• Келелі кеңес
  • 07 Тамыз, 2012

Қазақтың МЕМЛЕКЕТКЕ ИЕЛІГІ – «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТ», «АЗАМАТТЫҚ ҰЛТ» СЕКІЛДІ ҚИСЫНСЫЗ ҰҒЫМ-ТҮСІНІКТЕРДІҢ КӨЛЕҢКЕСІНДЕ ҚАЛА МА? (Оқырманға хат)

Егер, соңғы кездері кейбір еліміздегі орыс басылымдарында «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТ», «АЗАМАТТЫҚ ҰЛТ» сияқты шарды ыстық ауамен үргендей түп-төркінсіз, қазақ қоғамы айналымына жол-жөнекей түскен, унитарлы және мономемлекеттік қадір-қасиетті кетіретін негізсіз пайым түсініктер жарияланып жатса – қазақ не істеуі керек? Ондай, ел-жұрт арасына іріткі салатын әңгімелер қозғалса – оған кім кінәлі? Міне, осынау бір классикалық сауалдар төңірегінде ой қозғасақ, онда мәселе төмендегідей болып шығар еді. Жалпы, қазақ халқы ұлт ретінде – тарихтың тірі субъектісі, оны объектіге айналдыру кінә дегенге қарағанда, күнә деуге келетұғын іс-әрекеттер мен сөздердің көрінісі. Сондай-ақ, қазақ – қалың қауымның жиынтығы әрі индивидуумдардың (жеке, дара) тобы да, сонымен бірге конгломерат (латынша – жиналған, біріккен) та дейтұғын ұғым-түсінікке де келмейді. Ол уақыт пен кеңістікте өз мекен-жайын, ұлттық тектік-қандық қадір-қасиетін бойына сіңірген, өзіндік шекарасы бар мемлекеттің иесі. Өзінің мемлекеттілігі үшін жан беріп, жан алысқан халықтың несібе-ырысын, бақыт-бағын, көзінің қарашығындай көрген Отанын әлдеқандай бір «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТ», «АЗАМАТТЫҚ ҰЛТ» дегендей қадір-қасиеттің шылауына орап жіберетін болсақ, онда біздің кім болғанымыз. Қазақ тұтас және бөлінуге келмейтін ұлттың негізінде бірігіп, мемлекет атына ие болған тарихи-табиғи құбылыс. Оның қадір-қасиетіне ши жүгіртіп, оны көкпарға айналдыру кімдерге және неге керек? Осы мәселе төңірегіндегі ойлар мені жиі мазалайды. Әсіресе, жақында «Central Asia Monitor» газетінің үстіміздегі жылғы №23 санында жарық көрген В.Курганскаяның «Гражданская нация – вот что нам нужно» деген мақаласын оқығанда, ондағы ұшқары пікірлерге куә болған соң көңіл құлазыды. Әлемдік айналымдағы «Азаматтық қоғам» туралы сан жүздеген мақалаларды оқып, білсек те, дәл А.Курганская ханымның пікіріндей талапты некен-саяқ қана кездестіріппіз. Бұл өзі өмір сүріп отырған мемлекеттік құрылымның басты көзі саналатын әрі конституциялық құқы бекітілген ұлттың намысына тиюдің бірден-бір көрінісі. Осы бір ұшқары пікірді оқып отырып, еріксіз «Қазақтың МЕМЛЕКЕТКЕ ИЕЛІГІ – «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТ», «АЗАМАТТЫҚ ҰЛТ» СЕКІЛДІ ҚИСЫНСЫЗ ҰҒЫМ-ТҮСІНІКТЕРДІҢ КӨЛЕҢКЕСІНДЕ ҚАЛА МА?» деген сауалға ден қояды екенсің. Кезінде, осынау сөздерді тілге тиек етіп отырған пендеңіз «Қазақстанды космополитизм елесі кезіп жүр», «Қазақстандық ұлт» туралы бірер сөз» деген мақалалар жазып, әңгімеміздің арқауына айналған жоғарыдағы шарды ыстық ауамен үргендей түп-төркінсіз, топыраққа негізделмеген пікір-тұжырымдар туралы өз ойларын шама-шарқынша білдірген еді. Міне, сол мәселеге, яғни, «Central Asia Monitor» газетінің үстіміздегі жылғы №23 санында жарық көрген В.Курганскаяның «Гражданская нация – вот что нам нужно» деген мақаласына байланысты жас ғалым, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ саясаттану кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы Сейілбек Мұсатаев та қалың оқырманға ой тастап отыр. Сіздер не дейсіздер, қазақ зиялылары? Сәлеммен, журнал қызметкері Аманхан ӘЛІМҰЛЫ

529 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз