• Ел мұраты
  • 01 Сәуір, 2024

Бауырлас елдер бірлікті ардақтайды

Нұрболат НЫШАНБАЕВ,

саясаттанушы

Біртұтас түркі идеясы ХХ ғасыр басында Алаш арыстары Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев және т.б тұлғалардың еңбектерінде көрініс тапты. Бұл ұлттарды түркі әлемі аясында біріктіретін бірегей стратегиялық идея болды. Бүгінде түркі интеграциясын жаңа деңгейде, институционалдық формада жүзеге асыратын Түркі Мемлекеттері Ұйымы құрылып, мәдениет, білім мен ғылым, спорт, экономика салаларында бірлескен жобаларды сәтті жүзеге асыруда.
Түркі елдері аймақта ғана емес, халықаралық қауіпсіздік жүйесінде де ықпалды саяси институтқа айналды. Түркі Мемлекеттері Ұйымының жалпы аумағы – 4,5 миллион шаршы шақырым. Әлеммен жалпы тауар айналымы – шамамен 1,3 триллион доллар. 160 миллионнан астам халықты қамтитын іргелі ұйым. Мақаламызда Түркі әлемінің халықаралық саяси жүйедегі ықпалы мен рөліне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжан Республикасына мемлекеттік сапарын негізге ала отырып, талдау жасап көрелік. 
Соңғы елу жылда халықаралық қатынастар жүйесінде кез келген сәтті жүзеге асқан саяси интеграциялық құрылым, берік идеялық негіз арқылы ғана қалыптасты. Еуропалық Одақ – біртұтас либералды демократиялық, батыстық таным негізінде қалыптасса, Оңтүстік Шығыс Азия елдерін біріктіріп отырған АСЕАН ұйымы – аймақтық үндіқытайлық геосаяси мүдде аясында қалыптасып отыр. 
ХХ ғасырдың соңғы декадасында кеңес одағының өмір сүруін тоқтатуы, біртұтас түркі идеясының қайта жаңғыруына жол ашты. Түркі Мемлекеттері Одағы аясында мәдениет, экономика, логистика, білім, ғылым салаларында маңызды ортақ жобалар қолға алынды. Осы ретте түркі мемлекеттерін біріктіретін ортақ құндылық – Тұран идеясы аумақтық негізден бөлек түркі мемлекеттеріне тән ортақ мыңдаған ғасырларға созылған өркениет тарихы. Қазақстанның сыртқы саясатында соңғы отыз жылда түркілік бағыт идеялық негізден бастап, институционалдық сипатқа дейін өсті. Атау ретінде «Тұран» сөзінің тарихы тым тереңге кетеді. Тіпті, аты аңыздарда да аталады. 
Ал әдебиет пен өнерде тұраншылдық идея кең тараған болатын. Мағжан Жұмабаевтың «Ертеде Түркістанды Тұран дескен...» деп жырлайтыны сол кез. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Осман империясының қиын жағдайға душар болуы Орталық Азия мен Кавказдағы халықтарға да рухани-моральдық тұрғыда әсер еткені анық. Ғылыми әдебиеттерде, Тұран – Түркістан өлкесінің көне атауы ретінде де кездеседі. «Авеста» мен Фирдоусидің «Шахнама» шығармаларында бұрын бір болған Иран мен Тұран елінің өзара байланысы мен тайталасы айтылады. Тұрандықтар деп сақ, массагет, кушан, оңтүстік эфталиттер, солтүстік ирандық халықтар аталған. Тұран идеясы негізінде түркі бірлігі мәселесі ХХ ғасырдың басында ойшылдар арқылы талқыланғанымен, аталған ғасырдың соңғы декадасында сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Алғаш рет 1992 жылы Түркітілдес мемлекеттердің саммиті ұйымдастырылып, біртұтас түркі идеясы құрылымдық тұрғыдан қайта жаңғырды. Қазақстанның бастамасы негізінде 2006 жылы талқыланып, 2009 жылдың 3 қазанында Әзербайжанның Нахшыван қаласында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі құрылды. 2021 жылы Ыстанбұл қаласында өткен VIII саммитте Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі, Түркі Мемлекеттері Ұйымы болып қайта қалыптасты. Түркі Мемлекеттері Ұйымы аясында ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры, Түркілік инвестициялық қор сияқты басқа да салаланған ұйымдары қызмет атқаруда. Тұран одағының басты идеясы да түркі халықтарының ынтымағын арттырып, өзара одақ құру еді. Түркі халықтарының мұндай деңгейдегі ынтымақтастығы Еуразия даласында күштер тепе-теңдігін сақтап, геосаяси тұрақтылықты қалыптастыруға негіз бола алады.         
Қазақстан-Әзербайжан достастығы – Түркі әлемі бірлігінің символы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айының 11-12 күндері бауырлас Әзербайжан Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Бұл жолғы мемлекеттік сапар мәні мен мазмұны тұрғысынан бөлек еді. Сапар барысында Физули қаласында, алғаш рет Қазақстан халқының атынан Құрманғазы атындағы балалар өнер орталығы ашылып, табысталды. Аталған орталық, символикалық тұрғыда Түркі бірлігінің өнер мен білім саласындағы жетістігі деп білеміз. Әзербайжан мен Қазақстан Түркі интеграциясының сәтті жүзеге асуына бірден-бір мүдделі елдер. Жақында ғана Президент сайлауында айқын дауыспен жеңіске жеткен Илхам Алиев президент инаугурациясында «Біздің отбасымыз – Түркі әлемі. Түркі Мемлекеттері Ұйымының халықаралық саясатта бірегей қатысушысы әрі күш орталығы болуына жұмыс жасауымыз керек» деп атап өткен еді.         
Еуразия даласындағы геосаяси шиеленістер күрделеніп тұрған шақта, Қазақстан үшін Каспий теңізіндегі барлық көршілерімен өзара тиімді және прагматикалық байланысты арттыру өзекті. Каспий теңізінің экономикалық әлеуетін жан-жақты дамыту бүкіл өңір үшін маңызды. Каспий теңізі аясында Қазақстан мен Әзербайжанның бірлескен өңірлік жобалары сәтті жүзеге асуда. Ғасырлар бойы мәдениеті мен танымы ұқсас қос халықтың әлеуметтік – мәдени байланысының қалыптасуында Каспий теңізінің маңызы өте зор болды. ХХІ ғасырда Каспий теңізі Қазақстан мен Әзербайжан арасында көлік логистикалық, тауар тасымалы саласында ерекше мәртебеге ие. Транскаспий халықаралық көлік бағыты және теңіз түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобалары осының жарқын мысалы. Аталған жобалардың болашағы Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ арасында іргелі көпір ретінде, күллі Батыс пен Шығыс арасын логистикалық негізде байланыстыратын болады. Бүгінде Каспий Қазақстан мен Әзербайжанды бөлетін емес, қайта арасын жалғайтын көпір саналады. Себебі Транскаспий көлік бағыты өзінің әлеуетін толық ашуға кірісті. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша 2022 жылы тасымал көлемі екі есеге (2022 жылы – 1,7 миллион тонна), 2023 жылы 65 пайызға артып, бүгінде 2,7 миллион тоннаға өсті. Президент Қасым- Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне сәйкес, «Орталық дәліз» арқылы сауда көлемін 10 миллион тоннаға арттыру көзделіп отыр. Болашақта, Каспий айлағы арқылы Оңтүстік Кавказ, Түркияның Қазақстанмен, Орталық Азия елдерімен, ЕАЭО және Қытаймен трансаймақтық негізде тікелей сауда тасымалын қалыптастыратын әлеуетке ие.    
Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің алғашқы отырысында сауда-экономика, инвестиция, мұнай-газ, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері, цифрлық коммуникация және мәдени-гуманитарлық бағыттардағы ықпалдастықты дамыту мәселелері қарастырылды. Бұл салалардағы мемлекетаралық әріптестіктің артуы – Түркі әлемі аясындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамуына себепші болары анық. 

2572 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз