• Тарих толқынында
  • 01 Сәуір, 2024

ЖАҚЫП МАЙЛЫҰЛЫН БІЛЕМІЗ БЕ?

Ерден НҰРАХМЕТ,

саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеуші

...Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті.                                                    (Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Ұлттық  
құрылтайда сөйлеген сөзінен, 15 наурыз, 2024 жыл)

 

Әйтеке биден қалған, жақсы адамның сипатын білдірер «өмірі – өзгенікі, өзінікі – өлімі ғана» деген сөз бар. Өмірін халыққа арнап, ел үшін еңбек еткен тұлғалар туралы кейінгі жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін көп жазуымыз керек. Өйткені олардың ісі көпке үлгі. Сондай тұлғалардың бірі, бітеу кеуделерге білтеден шам жаққан – Жақып Майлыұлы (1900-1938). 
Жақып Майлыұлы – күн түнге айналған репрессия жылдары ату жазасына ұшыраған жас ағартушылардың бірі. Омыраулы жігіттердің біртіндеп омыртқасы үзіліп, асылдар азайып, жасықтар жанданып жатқан уақытта қанды шеңгелдің тырнағына Жақып та ілінді. Жақып ел үшін еңбек еткен ер еді. Халқына ақысыз, пұлсыз қызмет етіп, туған жері Сағабүйен ауылына елден жылу жинап, мектеп салдырған еді. Сондағы Жақыптың алған ақысы ел жүрегіне орнаған сүйкімі ғана болатын. Сол сүйкімі ел арасында беделін көтерді, абыройын асырды. Беделдің көтеріліп, абыройдың артуы өзгелердің қызғанышын тудырып, тырнақ астынан кір іздеуге әкеп соқты. Ақыр соңында қаскөйлердің әрекеті Жақыптай жаны жайсаң азаматты ату жазасына ұшыратып тынды. 
Жақып Майлыұлы – Алаш қайраткері Біләл Сүлейұлының інісі. Екеуі ағайынды бауырлар. Біләл Сүлейұлы – Жетісудағы алғашқы мектептер мен еліміздегі алғашқы университеттердің ашылуына зор ықпалын тигізсе, інісі Жақып туған жері қазіргі Ақсу ауданы, Сағабүйен ауылынан екі жылдық мектеп ашуға атсалысқан тұлға. Ағасы да, інісі де еліміздегі алғашқы білім ошақтарының ашылуына ықпал еткен. Жақып қызметін қатардағы мұғалімдіктен бастап, директорлық қызметке дейін көтерілген. Алайда екеуі де репрессияға ұшырап кеткендіктен ел үшін еткен еңбектері ескерілмей, ерлік істері насихатталмай қалды. «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерін» деп ақиық ақын Ілияс Жансүгірұлы айтып кеткендей, елден шығып, алайда елеусіз қалған қайраткер туралы осы мақала арқылы білгенімізді жеткізгелі отырмыз. 
Сталиндік репрессия – қазақ тарихының қаралы беттері. Жалғыз адамды ғана емес, түгел бір отбасын, тіпті кей жағдайларда түгел бір әулетті де жойып жіберуге тырысқан. Міне, сондай зобалаңды Майлы әулеті де басынан кешірді. Ел ішінде көзі ашық, оқыған деген құрметті атаққа ие болған Сүлей қажы, Біләл Сүлейұлы, Мүбәрәк Сүлейұлы, Жақып Майлыұлы, Якуда (Әукен) Майлыұлдары репрессияға ұшырап, үлкендері ату жазасына кесілсе, артынан ерген ізбасарлары итжеккенге жер аударылған. Әйелдері мен балалары «халық жауының» отбасы ретінде жазықсыздан-жазықсыз азап шеккен. Осылайша советтік билік түгел бір әулеттің тоз-тозын шығарған. 
Жақыптың руы – Найман. Оның ішінде Матай – Қаптағай – Дуан – Бұйрас. Майлыдан Жақып пен Сүлей тараса, Сүлейден Біләл тараған. Жақып 1900 жылы сол кездегі территориялық бөлініс бойынша Ақсу ауданының 12 ауылында дүниеге келген. 
Жақыптың қай жерде білім алғандығы туралы нақты деректер жоқ. Алайда оның белгілі бір жерде білім алғаны анық. Себебі, ол сол кезде қарапайым жұмысшы емес, мұғалімдік қызмет атқарды. Мұғалім болу үшін білімі болуы керек. Сол себепті алдағы уақытта Жақыптың қай жерден білім алғандығын анықтау керек. Мүмкін Қапалдан, мүмкін Верныйдан. 
Білімі мен білігі жеткен саланы ұршықша үйірген Жақып Сағабүйен ауылынан шыққан алғашқы педагог еді. Жақып ағасы Біләл Сүлейұлының ақыл-кеңесі, қолдауымен 1925-1930 жылдары Сағабүйен ауылынан екі жылдық бастауыш мектеп ашты. Бұл мектепті ашу Жақыпқа оңай соқпады. Алдымен елге үгіт-насихат жүргізіп, кейін жылу ретінде қаржы жинады. Жиналған қаржыға салынған мектеп Сағабүйен ауылындағы алғашқы білім ошағы болатын. Кейін ауылда балалар үйі бой көтерді. Бұл шаруаның да алдында маңдайы жарқырап Жақып жүрді. Балалар үйінің алғашқы меңгерушісі де болды. Ауылдағы алғашқы мектептің де, балалар үйінің де табалдырығында Жақыптай ердің ізі қалған. Кейін жолдамамен қазіргі Сарқан ауданына қарасты Бақалы ауылына жіберіліп, мектеп директоры қызметін атқарды. Осы қызметте жүрген уақытта жалған жала жабылып, 1938 жылы 1 ақпанда дереу қамауға алынды. Ісі қаралып, үштіктің шешімімен 19 ақпан күні ату жазасына кесілді. Ату жазасына кесу туралы үкім алдында 11 ақпан күні ВКП(б) қатарынан шығарылған. Оқу-ағарту саласына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның тағдырын сарапқа салу үшін НКВД үштігіне 18 күн уақыт қана жеткен екен.
Жақып тұтқынға алынған кезде әйелі Ділдә Самсақызы небәрі 28 жасында құрсақтағымен қосқанда төрт баламен жесір қалады. Жақыпты тұтқындауға келген сәтті ұлы Рақымжан былай деп еске алады: «Әкемді тұтқындаған жылы мен жеті жаста едім. Кейбір суреттер күні бүгінге дейін көз алдымда. Бейтаныс, түстері суық үш-төрт кісі келіп әкемді сыртқа айдап, нығарлай жөнелді. Дәрменсіз күйдегі жарықтық шығуға ыңғайланды. Менен екі-үш жас қана кіші қарындасым Әнипа әкемнің етегіне жабысып, ажырайтын емес. Анам және өзге төртеуміз зар еңіреп тұрмыз. Қызыл жағалы қызметкерлер міз бақпайды. 
Бір мезгілде Әнипа: «Маған кәмпит әкелесің бе? Онда жіберемін», – деді. Әкем кемсеңдеп басын изеді. Дауысын шығарып, үнін естіртуге шамасы келмеді. Асыл әке... сол кеткеннен мол кетті» (Болат Бисұлтанұлы. «Ағынды Ақсудың ардақтылары еді». «Жетісу» газеті, 1998 ж., 20 қаңтар). 
Жақыптың қызы Париха осы бір зұлмат жылдар туралы шешесінің айтқанынан есінде қалғанын былай деп тәпсірлейді: «Түн ішінде екі милиция келіп үйдің ішін астаң-кестеңін шығарып ақтарып, әкеме жинал деп бұйрық береді. Өздерінің көліктері де жоқ. Әкемнің атына шанасын жегіп, әкемді алып кетеді. Шешем де олармен қоса кетеді. Сол алып кеткеннен әкемді Ақсудың түрмесінде 17-18 күндей ұстайды. Шешемнің айтуы бойынша, әкеме бір-ақ рет тамақ кіргізе алыпты. Содан әкемді Матай жаққа алып бара жатқанда, әкем отырған шананың артынан шешем жүгіреді. Бірақ шананы қоршаған милиция жақындатпайды. Шана үстінде отырған әкем қолын сермеп, бірдеңені көрсеткендей болады. Қолын сермеген жаққа барып қараса, тамақ беріп жіберген ыдысы мен орамалын шанадан лақтырып жіберген екен. Әкем орамалдың тігісін сөгіп, арасына «Жабылған жала көп, құтыламыз ба, жоқ па, белгісіз. Сен елге көш!» деп екі ауыз сөз жазылған қағаз салып жіберген екен. Еліміз Сағабүйен еді» («Балалық шағы ауыр өтті». Абзал әке. Ғұмырнамалар, естеліктер, арнау­лар. Алматы: 2011 – 60-140+32 бет). Қандай тауқыметке толы қиын жылдар десеңізші... Жақып өмірінің соңғы сәттері суреттелетін осы бір естеліктер заманның шындығын ашып, көз алдыңызға елестете түседі. 
Жақыптың екінші қызы Әнипа әкесі атылып кеткеннен кейінгі жағдайларын былай деп еске алады: «Әкеміз айдалғаннан кейін бізді ауылдың шетіне көшіріп жіберді. Тұрған жерімізді үй деп санауға да болмайтын. Еденге бұтақтарды салып, жаңбырдан тығылдық. Кейде түнде жасырынып, жанашыр адамдар бізге тамақ пен киім әкелетін. Біз арбамен кепкен бұтақтарды (шеңгелді) тасып жинайтынбыз. Ол бұтақтарды таптап нығыздау керек болатын. Егер бұтақтарды мен таптасам, бар етігімізді мен киетінмін. Егер әке-аға таптаса, онда ол киетін. Бір етік пен бір фуфайканы кезек-кезек киетінбіз. Арба үйге дейін жеткенше, біз бұтақтардың үстінде жатып демалып баратынбыз» («Әке-аға». Абзал әке. Ғұмырнамалар, естеліктер, арнаулар. Алматы: 2011. – 63-140+32 бет).
Педагог Жақып Майлыұлының артында 4 бала қалды. Рақымжан – Жақыптай тектіден қалған жалғыз тұяқ әрі балалардың үлкені. Одан кейін үш қыз: Париха, Әнипа, Қуаныш. Жары Ділдә Самсақызы (1907-1980) «халық жауының» отбасы мүшесі ретінде «Алжирге» жер аударылмаса да, ауылда жүріп көп құқай көрді. Оны колхозға мүшелікке де қабылдау қиынға соқты. Жақыптан қалған торы жорғаны тегін колхозға өткізіп, әрең дегенде мүшелікке қабылданған. 
Рақымжанның балалық шағы қиыншылықпен өтті. Қарындастары Париха, Қуаныштармен де балалық шағы бірге өтпеді. Париханы Жақыптың әпкесі Қалима асыраса, Қуанышты Жақыптың інісі Хамит Алматыдағы хореографиялық мектеп-интернатына орналастырды. Тек Әнипа ғана Рақымжанмен бірге анасы Ділдәнің тәрбиесін көріп өсті. 
Жақыптың үш қызы бар деп айтқанымызбен, Жақыптың өзі үшінші қызының түрін де көрмеген. Жақып тұтқынға алынған кезде төртінші перзенті әйелі Ділдәнің құрсағында қалған. 1938 жылдың қыркүйегінде дүниеге келген қыздың есімін «Жақып аман-сау келсін» деген пейілмен әйелі Қуаныш деп қояды. Алайда олар бұл кезде Жақыптың атылып кеткенін білмеген еді. 
Ал Жақыптай есіл ер Алматы облыстық сотының 1955 жылғы 31 қазандағы қаулысымен ресми түрде ақталды. 
Жақып ұсталып кеткеннен кейін інісі Майлыұлы Якудаға да іздеу салынады. Якуда оны сезіп, бірден Семей жаққа кетіп қалады. Жақыптың отбасына жазған бір хатында Үржарда банк саласында жұмыс істеп жүргенін айтады. Якуда 1940-шы жылдары жасырынып келіп, бір түнде Жақыптың отбасында болады. «Бәрімізге сыйлық, киім-кешек алып келді. Келгенімді ешкімге айтпаңдар деп таңға жақын қайта кетті», – деп еске алады Жақыптың қызы Париха. Якуда одан кейін жазған бір хатында Надежда деген қызы бар екенін жазады. 1941 жылы соғысқа аттандым деп соңғы хатын жазады. Арада екі жыл өткеннен кейін «1943 жылы Смоленск қаласының жанындағы Кулагино селосында қаза тапты» деген деректі әскери комиссариаттан алады. 
Тектінің тұяғы
Тектінің тұяғы Рақымжан 1931 жылы 18 мамырда сол кездегі территориялық бөлініс бойынша Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, Сағабүйен ауылында дүниеге келген. Әкесі «халық жауы» атанған кезде Рақымжанның жасы небәрі 7-де ғана болса, қарындастары Париха 5-те, Әнипа 3-те, Қуаныш анасының құрсағында қалған. 
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары ауылдың қара жұмысы мен қатар оқуын да оқып, бастауыш мектептен білім алды. Соғыс аяқталған 1946 жылы Көксу ауыл шаруашылық техникумына оқуға қабылданып, 1949 жылы аяқтап шығады. Агроном мамандығын алып, ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етеді. 1952-1955 жылдары әскер қатарында болады. Әскерден келгеннен кейін Қалдыкен Жексейітқызына үйленіп, шаңырақ көтереді. Содан бері тынбай түрлі жұмыстарды атқарып, бедел мен абыройға ие болды. Жақыптың ұлы Рақымжан «Қызылтаң» совхозында партияның хатшысы болып тұрған кезде ақиық ақын Ілияс Жансүгірұлының 80 жылдық тойын дүркіретіп өткізген. Барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, күн-түн демей тойды өткізу қамында жүрген. Аудандық, облыстық баспасөзді шақыру, радиохабар тарату, мүшәйра ұйымдастыру, қонақтарды күтіп алу, концертті өткізу секілді жұмыстардың басы-қасында өзі болған. 
Замандасы Нұртай Әлімбайұлының айтуынша: «Рақымжан жолдасқа адал, еш адамның көңілін қалдырмайтын, артық сөзі жоқ, байсалды, сабырлы, арасында қалжыңын айтып қойып көңілді отырушы еді. Еш адамға жаманшылығы жоқ, қолынан келгенше көмектескісі келіп, сондай мейірімді, қайырымды азамат болатын» (Майлин Рақымжан Жақыпұлы. Абзал әке. Ғұмырнамалар, естеліктер, арнаулар. Алматы: 2011 – 33-140+32 бет. ). 
Рақымжанның қызметтегі келбеті туралы екінші дүниежүзілік соғыс және еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Бейсебек Қорғанбаев былай деп еске алады: «Қызметінде де абыройсыз болған жоқ. Өзара соцалистік жарыс қорытындысын шығару барысында бұра тартып кеткен жағдайын көрмедік. Оны көбінде үйінен емес, дала қосында, қызылшашылар арасынан көретін едік» (Майлин Рақымжан Жақыпұлы. Абзал әке. Ғұмырнамалар, естеліктер, арнаулар. Алматы: 2011 – 37-140+32 бет.).
Рақымжан Жақыпұлы асыл дініміздің жанашыры да бола білді. Кеңестік билік тұсында жауапты қызметті атқара жүріп, дінінен айнымаған. Коммунистер арасында жүрсе де ислам дінінің асыл дін екеніне еш шүбә келтірмеген. Алайда ешкімге білдірмей, өз құпиясын өз ішінде ғана ұстаған. Ел Тәуелсіздігін алып, Рақымжан еңбек демалысына шыққан уақытта дінді насихаттауға түбегейлі бет бұрған. Рақымжан негізінде «Құран кәрімді» жақсы әрі жетік білген. Ел-жұрт оның бұл қасиетін еңбек демалысына шыққан кезде ғана біледі. Мұнымен қоса дінді насихаттау барысында аудандық, облыстық газеттерге дін туралы мақалалар мен зерттеулердің басылуына да мұрындық болған. Дін жанашыры ретінде істеген мәні зор, мағынасы терең істерінің бірі – аудан орталығынан мешіттің ашылуына белсенді түрде атсалыс­уы. 1994 жылы шілде айында аудан әкімінің шешімімен бұрынғы қонақ үй мешіт болып жабдықталды. Рақымжан Жақыпұлымен бірге Б. Құсмолдин, Ж. Әбішев, Б. Аққамиев, С. Сапиров, Ж. Терезенов, З. Абдулдаев сынды ақсақалдар мешіт жанынан құрылған алқаға мүше болды. Мешітке керек заттардың барлығын жинауға күш салды. Рақымжан алқа мүшесі ретінде жас ұрпаққа құран үйретіп, дінді оқытатын арнайы сабақ өткізуді де мәселе етіп көтерген. Нәтижесінде ұлағатты ұстаз Баянды Құсмолдин жас балаларға құраннан сабақ беруді қолға алды. 
Бар саналы ғұмырын ел игілігіне сарп еткен Рақымжан да әке жолын жалғады. Ұстаз болмаса да ел үшін еңбек етті. Тектінің тұяғы 2001 жылдың 2 наурызында қайтыс болды. 
 

775 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз