• Тарих толқынында
  • 28 Мамыр, 2019

Алаш қайраткері, білікті дәрігер Асылбек Сейітов репрессия құрбаны

Сан ғасырлар бойы қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып, еркіндік алуды армандап келген болатын. Сол мақсатқа жету үшін қазақтың небір біртуар азаматтары тәуелсіздік жолында ғасырлар бойына сансыз нәубетті бастан кешірді. Соның барлығы бүгін тарихқа айналып отырғанының куәгерлеріміз. Сол уақыттағы Алаш қозғалысының өкілдерін ұлтшыл деп есептегені бәрімізге аян, бірақ олар негізінде ұлтшыл емес ұлтжандылар болған. Олар саяси сауатты, өз елін, халқын сүйетін, солардың бостандығы үшін өмірде бір-ақ рет берілетін жандарын қиятын азаматтар болғандықтарына қазіргі уақытта барлығымыздың көздеріміз жетіп отыр. Қазақтың көзі ашық, білімді және зиялы азаматтарын нақақтан-нақақ «Халық жауы» деп жаппай қамауға алынып 1937 жылдың зобалаңында 116 685 адам атылып кеткен болатын. «Үштік қанішер» комиссияның шешімімен ұзақ жылдар мерзімге «ит жеккенге» яғни, Сібірге, Карелияға айдалып кетіп, адам денесі түршігетіндей азаппен қайтыс болып, сүйектері жат жерде белгісіз молаларға жерленгендері өте аянышты жағдай. Сол айдалып кеткен еліміздің бетке ұстар саңлақтарымыздың еліне аман-есен оралғандарының сандары некен-саяқ болған. Соның өзінде де елге оралғандардың жағдайлары жақсы болмағаны бәрімізге аян. 1917 жылы Алаш мемлекетін құруда белсенді қызмет атқарып, кейіннен «Халық жауы» атанып қыршын кеткен зиялы азаматтарымыздың бірегейлері болған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедовтердің және т.б. қатарында Асылбек Сейітовтың болғанын тарихи жазбалардан және ол кісіні көрген, білген адамдардан хабардар болып отырмыз. Сол уақыттағы Алашорда үкіметінің ұсынған ұлттық идеяның негізгі ұстанымдарын атап көрсететін болсақ: 1. Олар таптық бөлінуді (бай, кедей, орташа) қолдамады. 2. Жерді сатуға қарсы болды. 3. Жердің асты мен үстіндегі байлық қазақтың төл меншігі деп есептеді. 4. Бір тоқтының жүнінен бір жапырақ бұл тоқылатын болса, ол алдымен қазақтың үстінен табылсын. 5. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын. 6. Мемлекет құруда ұлттық салт-дәстүрді сақтай отырып, дамыған Жапония елінің тәжірбиесі қолданылсын деген болатын. Енді, бүгінгі еске түсіріп отырған кейіпкеріміз Асылбек Сейітовқа келетін болсақ негізгі баяндамашы ол кісінің өмірбаянын толығымен атап өтті, оны қайталаудың қажеті шамалы деп ойлаймыз. Дәрігер Асылбек Жұманұлының ел ішіндегі абыройы жоғары болғаны сонша, науқастың тамырын ұстап, көздің қабағына қарап, диагноз қойып, оның қолынан ем алып, өлім аузынан аман қалғандары есепсіз көп болды. Соның бірі ҚазПИ-дің доценті болған, тарихшы Сәдуақас Құрманғалиұлы Бакшилов былай деп жазған: «1929 жылы өкпе ауруынан өлім халіне жеткенімде, мені емдеп, қатарға қосқан Асылбек Сейітов ағамыз еді. Ол кісі өте мейірімді, ақкөңіл, жұмсақ мінезді адам болатын» дейді. Асылбек Сейітовтің өзі де бір сөзінде: «Мен ең алдымен дәрігермін және менің басты міндетім – ем көрсету, көшпелі өмір салтынан түрлі ауруларға душар болатын халқымның денсаулығын сақтау, қорғау» деуі де тегін емес. Ол түрлі науқастарды ауыр дертінен жазып, оба, сүзек, шешек сияқты жұқпалы аурулармен жан аямай күрескен. Жұқпалы аурулардың өршуін тоқтату үшін алдын-ала емдік шаралар жасап, баспасөз беттерінде «Тән саулығын сақтау» тақырыбында қазақ және орыс тілдерінде мақалалар жариялап, оқырмандардың медициналық сауатын көтеруге атсалысқан. Замандастары Асылбек Сейітовті атақ-даңққа қызықпайтын, бар ықыласын адамдарға қызмет ету жолына бағыштаған, еңбексүйгіш азамат ретінде танып білген. Асылбек Жұманұлы Сейітовтің қазақ елінің түберкулез ауруынан зардап шегетінін, өлім-жітімнің көп екендігін ескере отырып, Семей аймағында түберкулез ауруын емдеуге арналған «Ауыл» курортын және «Березовка» санаторий ашып, сол уақыттағы білімі зор мамандар Попов, Елизарьев, Зюзин, Барлыбаев, Портнягинаны қызметке шақырғаны белгілі. Асылбек Жұманұлының ұйымдастырушылық қабілетінің зор екендігіне мынадай мысал келтіруге болады: Алматы қаласында темекі фабрикасының дәрігерлік амбулаториясының негізінде 5 қалалық поликлиниканы ашып, оның құрамында: терапевтік, хирургиялық, неврология, ЛОР, педиатрия, дерматология, гинекология, окулист және стоматологиядан бөлек клиникалық лаборатория, науқастарға үйде көмек көрсетуге арналған барлығы 11 кабинет ұйымдастырып, сол поликлиниканың бас дәрігерлігіне тағайындалып, бес күн жұмыс атқарғаннан кейін 1 желтоқсанда 1937 жылы тұтқындалып, «Халық жауы» екендігі анықталмаған күйде, жеті күннен кейін «Үштіктің» үкімімен атылып кеткендігі бәрімізге белгілі. Оның дәрігерлік, соның ішінде хирургтық мамандығы бойынша қаншалықты білімі зор болғанын төмендегі деректерден білуге болады: 1926-1937 жылдары Петропавл қаласында, Көкшетау облысының Еңбекшілдер районының адам аяғы жете бермейтін шалғай ауыл Казгородок селосында бас дәрігерлік қызмет атқарып жүргенде сол заманға лайықты күрделі операциялар жасаған. Асылбек Жұманұлына тән қасиет, операция жасалынатыннан бір күн бұрын ертеңгі операцияның қалай орындалатынын ойша толғанып түні бойы ұйықтамай шығады екен. Ондай қасиет қазіргі хирургтарымыздың ішінде некен-саяқ кездесетіні бесенеден белгілі. Асылбек Жұманұлына тән тағы бір қасиеті, дос адамдарға беріктігі. Тергеуде жатқан уақытта Алаш Үкіметінің бір де бір белсенділерін атамаған. Тағы бір мысал келтіретін болсақ: қырық жастан кейін Асылбек Жұманұлының көз көру қабілетінің нашарлауына байланысты 1937 жылдың жаз айында Мәскеуден білікті медицина ғұламаларынан кеңес алып келе жатқан уақытта Ауыл станция-сында олардың вагонына оның жолдасы жолсерік болып отырған кезде, жанашыр жолдасы айтады: саған Семей қаласына баруға болмайды, – дейді. Асылбек таңғалып неге деген сұраққа, жолдасы былай: «сен туралы жағымсыз әңгімелер көбейіп кетті, сірә сен тұтқындалатын шығарсың», деп ескертеді. Кейіннен белгілі болғандай, өсек таратып жүрген өзі тәрбиелеген фармацевт досы екендігі анықталған. Соған байланысты «қазақтың жауы – қазақ» деген ұғым бекер емес. Әйтпесе, сол кездегі Үкімет басшылары кімнің «Халық жауы» екендігін қайдан білсін. Репрессия мәліметтеріне сүйенетін болсақ, 1937-1938 жылдарда «Халық жауы» деген жаламен ересек азаматтардың арасында жазықсыз атылған қазақ азаматтары Одақ бойынша білімі бар, қызмет істеп жүргендер ішінде орташа көрсеткіштен 2, дәлірек айтсақ грузиндерден 2, орыстардан 3, татарлардан 4, ал, өзбектерден бақандай 5 есе көп болған. Жоғарыда көрсетілген зобалаңдардан қазақ халқы аман болғанда, қазіргі уақытта біздің санымыз 30-40 миллионға жетуге болатындығын ғалымдарымыз дәлелдеп отыр. Сөз соңында айтарымыз, Асылбек Сейітұлының аз уақыт өмір сүргеніне қарамастан біздің елімізге, халқымызға сіңірген еңбектерінің зор екендігін атап өтуіміз қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Центральный государственный архив г. Алматы. - Фонд №357. - Опись №1. Документов постоянного хранения фонда личного происхождения за 1909-2002 гг. 2. Методические рекомендации по работе с документами личного происхождения. – М, 1990. 3. Асылбек Сеитов: патриот, общественный деятель, ученый. Сборник статей и архивных материалов, посвященный деятельности выдающегося алашского деятеля Асылбека Жумановича Сеитова (1894-1937гг). – Астана, 2013. 4. Сейфуллин С. Тар жол тайғақ кешу. Тарихи-мемуарлық роман. Төртінші басылым. – Алматы «Жазушы», 1977. – 387 б.

А.Қаныбеков, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ доценті, С.Кауменова, әдіскер, А.Бейсен, жалпы медицина факультетінің студенті.

590 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз