• Ұлттану
  • 08 Қараша, 2012

Халықты жаппай қырғынға ұшыратқан қаскөйлік

Дулат Тұрантегі, ақын

Тарихымыз сыбырлап, жасқана сөй­леуді қойып, шындық атаулының есігін айқара ашып, мінберден толғау-толғау аталы сөз айта бастаса, бұл да қасиетті тәуел­сізді­гі­міз­дің арқасы деп білеміз. Социалистік қоғамның экономикалық проблемаларында түбегейлі шешімін таппаған түйткілдер бар екендігіне жекелеген ғалымдардың әу бастан-ақ дүдамал келтіргендері аз болған жоқ. Марксистердің өзі ренегаттар, ревизионистер деп атаған оппозициядағылардан басқа, тәуелсіз, партияда жоқ экономист ғалымдар ағылшын Дж. Кейнс, Ре­­сей­лік Б.Д.Бруцкус, Л. Юровскийлер, кейінірек профессор С. Швецов, одан соң, тіпті, осы заманның өзінде сол алғашқы шаруашылық қиыншылықтарын бастан кешіріп жатқан, 1920 жылдардың өзінде марксистік ұстанымнан басқа экономикалық саясат керек екендігін айта бастады. Бірақ, төңкерісшіл рухпен елірген перманентшілер мұны құлаққа ілмек түгілі қарсы келгеннің, жолдағының бәрін жайпап, үдере алға жылжып, алған бағыттарымен өрши түсті.Мұндай өктемдік саясат халықтар тағдырын тығырыққа тіреп, орасан зор нәубетке ұшыратқаны белгілі.Большевиктердің ұстаған саясатының солақайлығы туралы, кейін партияның орталық аппаратында көп жылдар бойы қызмет істеген М. Восленский «Феодальный социализм» (Новый мир, № 8, 1990 ) атты еңбегінде жан-жақты талдап берген. Бұл, әсіресе, қызыл большевизм им­перияның бұғауындағы қазақ халқына орны толмас қасірет болып кезікті. Қазақ халқы өз өмірінде әр кезде болып тұратын ақсүйек жұрттарды айтпағанда үлкен-үлкен сұрапыл бірнеше ашаршылықты бастан өткерді. Соның екеуі Кеңес дәуірінде болды. Бұл ашаршылық халықтың үштен екі бөлігін өлімге ұшыратқан, қолдан жа­салған нәубет еді. Оның басты себебі, дүниежүзінде, осы өмірдің өзінде адамдар жұмақтағыдай өмір сүре алу мүмкіндігі бар екендігі жөнінде ғылыми негіздеме жасаған, марксистік ілімнің өзі әлі де бірқатар қайнауы ішінде екен­дігі, жан-жақты жетілмей жатып, өмірге қолданысқа кіріп кеткені, оның үс­ті­не сол ілім деп танылған, тықпаланған сая­саттың өзін өресі жетпеген, шалағай теоретиктердің ел басқарудағы қаруына айналып, нәтижесінде сан миллиондаған адамдардың ажал оқпанына жұтылуына ұшырауына себеп болды. Солақай саясаттың арқасында шаруалар ежелден бері, сан ғасыр бойы өздерінің қалыпты өмір сүруін қамтамасыз етіп келген тіршілік көзі – шаруашылық жүйесі қолдан қиратылып, қалыпты күнкөрісіне мүлдем жат, жүйеге күштеп көшірілуіне тап болды. Осы тұста азырақ теориялық аспектілерге ат басын бұра кеткен жөн сияқты. Қазан төңкерісінен кейін батыста да, Ресейдің өзінде де философтар мен экономист ғалымдар енді не болмақшы, қоғам дамуы қай арнаға түспек деп өзара пікір таласқа түсті. Әсіресе, Санкт Петербургте экономистер «большевиктердің ең бір осал тұсы, түбегейлі шешімін таппаған мәселесі – социализм мен ауыл шаруашылық, ауыл мен қаланың экономикалық ара қатынасы, ұсақ шаруалар мен олардың жеке иеліктері және қала мен ауыл еңбеккерлері арасындағы өнім айырбасы, нарықтық қатынас мәселелері болатын. Мұның өзін кезінде Маркстің өзі де оңшылдардың талдауы бойынша: «...Со­циальная революция может иметь успех только тогда, когда все предпосылки для социалистического строя готовы, а в России, в стране крестьянского хозяйства, этих посылок не было». Маркстің ілімі өндірісі дамыған ірі капиталистік елдерде пролетариат пен буржуазия арасындағы тап күресіне негізделгені белгілі. Ал, артта қалған, ауыл шаруашылығының өзі дамымаған елдерде қандай пролетариат болмақ және олармен, яки, қала өндірісімен шаруалар қандай эко­номикалық байланыста болуы мүмкін? десе, ал, Б.Бруцкаус марксистік ілімнің осы тұсын талдай келіп, социализмнің концепциясы деп тықпаланған бұл көзқарастың теориялық та, практикалық та мәні жоқ екенгдігін айтқан (Новый мир,№ 9, 1991). Міне осы сұрақтардың шешімін таппауы қазақ тағдырында орны толмас қасірет болып жабысты. Мәселенің түп-төркіні қоғам дамуының формацияларға жіктелуі және тап күресі жөніндегі қағидалардың қазақ үшін мүлде қисынсыз екендігінде. Марксистік ілім бойынша тарих дегеніміз қоғамдық экономикалық формациялардың дамуы мен ауысуы. Олар: алғашқы қауымдық құ­рылыс, құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік және социалистік құрылыс. Мұны аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі. Енді, осыған дейін ешқашан айтылмаған, жаңағы формациялардан басқа тағы да Маркстің ілімінде «Азиялық өндіріс құрылымы» дегені болған. Бірақ, мұны большевиктер өздеріне ұнамағандықтан формация қатарына кіргізбей әдейі өшіріп тастаған. Өйткені, бұл тәсілде билік мейлінше қатал және бір орталықтан басқарылғандығы туралы айтылатын. Бұл формацияда таптар туралы сөз болмайды. Мұнда қауымдастық көрініс табады. Жұрттың бәрі жаппай бағыныштылықта өмір сүреді, жаппай міндетті жұмысқа жұмылдырылады. Оған қытай қорғаны, мысыр пирамидаларын салу, үлкен каналдар қазу сияқты жұмыстар жүргізілетіндігі айтылады. Әкімшілік билік аса қатал тәртіпке сүйенеді.Өздерінің басқару жүйесіне ұқсағандықтан 1934 жылы большевиктер Маркс пен Энгельстің толық шығармаларын бастыруда азиялық өндіріс тәсілі жөніндегі формация туралы айтылғандарды шығарып тастайды. Осы тұста М.Восленскийдің «Феодальный социализм» аты кітабындағы мына сөздерді еске алған жөн: «Мы видим: уже основоположники марксизма заметили в «Азиатском способе производства» неприятные черты сходства с «диктатурой пролетариата», а отцы номенклатуры (яки, басшылық деп түсініңіз) отреагиро­вали на эту опасность, вычеркнув «азиат­­ский способ» из числа формации,..сущ­ность чего состоит в применении метода тотального огосударствления, при­чем правящий класс – политбюрократия – регламентирует всю жизнь об­щества и деспотически ум управляет при помощи мощной государственной машины» дейді. Осы пікірде өткен Кеңестік дәуірдің бүкіл болмысы көрініп тұрған жоқ па? Енді, осы айтқандарды қазақстан жағдайына байланыстырсақ, осы кезге дейін айтылып жүрген ұғымдардан мүлде бөлек жағдайларға тап боламыз. Мәселе, Қазақстанда таптардың болмауында. Яки, осы кезге дейін тап күресі деп айтылып келгендердің бізге мүлде қатысы жоқ болуында (Бұл пікірді алғаш айтқан өзіміздің академигіміз Ғ. Есімов болатын). Қазақстанда таптар болмаған деген шынында да көңілге қонымды пікір. Қазақтар қашаннан атам заманнан бері қауымдық, рулық қатнастарда дамып келген. Сол үшін тап күресі жайлы ұғымды біздерге тықпалаудың жөні жоқ еді. Рас, қазақтарда атам заманнан бері бай мен кедей болған. Билік те, басшылық та болған. Бірақ ол марксистер айтатындай бітіспес тап күресіне әкелетін деңгейде емес еді. Бәрі де дала заңымен реттеліп отырылған. Далалықтарға Азияттық тәсіл деген жақындау. Демек, тап ретінде құлақтарды жою деген саясаттың біздерге қолданылуының өзі түбегейлі қате әрекет. Ғалым сыншылардың социализм мен нарық түбегейлі қабыспайды дегендері қазақ сияқты ұсақ шаруа мал­шылар мен егіншілерден тұратын, натуралды шаруашылыққа, еркін айырбас, пен саудаға негізделген қауым мысалында анық көрінеді. Қолдан жасалған ұжымдастыру, «кіші октябрь» деген саяси авантюралардың кесірінен қазақтар сондай орны толмас азапты бастан өткерді. Бұл бұл ма?! Бұда да сорақы жағдайлар орын алғанын, сол ат төбеліндей больше­виктік басшылық, халықты аштық қыспағы қысып тұрған кездерде, одан қалай құты­лудың тиімді жолын қарастырудың орнына елден салық та емес, салғырт та емес тікелей тартып алу әрекетін жүзе­ге асыруға шімірікпей барды. Оны біз пар­тияның 1922-НЭП-тен кейінгі 1928-29 жылдардағы қабылдаған қаулыларынан көреміз. Соның бірі, 1929 жылы 18 авгус­та өткен Партияның Орталық комитеті мен тексеру комиссиясының біріккен пле­нумында Н.Бухариннің баяндамасынан көрінеді. Баяндамада Бухарин жағдайдың қиын екенін, ауыл шаруашылығы мен қала арасындағы экономикалық байланыстың жоқ екенін, елде астық қоры таусылып келе жатқаны, сол үшін сырттан астық сатып алу керектігін, егер қаржыны қимасаңдар қарызға алуға болатындығы жайлы мәселе қояды (Айта кететін жай, Н.Бухарин саяси бюро мүшелерінің ішінде анағұрлым сауатты, экономика саласында бірнеше еңбектер жазған ғалым адам. Сонда да болса ол партия сара жолын қызғыштай қорғап, түрлі ауытқулардан сақтандырып отыруға күш салып бағады). Міне, осы Пленумда жұмысшы мен шаруа арасына түскен жарықшақты Бухарин Сталиннің тікелей шаруаға деген қатал бағыт ұстауынан көреді.Сталин, егер, шаруа астықты бермесе, оны тікелей тартып алуымыз керек деген пікірде болған. Сырттан астық сатып алмаймыз. Өйткені, саяси жағынан халықаралық аренада беделіміз түседі деген саясат ұстанған. Ол үшін, Орталық комитеттің арнайы қа­былдаған қаулысы бар. Қиын жағдайда төтенше шараларға баруға болады деген.Бұған Н.Бухарин тікелей қарсы екенін айтады. Сталин шаруалардан алынатын астықты «алым» деп ашық айтқан. Стенограммаға қарайық, онда Н.Бухарин: «..партия.. ..исходит из того, что крестьянство... недополучает на ценах на сельскохозяйственные продукты, что это сверхналог «дань» не может быть уничтожен..» Я спрашиваю.. удачно ли это выражение тов. Сталина («дань») для характеристики экономической связи между рабочим классом и крестьянством,?. Почему настаивать на несомненной ошибке? Сталин: А если Ильич то же самое го­ворил?.. Бухарин : Ничего похожего на сталинскую дань с крестьян у Ленина нет, делінген ( Н.Бухарин кн. «Проблемы теории и практики социализма» М. Издат.полт. литер-ы, 1989 г.стр. 257). Елді қиыншылықтан құт­қарудың басқа да мүмкіндіктерін қарастырып, ұсыныс пікірлерін білдіруге, сөйтіп пленумның көзін жеткізуге жасаған әрекеттері аз бол­ған жоқ. Біз бұл жерде Лениндік бағыт­ты, не Н.Бухарин бастаған басқа да саяси бю­ро мүшелерін ақтап немесе оларға іш тартушылық білдіріп отырған жоқпыз. Бұлар да сол топырақтың балшығы. Бі­рақ, сол ілімнің өзін дұрыс пайдаланып, елге қызмет етуге бағыттауда бар мүм­кін­шілікті іздестіріп, тактикалық жолдарды қарастырудағы әрекетіне назар аударғымыз келеді. Керісінше, президиум мүшелері, оған, тіпті де бас ауыртып әуре болмағанын көреміз. Бухарин Сталинге жазған бір хатында жағдай қиындап кетпеуі үшін, бәлкім жаңа экономикалық саясатты бірден тоқтата салмай, кезең кезеңімен тежеп соза түсу керек шығар. Өнім өндірушілер әлі де болса еркін қимылдасын, аздап болса да ес жинасын, шаруалар да, басқа кәсіпкерлер де өнімдерін еркін саудаласын деген жобаларды да ұсынған жағдайлары болды. Сол кезде «тауық болсын, ит болсын жұмыртқа тусын», әйтеуір, табыс көзі табылса болды деген қағида үстем болу керек дегенді айтып-ақ бақты. Бәлкім, аралас экономикаға жол берілер? Не де болса, өнім өндіріліп шаруашылықтың жандануы адамдардың мүддесі мен қызығушылығы болмай өрге баспайды. Мұны НЭП-тің алдында Ленин әлденеше мәрте айтқан болатын. Бірақ партияның сара жолы деп ХV съезд, және одан кейінгі пленумдар шешімдеріне тіс­тей қатып қалған жағдай болды. Пленум қазіргі кезеңде төтенше жағдайға ба­­ру­­ды жөн деп санады. Ал, бұл деген шаруалардың мал мүлкіне тікелей қол салу, яғни тонаушылық еді. Қазақстанда «асыра сілтеу болмасын (бұл әрине алдамшы ұран) аша тұяқ қалмасын!» саясаты аса дөрекілікпен жүзеге асырылып жатты.Елді алапат аштық жайлады. Бәрін алып қойған, тіпті, сыпырадағы ұнын да алып кеткен жағдайлар болды. Бұл сұмдық оқиғаларға көкірегі ояу, көзі ашық, азаматтар да, сол кезде билік басында жүрген азаматтар да назар аудармай қалған жоқ. Бірақ, олардың сөзін сөз демеді, құлаққа ілмеді. Малдың көп өлуін құлақтардың әдейі істеген қас­тандығы, саботаж деп құлақ аспады. Ел­дегі етек ала бастаған аштық жайындағы хабар­ларға сенбеді. Немесе сенбеген сы­ңай танытты. Орталықтың өзінде әлгі айт­қан Н.Бухарин, Рыковтардың өздерін партия жолына қарсы шықтыңдар деп тап жаулары, халық жаулары деп жазалап, атып тастады. Қазақстаннан барған хаттар мен мәліметтерге құлақ аспады.Т.Рысқұловтың хаты, Ғ.Мүсірепов бастаған бес адам қол қойған хаттың бәрі жауапсыз қалып, өздерің шешіңдер деп Ф. Голощекинге қайтарып отырылды. Ал, мұндағылар болса ұлы көсем­нің айтқанындай етіп, қайта сол хат иелерінің өзін жазықты қылып шығарды. Ел ішінде аштық араны барған сайын ашыла түсіп, жазықсыз құрбандар саны саны арта түсті. Далада көмусіз қалған қазақтардың сүйегі ит-құсқа жем болып шашылып жатты. Осы жан түршігерлік сұмдықтарды өз көзімен көрген жас орыс қызы Татьяна Невадовская: Түгін қоймай сыпырды ғой қастықпен, Болады екен осындай да сұм айла. Бүкіл жұртты қырып жою аштықпен Керек еді Аллаға әлде Құдайға. Көз алдымда тұрып алды көлбеңдеп Сәбилердің аянышты бейнесі. Шөмелелер түбінде аштан өлген көп, Жел жұлмалар жұлым-жұлым жейдесі. Шыңдәулет ауылындағы өз көзімен көргендерін қағаз бетіне түсірген Татья­наның бұл аянышқа толы зарын қазақ жұрт­шылығы азаттыққа қол жеткізіп, бу­­улы тіл бұғаудан босағалы бері біледі. Бел­гілі зияткер ағамыз С.Байжанов сол Татьянаның басқа да материалдарын тауып, жұртшылықты хабардар еткен болатын. Көптеген фото суреттерге толы күнделік дәптерінде мынадай көрініске кезігіп жағасын ұстаған екен. 1933 жылы көктем кезінде Татьяна қасында серігі бар келе жатып көшеде қалжырап, көзі бозарып, жәудіреп отырған, үсті басы жұлма-жұлма қазаққа кезігеді. Жас қыз оның мөлиген, өлімсіреген түрін көріп аяп кетіп, бір жұтым су ішкізеді. Қолындағы фотоаппаратын қасындағы серігіне ұстата салып, өзі бір жапырақ нан әкеліп беруге үйіне жан ұшыра жүгіріп кетеді. Қайтып келсе, байғұс қазақ сол екі ортада жан тәсім етіп үлгіріпті. Мінеки ащы тағдыр! Мінеки, аштық деген! («Нәубет» Кітабынан) Осы сияқты жазбалар мен дерек көздері қазақ баспасөзінде аз жазылып жатқан жоқ. Көркем шығармалар да, бұл тұста ызалы памфлеттер мен публи­цистикалық реңк алып ақиқаттың бетін қан жоса қылып аща түсті. Ш.Мұртазаның «Ста­линге хат», «Бесеудің хаты» пьесалары, С. Елубавтың, Т. Әбдіковтың, Т.Омарбеков, Б.Нұржекеевтің, Ұ.Досмамбетовтың, С.Бай­­жановтың, Ө.Канахиннің, М.Қозы­баевтың, М.Тәтімовтың, т.б. көптеген автор­лардың еңбектері жарық көре бастады. Бұл шығармаларда жер жерден келіп түсіп жатқан мәліметтер мен деректерде адамның етін жеу, жылқының тезегінен сұлы теріп алу сияқты көріністер әр аудандардан, әр аймақтардан көптеп орын алғандығы айтылады. Сөйтіп, мұның бәрі кезіндегі солақай саясаттың кесірінен болды. Мал көп шығынға ұшырады, сол кездегі 40 миллионнан астам малдан 4 миллион ғана қалды. Бұл мал басының 16 есеге кеміді деген сөз. Колхоздастыру нәтижесінде не арнаулы қора жоқ, не жем-шөп жоқ көп малды бір жерге шоғырландыру дың әсерінен орасан көп қырғынға ұшырады. Көсемдерінің алдында мақтану үшін коллективтендіру ісі жедел қарқынмен өрістеді. Ал, бұл кезде Ресейдің қара топырақты, жері құнарлы аудандарында малды қолхозға біріктіру ісі тек 10 пайыз жобасында болса бұл көрсеткіш Қазақстанда 64 пайыздан асып түскен. Нәтижесінде төрт миллионнан астам қазақтың екі миллионнан астамы қырғынға ұшырады, бір жарым миллионы босқыншылыққа ұшырап өзге елдерге ауып кетті. Бұл, әйткенмен, толық емес мәлімет делініп жүр. Қырғынға ұшыраған халық саны барынша құпия сақталды. 1932 жылы және 1937, 1939 жылдары бүкіл одақ бойынша халық санақтары жүргізіліп, оның қортындылары көзден таса ұсталынды. Ал, сол санақты жүргізгендер түгелге жуық атылып кеткен. Бұл Ф.Голощекиннің және оның ақын Мұхтар Шаханов айтатындай туфли жалағыштарының жағымпаздықпен бастаған ісін көз жұма мақұлдай беруінің салдары екені белгілі. Осы кезеңде көршілес республикаларда да колхоздастыру науқаны жүріп жатқанымен, біздегідей адам да, мал да онша көп шығынға ұшырамады. Бұларда халықтың табиғи өсімі төрт есе артқан болса, Қазақстанда керісінше екі есеге төмендеп кетті Егерде – дейді – ғалымдар аштық нәубеті болмағанда қазақтардың саны қазір ең кемі 32 миллионның маңында болған болар еді. Бұл біздің тарихымыз, ал, оның 1929-1933 жылдары сол тарихтың ең қаралы кезеңі болып мәңгі ел есінде қалады. К.Маркстің «Капитал» атты еңбегінің кіріспесінде «бұл да біздің тарихымыз» деген жолдар бар екен. Міне енді сол жолдарда жазылғандарды іс жүзінде бастан кешіріп, Қап! Әттеген-ай, сол жазғандарыңыз бекер бопты ау, өзіңізге қайтарып берсек деп едік – дегің келеді.

618 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз