• Заманхат
  • 12 Желтоқсан, 2012

Азық-түлік қауіпсізідігінің құқықтық мәселелері

Кез-келген экономикалық даму үрдісіндегі мемлекеттің басты мақсаты ауыл шаруашылық өндірісін қолдайтын, халқын азық-түлікпен жабдықтауға және азық-түлік тәуелсіздігіне кепіл беретін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Қазіргі таңда азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері, халықты сапалы және қауіпсіз тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету нарықтың шырқау шыңына жетіп тұрған кезде өте күрделі және өзекті мәселе болып табылады. Азық-түлік қауіпсіздігі еліміздің ұлттық қауіпсізідігінің бір бөлігі болып табылады. Себебі, бірде-бір мемлекет халықтық сапалы тамақ өнімдеріне деген сұранысын қанағаттандырмастан, ұлттық, соның ішінде экономикалық қауіпсізідігін қамтамасыз етуі мүмкін емес. Халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етпей тұрып, елдің экономикалық, саяси немесе ұлттық қауіпсізідігін қамтамасыз ету туралы айту әрине оңайға соқпайды. Мемлекетіміздегі азық-түлік қауіпсізідігін толыққанды қамтамасыз ету үшін, оның ерекше мемлекеттік маңыздылығын ескере отырып, менің ойымша еліміздің ата заңы Қазақстан Республикасының Конституциясынан бастау алу қажет. Онда адам және азамат тарауына адам мен азаматтың сапалы және қауіпсіз тамақ өнімдеріне деген құқығын бекіту қажет. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылық көрсеткіші тамақ өнім­дерінің қауіпсіздігі, яғни, тамақ өнімдерінің оларды әдеттегі жағдайда пайдалану кезінде зиянды болып табылмайтындығы мен қазіргі және келешек ұрпақтың денсаулығына қауіп туғызбайтындығына негізделген сенімділік күйінің болуы мен сапа деңгейі болып табылады. Соңғы жылдары бұл мәселе аса маңыздылыққа ие, себебі, тамақ өнімдерінің отандық нарығына түсетін өнімдердің төменгі сапалы деңгейі байқалуда. Отандық өнімдер нарығына сақтау мерзімі, адам денсаулығына қауіпсіздің сапаларына жауап бермейтін, көп жағдайда генетикалық түрлендірілген шикізаттардан жасайтын импортты өнімдер келіп түсуде. Генетикалық түрлендірілген объектілер дегеніміз – гендік инженерия әдістері пайдаланылып алынған, өсімдіктен және (немесе) жануардан алынатын шикізат пен азық-түлік, соның ішінде генетикалық түрлендірілген көздер, организмдер. Әрине, айтылған жайттар ұрпағымыздың болашағына кері әсерін тигізбей қоймайды. Мұндай факторлардың орын алуы тамақ өнімдерінің сапасына мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесінің тиімсіздігінен болып отыр, яғни, елімізге әкелінетін тамақ өнімдеріне, балалар тамақтарына, гендік түрлендірілген организмдердің, тамақ қоспалары мен бояғыштардың, биологиялық белсенді қоспалардың айналымына әлі де болса бақылаудың күшейтілуін талап етеді. Сонымен қатар, тамақ өнімдерінің сапа­лылығына көп көңіл бөлуіміз керек. Біздің елі­мізде Қазақстан Республикасы Кеден Ода­ғына мүше болғаннан бері бірталай тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасын, тасы­малдануы мен өткізілуін реттейтін техни­калық регламенттер қабылданған. Бірақ бұл аталған нормативтік актілердің талап­тары орындалмай отыр. Мәселен нан және нан өнімдерінің сапасына қойылатын талаптар регламентіне сәйкес, аталған өнімдер химиялық зиянды заттардан бөлек сақталуы, тасымалдануы тиіс делінген. Алысқа ұзамай-ақ небары 18 шаршы метр орынды дүкен етіп отырған кәсіпкерлердің кәсібіне көз жүгіртейік. Бұл дүкенде нан да, бәліште, тырнаққа арналған лакта, тіпті, оны кетіретін ацетонда қатар қойылып сатылып жатыр. Аядай тоңазытқыштың ішінде сүт өнімдері мен ет өнімдері қатар қойылған. Ал, енді, мұндай дүкеннен алынған тағам қаншалықты сапалы және денсаулығымызға зиянын тигізбейді? Бұл сұрақтың шешімін табу үшін, менің пікірімше, осындай шағын дүкендердің қызметіне жол бермей, белгілі талаптарға сай болуын қамтамасыз етуіміз қажет. Тағы да бір қазіргі таңда көңіл бөлетін мәселе бұл тамақ өнімдерінің радиациялық қауіпсіздігі. Қазіргі тамақ өнімдерінде, көңіл бөліп қарасаңыздар, радиациялық таза өнім белгісі қойылмаған. Бұл өнімнің, қазіргі таңдағы экологиялық дағдарыс жағдайында, қаншалықты радиациялық таза екендігі немесе радиациялық бақылаудан өтті ме, бақылаудан өткен болса, нәтижесі қандай, өнімнің буып түю ыдысының радиациялық тазалығы нормативке сай ма деген өте көп сұрақтар туындайды. Осы туындаған шиеленіскен сұрақтарға шешім табу үшін қолданыстағы бірқатар экология, денсаулық, техникалық реттеу, радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнамаларға тамақ өнімдеріне радиациялық таза өнім белгісін беру тәртібі, тамақ өнімдерінің радиациялық қауіпсіздігі сияқты нормалармен толықтыру қажет. Осы жоғарыда аталған шаралар жүзеге асырылған жағдайда халықты сапалы және өмірі мен денсаулығына қауіпсіз тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету орын алар. Қазақстан Республикасының Елбасы өзінің халқына кезекті Жолдауында экономиканың аграрлық секторын қайта қарау қажеттігін ұсынды, «біздің еліміз әлемдік және өңірлік дәстүрлі азық-түлік өнімдерін беруші болып келді және болып қалуға, ал агроөнеркәсіп кешенінің өзі еліміздің экономикалық өрлеуінің, сауда және төлем балансын жақсартудың қосымша қайнары болуға тиіс. Біз осыған жету үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек. Ауылды өркендетудің басты факторы агроөнеркәсіп кешенін тұрлаулы әрі серпінді дамыту және оның экономикасын осы заманғы нарық қағидаттары негізінде шапшаң ілгерілету болып қала береді» деген болатын [1]. Аталған мақсаттарға жету үшін еліміздің аграрлық заңнамасын көш ілгері дамуына түрткі болған 2002 жылдың 5 маусымында Президенттің жарлығымен бекітілген 2003-2005 жылдарға арналған Мемлекеттік азық-түлік бағдарламасы қабылданды. Нақты құжатта елдің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аграрлық бизнестің тиімді жүйесін қалыптастыру, ауыл шаруашылығы өнімін және оны қайта өңдеу өнімдерін ішкі және сыртқы рыноктарда сату көлемін ұлғайту ауыл шаруашылығы өндірісін мемлекеттік қолдау шараларын ұтымды ету сияқты міндеттері мен мақсаттары анықталды [2]. Елімізде «азық-түлік қауіпсіздігі» деген ұғым алғаш Қазақстан Республикасының астық туралы заңында көрініс тапты, онда «азық-түлік қауіпсіздігі – тұтынудың физиологиялық нормаларын және демографиялық өсуді қанағаттандыру үшін жеткілікті болатын сапалы азық-түлік тауарларына халықтың нақты және экономикалық қол жеткізуін қамтамасыз етуге мемлекеттің қабілетті екендігін білдіретін экономиканың жай-күйі» деп анықталды [3]. 2012 жылдың 6 қаңтарындағы өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, Азық-түлік қауіпсіздігі экономикалық қауіпсіздіктің бір түрі ретінде қарастырылып, «мемлекет тұтынудың және демографиялық өсудің физиологиялық нормаларын қанағаттандыру үшін жеткілікті болатын сапалы және қауіпсіз азық-түлік тауарларына халықтың нақты және экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ете алатын эко­но­миканың, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешеннің қорғалу жай-күйі» деп Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы 2012 жылғы 6 қаңтардағы № 527-ІV Заңында анықталған болатын [4]. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2010 - 2014 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына сәйкес, агроөнеркәсіптік кешен салаларының экономикалық өсуіне және бәсекеге қабілеттілігінің сапалы жаңа деңгейіне жетуіне жәрдемдесу мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді, су, орман, аңшылық және балық шаруашылығын, ауылдық аумақтар мен аграрлық ғылымды дамыту саласындағы мемлекеттің аграрлық саясатын қалыптастыру және іске асыру және 2010 - 2014 жылдардағы стратегиялық жоспардың шараларын іске асыру нәтижесі агроөнеркәсіптік кешен салаларын тұрақты дамытуды қамтамасыз ету, отандық өнімнің ұлттық бәсекелестік басымдылығын дамыту, елдің азық-түлік қауіпсіздігін және мемлекет қаржыны және материалдық активтерді басқару тиімділігін қамтамасыз ету, экономиканың ведомстволық бағынысты салаларын үйлестіруді жоғары деңгейге жеткізу болып табылады [4]. Жалпы туындап отырған қиындықтар келесі мәселелердің орын алуымен ұштасады: 1. Тамақ өнімдерінің шикізатын өңдеу және қайта өңдеу өнеркәсібінің төмен деңгейі; Еліміздің астық ресурстарын толық игере алмағандықтан, одан сапасы өте төмен халықаралық стандарттарға жауап бере алмайтын өнімдерді алып отырғанымыз барлығымызға белгілі. Ол бәсекеге қабілетсіз, технологиялық инновация тұрғысына артта қалған қайта өңдеу өнеркәсіптерінің жұмысының нәтижесі. 2. Елімізде өндірілетін тамақ өнімдерінің бәсекеге қабілеттілік деңгейінің төмендігі; Осы саладағы мамандардың бағалауы бойынша отандық өнімдер сапасы, бағасы, ассортименті және қорабын дайындау мен безендіру сапасы жағынан елімізге әкелінетін өнімдерге орын беріп отыр. 3. Тамақ өнімдерін өндіру бойынша отандық стандарттардың халықаралық стандарттарға сәйкес еместігі; Қолданыстағы стандарттар жа­ңартуды талап етеді. 4. Тамақ өнімдерінің сапасын арнайы тек­серуді жүзеге асыратын, құрамындағы азық қоспалардың, бояғыштардың, генетикалық түрлендірілген объектілердің жол беруге болатын шекті мөлшерін, сапасы төмен өнімдерді анықтауға байланысты зертханалардың, құралдардың аппаратуралардың және ең бастысы арнайы біліктілігі бар мамандардың жетіспеушілігі орын алып отыр. Қазақстан Республикасындағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемалары бірқатар мемлекеттік тетіктерді жетілдіруді талап етеді. Қазіргі уақытта тамақ өнімдерінің сапасына мемлекеттік бақылау мен қадағалау функциялары Денсаулық сақтау министрлігінің, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитетінің, санитарлық-эпидемиялогиялық қызметтің және ветеринарлық қызмет арасында бөлініп кеткен. Осы жағдайда аталған органдар бір-бірінің қызметін қайталау жағдайлары орын алған. Бұл отандық тауар өндірушілерді тығырыққа әкеліп соқтырып, олардың шығарған өнімдерінің бағасын негізсіз жоғарлатуға әкеп соғады. Мәселен, қазіргі кезде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тізгінсіз кетті десек болады. ҚР Статистика Агенттігінің мәліметтері бойынша жармалар (+38,4%), сұйық май (+96,8%), сүт және сүт өнімдері (+28,8%). Өзге де өнімдер 50 пайызға дейін қымбаттаған [5]. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы № 145 Қаулысына сәйкес, тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін, белсенді әрі салауатты өмірді сақтау үшін адам ағзасының негізгі тағамдық өнімдерге және энергияға қажеттіліктерін қанағаттандыруды көздейтін азық-түлік тауарлары болып табылады [6]. Сол себептен, осы салада азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету басқармасын құру қажет. Оның құзіретіне, еліміздегі тамақ өнімдерін өндіру, қайта өңдеу, ұқсату мен өткізу саласын бақылау мен қадағалау қызметін беру қажет. Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мәселелердің бірі, ол қолданыстағы нормативтік құқықтық қамтамасыз етілу деңгейін жоғарлату. Атап кету керек, өзге экономикасы дамыған мемлекеттерде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы кешенді нормативтік құқықтық актінің қабылдану жағдайы орын алған. Көршілес мемлекет Ресейде 2010 жылдың ақпан айында Азық-түлік доктринасы қабылданды, ал оның федеративтік субъектілерінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету заңнамасы қабылданған [8]. Қазіргі кезде Қазақстанда «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» заң қабылданып, осы заңды жүзеге асыруға байланыс­ты 20-дан астам Үкіметтің қаулылары, Денсаулық сақтау министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің нұсқаулықтары мен бұйрықтары қабылданды, бірқатар заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бірақ, бұл актілер азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қатынастарын жанама реттегендіктен, арнайы «Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету» заңын қабылдаудың өткір қажеттілігі бар. Аталған заңда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қағидалары, бағыттары, мақсаттары мен міндеттері, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйым­дастыру, атап айтсақ, азық-түлік қауіпсіздік жағдайының мониторингісі, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қаржыландыру, азықтың сұранысы мен ұсынысын бағалау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қатынастарын мемлекеттік реттеу, осы саладағы органдардың құқықтары мен міндеттері т.б. жайттар қарастырылуы қажет. Гүлнар Айгаринова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының доценті, з.ғ.к Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Назарбаев Н.А. Об основных направлениях внутренней и внешней политики на 2003 год. Послание Президента народу Казахстана // Казахстанская правда. – 2002. – 30 апреля. 2. Президент Республики Казахстан. Государственная агропродовольственная программа Республики Казахстан на 2003-2005 г.г.: Указ от 05.06.2002 г. № 889 // САПП РК.- 2002. - № 17. – ст. 178. 3. Республика Казахстан. Закон от 19 января 2001 г. №. О зерне // Правовая база «Әділет». 4. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы 2012 жылғы 6 қаңтардағы № 527-ІV Заңы // Правовая база «Әділет». 5. Волончин К.В., Д.А. Еделев, В.М. Кантере Технологии обеспечения безопасности и качества продуктов // Пищевая промышленность № 5. – 2010. – С.16-17. 6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары туралы № 145 Қаулысы// Правовая база «Әділет». 7. Государственная Дума обеспокоена вопросом обеспечения безопасного пи­тания населения страны // Пищевая промышленность № 5. – 2010. – С.18-19. Thіs artіcle examіnes the legal problems of provіdіng qualіty food products. The author suggests some ways to іmprove the state mechanіsm for food securіty.

683 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз