• Заманхат
  • 12 Желтоқсан, 2012

Саяси болашақты болжау: бүгінгі көзқарас

Әлеумет өмірінде, қоғам тіршілігінде алдағы болатын оқиғаны дөп басып тану, айнытпай болжау-қиынның қиыны. Мұның бір ұшығы осынау құбылыста өзге де қоғамдық қарекеттермен, тіпті, физикалық немесе биологиялық үдерістермен белгілі бір байланыстың орын алатындығында жатса керек. Соған қарамастан әлеуметтік тірлікті бағамдау мен болжауға әсер ететін проблемаларды пайымдай білгеніміз жөн. Төменде «халықаралық сценарий» деп аталатын болжау тәсілдерінің бірін сөз етіп, Қазақстанда қоғамдық-әлеуметтік өмірді болжаумен, яғни, саяси футурологиямен (болашақты зерттеу ғылымы) айналысып жүрген ғалымдар мен практиктер ұшырасуы ықтимал түбірлі түйіндерге тоқталып өтеміз. Бүгінгі таңда қоғамдық білім салаларын зерделеушілер кезігіп отырған маңызды мәселелердің бірі ғылыми ақпараттың өлшеусіз өсуі болып табылады, молайған мағлұматтар мен ұшы-қиыры жоқ фактілерді игеру барған сайын қиындай түсуде. Сонымен қатар, егіз қозыдай ұқсас құбылыстар мен үдерістердің, оқиғалардың тереңіне үңіліп, тамырын басу да, талдап-таразылау да күрделеніп келеді. Мұның өзі зымыран заман көшіне ілесу үшін ғылыми зерттеулердің бағыт-бағдарын айқындап отырумен қатар, олардың дәлдігі мен нақтылығына, ақиқат ауылынан алыстамауына көңіл бөлудің қажеттігін көрсетсе керек [3; 167 б.]. Болжамдау немесе болжау (прогноз) жасау көңілге сенім ұялататын, нақтыланған, белгілі бір деректер негізінде келешекті көре білу дегенді білдіреді. Ал, болжамтану немесе прогностика болашақты болжау туралы ғылым болып табылады. Ғылыми болжамдау мақсаты болашақтың ақиқатқа жақын нүктесін (моделін) белгілеуге, оның даму бағыттары мен серпінін сын тезінен өткізуге саяды. Болжамдау барысында талданып отырған құбылыс өріс алып, дамитын жағдайлар айқындалады. Осы орайда жасалынған болжамдарда сыртқы әсерлердің түрлері мен типтерін, тәуелділікті, сондай-ақ, аталған құбылыстың өрбуі кезінде туындайтын ішкі өзгерістерді ескеріп отыру қажет болады, мұның өзі бір жағынан зерттеу пәні де болып табылады [12; 1 б.]. Ғылыми талдама ретінде болжам орын алып отырған ахуал ауанын айқындай отырып, уақыт пен кеңістікті де бедерлегені жөн [6; 253 б.]. Мұндай ахуал диагнозы неғұрлым кең де ауқымды түрде жасалынады, сөйтіп орын алып отырған кезеңнің ауысу ықтималдығы айқындалып, болашақ кезеңдері (фазалар) ой елегінен өткізіледі. Нақты, тәжірибелік (практикалық) атқарымдар орындайтын ғылыми болжамдау үшін келешек дамуды болжау қажет болады, ол прогностикалық диагноз деп аталады. Ол белгілі бір үдерістің немесе дамудың болашақта өрістеуі немесе зерттеліп отырған кезеңнің жекелеген диагноздарына қатысты талдама (типологиялық, генетикалық, мазмұндық және фазалық) және оның деректері негізінде әзірленеді [6; 253 б.]. Зерттеуші К. Стрийский әділ атап өткеніндей, қоғамдық құбылыстарды болжамдау көптеген көзқарас тұрғысынан алып қарағанда күрделі болып табылады. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл құбылыстардың табиғаты өте күрделі болып табылады әрі физикалық немесе биологиялық құбылыстармен өте тығыз байланыста болады. Міне, осыдан келіп қоғамдық құбылыс үдеріс­терінің тереңдігі мен көпжақтылығы жөніндегі пайымдаулар туындайды, өйткені, нақты себеп-салдарларға сүйенетін физикалық құбылыстардай емес, олар тұрақтылығы әртүрлі деңгейдегі көптеген факторларға тәуелді. Сондай-ақ, кез келген қоғамдық құбылыста тәжірибе-эксперимент жасау мүмкіндігі жоққа тән десек болады. Міне, осының бәрі қоғамдық құбылыстар үдерістерінің болашақтағы бейнесін болжауға кедергі жасайды. Себебі, бұл кезде қоғамдық құбылыстың өзі болжам түрінде көрініп, өзге құбылыстармен түйісе келе болжамдау үдерісіне өз әсерін тигізеді [11; 30-31 б.]. Қоғамдық құбылыстарды ғаламдық ау­қымда болжамдау: 1. Қоғамдық ғылымдарда зерттеудің сапалық тұрғыда жүргізілетіндігіне; 2. Келешекті көре білу өз кезегінде жауап әрекет туғызатынын бейнелейтін Эдип эффек­тісіне; 3. Қоғамдық құбылыстардың синдромдық сипатына, яғни біз зерделеп отырған құбылыстардың әрқилы бейнеде көрініс табатындығына байланысты тежеліп отыр. Адам және оның мінез-құлқы зерттеу обьектісі бола отырып, өз кезегінде био-психо-және социомәдени жаратылыс болып табылады. Яғни, оның мінез-құлқына ата тегі (ген), ойлау қабілеті (ми) және тәрбиесі (мәдениет) әсер етеді. Сондықтан да болжам жасауда түрлі ғылымдардың, атап айтқанда, антропологияның, психологияның, социологияның, философияның жетістіктері пайдаланылуға тиіс; 4. Қоғамдық болмыс бітімі күрделене түсуде әрі күн санап өзгеріске ұшырап, өзгеше мән-мағы­наға ие болуда. Осыған орай, туындап отырған әрбір жаңа мағлұмат, дерек пен ақпарат ой еле­гінен өткізіліп, әлеумет кәдесіне жаратылғаны абзал. Сонымен қатар, олар зерттеу нысаны ретінде таңдап алынған қоғамдық құбылысқа болжам жасау үдерісінде қолданылуы керек [7; 5; 175-188 б.]. Соңғы проблема сонау антикалық заманның белгілі ойшылы Гераклит айтты делінетін «бә­рі де ағады» («Panta rhei») деген әфсанамен ұш­та­сып жатыр. Расында да, ағып жатқан өзенге екі қайтара түсе алмайсыз ғой. Себебі, сіз шомылған су ағып кеткен. Бұл дүниедегі бірден-бір тұрақты нәрсе – сол өзгерістің өзі. Адамды қоршаған орта, яғни, табиғат, әлеумет те өзгереді, үкімет саясаты да заман талабына орай икемделіп, жұртшылық талабына сай әрекет етуді көздейді. Міне, осылардың барлығы қандай да бір мәселе бойынша шешімдер, әсіресе стратегиялық шешімдер қабылдау үдерісін күрделендіріп жібереді. Өзгерістер динамикасы жиілеуіне байланысты болжам жасау да қиындай түседі. Күнделікті тіршіліктен көріп жүргеніміздей, алдағы күнге ой жіберу, қолдан келсе қамданып, қарману әр адамның бойынан табылатын қасиет. Ол сондай-ақ, жоғарыда тоқталғанымыздай, жалпы қоғамға, жұртшылыққа, жекелеген ұжымға тән. Сондықтан да, А.С.Пушкин «Келер күн отыр екен не дайындап» деп жазғандай (Абай аудармасы), келешектен үміті бар кез келген көпшілік болашаққа бойлаудың нәтижелі әдіс-тәсілдерінен хабардар болуға тиіс [1; 7 б.]. Кезінде әлеуметтанушы Здислав Сариуш-Вольски атап көрсеткеніндей, болашақты болжамдау, яғни, болжау (прогноз) жасау тетігі болжанып отырған нысан тұрғысынан алғанда маңызды болып табылатын бұрынғы іс-әрекеттер мен олардың өзара байланыстарын (себеп-салдарлық байланыстар типі мен әлеуетін) танып-білу, тұжырым жасап, болашақта қолға алынатын қимыл-қарекетті жобалаудан тұрады. Болжамдау тетігін, міне, төмендегідей қарапайым мысалмен түсіндіруге болар. Мәселен, біз әжептәуір терең айдынды өзеннің жағасына жетіп, енді арғы бетке етігімізбен су кешпей, құп-құрғақ өткіміз келеді делік. Бірақ, жуық маңда көпір көрінбейді. Алайда, біз егер қолымызға қайық түссе, арғы бетке аман-сау өтетінімізді білеміз (қайық табу-саналы іс-әрекет). Бақытымызға орай, біз қажет қайықты төңіректегі тал-терек арасынан тауып алайық (бұл-болмысты тану дегенді білдіреді). Осынау алғышарттар негізінде біз көп ұзамай келесі жағалауға жетіп жығыламыз. Дегенмен, біздің қайық туралы дерек-мәліметіміз толық болмаса, яғни, оның түбі бүтін немесе тесіктігінен бейхабар болсақ, біздің болжауымыз жаңсақ болып шығар еді. Сөйтіп, ақыр-соңында біз басқа бір беймәлім тұстан қылаң берер едік [9]. Қоғамдық құбылыстарды немесе олардың дамуы мен өрістеуін болжамдау қайықты қолға түсіру дегенді білдірмейді. Бұл жердегі мәселе арғы жағалау бар ма, жоқ па, тобықтай түйін, міне, осында. Өзгермелі саяси ахуалды болжамдау тәсілде­рінің бірі сценарий әдісі болып табылады. Бұл әдіс ХХ ғасырдың 70-жылдарында өркен жая дамып, болжамдаудың басты тәсіліне айналды. Бүгінгі мағынада алғандағы scenario терминін алғаш рет әлеуметтанушы Герман Кан қолданды. Бұл тәсіл оқиғалар дамуына әсер ете алатын, сөйтіп, болашақтың түрлі нұсқаларына (сценарийлеріне) жетелейтін факторларды іздестіруге негізделеді. Аталған әдістеме оқиға барысы ушығып кеткенде, проблемаға қатысты ахуал барысы беймәлім болғанда, басты оқиғалардың өрбу барысын айқындау қиынға соққанда, даму кезеңі салыс­тырмалы түрде ұзақ уақытқа созылғанда кәдеге асады [1; 84 б.]. Өзге аналитикалық құралдар сияқты сценарийдің төркіні де әскери ғылымға тіреледі, ол ерте замандарда-ақ қолданыста болған. Практикалық көзқарас тұрғысынан алғанда сценарий әскерлерді жаттықтыру негізі, сондай-ақ саяси және экономикалық шешімдер қабылдаудағы көмекші құрылғы болып табылады [13; 136 б.]. Сценарийлер түзу нақты принциптерге сүйенеді және төмендегі міндеттерді шешуге бағытталады: 1. Обьектіні анықтау, яғни, оның элементтерін белгілеу, сондай-ақ, байланыстар мен олардың өзара ұқсас белгілерін айқындау, сценарий ауқымын көрсету. Бұл кезеңде зерттеу обьектісі туралы неғұрлым көп дерек жинау қажеттігі туындайды. Сондай-ақ, сценарийде назарға алынатын құбылыстарды, сонымен қатар, оларға тән айнымалы шамалардың өзара байланыстарын айқындау керек болады. Сценарийді жасақтаудың осы кезеңінде (фазасында) алғашқы айнымалы шамалар електен өткізіледі, себебі, әдетте алғашқы дерек жинау барысында елеусіз фактілер (болжамдау мақсаты тұрғысынан қарастырғанда) қоржынға түсіп кетуі мүмкін. Деректер арасындағы өзара байланыс дефинициялар (анықтауыштар) көмегімен айқындалады. Мұны белгілі бір шама өзге шамалар көбейтіндісінің немесе қосындысының жиынтығы болғанда, немесе саяси, қоғамдық және мәдени құбылыстарға тән сипаттамалардың өзге де формалары алынғанда қолдануға болады. Бұл кезеңнің қорытынды нәтижесі зерттелініп отырған обьектінің ішкі моделін құрастыру болып табылады; 2. Алынып отырған обьектіге (мәселен, халықаралық қатынастар пәніндегі халықаралық ортаға) тән құбылыстарды айқындап танып, сипаттап жазу, яғни, болжам обьектісінің дамуына елеулі түрде әсер ететін өзара байланыс салаларын идентификациялау. Бұл кезеңде болжамдау обьектісіне сыртқы әсері бар түрлі факторларға тиесілі өзара байланыстар типі мен шама-шарқы айқындалады; 3. Обьект элементтері арасындағы, сондай-ақ, обьекті мен оның төңірегіндегі құбылыстар сандық тұрғыда құжаттаудан өткізіледі; 4. Обьектіге қатысты айнымалы шамаларға болжам жасалынады, бұл зерттелініп отырған обьектіні талдау әдісін де қамтиды; 5. Прасценарий жасау дегеніміз обьектіге қатысты айнымалы шамаларға болжам жасау дегенді білдіреді. Бұлар обьект дамуы сипат­тамаларының бірнеше нұсқасын жасауға және болашақта пайда болатын ықтимал әлеуетті егжей-тегжей талдауға мүмкіндік береді; 6. Обьектінің даму үрдісіне бөгет болатын факторларды сараптау. Зерттелініп (болжауға алы­нып) отырған обьект белгілі бір өрісте жұмыс істеп тұрған динамикалық элемент болып табылады, бұл тікелей зерттеу пәніне, сондай-ақ, онымен байланысты құбылыстар мен үдерістерге де қатысты. Міне, сондықтан да біз обьектіге жағымды тұрғыда немесе теріс әсер ететін факторлар бар екендігін естен шығармауымыз керек. Тұтқиылдан тап болатын, бірақ, апат сипатынан ада оқиғалар кездесуі де әбден ықтимал. Сценарий жасау барысында міне осындай оқиғалардың обьект дамуына әсері бағаланады немесе кері әсер ететін факторлар (оқиға жағымсыз сипат алғанда), болмаса икемделу факторлары (жағымды әсер орын алған жағдайда) анықталады; 7. Обьектінің өзіндегі сандық және сапалық өзгерістерді, соның ішінде обьектінің дамуына бөгет болатын факторларды, сонымен қатар осы кедергілер салдарын есепке алатын, зерттелініп отырған обьектінің таяу болашақтағы жай-күйі немесе даму ахуалы сипатталатын сценарий жасалынады [11; 77-78 б.]. Саясат жөніндегі ғылым пәнінің жоғарыда аталып өткен синдромдық сипатын назарға ала отырып, саясаттанушы ғалым түрлі салалардың зерттеу тәсілдерін қолданғаны абзал екендігін айта кеткеніміз жөн [2; 9-32 б.]. Пәндердің өзара кірігуіне (интерпәндікке) деген көзқарас түзу болғаны қажет. Бір қарағанда гуманитарлық ғылымдарға бөгде саналатын тәсілдерден (мәселен, хаос теориясынан) үркудің керегі жоқ. Сонда ғана болжам жасап отырған зерттеуші беймәлім құбылыс тереңіне үңіле алады. Әлеуметтанушы ғалым Михио Какудың ойы да осымен үндес, ол болашаққа көз жіберу жалғыз адамның қолынан келе бермейтін, көп болып қолға алуды қажетсінетін тірлік деп санайды. Кезінде адамзат жинаған білімдер аясы тар болды. Ғылымға, оның келешектегі дамуына қатысты болжамдардың теріске шығуының бір себебі, жеке адамдардың өзіндік көзқарастары бейнелегендігінде жатса керек [4; 9 б.]. Міне, сондықтан да ғылымның нақты бір саласымен немесе пәнімен, сондай-ақ, белгілі бір ел ауқымымен ғана айналысып қоймайтын өрісі кең ғалымдар арасындағы ынтымақтастық өте қажет. Қазақ футурологтары (болашақты зерттеушілері) кең мәдени ауқымды қамтып, посткеңестік кеңістікпен қатар батыс елдері зерттеушілерінің ғылыми еңбектерін де ескергендері жөн. Мұның өзі халықаралық сценарий сияқты күрделі зерттеу әдістемесі көмегімен болжам сценарийін жасауда өте маңызды болып табылады. Қазақстанның халықаралық аренадағы болашақ орыны мен рөліне қатысты мыналарды есепке алуға болар еді: Бірінші, әлемдегі саяси ахуалдың өзгеруіне орай энергетикалық шикізат бағаларының құбылып отыруы; екінші, энергетикалық шикізаттың жоғары бағасы нәтижесінде ел иеленіп отырған экономикалық позицияны әлсірететін жаңа ғылы­ми ашулар; үшінші, Қытай немесе Ресей сияқты елдермен ынтымақтастықтың болашақтағы перспективалары (өзгеріп отыратын геосаяси ахуалды қоса алғанда); төртінші, демократиялық үдерістер; бесінші есірткі бизнесінен туындап отырған түйткілдер; алтыншы, экологиялық проблемалар және тағысын тағылар. Бұл тізімді соза беруге болар. Бірақ, осы арқылы маңызды проблемаларды нұсқап қана отырмыз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, Қазақстанның таяу болашағына арналған болжамдар түзу сан салалы әрі қиыншылығы мол міндет болып табылады. Алайда, мұның өзі қиындықтан үрке қашып, қол қусырып отыру қажет дегенді білдірмесе керек. Лукаш Донай, А.Мицкевич атындағы Познань мемлекеттік университетінің саяси ғылымдар және журналистика факультетінің ассоциациялы профессоры, саясаттану докторы Пайдаланылған әдебиеттер: Borodako K., Foresight w zarządzaniu strategicznym, Warszawa 2009. Chodubski A., O metodologicznym podejściu do przewidywania w polityce, в: Przyszłość i polityka. Nadzieje i strachy zbiorowe przełomu tysiącleci, ред.: E. Ponczek, A. Sepkowski, Toruń 2008. Gwiazda A., Ambiwalentne podejście do badań w naukach politycznych, в: Czym jest teoria w politologii?, ред.: Z. Blok, Warszawa 2011. Kaku M., Wizje. Czyli jak nauka zmieni świat w XXI wieku, Warszawa 2010. Karwat M., Syndromatyczny charakter przedmiotu nauki o polityce, в: Demokratyczna Polska w globalizującym się świecie - I Ogólnopolski Kongres Politologii, Warszawa 22–24.09.2009, ред.: K. A. Wojtaszczyk, A. Mirska, Warszawa 2009. Kukułka J., Teoria stosunków międzynarodowych, Warszawa 2000. Materials about forecasting made available by M. Solak, in Author’s possession. Sarjusz-Wolski Z., Skutki przelotu motyla nad Szanghajem, „Unia@Polska. Niezależny magazyn europejski”, 2005/7-8 (122-123). Stryjski K.J., Prognozy i symulacje międzynarodowe, „Studia Międzynarodowe. Zeszyty Naukowe WSSM w Łodzi”, 2003/1. Sułek M., Metody i techniki badań stosunków międzynarodowych, Warszawa 2004. The article presents selected aspects of modern political forecasting, understood as a system of estimates of possible political events, trends, and processes. The focus of the publication is also analysis of problems that affect the prediction of social phenomena, especially when the scenario method is used. Particular attention is paid to problems with predicting the future situation in Kazakhstan. What goals it sets for itself, what ideas should guide it, and what the means by which to achieve this are constitute questions that must be answered first, because the political sphere (and thus the decision-making one) is the one that determines the directions of the development of all other areas of social life, concludes the author.

1247 рет

көрсетілді

82

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз