• Тарих толқынында
  • 24 Маусым, 2019

ЦИФРЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Данияр Қырықбаев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалының директоры

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының ашылуы – еліміздегі саяси интег-рацияның нышаны. Орталық Конституциялық нормалар мен нарықтық қоғам талаптарына сай, азаматтарға қолайлы негізде 2007 жылы өз жұмысын бастады. Халықтың құжат мәселесін реттеуде орталықтардың ашылуы – үлкен құбылыс болды. Бұрын бір анықтама алу үшін бітпейтін кезек пен түрлі кабинеттерге алтын уақытын сарп ететін халық, «Халыққа қызмет көрсету орталығы» арқылы барлық  құжаттарын  бір демде реттеу мүмкіндігіне ие болды.

Мемлекеттің даму сатысы жоғарылаған сайын халықтың сұранысы да арта түсетіні белгілі. Көпшілік «бір терезе» деп атаған бұл мекеме әртүрлі жаңғыртулар мен оңтайландыруларды бастан өткере отырып, бүгінде ешкім күтпеген жетістіктерге жетті. Алғаш құрылғанда, 25 мемлекеттік қызмет түрін көрсеткен орталықтар бүгінде 752 қызмет түрін көрсететін үлкен мемлекеттік корпорацияға айналды. Тұңғыш Президент 2015 жылдың 19 қарашасында «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» аясында, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын құру туралы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған еді. Соның нәтижесінде Канададағы Canada Service және Австралиядағы Centrelink үлгісі бойынша мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдеріне айналатын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылды. Мемлекеттік корпорация халыққа қызмет көрсететін барлық орталықтарды бір жүйеге интеграциялап, Қазақстан азаматтары мемлекеттік қызметтерді бір жерден алатын етті. Яғни, мемлекеттік корпорация азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша барлық мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін құрылған, мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдері ретінде жұмыс істеді. Осылайша Халыққа қызмет көрсету орталықтары құрылымында 2016 жылдың сәуір айынан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы өз жұмысын бастады. Жаңа мемлекеттік корпорация төрт мемлекеттік кәсіпорынды біріктірді: Халыққа қызмет көрсету орталығы, Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы, Жылжымайтын мүлік орталығы және Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы. Бірыңғай құрылым республика бойынша 21 мыңнан астам қызметкерлерді біріктірді, мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдері болды. Халыққа қызмет көрсетудің сан түрлі саласы заманға сай технология құралдарының көмегіне жүгініп, қолжетімділік деңгейі арта түсті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының «Тиімді мемлекеттік басқару», яғни, 8-бағыты аясында мемлекеттік электрондық қызметтерді дамытуға басымдық берген еді. Бүгінде халыққа мемлекеттік қызметтерді ұсынудың «бір терезе» әдісінен «бір өтініш» түріне дейін өзгерту бағытында жұмыстар қолға алынды. Азаматтар көптеген қызметтерді ХҚО-ға келмей-ақ үйде отырып алатын деңгейге жетті. Азаматтар үшін сапа, жайлылық және ба-рынша оңайлату мемлекеттік корпорацияны дамытудың басты басымдықтарының бірі болып табылады. Электрондық қызмет көрсетудің фронт-офистердегі жайы халыққа ыңғайлы қызмет көрсету мақсатындағы «Электрондық кезек» жұмыстарынан басталды. Бұл жұмыстың мақсаты – көрсетілетін қызмет түрлерінің сапа деңгейін көтеру, ХҚКО-да жұмыстың нәтижесін көрсетіп отыратын «негізгі нәтижелілік көрсеткіштерін» (KPI) айқындау. Ол бойынша орталық қызметкерінің қызметін бағалау ережелері анықталады. Мысалы, қызметкер азаматтармен диалог жүргізу кезінде сабырсыздық, дөрекілік танытып немесе қызмет көрсету уақытын стандартқа сәйкес пайдаланбаса, қызмет көрсету аяқталған соң, белгілі бағалау жүйесін басу арқылы базалық бағалау жүргізеді. Елбасының «100 нақты қадам» бағ-дарламасында мемлекеттік қызметті сапа менеджменті ISO 9000 сериясына сәйкес халықаралық сертификаттаудан өткізу міндеті қойылған-тын. Корпорация құрылғаннан кейін, аталған тапсырманы орындау мақсатында 2017-2018 жылдары сапа менеджменті жүйесінің халықаралық стандарт қағидаттарын енгізу, қызметкерлерді оқыту жұмыстары жүргізіліп, мекеме қызметі біріздендірілді. ISO 9001:2015 халықаралық стандартының талаптарына сай келу сертификаттау аудитін германиялық TUVThuringen Е.V. компания-сы жүргізді. Бұл ретте халықаралық стандарт талаптарына жауап беру – мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа ауыстыруға қатысы бар бизнес процестерді үнемі жетілдіріп отыруға мүмкіндік береді. Бұл халыққа қызмет көрсету орталығының қызметіне жүгінетін халық санын азайтуға, корпоративті және сервистік мәдениет деңгейін көтеруге, сондай-ақ корпорация қызметкерлерінің құзыреттілігін дамытуға ықпал етеді. Ал, жалпы мемлекеттік қызметтерге келсек, «Электронды үкімет» бағдарламасындағы электрондық қызметтер (E.gov.kz сайтындағы жаңашыл істер) алға басуда, яғни, халық арасында үлкен сұранысқа ие қызмет түрлері соның ішінде көптеген анықтамалар автоматтандырылды. Мұнымен қоса, әлеуметтік маңыздағы қызмет түрлері де жетілдіріліп келеді. Бұл үдеріс әлі де жалғасуда. Азаматтар өз үйінен шықпай-ақ интернет желісі арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны, бір реттік SMS хабарламаны пайдалана отырып, электрондық анықтамалар мен басқа да электрондық қызмет түрлерін осы аталған порталдан ала алады. Егерде, интернет желісі болмаған жағдайда ЭЦҚ бар өтініш беруші ХҚО-ға келіп, Қоғамдық қол жетімділік пункті арқылы электрондық қызмет түрлерімен бірге салықтар, өсімпұлдар, жол жүру ережесін бұзғаны үшін айыппұл төлеу және т.б қызметтерді кассаларға кезекке тұрмай-ақ пайдалануға болады. Қазіргі таңда мемлекеттік корпорацияның әрбір фронт-офисі өзіне-өзі қызмет көрсету «Connection Point» секторымен жабдықталған, ол жерде «электрондық үкімет» порталы және басқа да мемлекеттік ресурстарға шығу мүмкіндігімен қамтамасыз етілген жұмыс орындары ұйымдастырылған. Өзіне-өзі қызмет көрсету секторында азаматтар өз бетінше ЭЦҚ алуға өтінім беруге, сондай-ақ электрондық қызмет пен сервистер алуға мүмкіндігі бар. Бүгінде реестрдегі 752 мемлекеттік қызметтің 621-і, яғни, 83% электрондық форматта қолжетімді. Жыл өткен сайын электрондық жолмен көрсетілетін қызмет саны өсіп отырады, 2020 жылы оның үлесі 90% құрауы тиіс. Мемлекеттік қызметтерді ұсынудың жаңа нұсқасы болып табылатын цифрлық ХҚО-лар ашу, өмірлік қажетті мемлекеттік қызметтер проактивті тәсілмен ұсыну, композиттік қызметтер және т.б. көптеген жұмыстар қолға алынуда. Халық үшін мемлекеттік қызметтердің барынша оңай әрі тез көрсетілуіне мүдделіміз. Мәселен, мемлекеттік корпорацияның маңызды стратегиялық бағыттарының бірі саналатын - азаматтар мен бизнеске цифрлық нұсқада қызмет көрсететін цифрлық ХҚО-лар ашу қолға алынуда. Мұнда азаматтар өз бетінше қоғамдық қолжетімділік орындары, өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары және арнайы стенд-павильондарындағы планшеттер арқылы электрондық өтініштер береді. Осыған мысал ретінде Алматы қаласындағы Алмалы аудандық ХҚО-ны айтуымызға болады. Бөлім бір реттік SMS құпия сөзін пайдалану арқылы немесе жеке куәлікпен электрондық қызметтерді алуға арналған 37 орындық цифрлық қызметтер секторымен, сонымен қатар, 4 қоғамдық қол жеткізу пунктімен жабдықталған. Қызмет алушылардың мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына бейне-байланыс жүйесінде өтініш беруіне арналған кабина, онлайн бейне-кеңестер алуына арналған бұрыш бар. Мұнан басқа, ХҚО-да egov.kz, elicense.kz және басқа порталдарда өз бетінше мемлекеттік қызметтерді алу мен жұмыс істеу дағдыларын үйренгісі келетіндерді оқытуға арналған сынып жабдықталған. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында іске қосылған сервистердің бірі – мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен ұсыну. Мұны өркениеттің бас-ты белгілерінің бірі десек те болады. «Проактивті формат» қағидаты бойынша азамат қызмет алуға жүгінбейді, мұнда мемлекет телефон арқылы мемлекеттік қызметті алуды ұсынады. Проактивті форматтағы алғашқы қарлығаш бала тууға байланысты мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен ұсыну қызметі болды. Бұл жобаға сәйкес, жаңа босанған әйелдер телефон арқылы сәбиін тіркетіп, туу туралы куәлік жасатып, балабақшаға кезекке қойып, тіпті тиесілі жәрдемақыларды рәсімдей алады. Яғни, балалы болған ата-анаға туу туралы куәлік алу үшін баланың аты-жөнін, жәрдемақылар тағайындау үшін шот нөмірін және бала-бақшаға кезекке қою үшін мекен-жайын көрсету ұсынысымен автоматты түрде SMS-хабарлама келеді. Нәтижесінде, өтініш беруші ХҚО-ға дайын құжаттарды алып кету үшін ғана барады немесе үйге жеткізу қызметіне тапсырыс бере алады. Алдағы уақытта тағы да өмірлік жағдайлар бойынша бірқатар мемлекеттік қызметтерді проактивті форматқа көшіру көзделген. Жоба іске қосылғалы бері республика бойынша 69 мың баланың құжаты осы онлайн әдіспен рәсімделді. Ал, композиттік қызмет дегеніміз – тұрғындар мемлекеттік корпорацияның фронт-офистеріне бармай-ақ бірнеше қызметті бірден алу мүмкіндігі. Біз бұрын «бір терезе» десек, енді «бір өтініш» қағидатына қадам бастық. Корпорация құрылғалы 105 мемлекеттік қызмет түрі оңтайландырылды, 117-сі мүлде алынып тасталды. Кейбір қызметтер бойынша талап етілетін құжаттар саны мен қызмет көрсету мерзімі қысқартылды, еш ақпараттық мән-маңызы жоқ қызметтер жойылды. Бірнеше қызметті бірден алу, яғни, композиттік қызмет түрі азаматтар үшін уақыт үнемдеу жағынан ғана емес, қаржылық тұрғыдан да тиімді. Мысалы, жер учаскесіне қатысты төрт түрлі қызмет «Мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін беру» деген атаумен бір мемлекеттік электрондық қызметке тоғыстырылды. Тағы бір мысал, мүгедектікті белгілеген жағдайда медициналық-әлеуметтік сараптаманың шешімі бірден Электрондық үкіметтің порталына қойылады да, осы мәліметке сәйкес, мемлекеттік корпорация жәрдемақыны тағайындап, ал, жергілікті атқарушы орган қажетті көмектерді (мүгедектерге арналған арба, тифлоқұрал, т.б.) көрсете береді. Осылайша, қызмет алушы екі органға бармай-ақ, көп құжаттың орнына бірнеше құжатты ғана жинайды. Іске қосылған тағы бір қолайлы сервис,«Азаматтарға арналған үкі-метті» қағазбастылықтан құтқаратын «Анықтамасыз қызмет» сервисі. Енді азаматтар мемлекеттік органдарға мекен-жай анықтамасын, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және жылжымайтын мүліктің болуы-болмауы туралы анықтамаларды қағаз жүзінде апаруға міндетті емес. Электрондық үкімет порталында «Анықтамасыз қызмет» – «Paper free» сервисі іске қосылған. Пилоттық жобаға сәйкес, SMS-хабарлама арқылы қызмет алушының рұқсаты расталған жағдайда, үшінші тұлғаларға ақпараттық анықтамалар ұсынуға мүмкіндік береді. Paper free – қызмет алушының рұқсаты расталған жағдайда, Мемлекеттік органдар мен жеке ұйымдарға Электрондық үкімет арқылы анықтама беру қызметі. Бұл қызмет түрі ХҚО қызметкерлерінің қатысуынсыз өтеді. Ал, азаматтар жеке мәліметтерін беру-бермеу жөнінде шешімді өздері қабылдап, SMS-хабарлама арқылы жауап береді. Бұл сервисті қолдану үшін мобильді азаматтар базасына тіркелу қажет. «Анықтамасыз қызмет» механизміне сәйкес мүдделі тұлға электрондық үкімет порталында авторизациядан өтуі тиіс. Сосын, «Үшінші тұлғалардың анықтама алуы сервисі» бөлімін таңдап, қай азамат туралы мәлімет алғысы келеді, соның жеке сәйкестендіру нөмірін жазуы тиіс. Егер, азамат мобильді азаматтар базасында тіркелген болса, мүдделі тұлға анықтама түрін таңдап, өзінің электрондық-цифрлық қолтаңбасымен қол қояды. Сол сәтте портал автоматты түрде азаматқа SMS-хабарлама жолдап, үшінші тұлғаға мәлімет беру-бермеу жөнінде шешім қабылдауды сұрайды. Азамат екі сағаттың ішінде жауап беруі тиіс. Сондай-ақ, бүгінгі таңда азаматтарды онлайн тіркеу бір жүйеге түсті. Бұрынғыдай сағаттап кезек күтудің қажеті жоқ, 10-20 минутта тіркелуге болады. Бұрын электрондық үкімет порталы арқылы тіркелгенде, 10% АЕК көлемінде мемлекеттік баж төлеу міндеттелетін, жаңа ережелерге сәйкес, енді, салық төленбейді. Сондай-ақ, бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт офисіне келіп, жеке куәлік чипына тіркеу туралы деректер жазбасын енгізу үшін көші-қон қызметкеріне жүгіну қажет еді. Бүгінде портал арқылы тұрғылықты жер бойынша тіркелу рәсімі жеңілдеді. Жылжымайтын мүлік иесі және тіркелетін азамат egov.kz порталында авторизациядан өткеннен кейін, тіркелуші өтініш беріп, меншік иесі өзінің электрондық-цифрлық қолтаңбасымен растауы тиіс. Өтініш берілгеннен кейін деректер шамамен 10 минутта өңделеді, содан кейін тіркелген мекен-жай бойынша анықтама алуға тапсырыс беру мүмкіндігі беріледі. Бұл қызметке электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) бар кез-келген азамат Қазақстанның барлық аймақтарында қол жеткізе алады. Сонымен қатар, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «SmartPay» провайдерімен бірге пилоттық тәртіпте fastpay.kz онлайн-сервисін іске қосты. Енді қолма-қол ақшасыз есептесуді қалайтын азаматтар кең таралған 37 мемлекеттік қызметтің ақысын тек қана банк карталары арқылы ғана емес, «WebMoney», «Qiwi» и «WalletOne» электрондық әмияндары арқылы да төлей алады. Сондай-ақ, fastpay.kz онлайн-сервисінің көмегімен көлік, жер және мүлік салығын, әкімшілік айыппұлдар мен жол ережесіне қатысты айыппұлдарды төлеуге болады. Алдағы уақытта бұл тізім толыға түседі. Жаңа сервис – мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттырып, халыққа қызмет көрсету саласын цифровизациялауға жасалған кезекті қадам. Енді, осы сервис іске қосылғандықтан, қызмет алушылар кассаға кезекке тұрмай-ақ, интернет желісі қосылған смартфон немесе басқа да гаджетпен www.fastpay.kz сайтына кіріп, тиесілі мемлекеттік қызметке шұғыл түрде төлем жасай алады. Төлем жасалған соң, азаматтың электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті мен электрондық поштасына электрондық чек бекітілген хабарлама келіп түседі. Жеке мәліметтерді бұғаттау сервисі. Жеке мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін азаматтар өзі туралы жеке ақпаратты толықтай бақылай алатын жоба да – биылғы жылдың жемісі. Басқаша айтқанда, тіпті ХҚО қызметкері де жеке мәліметтерді көре алмайды, операторлар қандай бір жеке мәліметтерге қол жеткізу үшін азаматтардың SMS рұқсатын алуы тиіс. Бұл жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетінде мәліметтерге қолжетімділікке тыйым салу функциясы іске қосылады. Әрбір портал қолданушылары осы функция арқылы өзінің жеке мәліметтеріне қолжетімділікті қоса алады және жауып тастай алады. Бұл орайда тыйым салу функциясын тек жеке кабинет арқылы ғана жасауға болады. Екінші кезең – жеке мәліметтерге қолжетімділікті жабу функциясын өшіру үшін SMS сервисті іске қосу. Яғни, егер, қолжетімділік бұғатталған болса, азаматтың ЖСН-ның жүйеге енгізген кезде ХҚО операторы қолжетімділікті ашу туралы SMS-хабарлама алады. Көрсетілетін қызметті алушыдан SMS-рұқсатын алған жағдайда ғана фронт-офис жұмыскері қандай да бір мемлекеттік қызметті көрсете алады. EgovKzBot телеграмм-боты арқылы да мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік бар. Бот арқылы өзіңізге жақын жерде орналасқан ХҚО туралы біліп, сондай-ақ бала тууға байланысты проактивті қызметтерді алу мүмкіндігі туады. Басқаша айтқанда, туу туралы куәлікке тапсырыс беру, бала туу бойынша жәрдемақыларды рәсімдеу және сәбиді балабақшаға кезекке қою тіпті жеңілдей түсті. Мемлекеттік қызметтерді телеграм-бот арқылы алу үшін «Мобильді азаматтар базасына» тіркелу қажет, яғни, eGov.kz порталындағы жеке кабинетте телефон нөміріңізді ЖСН-ге бекітіп, өз гаджетіңіздегі Telegram мессенджерінде ботты іске қосу керек. Сосын, алдын-ала белгіленген командаларды жолдап, SMS-кодпен растау арқылы анықтамалар мен сервистер туралы ақпаратты сұрата аласыз. Сондай-ақ барлық ақпаратты қолданушының электрондық поштасына жолдау мүмкіндігі де қарастырылған. Бүгінгі таңда 3 мыңнан астам балаға осы телеграм-бот арқылы туу туралы куәлік рәсімделіп, мыңжарымдай сәби балабақша кезегіне қойылып, бес жүзден астам ана жәрдемақыларын рәсімдеген. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтерді видеоқоңырау арқылы да алуға болады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы CISCO компаниясымен бірге мемлекеттік қызметтерді қашықтықта онлайн тәртіпте ұсыну жобасын жасады. 20 мемлекеттік қызметті видеобайланыс арқылы алуға болады. Желілік технологиялар видеоқоңырау арқылы 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, қызметтерді алуға өтінім жасауға мүмкіндік береді. Осы жоба арқылы бірқатар ақпараттық анықтамаларға – мекенжай, соттылықтың бар-жоғы, зейнетақы төлемдері, тіркелген құқықтар, жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы және тағы басқа да анықтамаларға қол жеткізуге болады. Сондай-ақ видеоқоңырау арқылы электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алуға өтінім беріп, мобильді азаматтар базасына тіркелуге болады. «Азаматтарға арналған үкімет» мем-лекеттік корпорациясы жеке тұлғаларға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) беру процесін де жеңілдетті. Енді, ЭЦҚ алу үшін ҚР Ұлттық куәландырушы орталығының (pki.gov.kz) порталы арқылы алдын-ала өтінім беріп, жеке тұлғаны растау үшін ХҚО-ға барудың қажеті жоқ. Бірден ХҚО-ға келіп, электрондық кезек талонымен маманға тікелей жүгінсе, оператор барлық қажетті өтінімдер мен операцияларды өзі орындайды. Барлық процеске шамамен 5 минут уақыт кетеді. Қызмет алушы өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжат пен usb тасымалдау-шыны әкелуі тиіс. Өткен жылы биометриялық параметр-лер негізінде мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік беретін пилоттық жоба іске қосылды. Енді қызмет алушылар ХҚО-лар мен электрондық үкімет порталында төлқұжат пен ЭЦҚ-ны пайдаланбай-ақ, саусақ ізі және бет-бейнесін сканерлеу арқылы тұлғасын растай алады. Биометриялық сәйкестендіру әдісін енгізу – бөтен адамдардың құжаты негізінде сәйкестендіру қаупін жоя отырып, қазақстандықтардың мемлекеттік қызметті сапалы алуларына жол ашады. Биометриялық мәліметтер базасы арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсету механизмі қызмет алушылардың ХҚО және Электрондық үкімет порталында төлқұжат пен электрондық цифрлық қолтаңбасыз, азаматтардың саусақ ізі мен бет-әлпетінің скан бейнесі деректерін пайдалану арқылы мемлекеттік қызметтерді ұсынуға саяды. Қызмет алушыларды биометриялық мәліметтер базасында тіркеу – ерікті түрде жүргізіледі. Азаматтар тиісті рәсімдерден кейін ғана саусақ пен бет-жүзі деректері негізінде мемлекеттік қызметтерді ала алады. Әзірге саусақ ізі мен бет-бейне деректерін Алматы қаласындағы Бостандық ауданының ХҚО-да қалдыруға болады. Арнайы терминалға саусағын басқан қазақстандықтар осылайша елуден астам анықтаманы ала алатын болады. Бүгінде республика бойынша 6500-ден астам азамат ерікті түрде осы базаға биометриялық мәліметін қалдырған. Бұл биометрия әдісін болашақта қаржы, қауіпсіздік, коммерциялық қызметтер саласында қолдануға болады. Бұл жаңа сервистер – мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттырып, халыққа қызмет көрсету саласын цифрландыруға жасалған қадамдар. Әлеуметтік төлемдердің ведом-ствоаралық есептеу бағыты бойынша, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы төлемін тағайындау әдісі өзгертілді. Қайта есептеу қосымша құжаттарды талап етпестен жүргізілді, яғни, зейнеткерлер Мемлекеттік корпорацияға өтініш жасамады, себебі зейнетақы жинақтарын беру туралы деректер базасында берілген ақпаратқа сәйкес, зейнетақы және зейнетақы жинақтарында зейнетақыға қатысты мәселелер туралы ақпарат бар. Базалық зейнетақыны тағайындау 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты, әйелдерге 58 жастан 6 айға дейін, 63 жастағы ерлерге жалпы зейнеткерлік жасқа жеткен кезде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап, бала кезінен бастап бірінші топ мүгедектігі үшін айлық мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Балалық шақтан бастап бірінші топ мүгедектігі бойынша жәрдемақы мөлшері 1.05 айлық жалақыны құрайды. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап алынған өлшемдердің 7% -ға артты. Жылжымайтын мүлікке құқықтар тіркеу бойынша. Өздеріңізге белгілі, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2018 жылғы 24 мамырдағы заңда кейбір түзетулер қабылданып, олардың нәтижелері бойынша жылжымайтын мүлікке байланыс-ты құқықтарды тіркеу бойынша қызметтер әділет органынан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-на берілді. Осыған байланысты 2018 жылғы 30 шілдеден бастап Басқарма жылжымайтын мүлікке байланысты, құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) мемлекеттік тіркеуге алады, өзгертеді және тоқтатады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 23 қарашадағы № 1550 бұйрығымен Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 246 «Жылжымайтын мүлікке байланысты құқықтарды тіркеу және міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу мәселелері бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің стандарттарын бекіту туралы» бұйрығына өзгертулер енгізілді. Нотариалды куәландырылмаған мәмілелер бойынша мемлекеттік тіркеу қызметін көрсету мерзімі қызмет көрсетушіге өтініш келіп түскен сәттен бастап, бір жұмыс күнін құрайтыны «Жылжымайтын мүлікке байланысты құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) мемлекеттік тіркеу» мемлекеттік қызметінің стандартындағы елеулі өзгеріс болып табылады. Осыдан бұрын бұл қызмет 3 (үш) жұмыс күнінің ішінде жүзеге асырылатын. Автокөлік иелері үшін жасалған жағымды жаңалық – «Электрондық үкімет» порталында көліктерді тіркеу және көлік жүргізушісі куәлігін алмастыру қызметтері бойынша сервистердің іске қосылуы болды. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және мемлекеттік қызметтерді көрсету үдерісін жетілдіру мақсатындағы қосылған сервис бойынша тиісті құжаттар бір сағат ішінде рәсімделеді. Жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру үшін электрондық-цифрлық қолтаңба (ЭСҚ) қажет. Қызмет алушы еgov.kz порталында авторизациядан өткеннен кейін, электрондық өтінішті толтырып, ЭСҚ-мен қол қоюы тиіс. Өтінішпен қоса фотосурет пен қойған қолының скан-суретін де жолдап, сондай-ақ мемлекеттік баж салығын төлеу керек. Айта кетейік, жүргізуші куәлігінің баж салығы 1,25 АЕК құрайды. Қызметті онлайн тәртіпте рәсімдегеннен кейін, жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен толтырылған электрондық өтінішті және «Қызметтерді төлеу тарихы» бөлімінен мемлекеттік баж салығын төлеу туралы электрондық чекті басып шығару керек. Сосын, дайын құжатты алып кету үшін тұрғылықты жерде орналасқан мамандандырылған ХҚО-ға бара беруіңізге болады. Өзіңізбен бірге қағазға басып шығарылған өтініш пен чекті, ауыстыратын жүргізуші куәлігін, жеке басыңызды куәландыратын құжат, психиатрлық және наркологиялық диспансерден анықтама, 083-нысандағы медициналық анықтаманы апару қажет. Көлік құралын да онлайн тіркеуге болады. Бұған дейін көлікті сатушы мен сатып алушы өтінім беру үшін бір уақытта «Азаматтарға арналған үкіметтің» фронт-офисіне барып, қажетті құжаттарды тапсыруы тиіс еді. Енді азаматтар өтінімді үйден шықпай-ақ, онлайн тәртіпте жолдай алады. Қызметті онлайн алу үшін egov.kz порталында авторизациядан өтіп, сатылатын көлік жайлы ақпаратты енгізіп, айыппұлдар мен салық төлемдерін, техникалық жағдайын тексеруге сұраныс жолдау керек. Егер, қарыздар болса, электрондық портал арқылы өтеуге болады. Мұнан кейін автокөлікті сатып алушы азамат электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы сатушы қалдырған өтініммен танысып, айыппұлдарды тексергеннен кейін, нөмір белгісіне, көлік құралын тіркеуге және тіркеу туралы куәлікке төлем жасай алады. Сатып алушы өзінің ЭЦҚ-мен смарт-келісімді растаған соң, мамандандырылған ХҚО-ға нөмір белгісін алып кету үшін ғана келеді. Сондай-ақ, нөмірді үйге жеткізу қызметіне де тапсырыс беруге болады. Өткен жылғы мамыр айынан бастап, ҚР ІІМ автокөлікті тіркеу кезіндегі салыстыруды алып тастаған болатын. Енді, есептен шығару немесе көлікті тіркеу кезінде нөмірлік агрегатты тексертудің қажеті жоқ. Мұндай талап тек көлікті алғашқы рет тіркегенде қойылады. Сондай-ақ, жүргізуші куәлігінің мерзімі өткенге дейін ауыстыру немесе жоғалтып алған жағдайда медициналық тексерістен өтудің және психиатр, наркологтан анықтама әкелудің қажеті жоқ. Дегенмен, халық үйреніп қалған әдетінше мамандандырылған ХҚО-ға барғанды жөн санайды. Алматыда алғашқы мамандандырылған ХҚО ашылғалы бері 5 жылдың ішінде автокөлік иелеріне көрсетілетін қызмет көлемі бес есе артқан. Қала шекарасының кеңеюіне байланысты Алматы қаласы халқының саны бір жарым есе өсті. Сондай-ақ, мемлекеттік тіркеу нөмірін беру бойынша экстерриториалды қағидасы енгізілгеннен кейін, көлік саны арта түсті. Тіркелетін транспорттың 50%-н өзге қалалардан келген қызмет алушылар рәсімдейді. Олардың 80% – Алматы, 20% – Түркістан және Жамбыл облыстарының тұрғындары. Бұл Саялы шағын ауданы мен Майлин к-сі, 85 мекен-жайында орналасқан мамандандырылған ХҚО-лар жүктемесін көбейтті. Сол себепті, Алматыда тағы да Мамандандырылған ХҚО ашу қажеттігі туындады. Бүгінде қалада 5 МХҚО жұмыс істейді. Жаңадан ашылған мамандандырылған ХҚО-ларда көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын мониторингтен өткізу мақсатында ахуал орталығына қосылған бейнебақылау камералары орнатылған.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға

«Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекеттік қызметтерді көрсетуге көп көңіл бөлінеді, әсіресе, қол жетімділікті жақсартады. Осылайша, корпорацияның алдыңғы кеңселерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандустар мен шақыру түймелері, Брайль мәтіні бар ақпараттық белгілер, көру қабілеті нашар адамдарға арналған тактильді жолдар орнатылған. Мүмкіндіктері шектеулі адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі жұмысымыздың маңызы зор. Бұл пандустарға, инфрақұрылымға ғана емес, сондай-ақ жұмыс орындарын қамтамасыз етуге де қатысты. Алматы қаласының ХҚКО -да мүмкіндігі шектеулі 41 қызметкер жұмыс істейді. Жұмысқа қабылдауда да жеңілдіктер қарастырылған. Есту, сөйлеу қабілеті шектеулі жандарға онлайн сурдоаударма қызметі көрсетіледі. Ымдау тілінің білікті маманы нақты уақыт режимінде арнайы қосарлы монитормен ымдау тіліне аудару арқылы түсіндіруді қамтамасыз етеді.1-2 топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйіне барып, қызмет көрсетіледі. Ол үшін 1414 нөміріне қоңырау шалып, өтінім қалдырады.

Кәсіпкерлер үшін

Мемлекет басшысы бизнесті жүргізуді оңтайландыру мақсатында дамыған 30 елдің қатарына кіруді тапсырғаны бәрімізге мәлім. Мемлекет басшысының бизнес-ахуалды түбегейлі жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ҚР Үкіметі жүйелі түрде жүргізген жұмысының нәтижесінде Қазақстанның «Doing Business» рейтингісінде позициясын жақсартуда, 10 көрсеткіштерге негізделген, оның ішінде кәсіпорындардың тіркелуін жеңілдететін көрсеткіштерді қосқанда, мүлікті тіркеу, құрылысқа және электр желілеріне қосылуға рұқсат алу, несие алу, миноритарлы инвесторлардың құқықтарын қорғау және т.б. жүзеге асырылады. Doing Business рейтингісінде Қазақстан жетекші реформатор болып табылады және көптеген реформаларды жүзеге асырған мемлекет ретінде танылады. Олардың арасында ХҚО арқылы көрсетілетін қызметтер де бар. Шағын және орта кәсіпорындарды тіркеу үшін ақыны алып тастау, тіркеу мерзімін қысқарту және компания мөрін пайдалану туралы талапты жою арқылы кәсіпорындарды тіркеу рәсімдерін жеңілдетті. Ол сондай-ақ сатушының және сатып алушының нотариалды куәландырған тіркеу құжаттарын, техникалық төлқұжат алу туралы талапты алып тастау арқылы мүлікті беруді жеңілдетті. ХҚКО-ның негізгі оң қасиеттері, барлық азаматтар үшін бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ету, бір жерде әртүрлі органдардан құжаттарды дайындау қызметтерін алу мүмкіндігін, сондай-ақ құжаттарды орындаушылар мен азаматтардың арасындағы тікелей байланысын болдырмау болды. Осы жылы кәсіпкерлерге қатысты «бір өтініш» қағидаты іске қосылды. Ол бойынша Қазақстанда бизнесті www.egov.kz арқылы жылдам, әрі оңай ашуға болады. Электрондық үкімет порталында кәсіпкерлердің игілігі үшін «Банктік шот ашуды және қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезінде жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандыруды ескере отырып, заңды тұлғаны тіркеу» композиттік қызметі іске қосылды. Енді жеке ісін ашқысы келетін азаматтар үш қызметті бірден ала алады: заңды тұлғаны тіркеу, банктік шот ашу және сақтандыру туралы келісім-шарт жасау. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету барысында «бір өтініш» қағидатын қолданудың үлгісі болып табылады. Осы уақытқа дейін азамат заңды тұлғаны тіркегеннен кейін, банктік шот ашып, ҚҚС бойынша есепке қою үшін салық органына, содан соң, сақтандыру компаниясына баруы тиіс еді. Ал, осы бірнеше қызметті біріктірген композиттік қызмет Қазақстанда бизнес ашу үрдісін айтарлықтай жеңілдетеді. Енді екі күннің ішінде (өтініш берген күнді есептемегенде) заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуге алынғаны туралы куәлікті, банктік шот нөмірін және қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтау туралы қол қойылған келісім-шартты алуға болады. Айта кету керек, бұл композиттік қызметті қолдану үшін құрылтайшылардың электрондық-цифрлық қолтаңбасы болып, порталда тіркеуден өтуі тиіс.

Миграциялық ХҚО

Сондай-ақ, қыркүйек айында Алматыда шетелдік азаматтарға мемлекеттік қызметтер көрсететін көші-қон қызметтерін көрсету орталығы ашылды. Миграциялық ХҚКО-да құжаттарды қабылдау және тіркеу қызметтерін «Азаматтарға арналған үкіметтің» мамандары көрсетеді. Нәтижесінде, көші-қонға байланысты мемлекеттік қызметтер де «бір терезе» принципі бойынша бекітілген стандартқа сай ұсынылатын болды. Егер, бұрын резидент емес тұлға 6 түрлі ұйымға (салық, полиция, аурухана, сақтандыру компаниялары, фото салондар және банктер) барып, әр жерде кезекке тұруға мәжбүр болса, қазір бұл қызметтер бір жерде және «бір терезе» қағидаты бойынша, кедергісіз қызмет көрсету стандарттарына сай көрсетіледі. Бұл жерде медициналық тексеріс пен дактилоскопиядан өтіп, сақтандыру полисін рәсімдеуге және жеке сәйкестендіру нөмірін алуға болады. Бұған дейін шетелдіктер Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат алу үшін бес күн жүрсе, енді рұқсатты бір сағаттың ішінде рәсімдей алады. Жалпы, корпорация барынша жариялы түрде жұмыс істеуде. Мемлекеттік корпорация туралы барлық ақпаратты біздің gov4c.kz корпоративтік сайтынан алуға болады. Әлеуметтік желілерде де корпорацияның ресми аккаунттары бұқарамен байланыс үшін ашылған.

Азаматтардың цифрлық сауаттылық дағдыларын арттыру

Енгізіліп жатқан жаңашылдықтарды Қазақстан азаматтары игеруі үшін де көптеген жұмыстар жүргізілуде. ХҚО-ларда цифрлық оқыту сыныптары ашылып, белгіленген кестеге сәйкес цифрлық сауаттылық дағдыларын арттыру бо-йынша сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар, адам көп шоғырланатын орындарда (сауда орындарында, вокзалдарда, әуежайларда, соттарда және т.б.) мүдделі мемлекеттік органдармен бірге тұрақты негізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша кең ауқымды акция-лар мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Одан тыс, корпорация мамандары мекемелер мен ұйымдарға, университеттер мен институттарға, колледждерге, мектептерге барып, жаппай цифрлық қызмет алу дағдыларына оқытуда. Аталған игі шаралар тек мемлекетіміздің өсіп-өркендегенін, барынша дамыған ірі елдер қатарына кіруге күш жұмсап, еңбек етіп жатқандығын ғана көрсетіп қоймайды, бұл ілгерілеушілік Елбасымыз айтқандай, «Басты байлығымыз – халықтың қамы мен жағдайын жақсарта түсу» екендігін дәлелдей түседі. Яғни, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы азаматтардың уақытын үнемдеуді көздеп, қызметтерді жылдам, әрі тиімді жалғастыру үстінде. Халыққа цифрлық қызмет көрсетуде корпорацияның бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi мен бағыт-бағдарында көңiлге қонымды iстер көп. Өйткенi, жол айқын, мiндеттер нақты.

620 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз