• Заманхат
  • 24 Маусым, 2019

ТҮРКІЛІК ОРТАҚ ТАРИХТЫҢ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ҚЫРЛАРЫ

Ханкелді Әбжанов, ҚазҰАУ «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі, ҰҒА академигі

Азия мен Еуропа құрлықтарын мекендеген халықтар арасында өзіндік мәдениетімен, тарихымен, әлемдік өркениеттегі қайталанбас қолтаңбасымен жаһанға мәлім қауымдастықты түркі этностары құрап отыр. Түркілік алты тәуелсіз мемлекетте, Ресей мен Қытайды қоса алғандағы ондаған елдерде түрлі тағдырмен өмір сүріп жатқан бұлардың саны бүгінде 200 миллионнан асып жығылады. Шыққан тегі бір түркілер тарихы жеңіс пен жеңіліске, күрес пен қасіретке, тұтастық пен тұрақсыздыққа куә деректермен өрілген. Қазақстан – түркі өркениетінің алтын бесігі. «Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер, – делінген Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында, – ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты». Алайда, ортақ түркі тарихын, соның аясындағы ұлттық тарихты зерттеуде, оқытуда, насихаттауда әмбебап ұстаным мен бірін-бірі аша түсетін көзқарас қалыптаспай отыр. Тарихтың атасы Геродот заманынан түркілер мәселесіне арналған зерттеулерде, деректерде, пайымдар мен тұжырымдарда қисап жоқ. Қазақ тарихына қатысты да осыны айтуға болады. Бұл қуанарлық жағдай. Бірақ бәрі бірдей ақиқатпен суғарылған деуге болмайды. Қиял-ғажайып ертегілеріне ұқсап кеткендері бар. Түркі өркениетін мойындамайтындар қатары аз емес. Солардың ішінде әйгілісі А.Тойнби. Тіпті, бірін-бірі жоққа шығаратын жарияланымдар мен пікір алуандығына куәміз.

Неге, неліктен осылай? Себеп көп. Даму деңгейіміз әрқилы. Тарихи тағдырымыз алуан-алуан ортада қалыптасты. Қолданатын зерттеу методологиямызда алшақтық бар. Азия мен Еуропа екі бөлек құрлық екенін де ұмытпауымыз керек. Коммунистер билеген түркі халықтары төл тарихын еркіндікпен жаза алмады. Интеллектуалды бәсекеден тыс қалды. Коммунистік идеология күйрегеннен кейін ғана жағдай оңалайын деді. Біз ұлттық және ортақ түркі та-рихына бағышталған ғылыми ізденіс пен танымның ең үздігін, тығырықтан шығарар жолын ұсынбаймыз. Жолды, ақиқатты іздеушілердің бірі ғанамыз. Ең бастысы – тарих авторлық өзім-білемдіктен, басқаны қор санаған кеудемсоқтықтан, саясаттанған елестен емес, деректерге жүгінген шынайы байлам-дәйектен тұруы керек. Сонда ғана ол тәрбиелеуші, ағартушы, алға жетелеуші, т.б. функцияларын атқарады. Жандыда бір клеткалы амебадан тартып, жансызда көк тіреген тау мен тасқа дейін ешбіреуі тарихсыз аспаннан түсе қалған жоқ. Біздің қозғайтын тақырыбымыз адамдар қоғамы мен қауымына, соның ішінде ұлттық және ортақ түркі тарихын зерттеу методологиясына ғана қатысты. Әрине, мінсіз шығарма болмайды. Бір кем дүние ғой. XXI ғасырдың басында еврей ғалымы Ювал Ноаһ Харари «Sapiens. Адамзаттың қысқаша тарихы» зерттеуін жариялаған еді. Тарих пен бүгінгі әлемнің маңызды сұрақтарына жауап іздеген бұл кітапты АҚШ Президенті Барак Обама «қызғылықты әрі арандатуға толы» деп бағаласа, әйгілі миллиардер Билл Гейтс «елсіз аралға өзіммен бірге ала кететін он кітаптің бірі – осы шығар» деумен риза көңілін білдіріпті. Жұрт мақтаған кітапта мынадай жолдар бар: «Адамдардың көпшілігі өзі өмір сүретін қоғамның иерархиясын табиғи әрі бірден-бір әділетті құрылым санайды... Әрине, моральдық көзқарас тұрғысынан иерархияның бәрі бірдей емес: кейбір қоғамда тым сорақы дискриминация көзге ұрса, басқа біреулерінде ондай шектен шығушылыққа бармайды, әйтсе де, тарихшылар кемсітушілікті айналып өткен бірде-бір қоғамды тауып бере алмайды». Біздің көздегеніміз кемсітушілікті айналып өтіп, «ақтаңдақтар» санын көбейту емес, қайта қолдан келгенше тарихтың ақиқаты мен әділдігіне қызмет ету.

Ғылым қашан пайда болды?

Барша жаһандағыдай, қазақ әлемі мен түркі дүниесінің басты байлығы, мәйегі – адам. Алғашқы адамның пайда болғанынан табиғаттағы саналы субъектке, яғни, Sapiens-ке айналғанына дейін миллиондаған жылдар өтті. Әу баста қарапайым еңбек құралдарын жасаумен басталған бұл үрдіс отты жағуды үйренумен айтарлықтай жылдамдады. 200 мың жыл бұрын Шығыс Африкада тіршілік еткен саналы адам 70 мың жыл бұрын Африкадан жан-жаққа тарай бастапты. Тарих үшін адамның сандық та, сапалық та капиталы маңызды. Өйткені, тарихтың атасы – адам, анасы – адам әрекеті. Сан әрқашан сапаға айнала бермейді. Ізім-қайым жоғалған халықтар тағдыры осыны айғақтайды. Тұтастай алғанда, адамның интеллектуалды әлеуеті үздіксіз нығаюда, кемелденуде, тереңдеуде. Оның салаларын ендігі санап тауысу мүмкін емес. Электромагниттік сәуленің (жарықтың) элементтер бөлшегі фотоннан тартып жеті қабат жердің астынан шығатын, жеті қабат көктен түсетін белгілі-белгісіз заттарға дейін - бәрі түрлі қолданымдағы – фантастикалық, эксперименттік, көркем, т.б. интеллектуалды таным обьектісіне айналғаны қашан. Интеллектуалды танымның ең құдіреттісі, ең күрделісі, табиғатты, қоғамды, адамды өзгертудегі ең пәрмендісі – ғылым, ғылыми таным. Sapiens-тің қоршаған ортаны, табиғатты игеруі, тәжірибесі, сапалы өнімге, жетілген еңбек құралдарына, бақуатты өмірге сұранысы ғылымды дүниеге әкелді. Адамдар жерден жердің, тілден тілдің айырмашылығын білген сәт ғылымның туған күні шығар, сірә. Оның алғышарттарына әрі нәтижелеріне жататын тіл мен сөздің шығуы, жазу мен кітап басу, жылу мен электр қуатын пайдалану, радио мен телефонды ойлап табу, өнеркәсіптік, ғылыми-техникалық, нанотехнологиялық төңкерістер, атом мен ғарышты игеру, қысқасы, ғылым мен ғылыми ойдың жетістіктері қоғамның күш-қуатын, адамның қабілет-қарымын еселеп арттырды. Он сегіз мың ғаламды, сананы өзгертуге келгенде ғылыммен тайталасатын, бәсекелесетін, ғылымға тең келетін, ғылымнан асып түсетін не бар десек, ол – дүлей табиғат құбылысы ғана. Басқа фактор жоқ. Соңғысын біздер: «Алланың бұйрығы», «тағдырдың жазғаны», деген қысқа да нұсқа формулаға сыйғызып жататынымыз рас. Ғылым өзгертіп қана қоймайды, жүздеген ғасырлар немесе ондаған жылдар, айлар бұрын орын алған өзгерістердің эволюциясы мен диалектикасын нақты халықтар және мемлекеттер мысалында қалпына келтіреді, яғни, тарихты түзеді. Ал, дұрыс түзілген тарих – ұлттық кодтың тірегі әрі сақшысы. Тарих дерегі, ақпараты кейде көп, кейде мардымсыз болып жатады. Міне, соның бәрінің басын қосып, ішкі байланыстары мен арақатынасын талдап, жүйелеп, сараптап, тіпті эксперимент жүргізіп, басқа да әдістемелерге сүйеніп, өткеннің ақиқатын айту – ғылымның міндеті. Әр халық ғылымды өз заманының талабына сай кәдеге жаратуы, дарынды ұл-қыздарының ізденісімен ілгерілетуі заңды құбылыс. Қоғамның материалдық және рухани сұранысы зор манызға ие. Бұл орайда, Ұлы даланың «неолиттік революциядан» кейінгі екі жаңалығы барша адамзаттың тарихына бұрын-соңды болмаған серпіліс әкелді. Әңгіме атқа міну мәдениеті мен ежелгі металлургия жайлы болып отыр. Әкелген нәтижелері бойынша біріншісін «аграрлық революция», екіншісін «технологиялық революция» деп айдарлауға әбден лайық. Ж.с.д. бірінші мыңжылдық ортасында экономикалық дамудың биік сатысына көтерілген арғытүркілерге тәп-тәуір қоғамдық және тарихи ой-сана тән болғаны жазба деректерден мәлім. Сақтар өздерінің кімнен тарайтынын, мемлекеті қашан құрылғанын, тұңғыш патшасы кім екенін, көршілерінің ерекшеліктерін тарихи жадында жүйелей алғанын Геродот жазып кеткен. Тарихи жад ғылымға апаратын жолдардың бірі. Ол жаппай бұқаралық сипат алғанда адамдардың өзін тануы орнығады. Танымда шек жоқ. Ғылым танымды тереңдетеді, тереңдеген таным ғылымға бұрынғыдан күрделі міндет артады. Тарихи жады мен танымы заманына лайық ғылыммен ұштасқан әрі өзін өзі таныған этнос өткен күндердің белгісі мен қазынасын, қорытындысы мен тағылымын ұрпағына аманаттайды. Бұл тұрғыдан да сақтардың биік деңгейге көтерілгенін Антика, Византия, Парсы, Қытай деректері айғақтайды. Әлеуметтік, отбасылық, туыстық қатынастар мен салт-дәстүрлерді қастерлегенін былай қойғанда, халықаралық байланыс пен дипломатиядағы астарлы ишаралары терең мағынаға толы. Геродоттың жазуынша сақ патшасы бірде «Дарийге сыйлық тартқан арнайы елші жіберіпті. Ол парсы патшасына сыйлық ретінде бір құс, бір тышқан, бір құрбақа және бес сұр жебе алып барып тапсырыпты. Парсылар бұл ерекше сыйлықтың мән-мағынасы қандай екенін сұрап білмек болыпты. Бірақ, елші оларға осы сыйлықты тапсыру үшін ғана жіберілгенін және неғұрлым тез қайтып оралуға әмір етілгенін айтыпты. Оның сөзіне қарағанда, бұл сыйлықтардың мән-мағынасын түсіну үшін парсылардың өздерінің ақылы да жетіп артылады депті-міс. Мұндай жауапты естіген парсылар шұғыл түрде кеңес шақырыпты. Дарийдің өзі: «скифтер біздің билігімізге беріліпті, соның белгісі ретінде бізден жері мен суын аяп қалмайтынын білдіріпті – деп пайымдайды. Өйткені, тышқан қашан болса да жерде өмір сүреді, ол да адам сияқты жердің жемістерімен қоректенеді, құрбақа болса суда жүреді, құс бәрінен де бұрын (жылдамдығы жағынан) жүйрік атты бейнелейді, ал, бес жебеге келетін болсақ, біз, скифтер, сендерге қарсы шығудан бас тартамыз» – дегенді білдіреді деп ойлапты. Дарийдің өз ойы осындай болыпты. Бірақ, бұл пікірге Гобрий (көріпкел сиқыршының көзін жойған жеті қайраткердің біреуі) үзілді-кесілді қарсы шығады. Ол әлгі сыйлықтардың мән-мағынасын былай деп түсіндіреді. Скифтер бізге былай деп отыр депті: «Егер, сендер, парсылар, құс болып аспанға ұшып кетпесеңдер немесе тышқан болып інге тығылып қалмасаңдар, сондай-ақ, құрбақа болып батпақты ұйыққа батып кетіп жүрмесеңдер, мына сұр жебелер түптеріңе жетеді, елдеріңе аман қайтпайсыңдар!». Эфемистік тілмен сөйлеу дәстүрі қазақ, түрік, қырғыз, т.б. билері мен шешендерінен қалған мұрада десте-дестесімен жатқанына ұлттық тарихнамамыз, ортақ түркі тарихы сансыз дәлел келтіре алады. Ол қоғамның интеллектуалды өресін, ғылыми қарымын бейнелейді.

Түркілік таным

Түркілік өркениеттің маңызды көрсеткіші – тарихи ой-сана Күлтегін мен Тоныкөк заманында кемеліне келді. Тастарды сөйлеткен жазудан байырғы түркі өркениетінің экономикалық, геосаяси, әлеуметтік, дүниетанымдық құндылықтарын, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатында қастерлеген ұстанымдарын қаз-қалпында тануға болады. Бұлай дейтін себебіміз, қағандарға, қолбасшыларға, атақ-даңқы артқан тұлғаларға қойылған Орхон-Енисей ескерткіштерінің бәрі нақты тарихи оқиғалар баянымен шектелмейді. Келер ұрпақ пен болашаққа бағыт-бағдар сілтейді. Мәтінде өзін немесе өзінікін зорайтып, басқаларды түкке алғысыз жандай тұқырайтып көрсету ниеті жоқ, батырлар жырларында жиі кездесетін әсірелеу, қиял қаһарманына айналдыру тәрізді әдістер қолданылмаған. Түркілер жақсылық көрсе де, жамандық көрсе де сырт күштің әсерінен ғана емес, өздерінің мемлекетіндегі үйлесімсіздіктен,тұрақсыздықтан әйтпесе бірлікке келе алмағандықтан шыққан деген тұжырымды әлденеше рет қайталайды. Әсіресе, саяси, әскери элиталар позициясының маңызын жоғары қояды. Тарих тағылымын қастерлеу ескерткіштер мәтінінде ұрпақтар сабақтастығын ұлықтаудан байқалады. Түркі мемлекетінің іргесін қалаған Бумын мен оның інісі Естеми қағандардан тартып (VІ ғасырдың ортасы), 732 жылға дейінгі аралықта орын алған саяси оқиғаларды, халықаралық ахуалды, этникалық-аумақтық өзгерістерді, ел тағдырына тікелей әсер еткен басқа да факторларды бірінші кезекте тұлғалар әрекетімен байланыстыруы осыған дәлел. Тарихи жад пен сананың берік қалыптасқанына және ол түркілер мемлекетін нығайтуға қызмет еткеніне және бір айғақ – ескерткіштерде келтірілетін сан алуан оқиғалар, алыс-жақын елдер, атақ-дәрежелер жер-су аттары, оқиғалардың хронологиялық, жағрапиялық шеңберінің мейлінше нақ көрсетілуі, тіпті, кейбір жылдарды, айды, күнді, бәсеке мен жеңіліс себеп-салдарын мәңгі тасқа түсіруі. Мәселен, кезінде дүниенің төрт бұрышындағы халықтарды өздеріне қаратып, басы барды игізген, тізесі барды бүктірген Бумын мен Естемидің ісін ұрпақтары лайықты жалғастыра алмай, VII ғасыр ортасында түркі халқы табғаштарға (Қытайға) бағынышты күйге түскені белгілі. Күлтегін жазуы жат елдің өктемдігінен келген азап пен қорлықты естен шығармау және кейінгілерге сабақ болуы үшін арада бір ғасыр өтсе де былайша күңіренеді: Түркі халқы елдігінен жойылды, Қағандығынан айрылды. Табғаш халқына бек ұлдары, Құл болды, Сұлу қыздары күң болды. Түркілердің елім қайда, қағаным қайда деп зарлаған кезі қанша жылға созылғанын ескерткіш тайға таңба басқандай көрсетеді: «елу жыл жұмысын - күшін жұмсады». Ал, тарихи ой-сананың ең биік сатысы – жаңалық ашу, ақиқатты айту. VII-VIII ғасырлардағы тарихи танымның кемелдігіне Күлтегін жазуында Түркі қағанатының жүріп өткен белестерін дәуірлеуді жатқызған орынды деп білеміз. Мәтінді зер сала оқығанда төрт дәуірді баса көрсеткенін байқау қиын емес. Бірінші дәуір – түркі халқы мен мемлекеті пайда болғанға дейінгі аралық. Екінші дәуір – түркі қағанатының пайда болғанынан табғаштарға тәуелдікке түскенге дейінгі кезеңді қамтып жатыр. Үшінші дәуір – түркілерді табғаш билеген жылдар. Төртінші дәуір – табғаш бұғауынан шығып, түркі мемлекеттілігін қайта қалпына келтірген және этникалық аумағын ұлғайтқан заман. Төрт дәуірдің де басты өлшеміне азаттық идеясы алынған. Азаттықтан айрылған мемлекетке келетін ең басты апат – халқының қырылуы мен ар-намысының тапталуы, әдет-ғұрпының бұзылуы екені бүкпесіз анық айтылады. Азаттықты ұстап тұрудың кепілі ретінде үш күштің бірлігі алға тартылған: бірі – ел басқарған қағанның білімді де білікті болуы, оның бұйрығы мен заңдарының түзулігі; екіншісі – халықтың ауызбірлігі, таққұмарлықтан, аштықта тоқтықты түсінбейтін, тоқтықта аштықты ойламайтын жаман пиғыл-қылықтардан ада жүру; үшіншісі – елін, жерін қорғай алатын тұлғаларға, батырларға сену. Мұның сыртында халықаралық ахуалды жіті қадағалап отырудың, көрші елдердің пиғыл, ой-жоспарын алдын-ала танып-білудің, яғни, геосаясаттың мемлекет қауіпсіздігіне тікелей қатысты екендігі де назардан тыс қалмаған. Мемлекеттің экономикалық өмірі арнайы талданбаса да, адамдардың әл-ауқатын көтеру саясаттың басым бағыты саналды. Байырғы түркілер көзқарасы бойынша аз халықтың көп болуы, жалаңаш халықтың киімді, жарлы халықтың бақуатты дәрежеге жетуі бейбіт еңбектен гөрі жаугершілік әрекетпен жүзеге асып жатады. Халықты көтерейін деп, Түстікте табғашқа қарсы Терістікте оғыз халқына қарсы Көп әскермен он екі (рет) Шығыста қытай, татабы халқына қарсы соғыстым, – дейді Күлтегін. Бумын, Естеми, Елтеріс қағандар тұсындағы халықтың молаюы мен баюы да сәтті жорықтар нәтижесі ретінде пайымдалады. Әрине, бұдан байырғы түркілер соғыспен ғана күн көруді машық қылған деген қорытынды тумау керек. Соғысты, жаулап алуды кәсіп қылған этностар тарих сахнасында сақталып қалуы екіталай. Соғыс тақырыбының үлкен мәнге ие болуы, біріншіден, бағзы заманда адамдарды бейбіт өмірден гөрі жаугершілік жиі алаңдатқанын, олардың санасы мен танымына терең әсер еткенін, екіншіден, соғыса білуді ел басқарудың, мемлекетті сақтап қалудың қажетті алғышарты санатына жатқызғанын танытушы ой-түйін мағынасында қабылдаған жөн. Дегенмен, байырғы түркілер соғысты үлкен өнер әрі теориялық болмаса да эмпирикалық ғылым биігіне көтергенін жоққа шығаруға болмайды. Жазудағы соғыс тарихына арналған жолдарды түркілік тарихи танымның айрықша парасы ретінде әскери тарихшылар зерттейтін уақыт келді. Байырғы түркі қоғамы жеке тұлғалардың тарихтағы рөлін жоғары бағалаған. Адам факторын ұлағаттауы – тарихи танымдарының мәнді ерекшелігі. Мемлекеттің, халықтың, әскердің басында тұрған қағандарға, бектерге, батырларға қойылатын әлеуметтік-кәсіби талаптар бұзылса немесе уақыт үдесінен шықпаса, оның ауыртпашылығын бүкіл қоғам көтеретінін, ауыр зардаптар алдан шығатынын қадап-қадап айтады. Сөзі тәтті, қазынасы асыл табғаш билеушілері Түркі қағанаты құрылған күннен оған қарсы жымысқы саясат жүргізгенін аяусыз әшкерелейді. «Игі білгіш кісілерді, игі батыл кісілерді қозғалта алмады, – дейді Күлтегін жазуы. - Бір кісі жаңылса, рухы, халқы тұқымына дейін қалмас еді». Жеке адамның тарихтағы атқаратын рөлін тануда түркі қоғамының шыққан биігін әділ бағалау үшін Бумын, Естеми, Елтеріс, Білге қағандар тұсында өздеріне қаратқан жерлерге билеушілер тағайындау ісіне қандай мән бергеніне назар аудару жеткілікті. Тіпті, басшылыққа жіберілген адамның аты аталып, атақтары көрсетіледі. Кейде қолдан шығып кетпеуі үшін ондай ұлықтарға қарындастарын, қыздарын әйелдікке беріп отырған. Байырғы түркілік таным бойынша елбасы, топбасы адамның бойында ақыл, қайрат, әрекет тәрізді қасиеттер ұштасып жатуы керек. Сонымен, түйіп айтар болсақ, интел-лектуалды есеюдің биік шыңы – жазу мәдениетін игеру арғы бабаларымызға ғылымның тарихи ой-сана, таным, даму мен болжам сынды құрамдас бөліктерін даралауға әкелді. Тарихи жадты бекемдеумен арнайы адамдар қауымы айналысты. Бұл қазына кейін де молая түсті. Өзінің нақтылығымен, өткен күннің сабағы жайлы пайым-тұжырымдарымен, болашақты болжауымен әлеуметті, билік пен билеушіні, қоғам мен мемлекетті тұтастырды, оң іске жетеледі, қиялға қанат бітірді.

Интеллектуалды шың мен шыңырау арасы

Күлтегін заманынан кейін ғылымның салалануы (дифференциация) тереңдеді. Ол қоғамдық еңбек бөлінісінің қастерлі саласына айналды. Түркі әлемінің дара тұлғалары астрономия, математика, медицина, логика, философия, т.б. бағыттардағы ерен табыстарымен жаһанның интеллектуалды игілігін байытты. Түркілер өз ортасынан әл-Фарабидей, ибн Синадай, Баласағұндай, Яссауйдей, Низамидей, Физулидей, Ұлықбектей ғұламаларды шығарғаны, біріншіден, адамзат ақыл-ойының алдыңғы шебінде тұрғанын, екіншіден, бабаларымыз интеллектуалды байлықты әділінен бағалай білгенін, үшіншіден, әлемдік деңгейдегі ғылыми жаңалықтар қу тақырда ашыла қалмайтынын, зор қуат көзі екенін айғақтайды. Әсіресе, империя биігіне көтерілген түрік ғалымдары іргелі нәтижелерге қол жеткізді. XV ғасырда Кази-зада Руми математика мен астрономияны дамытуда, дәрігер Хаджи-паша Айдын медицинада, Әли Абдуррахман географияда жемісті еңбек етті. Ұлықбектің шәкірті Әли Кушчу математиканың ғылыми мектебін ашып, астрономиялық және геодезиялық зерттеулерін жазды. XVI ғасырда грек, араб, парсы тілдерінен түрік тіліне классикалық зерттеулер аударылды, медицина мен география бойынша төлтума еңбектер дүниеге келді. Түрік адмиралы Пири Рейс әлем картасын түзді (1513ж.). XVIII ғасырда кәсіби оқу орындары – алғашқы инженерлік артиллерия мектебі (1737ж.), теңіз инженерлік училищесі (1773ж.) шаңырақ көтерді. Алайда, XVIII ғасыр түркілік интеллектуалды Ренессанс инерциясы сөнген шағы еді. Осынау кеңістікте ғылым мен техника пәрменді дамудан да, күш болудан да қалды. Білім-ғылымның құдіретін ертеден-ақ таныған қазақ қоғамы, Ресей боданына айналған түркі халықтары әділетсіздік пен езгіден кешенді дағдарысқа ұшырап, өзекті де қарапайым салаларда – мектеп ісінде, хат тануда, әдебиет пен өнерде, баспасөзді ұйымдастыруда – мешел қала бастағанын XIX ғасырда ашына айтты. Абайдың: «Ғылым таппай мақтанба», «Пайдасын көре тұра тексермедім» деген сөздерінің аржағында болашақтың тағдыры ғылымға байланғанын ескерту тұр. Олқылықтың орнын Қазан қаласында ашылған университет (1805), ветеринарлық институт (1873), мұғалімдер семинариясы (1872), Уфадағы, Орынбордағы бірен-саран зайырлы және діни оқу орындары толтыра алмады. Әрине, мүлде қараң қалды деуге негіз жоқ. Жаңа замандағы ғылымның миссиясы туралы қоғамдық сананы жаңғыртуға жәдидшілдік қозғалысы мен Алаш зиялылары қомақты үлес қосты. Олардың жаратылыстану, техника ғылымы салаларымен арнайы айналысуына мүмкіндіктері бола бермесе де, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардағы жетістіктері күні бүгінге дейін маңыздылығын жойған жоқ. Ғасырлар тоғысында түркі әлемі, тарихы, тілі мен әдебиеті проблемаларынан жазылған И.Гаспыралы, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Г.Камал зерттеулерінің шоқтығы биік. Ғылымның бірлі-жарым саласымен шектелмей, әмбебап ойшылдар ретінде тарихқа кірді. Оларға дейінгі түркі дүниесінің дүлдүлдері, мәселен, қазақ Шоқан Уәлиханов, әзірбайжан Мирза Казембек, өзбек Фуркат ғылым көгінде жарық жұлдыздай жанғанмен, ұлттық тарихи санаға бетбұрысты өзгеріс әкелген жоқ. Ұлы дала еліндегі ақыл-ойдың алыптары Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаев, Ш. Маржани да өз замандарында тарих қозғалысына пәрменді екпін берді деп айта алмаймыз. Бірақ, еңбектері, әсіресе, рухани жаңашылдықтары бекер кеткен жоқ. Бұлар – болашаққа, ұлтқа қызмет ететін ұлы идеяларды туындатқандар.

Алаш – түркілік ортақ қозғалыс. Алып тұлға

Ресей түркілерінің XIX ғасырдағы сілкінісіне қозғау салған факторлардың маңдай алдысы – Еуропалық өркениеттің ықпалы. Ғасырлар тоғысындағы ұлттық буржуазиясы әлжуаз, мемлекеттілігі жоғалған, билік жат қолына өткен ортада халқын сын-қатерден алып шығу міндеті түркілік болмысын заманауи құндылықтармен байытқан ұлт зиялыларының алашшыл буынына артылды. «Алашшыл» терминін кездейсоқ қолданып отырған жоқпыз. Қазақ баласы «Алты алаш» сөз тіркесімен тұтас түркі дүниесін айшықтаған. Демек, Алаш зиялысы ғасырлар тоғысындағы Қазақстанда ғана емес, Ресейлік барша түркі халықтарының ұлт-азаттық қозғалысының жаңа дәуірін ашқан әлеуметтік-саяси қауым. Ал, тәуелсіз Түркияда жұтылып, жоғалып кетуден қорғану емес, консервативті мемлекеттік құрылысты өзгерту басты тақырыпқа айналды. Мұнда абсолюттік монархияны жойып, конституциялық даму жолына түсуді, парламенттік республика құруды көздеген «Жас түріктер» қозғалысы XIX ғасыр аяғында дүниеге келді. Басшылығын білімпаздар, әскери мамандар құрады. Осыдан да түркі тарихында ортақ үдерістер мен қисынды байланыс бар екенін байқаймыз. Мұның сыртында ресейлік алаш зиялыларының іс-әрекетінде бірлік пен бірегейлік көзге түсті. Мәселен, татар қайраткері Ғ.Камал (1879-1933) ұлттық журналистика мен театрдың негізін қалаушылардың бірі болуымен қатар бірінші орыс революциясы жылдарында «Азатлық», «Өндәү» (Үндеу), «Безнең кирәк» (Бізге не керек), «И, мөселмән, йоқламағын!» (Ей, мұсылман, ұйықтамағын!) атты еңбектерін жазған екен. Н.В.Гогольдің, Ж.Б.Мольердің шығармаларын татаршаға аударыпты. Татар каллиграфиясын жетілдіреді. Осының бәрі қазақ топырағында дәлме-дәл қайталанды. Ұлты үшін еңбек еткен, көгінде Күн болған зиялылар тағдырымен үндес. Басты назарын саяси бостандық мәселелеріне аударған бұлардың ғылыми-шығармашылық еңбектерінде археология мен этнографияның, деректану мен тарихнаманың, шығыстану мен тұлғатанудың, дінтану мен мәде-ниеттанудың, әскери тарих пен өнердің, сыртқы саясат пен дипломатияның, жалпы тарих пен Отан тарихының іргелі де өзекті мәселелері көтерілген. Тамаша үлгіні Ә.Бөкейхан көрсетті. Ол ұлт тарихын зерттеуде ізашар тұлғаға айналды. Ел басқарған әулеттің ұрпағы өзі де бірнеше мамандық – техник, экономист иесі болғандықтан әрі жастайынан Омбы, Петербург сияқты ірі қалалардың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқандықтан, тарихи көзқарасы кең ауқымда қалыптасқаны заңды құбылыс еді. Уақыт өткен сайын оның тереңдей түсуіне әлемдегі түбегейлі өзгерістер – экономикалық қақтығыстар мен дағдарыстар, отарланған халықтардың мүшкіл халы, ғылым мен техниканың үздік жетістіктері, т.б.с.с. ықпал етпей тұрмады. Бөкейханның тарихшы ретіндегі танымдық-методологиялық артық-шылығы мен ерекшелігі ең алдымен Отан тарихының ұзына бойына көктей шолып қарай алғанынан көрінеді. Айталық, әйгілі «Киргизы», «Қазақтың тарихы», «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи» еңбек-терінде ұлттық тарихымыздың хро-нологиялық бастапқы кезеңін қола, темір дәуірлерімен байланыстырып, орта ғасырлар мен жаңа заман тұсындағы басты-басты оқиғаларға, құбылыстарға тоқталды. Үдеріс ХХ ғасыр басына дейін жалғасып жатқанын дәйектеді. Қазақ өлкесіндегі алғашқы адамдардың ізі тұтынған тас құрал-жабдықтардан, темір бұйымдарынан байқалады, деп жазыпты ол 1903 жылы. Алтай тауларының етегі мен Ертіс жағалауларынан табылған бұл ескерткіштер мәдени дамудың жолына халық енді ғана түскенін баяндайды деп білді. Ғасыр басындағы Батыс пен Шығысқа тән тарихи ақыл-ойдың жетістіктерін қорытындылай отырып, Отанымыздың тарихы, дәуірлері, шаруашылық-мәдени өмірі бойынша мынандай пайым жасаған: «Из всего, что нам до сих пор известно о курганном племени («чуди»), можно быть уверенным лишь в том, что этот народ жил здесь продолжительный период времени, пройдя несколько ступеней культуры – бронзовый и медный период, и перешел к железному. Он жил в укрепленных городах, имел довольно развитую промышленность, искусства, выработал письменные знаки, с помощью которых заносил свои исторические события, имел наконец свою религию с определенными обычаями». Қазақтардың, арғы бабалары тәрізді, көшпелі шаруашылық пен өмір салтын ұстанғанын да бекерлемейді. Осы жолдар ғасырдан астам уақыт бұрын жазылса да, бүгінгі ұлттық тарихнамамыз айтып-жазып жүрген Еуразияның сайын даласындағы урбанистік, отырықшылық, көшпенділер өркениеті жайлы методологиялық тұжырымдамалармен үндесіп жатқанын мойындауымыз керек. ХХ ғасырдың 50-60-шы жылдарында археолог Х. Алпысбаевтың оңтүстік өңірден палеолит тұрақтарын ашуымен, Алаш көсемінің көзін көрген Ә. Марғұланның Орталық Қазақстандағы Беғазы-Дәндібай қола мәдениеті жайлы классикалық зерттеуімен ұлт көсемінің көрегендігі толық дәлелденді. Қайта Бөкейханнан кейінгі біраз тарихшылар: Ұлы Дала елін тек көшпенділер мекендеген, олар көрші халықтарға үздіксіз шабуыл жасаумен, соғыс жорықтарын ұйымдастырумен тыныштық бермеген сарындағы сыңаржақ түсініктерімен тарихи сананы ақиқаттан алшақтатып жіберді. Ә.Бөкейхан тарихты зерттеу методологиясына ұлттық реңк берді деуге негіз бар. «Тарих дейтін бұрынғы өткен заманның жайынан сөйлеп тұратұғын, бұрынғы өткен кісілердің ісінен хабар беретұғын бір ғылым», деп тиянақтайды, ол. Қысқа ғана сөйлем болғанмен, арқалап тұрған жауапкершілігі мен жаңашылдығы аса зор. Біріншіден, жоғары оқу орны жоқ, тарихшы мамандары даярланбайтын ХХ ғасыр басындағы өлке, оның байырғы тұрғыны қазақтар үшін бұл пайым шын мағынасында оқшау сөз еді. Екіншіден, мұнда тарихқа жеңіл-желпі қарайтын қоғамдық пікірге, әсіресе, дін иелеріне қарсы пікір айтылып, тарих бос мылжың емес, ғылым саласы екені көрсетілген. Үшіншіден, автор тарих уақыттан тыс тұрмайтынын, яғни, тарихилық (историзм) ұстанымын алға тартады. Төртіншіден, тарихқа адам әрекеті арқылы қарау керек деген методологиялық позициясын бірден ашып салады. Демек, тарихты түзуші адам болғандықтан, оны білу де адам үшін қажет. Бөкейхан сөзімен айтсақ, «тарих – түзу жөнді үйретуші. Тарих – түзушіліктің кітабы. Тарих тіршілікте жолбасшы дейтініміз осы». Бұған қоса қазақтың тарихын қазақпен байланыстыра зерттеуге шақыруы ұлттық тарихнамамыздың әркез төрінен орын алуға, бүгінгі тарихшыларға үлгі-өнеге болуға лайық. Қазақ тарихын түркі дүниесінің құрамдас бөлігі ретінде талдағаны тұлғаның методологиялық кемелдігін айғақтайды. Тап осы мәселені зерттеудің қажеттілігі мен өзектілігіне қылаудай күмәнданбайды, қайта ғылыми шешімін таппағанына өкінеді. «Өзбек – өз ағам» деген мақалды әрбір қазақ біледі, – дейді ол. – Бірақ қазақтың өзге түрік қауымдарынан қай замандарда айырылып, қалайша бөлінгендігі турасында анық мәлімет жазылған жоқ, болғанға көре сол арасы кішкене көмескі болып тұр». Бүркеншік есімін «Түрік баласы» атауы өркениеттік-этникалық ұстанымы болса керек. Ә. Бөкейханның кемел тарихшы биігіне көтерілуіне деректанудағы сұңғылалығы септесті. Ол Геродоттың сақтар туралы жазғанын, ежелгі Қытай деректеріндегі үйсіндер, ғұндар, байырғы түркілер баянынан мәліметтерді «сөйлете» алған. Қазақ даласын археологиялық зерттеу жолға қойылмағандықтан ежелгі жазба деректерге сүйенумен этникалық тарихымыздың бастаулары сақ заманында жатқанын болжай алуы Бөкейханның үздік ғылыми жетістігі болып табылады. Оның мәліметі бойынша, «қазақтың Қыпшақ, Арғын, Найман, Қоңырат, Жалайыр, Керейіт деген елдері Майқы бидің тууынан мың екі жүз жыл бұрын, Мұхаммед ғ.с. туғанынан жеті жүз жыл бұрын, Хазірет Исаның тууынан екі жүз жыл бұрын ел болып, Алтайдан Қара теңізге дейін билеп, көшіп-қонып күнелткен». XVIII ғасырдағы қазақ ағамандарының, ХІХ ғасырдағы Орта жүз ханы Бөкейдің, сұлтандар С. Абылайхановтың, Ғ. Бөкеевтің, тағы басқалардың орыс әкімшілігімен жазысқан хаттарын ғылыми айналымға енгізді. Бұл әсте кездейсоқтық емес. Құжаттардың мазмұнынан замана бедері, азаттық тынысы тарылғаны, отарлау саясатының зілдену динамикасы байқалады. Мәселен, Сібір дивизиясы мен линияларының қолбасшысы генерал-лейтенант Нефедьев Орта жүздің Қаракесек болысындағы сұлтан Ә. Көкшаловқа 1800 жылы жазған хатында ел ағаларының біріне адам қызыққандай сыпайылық танытады: «Честь имею поздравить Вас, Высокопочтенного султана, со всеми полученными Вами от Его Императорского Величества высокомонаршими милостями, которые Вы, по бытности Вашей в Санкт-Петербурге, от Всепресветлейшего и Великого нашего Государя Императора имели счастье получить, которыми и желаю Вам пользоваться, при том прошу Вас, высокопочтенного султана, чтобы Вы в хороших своих расположениях были ко мне, как и прежде. А с моей стороны могу Вас уверить, что к Вам навсегда с моим почтением готов на все Ваши услуги». Арада ширек ғасыр өткенде, орыс әкімшілігінің өзі де, сөзі де өзгергені, өктемдігі көзге ұрып тұрды. 1827 жылы Омбы облыстық чиновнигі сұлтан С. Абылайхановқа мынадай мазмұнда хат жолдапты: «Государь Император во внимание к усердию и преданности, оказанной Вами желанием прислать сына своего для всеподданнейшего поздравления Его Императорского Величества со вступлением на Всероссийский Престол, Высочайше повелел объявить, что движение Ваше к засвидетельствованию верноподданнической преданности приемлется в полное уважение и что всего более Вы можете доказать свое усердие к Престолу Его величества удержанием подведомственных Вам киргизов в должном повиновении и тишине, не подвергая, впрочем, сына своего беспокойствам, с коими сопряжено отдаленное путешествие в столичный город Санкт-Петербург». Шығармаларында қазақ даласындағы тарихи үдерістің мазмұны мен ерекшеліктерін ашатын әлеуметтік-экономикалық статистика, демография деректері молынан қолданылған. Қазақ хандығында халық саны 200 мыңға, Қасым хан тұсында 1 миллионнан асқаны, 1897 жылғы бүкілресейлік халық санағы мәліметі бойынша қазақтар 4 миллионға жеткені, ХІХ-ХХ ғасырлар межесіндегі ауылдардағы мал басы, жер көлемі, мектептер, мұғалімдер, оқушылар, сауатсыздар саны, газет, журнал, кітап шығару ісінің жай-күйі, қаржыландыру, қазақ даласына келімсектердің ағылғаны нақты деректермен талданған. 1896-1899 жылдары Ф.А. Щербинаның, одан кейінде С.П. Швецовтың экспедицияларымен қазақ шаруашылығын, ру-тайпалық құрылымын зерттеген деректері ғылым үшін ешқашан маңыздылығын жоймақ емес. Ә. Бөкейхан даланың ауызша тарихын, фольклорды ұлттық тарихтың ескірмейтін деректік-ақпараттық қайнар көзі деп білді. Шоқанның «Манасқа», Едіге жырына қатысты зерттеулерін жоғары бағалады. 1915 жылы «Қобыланды» жырына арнайы мақала жазып, оны «Қазақ» газетінің бетіне жариялаған екен. «Жыр-өлең басу – делінген мұнда, – екі түрлі: бірі – ана «Зарқұм», «Салсал»-ды бастырушының жолы. Мұның мақсұды оқушылардан алым алу; екінші жол – әлгі Шоқан кітабы басылған жол. Мұның көздегені оқушы файдасы – ғылымға жол оңайлау. Ана «Зарқұм», «Салсал» баспасын орысша «макулатура», яғни, бақалшы жолы дейді. Шоқан кітабы басылған жол «литература» жолы аталады». Алдағы уақыттарда «кітапты қайта басқанда Қобыланды батырдың өзінің сүгретін де, атының сүгретін де жырдағы жазуға дәл қылып басу керек. Тайбурылды тяжеловоз айғырға айырбастағанға қазақ көзі ұялады» дей келе, академиялық басылым деңгейіне көтерілу керектігін ескертеді: «Мұндағы жер, су, һәм кісі аттары әліппе тәртібімен кітаптың аяғына басылса һәм шыққанда кітаптың қайсы бетінде қайсы сөз бар екені көрсетілсе, біріншіден – кітап тәрбиелі болар еді. Екінші, бұл жырдан қазақ тарихына жем іздеген адамдарға оңай болар еді. Европада мұндай кітаптар сол ретпен басылады». Ә. Бөкейханның тарихнама саласындағы мұрасы дербес зерттеуді қажет ететін құбылыс. Ол Ш. Маржани, И.А. Левшин, Ш. Уәлиханов, Н.Н. Пантусов, Н.А. Аристов, Ш. Құдайбердіұлы, М.Ж. Көпеев, В.В. Радлов, М.Х. Дулати, Ә. Диваев, С.М. Соловьев, Н.М. Карамзин, т.б. автор еңбектерін тереңінен білген. Бірен-саранына рецензия жазып, пікірін де білдіргені бар. Айталық, 1912 жылы жарық көрген Ш. Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм ханлар шежіресі» кітабына берген бағасы дәлдігімен де, әділдігімен де тәнті қылады: «Мұнан бұрын қазақ шежіресі қазақ тілінде кітап болып басылған жоқ. Шәкәрімнің бұл кітабы қазақ шежіресінің тұңғышы, қазақ шежіресін білмек болған аға-іні іздегенді осы кітаптан табасың. Енді мұнан былай қазақ шежіресін жазбақ болған кісі Шәкәрім кітабын әбден білмей қадам баспасын. Кітап жиған жері жоқ, көшпелі далада жүріп Шәкәрім шежіресіндей кітап жазбақ оңай жұмыс емес». Қазақ халқының этногенезі, «қазақ» сөзінің шығуы орысша, арабша, түрікше тарих кітаптарында «нағыз шын, жете тарих» деңгейінде жазылмағанын сынауы бекер емес. Орыс әдебиетінде «киргиз» терминінің қолданылуын қазақ тарихын «быдықтыру» деп бағалады. Үш жүздің шығуына, Алаш атауына қатысты ескертпелеріне методологиялық мән беруіміз керек. Тап осы мәселеде күні бүгінге дейін ортақ пікір қалыптаспай отыр. Бөкейханның пайымынша, Алаш «Отан кісісі» мағынасын береді. Ә. Бөкейхан дөп басып көрсеткен ғылым саласы, тіпті, тұтас мамандық бар. Ол диаспорологияның, яғни, таяу-алыс шетелдердегі қазақ тарихын зерттеу ғылымының негізін қалады. Ресейдегі, Қытайдағы, Моңғолиядағы қазақ бауыр-ларының тағдырына алаңдаушылық білдірумен болды. Осы мәселеге қатысты ұстанымдары 1913 жылы жазылған «Баяғы заман», 1914 жылы жазылған «Қытай қазағы» мақалаларында нақты ашылған. Ә. Бөкейхан – оптимист тарихшы. Отарлаушы озбыр жүйенің қудалауымен революцияға дейін де, революциядан кейін де түрменің, жер аударудың қиыншылығын молынан бастан кешсе де, халқының әділетсіздікпен тығырыққа тірелгенін көре тұра сары уайымға түспеген тұлға. Ол туған халқын тарих субъектісіне айналдыруға күшін, ақыл-ойын жұмсады. 1889 жылы жазылған «Қарқаралы оязының Қотан-бұлақ, Западни Балқаш, Зайсан елдеріндегі егіннің жайы» мақаласында: «Қазақ тып-тыныш жатып, еріншек, һеш нәрсе қылмайды деп ойламаңдар! Олар қайратты, жұмыстың бәріне жарайды... бірақ (оларды) қозғау керек», дейді. Ал, «қозғау» салушы кім? Олар азат ел – Қазақ хандығының ірге-сін қалағандар мен мұрагерлері, Ресей қоластына өткеннен кейін де тізгінді жатқа бермегендер. Алғашқы қазақ хандары Керей мен Жәнібектің, XVI ғасырдағы Қасым ханның, XVIII ғасырдағы Кіші жүз ханы Әбілқайырдың, Ұлы және Орта жүз хан-сұлтандары Әбілмәмбеттің, Абылайдың, Барақтың, ХІХ ғасыр тұлғалары Кенесары мен Наурызбайдың есімдерін үлкен құрметпен атады. Ғылыми таным тұрғысынан маңыздысы мемлекеттік билік тұтқасын ұстаған тұлғалардың тарихи миссиясын талдағаны. Керей мен Жәнібекті «көшпелілер одағының негізін қалаушы», Қасым ханды «қазақ жерін жинаушы», Әбілқайырды Ресейге бодандықты қабылдаушы, Абылайды қазақтың әйгілі ханы, Кенесарыны «атасы Абылайдан да атағы асқан» билеуші, Наурызбайды ержүрек әрі батыр деп сипаттауы жалаң мінездеме емес. Бұлар Ұлы Даланы ғасырлар бойы қалыптасқан заң, салт-дәстүр аясында басқарып, бәсекеге қабілеттілігін шыңдағандар. Дәстүрлі билік пен билеушілер қа-уымының, батыр мен би институтының отарланумен дағдарысқа түскені, ол халықтың заңды наразылығын тудырғаны автордың тереңінен толғаған тақырыбы. Хандықтың жойылуы әлеуметтік қайшылықтарды асқындырды деп білді. «Киргизы, – дейді Әлекең, – никогда не знавшие верховной власти, которую немыслимо было создать в вольной степи, где искони традиционная форма власти сосредоточивалась в руках самоуправляющегося рода и его вожаков, в ХІХ веке вошли в состав населения степных областей. Признав свою зависимость от русского правительства, кригизы не сразу помирились с этим положением и даже пытались потом снова восстановить свою независимость, но эти попытки закончились неудачей». ХІХ ғасыр соңына қарай Қазақстан, Ауғаныстанға дейінгі кеңістік толық отарланды. Ресей заңы күшіне еніп, дәстүрлі билік жүйесі, хандық институты біржолата жойылды. Енді ел мен жер алдындағы жауапкершілік жүгі зиялы қауымға түсті. Білім мен ғылымның құдіреті артқан сол дәуірде ұлт зиялысы деп Ә.Бөкейхан оқыған адамды білді. Мәселен, большевиктер билікке келген 1917 жылы Алаш қайрат-керлерінің шоғыры қол қойған хат қазақ зиялыларына бағышталыпты. Онда зиялыларға «комитет яки управа ағзалары, комиссарлар, милитсия бастықтары, шенеуніктер, ушителдер, мұғалімдер, қазилер, мұһтасиптер, моллалар, газетшілер, инструкторлар, приказщиктер, конторшиктер, докторлар, фельдшерлер, судиялар, адвокаттар, тағы тағылар» жатқызылып, осынау қауым жинақтама түрде «оқыған зиялылар» терминімен айшықталған. «Қазақ» газеті аталған хатпен қоса «телеграмма сөзін» облыстар мен ояздарға жолдайды. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, тағы басқалар қол қойған телеграммада қазан төңкерісінен кейін мемлекет бетімен жайылып кеткені, кешікпей талан-тараж, қырғын басталуы мүмкін екені, алдымен қазақ халқы сорлайтыны ескертіледі. Мәселе «шұғыл аса зор болғандықтан» құрметті ақсақалдарды һәм оқығандарды шақырып, 5 желтоқсанға қарсы Орынборға әр ояздан жұртқа қадірлі екі ақсақалдан, облостной комитеттен екі оқыған кісіден жіберуді өтінеді. Демек, Ә.Бөкейхан ғасыр басындағы аласапыранда ел мен жердің тағдыры бірінші кезекте зиялылар қолында қалғанын саяси-практикалық және ғылыми-танымдық тұрғыдан дәйектей алды. Бұл аяқ астынан туындаған қорытынды емес еді. Қазақ көшбасшысы зиялылардың тарихи миссиясын осыншама биік деңгейде бағалауға Абай мен Л.Н. Толстойдың, Шәкәрім мен В.Г. Короленконың, Г.Потанин мен И. Гаспыралының, Л.Пастер мен И. Мечниковтың, Ж.Жорес пен Бебельдің өмір жолын, шығармашылық мұраларын, қоғамға тигізген шапағатын қапысыз танығандықтан орын берді. Г.Потанинді: «қазақты туғанындай жылы көреді, бишарасың деп қазаққа қорған болады. Өз ғұмырында қылған жұмысы, жүріп-тұрған мінезі анық әулиенің ісіндей», Семенов-Тянь-Шанскийді: «Омбыда жас офицер Г.Н. Потанин мен біздің қазақтың орысша оқығанының жалғызы Шоқанға жолыққан. Шоқан менен Потанинді ғылым жолына бастаған...Үкімет адамының арасында жалғыз еді. Мұндай ғылымды, көңілі таза адам бұл араны жайламайды», Гаспыралыны: «өзінің заманында жалғыз Ресей мұсылмандарының ғана емес, бүтін мұсылман дүниясының ұлық адамы еді», Пастерді: «білім күн сияқты: көрінгеннің бәрін жарылқайды. Пастердің жылы жарығы түспеген адам баласы жоқ. Келешек уақта Пастердің жарығына жылынбаған адам баласы болмайды. Адам баласы ұмытпайтын бір адам Пастер» деген тұжырымдарымен ұлтына, мемлекетіне, барша адамзатқа шапағаты тиген әрбір зиялының мәртебесі мен міндеттерін тиянақтағанын тарихтағы тұлға орнын қастерлегені ретінде қабылдауымыз керек. Қазақ оқығандарының әлеуметтік дамуындағы олқылықтарды, қоғамдық-саяси позицияларындағы алшақтықтарды жақсы білді. Ұлттық жоғары оқу орындарын ашатын күнді армандады. Қазақтан маман даярлауға Томск, Қазан, Мәскеу ЖОО-лары азды-көпті олжа салғанын, дей тұрғанмен, өлкеде ауыл шаруашылық және мал дәрігерлік институттарға сұраныс өткір екенін ХХ ғасыр басында-ақ жазды. Жер шаруашылығы мен мал шаруашылығы салаларында ғалымдардың, мамандардың тапшылығы экономикалық әлеуетке бүгін де, ертең де жағымсыз әсер ете беретінін болжай алды. Тіпті, қазақ даласындағы ғана емес, Ресей империясының қол астында қалып келген Польшаның астанасы Варшавадағы университет пен политехникалық институт жабылуы немесе Пензаға қоныс аударуы мүмкін деген хабарды естісімен «Новый вид борьбы с революцией» атты мақаласын жазуы оның білім мен ғылымға, оқыған мамандарға зор жауапкершілік артқанын айғақтайды. Халқына қызмет қылу жолына түскен оқығандарға тағдыр анықтағыш маңызы зор екі мәселені ескертті. Бірі – бұл жолдың азапты да қатерлі жол екенін, екіншісі – отар өлкенің ілгері дамуы өз әлеуетіне ғана сүйенумен жүзеге аспайтынын қаперге салғаны. Айталық, «Қазақ» газетін шығарушы А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатов абақтыға жабылғанда адамгершілік жолынан таймағаны үшін жазаланған әйгілі адамдарды айта келе, «бауырым, Ахмет,Мирякуб! Сен екеуіңнің абақтың Радишев пен Новиков абақтысы...Біздің Ресейде абақтыға жатпаған жақсы адам кем... Шырақтарым, сендерді мінегенде осылармен бір салып мінесе, не армандарың бар!» – деумен соңына ерген ниеттес зиялылар қауымын ұлы істерге жұмылдырғаны ақиқат. Ал, 1914 жылы: «Қазақ сияқты аз, кеш жұрт мақсаты біреуге ілесіп жүріп болады ғой. Өз бетімен қазақ жол аша алмайды ғой» деп болашақты болжаған пайымы арада үш жыл өтер-өтпестен толық дәлелденді. 1917 жылғы Ақпан айындағы буржуазиялық-демократиялық революция, қазан айындағы большевиктік төңкеріс уақытша болса да Алаш автономиясына, 1920 жылы Қазақ кеңестік социалистік автономиясына қол жеткізді. Қайраткер ойшыл Әлихан Бөкейхан ұлт зиялыларының тарихи миссиясын эволюциялық даму арнасындағы қоғам талаптарымен ажырағысыз бірлікте қарастырды. Сондықтан, ол құрған Алаш партиясы мен жақтастарының саяси табысқа жеткені де, мерейі үстем болғаны да рас. Қызыл әскердің күшімен өлкеде революциялық қайта құрулар қолға алынған сәттен Ә.Бөкейханға, оның идеяларына, оның серіктеріне қарсы жорық басталды. Ахуалдың түбегейлі өзгергенін көрген Әлекең алдымен халқының болашағына алаңдады. 1917 жылдың 12 желтоқсанында ол былайша дабыл қақты: «Есік алдынан дауыл, үй артынан жау келді. Алаштың баласы, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» соң 200 жылда басыңа бір қиын іс келді. Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздық-дауды қой; бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл!». Қыздырманың қызыл тіліне ерген біздің ел, өкінішке қарай, байыпты сөзге қонақ беруден қалған еді. Ол түрік баласын отарлық қыспақтан құтқарудың жолын іздеді, оны Алаш автономиясы идеясынан тапты. Ол түрік әлемін бәсекеге қабілетті халықтар шоғы-рынан көргісі келді, оның кілті білім мен ғылымда жатқанын уағыздаудан жалықпады. Ол туған халқының, бауырларының жасампаз әлеуеті толық ашылмай, қолданыссыз жатқанына қынжылды. Бұла күштің, тұма қайнардың көзін ашатын қауым зиялылар деп түсінді. Ол дұрыс зерделенген ұлттық тарих ұлтының болашағы үшін қызмет ететініне сенді. Сол себепті «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы» екенін көрегендікпен қағазға түсірді. Ә. Бөкейхан әлемдік тарихта есімі Сунь Ятсенмен, М. Гандимен, С. Боливармен есімі қатар тұратын ұлы тұлға.

Интеллектуалды қайта өрлеу  және әлемнің Әуезовы

Түркі өркениетінің әлемдік жарық жұлдыздары әл-Фараби мен Ұлықбек өмір сүрген X-XV ғасырлардан кейін интеллектуалды қайта өрлеу XX ғасыр еншісіне бұйырды. «Манас» пен «Алпамыстың», Орхон жазуларының мәңгілігі, Әлішер Науаи мен Жамидің, Мақтұмқұлының, Абай мен Шоқанның, Назым Хикметтің есімдері мен мұралары лайықты бағаларын алып, әлемде насихаттала бастады. Саясатта Ататүрік пен Шоқайдың, Д.Қонаев пен Г.Алиевтің әдебиет пен өнерде М.Әуезовтың, Ш.Айтматов пен Атсыздың, Орхан Памук пен О.Сүлейменовтың, ғылымда Қ. Сәтбаев пен М.Айтхожинның, М.Асад бек пен А.З.Валидидің, поэзияда М.Жұмабаевтің, Ж.Жабаевтің, М.Жалилдің есімдері жасындай жарқылдады. Ғылым академияларының шаңырақ көтеруі түркі халықтары интеллектуалды есеюдің бетбұрысты кезеңіне аяқ басқанын айғақтады. 1943 жылы Өзбекстанда, 1945 жылы Әзірбайжанда, 1946 жылы Қазақстанда, 1951 жылы Түркменстанда, 1954 жылы Қырғызстанда Ғылым академияларының салтанатты ашылуы өтіп, тұңғыш президенттері Т.Н.Кары-Ниязов, М.Миркасимов, Қ.Сәтбаев, Т.Бердыев, И.Ахунбаев сайланды. Ал, Түркия Республикасының Ғылым академиясы 1993 жылы құрылды. Ғасыр аяғында Кеңестік тоталитарлық билік күйреп, бес түркі мемлекеті азаттыққа шықты. Әрине, коммунистік жүйе мен идеологияның күйреп түсуіне әкелген себептердің қыртыс-қатпары қалың. Соның бір парасы түркі халықтарының ғылыми, интеллектуалды өміріндегі ілгерілеу екеніне күмән жоқ. Өзгерістер оңайшылықпен келе қалған жоқ. Кеңестік түркілер тоталитарлық қыспақтан көз ашпады, ауыр зардабы ұлт зиялылары мен тіліне, этникалық аумағы мен демографиясына тиді. Брежневтік тоқырау жылдарында ұлттық санадағы наразылықты бәсеңдету және басқа жаққа аудару ниетімен түркілік әйгілі тұлғаларды (М.Кәрімді-башқұрт, К.Яшенді-өзбек, А.Тоқомбаевті-қырғыз, К.Караевті-әзірбайжан, Ғ.Мүсіреповті-қазақ, т.б.) социалистік еңбек ері атағымен марапаттау да жағдайды өзгерте қойған жоқ. Тап осы үдерісте мемлекеттік тәуелсіздіктің тағдыр анықтағыш құдіреті толық көрінді. Түркияда бірігу мен прогресс үшін партия құрған жас түріктер XX ғасыр басында билікке келіп, бағдарламалық мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға кіріссе, кеңестік түркілерден шыққан алашшыл зиялылар саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. Қандай тұлғалардан айырылғанымызды бір ғана М.Әуезов тағдырынан ұғынуға болады. Абақтыға қамалса да, атылудан аман қалғандықтан, саяси әділетсіздік пен өктемдіктің кермек дәмін татып алған ол адамзатқа «Абай жолы» тәрізді ғажайып шығармасын тарту етті, Айтматовтай теңдессіз таланттың ұстазы бола алды, Қазақ КСР Ғылым академиясының құрылтайшысы биігіне көтерілді. Ғылымға қатысты дүниетанымы 25 жасқа толар-толмас шағында қалыптасқаны кімді болсын таңқалдырғандай. 1918 жылы жариялаған «Ғылым» атты мақаласында М. Әуезов: «Өмірдің тізесі өткен сайын адам күннен-күнге түр тауып, дүниенің (жаратылыстың) әр түрлі сырын ашқан, сол сырлардың қорытындысынан шыққан – осы ғылымдар», деп жазыпты. «Ғылымның артынан еріп, көрсеткен жолымен жүрген бұл күнде өмірдің төрінде», дейді автор. Ғылым өмірдің, практиканың сұранысымен дүниеге келіп, көркейетінін, «бұрынғы мұқтаждық шығарған бірен-саран ғылымның» келе-келе әлденеше салаға бөлініп кеткенін және бұл үдеріс ешқашан тоқтамайтынын түсіндірген жас Мұхтар ғалымдар қауымын екі топқа жіктейді. Бірі – «сол заманда шыққан жолбасшы білгіштері». Бұлар – «бірен-саран». Екіншілері – «адамның нәпсілік керегінен ұзай алмай, ешкімнің ірілігін көтермесем, өзім ірі болсам деген секілді мақсаттың ғана маңында» жүргендері. Әйткенмен, ғылымның келешегіне қылаудай күдік келтірмейді: «адам құрымаса, ғылым өрлей бермек, адамның түсіне кірмейтін неше түрлі ғажаптарды шығармақ. Ендігі көпшіліктің тілеуі, беті сол ғылымның сүрлеуімен барып, хақиқат тауып, қараңғы өмір жолынан құтылып, жарыққа шықпақ». Ғылымтанудың бір ғасыр бұрын тиянақталған осынау анықтамасына айтарлықтай өзгеріс ене қойған жоқ. Осынысымен-ақ әлемнің Әуезовы атануға лайық. Бүгінгі энциклопедиялық басылымдарда ғылымға берілген түсін-дірме мынадай: ғылым дегеніміз – осы дүние туралы объективті білім түзуді және жүйелеуді көздеген адам әрекеті. Сол әрекеттің негізінде фактілер жинау, оларды тұрақты түрде жаңарту мен жүйелеу, сындарлы талдау жүзеге асып жаңа білімдерді синтездеуге немесе байытуға, болжам құруға қол жетеді. Ғылым жайлы М.Әуезов тұжырымына контент-талдау аясында мынадай пайым-тұжырым жасауға болады. 1. Ғылым – адам қабілеті мен ізденісінің сыналатын, жаңа немесе бұрын беймәлім нәтижені табумен көмкерілетін еңбек бөлінісінің ерекше саласы. Ол еріккеннің ермегі болатындай әркімнің маңдайына жазыла бермеген. Атаққұмарлардан, ындыны бұзықтардан ешқашан нағыз ғалым шықпайды. Олардың зардабы мен зияны жаманнан келген кесапатпен бірдей. Ғылымы кенже халық – қорғансыз халық. 2. Ғылымның қозғаушы күші – бәсеке, қоғамдағы сұраныс. Басқа да себептері бар. Мысалы, жақсыдан жақсыға, биіктен биікке жетуді қалап тұратын адамның табиғаты ғылымға жол бастамай тұрмайды. Қиыншылығына шыдағандар, икемділер, бейімделе алғандар, сынақта шыңдалғандар озады. 3. Ғылымның мәні – жаңалық ашу, ілгерілей дамуды қамтамасыз ету. Оның «айшылық алыс жерлерден ілезде хабар алдырған» пайдасы материалдық өндіріс саласында, техникада тез көзге түседі, игілігі бүкіл адамзатқа ортақ. Ал, сананы өзгертуге келгенде жылдамдық бәсең тартады. Ғылымсыз «төрден» орын жоқ. 4. Ғылымның басты пайдасы, түпкі нәтижесі – өмір сапасын арттыру. «Жолбасшы білгіші» шықпай, ғылымнан пайда келмейтіні былай тұрсын, орынсыз шығыны мемлекетті тұралататыны тарихтан белгілі. Демек, Әуезов тұжырымын тарқата айтсақ, ғылым – табиғат, қоғам, адам құпиясы мен сырын анықтаушы заңдылықтар мен ерекшеліктерді таныған әрі жасампаз мүмкіншіліктерін ұлғайта беретін интеллектуалды әлеует, қазына және соған лайықты саяси, құқықтық, материалдық-техникалық, қаржылық, т.б. алғышарттар мен жағдаяттар жиынтығы. Ұлы Мұхтар 1961 жылы дүниеден озды. Түркілік ортақ тарихтың интеллектуалды діңі опырылып түспесе де, қатты шайқалды. Бүгінгі қазақ әдебиеті Мұхтар шыңына қөтерілді деуге аузымыз бармайды. Ал, «Өмірдің төріне» шығаратынына сенген ғылымның тарихы мен нәтижелерін көктей шола отырып, оған тән заманауи ерекшелік пен басымдықты жүйелеудің қажеттілігін байқаймыз. Түркі әлемі үшін олар, біздің ойымызша, мынадай: 1. Ғылыммен, тіпті нақты ғылыми бағдарламамен, жобамен айналысатындар жүздеп, мыңдап саналуы бек мүмкін. Бірақ бетбұрысты ғылыми жаңалықты тумысынан талантты жан ғана ашады. Ұлы жаңалық кездейсоқ ашылғанның өзінде оның авторын, айрықша қабілет-қарымын бір мысқал төмендетуге негіз жоқ. Қоғамның эволюциялық дамуын жақтай отырып, ғылымда революциялық сілкініспен пара-пар жаңалық ашыла беретіні ақиқат дегіміз келеді. Бұлтартпас айғақ-дәлеліне әзірбайжан Лотфи Заденің бұлыңғырлық теориясы мен қисыны, қазақ О.Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабы жатады. Ғылымда революция жасаған бұл жаңалықтарды ешқандай қаражатпен, алтынмен өлшеу мүмкін емес. 2. Үздік ғылыми жаңалық – мәңгілік құндылық, ізгілік, адамзат баласына ортақ сарқылмас қазына. Мәселен, Лотфи Заденің бұлыңғырлық теориясы туралы мақаласына 1965 жылдан бергі жарты ғасыр ішінде, Scopus мәліметі бойынша, 36 мыңнан астам сілтеме жасалған екен. Теориялық жаңалықты General Motors, Kodak, Soni, Nissan, Honda тәрізді өнеркәсіптік алыптар кеңінен қолдануда. 3. Ғылымға еркіндік, бәсеке, автономия керек. Оның басында ұйымдастырушылық қабілеті мығым нағыз ғалым отырғаны абзал. Бірақ ол билік пен саясаттан тыс тұра алмайды. Билік пен саясаттың ғалымдарға өктемдігі – ғылымның соры, бұлардың үйлесімі – адамзат баласының бағы. 4. Ғылымды жасампаз мақсатқа да, эгоистік пиғылмен де қолдауға болады. Кейде ғылым ғылым үшін дамитыны рас, алайда, нәтижелерінің бәрі билік пен саясаттың құзырында. Өйткені, ғылымға қажетті шығындарды зерттеу мекемесі көтере алмайды, ғылым әкелетін табыстан билік пен саясат та тыс қалуы мүмкін емес. Бұл ықпалдастық ендігі жаһандық құбылысқа айналды. 5. Ғылымды ұлттық, жаһандық мүддеге қайшы немесе қарсы пайдалану мемлекетке де, ғалымға да абырой әкелмейді, зардабы берісі – ұлтқа, әрісі – адамзатқа тиеді. Мемлекеттің ғылыми саясаты қателікке ұрынғанда, кереғарлықтар басталатынын посткеңестік жылдарда Қазақстанда, Өзбекстанда, Түркменстанда ғылым академияларын қоғамдық бірлестік мәртебесіне көшіру немесе мүлде жауып тастау тәжірибесі көрсетті. Өйткені, қалыптасқан тарихи дағды бойынша, бұларда ЖОО профессор-оқытушылардың педагогикалық жүктемесі өте көп, іргелі ғылыммен айналысуға мүмкіндік бермейді. 6. Ғылым – күрделі тірі организм тәрізді болғанмен, бар саласын деңгейлес дәрежеде ұстауға ең бай мемлекеттің өзінде қаржы жетпейді. Ендеше, халықаралық деңгейде бірлесе әрекеттесудің, бизнестің ғылымға қол ұшын беруінің, меценаттықтың ғылым тағдырындағы маңызы зор. 7. Ғылым байлық пен билікке адал қызмет еткенімен сол байлық пен билік ғылымға адалдық таныта бермейді. Ортағасырлық инквизиция, фашизмнің кітаптарды жағуы, кеңестік және посткеңестік кеңістікте ғылымды қаржыландыру деңгейінің, ғылыми зиялының тұрмыс жағдайының төмендігі – соған бұлтартпас айғақ. Тығырықтан шығаратын жол біреу-ақ – заң мен демократияның үстемдігін орнату. 8. Ғылымда зерттеушінің нәсіліне, дініне, жынысына байланысты шекара жоқ. Бірақ, ұлттық мақтаныш, отансүйгіштік тәрбие мақсатында оған идеологиялық реңк беру мемлекеттік реттеу нысанында болуы керек. Кей-кейде саяси, коммерциялық немесе әскери есеп қуумен бүгін құпия ұсталғанмен, жақсылығы мен жасампаздығы түбінде ашылады. 9. Ғылымның әлеуеті арта береді, соны қапысыз түсінетін, эволюциясы мен қажетіне лайықты шешім қабылдайтын саяси, идеологиялық, экономикалық ерік-жігер барда «өмірдің төріне» шығу көп күттірмейді. Тұғырынан тайған ғылыми әлеуетті қалпына келтіру ұзақ мерзімді талап етеді. 10. Әлемдік додаға кіру отандық ғылымсыз еш мүмкін емес. Бұл талап барлық түркі дүниесіне қатысты. «Қазақстан - 2030» Стратегиясы ғылымның болар-болмас араласуымен атқарылды, «Қазақстан - 2050» Стратегиясын, Мәңгілік Ел идеясын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында ғылымға, қаржыға зәрулік артпаса кемімейді. Әзірге Қазақстан ғылымын қаржыландыру сын көтермейтін деңгейде. Кеше де, бүгін де Қазақстанның, түркі мемлекеттерінің өсу мен даму болашағы, тағдыры көбінесе интеллектуалды, ғылыми-техникалық әлеуетімен анықталып отырды. Ол тарихта бөрікті аспанға атқан жеңісті сәттерден гөрі «әттеген-ай» деп өкінген күндеріміз көп. Ақиқат біреу: интеллектуалды кемелдіктің, ғылымның болашағы оның биік белестерін бағындыра алатын, бәсекеге қабілетті биліктің, тұлғалардың қолында. Мемлекетті техникалық немесе жаратылыстану ғылымдары ғана өрге сүйремейді. Гуманитарлық, соның ішінде, тарих ғылымдарының да атқарар міндеті бар. Ғылыми және тарихи таным ажырағысыз бірлікте өрілгенде, өркениеттер көшіндегі түркілік керуеннің сән-салтанаты артып, олжасы молаяры сөзсіз.

772 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз