• Заманхат
  • 28 Мамыр, 2019

Ұстаздық қылған жалықпас...

Ең алдымен ғылым атауы ретінде педагогика термині мәнін ашып алайық. Педагогика – «пайдагогос» (грек тілінде «пайд» – бала, «гогос» – жетектеу деген сөздерден құралған) – бала жетектеу деген мағынаны береді. Бұл терминнің шығу себебі ежелгі грек елінде баланы тамағын тойғызып, ойнатып, жалыққан кездегі бос уақыттың аз бөлігінде жазу, музыка ойнау, айналаны танып-білу сияқты жұмыстармен айналыстырып, қолынан жетектеп жүріп қажетті өмір сүру іс-әрекеттеріне үйретуге жалданған құлды педагог деп атайтын болған. Бертін келе педагог деп балаларды оқыту және тәрбиелеу ісімен тікелей айналысатын адамдарды атаған. Бірте-бірте бала тәрбиесіне қатысты білімдердің жинақталуы ерекше сала ретінде педагогика ғылымының пайда болуына алып келді. Педагогика ұғым ретінде бала жетектеу деп аударылатын болса да, мәні бойынша қазіргі кезде адам тәрбиесі жайлы ғылым болып табылады. Себебі, алғашында ғылым ретінде тек бала тәрбиесіне қатысты мәселелерді қарастырғанмен, қазір ол жас кезеңдеріне сәйкес жалпы адам тәрбиесі туралы зерттейді. Қандай ғылымның болмасын даму деңгейі оның ғылым ретінде жеке-жеке тарамдалу (дифференциациялану) дәрежесі мен басқа ғылымдар арасындағы байланыс сипатының көпқырлылығымен анықталады. Педагогика ғылым ретінде күрделі жүйе және ол мынадай ғылымдардан құралады: жалпы педагогика – тәрбие, оқыту және дамыту үдерістерінің негізгі заңдылықтарын зерттейді. Соңғы кезде педагогика ғылымының қарқынды дамып келе жатқан жаңа бағыттары бар. Олар: әскери педагогика; музыкалық педагогика; инженерлік педагогика; отбасылық тәрбиелеу педагогикасы (ата-аналар педагогикасы); балалар мен жасөспірімдер ұйымдары педагогикасы; тәлімгерлік педагогикасы; валеология. Педагогика басқа ғылымдармен де тығыз байланысты Мұның ішінде педагогиканың физиологиямен байланысын ерекше атауға болады. Физиология адамның денелік дамуы табиғатын, оның ағзасының өмірлік іс-әрекеті заңдылықтарын, оның жеке бөліктерінің қызмет көрсету ерекшеліктерін зерттейді. Жоғары жүйке жүйесі іс-әрекетінің жұмыс істеу ерекшеліктерін білу педагогикада дамыта окытуды модельдеп, оқу-тәрбие үдерісі технологиясын бакылау, тұтас педагогикалық үдерісі тиімділігін, оңтайлылығын қамтамасыз ету мүмкіндігін береді. Сол сияқты, педагогика психология ғылы-мымен органикалық бірлікте дамиды. Психология психикалық үдерістер дамуы механизмі мен заңдылықтарын және адамның жекелеген қасиеттерін зерттейді және тұлға дамуын басқару заңдарын жасайды. Педагогика оқу-тәрбие үдерістеріне қатысты фактілерді, құбылыстарды бейнелеу және түсіндіруде психологиялық білімдерді қолданады. Сонымен бірге педагогика адамның қасиеттерін, күйін, тұлғасын тәрбиелеу үдерістері ерекшеліктерін зерттейді. Педагогика баланы индивид ретінде зерттейтін ғылымдармен де (биология, анатомия, антропология жэне медицина) тығыз байланысты. Педагогиканың медицинамен байланысы зерттеу пәні дамуында жүре келе, не туа пайда болатын ауытқулары бар балаларға білім беру мәселелері болып табылатын түзету (коррекциялау) педагогикасы пайда болуына алып келді. Коррекциялық педагогика адам тәрбиесінде байқалатын ауытқуларды медицинамен бірлесе отырып түзету бағдарламасын жасайды. Педагогика адамды қоғамда, қоғамдық қатынастар жүйесінде зерттейтін әлеуметттану, экономика, мәдениеттану, саясаттану және басқа да әлеуметтік ғылымдармен тығыз байланысты. Басқару ғылымы ретінде кибернетикамен де байланысты. Себебі оқыту мен тәрбиелеуді басқару кез келген үдерістерді басқарудың жалпы заңдары мен механизмін білуді қажет етеді. Педагогтерге кибернетиканы білу тәрбиелеу мен оқыту үдерістерін зерттеу үшін қосымша мүмкіндіктер береді. Педагогиканың математикамен байланысы да өте қажетті бағыт. Бұл байланыс оқыту тиімділігін, оңтайлылығын анықтауға мүмкіндік береді. Оқыту мен тәрбиелеуге қатысты көптеген құбылыстар ықтималдық сипатты болып келеді. Сондықтан, бұл құбылыстар математикалық статистика теориясын да білуді қажет етеді. Бұл байланыс, әсіресе, сауалнамалар, шығармалар, бақылаулар өткізе отырып, өңдеу жүргізгенде педагогикалық құбылыстар, фактілер, байланыстарға рангтық әдістемелерді, диагностикалық тестілерді, түрлі графиктерді қолдануды негіздейді. Педагогикада математикалық әдістерді қолдану, ғылыми-педагогикалық зерттеулердің терең және сенімді жүруіне мүмкіндік береді. Ең нәтижелі, ұзақ қалыптасқан байланыс педагогика мен философия ғылымдары арасында байқалады. Философиялық идеялар педагогикалық тұжырымдамалар мен теорияларды жасауға және педагогиканың ғылым ретіндегі әдіснамасын анықтауға көмектеседі. Білімдерді меңгеру философия зерттейтін ғылыми танымның жалпы заңдарына бағынады. Сондықтан, философия педагогикалық тәжі-рибені саналы меңгерудің және педагогикалық тұжырымдамалар жасаудың теориялық базасы қызметін атқарады. Сол сияқты тәрбие мақсаты мен міндеттерін философиялық білімдерсіз анықтау мүмкін емес. Философиялық таным теориясының өзі қарастыратын заңдары жалпылығына байланысты оқу-танымдық іс-әрекет заңдылықтарын да анықтайды.

Күләй АМАНЖОЛОВА, биология-география пәндерінің мұғалімі

962 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз