• Тарих толқынында
  • 01 Сәуір, 2024

ӘМІР ТЕМІР ЖӘНЕ ШАҒАТАЙ ҰЛЫСЫ (саяси-әскери қатынастар)

Ислам ЖЕМЕНЕЙ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

Әмір Темірдің саяси өмірінің кең өріске шығу жолында Шағатай династиясының ықпалы алғашқы баспалдақ болды. Сол себепті Әмір Темір және Шағатай ұлысымен саяси-әскери қатынастары жеке-дара зерделенді. 
Шағатай хандығын екі кезеңге бөліп қарауға тура келеді. Бірінші кезеңі – Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатай әкесінен мұра етіп алған Мауереннәһр мен Шығыс Түркістанның бір бөлігін өзі 1227-1242 жылдары басқарып, кейін ол кеңістікке оның әулеттері түрлі аумалы-төкпелі, аласапыран жылдарды бастан өткізіп, 1354 жылға дейін билеп келді. Шағатай хандығының бірінші кезеңі саяси соңғы демін бойына сіңіріп аяқталды. Шағатай хандығының алай-дүлей болып жатқан заманында 1336 жылы Кеш шаһарында туып, ер жеткен Әмір Темір жастық шағына кірген жылдарын бастан өткізіп жатқан еді.
Шыңғыс ханның Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле ұлдары арасынан екінші ұлы Шағатай әкесінен: Ыстық көл аймағы, Іле өзенінің бойынан Балқаш көлінің оңтүстік шығысы, яғни Шу, Талас жазығының шығыс бөлігін мұра етіп алған еді. Шағатай хан 1227-1242 жылдар аралығында өзі биледі. Одан кейін ұрпақтарына тиесілі болды. Шағатай мен оның әулеттерінің билік құрған жылдарын шамалап Британиялық шығыстанушы, теңгетанушы, археолог Станли Лин Поол (1854-1931) «Ислам сұлтандарының қабаттары» атты зерттеу жұмысында төмендегідей кесте жасап берген: 
1.Шағатай хан 1227 -1242
2.Қара Құлағу 1242 -1247
3.Иіссу Мәңгі 1247 - 1252
4.Қара Құлағу 1252 -1252 /екінші рет жыл бойында бірнеше ай биледі./
5.Ұрғынша Хатын 1252 - 1261
6.Алғы 1261-1266
7.Мұбарак шаһ 1266 - 1266 /осы жыл бойында бірнеше ай билік құрды./ 
8.Барак хан 1266 - 1270 
9.Никпей 1270 – 1272
10.Тоқа Темір 1272 -1274
11.Дауа хан 1274 – 1306
12.Күйшік хан 1306 -1308 
13.Телігі 1308 – 1309
14.Кебек хан 1309 – 1309 /Кебек те осы жылда бар-жоғы бірнеше ай билеп тұрады./
15.Есенбұға 1309 – 1318. /ескерту: бұл Есенбұға «Тарих-и-Рашиди» кітабының кейіпкері емес. Оның кейіпкері – II Есенбұға. Ол жөнінде алдағы тиісті кестеде атын атап, түсінік береміз./ 
16.Кебек хан 1318 - 1321 /екінші рет хандық таққа отырды./
17.Елшігеди 1321-1321 /осы жыл аралықта бірнеше ай билік етті./
18.Дауа Темір 1321- 1322
19.Термышырын 1322 – 1330
20.Санжар 1330 – 1334
21.Жеңгеше 1334 – 1335
22.Бұзын 1335 – 1339
23.Есентемір 1339 – 1340
24.Әлі (Үгедей ұрпағы) 1340 – 1342
25.Мұхаммед 1342-1343
26.Ғазан 1343-1346
27.Данышпаша (Үгедей ұрпағы) 1346 – 1348
28.Баянқұлы 1348 – 1354 /1- 214,216/.
Бұл кесте Шағатай хан мен оның әулеттерінің билік құрған бірінші кезеңін көрсетеді. Станли Линнің бұл кестесін шартты түрде қабылдаған жөн. Өйткені Шағатай хан әулетінің билік құрған жылдары түрлі зерттеулер мен тарихшы ғалымдар тарапынан түрлі даталарды көрсетеді.
Шағатай хан әулеттерінің екінші кезең билігі «Тарих-и-Рашиди» кітабының өзекті тақырыбы болды. Шағатай хандығының бірінші кезеңінің хандары «Тарих-и-Рашиди» кітабының негізгі тақырыбы емес. Өйткені Шағатай хандығының Тоғлықтемірден басталатын хандық кезеңі «Тарих-и-Рашиди» еңбегін қамтыған дедік. «Тарих-и-Рашиди» еңбегінің бас кейіпкері Тоғлықтемір ханның Моғолстан ханы болып Ақсуда таққа отыруы және Мауереннәһрге екі рет жорық жасауы Әмір Темірдің жаңа саяси өрісінің тағдырын шешеді.
«Тарих-и-Рашиди» кітабының авторы Тоғлықтемірдің хандық тағына отыруын: «Жақын арада Есенбұға хан қайтыс болады. Моғол ұлысы хансыз қалады. Моғол жұртында әркім өз басымен қалады да, ұлыс күйзеліске ұшырайды. Әмір Болатшы дұғат пен пақырдың атасы болған, ол елді қайта жөнге түсіріп, тәртіп орнату жұмысына кіріседі»,– /2.13-14/ Кезінде Есенбұғаның екінші әйелі Меңлік ханым жүкті болған. Бірақ оны үлкен әйелі, яғни бәйбішесі Сатылмыш хатун қызғаныштан Есенбұға хан шайқасқа аттанғанда бәйбішелік құқығын пайдаланып, сарайдан қуып жіберген еді. Осы оқиғаны білген әмір Болатшы іздеу салып, соңында Тоғлықтемірді жасырынған жерден тауып, Ақсуда хан тағына отырғызады. 
Тоғлықтемір хан тағына отырып, билігін Моғолстанда әбден нығайтқан соң Мауараннәһр елін шағатай әулетінің билігіне бағындырғысы келіп жорыққа шықты. Бұл жайтты Шарафеддин Әли Йәзди 1424-1425 жылдары жазған әйгілі «Зафарнама» кітабында былай дейді: «Мауараннәһр елдерінің жағдайының астаң-кестеңі шыққан еді. Тоғлықтемір ибн Есенбұға хан ибн Дава хан, Шағатай хан нәсілінен Жете патшасы болған-ды. Шежіре бойынша сол елдердің патшалық тағы өзіне тиесілі болғандықтан қол астындағылар, ағайын-туыстар мен нөкерлерін жиып, әскерді тәртіпке келтірді. 1360 жылы (Тышқан жылы) ақпан-наурызда ел жаулау салты бойынша армандап, Мауараннәһрге жолға шықты.
Бұл кезде Термеширин ханның дүниеден өткеніне отыз үш жыл толған еді. Осы жүз жыл ішінде Шағатай ұлысында сегіз хан патшалық құрған екен.
Тоғлықтемір хан Ташкент даласындағы Хоженд өзенінің маңындағы Жаңабұлақ деген жерге жеткенде әмірлер, үкімет серкелерін жиып кеңес ашады. Кеңесе келе керейт тайпасынан – Ұлық Тоқтемірді, арқанут тайпасынан – Қажыбекті, қаңлы тайпасынан – Бекжакты маңғлай рәсімі бойынша алғы шепке жіберуді жөн деп тапты. Маңғлай рәсіміне орай олар алға шығып, жүрді. Бұл үш әмір жарлықты орындау үшін міндеттеріне кірісіп кетті. Олар Хоженд өзенінен өткен сәтте әмір Баязид Жалайыр өз қауымымен бірге бағыныштылық танытып, өз қолымен оларға қосылды. Әрі бірге Шаһрсәбз қаласына жорыққа аттанды. Әмір қажы Барлас Кеш, Карши мен оның төңірегінен қол жиып, олардан қорғануға және шайқасуға атқа қонды. Алайда бұл шешімді жөн көрмеген соң, екі жақ әскері кездеспес бұрын тізгінді Хорасан жаққа бұрды»,– /3.210-211/ деп жазған. Сол кездегі Мауараннәһр елінің билеушісі әмір Қажы барлас Тоғлықтемір ханның әскеріне қарсы төтеп бере алмайтынын сезіп, алдына қарсы тұрмай Хорасанға қарай кетіп қалуды ойланып, Әмір Темірге барып шабуылшы Тоғлықтемір ханға қарсы бірігуді ұсынды. Бірақ Әмір Темір оған өз уәжін айтып, оның ұсынысын қабыл алмады. Бұл ол кездегі жиырма бес жастағы қуаты асқан Әмір Темірдің тек білекке сүйенбей, ақылға сүйену керек екенін білгенін көрсетеді. Осыған орай «Зафарнама» кітабының авторы ақыл мен батырлықты салыстыра терең талдау жасаған. Оның қорытындысы былай: «Құдіретті даналығы әрбір істің жүзеге асуын қандай да бір себепке тәуелді етеді. Оны екі адами қасиетке байланыстырды. Біріншісі – зерделі ақыл. Түнгі түнекке тап болғанда Оның нұрлы сәулесі құтылу жолды көрсетер. Ал екіншісі – нағыз ерлік. Ол шайқас пен бүліктің толқыған тасқынында жүректілік пен табандылық үзеңгісіне аяқ сала білуі керек. 
Мәртебе бойынша сана, батырлықтан алда һәм биіктеу тұр. Сананың табыстары семсер мен жебенің пайдасынан молырақ һәм ауқымдырақ. Семсердің өткірлігі қаншалықты айшықты болса да, ақылдың тәлімімен үйретіледі. Жебе майдан сахнасында шамшырақтай жалтырап тұрса да жеңісі дұрыс ойдың сәулесінен пайда болады. Ал семсер дұрыс ақылға бағынып жатса, өктемдік үкімі қабылданып, жаулардың желкесінен енеді. Жебе қимылы ақылдың шешімімен болып жатса, жаудың жүрегінен орын алады. Бақыттың жалтылдаған қарашығы соғыс алаңының шаңынан үлкейе түседі, ал ұрыстың қара түнегіне жарқын ақыл нұры сәуле шашады»,– /3. 211/ деген автордың қорытындысына орай Әмір Темір әмір Қажы барластың ұсынысына мынадай жауап қайтарады. Онда: «Осындай жағдайда оның мүбарак жасы әлі жиырма бестен аса қоймап еді. Әрі оның пәк жүрегінің айнасы әлі өмір тәжірибесінің ұштауымен жарқырай түсе қоймаған еді. Қиындықтың түйінін шешуші тек қана Алланың құптауының арқасында нұрлы жолға қойылып, шексіз мейірінің құпиялы қазынасынан тауқыметті оқиғалардың шешу жолы табылмақ еді. Кеңестің салты бойынша әмір Қажының жүрегінің кітабына нақышталды. Егер мемлекет билеушісіз қалып қойса, әрине, оның жағдайына есепсіз кесірін тигізеді. Оның тұрғындары, азаматтары қарсыластардың қаһары мен айласынан мүлдем жойылар еді. 
Басшысыз қалған ел жаны жоқ тән сияқты. Жаны жоқ тән анық талқандалып қалады.
Егер де сіз Хорасан бағытына жүрсеңіз, мен Кешке қайта оралғаным дұрыс болар. Ұлыстың емін беріп әрі қарай ханға барып, әмірлермен және үкімет басшыларымен жүздесіп, елді күйреуден сақтандырайық. Сөйтіп қалың жұрт Жаратушының аманаты әбігерге түспесін» деген Әмір Темірдің уәжін әмір Қажы бұл сөз Алладан түскен аянының жемісі болғандықтан бақыт сезініп, ол пікірді жақсылыққа жорыды. Әзіреті Саһибқыран бақыт тізгінін сол уәлаятқа бұрып, аттанды. Хұзар мекеніне жеткенде Қажы Маһмұд шаһ Иәсуридің Жете әскерінің алдыңғы бөлігінде жол бастаушылықта жүргенін, қалың топтың асыға алға жылжып жатқанын және қомағайлана, тістерін қайрап осы уәлаятты тонап, талан-таражға салып, оның қазынасымен тойымсыз арманының қапшығын толтыруға осы өлкенің мал-мүлік, жиһазына көз тіккенін көрді. Олар ұрлап, талап қалталарын толтыруда екенін көрді. Әзіреті Саһибқыран, Қажы Маһмұд шаһ Иәсури қонған бақытының көмегімен оны жұбатып: «Сіз осы арада біраз аялдадыңыз. Мен әмірлермен жолығып, олардың қолдауымен ғана қазіргі жағдайға керегін шешемін», – деді. Олар алға ұмтылуға қаншалықты құштар болса да, оның сөзін көктен түскен бақыт санап, қарсылық көрсетпей, оны тағдыр үкіміндей қабылдап, сол жерде тоқтады.
Әзірет Саһибқыран аман-есен жолға шықты. Ол Кешке жеткенде Жете әмірлері сонда жеткен болатын. Осындай үш әмірмен жолығады. Оның маңдайынан көк тәңірінің жарық сәулесін көрген олар салтанатпен қарсы алып, құрмет көрсетіп, ханға бағынғанына мадақтау айтты. Сонымен әмір Қаражардың түмені және Кеш уәлаяты мен оған қарасты аймағы бірге Саһибқыран қарамағына өтті. Түйінді шешуші құт шараның арқасында сол өлкеге бет алған қаһар мен пәлекеттің сел тасқыны тоқтады. Орнына осы өлкенің тұрғындары үмітін үзген игілік пен мейір жаңбыры жауа бас­тады. Алысты көре білмейтін пенделер ол әзіретке бұл жағдай ұлан-ғайыр дәулет деп ойлаған. Бірақ тағдыр мың бір тілмен мәнін жеткізген болатын. 
Әзірет Саһибқыран жете әмірлерінің жанынан қайта оралып, бар ықыласын ел басқару ісі мен ұлысты қорғауға жұмсады. Ол Сәбз қаласынан Жейһун жағалауына дейінгі өлкеден қол жинауға жарлық берді. Қысқа мерзім ішінде үлкен әскер жиналды. Ол жерден шығып, әмір Хәзр Иәсуриге қосылды. Сол кезде жете әмірлерінің арасында алауыздық туды. Олар өз әскерімен ол аймақтан кетіп, Тоғлықтемір ордасына келіп қосылды. Әмір Баязид Жалайыр өз адамдарымен әзірет Саһибқыранға және әмір Хәзр Иәсуриге келіп қосылды»,– /3.212/ деген мәліметіне қарағанда Әмір Темір ақыл мен батырлық қасиетін саяси және әскери қуатын жинап алуға дұрыс жұмсай алғанын байқатады. Себебі Әмір Темір ол кезде жас болды. Сондықтан оның саяси билігі Тоғлықтемір хан тарапынан мойындалса, оған саясатта моралдық қуат беретіні айқын еді. Әмір Темір сол себептен Тоғлықтемір ханға қарсы шықпай, оның жақтаушысы болды. Осы әрекет арқылы өзінің орнын саяси алаңда анықтап алды. Сондай-ақ Тоғлықтемір ханның жақтаушысы ретінде өзінің әскери қуатын арттыруға, тәртіпке келтіруге, емін-еркін іс-қимыл жасауға мүмкіндік алды. Әмір Темірдің парасатты саяси ұстанымының оңды нәтижелерін алда болған оқиғалардан анық көруге болды. Оны Тоғлықтемір ханның Мауараннәһрге екінші рет жорығынан байқай аламыз. 
«Тоғлықтемір хан Мауараннәһр мемлекетінің билігіне қол жеткізу үшін сансыз әскер жинап, 762(1361) – Жылқы жылы көктем айында осы өлкеге сапар шекті. Ол Хожандқа жеткенде әмір Баязид Жалайыр оған бағыныштылық танытып бас иді. Әмір Баян Солдыз бас игендік ниетпен оны қарсы алу үшін Самарқандқа дейін келді. Әмір Қажы барлас алғашқыда қарсыласқанына қарамастан тәуекел етіп, ханның алдына барды.
Бұл аралықта хан әмір Баязидті ұстап өлтіруге жарлық берген болатын. Әмір Қажы барлас осыдан соң үрейленіп, қашуға бел буып, Кеш уәлаятына бет алды. Өз ұлысының бір бөлігін Жейһун өзенінің арғы бетіне көшірді. Жете әскерінің көбісі оның соңынан қуа келіп шайқас бастады. Осы шайқаста Жоғам барлас қаза тапты. Әмір Қажы Хорасанға кетті. Сәбзевар уәлаяты, Жовейн қаласы маңындағы Хораше ауылына жеткенде бір топ қарақшы оны Едіге бауырымен бірге қапелімде қолға түсіріп, өлтірді. Көп ұзамай Хорасанды жаулап алғаннан кейін әлемді жаулаушы Саһибқыранның ыза-кек семсерімен олардың бір тобы өлтірілді. Содан сол ауыл Темірдің тартуы ретінде әмір Қажы ұрпақтарының мұрагерлік мүлкіне айналды. Тұрғылықты халқы әлі күнге олардың жұмысшысы және іс жүргізушілері болып келеді.
Жете әмірлерінің ішінде ханға еркін кіре алатын тек Әмид болатын. Ол Көлкүт тайпасынан еді және өз ағайындары мен құрбы-құрдастарынан кемел ақыл, асқан парасат және айырықша қабілетімен ерекшеленіп тұратын. Сондықтан ол ханға үгіт-насихат және игі ниетпен бірдеме айта қойса құпталатын. Осы аралықта ол Саһибқыранның батырлық пен батылдығы жайында Тоғлықтемір ханға біршама айтып жеткізген болатын. Сөйтіп, ол әзіретке мұрагерлік мұрасы ретінде тиісті уәлаятына рақымшылық жасауды сұрады. Хан оны мұқият тыңдап, пікіріне қосыла отырып елші жіберіп, Саһибқыранның алдына келуін талап етті. Әзіреті Саһибқыран оның ым-ишаратымен ханның алдына келді. Хан оны ізгі ниетпен қабылдап, құрметтеді. Кеш уәлаяты және түменнің мұрагерлік иелігін, оларға тиісті нәрселерді оған тарту етті.»,– /3.218-219/, осылайша Әмір Темір тағы да Тоғлықтемір ханның Мауараннәһрге екінші жорығында да жақтаушысы болып, оның сеніміне әбден кірді. Сөйтіп Тоғлықтемір ханның жарлығымен Кеш уәлаятының саяси билігін заңдастырды. Екінші жағынан белгілі мөлшерде әскери қуатының жауынгерлік жағдайын ретке келтіруге мүмкіндік алды. 
«Хан сол қыста әмір Үсейінмен соғысуға бел буып, оған қарай бет алды. Әмір Үсейін де әскерін жиып, Вәхш өзенінің жағасына келіп ордасын тікті. Хан Дәрбәнд-е Аһәниннен өтіп, сонда жеткенде екі жақтың әскері бір-бірінің қарасын көріп, сап түзеді. Осы кезде Кейхұсрау Хәтлани өз қолымен әмір Үсейінді тастап, сапты бұзып, хан әскеріне келіп қосылды. Әмір Үсейін бұл жағдайды көріп қаша бас­тады. Жеңімпаз хан оның артынан қуып, Жейһуннан өтіп, Құндызға дейін келді. Оның әскері осы өлке мен атыраптағы ел, ұлысты, Үндікеш асуына дейінгі аралықта тонады. Көктем мен жазды олар осы аймақтың төңірегінде, шеткі аудандарында өткізді.
Тоғлықтемір хан күз түсісімен Самарқандқа бет алды. Жол-жөнекей әмір Баян Солдызды моңғол шариғаты бойынша өлтіруге жарлық берді. Самарқандқа келгенде Мауараннәһрдың билігі толығымен оның қолына көшкен еді. Барлық әмір мен нояндар шарасыздықтан оны мойындады. Хан сенімсіздік білдірген адамдарын өлтірді, ал сеніміне кіргендерге ілтипат көрсетті.
Мауараннәһр өлкесіне ұлы Ілияс Қожа оғланды билеуші қылып тағайындады. Жете әскерінің ішінен бәрінен озат Бекжакты оның қызметіне тағайындады. Ал Саһибқыранды ерекше құрметтеп, ұлының қасында қалдырды. Өйткені болған оқиғалар барысында әзіреттің батырлығы мен ерлігінен парасаты байқалатын. Сол үшін мемлекет істерінің орындалуын оның ақыл-парасатына жүктеді. Ал өзі сән-салтанат пен жеңісті күйде ордасына оралды. 
Тоғлықтемір Мауараннәһрдан қайтып оралды. Жете әмірлерінің басшысы болып әмір Бекжак сайланды, ал сол елдің билігін жүргізу ісі әзірет Саһибқыранға тапсырылды. Әмір Бекжак хан жарлығын орындаудан бас тартып, зорлық пен жаулық жолына түсті. Елде қысым көрсету, зәбірлік, бүлік орын алды. 
Айбынды Саһибқыран хан жарлығының орындалмай, мемлекет істері өз арнасынан ауа бастағанын – осының бәрін өз көзімен көргендіктен, енді бұл жерде қалуды жөн көрмеді. Ол әмір Үсейінді табу мақсатында жолға шықты. Әмір Үсейіннен еш хабар болмағандықтан, оның жағдайына қанығайын деп сахараны аралауға шықты»,– /3-220/деп Әмір Темірдің шағатай хандығы арасындағы қатынастарды, Тоғлықтемір хан билікте отырған кездегі оқиғаларды әңгімеге өзек етеді. 
«Ал «Зафарнама» жазбасынан ханның 764 (1364) жылы қайтыс болғаны белгілі. Ел аузындағы әңгімелерде әмір Болатшы ханды қалмақтан он алты жасында алып келген, ал он сегіз жасында хан болған дейді. Жиырма төрт жасында мұсылман болған, ал отыз төрт жасында дүниеден өткен. Оның туған жылы – 730(1330) жыл»,– /2-24/ деп жазған «Тарих-и-Рашиди» еңбегінде. Демек Тоғлықтемір 1330 жылы дүниеге келді, Болатшы оны он алты жасында Ақсуға алып келді. 1347 жылы он сегіз жасында таққа отырды. 1353 жылы мұсылман болды. 1364 жылы отыз төрт жасында дүниеден озды. 
Әмір Темір Тоғлықтемір хан қайтыс болғаннан кейін Мауараннәһр мен Моғолстанда жүріп жатқан түрлі тайпалардың әмірлерінің саяси билікке келу мүдделерін ескере отырып, бірде қату, бірде тату жолмен өзінің әскери қуаты мен саяси беделін бір қалыпқа келтірген соң Тоғлықтемір ханның орнына таққа отырған ұлы Ілияс Қожаға қарсы әскери шайқасқа кірісуге бел буды. Ол үшін әмір Үсейін мырзамен одақтасты. Әмір Темірдің одақтас әскері мен Ілияс Қожа бастаған моғол әскері Қыбымын мекенінде бір-бірімен жүздесті. Екі жақ кескілескен шайқасты бастан өткізіп жатты. Әмір Темір мен Ілияс Қожа арасында орын алған соғысты Әли Йәзди «Зафарнамада» былай сомдаған: «Екі жақтың қолы кенет аттан түсіп, бір-бірімен алыса кетті. Шайқас майданында жаулардың соғысын жоғарыдан қарап тұрып, қан жылап тұрды. 
Жауынгерлердің шабуылы үдеп, ұрыс теңізінде дауыл күшейген кезде, Әзірет Саһибқыранға ғайыптан сүйіншілеп берген уәде шынға айналып, жаудың асқан салтанаты сорлылыққа айналды. Осылайша жаңбыр тамшысы мен ағаш жапырағынан да көп соншама қалың қол азғана қосыннан күзгі жас жапырақтай және көктемгі жаңбыр тамшысындай жан-жаққа бытырап кетті. 
Ілияс қожа, әмір Бекжак, Ескендір оғлан, әмір Әмид және әмір Жүсіп қожа тұтқынға алынды. Бірақ ханға құрмет көрсету салты түркілер арасында берік орнағандықтан, ханды (Ілияс қожа) тұтқынға түсірген бір топ жауынгер оны танып, өз басшыларына айтпастан Бекжак әмір екеуіне ат беріп, босатып жіберді. Қалғандары тұтқындық бұғауында қала берді» /3.237-238/. 
Әмір Темір Мауараннәһрде ақылды саяи ұстанымы арқасында Тоғлықтемір ханға жақтас болып, өзі көздеген саяси-әскери беделі мен қуатын нығайтып алды. Сондықтан Тоғлықтемір хан қайтыс болған соң Әмір Темір әмір Үсейін мырзамен одақтасып, Тоғлықтемір ханның хан тағына отырған ұлы Ілияс Қожамен соғысып, «Мауараннәһр мен Түркістан мемлекеті және оған қарасты ауыл-аймақтар Жете билігінен құтылған соң ақсүйектер, ұлы әмірлер, нояндар және үкіметтің мәртебелі шенділері бір-бірін мойындамай, өзара қырқыса бастады. Өйткені әрқайсысы өз руының (тайпа) көптігіне арқа сүйеп, өзгеге бас игісі келмеді. Алланың сүннеті бойынша, көпшіліктің қорғаны – ынтымақ болмаған жерде қоғам тез арада азып-тозады. Әр мемлекеттің басқарушысы болып, барлық тұрғын оның бұйрық пен үкімін уәжіп деп керек қылмаса және оны бұлжытпай орындамаса, мемлекеттің тәртіп жүйесі бұзылып, зиянға ұшырайды. 
Бәйіт: 
Билеушісі жоқ жаһан басы жоқ тән дерсің,
Басы жоқ тән жолдағы тозаңнан құнсыз дерсің. 
Сондықтан әмір Үсейін мен әзірет Саһибқыран бір-бірімен кеңесіп, Шағатай хан ұрпақтарының бірін хан тағына отырғызуды жөн деп тапты. Осы шешімге қол қою үшін олар 765 (1364) жылы барлық ноян мен әмірлерді жиып, құрылтай шақырды. Онда биліктің бітімгершілік жайын және мемлекет істерінің керекті тұстары жайлы сөз қозғады. Сонда шешім бойынша Дүрші ибн Елшігедей ибн Дауа хан ұлы Кабулшаһ оғлан хан болуға сайланды. Оны жазмыштың айла-қулығының соққысынан үрейленіп, кедейлік қоршауына түсіп, дәруіштік шекпенін киіп жүрген күйінен шығарып, оның бойын хандықтың аса сәнді шапанымен сәндеу керек делініп, осы істің барлығы жүзеге асырылды. Қабылшаһ оғланды бәрі бірге салтанатпен таққа отырғызды. Түркі сұлтандарының салты бойынша, оған кесе ұсыну рәсімін жасады»,– /1.238-239/. Осылай Әмір Темір тағы да саяси парасатын сәтімен іске асырып, халықтың ханға деген бағынышты санасын қолданып, қолдан жасаған хандық тағы арқылы көптеген ру-тайпалардың билікке таласын тоқтатып, өзінің іс жүзінде толықтай Мауараннәһр мен Түркістанға билігін нығайтып, моғолдарды Мауараннәһрден ығыстырды. Келесі саяси-әскери әрекеті өлкедегі билікке мүдделі түрлі тайпалардың әмірлерімен шайқас түрінде жалғасты. Олардың арасындағы ең азулысы дұғлат тайпасынан шыққан әмір Қамареддин болды. Алайда Ілияс Қожа Әмір Темірден аталған жеңілістен кейін тұтқындалса да босатылған еді. Оның тағдыры және Әмір Темірдің әмірлермен шайқасы, әсіресе әмір Қамареддинмен соғысы өзгеше тақырып болғаны үшін оның жайын басқаша зерделеп хатқа түсірген жөн. 
Түйін сөз: Шарафеддин Әли Йәзди жазып қалдырған мәліметтерге қарағанда, Әмір Темір жиырма бес жасында Тоғлықтемір ханның жанында жүруді таңдаған жас болса да, бас бола алатын ақылға ие екенін көрсетті. Соның арқасында өзінің саяси өрісін кеңейтіп алды. Және Мауараннәһрдегі билікке мүдделі болып бас көтерген ру-тайпалардың басшыларын «Берсе қолынан, бермесе жолынан»,– дегендей, төңірегіндегі әмірлердің басын қосып, орталыққа бағындыру жолын таба алғанын байқатты. Сонымен бірге әскери қуатын бір қалыпқа келтіріп, қуатты қарсыластарына жорыққа шыға алатын жағдайға жеткізіп, үлкен жеңістерге жетуге негіз қалады. Ең айтарлық жайт, Әмір Темір (1336-1405) сол кездегі халықтың саясатқа көзқарасын жақсы біліп, онымен санасқан. Өйткені ол кезде жаппай тобыр хан және хан ұрпағына нанып, құптап, оларға бағынған. Сол үшін Әмір Темірдің әу бастан Тоғлықтемір ханға жақтас болуын халықтың түсінігімен санасып жақындасқанын байқаймыз. Оған дәлел Ілияс Қожаны жеңіп, Мауараннәһрге иелік еткен кезде де Қабылшаһты хан тұқымы деп хан тағына отырғызды. Бірақ негізгі билік өз қолында болған еді. Әмір Темір ұстанған саясатының арқасында, жиырма бестен жиырма жеті жасына дейінгі екі жылда Мауараннәһр мен Түркістан кеңістігін өзіне қаратып, моғолдарды Моғолстанға ығыстыра білді. Осылайша келешек империясының іргесін қалады. 

Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Станли Лин Поол (1854-1931) «Ислам сұлтандарының қабаттары», аударған: Аббас Иқбал Ашияни, Теһран, «Әсатир» баспасы, 1390 ж. 400 бет.
2.Мұхаммед Қайдар Дұғлат, «Тарих-и-Рашиди», парсы тілінен қазақшаға аударған: Ислам Жеменей, толық нұсқасы, 2-том, Алматы, «Дарын» баспасы, 2023 ж. 554 бет. 
3.Шарафеддин Әли Йәзди, «Зафарнама», Ташкент, «Фән» баспасы, парсы тіліндегі нұсқасы. – 1972 ж. 1240 бет. 

2046 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз