызметкер, табиғат пен қоғамдық өмірден ақиқат іздеуші ретінде, өзі де басынан бақайшағына дейін әділетті, шыншыл болуы тиіс, ешқандай жалғандыққа, жасандылықтың қандай түріне де бой бермеуі тиіс деген сөз. Мұның мәні ғылым қызметкерлері ең алдымен өзіне талап қойып, бойындағы кейде шет бұрып әкетер кемшіліктеріне кешірімсіз болуы тиіс деген сөз».

Бұл – нағыз жанашырлықпен, ғұламалық ұлағатпен айтылған парасатты пайымдау. Бүгінгі ғылым жолына бет алған әрбір жас ғалымның, үміткердің ой-санасында жанып тұратын қанатты қағида.

Бұл пайымдау Әбу-Насыр әл-Фарабидің «Ғы¬лымды үйренем деген адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері, тілек-мақсаты ақиқат пен әділдік үшін талап жолында болуы шарт. Жай ләззат іздеу, кә¬сіп¬құмарлыққа ұқсас әрекет онда болмасқа керек» – деген даналық тұжырымымен үндес, ғұлама ойының екінші қанаты тәрізді.

Э. Роттердамский «Маған тазалық әр кезде қа¬дірлі. Тазалық сондай-ақ ғылым істерін де көрік¬тен¬діреді» – дегендей, ғылым былыққа белше¬сінен батса, оның құндылығы да, қасиеті де жоғалады. Сондықтан да ғылым жолын қуған әрбір адам ар тазалығын ғылыми жұмыстарда да ұштастыра білуі керек. Алайда соңғы уақытта ғылым атақ-абыройдың қосымша құралы саналуда. Соны тежеген жөн.

Евней Арыстанұлы ғылыми шығармашылыққа, ой еңбегіне әзірлену қажеттілігін ойға салады. Е. Бу¬кетовтың ғылыми ізденіс, ғылыми шығармашылық жолындағы жас ғалымдардың мақсат-міндеті туралы өмірлік тәжірибеден түйген тұжырымдарының маңызы айрықша, өнегесі зор. Осынау тағы¬лым¬ды да танымды ой-тұжырымдар Д. И. Менде¬леевтің «Ғылымның рөлі қызмет ету, ол игілікке жету қүралы болып табылады» деген ғибратты пайымдауы ойымызды алаулатады. Ең бастысы, отандық ғылымды өркендетуге ниеттенген талапкер тас түлектерге ғылымның ауыр да азапты жолында табандылық, батылдық, мақсаткерлік танытуды ойға салады.

Осынау терең тәжірибелік пайымдаулар, ой-толғамдар бүгінгі оқыту жүйесінде, ғылыми шығармашылықта, зерттеу ісінде зейінмен зер салуды қажет етеді.

767 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз