• Келелі кеңес
  • 07 Тамыз, 2012

Адамның құны қанша? (Рисала)

Оразбек Сәрсенбай, жазушы

Бұл әңгiме елеусiздеу бiр оқиғадан бас­талып едi. Өткен ғасырдың алпыс бесiншi жылы Шиелi ауданы орталығындағы М.В.Ломоносов атындағы орта мектепте мұға­лiмдiк қызметте жүрген маған қазына есебiнен екi бөлмелi пәтер бөлiнiп, астық қоймасына тиесiлi осы үйге өзге таласушы талапкерлер көбейiп кеткендiктен, бастықтарым жаңа қонысқа шұғыл көшiп жайғасып алуға кеңес бердi де, мен сабақтан қайтысымен кешқұрым қасымдағы көршiлес отырған таныс жiгiтке барып жағдай айтпаймын ба: – Пәленше-еке, сенiң астыңда зырлап тұрған көлiгiң бар ғой. Егер, мүмкiндiгiң болса, менiң аз-маз жүгiмдi артып, анау темiр жолдың арғы бетiндегi Стахановшы көшесiне апарып тасташы! – деп. Бұл Пәленше-екең iргелес отырған көршiм ғана емес, баяғы бала күнiмiзде мектепте үш-төрт жыл бiрге оқыған сыныптас жолдасым болатын. Орта мектептегi оқуын түгел аяқтамай, ертерек нан табу үшiн тұрмыс қамын күйттеп кеткен пысық жiгiт едi. Астында үлкен Камаз машинасы бар. Ол заманда ондай үлкен көлiкке қолы жеткендер бiз секiлдiлерге оңайлықпен иiлiп сәлем бере қоймайды. Есiк алдында тұрған машинасының әйнек көздерiн сүрткiлеп жатқан менiң сыныптасым сонда маған бұрылып та қарамай: – Немене, жүгiң көп пе сондай-ақ? – деп сұрады. – Көп емес. Бiр кiтап салатын шкафым бар... тағы да екi-үш шамадан кiтап. Басқа ауыр ештеңе жоқ, – деп қипақтап тұрдым. Мұны естiген еңгезердей көршiм бойын жазып алып, әлденеге ренжiген сыңаймен қолындағы сулық шүберегiн сiлкiп-сiлкiп жiбердi. – Әй, өзiңнiң есiң дұрыс па? – дедi. – Сонда мен мынадай дәу машинамен сенiң үш-төрт шамадан кiтабыңды тасуым керек пе? – Тасысаң қайтедi? Ақысын төлеймiн! – деп мен де сол арада сәл шамданыңқырап жауап берсем керек. – Сонда қанша төлейсiң? – деп шопыр жiгiт қолындағы сулығын уқалап, кеңк-кеңк күлiп қойды. Анық менсiнбей, келемеждеген сыңайын жасырған жоқ. – Сұрағаныңды берейiн, – деп мен де намысқа қамшы баса түстiм. – Қойшы-ей?! Сондай-ақ табысың көп пе? Иә, иә, қазiр мұғалiмдер байлыққа белшеден батып жүр-ау жүдә... – Сөздi ұзартпай, аларыңды айтсаңшы, Пәленше! – Солай ма? Онда қолыма жиырма сом пұл ұстатсаң, Стаханов көшесiне ғана емес, анау ауылыңа да апарып тастауға дайынмын, – деп танысым ыржалақтап күлiп тұрды. Бұдан әрi бұндай дүниепараспен салғыласудың қисыны қалмағанын түсiндiм де, қолымды бiр сiлтеп, бұрылып кете бардым. Өйткенi жиырма сом ақша ол кезде менiң мектептен алатын айлық жалақымның төрттен бiрi болса, ал, Шиелiден жүз отыз шақырым жердегi облыс орталығына қатынайтын поездың билет бағасы бес сом­нан аспайтын. Сөйтiп, ол күнi Стаханов көшесiнде бөлiнген пәтерiме көшiп қонудың сәтi түспедi. Ертесiне ауылдан қатынаған әкем менiң бар «дүниемдi» белi қайқаңдаған қара есекке артып, әлденеше «рейс» жасады да, жарты күннiң iшiнде жаңа қонысқа жайғасып үлгердiм. Әкем ауылға қайтуға беталғанда, оған кешегi болған оқиғаны ренжiген сыңаймен айтып бердiм. Сонда, менiң тақуа шалым сақалын уыстап аз-кем ойланып отырды да: – Бiраздан берi осы баланы сыртынан байқап жүрушi едiм. Бiрге оқып, бiрге өскен саған осындай қысастық жасамақ болғанына қарағанда, сiрә, осы неменiң құны бiтiп қалды ма деп қорқамын, – дедi. Бұл бұрын мен ести қоймаған, дұрысы – естiсем де есiме сақтамаған тосындау гәп едi. Сол арада: – Көке, құны бiткенi қалай? – деп срадым. – Сонда, қалай, әр адамның өлшеулi құны... әлде бағасы бар ма? – Әлбетте, – деп әкем басын изедi. – Ал, сiз айтқандай адамның құны бiтсе қайтедi екен? – Қайтушi едi? Жамандыққа ұшы­райды да, балам. Көп ұзамай менiң “сәуегей” әкемнiң айтқаны айна қатасыз келе қалмасы бар ма? Әлгi, кеудесi биiктеп кеткен бейшара жiгiт жол апатына ұшырап, кездейсоқ ажал құшқанда, марқұмның жаназасына жиналған үлкен-кiшiнiң бәрi өмiрден қыршын кеткен жанға жанашырлық көңiлдерiн бiлдiрiп, дәстүрге лайықты жақсы тiлектерiн айтып: – Марқұм ақкөңiл жiгiт едi, алдынан жарылқасын! – деген бата-тiлектерiн жеткiзiп жатты. Ақкөңiл болса, болған-ақ шығар. Кiмнiң кiм екенi анық айырылып, бұл­тақсыз жауап беретiн жерге кеткендердi артынан ғайбаттау тiрiлерге жараспайтын ғадет. Әйткенмен, iлгерi-кейiндi үлкен шындықтың, кiшкентай шындықтың бетi ашылмаса, риясыз ұйғарымдар айтылмаса, жақсы мен жаманды ажырату, өнеге нұсқаларын түстеп көрсету тағы мүмкiн емес? Үйрену мен жиренудiң ар жағында қашанда ақиқатты бiлу үрдiсi жатқаны хақ. Әркiмнiң өзi дұрыс санайтын шындығы бар екенi рас. Ендеше, мынау ойлы-қырлы, бұлтарыс-бұлаңы көп тiршiлiкте жан иесiнiң iс-әрекетiн, құлқы-пейiлiн киiз кiтаптарда нұсқалған сара жолдармен салыс­тырып, бiрден бiр iзге түсiру де – қиынның қиыны екенiн бiлемiз. Адам ұрпағына әуел бастағы жаратылыстан таңдау, талғау еркi берiлгендiктен, бәр-бәрiнiң үлгiлiнiң соңынан ерiп, туралықтың түзу бағытынан ауытқымай, қия баспай өтуi де екiнiң бiрiнiң қолынан келмейтiнi бесенеден белгiлi. Асылы қия басу, қателесу – тәубаға келу арқылы түзелетiн, кешiрiлетiн күнәлар болса, ең жаманы, ең жексұрыны – өзгеге қиянат жасау арқылы ұшпаққа шығу, мүддеге жету болса керек. Жоғарыда мысалға келтiрiлген жiгiттi пәлендей зор қиянат иесi едi деп айту, әрине, артықтау. Алыс шалғайда жүк машинасын айдап күнелткен қарабайыр шаруақорда адами қағидаларды қопарып тастарлық қауқар қайдан келсiн? Рас, оның күндiз-түнi қазынаның көлiгiн оңды-солды пайдаланып, аз уақыттың iшiнде қоң жинап алғаны, зәңкитiп үй салып, қорасын малға толтырғаны, өзге қоңырқай тұрмыс кешкен көршi-қолаңдарына өте-мөте ұнамас едi. Оны сыртынан «мал ұрлайды», «қырманнан таситын үш машина күрiшiнiң бiр машинасын Өзбекстан жағына сату үшiн өткiзiп жiбередi екен» деп өсектейтiн. Шынында, сол кезде аудан орталығында ашылған ПМК-лардың бiрiне жұмысқа орналасқан қарабайыр жүргiзушiнiң қарапайым айлық жалақыға бүйтiп болып, толып кетуi ол тұста мүмкiн жағдай емес-тi. Оның үстiне, осы жiгiттiң дарияның арғы бетiнде қалың өс­кен сексеуiлдi рұқсатсыз бұтарлап, ма­­ши­насына тиеп әкелiп, көше-көшенi жа­ғалап қымбатына сатып жүргенiн де талай көргенбiз. Бiрер мәрте қызыл жағалы ағайлардың мұның қора-қопсысын тiмiскiлеп тiнтiп кеткенiн, бiрақ, артынша тым-тырыс тыйылып қалғанын парақорлардың әрекетiне жатқызатындар да аз емес едi. Әйтеуiр, аудан орталығындағы бiр көшенiң тұрғындарын дүрлiктiрген қайғылы қаза сол тұста әкем екеумiздiң арамыздағы әңгiмеге әжептәуiр тақырып болды. – Көке, сонда адамның құны қалай анықталады? Оны өлшеп, мөлшерлеп бiлудiң жолы қайсы? – деп сұрамаймын ба? – Адамның құны оның бұл дүниеде iстеген жақсы, жаман амалдарымен өл­шенедi де, балам! – деп әкем сонда оң қолын тiзесiнiң үстiне қойып, ауыр қозғалып, орнынан тұра берген. – Ал оның тура шын бағасын бiр Алла ғана бiледi. – Бiз ше? Бiз адамның құнын есептеп шығара алмаймыз ба? – Кiмнiң кiм екенiн шамалауда бы­лайғы көпшiлiк жаңылыса қоймайды. Бiрақ, әдiл бұйрықты әркiмнiң амалына қарай Жаратушы Иемiз ғана шы­ға­рады. Ол жолы тақуа әкемнiң бұл жауабы маған үйреншiктi адамгершiлiк қағидадай ғана көрiнген. Арада жылжып жылдар өттi. Ел-жұрттың басынан өткiзген әлеуметтiк сан-сапалық өткелектерiн айтпағанның өзiнде, әрбiр жұмыр басты пенденiң ұзынды-қысқалы өмiрiнде кездесе беретiн, былайша қарағанда кездейсоқтықтардың жиынтығына ұқсайтын небiр одағай оқиғалардың куәгерi болдық. Әдетте бiз қуанышты, шадыман күндердi тез ұмытуға бейiмбiз де, ал, қайғылы, қапалы, ренiштi кездерiмiздi көбiрек есте сақтап қалуға құмбылмыз. Бұл әрi жеке адамның пенделiк мiнезiнен туатын өткiншi құбылысқа ұқсамайды. Күллi адамзат тарихының қағаз бетiне, шежiреге түскен тiзбектерiне көз жүгiртiп қарасаңыз да дәп солай: жарқын түстi ақ бояуларды күңгiрт түстi қара бояулар басып кете бередi. Адам жадының жаратылыстағы генетикалық коды солай түзiлген бе, әлде, жан иесiнiң психологиялық ерекшелiгi осындай ма – мұны да дөп басып айту қиын. – Адам қолымен жасалған жақсылықтың да, жамандықтың да құны бар, – деген сөздi бiздiң тақуа әкемiз жиi қайталар едi. “Бағасы” демейдi – «құны» дейдi. «Әрекетi» демейдi – «амалы» дейдi. Бiрде: – Көке, сiз осы «амал» сөзiн жиi айтасыз? Оның қандай сыры бар? – деп сұрадым. – Амал – ниет пен әрекеттiң бiрлiгi емес пе, балам? – Онысын түсiнбедiм... – Адам не iстесе де, әуелi ниет қылады, содан соң әрекетке барады емес пе? – Сонда, мысалы, жақсылық жасасаң да, жамандық жасасаң да, бәрiн алдын ала сезiп, бiлiп, саналы түрде iстеген боласың ба? Демек бiреуге қиянат көрсетiп, артынан ойымда арамдығым жоқ едi, бiлмей қалдым деп ақталу жөнсiздiкке жата ма? – Әлбетте. Иемiз әуел баста адамға ақыл-парасат, көретiн көз, еститiн құлақ берген соң, оның қай-қайсының да қарапайым пайда мен зиянды ажыратуға шамасы жетедi. Бiрақ, бiреулер адамшылық жолын қаласа, екiншiлерiн пайдакүнемдiк жеңiп кете бередi. Менiң тақуа әкемнiң тағы бiр жиi айтатын сөзi: – Ең зор күнә – кiсi ақысын жеу, – деушi едi. – Өзiңнiң бiреуге ақың кетсе – кетсiн, балам, бiрақ әсте өзгенiң ақысын жеушi болма! Осыған орай, мынадай, рауаят айтатын. Өткен замандарда Меккеге қажылыққа аттанған мұсылмандардың iшiнде бiр бай саудагер кiсi бар екен. Бұлар үлкен кемеге отырып, Бәйтоллаға қарай жолға шыққанда, кеме үстiндегi өзге сапарлас ғайри дiндi бейтаныс бiреудiң иығында отырған үйретiндi маймылы жерге түсiп, әлгi iзгiлiк жолында келе жатқан саудагердiң жанқалтасындағы әмиянын ала қашқан көрiнедi. Маймыл сол бетiмен секектеп барып, желкендi кеменiң биiк мұнарасының басына шығып кетедi. Содан қарап отырмай, қолындағы әмиянды ашып тастап, iшiндегi алтын, күмiс теңгелердi төменде тулап жатқан көк теңiздiң айдынына қарай бiр-бiрлеп лақтыра бередi емес пе? Жан дауысы шығып артынан қуған, бiрақ, биiк мұнара бойымен өрмелеуге жүрегi дауаламаған мал иесiне жоғарыдан қарап шықылықтаған маймыл анда-санда бес-он тiллә ақшаны бұған қарап зуылдатып тастап тұрыпты. Саудагер байғұс сонда аспаннан жауған аз олжаға ешкiмдi жолатпай, жылап-сықтап жүрiп бәрiн жинай берген ғой. Бар шаруасын бiтiрген әлгi маймыл бiр кезде мұнарадан түсiп, иесiнiң қасына бара берген тұста, қолына дәу келтек ұстаған мұсылман ойда жоқта тап болған ұрлықшы мақұлықты ұрып өлтiрмек ниетпен тұра ұмтылады. Сонда, үйретпелi маймыл иесi қолын көтерiп, ақшасынан айрылған ашулы кiсiнi сабырға шақырғанға ұқсайды. – Уа, мұсылманым, тоқтай тұр! Саған қоятын сауалым бар, – дейдi. – Сұра, – деп бұл да аздап ентiгiн басады. – Сұрасам... ей, елiңде жүргенде сен қандай кәсiппен айналысушы едiң? – Саудагермiн. – Сонда не сатып күн көрушi едiң? – Жайлауда сауын биелер байлап, соның сүтi мен қымызын шәһардың базарына апарып өткiземiн де! – Ағарған сатудан түсетiн табысың көп шығар? – Құдайға шүкiр, бала-шағаны асырауға жетiп жатыр. – Онда, мұсылманым, шыныңды айтшы. Сол базарға апарып сатып жүрген сүтiң мен қымызыңа су қосатын ба едiң? Мұны естiген әмиян иесi бiрден тiлiн тiстеп ала қояды да, артынша: – Иә, аздап су қосатын әдетiмiз бар, – деп мойындайды. – Неге? Су қоспасаң да, пайдаң аз емес қой? – Түсiмiмiздi көбейте берсек деймiз де! – Ендеше, менiң мына маймылымның теңiзге лақтырған алтын, күмiс теңгелерi сенiң кiсi ақысын жегеннен тапқан арам пайдаларың да, өзiңе тастағандары адал еңбегiңмен тапқан табыстарың едi, – деп әлгi ғайри дiн өкiлi уәж айтса керек. Расында, арамнан жиналған дүниенiң, байлықтың бәрi – кiсi ақысы. Өзге кiрiптар момынның маңдай терi, табан ақысымен, ауыр еңбегiмен тапқан-таянған азғантай табысы, әйтпесе, солардың қоғамдық ортақ қазынадағы тиесiлi үлес-сыбағасынан басқа түк емес. Пара алушылар, сондай-ақ, бiреудiң адал еңбегiнiң өтемiн кем төлеушiлер – кiсi ақысын жеушiлердiң ең ежелгi үлгiлерi. Парақорлық – азғындай бастаған қоғамның құбылнамасы. Кешегi Кеңестiк дәуiрде жоғарғы дәрежелi мектептердi бiтiргендер теп-тегiс саяси экономия атты сабақты, соның iшiнде, қауға сақал Карл “көкемiздiң” “Капитал” атанған жуан кiтаптарын оқуға мәжбүр болдық емес пе? Сол кiтапта, капитал-байлықтың әуел баста тек қана қылмыстық жолдармен жиналатыны жайындағы “гәптер” есiңiзде шығар? Ең бастысы – “қосымша құн” деген ұғымды ғылыми айналымға алғашқылардың бiрi болып енгiзген, осы немiс бiлiмпазы деп бiздiң профессорларымыз басымызды қатыратын. Сол “қосымша құн” деген қызыл көздi пәленi марксизммен қырғи қабақ небiр бiлгiрлер осы күнге шейiн терiске шығарып, дәлелдей алмай жүрiптi дегендi қазiр де естимiз. Сөйтсек, сол “қосымша құныңыз” – жекеменшiк қожайынның тарапынан – қарауындағы жұмыскер қауымның еңбегi үшiн төленбей қалған ақысы екен ғой. Осындай өтелмеген өтемдерден қожайынның капиталы, негiзгi байлығы құралады дейдi. Ал, бiздiң тақуа әкемiздiң пайымдауларына жақындата түссек, Маркс заманының капиталистерi – шетiнен кiсi ақысын жеушi обырлар болып шығады. Маркстi оқыған, оқымағаны белгiсiз Абай да: «ұлықтар алып берем деп – даугердi жеп, құтқарам деп – ұрыны жеп жүр... Мен сенi бүйтiп сүйеймiн деп – ананы жеп, мен бүйтiп сүйеймiн деп – мынаны жеп жүр» (Он бiрiншi сөз). Бәрiнiң жеп жүргендерi – сол бәз баяғы кiсi ақысы, еңбексiз табылған арам пайда, тегiн табыс. «Бiлместiкпен қылдым дегеннiң көбiне нанбаймын, – деп жазады Абай. – Жаманшылыққа бiр елiгiп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлiк қайрат қазақта кем болады» (Он төртiншi сөз). Абай ниет пен әрекеттiң бiр-бiрiнен туындайтынын анық мегзеп отыр. «Жаманшылыққа бiр елiгiп кеткен адамның» тоқтауы, түзелуi қиын. Ондайларды қазiр де күнде көрiп жүрген жоқпыз ба? Айрықша тағдырдың қалауымен, тарихи-әлеуметтiк дамудың қисынымен социализмдi аттап өтiп, капитализмге “гүмп етiп” қойып кеткен бiздiң елiмiзде, соңғы он-он бес жылдар iшiнде бұрын өңiмiз түгiл, түсiмiзге кiре қоймаған өзгерiстер мен құбылыстарды бас­тан өткердiк. «Өзгерiстер мен құбылыстар» дегенде бiз адами тiршiлiктiң сыртқы қабатында, формацияда болып жатқан дүмпулердi айтамыз. Ал, адами тiршiлiктiң iшкi қабатында – бәрi бәз-баяғыша: аспан астындағы ұлтарақтай жер үшiн, жер астындағы, үстiндегi қазына-байлықтар үшiн ұрыс, жанжал, қақтығыстар әлi де тыйылар емес. Жеке адамдардың құлқы-пейiлдерiнде де айтарлықтай өзгерiстер байқалмайды. Бергенiмнен – алғаным, асатқанымнан – асағаным көп болса екенге саятын баяғы күйбеңге толы күйкi өмiр. Қайта мынау «еркiн базар, еркiн кәсiп» деген түсiнiксiздеу белеске, тап болған момын көпшiлiктiң бiразы әлi күнге шейiн тығырыққа тiрелiп, тырбаңдап жатса, әуелден пысық жаратылған, қай қоғамда да қисынын тауып, қиындықтан оңай құтылып кететiн белсендi азшылық «еркiн базар» заманында мүлдем еркiнсiп, әңгiр таяқ орнатып, әмiрiн жүргiзуге айналды. Бұрындары екi шоқып, бiр қарайтын жемқорлар ендi «әй» дейтiн әже, «қой» дейтiн қожайынның жоғалып кеткенiн көрген соң, тапа-тал түсте қолы жеткенiнiң, ауызға iлiккенiнiң бәрiн ту талапай талап жатыр. Тоқтайтын, тойынатын түрлерi көрiнбейдi. Ең жаманы – сол маңдай терiмен, еңбекпен жиналмаған ен байлықтың денi – кiсi ақысы, өзгенiң, өз елiңнiң меншiгi екенiн ешқайсысының ескергiсi келмейдi. Қазiр кiсi ақысын жеудiң жолдары қисапсыз көбейiп кеттi. Әсiресе, қолында үлкендi-кiшiлi билiгi барлардың наны жүрiп тұр. Қыл аяғы күнi түскен бiреуге анықтама қағаз берген кiшiгiрiм төресымаққа шейiн пара алуға бейiм тұрады. Ал, әртүрлi тендерлер ұйымдастырып, миллиондарды үлестiретiн, әйтпесе, үй-жайдың кезегiне тұрғызып, жер бөлiсiне ықпал жасайтын адамдардың әлде қашан алпауыттар қатарына қосылып, бастарына қосарланған алтын мүйiздердiң шығып кеткендерi қашан! Бiз бұл арада адал кәсiппен, адал еңбекпен айналысып, байып жатқандарды күстаналамаймыз. Өйткенi, әркiмнiң-ақ жақсы тұрмыс құрып, тоқшылықта, баршылықта өмiр сүруге хақысы бар. Бұл – айып емес, қайта қолдауға, қорғауға тұратын ниет. Мұндай ниет адамды әрекет етуге, еңбекке, талапқа бастайды. «Мен адалмын, әдiлмiн» деп ұрандап, аяқ-қолыңды қыбырлатпай, басыңды ауыртпай үйде жата берсең, құның өсе бермек пе? Ондайда адам өмiрiндегi материалдық һәм рухани құндылықтарды кiмдер жасамақ? Демек, «бұл дүние қызығынан безу» дегенге саятын ежелгi сарыуайымшылдық ұстанымның жеңiске жетуi екiталай. Бар шындық – бұл дүние қызықтарын мансұқтауда, арзандатуда емес, басқада: дүниеқоңыздық жолына түсiп кетiп, өзгелерден ассам, таңырқатсам дегенге саятын тоғышарлық танымда. Бiржола пендешiлiк жетегiне ерген адам бiрте-бiрте ар-ұятты, имандылықты жылы жауып қойып, өткiншi қызық-шыжықтың жылымына батып кете бермекшi. Арам мен адалды ажыратудан қалып, қалтасын қампитудан басқа амалдың бәрi ұмыт қалмақшы. Психолог ғалымдардың пiкiрiнше, мәселен, шектен шыққан сараңдық – жүйке ауруларының бiрiне, шизофренияға жататын көрiнедi. Атақты жазушы Н.В.Гогольдiң «Өлi жандар» романындағы Плюшкин осындай ауруға ұшыраған кейiпкердiң классикалық мысалы деген пiкiрдi мен бiр кезде профессор Ж.Әлiмхановтың өз аузынан естiген едiм. Сонда: – Бiздiң Төленшенi жұрт атып тастасаң да, бес сом ақшасын сұраусыз бермейтiн тас сараң деп келекелейдi. Осының жөнi қалай? – деп сұрағаным бар. – Оған күлуге болмайды. Шынында да сондай ауру кiсiлер кездеседi, – деп профессор байсалды жауап берген. Егер, психиатр оқымысты айтқандай, шектен шыққан сараңдық – патологиялық кеселге жатса, шектен шыққан дүниеқорлық, байлыққұмарлықтың да сондайлық түсiнiксiз құбылысқа қосылмайтынына кiм кепiл? Мен бiр жақсы жiгiттi бiлушi едiм. Жақсы дейтiнiм – жайшылықта ақкөңiл, елгезек, ешкiмнiң көңiлiн жықпайтын кiшiпейiл, тiптi, жомарттығы, қайырымдылығы да бар-тұғын. Жалғыз мiнi – дүниепарастау болатын. Үлкен қалаларға барса, шетелдерге шықса, еркек басымен ең әуелi дүкендердi аралап кететiн. Сонда, қасында жүрiп байқағаным: осы жақсы жiгiт сөрелерде, яки, әйнек астында жатқан қымбат бұйымдарды, асыл тастарды көрсе, бiрден өңi бұзылып, өзгерiп сала берер едi. Көзi жасаурап, ақсары өңi қызғылт тарта бастайды. Бiрдеңе айтсаң, дұрыс естiмей, саған аңтарыла қарайды. Әлгi өзi ұнатқан қымбат дүниенi сатып алғаннан кейiн де бiразға шейiн өз-өзiне келе алмай, сөйлесуге, әңгiмелесуге құлқы соқпай, «бiртүрлi» болып жүретiн. Ал, қазiрде... мынау тоқтауды, тоюды, толастауды бiлмейтiн құлқын көмей иелерiн – жаңа заманның бай манаптарын көргенде, осылардың iшiнде әлгiндей дәрiгерлердiң көмегiне зәру бiрлi-жарым «сырқаулар» жүрген жоқ па екен деп ойлауға тура келедi. Әйтеуiр, қу дүниеге тоймау, қанағат, шүкiршiлiк дегеннiң не екенiн бiлмеу – ауруға айналған бiрдеме екенi рас. Әйтеуiр көзсiз, шексiз дүниеқұмарлық, тойымсыздық – бойында, ойында саңлауы бар адамның, қарапайым көпшiлiктiң ақылына сыймайтын сорақылық болып көрiнедi. Содан ба екен, әйтеуiр, кешегi тең­гермешiлiк дәуiрiнде туып, теңдiк аңсаумен өскен бiздiң аңқаулау аға ұрпақ әуелден-ақ Абай ақынның: «Жас бала анадан екi түрлi мiнезбен туады. Бiреуi – iшсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннiң құмары. Бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Бiреуi – бiлсем екен демеклiк... Мұның бәрi – жан құмары, бiлсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген. Тәннен жан артық едi, тәндi жанға бас ұрғызсақ керек едi. Жоқ, бiз олай қылмадық... Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедiк. Жанды – тәнге бас ұрғыздық», – дегенiн (Жетiншi сөз) талай оқысақ та, одан әрi: «Жоқ, бiрлiк – ақылға бiрлiк, малға бiрлiк емес» (Алтыншы сөз); «Байлар... өзiнде жоқты малымен сатып алады. Көңiлдерi көкте, көздерi аспанда, адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, бiлiм – ешнәрсе малдан қымбат демейдi. Мал болса, Құдай тағаланы да паралап алса болады дейдi. Оның дiнi, құдайы, халқы, жұрты, бiлiмi, ұяты, ары, жақыны – бәрi мал» (Сегiзiншi сөз) деген пiкiрлерiне: «Е, ұлы бабамыз дұрыс айтқан ғой» деп басымызды изесек те, кезiнде тереңдеп қазып бойлап түсiнбеген екенбiз. Көбiмiзге Абай баяғының байларын сынап-мiнеп отырғандай көрiнер едi. Сөйтсек, «соқтықпалы, соқпақсыз» заманда өмiр сүрген кемеңгер ақынның айтқандарының бiздiң тұстастарымызға да тiкелей қатысы болып шықты. «Тәннен жан артық едi, тәндi жанға бас ұрғызсақ керек едi. Жоқ, бiз олай қылмадық... Жанды – тәнге бас ұрғыздық» дейдi. Неткен бейнелi, мағналы сөз! Бүгiндерi кiсi ақысын жеп, момын миллиондардың есебiнен мыңғырып байып кеткен «жаңа қазақтардың» iшiнде Абайдың осы сөзiн оқып, соған ой жүгiртiп көрген бiрлi-жарымдары бар ма екен? Жанның азығын аяқасты етiп, тәннiң қорегiн бiрiншi кезекке шығарған қоғам қайда бармақшы? Мұндай қоғамның құндылықтарын қандай үлгiлермен өлшесек керек? Қоғамыңның ежелгi құндылықтары арзандап, Абай айтқандай, тағы да «Жанды тәнге бас ұрғыза» берсек, баяғы ата-баба дәстүрлерi арқылы, дiни танымдар жолымен қалыптасқан рухани игiлiктерден тағы да көз жазып қалмаспыз ба? Адамның құны адам қолымен жасалған жақсылықтармен қымбаттай бередi екен. Ал, жаманшылықтарың өзiңмен бiрге кетсе, артыңда – тек жақсы iстерiң қалушы едi. Әлiмсақтан бермен қарай осылай болып келедi. Сiздiң сiрәда дүниеден өткен кiсiнiң артынан: – Ерекше залым едi! – Асқан айлакер, өтiрiкшi, суайт едi! – Халықты қан қақсатқан нағыз қанаушы едi! – деп жалаулатқан марапат сөздердi естiгенiңiз бар ма? Естiген жоқсыз. Оның есесiне жапа-тармағай жамырап: – Жақсы адам едi! – Алыс, жақынға қайырымды, мейiрiмдi едi. – Қара қылды қақ жарған әдiлетшiл азаматым едi, – деп жоқтаймыз, өзгелерге үлгi-өнеге етемiз. Өлi түгiл, қасымызда жүрген тiрiлердiң көзiн бақырайтып қойып: «Сен жұрттан озған парақорсың!» демеймiз; «Өте пысық, табыскер жiгiт екенсiң!» деп мақтаймыз. «Сен бетiнде қызылы жоқ, ұятсыз жансың!» демеймiз. «Әр iстiң жөнiн тапқыш, илашыл, икемдi жiгiт екенсiң» деп көтермелеймiз. Неге? Өйткенi, ешкiмнiң жария түрде жаманатты болғысы келмейдi. Әркiм-ақ өз ортасында жағымды, сүйкiмдi көрiнуден үмiткер. Бұл сонда адам жаратылысының осалдығы ма? Әлде, артықшылығы ма? Әйтпесе, әуелден жақсылыққа бейiм туған ақыл-сана иесiн бiрте-бiрте құлқын қамы жеңiп, Абай айтқандай, «тәннен жанның артықтығын» ұмыта бастайды ма екен? Бiрақ, сол тәннiң қорегiн жанды саудаға салмай-ақ, әдiл, тура жолмен де табуға болмас па едi? Бiрақ, бұл тым ұзақ, шырғалаңы көп, ерекше қажыр-қайратты, сабырлы мiнез, салқын қандылықты қажет ететiн сапар. Мiне, осы сапар үстiнде адам бойындағы құндылықтар мен құрдым қылықтар ажырасып шыға келедi. Әрине, адам қолымен жасалған жақ­сылықтар мен жамандықтардың жеке-жеке өлшем салмақтары бар екенi түсiнiктi. Сол өлшем-салмақтардан адамның ақиқи құны, бағасы, қасиетi танылады. Жамандықтың таразысы басып кете берсе, адамның қасиетi кемiп, құны, бағасы арзандап, бiрте-бiрте, уақыт өткен сайын мүлдем жойылуға әкелiп соғуы кәдiк. Содан, әуел бастан сана иесiнiң бойына табиғат-ана дарытқан жағымды, адами қуат көздерi (жасыл, көк түстi) өшiп, жағымсыз қуат көздерi (қызыл, сары түстi) асқына келе, бiз бiле бермейтiн жаратылыстың биологиялық, психологиялық тепе-теңдiгi бұзылуы себептi индивидтiң өзi немесе ет жақын ортасы өртенiп, жанып кетпесiне кiм кепiл? Қазақ мұндайда: «Көп асқанға – бiр тосқан» деп мақалдап жатады. – Көке, сонда қалай болды өзi? Шама-шарқына лайық арамнан мал тауып артық пайда жинаған қайдағы бiр қарапайым шопырдың құны бiтiп өле қалады да, ал миллиондарды ұрлап, мыңғырып кеткендердiң қамсыз-мұңсыз мырқы болып аман жүретiндерi несi? – деп сұрамаспын ба, сонда, мен тақуа әкемнен. Мен үшiн күрмеуi көп қиын мәселедей көрiнетiн сауалға әкемнiң пәлендей қиналмай жауап бергенiне аздап таңырқағаным бар. – Әркiмнiң әуелгi туыстан дарыған қарым-қауқары әрқалай емес пе, балам? Бiреу бiлiктi, бiлiмдi, қабiлеттi болып дүние есiгiн ашады. Екiншiсi ондай бiтiмнен құралақан қалады. Бiрiнiң тура жолмен жүрiп түзелуге, күнәсiн азайтуға әбден мүмкiндiгi бар. Бұл турасында пайғамбарымыз айтты емес пе? – деп одан әрi әкем әдетiнше Хадис-шәрiптерге жүгiнер едi. – «Бұл дүниеде төрт түрлi адам бар. Бiрiншiсiне Алла тағала байлық пен бiлiмдi қоса қабат берген. Бұл қасындағыларға әрдайым қайырымдылық жасап, парызын өтеп жүредi, өйткенi ол Алланың әдiлеттi жақтаушы екенiн бiледi. Екiншiсiне байлық емес, бiлiм берiлген, бiрақ мұның ниетi таза... Бұл екеуi де бiрдей сауапқа кенеледi. Үшiншiсiне бiлiм емес, байлық берiлген. Содан, бұл дәулетiне мастанып, Құдайын ұмытады, Құдайдан қорқудан қалады, әдiлеттiң тура жолынан шығып, жақынына қайырым жасау парызын өтемейдi. Үшеудiң iшiндегi ең жаманы осы! Төртiншiсiнде бiлiм де, байлық та жоқ. Бұл болса, шiркiн-ай, байысам, сонда, әлдекiмдерден асып-тасып кетсем деп армандайды. Бұлар түптiң түбiнде жазаға тартылады» (Абу Кабши аль – Анмариден). – Демек, бiлiмдi, бiлiктi адамдардың райынан қайтып, тура жолға түсуiне мүмкiншiлiктерi молырақ болғаны ма? – Әлбетте, солай. Хадисте айтылады: «Қиямет күнi әркiмге бес түрлi сұрақ қойылады. Қалай өмiр сүрдiң? Жасыңда қандай болдың, қалай қартайдың? Байлықты қандай жолмен жинап, қайда жұмсадың? Бiлiмiңдi қандай iзгiлiктi iстерге арнадың?» (Ибн Масудтан). Әлгiндей, арам байлықтан тау тұрғызып жатқандардың iшiнде бiлiмдiлер мен бiлiктiлерi аз емес. Қайрат-жiгерi тасыған қарымдылары да кездеседi. – О не дегенiңiз, көке! Парақорлар мен жемқорлардың арасында момындар мен аңқаулар жоқ. Шетiнен пысық, әрекетшiл, ақылды-ақ! – Сол пысықтарыңның iшiнде алды-артын болжап, ара-тұра қайырымдылық көрсетiп, қайыр-садақа берушiлерi де бар шығар? Мiне, осылардың сынағы ұзаққа созылады, балам. Бiздiң көкемiздiң кейде тұспалдап, бұлдыратып әкететiн әдетi болушы едi. Ондайда ежiктеңкiреп сұрамасаң, жiптiң ұшығын ұстай алмай қаласың. – Сынақтың ұзаққа созылатыны қалай? – деп сұрадым. – Адамның күллi өмiрi сынақ емес пе, балам? Әркiмге-ақ түзелуге, адамшылық жолына қайтып түсуге пұрсат берiледi. Бiреулер сол пұрсатты орнымен пайдаланады, бiреулер терiс бағытынан таймайды. Таймағандар тайғанақтап барып-барып, күндердiң бiр күнiнде омақаса құлап тынады. Құны бiттi дейтiнiмiз сол. Бiреу ерте, бiреу кеш, әйтеуiр өз амалдарына орай екi дүниеде есеп бередi. Күллi аспан астында есепсiз һәм сұраусыз ештеңе жаратылмаған. Амалыңа қарай – сұрауы, есебiңе қарай – жауабы! – деп әкем тағы да сөзiнiң соңғы жағын мақамдап қайырды. Үлкен кiсiнiң осындай қисынды әңгiмелерiне жүгiнгенiммен, бiрақ бәрiбiр көңiлiмдi күптi қылған қыңыратқыл ойларым азайған жоқ едi... Оның үстiне, ол кiсi баяғы Мәкәлай – ақ патша заманында туып, ең ұзағанда ежелгi Ислам, Шығыс бұлақтарынан сусындап, көшпендi қазақтың ата дәстүрлерiн бойына сiңiрiп өскен ескiлiктi тағлым-өнегелердiң мирасқоры емес пе? Рас, ескiлiктiң бәрi бiрдей ескiрген ұғымға жатпайтынын кешегi Кеңес дәуiрiндегi солақай тәрбиеден өткен өзге оқыған замандастарым қатарында мен де бiр кiсiдей бiлетiнмiн. Дегенмен, мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап басымызды, көкiрегiмiздi матап-шандып тастаған материалдық, заттық, атеистiк философия сабақтары қашанда алдымыздан кесе көлденеңдеп шыға беретiн. Ес бiлiп, етек жапқалы берi екеуара ұзақ жылдарға созылған сансыз диалог-әңгiмелерiмiзде әрдайым ақиқат әкем жағында екенiне талай мойын ұсынсам да, баяғыда Сәбит Мұқанов айтқандай, менiң де кейде «қызыл күрең мiнезiм» қылаң берiп қалар едi. Осындай себептермен бе екен, әйтеуiр осы жолы әкеме қарап: – Көке, осы адамдарды құнды, құнсыз деп бөлектеп жатудың өзi туралыққа жата ма? – деп қарсылық көрсеткен болдым. Әкем бөгелген жоқ. Мейiрiмдi қой көздерiн қысыңқырап: – Мұның несi сөкет екен? Мына сендер тұтас халықты тапқа, топқа ажыратып, бiр-бiрiне ажырайтып қойған жоқ па едiңдер? – деп миығынан күлiп отырды. ­– Көке, сонда өзге қарапайым көпшiлiктi қайтемiз? Кәдiмгi, кәдуiлгi пенделердi айтам. Жақсылық жасау да, жамандық жасау да қолдарынан келмейтiн, санда бар да, санатта жоқ, күнкөрiстiң қамымен күндерiн өткiзетiн күйбең тiршiлiк иелерiн қай топқа кiргiземiз? Олардың бiразының бiреуге жақсылық жасауға – мүмкiндiгi жоқ: не байлығы, не билiк-беделi, не сөзiнiң өтiмдiлiгi жетiспейдi; оны тiптi ешкiм ескерiп, елеп, құлақ аспайды. Жамандық жасауға тағы шамасы келмейдi – бұл бейшара қит етсе әлдiлер бiрден тыйып тастайды. Сондай сорлылар да ғаламдық теңдiк таразысына түсiп, екi дүниеде бiрдей есеп бермек пе? Мұндайлардың не жазығы бар? Осы арада әкем еңсесiн төмен салып, үн-түнсiз ойланып қалды. Содан кейiн дастарқан шетiнде тұрған ақ құманды қолына ұстап, көкала түстi кiшкене кесенiң түбiне сыздықтатып шәй құйды. Бұл кiсi “жүрегiмнiң қағуын жиiлетiп жiбередi” деген сылтаумен көбiнесе Самарқанның көк шәйiн демдеп iшетiн. Шәй үстiнде пешеней, кәмпит секiлдi кейiнгi заманның тәттiлерiн аузына салмай, анда-санда қатқан мұздай қытырлақ набаттың шетiнен тiстелеп, дәм алып, тамсанып отырар едi. ­– Құдай жаратқан пенденiң үлкен, кiшiсi жоқ, ол тек амалына қарай бөлiнедi, – дедi көкем недәуiр үнсiздiктен соң. – Тау қопарып жүрген болымдының да, бәтiңкесiнiң бауын байлай алмай жүрген болымсыздың да баратын жерi, сұралатын жерi бiреу. Әркiмнiң амалына қарай екi дүниеде бiрдей жауап беретiнi хақ. Болымды мен болымсыздың бұл өмiрде iстеген әрбiр жақсылығы мен жаманшылығының таразыға тартылып, бағасы берiлетiн күнi болады. Жалғанда жазықсыз адам жоқ. Қу құлқынның қамы үшiн әлi жеткеннiң, қолы тигеннiң бәрiн талғамай талапайға салушы тойымсыздардан басқа тамағынан ас өтпей, тарыққанға тарыдай болса да мейiрiм-шапағатын бөлiп берушiлер де табылады. Әр пенденiң әрбiр басқан қадамы оң яки терiс жолға бастайды. Сол оң мен терiс иманды мен имансыздың арасын ажыратады. Бұл жерде күнкөрiс үшiн күйбең тiршiлiк еткен қарапайым көпшiлiк пен араны ашылған азшылықтың барып түсетiн иман таразысы бiреу. Ал, әйтеуiр мейманасы тасып, шектеп шығып кеткен менменнiң екi дүниеде жауапқа тартылып, жазаға ұшырайтыны адамдық заңына да, Алланың қалауына да қайшы келмес болар, – деп әкем сонда осымен әңгiмесiнiң тәмамдалғанын бiлдiрiп, қолындағы кесесiн алдына төңкерiп қойған едi. Сол жолы көкемнiң кесiмдi пiкiрiн тыңдағанда, неге екенi белгiсiз, менiң есiме кәдiмгi физика iлiмiнде кезiгетiн, елдiң бәрi бiлетiн екiншi термодинамика заңы есiме түстi. Тек физикада емес, биологияда, химияда қолданылатын энтропия аталатын ұғым, құбылыс бар. Түсiнiктiрек тiлмен тұжырымдасақ, ол былай болып шығады: әрбiр жүйенiң (соның iшiнде тiрi организмдердiң) энергетикалық қуатындағы (Т) өзгерiстер мөлшерi (ds) белгiлi бiр дәрежеде сақталмаса, онда оның энтропиясы (Э) ең жоғарғы шегiне жетедi де, атом ядросындағы күрделi құбылыстар өзгерiп, мұның аяғы құруға, жойылуға әкелiп соғады. Энтропияның шексiз ұлғайып кетуi – қуат көздерiн пайдалануға тiкелей тәуелдi. Ал, әрбiр тiрi организм мезгiлiнен бұрын жоғалып кетпес үшiн қуат көздерiн өзi реттеп (энтропиясын азайтып), өмiрiн жалғастырып отырады екен. Әрине, мұндай жаратылыс заңдарын жеке адамның өмiрiне әкелiп телу қиын. Өйткенi, физикалық заңдар мен әлеуметтiк заңдардың табиғаттары басқа-басқа. Дегенмен, әдеби бейнелеу тәсiлiмен кейбiр салыстырулар жасауға болады. Мәселен, желкiлдеп өсiп тұрған жасыл желектiң мезгiлiнен бұрын қурап, құрып кетпес үшiн күн көзiнен алатын, қажетiнен тыс артық қуатын энтропия әдiсiмен өзi реттеп отыруы – таңқаларлық қызық құбылыс екенi анық. Ал, сонда, деймiз-ау: қажеттен тыс «энтропиясы» – көпшiлiкке, қоғамға қиянат жасау жолымен шектен тыс көбейiп кеткен арам құлқынды адамдардың болашағы қандай болмақ?

1030 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз