• Тарих толқынында
  • 16 Тамыз, 2019

«БІР ТЕРЕЗЕ», «БІР ӨТІНІШ» ҚАҒИДАТЫНАН ЦИФРЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНЕ ҚАДАМ БАСТЫҚ

Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылып, тұрғындардың құжаттану жұмысы жеңілдегені белгілі. Жыл өткен сайын қызмет көрсету аясын кеңейтіп, жаңа бағдарламалар ұсынып отырған бұл саладағы қазіргі өзгерістер қандай, құжаттандыру жұмысы қаншалықты қолжетімді бола түсті. Міне, тұрғындар тарапынан түскен  осы және басқа да  сауалдар бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Данияр ҚЫРЫҚБАЕВ тікелей желі арқылы  жауап берген еді.

– Данияр Батанұлы,  жауап берер алдында қала тұрғын­дарын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының  тарихымен аз-кем таныстырып өтсеңіз? – Елімізде Халыққа қызмет көрсету орталықтары 2007 жылы ашылған болатын. Халықтың құжат мәселесін реттеуде мұндай орталықтардың ашылуы сол жылдары үлкен жаңалық болды. Тіпті, осы құжаттандыру сала­сындағы үлкен құбылыс болды десек те, артық емес. Бұрын бір анықтама алу үшін адамдар ұзын-сонар кезекке тұрып, әр кабинеттің табалдырығын тоздыратын. ХҚКО ашылғаннан кейін барлық құжатын «бір терезе» қағидаты бойынша бір демде реттеу мүмкіндігіне ие болды. Ал корпорация құрылғалы бері тіпті онлайн режимде керек құжаттарды үйде отырып-ақ алу мүмкіндігіне ие болып отыр. – ХҚКО қалтаңызда болады дейсіз ғой… – Иә, соған бет алып келеміз. Мемлекеттің даму сатысы жоғарылаған сайын халықтың да сұранысы арта түсетіні белгілі. Көпшілік «бір терезе» деп атаған бұл мекеме бүгінде әр түрлі жаңғыртулар мен оңтайландыру­ларды бастан өткере отырып, қазіргі күні күтпеген жетіс­тіктерге қол жеткізіп отыр. Алғаш құрылғанда 25 мемле­кеттік қызмет түрін көрсететін орталықтар бүгінде 624 қызмет түрін көрсететін үлкен мемлекеттік корпорацияға айналды. Ал енді «Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясы Елбасы – Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың 2015 жылдың 19 қарашасындағы  «Ұлт жос­пары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған  Канададағы «Canada Servіce» және Австралиядағы «Centrelіnk» үлгісі бойынша құрылды. Өздеріңіз куә болып отырғандай, мемлекеттік корпорация халыққа қызмет көрсететін барлық орталықты бір жүйеге топтастырып, азаматтардың мемлекеттік қызметтерді бір жерден алу мүмкіндігіне қол жеткізді. 2016 жылдың сәуір айынан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы төрт: «Халыққа қызмет көрсету орталығы», «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы», «Жыл­жымайтын мүлік орталығы» және «Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығын» біріктіріп, өз жұмысын жалғастырып келеді. Қазір қала жұртының корпорация жұмысына деген көзқарастары жаман емес. Данияр Батанұлының әңгімесін Алатау ауданының тұрғыны Әлібек есімді азаматтың желіге жолдаған сауалы үзді: – Сәлеметсіздер ме, Қырықбаев мырзадан сұрайын дегенім, менің қолымда жер телімі берілгені туралы 2005 жылғы шешім бар. Бірақ әлі күнге дейін сол жерімді заңдастыра алмай жүрмін. Қайда баруыма болады? – Сәлеметсіз бе, Әлеке, біз жерді заңдастырумен айналыспаймыз. Ол үшін сіз ең алдымен, өзіңіз тұратын аудан әкімдігіне барып, шешіміңіздің заңдылығын тексертіп, Жер телімі туралы Мемлекеттік АКТ алуыңыз керек. Менің байқауымша, сіздің мәселеңіз сот арқылы шешілуі керек сияқты. Сол үшін сізге өзіңіз тұратын ауданның сотына жүгінуге тура келеді. Бізге осындай сауалдар көп түсетіндіктен, тұрғындарға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құжаттарды сәйкестендіріп, сипаттамасын беретіндігін ескерте кеткім келеді. Тіпті, бізге жер керек, жер бер деп өтініш жазып келетіндер бар. Ондай мәселелермен әкімдіктер айналысады. Ал біз жинақталған құжаттарды сәйкестен­діріп, дайын құжаттарды береміз. Үй кезегіне тұру үшін үш жыл қалада тіркеуде болу керек. АРАЙ: – Мен Алматы қаласында жұмыс істеймін. Қалада тіркеуде жоқпын. Үй кезегіне тұра аламын ба? – Алматы қаласында тіркеуде жоқ болсаңыз, үй кезегіне тұра алмайсыз. Ол үшін сіздің отбасыңыздың Алматы қаласында үш жыл тұрақты тіркеуі болуы міндетті. – Өзім ғана тіркеуде болсам ше? – Үй кезегіне тұру үшін ерлі-зайыпты бір жерде тіркеуде тұру керек. Сол үшін тіркеуге тұрғандарыңыз дұрыс. – Менің есімім – Шарапат. Жасым 67-де. Алматы қала­сында пәтерде тұрамыз. Өткен жылы келінім бала­ларды мектепке орналастыра алмай, әбден әуреге түсті. Тұрақты мекенжайы туралы анықтама талап еткенімен қоймай, тұрған пәтеріңіз біздің мектептің аумағында орналаспаған деп қабылдамай қойған еді. Биыл тағы бір немерем мектепке барады. Тағы әуре-сарсаңға түсеміз бе деп қауіптеніп отырмыз. Қазір балабақша, мектепке баратын балалар үшін анықтама талап етілмейді дегенді естідім. Соның анық-қанығын білгім келіп еді. – Шарапат апай, немереңіз үшін енді алаңдамаңыз. Өткен жылы Алматы қалалық Білім басқармасы, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы және Алматы қаласы бойынша мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес департаменті арасындағы жасалған меморандумға сәйкес, 2018 жылдан бастап балабақшаға, мектепке баратын балалардан мекенжай туралы анықтама талап етілмейді. Ал енді мектеп мәсе­лесіне келсек, биылғы жаңа оқу жылынан бастап ата-аналардың Білім басқармасының bіlіmalmaty.kz сайты арқылы қалаған мектептерін таңдауға мүмкіндігі бар. Сондықтан ерте қамданып, немереңізді жақсы бір мектепке орналастыруыңызға болады. Бұл ретте мен сізге «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы  «Анықтамасыз қызмет» немесе Paper-free сервисі іске қосылғандығын айтқым келеді. Енді азаматтарға мемлекеттік органдарға мекенжай анықта­масын, сондай-ақ, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және жылжымайтын мүліктің болуы, болмауы туралы анықтамаларды қағаз жүзінде апару міндеттел­мейді. Қызметтің бұл түрі бойынша SMS хабарлама арқылы қызмет алушының рұқсаты расталған жағдайда, тиісті анықтамаларды ала алады. Бірақ Paper-free сервисінің қызметін пайдалану үшін мобильді азаматтар базасына тіркелу қажет. «Анықтамасыз қызмет» механизміне сәйкес мүдделі тұлға үкімет порталында авторизациядан өтуі тиіс. Сосын «Үшінші тұлғаның анықтама алу сервисі» бөлімін таңдап, қай азамат туралы анықтама алғысы келеді, соның жеке сәйкестендіру нөмірін жазуы тиіс. Егер азамат мобильді азаматтар базасында тіркелген болса, мүдделі тұлға анықтама түрін таңдап, өзінің электрондық-цифрлық қолтаңбасымен қол қояды. Сол сәтте портал автоматты түрде SMS хабарлама жолдап, үшінші тұлғаға мәлімет беру, бермеу жөнінде шешім қабылдауды сұрайды. Азамат екі сағаттың ішінде жауап беруі тиіс.  ҚАЙРАТ: – Данияр Батанұлы, осы жуырда «Алматы ақшамы» газетінен биометрия, яғни бет-әлпетті суретке түсіріп немесе саусақ таңбасы арқылы қызмет алуға болатыны туралы оқыған едім. Енді бұл жоба қаншалықты тиімді, қазір оны пайдаланғандар бар ма? – Қайрат, бұл пилоттық жоба. Дегенмен, осы уақытқа дейінгі атқарылған жұмыстарға сараптама жасасақ, бұл жүйе өзінің тиімді екендігін дәлелдеп отыр. Мәселен, сізге аяқасты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорацияның қызметіне жүгінуге тура келді дейік. Бірақ сіз тиісті құжатыңызды үйде ұмытып кеттіңіз. Үйге баруға уақытыңыз жоқ. Міне, осындайда саусақ таңбасы мен бет-әлпетті сәйкестендіру арқылы тиісті құжатыңызды ала аласыз. Азаматтарды бет-әлпет, саусақ таңбасы, дауысы, көздің сыртқы мөлдір қабығы сияқты биометриялық мәліметтер арқылы сәйкестендіру қазіргі таңда ақпараттық технологиялар саласындағы тренд екені рас. Бірақ біз әзірге саусақ таңбасы мен бет-әлпет арқылы сәйкес­тендіруді қолға алдық. – Алматы қаласында сәйкестендірудің осы әдісіне жүгінгендер бар ма?  Данияр БАТАНҰЛЫ: – Әзірге көп емес, төрт мыңға жуық адам саусақ таңбасы әдісі арқылы тиісті құжаттарын алды.

 Көші-қон мәселесі де жеңілдеді

 Марат ӘБДІҚҰЛ:  – Биыл үй салсам, соған сырттан  құрылысшылар жалдасам деп едім. Ол үшін оларды тіркеу керек. Бұрын сырттан келгендерді көші-қон полициясы тіркейтін. Ал қазір Халыққа қызмет көрсету орталықтары тіркейді деп естідім. Осы мәселені түсіндіріп беріңізші? – Марат мырза, жаз шыға сырттан келетін жұмысшы күшін пайдалану құрылыспен, ауыл  шаруашылығымен айналыссам дейтін азаматтарды толғандырып жүрген мәселелердің бірі екені даусыз. Қазір  жұмысшы  күшін тір­кеу жолдары жеңілдеген. Өткен жылы Алматы қаласында миграциялық қызметтер орталығы  ашылған болатын. Мұнда еңбек мигранттарына рұқсат беріліп, оның мерзімін ұзарту қызметтері ұсынылады. – Бұл бөлімге тіркету үшін қандай құжаттар керек? – Еңбекші көшіп келушіге рұқсаттар беру және ұзарту мемлекеттік қызметін алу үшін: – сауалнама-өтініш; жеке кіріс салығы бойынша бастапқы төлемді төлегені туралы түбіртектің тұпнұсқасы және көшірмесі; жеке басты куәландыратын құжат тұпнұсқасы және анықтамалық деректері бар беттердің және шекараны кесіп өткені туралы белгісі бар беттің көшірмесі; көші-қон карточкасы, дактилоскопиялаудан өткені; суретке түскені туралы анықтама керек. Мигранттарды тіркеуге бұрын бес күн кететін болса, ал қазіргі жүйеде 20 минутта өзіңізге қажетті жұмыс күшін тіркетіп,  заңдастырып ала аласыз. Шетелдік азаматтарға мемлекеттік қызметтерді біздің корпорацияның маман­дарымен бірге көші-қон полиция қызметкерлері де бере алады. Көші-қон мәселесі бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығы «Зерделі» (бұрынғы «Алғабас») ықшам­ауданындағы  Атлетикалық   қалашықтағы  №5/55 үйдің 2-қабатында орналасқан. Жұмыс уақыты 9.00-ден 18.30-ға дейін үзіліссіз жұмыс істейді.  Шолпан МҰРАТХАНОВА: – Тегімнен «ова»-ны алып тастасам барлық құжатымды өзгертуім керек пе? – Жоқ. Қазіргі жаңа Заң талабы бойынша сіз тегіңіз­дегі «ов»-пен «ова»-ны алғызып тастасаңыз, барлық құжат­ты өзгерту шарт емес. Тек жеке куәлігіңіздегі тегіңізден «ова»-ны алып тастап, жаңа Шолпан Мұратхан деген текке ие боласыз. Сізге тегіңізді өзгерт­кеніңізді растайтын анықтама беріледі. Құжа­тыңызды анықтау қажеттілігі туындай қалса, сол анықтама арқылы растайсыз. – Тағы бір сауал қойсам, жақында зейнетке шығамын. Соған құжат жинау үшін қайда баруым керек? – Біздің корпорацияның өзіңіз тұратын жерге жақын фронт-офистеріне барсаңыз, тиісті құжаттарыңызды ала аласыз. Жұлдыз ЖҰМАҒАЛИЕВА: – Данияр Батанұлы,  сәлеметсіз бе, шетелдік төлқұжат алу үшін қайда баруға болады? – Егер де жеке куәлігіңізді немесе шетелдік төлқұжатты бірінші рет алатын болсаңыз, онда сізге міндетті түрде өзіңіз тіркеуде тұратын тұрғылықты жердегі ХҚКО-ға бару керек. Бар құжатты ауыстыру қажет болған жағдайда, өзіңізге ыңғайлы үйіңізге, жұмысыңызға жақын жердегі ХҚКО-ға немесе жаңа аталым бойынша айтар болсақ, фронт-офиске барасыз. – Жалпы, төлқұжат қанша күнде дайын болады? –  Негізі, белгіленген стандарттар бойынша 15 жұмыс күні ішінде дайын болады. – Одан бұрын алуға бола ма? – Әрине. Бізде төлқұжатты, жеке бастың куәлігін мерзі­мінен бұрын берудің 2 категориясы бар. 1-категория бойынша үш жұмыс күнінде беріледі. Ол үшін 4983 теңге төлейсіз. 2-категория бойынша 5 жұмыс күнінде дайын болады. Ол үшін 2752 теңге төлейсіз. Шет елге шығуға мүмкіндік беретін төлқұжат алуға 8 АЕК көлемінде (20 200 теңге) ақы төлейсіз. Ал жеке куәлік үшін 0,2 АЕК көлемінде (505 теңге) төлемақы төлейсіз. Осы ретте тұрғындарға жеке куәліктеріңіздің ауыстыру мерзіміне мұқият болуды ескерткім келеді. Ондай жағдайда 10 күннен бастап 1 ай мерзім аралығында ескерту жаса­лады. Ал осы мерзімнен асып кеткен жағдайда 7 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін боласыз. Сондықтан құжат мәселесіне абай болған жөн.

 Телеграмм-бот – қалтаңыздағы ХҚКО

 – Есімім – Айзада. Жасым 42-де. Үй шаруасындағы әйелмін. Маған телеграмм-бот арқылы мемлекеттік қызмет алу тәртібін түсіндіріп берсеңіз? Ол үшін не істеу керек?  – Корпорациямыздағы жаңалықтарға құлақ түріп жүргеніңізге рахмет. Ал енді мемлекеттік қызметті теле­грамм-бот арқылы алу үшін сізге міндетті түрде «Мобильді азаматтар базасына» тіркелу қажет. Ол үшін egov.kz порталындағы жеке кабинетте телефон нөміріңізді ЖСН-ге бекітіп, телефоныңыздағы Telegram мессенджерінде ботты қосу керек. Телеграмм-бот – қалтаңыздағы ХҚКО. Бұл жүйе өткен жылдың мамыр айында іске қосылған. Сол уақыттан бері бот арқылы анықтама, әлеуметтік мәртебені тексеру мен базалық зейнетақы төлемінің көлемі туралы ақпарат алу, емханаға тіркелу, дәрігерге жазылу және дәрігерді үйге шақыру, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезекті брондау мүмкін болса, енді бала тууға байланысты проктивті қызметтерді алу мүмкіндігі қосылды. Бот арқылы  енді туу туралы куәлікке тапсырыс беру, бала туу бойынша жәрдемақыларды рәсімдеу, баланы балабақша кезегіне қою қызметтерін алуға болады.  Жуырда бұл қызмет түріне тағы екі: жұмыссыздарға жұмыс іздеу мен жұмыс берушілерге керекті маман табу сияқты қызмет түрі енгізілмек. Ержан  НҰРҒАЛИ: – Жүргізуші куәлігін онлайн-ауыстыру қалай жүзеге асырылады, ол үшін не істеу керек, соны білейін деп едім? – Енді қазақстандықтар жүргізуші куәлігін электрон­дық үкімет порталы арқылы ауыстыра алады. Жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру үшін сіздің электрондық цифрлық қолтаңбаңыз (ЭЦҚ) қажет. Қызмет алушы egov.kz порталында авторизациядан өткеннен кейін электрондық өтінішті толтырып, ЭЦҚ-мен қол қоюы тиіс. Өтінішпен қоса фотосурет және қойған қолының скан-суретін де жолдап, сондай-ақ, мемлекеттік баж салығын төлеу керек. Айта кетейік, жүргізуші куәлі­гінің баж салығы  қазіргі көрсеткішпен 1,25 АЕК (3007 теңге) құрайды. Қызметті онлайн тәртіпте рәсімдегеннен кейін жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен толтырылған электрондық өтінішті және «Қызметтерді төлеу тарихы» бөлімінен мемлекеттік баж салығын төлеу туралы электрондық чекті басып шығару керек. Сосын дайын құжатты алып кету үшін тұрғылықты жерде орналасқан мамандандырылған ХҚКО-ға  барасыз. Өзіңізбен бірге қағазға басып шығарылған өтініш пен чекті, ауыстыратын жүргізуші куәлігін, жеке басыңызды куәландыратын құжат, психиатрлық және наркологиялық диспансерден анықтама, 083-нысандағы медициналық анықтаманы апару қажет. Айта кету керек, медициналық тексеріс пен психиатр бақылауынан өткен кезде сізден флюорография мен әскери комиссариаттан тіркелу куәлігі талап етілуі ықтимал. Соны да ескерген абзал. Қала тұрғындарына біздің корпорациядағы тағы бір жаңалық туралы айта кетсем… – Өткізіліп отырған тікелей желінің басты мақсаты да сол оқырмандар сауалына жауап берумен қатар, жаңа­лықтарыңызбен таныстыру болғандықтан, мархабат. – Мемлекеттік қызмет көрсетудегі тағы бір тың жаңалығымыз – қызметтерді бейнеқоңырау арқылы алу. Бұл біздің бірлескен жобамыз деуге болады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы CІSCO компаниясымен бірлесіп мемлекеттік қызметтерді қашықтықта онлайн тәртіпте ұсыну жобасы жасалып, соның нәтижесінде қазіргі уақытта 20 мемлекеттік қызметті бейнебайланыс арқылы алу мүмкін болып отыр. Желілік технологиялар бейнеқоңырау арқылы қызметтерді алуға өтінім жасауға мүмкіндік береді. Осы жоба арқылы бірқатар ақпараттық анықтамаларға – мекен­жай, соттылықтың бар-жоғы, зейнетақы төлемдері, тіркелген құқықтар, жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы және тағы басқа да анықтамалар алуға болады. Сондай-ақ, бейнеқоңырау арқылы электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алуға өтінім беріп, мобильді азаматтар базасына тіркелуге болады. Бұл пилоттық жоба Астана қаласында, Сығанақ көшесі, 29-үйде орналасқан «Жилстройбанк» бөлімінде, «Қазпошта» цифрлық бөлімдерінде, Бейбітшілік көшесі, 25-үйде орналасқан Жұмыспен қамту орталығында, сондай-ақ, Алматы қаласындағы «Мега парк» сауда үйінде іске қосылған.

Цифрлық сауаттылықты арттыру басты мақсатымыз

– Бүгінгі тікелей желі арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда көп жұмыс жүргізіп отырғанына көз жеткіздік. Дегенмен, елдің барлығы цифрлы технологияны меңгеріп алды десек, тым артық болар. Азаматтардың осы мүмкіндіктерді пайдалана білуіне жағдай жасау, цифрлық сауаттандыру жұмыстарын жүргізу де назардан тыс қалмайтын шығар? – Әрине. Осы енгізіліп жатқан жаңалықтарды азамат­тарымыз игеруі үшін де көптеген жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда мемлекеттік корпорация цифрландыру үрдісін қарқынды түрде жүргізіп, өкілетті органдармен бірге мемлекеттік қызметтерді барынша электрондық нұсқаға ауыстыруда. Бұл орайда біздің фронт-офистер  түрленіп, қызмет алушылар үшін ыңғайлы әрі қолайлы жағдайлар жасалуда.  Сондай-ақ халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында бағдарламалар жүзеге асырылуда.Тұрғындармен тақырыптық дәрістер өткізетін сыныптар ашылып, белгіленген кестеге сәйкес цифрлық сауаттылық дағдыларын арттыру бойынша сабақтар өтеді. Одан тыс, корпорация мамандары мекемелер мен ұйымдарға, университеттер мен институттарға, колледж­дерге, мектептерге барып жаппай цифрлық қызмет алу дағдыларына оқытуда. Аталған игі шаралар тек мемлекетіміздің өсіп-өркен­дегенін, барынша дамыған ірі елдер қатарына кіруге күш жұмсап, еңбек етіп жатқандығын ғана көрсетіп қоймайды, бұл ілгерілеушілік басты байлығымыз – халықтың қамы мен жағдайын жақсарта түсу екендігін  де дәлелдей түседі. Яғни «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы азаматтардың уақытын үнемдеуді көздеп, қызметтерді жылдам әрі тиімді жалғастыру үстінде. Халыққа цифрлық қызмет көрсетуде корпорацияның бүгінгі тыныс-тіршілігі мен бағыт-бағдарында көңілге қонымды істер көп. Өйткені, жол айқын, міндеттер нақты, дей келе, мен  сөзімнің соңында тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді көрсетудің бірыңғай провайдері екендігімізді тағы бір атап өткім келеді. – Данияр Батанұлы, екі сағаттық сұрақ-жауап арқылы корпорацияның қызметін оқырманға  тұтастай жеткізу мүмкін емес шығар. Дейтұрғанмен, оқырмандар аз да болса корпорацияның қызметімен таныс болды деген үміт­теміз. Уақыт тауып, оқырмандармен тілдесуге келгеніңізге рахмет. Шындығында күні кеше ғана «бір терезе» бойынша қызмет көрсететін орталық ашылыпты деп таңырқасақ, енді міне, мемлекеттік қызметке жүгінудің технологиясы дамып,  үйде отырып-ақ телефон, интернет желілері арқылы өзімізге керекті қызмет түрін алу мүмкіндігіне қол жеткіздік. Бұл, әрине, үлкен өзгеріс. Елбасымыз айтатын өркениетке жеткеніміздің  жарқын мысалы. Еңбектеріңіз жемісті болып, корпорацияның алдына қойып отырған басты міндеті  сапалы қызмет пен нәтижелі істерге қол жеткізулеріңізге тілектеспіз.

Тікелей желіні үйлестірген – Нұржамал БАЙСАҚАЛ

540 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз