• Ел мұраты
  • 01 Сәуір, 2024

ҒЫЛЫМ ТІЛІНІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Жуырда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» атты симпозиум өткені белгілі. Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының және аталған университеттің ұйымдастыруымен өткен, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, Мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев, көрнекті ғалымдар қатыс­қан алқалы жиында ғылым және қазақ тілі мәселелері жан-жақты талқыланып, келелі ұсыныстар айтылды. Екі күнге созылған басқосуда ғалымдар 6 секция бойынша баяндама жасап, пленарлық отырыста ой-пікір алмасты. 
 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлын қабылдағанда қазақ тілін одан әрі дамыту мәселесі әрқашан мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып қала беретінін айтқан болатын. Бұл бағытта ең алдымен, барлық салада қазақ тілінің қолданыс аясын арттыруға бағытталған практикалық жұмыстарға басымдық беріледі. Оның ішінде Президент ғылым мен білім беру ісі, технологиядағы және медиа саласындағы қазақша контент пен цифрлық өнімдерді әзірлеуге айрықша мән беру қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамын мемлекеттік тілді ғылым мен техника тіліне айналдыру бағытында жұмыс жүргізуге шақырды. Симпозиумның басты мақсаты да осыдан туындаған еді. 
Жиынды ашқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Цифр­лы әлемде дамып келе жатқан кез келген тілдің болашағының кепілі – жаңа тех­нологияларды белсенді қолдану. Тілдің сыйымдылығы деген ұғым бар, тіл жаңашылдықты қаншалықты өзіне сіңіре алады, соншалықты өміршең. Біздің министрліктің алдында үлкен міндет тұр. Бір жағынан, халқымыздың дәстүрлі түрде қалыптасқан тарихи, орфографиялық, орфоэпиялық мәдени мұра­сын сақтап қалу, екінші жағынан, тілімізде жаңашылдықты дамы­тып, алго­­­ритмді қалыптастыру, ұлттық лин­гвистикалық жүйеге келтірілген цифрлық форматтағы жүйелерімізді пысықтау. Қазақстандағы Тіл саясаты тұжырымдамасының бес негізгі бағыттарының бірі де – қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру» деп атап өтті. 
Министр Қазақстанның жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы ұлттық стратегиясы әзірленіп жатқанын мәлім етті, оған тіл институттары мен жоғары оқу орындары белсенді қатысады. Еліміздегі бірнеше алдыңғы қатарлы оқу орындарында ЖИ мектептері, әлемнің озық университеттерінің филиалдары ашылады. «Тілімізді сақтап қалу үшін дәстүрлі мұрамызды пайдалана отырып, инновацияларды меңгеруіміз қажет» деді министр. 
Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі ең алдымен Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың симпозиумға қатысушыларға арналған құттықтауын оқып берді. Сенатор қазақ тілінің қолданысы біртіндеп артып келе жатқанын, алдағы уақытта ақпарат саласындағы қазақ тілінің үлесін 70/30 пайызға, болашақта 90/10 пайызға жеткізу қажеттігіне тоқталды. Бұл бағытта бүкіл қоғам болып жұмыла жұмыс істеу талап етіледі. Бұған қажетті алғышарт бар, мәселен, елімізде ұлты қазақ оқушылардың 84%-ы (2 729 858 оқушының 2 288 488-і) ана тілінде оқиды. Сонымен қатар, 53 мыңнан астам өзге ұлт өкілдерінің балалары қазақ мектептерінде білім алады. Ал симпозиум өткен Түркістан облысында 700 қазақ мектебі бар, облыс тұрғындарының 91%-ы мемлекеттік тілді меңгерген. 
«Тарихқа үңілсек, әлемде санаулы халықтың ғана төл әліпбиі болды. Қазақ тілінің жазу тарихы тереңде жатыр. Елтеріс Құтлық қаған кешенінен табылған жазба соның дәлелі. Бұл біздің тасқа қашалып жазылған алғашқы құжатымыз деуге болады. Жазба ескерткіштер – біздің тіліміз бен ғылымымыз үшін үлкен мәртебе. Тілді тек қолданушы емес, таратушы болайық» деп сөзін түйіндеді Дархан Қыдырәлі. 
Әйгілі әншіміз Димаш Құдайберген қазақ тілін әлемдік деңгейде ән арқылы насихаттап жүргені белгілі. Қазақ тіліне арналған жиынға Димаштың ата-анасы – Мәдениет қайраткері Қанат және Светлана Айтбаевтар құрметті қонақ ретінде қатысты. «Бай тілімізді қолға алып, жаңартып, оны әлемдік деңгейде дәріптейтін уақыт келді. Ана тіліміздің ғылым тілі бола алатындығына көзіміз әбден жеткендігіне, сол салада көптеген іс-шаралар қолға алынғандығына қатты қуанып тұрмын. Жалпы баланы ана тіліне баулу отбасында басталады, бұл әрбір ата-ананың қасиетті парызы. Біздің тіліміз ешкімнен кем емес», – деді Қанат Айтбаев.
Пленарлық отырысты жүргізген Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова: «Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде қазақ тілінің ғылым тілі ретінде өз орнын алуы қажеттігін атап өткен болатын. Бұл әсіресе, білім мен ғылым саласын ту еткен азаматтарымызға артылған жауапты міндет. Осы міндет аясында біздің оқу орнымыздың да білім және ғылым әлеуетінің жаңа көкжиектері ашылып жатыр. Бүгінгі симпозиум сияқты іс-шаралар білім мен ғылым саласының даму бағытын айқындау, ортақ нәтижелерге қол жеткізу үшін өте қажет» деп, жиынның мән-маңызына тоқтала келе, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
Симпозиумның пленарлық отырысында тіл мәселесін зерттеп жүрген ғалымдар баяндама жасап, қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру жөніндегі ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, атақты математик, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев: «Ұлттық ғылым академиясының Жарғысына «академия қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру мақсатында жүйелі түрде жұмыс істейді» деген сөйлем қосу; Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан ғылымды насихаттайтын әдебиеттер шығару үшін арнайы гранттар бөлу, барлық оқу орындарында техникалық ғылымдарды қазақ тілінде оқуға мүмкіндік жасау, ғылымның барлық саласы бойынша ең қажетті оқулықтардың тізімін жасап, оларды басып шығаруды қаржыландыру, ғылыми-көпшілік газет-журналдарды қолдау қажет» деп атап көрсетті. Ғалым компьютер пернетақтасында латын әліпбиін енгізу мәселесін де қозғап, цифрларды төрге шығару жөнінде нақты пікірін білдірді. 
«Әліпбиді дұрыс жасау – жаңа мұнай кен орнын ашудан мың есе маңызды. Тіл саласында тек теориялық зерттеулермен айналысатын ғылыми мекемелерден бөлек, қолданбалы тіл институтын ашу қажет. Қазақ тілі – халыққа, Қазақстанға керек» деді Асқар Жұмаділдаев. 
«Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы өз сөзінде тіл мен тәуелсіздік тең ұғымдар екенін атап айтты. Қазақ тіліндегі мазмұнның саны мен сапасын арттыру мәселесіне тоқтала келіп, Рауан Кенжеханұлы тіл технологияларын балабақшадан бастап, мектеп, жоғары оқу орнына дейін жүйелі түрде енгізу қажеттігін айтты. Осы кезге дейін орын алған олқылықтарды түзету үшін көптеген ауқымды жұмыстар атқару керек деді «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті. Сондай-ақ Рауан Кенжеханұлы бүкіл қазақ елінің мақтанышы Димаш Құдайберген «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы құрылтайшыларының қатарына енгізілгенін мәлім етті. 
Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы өз баяндамасында қазақ ғылыми тілін қалыптастырудың кезеңдеріне тоқталды. «Қазір ғылым тілінің жаңа кезеңі басталды» деді ғалым. 
Жиында Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты коми­тетінің төрағасы Ербол Тілешов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманәлиев және басқа ғалымдар қазақ тілін ғылым тіліне айналдырудың көкейтесті мәселелері жөнінде баяндама жасады. 
Симпозиумның алғашқы күн­інде Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Үздік оқытушы», «Үздік ғылыми қызметкер» атақтары мен «2023 жылғы мемлекеттік ғылыми стипендия иегерлерін марапаттау рәсімі өтті. 200-ден аса ЖОО оқытушысы және ғалымдар мемлекет грантына ие болды. 
Сондай-ақ, жиын аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ бота­никалық бағында инновациялық технологиялар негізіндегі жеміс-жидектерді өңдеу цехы ашылды. «Жеміс-жидектерді өңдеу» өндірістік цехы Ясауи университеті ғалымдарының ғылыми жобасы негізінде және ботаникалық бақ жұмысын жандандыру мақсатында құрылған. Құны 360 млн теңге тұратын өндірістік цех заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген және мұнда өнімдерді өңдеу, сұрыптау, орау, сақтау секілді қызметтер атқарылады. Цех тәулігіне 5-7 тонна өнім қабылдауға қауқарлы. 
Әлемдегі ең танымал Coursera онлайн оқыту платформасын қазақстандықтарға қолжетімді ету мақсатында ауқымды жобалар іске асырылып жатқаны белгілі. Симпозиумның алғашқы күнінде жиынға келген қонақтар Қожа-Ахмет Ясауи атындағы университетінде Coursera орталығының ашылуына куә болды. Бүгінде ХҚТУ-дың 400-ге тарта оқытушысы жүздеген курсқа тіркеліп, жаңа білімдерді игеруде. Алдағы уақытта орталық жұмысы кеңінен таратылатын болады. 
Сондай-ақ, симпозиум аясында Ахмет Ясауи университетінің «Актерлік өнер» мамандығының студенттері түркі халықтарының рухани діңгегі Қожа Ахмет Ясауиге арналған «Ясауи жолы» қойылымын көпшілік назарына ұсынып, зор қошеметке ие болды. 
«Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумының екінші күнінде секциялық отырыстар өтті. Ғалымдар мен сарапшылар алты секция бойынша келелі баяндамалар жасап, ой-пікірлерін ортаға салды. Ғылыми жиын соңында отандық белгілі ғалымдар, тәжірибелі оқытушылар, жоғары білікті мамандардың ұсыныстары негізінде симпозиум қарары қабылданды және олардың алдағы уақытта іске асырылғаны құба-құп. Оқырман назарына Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлының симпозиумда сөйлеген сөзін ұсынамыз. 

 Дина ИМАМБАЙ

2775 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз