• Тарих толқынында
  • 24 Маусым, 2019

ТҮПСІЗ ТҰҢҒИЫҚ. ТАМҰҚ ЖӘНЕ ТАЖАЛ немесе соғыс тұтқындары қаралы тізімнен қашан сызылады?

Жылт еткен жарық дүние

...Тырнадай тізілген ұшақтар, тарақандай тырбаңдаған танктер. Жыландай ысқырып келіп, гүрс етіп жарылған снарядтар. Аспаннан жаңбырдай сорғалаған бомбалар. Айналаның барлығы астан-кестен. Қап-қара қою түтін. Мына әлемтапырық тозақта жанын қоярға жер таппай, мәңгірген уыздай жас жауынгерлер. Кенет құлақ түбінен әлдене гүрс етіп жаңғырта жарылды да Самат есінен айрылып, құлап түсті. Есін жиғанда концлагерьде тұтқында екенін бір-ақ білді. Ол ауыр жаралы еді. Енді, оған аштық қосылды. Бұратылып, бұйығып жатып ұзақ өксіп жылады. Оны иен далада қой бағып жүрген жерінен әскерге алды. Орыс тілін білмеді. «Направо» мен «налево» дегендерді ажыратып үлгермей, қолына аңшы мылтығын берді. Ал, енді бес қаруы бойында соғысқа сақадай сайланып келген немістермен ұрысып көр. Шегініс. №106 Ақмола атты әскер дивизиясының көпшілігі қазақ жастары еді. Соғыс өнеріне үйретілмеген, қолдарына жөні түзу қару да берілмеген бұлар Харьков түбіндегі қоршауда бірі де қалмай қырылды. Осы дивизиядағы 3200 жауынгерге 3100 қылыш ұстатыпты. Жалаң қолмен темір құрсаулы жыланбауыр танктерге қарсы шыққан қайран ерлер-ай десеңізші?! Саматтың әкесі бай кісі еді. Барлық малын кәмпескелеп, өзін итжеккенге айдады.1931-1932 жылы елді ашаршылық орақтай орып өтті. Сталин «халық жауларын» қынадай қырды. Самат сияқтыларды салпақтатып, қой соңына салып қойды. Енді, міне, жалаң қылыш, жалаң қолмен жауға қарсы шығамын деп омыртқасы үзілді. Майдан даласында да жылуды сезінбеді. Шовинистік пиғылдағы командирлер қазақ, қырғыз, өзбек жауынгерлерін аса қиын операцияларға бірінші болып аттандырды. Демек, өлімге айдап салды. Жараланған мұсылман жауынгерлеріне дәрігерлік көмек ең соңында көрсетілді. Шегініс. Бауыржан Момышұлы қатар-лас жатқан аса қауіпті қылмыскерлерден құрылған айып батальондары құрамына қазақ жастарын қосып жібергенін көріп қатты қапаланады. Осы және басқа да әділетсіздіктерді айтқаны үшін де ол «ұлтшыл» атанды. Соның салдарынан оны қатарынан үш рет Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынғанымен, бұл марапатты көзі тірісінде ала алмай кетті. Генералдарға сабақ беріп жүргенімен, шені полковниктен әрі көтерілмеді. Концлагерьде өрімдей жастар өріп жүрді. Бар-жоғы 18 бен 22 жас аралығындағы олар өмірге құштар еді. Жылт еткен бір жарық сәуле үшін жанталасты. Қалай да өліп қалмаудың амалын ойластырды. Тірі қалу! Бұл жарық дүниенің есігін ашқан әрбір адамның басты арман-мақсаты емес пе? Ал, аса қатыгез фашист түрмесінде отырғандардың алдынан үміт шамы түпсіз тұңғиықтағы бозамықтанған сәуледей арбап, өзіне шақырады. Денесінде қырым еті жоқ. Әбден қалжыраған тірі әруақ санасы сарсылғанда тірі қалудың амалын таппай, басын тауға да, тасқа да соғатыны рас қой. Өмір мен өлім арасындағы тайталаста тағыға айналып кетпегендеріне тәубе деу керек те шығар. Самат азап лагерінде мыңдаған мұсылман барын білді. Шегініс. 1941 жылғы шілде айының ортасында Қызыл Армия бір миллионнан астам солдаты мен офицерінен айырылды. Олардың 724 мыңы тұтқынға түсті. Сол жылғы қараша айына қарай неміс лагеріндегі кеңестік тұтқындар саны 3,6 миллионға жетті. Орыс генералдарының стратегиялық қателіктері, Кеңес Одағы әскерлерінің соғысқа дайын еместігі, май-дан қарсаңында елде кең көлемде саяси қуғын-сүргін жүріп өткеніне қарамастан, ұлттар әкесі – Сталин 1941 жылы «менде тұтқын жоқ, тұтқынға түскен «халық жаулары» деп мұртын ширатты. Кеңес өкіметінен келісті көмек көрмесе де, жарытымды жақсылық сезінбесе де тұт-қындар қолдарына қару ұстап, қызыл әскерге қарсы шығуды ойларына да алмады. Кеңес үкіметі орнаған жерде Атамекен қалып еді. Онда ата-бабалар, заузатының сүйектері жатыр. Сондықтан, тұтқындар тірі қалып, туған жерге табан тіреуді ғана ойлады. «Түркістан легионы» құрамында, «Түркістан Ұлттық Комитеті», «Түркістан Ұлттық Кеңесі» ұйымдарына мүше болғандарға кеңес өкіметі аяушылық танытқан жоқ. Оларды РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабы деген «бүйі» күтіп тұрды. Соғыс өрті басылды. Тұтқында болған солдат елге оралуға асықпады. Ол Сталиннің тұтқындарды жау деп санайтынын білетін еді. Польшада қара жұмысқа жегілді. Бельгияда болды. Одан Қытайға қашты. Ақырында Түркиядан тұрақ тапты. Алдынан жылт еткен сәуле көрінгендей болды...

Төрт жыл тозақ отында

Неміс басқыншылары Мелитополь қаласына (Украинадағы) басып кіргенде Мария Салихова небәрі 14 жастағы оқушы еді. 1941 жылғы 12 сәуірде вагонға тиеп бір топ тұтқынды Германияға әкетеді. Осы азап вагонында қаршадай Мария да келе жатыр еді. Олар Эссен қаласындағы «Кременплатц» концлагеріне түседі. Үш қатар тікен сыммен қоршалған концлагерьден қашып шығу тұтқындардың түсіне де кірмейтіндей. Брезенттен тігілген киім қыста суық тартса, жазда ауа өткізбей ыстықтатады. Мұнда 3 мыңдай қыз жатты. Таңертең бір бөлке нанды 20 қыз бөліп жейтін. Қыздар зауытта жұмыс істеді. Ал, қуыршақтай Марияның қолына сыпыртқы ұстатты. Жас екен демеді, темір қалдықтарын арбаға тиеп, сыртқа шығаратын Марияның жон арқасынан талай рет темір трос осып өтті. Қарлығаштай қыздың қолдарын темір жаңқалары тілім-тілім етті. Оларды гестапо жендеттері қабаған иттермен күзетті, қабығы аршылмаған, құрттап кеткен картоптан сорпа істеп, бір мезгіл ыстық тамақ бергенсиді. Ал, кешке тағы да 20 қызға бір бөлке нан тастайды, осы азапқа шыдай алмай, талай қыз өліп кетті. Олардың денесі крематорийде өртелген. Кейін, оны, Швейцария шекарасына жақын орналасқан Мельхове қаласындағы «Мельхаузен» концлагеріне ауыстырады. Мұнда да талай мехнатты бастан кешіреді. Мұндағы жантүршігерлік қорқыныш әр үш күн сайын 8 итке 8 қызды жегізеді екен. Осындай күндердің бірінде қыздардың бірі түн жамылып көрпесінің ішінде шұжық, сыр, ақ нан жеп отыратынын қыздар байқап қалады. Сөйтсе, бұл қыз немістердің тыңшысы екен. Тамақты теңдей бөліп бермеген әлгі қызды әшкерелеген бойжеткенді коменданттар дарға асады. Бірде Марияны лагерьдің ауруханасына жатқызады. Сөйтсе, ол аурухана емес, зертхана көрінеді. Солқылдап жылап отырған қыз бұл жерде адамдарды жақсылап күтіп, кейіннен керекті ағзасын кесіп алып, өзін итке тастайтынын жеткізеді. Бүгін осы сорлы қыздың кезегі көрінеді. Содан бұлар түнде ауруханадан қашпақ болады. Ағаштан жасалған аяқ киім дәрігерлерді оятып жіберуі мүмкін. Сондықтан, олар жалаңаяқ жүреді. Дәрігердің ұйықтап отырғанын көрген қыздар ауруханадан қашып шығады. Сәтін салғанда дәл осы кезде ауруханаға бомба түсіп жарылады да күзетшілер, неміс солдаттары өздерімен-өздері болып кетеді. Мария сасқалақтап жүріп лагерьге қайта келгенде өртке оранған құрбыларын көріп талып қала жаздайды. Осы кезде бір ересек қыз оларды бастап жолдың ар жақ бетіне өткізеді. Өліп-өшіп жүгіріп келе жатқан қыздарды Швейцария солдаттары шекарадан әрі алып өтеді. Швейцарияда олар Севис қаласында жұмысқа орналасады. Осында жүргенде Қызыл Армияның Жеңіске жеткенін естиді. Әке-шешелері мен бауырларын немістер атып тастаған үш-төрт қыз барар жері болмағандықтан осында қалады да, Мария елге қайтады. Мелитополь қаласындағы үйі үйіндіге айналыпты. Көзі қарауытып, жерге отыра кетеді. Немістер Марияның әкесі мен алты бірдей бауырын атып тастапты. Анасы мен сіңлісі ғана аман қалыпты. Анасы мен сіңлісімен аман қауышқан қуанышы ұзаққа бармайды. Әр үш күн сайын Марияны тергеудің астына алады. «Тұтқында болдың, сатқынсың» деп еш жерге жұмысқа да алмайды. Анасы мен сіңлісіне масыл болғысы келмеген Мария Ташкентке тартады. Мұнда барлық азық-түлігін жоғалтып аңырап отырғанда ерлі-зайыпты башқұрт кісілер мұны Қазақстанға бірге алып өтеді. Жетісай қаласында құрылыс жұмысына ғана қабылдайды. Қыш құяды, сылақ сылайды. 1946 жылы Жасұзақ Қарсыбаев деген қазақ жігітімен танысады. Ол да құрылысшы еді, екеуінің дәм-тұздары жарасып, шаңырақ көтереді. Кейіннен Украинадағы анасы мен сіңлісінің Қазақстанға көшіп келуіне ықпал жасайды. Сіңлісі «Үлгілі» ауылының қазақ жігітіне тұрмысқа шығады. Татар қызы Мария Якубқызы қаршадайынан қиындық көргендіктен бе, пысық та зерек еді. Өзінің еті тірілігі арқасында бірнеше жыл хат тасушы болып қызмет етті. Аудандық кеңеске депутат болып сайланды. Мария жолдасы Жасұзақпен 47 жыл тату-тәтті бірге тұрды. 9 ұл-қыз сүйді. Қазір олардан 30 немере, 20 шөбере сүйіп отыр. Төрт жыл тозақ отында азап шеккен Мария әжей қасіретті күндерді еске алса, әлі де денесі дір етеді. Тоқсанның бесеуіне келсе де арқасындағы және жүрегіндегі жара әлі жазылмаған. Бірақ, ол тағдырына «тәуба» дейді. Тозақ отынан аман қалып, қазақ жігітімен табысқанына разы. Қазір ұл-қыздарының, немере-шөберелерінің тілеуін тілеп отырған бақытты әже.

Үміт шоғы

Г.Гервардт «Гитлер мен Сталиннің арасында» (1982 жыл) деген кітабында тұтқындардың 80 пайызы аштық пен аурудан өлгенін жазады. Польшадағы Ченстохан концлагерінде 40 мың түркістандық тұтқынның 25 мыңы ғана бостандыққа шыққан екен. Неміс лагерьлеріндегі түркістандық тұтқындарға тек Мұстафа Шоқай ғана қол ұшын соза алды. Кеңес Үкіметі кезінде осы кісінің аты аталса-ақ болды, «сатқын» деп ұлардай шулап шыға келетін бір жаман әдет қыр соңынан қалмай-ақ қойды. Ол 1941 жылдың тамыз-қараша айларында Просткен, Сувалки, Пагеген, Дебиса, Ярослау, Лемберг, Эбенрод, тағы басқа да лагерьде болып, ортаазиялық тұтқындардың жағдайымен танысады. Міне, осы кезде ол түркістандық (ортаазиялық) жастарды Кеңес Үкіметі тажал оғына қалай алдап салғанын естиді. Кеңес Үкіметінен қуғын көрген, мынандай сорақылықтарды білген ол енді қалай шыдап отыра алады? Әрине, ол сол кезде Кеңес Одағына қарсы күресе қалайын деген жоқ. Қайткенде, қандастарын ажал тырнағынан аман алып қалуға тырысты. Ретін тауып, тұтқындарды жұмысқа орналастыруды ойластырды. Қазақ тұтқындары қолына түскен қағаздарға, газет қиындыларына араб, латын, орыс әріптерімен М.Шоқайға мына қорлық пен азаптан аман алып қалуын сұрап мыңдаған хат тапсырды. Солардың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысынан келестік темір ұстасы Сәрсенбай Қараев пен сайрамдық 22 жасар Әмірбек Жаңабеков те «бір үміт шоғы жылт етер ме екен» деп үшбу хат жолдайды. Соғыс жылдарындағы қатыгездіктің қайсыбірін айта береміз. Неміс жендеттері адами құндылықтарды, ар-иман атаулыны жинап қойып, адамдарды айуандықпен жазалады. Тырнақтарының астына ине шаншыды. Улы түтінді камераларда сағаттап ұстады. Тірідей өртеді. Бұл аздай терілерін тірідей сыпырып, одан түрлі бұйымдар жасады. Ал, арада 74 жыл өтсе де аталарын, бауырларын «хабарсыз кетті» деп әлі де күтіп жүргендер қаншама?! Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы 1995 жылы Жеңіс мерекесінің 50 жылдығына орай көрме өткізеді. Көрмені тамашалауға келген көрермендер арасынан Ақтау қаласының тұрғыны Лесицын адам терісінен жасалған портмоне тапсырады. Портмоненің ені 10 сантиметр, ұзындығы 15,3 сантиметр екен. Ол төрт бөлімнен тұрады. Матамен астарын жасаған. Осындай азап пен тамұқ отына қай жауынгер өз еркімен түседі? Мүмкіндіктері таусылғандықтан Мария сияқты мұңлықтар соғыс тұтқынына айналмады ма? Ал, біз оларды қара тізімнен әлі де сызып тастағымыз келмейді. Өкінішті-ақ...

***

Бала кезіміз. Біздің ауылда да немістердің тұтқынында болған бір топ көкелеріміз бар еді. Мұғалімдер жетіспеді ме, әлде ыңғайы солай келді ме, бір ағайымыз тіпті, бізге неміс тілінен сабақ берді. Бір жәкеміз кеңшардың бас экономисі еді. Тағы бірі қойманың кілтін ұстады. Қалай дегенде де олардың өмірге деген құлшыныстары ерен болатын. «Сталин өлгеннен соң ақталып оралды ғой» дейтұғын сол көкелердің көбісі шешіліп сыр айта бермеуші еді. Міне, аласапыран кезеңнен бері де 75 жылдай уақыт өтті. Елдер тұтастығы мен ерлігінің мызғымас достығының айқын көрінісі деген Ұлы Отан соғысына басқаша баға берушілер де табыла бастады. Қалай дегенде де ол Отанды қорғап қалуға арналған жорық екенін неге ұмытамыз? Сондықтан, Ресей Федерациясы, Украина, Белоруссия елдері соғыс тұтқындарын ақтап алуға күш жұмсап отыр. Мәңгілік Ел идеясының басты ұраны – тәуелсіздік, теңдік. Осындай кезеңде түпсіз тұңғиық тамұқ пен тажал отына өз ықтиярынсыз, мәжбүрлікпен түскендерді ақтап алу Қазақстан халқының тұтастығы үшін де таптырмас тәсіл болар еді. Үміт шоғы жүректерінде өшпей кет-кен марқұмдардың алдындағы үлкен парызымыздың бірі де, міне, осы.

Сабыр ДӘНІҚҰЛҰЛЫ, журналист

610 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз