• Тарих толқынында
  • 01 Мамыр, 2019

Ұстаз болу – жүректің, ғалым болу – зерденің қалауы

Сапар Иманғалиұлы Оспанов бізге, яғни, ұстаздың төл шәкірттеріне ұлағатты есім. Ол философия ғылымдарының докторы, әлеуметтанушы, арғытектанушы, жоғары білімдендіру саласы ұстаздары мен ғалымдарының біліктілігін арттыратын «Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығының профессор-тәлімгері, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұстазы. Өнегелі өмір жолында білім беру мен ғылыми ізденістердің отандық керуенімен бірге келе жатқан Сапар Иманғалиұлы биыл өзінің мерейлі 70 жасының белесіне көтеріліп отыр.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Туған еліне, өскелең ұрпақ тәрбиесіне ғұмырын арнаған жақсы ұстаз жайлы айтудың жөні бөлек. Жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін бойындағы бүкіл рухани-адами қасиеттерімен қызмет етіп келе жатқан Сапар Иманғалиұлының ізденістері мен қызметі жеке адамның өз ғұмырын қоғам игілігіне жұмсауының, өз мамандығын сүйетін адамның алмайтын асуы болмайтынының жарқын көрінісі дер едік. Сонымен қатар, Сапар Иманғалиұлы жоғары оқу орнында заманауи кредиттік технологиямен оқытудың жаңашыл ізденімпазы, қазіргі ұлттық рухани жаңғырудың философиялық негіздерін қалыптастыруда жемісті идеялардың мазмұнын жүйелеуде тер төгіп жүрген отандық ғалымдардың бірі, бірегейі десек те артық емес. Екі жүзден астам ғылыми еңбектері әлемнің онға тарта елдерінде, соның ішінде екі ғылыми еңбегі АҚШ-та жарық көрген. Қазақи ортада туып-өсіп, ұлттық құндылық пен тәрбиеге қанып өскен ол қазіргі заманның талабына сай оқытушылық кәсіптің қыр-сырын толық меңгерген жан. Сондықтан да, студенттер мен магистранттарға берері мол ұстаз. Кеңестік кезеңде А.А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университеттің философия факультетін бітіріп, КСРО Ғылым академиясының Социология институтының аспирантурасында білім алған С.Оспанов содан бері әлеуметтану саласын терең талдап келеді. Ол елімізде ғана емес, Орталық Азия мемлекеттерінде оннан астам халықаралық әлеуметтік-экономикалық жобаларды жасау барысында әлем елдері ғалымдарынан тұратын ғылыми-зерттеу топтарында жемісті еңбек етіп, халықаралық деңгейдегі әлеуметтанушы деген лауазымға тән танымал маман. Кезінде мемлекеттік қызметпен айналысып, қазіргі ең жоғары мемлекеттік қызмет атқарушылардың қатарында болуға қабілеті мен мүмкіндігі молынан болса да, өзі таңдаған ұстаздық пен ғылыми-зерттеу салаларына деген адалдығынан айныған емес. Азаттықтың ақ таңы атқалы бері еліміздің ғылымы мен білімдендіру салаларының қалыптасуы мен дамуына өз үлесін қосып келеді. Бүгінде оның дәрістерін «Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталықтың тәлімгерлері мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бакалаврлары мен магистрлары тыңдайды. Бір ерекшелігі, Сапар Иманғалиұлының әрбір сабағы заманауи тренинг-шеберлік сағаттарына пара-пар. Ол білім алушыларға өтілетін тақырыпты кеңестер арқылы түсіндірумен қоса, түрлі әдіс-тәсілдер арқылы тақырып мазмұнын терең сіңіруге, мән-мазмұнына бойлауға баулиды. Бұл ретте, өзінің көп жылдық тәжірибесі және ғылыми-педагогикалық ізденістері нәтижесінде дүниеге келген «Антиплагиаттық-кумулятивтік әдіспен» пәнді игеруге студенттерді машықтандыруы, олардың кез-келген пәнді ЖОО-да білім алу кезеңінен кейін де оңай игеруіне қалыптастырады. «Ұстаз болу – жүректің батырлығы, Ұстаз болу – сезімнің ақындығы», - деп ақын Ғ.Қайырбеков жырлағандай, Сапар ағайымыз философ, әлеуметтанушы ғалымдығымен қоса, әдебиеттен де хабары мол, сөзге шешендігі мен ақындығы да бірдей кісі. Оның пәлсапалық ой-тұжырымдары мен өткір де өзекті пікір-пайымдары мерзімді баспасөз беттерінде ұдайы жарық көріп келеді. Ұлттық салт-дәстүрді, рухани құндылықтарымызды дәріптеу мәселесіне атсалысудан шет қалған емес. Ендеше, өз ісіне шын берілген, жаңалықты жанындай қабылдайтын ұлағатты ұстазымызды мерейтойымен құттықтаймыз! Сапар Иманғалиұлының ұрпаққа білім беру жолындағы еңбегіне лайықты алғыс айта отырып, отбасына амандық, деніне саулық тілейміз! Жасай беріңіз, Ұстаз!

Дина ИМАМБАЕВА

410 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз