• Заманхат
  • 12 Желтоқсан, 2012

Көркем мәтіндегі ұлттық колоритті жеткізу мәселесі

Қазіргі таңда оқырман қауым аударылған шығарманың мазмұнындағы жалпыадамзаттық идеяны ғана емес, сонымен бірге, ұлттық ерекшелікті де қабылдауға дайын болғандықтан көркем аударманың танымдық маңызы арта түседі. Осыған байланысты, жалпыадамзаттық идея мен ұлттық ерекшеліктің арақатынасы мәселесі аударманың сәйкестігін бағалау критерийі қатар тұрады. Ұлттық ерекшелік – көркем құралдар ретінде түсіндірілетін көркем шығарманың басты сипаты болғанымен, көбінше ұлттық-мәдени, тарихи колоритті көрсету ұлттық бояуға ие реалиилердің («Реалия» сөзі латын тілінен (realis, -e) енген, оның сөзбе-сөз аудармасы «заттық» дегенді білдіреді екен) еншісіне тиесілі. Ұлттық-мәдени және тарихи колоритті аудару мәселесінің бір қыры – шығарманың қандай да бір элементтерінің мағынасын сақтау ғана емес, сондай-ақ, олардың ұлттық ерекшелігін сақтау. «Колорит» ұғымы (лат. color – түс) әдебиеттануға өнертанудан алынып, «түстер үйлесімінің жалпы сипаты» мағынасымен қатар, «қандай да бір нәрсенің өзіндік ерекшелігі, кезеңдік, жергілікті ерекшеліктер» деген мағынаға ие. «Реалии» сөздер ұлттық ерекшелікке ие және ең жиі кездесетін лексикалық бірліктерді құрайды. Бұл терминді ХХ ғасырдың 40-жылдары ұлттық ерекшелікке ие заттың немесе құбылыстың атауы ретінде аударма теориясы мен тәжірибесіне А.В. Федоров енгізді. ХХ ғ. екінші жартысында осы реалиилерді білдіретін лексикалық бірліктерді атау үшін ең нақты терминді іріктеуге талпыныс жасалды («экзотизмдер» немесе «экзотикалық лексика», «локализмдер», «этнографизмдер», «варваризмдер», «тұрмыстық сөздер», «ксенизмдер»). Аударма үдерісінде түпнұсқа мәтінді өзге мәдени және тілдік ортада алмастыратын екінші мәтін жасалады. Әрбір тіл халықтың ұлттық мәдениет ерекшеліктерін, тарихын, менталитетін, тұрмысын көрсетеді. Мұндай ерекшеліктер тілдің барлық деңгейлерінде, соның ішінде лексикалық деңгейде көрініс тапқан. Көркем мәтіннің ұлттық-мәдени ерекшелігін көрсетуде реалиилердің маңызы айрықша. Көркем мәтіннің ұлттық-мәдени элементі ретінде көркем мәтінде кездесетін реалиилер бірқатар лингвистикалық және жеке аудармашылық зерттеулерге арқау болды. Реалиилер – басқа тілдерде сәйкес бірлігі жоқ, сол тілдің тұрмысында ғана кездесетін және сол тілге ғана тән ерекше сөздер мен тіркестердің жиынтығы. Аудармашы тарихи реалиилерді бірінші, ескі авторлардың көне шығармаларынан және екінші, ежелгі немесе жуырдағы өткенді – көнерген құбылыс­тарды суреттейтін қазіргі заманғы жазушылардың шығармаларынан кездестіре алады. Олардың арасын­дағы айырмашылықтар олардағы реалиилерді аударуда түрлі тәсілді талап етеді. Реалиилер жеке қарастырылатын бір халық­қа, тілдік топқа, этникалық қауымға тән арнайы ұғымдар мен анықтамаларды құрайды. Әдетте, бір халықтың реалии сөздері екінші халықта кездеспейді және өзге тілдік қалыпта қайталанбайды. Реалиилерге өзге этникалық топтарда кездеспейтін жеке ұлттық белгілерді, құбылыстарды, заттарды білдіретін мақалдар мен мәтелдер, фразеологизмдер, идиома сөздер, сөздер мен сөз тіркестері жатады. Түпнұсқадағы мәтін жөнінде ақпараттық негіздің мол болуы аудармашыға қойылатын басты талаптардың бірі болып табылады. Аударма жасау үшін аудармашының энциклопедиялық білімі болуы мен қатар, фондық ақпараттың болуы да маңызды. Аудармадағы «фондық ақ­парат», «фондық ая», «фондық білім» ұғымдары жөнінде соңғы кездері аудармашылар мен аударматанушылар тарапынан жиі айтылып, талданып та жүр. Мәселен, В.С. Виноградовтың «Көркем проза­ның лексикалық мәселелері» атты кітабында: «Фон­дық ақпараттың мазмұны ең алдымен ұлттық ортақтықтың тарихы мен мемлекеттік құрылымының өзіне тән ерекше фактілерін, оның географиялық ортасының ерекшеліктерін, бұрынғы және қазіргі материалдық мәдениеттің өзіне тән заттарын, этнографиялық және фольклорлық ұғымдарын және т.б., яғни аударма теориясында әдетте реалии деп аталатындардың барлығын қамтиды» [2, 87], – деп «фондық ақпарат» ұғымына анықтама берілген. Бұдан байқайтынымыз, ақпараттық фон белгілі бір ұлтқа ғана тән ерекшеліктерді қамтиды. Аудармашы аударатын тілінің ұлттық дәстүрін, мәдениетін, тұрмыс-салтын, рухани құндылықтарынан жан-жақты мәлімет ала отырып, сол ұлт жөнінде мол ақпарат жинаса, аударатын мәтінді терең түсініп, сапалы аударма жасай алады. Реалиилерге арналған зерттеулерді талдау нәтижесі көрсеткендей, реалии терминін кеңінен түсіндіру («реалиилер» деп ономастикалық лексиканы, мақалдар мен мәтелдерді, фразеологизмдерді атайды) мен қатар, реалии сөздерді соларға ұқсас басқа құбылыстардан аражігін ажырататын оның шағын түсінігі бар. Аударматануда реалии сөздер баламасы жоқ лексиканың жеке бір тобы ретінде қарастырылады. Оларды аудармада жеткізудің өзіне тән белгісі мен тәсілдері бар. Біз реалиилерді бір елде бар және өзге елде жоқ, бірегей заттар мен құбылыстарды атайтын лексика түрі ретінде қарастырамыз. Олай болса, аралас филологиялық ғылымдарға қарағанда, аударматануда «реалии» ұғымының ауқымы тар. Түпнұсқа тілінде әдеттегі жай сөзді білдіретін ұғым аударма тілінде реалии түрінде жеткізілуі реалиилердің ерекшелігі болып табылады. Аударма үдерісінде реалии сөздерді аудару едәуір қиынға соғады және оларды дұрыс жеткізудің маңызы зор. Аудармашы шет тіліндегі реалииге жататын сөздерді ажыратумен қатар, оның сол тілдегі мағынасын да тани білуі тиіс. Осы сөздерді сәтті аудару үшін мағынасы бойынша болмаса да, көлемі бойынша лингвистикалық білімнен маңыздырақ экстралингвистикалық білім қажет [1]. Баламасы жоқ болғандықтан, көркем мәтіндегі реалии сөздер мүлдем аударуға келмейді деуге болмайды. Шет тіліндегі осы лексиканы аударуда оның ұлттық колоритін сақтауға аса мән беру қажет. Осы сөздермен жұмыс істеуде аудармашының алдында мынадай міндеттер тұрады: тілдік бірліктің мағынасына нұқсан келтіре отырып, колоритін сақтау немесе реалии сөздің колоритін сақтамай, мағынасын жеткізу. Осы жайт аудармашының реалии сөздерді аударуда қандай да бір тәсілді қолдануына себеп болады. Кейбір ғалымдар реалиилерді аударылмайтын сөздер (сөздік тәртібінде) қатарына жатқызып, контексте ғана жеткізілетіндіктен, оларға қатысты «аудару» деген сөзді қолдану шартты деп санайды. Қазіргі кезеңде аударматануда «реалиилерді аудару», сонымен бірге «реалиилерді жеткізу» деп те айтылып жүр. Алайда, осы сөздерді аудару аударма тілінде тура баламаларды іздестіруді ғана білдіріп қоймайды. Бұл дегеніміз – мәдени сәйкестікті, концептіні зерделеу, түпнұсқадағы ұлттық және тарихи колоритті аударма тіліндегі құралдар арқылы пішінін, мазмұнын жеткізуден тұратын күрделі ойлау үдерісі. Түпнұсқа мәтінге сәйкес мәтін тудыруда түпнұсқа мен аударманың арасын алшақтатын кеңістік пен уақыт қашықтығын назарға алған жөн. Басқа кезеңде жазылған шығарманы аударудың басты мақсаты қазіргі заманғы оқырманды жазылған кезеңінде өз заманына сай болған әдеби ескерткішпен таныстыру болып табылады. Қазіргі заманғы тілде қолданылмайтын реалиилер тарихи реалиилерге жатады. ХХ ғасырдың 50-жылдарынан бастап реалиилерді шет тілде жеткізу тәсілдерін зерттеуде белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді. Әрқайсысы мүлдем жаңа көзқарас әкелген бірнеше кезеңді аңғаруға болады. Бірінші кезең – ХХ ғасырдың 50-60 жылдары. Осы кезеңде отандық және шетелдік лингвистер баламасы жоқ лексиканы жеткізудің ең танымал деген тәсілдерін қарастырды. Екінші кезең – ХХ ғасырдың 70-80 жылдары. Ғалымдар реалиилердің ерекшеліктеріне аса назар аударады. Реалиилердің аударылатындығын атап көрсетеді. Оларды жеткізудің жекелеген тәсілдері ұынылады. «Реалии» ұғымына берілген әр түрлі анықтамаларға байланысты, осы сөздерді аударудың тәсілдері де бір-бірінен ерекшеленеді. Үшінші кезең – 90-жылдардан бастап осы күнге дейінгі кезең. Көркем шығармадағы ұлттық ерекшелікті жеткізу мәселесі өзекті бола отырып, аударма теориясы мен тәжірибесі бойынша теориялық еңбектер мен оқу құралдарында, көптеген мақалаларда көрініс табады. Осы кезеңдегі еңбектер осы лексика түрін зерттеуді жаңа, одан да кең тұрғыда зерттеуге талпыныс жасауымен сипатталады. Қазіргі таңда реалийлерді аударуда бірнеше тәсіл қолданылып жүр. Олар: толықтай транслитерациялау, жартылай транслитерациялау, мағынасы жақын сөздермен ауыстыру, калькалау, сипаттау, түсіндіру арқылы аудару. Реалиилерді жеткізуде транслитерациялау тәсілі сирек қолданылады. Аудармашы көбінесе қоғамдық-саяси өмір мен жалқы есімдерді аударуда осы тәсілге жүгінеді. Калькалау – сөзбе-сөз аудару арқылы жүзеге асады. Осы тәсілде реалии сөздің мағынасын барынша толық сақтап жеткізуге болады. Алайда мағынасын сақтау оның колоритін сақтауды білдірмейді, өйткені, ол аударма тілдің құралдары арқылы беріледі. Мағынасы жақын сөздермен ауыстыру тәсілі жиі қолданылады. Осы тәсілде реалиидің функционалды эквивалентін табу көзделеді. Транслитерациялау арқылы жеткізу мүмкін емес реалиилер сипаттау, түсіндіру арқылы аударылады. Жоғарыда аталған тәсілдердің өз артықшы­лықтары мен кемшілік тұстары бар. Мәселен, транслитерациялау тәсілін қолдануда шет тіліндегі сөздің колориті сақталады, бірақ, кей кездері оқырманға жақсы таныс болмаған жағдайда, түсініктеме беру қажеттігі туындайды. Мағынасы жақын сөздермен аударуда оқырманға түсіндіріп жатудың керегі жоқ, бірақ та, транслитерациялауда, калькалауда шет тілін білмейтін оқырманға аударылатын сөздің немесе сөз тіркесінің мағынасын дұрыс аша бермейтін жайттар кездеседі. Осы жағдайда сипаттау немесе түсіндіру арқылы аудару тәсілін қолданған жөн. Көркем аудармада реалиилерді аудару аудар­машыдан шығармашылық пен терең экстра­лингвистикалық білімді талап етеді. Аударма үдерісінде өзге тілде мағынасы мен мазмұнын жеткізу қиын лексикалық бірліктерді зерттеп-зерделеу аудармада сол елдің тілі, мәдениеті, тарихы мен күнделікті тұрмыс-тіршілігін шынайы түрде жеткізуге жол ашады. Жібек Абдуллаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті, филология ғылымдарының кандидаты. Пайдаланылған әдебиеттер: 1 Влахов С., Флорин С. Непереводимое в переводе. – М.: Международные отношения, 1986 г. 2 Виноградов В.С. Лексические вопросы перевода художественной прозы. – М.: Издательство МГУ, 1978 г. – 174 с. In the article of reality examined as major facilities of reflection of national and historical colour are in the art text.

2050 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз