• Тарих толқынында
  • 02 Тамыз, 2019

ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗДЕРІ МЕН ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Қазіргі заманғы қоғам – бұл индустриялық қоғам. Қоғам модернизациясы оның ең алдымен индустрияландырылуын білдіреді. Қазіргі заманғы қоғамның тарихи пайда болуы өнеркәсіптің тууымен тығыз байланысты. Осы заманғы өзгерістердің бәрі осыдан екі жүз жыл бұрын басталған индустриялық қоғам типіне тән. Дегенмен, «индустрияландыру» және «индустриялық қоғам» терминдері тек экономикалық және технологиялық мағынаға ғана ие емес. Индустрияландыру – өте терең экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени өзгерістерді қамтитын өмір салты. Қоғам дәл осы жан-жақты индустриялық трансформация үдерісінде заманауи бола түседі.

Модернизация – үздіксіз және шет-шегі жоқ үдеріс. Модернизацияның тарихи кезеңдері жүздеген жылдарға созылуы да, тіпті, жедел түрде өтуі де мүмкін. Кез-келген жағдайда модернизация – қол жеткен нәтиже. Қоғамның дамуы әркезде біркелкі және біртекті болған емес. Даму деңгейі қандай болса да, қоғамда әрдайым «артта қалған» аймақтар мен «перифериялық» топтар міндетті түрде болады. Олар үнемі шиеленіс пен қайшылық көзін құрайды. Бұл бір мемлекетішілік жағдайға ғана емес, бүкіләлемдік ауқымда да солай. Даму деңгейі әртүрлі елдердің болуы әлемдік жүйеге тұрақсыздық аухалын орнатады. Дәстүрлі және заманауи қоғамды қарсы қою арқылы 1950-60 жылдары француз әлеуметтанушысы Р.Арон және американдық экономистер У.Ростоу мен Д.Гэлбрейт индустриалды қоғам теориясын құрды. Бұл теория қоғамның натуралдық шаруашылығы бар және сословиелік иерархиялы артта қалушы аграрлық қоғамнан механикаландырылған және автоматтандырылған өндіріске ие, бұқаралық мәдениеті, күрделі еңбек бөлінісі бар индустриалды қоғамға эволюциялануы туралы идеядан тұрады. Оның негізінде «технологиялық детерминизм» жатыр, оның мәні бойынша қоғамдағы бүкіл өзгерістер мен даму өндірістегі техникалық және ғылыми жаңалықтар туғызған технологиялық төңкерістер арқылы себептеледі. Технологиялық төңкерістерге іле-шала экономикада, саясатта, мәдениетте де тиісті өзгерістер жүреді, бірақ бұл өзгерістер әлеуметтік жанжалдарға, революцияларға әкеп соқпайды, олар әлеуметтік реформалар жасау жолымен шешіледі. Бисмарктің әлеуметтік реформаларды революцияға теңегені бар. Яғни, нәтижесі жағынан әлеуметтік реформалар бейбіт түрде терең өзгерістерге алып келеді. 1970 жылдары индустриалды қоғам теориясы Д.Белл құрған «постиндустриалды қоғамға», Збигнев Бжезинскийдің «технотронды қоғамына», Ж.Фурастьенің «ақ-параттық қоғамына», О.Тоффлердің «жоғары индустриалды қоғамына» айналды. Аграрлық қоғамда әлеуметтік өзгерістер биліктен басталса, индустриалды қоғамда – ақ-ша, постиндустриалдыда – ақпарат пен білім алдыңғы орында тұрады.

Прогрестің пайда болуы

Бұл кестеде адамзат қоғамының даму кезеңдері технологиялық төңкерістер негізінде сипатталған. Яғни, технологиялар – дамуға серпін беретін басты себеп. Қоғам түрлері де осы техникалық жетістіктерге сәйкес анықталады. Қоғам дамуындағы әрбір кезең белгілі бір технологиялық жаңалықты ойлап табу нәтижесінде түбірлі өзгерістерге ұшырайды және соған сәйкес адамдардың өмірі, тұрмыс-тіршілігі де өзгереді. 1950-1960 жылдары капитализмнің жаңа даму кезеңінде институционалдық теорияның эволюциясы жүзеге асты. Жаңа индустриалдық-технократиялық ағым пайда болды. ХХ ғасырдың көрнекті экономист-теоретигі Джон Гэлбрейт «Жаңа индустриалдық қоғам» атты еңбегінде ХХ ғасырдың екінші жартысындағы экономиканың дамуындағы негізгі үрдістерді зерделейді, сондай-ақ «индустриалдық қоғам» және «техноқұрылым» концепцияларын ұсынады. ХХ ғасыр әлемдік экономикадағы жаһандық өзгерістермен ерекшеленді. Өндіріс пен өнеркәсіптік капиталдар күрт шоғырланды, өнеркәсіптің маңызды салалары монополияланды, банк капиталы ғаламат деңгейде ұлғайды. Экономиканың монополиялануы әлеуметтік өзгерістермен қабат келді: орта таптың жаңа топтары пайда болды (ғалымдар, инженерлер, қызметкерлер). Жаңа индустриалдық қоғамның сипаттық ерекшеліктеріне мемлекеттің белсенді ролі, жаһандық жоспарлау, ірі корпорациялардың мемлекетпен бірігуі жатады. Индустриалдық қоғам және оның саналуан түрлерін (электронды қоғам, үшінші толқын өркениеті, технотронды дәуір) құру теориясы институционалдық теорияның жаңа кезеңін бастап берді. Жалпы, «постиндустриалдық қоғам» терминін 1958 жылы Д.Рисман қолданды. Бірақ, ол оны «бос уақыт қоғамы» ретінде қарастырды. Постиндустриализм концепциясының нағыз негізін қалаушы Д.Белл бұл ұғымды ұзақ жылдар бойы мұқият зерттеді. Қоғам түрлерінің айырмашылығы адамның табиғатпен, машиналармен және өзге адамдармен қарым-қатынасымен айқындалады. Яғни, бірінші қоғам «адамның табиғатпен өзара әрекетінің» көрінісі, екіншісі – «адамның түр-лендірілген табиғатпен немесе машинамен өзара іс-әрекеті», ал, үшіншісі – «адамның адаммен өзара әрекеттесуі» немесе «адамдар арасындағы ойын». Бұл аталған қоғамдар бірін-бірі жоя алмайды: постиндустриалдық қоғам индустриалдық қоғамға тән құрылымдар мен процестерді қамтиды. Ал, индустриалдық қоғам индустриалдыққа дейінгі қоғамда қол жеткен табыстарды пайдаланады. Кейінгі қоғамдық құбылыстар алдыңғы қоғамды жетілдіре отырып, оған жаңа сипат береді, сөйтіп тұтасқа айналады» дейді Белл. Постиндустриалдық дәуірге кір-ген қоғамдарда өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының бұрынғы салалары сақталады. Бірақ, жаңа үлгілер жетек-ші сипат алады. Ғылымның және қызмет көрсету мен ақпарат өндіруді экспансиялаудың барған сайын ролі арта түседі. Егер де, индустриалдық қоғам машиналық технологияға негізделген болса, ал, постиндустриалдық қоғам интеллектуалдық технологияның ықпа-лымен қалыптасады. Және де капитал мен еңбек – индустриалдық социумның басты құрылымдық элементтері болса, онда ақпарат пен білім – постиндустриалдық қоғамның негізі. Постиндустриалдық қоғамда қызмет көрсетудің жаңа салалары пайда болады, оған денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, кәсіптік және техникалық мамандар, сауда, демалыс индустриясы, мемлекеттік басқару саласы, сақтандыру және т.с.с. кіреді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруа-шылығында жұмыс істейтіндер саны қысқарып, оның орнына жұмысшылардың басым бөлігі қызмет көрсету саласына тартылады. Өнеркәсіптің ғылыми қамтымды салалары – химия өнеркәсібі, есептеу техникасы, электроника, оптика сияқты салалардан пайда болады. ХХІ ғасыр басындағы қоғам ақпараттық қоғам деп аталады. «Ақпараттық қоғам» термині АҚШ-та 1970 жылдары пайда болды. Энциклопедиялық сөздіктер бойынша ақпарат, яғни, информация ұғымы латынның informatio – түсіндіру, ұғындыру деген сөзінен шыққан және адамдар, адам мен автомат, автомат пен автомат арасындағы мәлімет алмасуды білдіретін ғылыми ұғым. Ақпараттық қоғам – қоғамдық дамудың жаңа сапалық кезеңі. Мұнда қоғамның технологиялық негіздемесі индустриялық емес, ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар. Ақпараттық қоғамда ақпарат ең басты экономикалық ресурсқа айналады, ал, ақпараттық сектор даму қарқыны, капитал салымы, жұмысқа қамтылғандар саны, ЖІӨ үлесі жөнінен бірінші орынға шығады. Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар өндіріс тиімділігін көтерудің, ішкі және әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті нығайтудың басты құралы болады. Қазіргі заманғы әлеуметтік тео-рияның дамуына үлкен үлес қосқан ғалым М.Кастельс «Ақпараттық ғасыр: экономика, қоғам және мәдениет» атты трилогиясында ақпараттық технологиялар парадигмасына талдау жасайды. Бұл парадигманың бес негізгі қасиеті бар. Біріншіден, бұл ақпаратқа ықпал ететін технологиялар. Екіншіден, ақпарат бүкіл адамзат іс-әрекетінің құрамдас бөлігі болғандықтан, бұл технологиялардың ықпалы барлық жерде жүреді. Үшіншіден, ақпараттық технологиялар қолданатын барлық жүйелер «желілік логикамен» анықталады, бұл олардың үдерістер мен ұйымдардың көпшілігіне әсер етуіне мүмкіндік береді. Төртіншіден, жаңа технологиялар өте икемді, бұл олардың үнемі өзгеріп, бейімделіп отыруына көмектеседі. Бесіншіден, ақпаратпен жекелей байланысқан технологиялар төтенше ықпалдасқан жүйеге бірігеді. Постиндустриалдық қоғамда қызмет көрсету саласы басымдық алады және өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылығы өнімдері көлемінен асып түседі. Тиісінше қызмет көрсету саласында қамтылған адамдар саны ұлғаяды және жаңа элита: технократтар мен сциентистер қалыптасады. Қоғам дамуының циклдары танымал футуролог-ғалымдардың еңбектерінде тың тұжырымдарын тапты. Мысалы, О.Тоффлер «Үшінші толқын» кітабында ақпараттық қоғамда қоғам өмірін ұйымдастырудың негізгі қағидаларын қайта қарау жүзеге асатынын атап өтеді (ол мұны «өркениет кодын қайта қарау» деп атайды). Жаңа технологияларға дем беретін ғылым мен білімнің ролі артады, олар әлеуметтік қызметтің басты түріне айналады. Қоғамдық байлықты құрудың жаңа тәсілі ақпарат өндіру болады. Бұл тәсілдің негізінде физикалық қара күш емес, адамның ақыл-ой қабілеті жатыр, бұл қабілет білім беру үдерісі арқылы дамиды. Ақпараттық қоғамда білімге жаңа талап қойылады. Бір жұмыстан келесі жұмысқа тез ауыса білу жақсы білімге ие адамның ғана қолынан келеді. Сол себепті, ақпараттық қоғамдағы жұмыс күші нарығының сипатты белгісі оның қайта мамандануы және жоғары білім дәрежесі болады. Егер де, индустриалдық қоғамда байлық капитал (ақша) формасында болса, ақпараттық қоғамда байлық жаңа, заттық емес формаға (ақпарат, білім) ие болады. «Индустриалдық қоғам ұзақ мерзімдік қолданыстағы заттарды жаппай өндірумен ерекшеленсе, ақпараттық қоғам білімді жаппай өндіру қоғамы болады» дейді Тоффлер. «Білімнің ақша капиталынан түбірімен айырмашылығы бар, ол таусылмайды және тұтынушылардың барлығына қолжетімді. Ақшаның өзі электронды ақшаға, кредиттік карточкаларға айналады». Футурологтардың осы болжамдары шындыққа айналғанын қазір айқын көріп отырмыз. Батыс елдері ақпараттық қоғамға бірінші болып кірді. Еуропа өзінің 455 млн тұрғынымен әлемдегі ең үлкен нарық болып табылады. Әлемдегі ең үлкен экспорттаушы – Еуропа, өнеркәсіптің көптеген салаларында еуропалық компаниялар көшбасшы. Әлемдегі ең ірі банктер мен компаниялар да осы елдердікі. Кәрі құрлық тұрғындары үшін басты құндылық – өмірдің сапасы. Жеке бастың еркіндігін бірге алып қарастыратын бұл еуропалық күрделі түсінік ұжымдасып күш-жігер жұмсау арқылы өмірдің жоғары сапасына қол жеткізуді көздейді. Бисмарк әлеуметтік реформаны революцияға теңеген. Еуропадағы қазіргі әлеуметтік жүйе мен саясат – қазіргі заманғы даму барысындағы ең үлкен жетістік және адамзат қауымы баруға тиісті болашақ қоғамның белгісі. Мұны, ең алдымен, АҚШ пен Еуропа одағы елдерінің әлеуметтік саясатынан анық байқауға болады. Мәселен, АҚШ-та әлеуметтік шығындарға ішкі жалпы өнімнің 26%-ы жұмсалса, Еуропада, оның ішінде әлеуметтік мемлекет саналатын Францияда, Бельгияда бұл көрсеткіш 31%-ды құрайды, бұл осы елдердегі ЖІӨ-нің үштен бірі деуге болады. АҚШ-тың әлеуметтік саласының тағы бір ерекшелігі, олар салық жеңілдіктері арқылы әлеуметтік қолдау жасайды. Ал, дамушы елдер қатарынан Қытайда – 6%, Ресейде 12%-ды құрайды. Дүниежүзі бойынша барған сайын экономиканың ролі артып барады. Экономика мемлекет пен қоғам дамуының бір саласы ғана емес, оның болашағы мен қауіпсіздігін айқындайтын маңызды шартқа айналды. Сондай-ақ, әлеуметтік проблемалардың шешімін табу да экономикалық өсімге келіп тіреледі. Осы орайда, дамушы елдердің проблемаларын тиімді шешудің маңызы зор. Бұл реттегі бағдар экономикалық және ғылыми-техникалық артта қалушылықты жеңуге бағытталуы тиіс. «Шикізат экспортына ғана бағдарланған экономикалық модельге ие ел жыл сайын миллиардтаған доллардан айрылады» деп санайды экономист-ғалымдар. Табиғатты бағындыру және оны шексіз пайдалану индустриалдық жүйенің бір бөлігіне айналды. Ал, нарықтық қатынастар табиғатты оған толықтай тәуелді етіп тынды. Адам табиғатты өркениетке қызмет еткізгенімен, өзі қорғаусыз қалды. Чернобыль мен Фукусима трагедиялары табиғаттан алшақтаудың қаншалықты қауіпті екендігіне айқын дәлел. У. Бек «Тәуекел қоғамы» кітабында адамзатқа төніп тұрған қатерді ашық көрсетеді. Адамзат қоғамы әлі де индустриалдық қоғамда өмір сүруде және бұл оның жаңа формасы болып табылады. Индустрияландырудан пайда болған қоғамды Бек «тәуекел қоғамы» деп атайды. Бұл қатерлер негізінен индустриалдық дамумен байланысты. У.Бек жазғандай, ХІХ ғасырда модернизация феодалдық қоғам құрылымын қалай қиратып, индустриалдық қоғамды туғызса, сол модернизация бүгін де индустриалдық қоғамды бұзып, өзге заманды алып келеді. Ғылыми-техникалық революцияның теріс жағы болып табылатын экологиялық проблемалар шаруашылықты жүргізудің ақылға сыйымсыз, жағымсыз типінің салдары нәтижесінде шиеленісе түсті. Қазір ауаның, судың ластануы одан әрі күшейіп барады, топырақ пен ормандарға қауіп төнді, радиоактивтік ластану жедел жүріп жатыр. Техникалық прогрестің абсолюттенуі адам мен табиғаттың өзара байланысын жоғалтуға әкеп соқты. Интеграцияға, жаһандануға жеткізген ғылыми-техникалық прогресс әлеуметтік проблемалар: әлеуметтік теңсіздік, қылмыстың өсуі, девиантты мінез-құлықтың таралуы және т.б. қатар келді. ХХ ғасырдың екінші жартысына қарай капитализмнің индустриалды дамыған елдеріндегі модернизацияға байланысты әлеуметтік тәртіптің терең дағдарысына дәлел болатын отбасы институтының теріс үрдістері пайда болды. Капиталистік өндіріс пен нарықпен, жалдамалы еңбекпен, отбасының функцияларын тартып алумен, отбасылық өмірдің деприватизациясы, яғни, әке мен баланың, ана мен қызының бір-біріне жатқа айналуымен сипатталатын әлеуметтік тәртіп отбасының құндылықтық тіректеріне нұқсан келтірді. Сонымен бірге, бала тууды жоспарлау, жаңа ұрпақтың акселерациясы, азаматтық некенің кең тарауы, туған баласынан бас тарту, тірі жетімдердің көбеюі, жасөспірімдердің әлеуметтік патологиясының пайда болуы, суицид, жезөкшелік және т.б. яғни, отбасының ауқымды дағдарысынан туындаған тұтас бір әлеуметтік дағдарыстың тууы тұлға мен қоғамның қайшылықты мүдделері арасында тепе-теңдікті қамтамасыз ете алмаған әлеуметтік тәртіптің деградациясының сырын ашып берді. Бұл үрдіс бүкіләлемдік сипат алды. Ірі индустриалдық өндіріс еңбек өнімділігінің артуына және технологиялық эволюцияға байланысты бастапқы кәсіптік дағдылар мен біліктіліктердің жылдам әрі үздіксіз ескіруіне алып келеді. Мұндай жағдайда аға ұрпақты техникалық қайта даярлау мен тәжірибелі мамандардың біліктілігін көтеру жастарды үйретуге қарағанда, анағұрлым тиімсіз болып шығады. Өйткені, жастар кез-келген жаңалықты тез қабылдайды және оларға ескі білімдері кедергі жасамайды. Оған қоса бұл үрдіс отбасында ғана емес, одан тыс жерде де әкелер мен балалардың проблемасын шиеленістіре түседі. Соңғы жылдары әлемнің, тіпті, дамыған елдердің өзінде жұмыссыздық мәселесі ерекше қарқын алды. Ғылым мен жаңа технологиялардың шарықтап дамуы нәтижесінде өндірістегі жұмысшы еңбегінің үлесі қысқарып келеді. Бұрынғы жүздеген адам атқаратын жұмысты енді бір ғана робот немесе аппарат жасайды. Яғни, машиналар жетілдіріліп дамыған сайын адамдар өндірістік үдерістен ығыстырылуда. Тіпті, жаңа технологиялардың дамуы нәтижесінде конвейерлі ірі өндірістер үшін жұмысшының күші қажет болмауға айналды.«Машиналық өндірісте жеке тұлға жасампаздығының қуанышы жоқ, онда қол еңбегіне деген меншік те, жеке тапсырыспен тауар өндіру де жойылады. Адамдардың басым тобы үшін еңбекке үміт арту, оның мақсаты мен мәні жоғалады. Болып жатқан өзгерістер адамның түсінік-пайымына сыймайды. Машина еңбегіне тәуелділіктің екі есе артуынан адам өзін машинаның бір бөлшегіне айналғандай сезінеді» дейді танымал ғалым Карл Ясперс. Осылайша, қоғам бір орында тұрмайды, үнемі өзгеріп отырады. Мәселе оның қандай бағытта өзгеретініне байланысты. Оң үрдіс басымдық алды ма, жоқ, әлде теріс жаққа бет алды ма, міне, осы маңызды. Бір ғана ХХ ғасырдың өзінде қаншама оқиғалар жүрді: радионың ойлап табылуы, теледидар, атом бомбасы, компьютерлік техниканың құрылуы, әлеуметтік саладағы төңкерістер, екі мәрте болған дүниежүзілік соғыс және т.б. Қазір ғылым мен білім жетістіктерін белсенді қолдану ел дамуының негізгі тетігі саналады. Бұл тұжырымдар Қазақстан үшін де аса маңызды, өйткені, еліміз әлемнің дамыған отыз елінің қатарынан орын алуды басты міндет етіп отыр.

27147 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз