• Заманхат
  • 04 Қараша, 2019

ҰЛТ ТІЛІН ҰЛЫҚТАҒАН

Сағымбай Жұмағұл,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры

Әлихан Бөкейхан еңбектеріндегі мақал-мәтелдер

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның ұлт тілінің жасампаздығына сіңірген тарихи қызметі ұшан-теңіз. «Ғұмыр жүзінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар» деген қайраткер ана тіліміздің руханият, ғылым, саясат саласындағы тұғырын бекітуде тағылымы терең үлгі-өнеге қалдырды. Ел қазынасынан рухани нәр алған қыр перзенті сөз өнерін «айыр сөз», «дәмді сөз», «ескі сөз», «кестелі сөз», «көркем сөз», «қысыр сөз», «күйлі сөз», «ұзын сөз», «піскен сөз» деген ұтқыр зерделеулерімен де әдеби-эстетикалық таным-талғамының тереңдігіне тәнті етті. Отандық және әлемдік рухани құндылықтарды, жаһандық ой-сана алыптарының түрлі саладағы іргелі ғылыми еңбектерін жан-жақты меңгерген Ә.Бөкейхан болмысына жөн-жосықсыз білгішсіну, ақылсыну мүлдем жат. Санаткер қазақ, орыс, француз, грек, украин мақал-мәтелдерін саяси-әлеуметтік, ғылыми-танымдық, ғылыми-көпшілік, оқу-ағарту тақырыбындағы мақалаларындағы ой-пікірін ұштауда, толғамын үстеуде қолданады. Сөз бен істегі үйлесімді басты азаматтық ұстаным деп білген оның «Ақылды сөз қылмақ қиын, сөзді іс қылмақ мұнан неше есе қиын» («Ашық хат») екенін ескертуі де саяси сарабдалдықтың айқын белгісі. «Ашылып ақыл жазатын қалам бар ма? Көкіректе сайрап тұр, қолымды заман байлап тұр» («Ашық хат») деген ол патша цензурасы қысымын өткере жүріп те, ояну дәуіріндегі қоғамдық сана серпілісі мен әлеуметтік сілкіністегі сөз құдіретінің маңызын: «Тау мен тасты су бұзар, адамзатты сөз бұзар» деген нақыл бар. Бұзуға құдіреті келетін сөздің түзеуге құдіреті келеді. Сөз – қару, бұны бұзуға жұмсасақ, бұзады. Түзеуге жұмсасақ, түзейді. Сөзін жұртты түзеуге жұмсай бастаған жұрттың, өзі түзелуге бет алғанын көріп тұрмыз» («Құрметті оқушылар!») деп көрсетті. Қазақ қоғамының ділгір мәселелері көтерілген өзекті тақырыптағы мақалаларын объективті жазудағы кәсіби шеберлігі, этикалық талаптарды сақтаудағы парасаты сүйсіндірмей қоймайды. Отаршылдық ойранындағы ел азаттығы мен әлеуметтік теңсіздік қиянатына толы қоғам түйткілдерін қазақ мүддесіне орайластыра шешуге айқын практикалық әрі теориялық бағыт-бағдар беретін ой-толғамдарына шынайылық, нақтылық, өткірлік, зеректік, батылдық, тереңдік тән. Энциклопедиялық өредегі мақалаларын бұлтартпас деректермен дәйектеп отыратын Қыр баласының бүркеншік есімдерінің бірін «Статистик» деп алуы заңдылық болатын. Алдаркөсе, Қожанасыр (Қожа Нәсіреддин) қағытпаларын мақалаларында орайымен келтіріп отырған тектінің тілі уытты, кекесін, мысқылға толы десек, ауызекі әңгімелері де тыңдаушысын тапқырлық, ұтқырлығымен баурап алатын қасиеттерге толы болған. Смахан төре «Әлекеңнің өмірі» естелігінде «Ойыншы, күлдіргі» десе, Жанша Досмұхамедұлы 1935-1937 жылдардағы Мәскеу кезеңінде Ә.Бөкейханмен жиі жүздесіп тұрғанын айта келіп, «он хороший, остроумный рассказчик; забавлял остратами» деп бағалайды. «Ән, күй, ескі сөз, тақпақ, нақыл, сурет, ою, бояу – орысша айтқанда – «искусство» адам баласына «руһани» арқау. Мұнсыз ел, ел болып жасай алмайды» дейді Ә. Бөкейхан «Оқытушы – кеңес құрылысының ұстасы» атты мақаласында. Отаршылдық қысымдағы ұлтының азаттық аңсарындағы рухани арқауын ғасырлар тоғысында жаңа сапалық мазмұнда жаңғырта білген ол өзекті ой-толғамдарын, өзекжарды толғаныстарын өзі атап көрсеткен «сөз қазығын» мақал-мәтелдермен түйіндеп отырады. Мәселен, «Сақтансаң – сақтармын!» дегенді ойлаңдар!» («Қарқаралы оязының Қотан-Бұлақ, Западни Балқаш, Зайсан елдеріндегі егіннің жайы»). «Әлі жеткен алып та жығады, шалып та жығады» деген осы-дағы!» («Үшінші Дума һәм қазақ»). «Құдай қарғайын десе, ақылды алады» деген мақал Құтухта еншісіне тиді білемін» («Монғол конституциясы»). «Күн шыққанша қарау, көзді соқыр қылар» деген телмірген жұртқа шығарған орыстың мақалы бар» («Ұры тию»). «Тамшы тас теседі» («Тозған ресім азап»). «Іс ұстадан қорқады». «Политика» тамырын ұстауға құр қара-ала қағаз танығаннан басқа да ұсталық мақсат емес пе?» («Екі сиез»). «Гіректің мұнысы «ит табаны қышыса, керуенге үреді» ғой!» («Трубетской лексиясы»). «Күштінікі диірмен тартады», мал бағам деп Варон-Секреті жер алып отыр» («Государственни дума»). «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас!» («Жауап хат»). «Алмақтың да салмағы бар» («Алаштың азаматына!»). «Берушіге бесеу көп» деген мақал болса, 5 тиын ауыр болмаса керек» («Қазақ зиялыларына (Босқын қырғыз-қазаққа жәрдем)». «Ештен кеш – игі» деген» («Ештен кеш игі»). «Жеті өлшеп бір кес» деген мақалдың ізімен жүру лайық» («Қалай бірігеміз?») т.б. Ерекше назар аударарлығы, Ә.Бөкейхан орыс тілінде жазылған «Омскъ, 8-го февраля», «Русская поселения в глубине степного края», «Откырытое письмо казахам Семипалатинской области» т.б. мақалаларында «Тауда бұғының мүйізі сырқыраса, ауылда бұзаудың мүйізі қақсайды»,«Көп жүрген жыланның аяғы көрінеді», «Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне», «Сақтағанды сақтармын» сипатындағы мақал-мәтелдерді қазақ тілінде қолданады. Олардың мән-мағынасын оқырманға жеткізуде орыс тіліне аударып береді.Сондай-ақ кейбір мақалаларының атауына мақал-мәтелдерді алады. «Аңқау елге арамза молла», «Сусағанның түсіне су кіреді», «Ештен кеш игі» т.б. Тілші-ғалым Ш.Құрманбайұлы атап көрсеткеніндей, «Аударма ісінің, ұлттық аударматанудың бастауында тұрған тұлға Ә.Бөкейхан көптеген орыс мақал-мәтелдері мен фразеологизмдерді қазақшаға және қазақ мақал-мәтелдерін, фразеологизмдерімізді орыс тіліне шебер аударған»(Қараңыз:Әлихан Бөкейхан аудармаларының ерекшеліктері // Көркем аудармадағы жаңа атаулар: жасалуы мен қолданысы. – Астана: Фолиант, 2017). Исі қазақты Алаш идеясына біріктірген Әлихан Бөкейхан – Ресей империясындағы ғана емес, сол кездегі әлемдік дамудағы саяси үрдістердің ағысы мен ағымын тереңнен бажайлаған реформатор тұлға. Ұлт азаттығы мен теңдігі жолында рухани және саяси күрес жүргізудің көшбасшысы бола білген Алаш ұлының бағдарламалық мұрат-мақсаты терең мазмұндағы жаңашыл стильдегі мақалаларында нақыл сөз түрінде түйінделеді. Мысалы, «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» («Жауап хат. Жаһанша Әлмұхамедұлы Сейдалинге»). «Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздену мақсұд» («Сусағанның түсіне су кіреді»). «Бөтен кісі қазаққа ешқайдан жақсылық артып әкелмейді. Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды. Біреуге телмірген адамнан, халықтан қосақ түрткен жетім лақ бақытты» («Ұры тию»). «Жүйрік қыран күшін қиянға салса, жұрт мақсатын орнына апарса, мұнан артық не бақыт бар, бауырлар!» («Хасейн Халами паша (Сыртқы хабарлар)»). «Міні, сондықтан, өнер-білім керек, онан да керегірегі тәрбие. Қанша оқысақ та тәрбиеміз кем болса хасиетіміз аз» («Роман не нәрсе?»). «Ғұмыр күннен күнге өзгеріледі. Жұрт рәсімі бірте-бірте өзгерілген ғұмыр жүзіне өтіп өзге болады» («Тағы да би һәм билік»). «Ғұмыр тартыс-талас, ғұмыр жүзінде орын аламын десең ұсталық, жиһатшылық зор мақсат. Таласып талпынбаған кісіге де, халыққа да тәмәм қасқыр арасында бәйге жоқ» («Хұтухта хаты»). «Негіз құр құрдастықта емес, бақыт сүйіспеншілікте» («Сайлау құқы»). «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық саяси ісін ұғынбаса, тезек теріп, тарих (тарқы) жолында артта қалады. Бақыт, махаббаттан тысқары болады. Бұл екеуі жоқ жұртқа тіршілік неге керек?!» («Алаштың талапты азаматына! Үндеу». «Біздің іздегеніміз – Алаштың аты бәйгеден келгені. Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар. Бұл болып тұрған заман Алаштың азаматына зор жүк. Бізді бірлік болып, іс қыла алатын шебер табылса, Алаштың баласы бақыт жолына түсті. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүретін алдымызда зор шарттар бар. Осыны аңғар, жұртым қазақ!» («Қазақ депутаттары»). «Жә, Алаштың балалары, әрқайсымыз әр жерде домалап жатамыз ба, жоқ, болмаса ұйымдасып, жұрт болудың қамын ойлап, айтқан, серт қылған қаулыларды бір іске асырар күн болар ма?!» («Бәлшебек бүлігі»). «Есік алдынан дауыл, үй артынан жау келді. Алаштың баласы, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» соң, 200 жылда басыңа бір қиын іс келді. Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздық-дауды қой; бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл!» («Жалпы Сібір сиезі» (Томскі қаласында өткен сиездің жұмысы туралы есеп). «Артынан елі ермеген басшы басшы бола алмайды. Басшының артынан ермеген ел – ел бола алмайды. Құдайға шүкір, әзір басы аман, малы түгел еліміз де бар. Ел қамын ойлап тура бастарлық еріміз де бар. Ендігі тілеу – елімізге ес кіріп, ер етегін тұтып, жер-су, үрім-бұтақтың қамын ойлатар күн болсын. Сонда Алаш туы желкілдеп түрленерсің! Сонда Сарыарқа нұрланып гүлденерсің! Сонда Алаш баласы іргелі ел боларсың!» («Қазіргі саяси қал») т.б. Саяси-әлеуметтік астары, қоғамдық қатпары терең әр алуан көкейкесті тақырыптағы мақалаларын, еңбектерін ақындар өлеңі, жазушылар пікірімен дәйектеп, үстеп отыруы да Бөкейханның өзгеше бітімдегі қалам қарымын даралайды. «Ақмолланың: Айтамын үгіт қылып қазақ халқын, Көңіліңіз дін жағына сонша салқын! Дін қойса, заң қоюға риза емес, Бұрынғы қоя алмайсыз ата салтын, - деп зарланғаны осы» («Қазақта мүфтилік мәселесі»).«Көрген соң майлы сүйек ит тұра ма, Құшағын жазып ала жүгірісті. Достықты, айтқан сертті былай қойып, Екеуі бір-біріне салды тісті. Досты дос мұнан артық қалай сыйлар, Жүндері бұрқыраған аспанға ұшты. Су құйып үстеріне жиылған жұрт, Екеуін зордан ғана айырысты». Байтұрсынов А. Қырық мысал. Петербург, 1909. («Керек сөз»). «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма? Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма? Махаббат, ғадауатпен майдандасқан Қайран менің жүрегім мұз болмай ма? Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма? Біреуге жай, біреуге тез болмай ма? Асау жүрек аяғын шалыс басқан. Жерін тауып артқыға сөз болмай ма? – деген Абай өлеңі Михаэлиске дәл-ау!» («Офат»). «Дағды құдырет ісі. Ол туыстың еншісі, деген Пушкин ақынның сөзі осы!» («Сырттан (Барлыбектің әкесі Сырттан батыр туралы»). «Қуандым түнде жүріп күн шығар деп, Болса да бұлт бүркеу жел қуар деп» - Нарманбет айтқаны қайда?» («Ашық хат»). «Еңбек етсең ерінбей, тояр қарның тіленбей», - деп Абай айтқан сөз ғой!» («Екі жол»). «Ер жігіттің белгісі – адасқанын мойнына алған, «шын сөзге жан фида» - деп Шаһкәрім айтқандай» («Кәкітай» (Мүнәхиб). «Құйрық сорып борсық жүр, Түлкі мырза жортып жүр. «Құдай, аман сақта!» - деп, Қой мен тауық қорқып жүр. Тышқан аңдып мысық жүр, Алдап көзін қысып жүр. Ін таба алмай саршұнақ, Сорлы сасып-пысып жүр». Сәбит. «Қазақ» газеті, нөмірі 80. Қ.Б. («Жапон һәм Қытай»). «Орыс писателі (сөз жазғышы) Ф.М.Достоевский айтқан: «адам хайуанның жүзі қарасы» деп» («Ашық хат»). «Қазақты бір күн санға кірген көрсем, Қатарлас халықтармен жүрген көрсем. Білдіріп дүниеде бар екенін, Шетінен өнер-ғылым білген көрсем. «Қазақ», №99. Ахмет Мәмет баласы» («Игілік іс»). «Франция жазушысы Зөлә (Золя) «Адам хайуан» деп роман жазды» («Ұят-ай!»). «Лев Николаевич айтатын: «Ау, адам баласы, тоқташы, азғантай тоқташы, ойлашы, не қылып жүрсің? Істеген ісің бәрі жаман, бәрі біреуге жәбір. Тоқтасаң, менің жолыма түсесің» деп» («Петр Алексеевич Кропаткин»). «...Орыстың ақыны Некрасов шығарған өлең бар: «Русские женщины» деген» («Бекет батыр»). «Грек ақыны Гомер жырларында ерлердің басына қан жаудырады» («Қанды жауын (Фламмарион К)») т.б. «Мұсылман сиезі» мақаласында да Әлихан ана тіліміздің өміршең құдіретін айшықтауда Абай, Шәкәрім, Міржақып, Мағжан өлеңдерінен оралымды үлгі өрнектерді молынан келтіреді. Қандай да болмасын, еңбегінде ұлттық болмысты басты орынға қоятын күрескер ғылыми және көркем аудармаларында да қазақ мақал-мәтелдерін ұтымды қолданып отырады. «Басқа заман түлкісі, басқа заман тазысы» (Тарихи затшылдық қисыны (Н.И.Бухариннен). «Би жоқта құл жүреді жораға, ит жоқта шошқа үреді қораға», «Ат аунаған жерде түк қалады», «Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шығып қалады» (Астрономия. Фламмарион К. Астрономия әліпбиі. Совет Одағындағы халықтардың Кіндік баспасы. Мәскеу – 1924-інші жыл. Аударушы: Қыр баласы). «Көптің аузы дуалы» (Қанды жауын. Фламмарион К). «Әкеңнің өлгенін жасырдың, көмгенде қайтесің?» (Беташар // Грабе Д.М. Дүниенің құрылысы. Аударушы: Қыр баласы). «Асқан төгіледі», «Түйенің түсіне көкпек кіреді» (Бір адамға қанша жер керек? (Л.Н.Толстойдан). «Тоя жесе тоқты еті сасиды» (Мамин-Сибиряк Д.М. Өзі. Аударған: Қыр баласы. Мәскеу, 1927) т.б. «Тарих керек» мақаласында қазақ мақалдары қолданылуының мән-мағынасын екшеп, тарих түзудегі халық ауыз әдебиеті үлгілерінің құндылығын зерделейді. «Кең киім азбас, кеңесті ел азбас» деген мақал – қазақтың бір шақта кеңесті үкіметті болғандығын, «Халық ұйғарса – хан түйесін сояды» деген мақал – хандардың халықтың пікірімен санасатындығын білдіреді. Мұндай істер аса көп, сондықтан, газет бетінде сарқа жазып болмайды. Бұдан аңғаруға болады: тарих түзуге өлең, мақал, тақпақ, ертегі – халықтың қолданып жүрген ғұрып-әдеттері, ескі қарулары, ер-тұрман, құлпытас, үй ішіндегі құралдар секілді тоқсан тоғыз түрлі жолдар болады». «Григорий Николаевич Потанин» (1913) мақаласында «Осы келер жазда Потанин Семей облысы Қарқаралы оязы Тоқырауын өзені бойына барады. Июнь басында «Қоянды» жәрмеңкесінде болады. Тоқырауында жаздай жатып, қазақты аралап көрмекші, қазақтың ертегі, жұмбақ, мақал, ескі жақсыларының сөзін жимақшы. Потанин дүниедегі тілдердің бәрінде айтылған неше жұрттың іргелі мақал, өзге сөздерін қарастырып, соны қай жұрт қай жұрттан өнеге-үлгі алғанын шығарып отыр» деп ақ жүрек ердің игілікті істерін әдіптейді. «Күншығыс баспасы» баспақ болып отырған Баржақсыұлы Ахмет жиған «Мың бір мақал» да Григорий Николаишқа қалап басылмақ еді» деп қандастарының Потанинге деген құрметін білдірді. Алаштың аяулы перзенті Ахмет Баржақсыұлы «Айқап», «Қазақ» басылымдарындағы «Қадірменді Хасанғали мырза!» (1914), «Мақалдар» (1914) мақалаларында халық ауыз әдебиетінің осынау асыл үлгілерін жинау, жариялауды көтерген еді. Сол кездің өзінде мың үш жүз мақал жинап, жүйелеуді қолға алған ол «...Мақал – қысқа, тегістеліп айтылған халық аузындағы өсиет. Онда қай жағынан болса да дұрыстық айтылады: «Уайым түбі – теңіз, батасың да кетесің, тәуекел түбі – қайық, мінесің де өтесің». Мақалдар мен мәтелдер халықтың бірнеше ғасырлық данышпандығын көрсетеді» дей келіп, халық мұрасын жинаудағы Ә.Бөкейхан қызметін: «...Сібірде, қазақ ортасындағы музей жағрафия жамиғатында Омбыдағы шілендерден Әлихан Бөкейхановтан басқа ешкім жоқ. Сол себепті біздің қазақ халық әдебиетіне тіпті жарлы деп айтуға мүмкін. 1913-1914 жылдарда кітап алып жүріп мәз ештеме көре алмадым. Осы күні член-сотрудник болып тұрмын. Аздығын өздері де біліп, 1913 жылда, апрельде белгілі ертегі ғылымымен аты шыққан Потанинді Семейпалат облысындағы Тоқырауынға жіберді. Жол расходын беріп, әдейі ертегілер жинау үшін. Оның ақылымен Омбыдағы музейде «Қазақ комиссиясын» ашты. Председателі Ақмола һәм Семей облысындағы народный үшілшелердің директоры Михаил Филиппов. Оны қойғанның мәнісі учительдердің бәріне программа беріп жиғызбақшы еді...» деп жазды. Міне, Әлихан қазақ мақал-мәтелдерін жинап, «Мың бір мақал» атауымен 1915 жылы шығарған А.Баржақсыұлы ізденісін қолдап, орысша түзетіп бастыруға ұйытқы болды. Әлихан Бөкейханға Мәскеудегі «Күншығыс» баспасында қызмет атқаруына қол ұшын созып, сыйластықта болған Нәзір Төреқұлұлы да өрелі жастарды қазақ мақал-мәтелдерін жинауға жұмылдырды. Осынау рухани кемелділік әдебиетші Бейсембай Кенжебаев естелігінде шынайы көрініс тапқан. «...Менің Нәзірмен араласқан кезім – оның «Күншығыс халықтарының Кіндік баспасы» басқармасын басқарған жылдары. 1922 жылы Ленин Нәзірді осы қызметке тағайындады. Мұнда ол 1922 жылдан 1928 жылға дейін қызмет атқарды. Нәзір Төреқұлов табиғатында үлкен ғалым еді. Орталық баспа басқармасын басқарған жылдары ол қазақ қана емес, күллі түркі дүниесіне көп қамқорлық жасады деп ойлаймын. Ол қолға алған, бір мәселе – түркі тектес халықтардың ауыз әдебиетін шығару еді. Айталық, Өтебайға (Тұрманжанов) қазақ мақалын, маған – қазақ анекдоттарын жинауды тапсырған Нәзір ағай болатын. Мәскеуде Күншығыс еңбекшілері комунистік университетінде оқып жүргенде, біз Нәзір ағайға жиі барып жүрер едік. Ол бізді соншалық жұмысы көп бола тұра, туған інісі келгендей қуана қарсы алар еді. Жағдайымызды тіптіштеп сұрар еді. Біз кейде Нәзір ағайды студенттер, оқушылар арасына шақыратынбыз. Жатақханада болып, жағдайымызды біліп тұрды. Әлі есімде, біздің арамызға бірде Тұрар Рысқұловпен, келер жолы Ғани Мұратбаевпен бірге келді. Әдебиет, саясат мәселесін көп әңгіме еттік. Бірге суретке түстік. Біз бір барғанда Әлихан Бөкейхановпен Нәзірдің кабинетінде отыр екен. Таныстырды. Әлекең: «Оқыңдар, оқыңдар, балалар. Заман сендердікі» - деп отырды. Кейін білсем, Мәскеуде тұратын Әлихан Бөкейхановты Нәзір аударма ісіне тартып жүреді екен. Нәзір кабинетінде біз түркі дүниесінің көптеген азаматтарын көріп, кездесіп жүрдік. Ол өз әңгімесінде түркі тектес халықтардың ауыз әдебиетін жүйелеп шығарғысы келетінін айтар еді. Сол мақсатта башқұрт Вилдановтың «Башқұрт мақалдары» кітабын шығарғаны есімде. Нәзір көп кітап шығарды»/9, 246-247/ деп жазды. Міне, Ахмет Баржақсыұлының «Мың бір мақал» жинағының жаңа басылымы 1923 жылы Мәскеудегі Күншығыс баспасынан Н.Төреқұлұлы алғысөзімен жарыққа шықты. Н.Төреқұлұлы орынды атағанындай, «Ер қазынасы – ескі сөз, ел қазынасы – ескі сөз, тіл қазынасы – ескі сөз» деген бұрынғылардан қалған мақал. Бұл мақал әншейін әлде қалай айтыла салған мақал емес, өмір жүзінде ел аузындағы ескі сөздер: мақал, тақпақ, өлең, жыр секілділердің өте керектігі ащы тәжірибелермен анықталғандықтан айтылған. Оның ішінде, әсіресе, тұрмыс тәжірибесінің қорытындысы мақалдар өте-мөте керек. Себебі, мақалда айтушы елдің басынан кешірген уақиғалары, тұрмысы, мінезі, әдет-ғұрпы һәм айналасындағы өмірге көзқарасы тегіс суреттеледі» (Мың бір мақал, жинаушы Ахмет Баржақсы баласы. – Мәскеу: 1923. – 59 б.). Ал, Ө.Тұрманжанов 35 мың қазақ мақал-мәтелін жинастырып, 1935, 1980 жылдары жарыққа шығарды. Ә.Бөкейхан өмірінің соңғы жылдарына дейін қазақ мақал-мәтелдерін жариялау мәселесін назарынан тыс қалдырған жоқ. Елдес Омарұлына 1934 жылы Мәскеуден жазған хатында «Қазақшыл Қасенғали (Асан-әлі) жиған көп (700 бет) қазақ мақалы, ескі сөздері бар еді. О қайда екен? Қасенғали жинағында жілігі татымайтын әңгімелер де көп еді. Мен мұны Алматыда кімге жазарымды білмей, саған жаздым. Сен қазақ әдебиетін бағалаушылармен отала отырсың ғой, өзің иесіне тапсырарсың» деп, әдеби мұраны жариялаудағы келелі істерді ой талқысына салады. Алты Алаш көсемінің менменсіген отаршыл патша ұлықтарын қазақ мақал-мәтелдерінің даналығының тобықтай түйінімен тәубесіне келтіріп отырғаны да бүгінгіге тәмсіл болып жетті. Оны Смахан төре Бөкейхан өз естелігінде: «Абақтыдан шыққаннан кейін Семейге келіп, біраз осы қалада тұрғанда, бір күні Қарқаралы оязының нашалнигі Кинницпен кездесіп қалғанда, сонда Кинниц кекетіп: - Патшаны құлатамын деп шаршаған боларсыз! Демалып жүрген боларсыз! – деп әжуалап сөйлегенде, Әлекең: - Қазақ халқының бір мақалы бар: «Ер туған жеріне, ит – тойған жеріне» - дейді. Менің жауабым осы! – деген екен. Сонда фон Кинництің әйелі күйеуіне: - Саған керегі осы еді. Әлихан Нұрмұхамедович өзінің туған жері үшін зардап көргенін түсінбегенсің, - деп күйеуін онан әрі сөйлетпей сүйрелеп жүріп кетіпті» - деп жазады. Жалпы, Алаш қайраткерлері өздерінің ең түйінді мақалаларында, еңбектерінде қазақ мақал-мәтелдерінің танымдық, тәрбиелік, тағылымдық маңызын назардан тыс қалдырған емес. А.Байтұрсынұлының «Тіл – құрал» еңбегінде (Орынбор, 1914) жеке сөз, сөйлем жасау мақсатында – 38; сөзді буынға бөлу, буынды жеке-жеке дыбыстарға бөлу ерекшеліктерін ашу үшін – 28; ажыратылған дыбыстарды пысықтауда – 100; ал, жазу қағидаларын есте ұстау үшін – 130 шақты мақал-мәтел шоғыры (кейбіреулерінің қайталанатын тұстары да жоқ емес) келтірілген. Атауыш сөздерді өткенде дағдыландыру жаттығулары үшін – 127 мақал-мәтел алынса, оның: зат есімді өткенде – 40; сын есімді – 24; сан есімді – 17; есімдікті – 19; етістік бөлігінде – 27 шақтысы қамтылған. Біраз келтірілген мақал-мәтелдер бірнеше рет қайталанады: «Басқа келген бәледен бастан құлақ садаға», «Не ексең, соны орарсың», «Таспен ұрғанды аспен ұр», «Күн ортақ, ай ортақ, жақсы ортақ» т.т. «Тіл-құрал» кітабында (Қызылорда, 1925) 300-дей мақал-мәтел бар (Қараңыз: Жүсіпов Н.Қ. Қазақ фольклортану ғылымы: ХХ ғасырдың бірінші жартысы. Монография. – Павлодар, 2007. 139-140-бет). «Дүниеде ешбір тіл өз-өзінен шықпайды. Дүниеде ешбір тілді бір шешен кісі ойлап шығарған жоқ та, шығара алмайды да. Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап, пісіп дүниеге келеді» дейді Ә.Бөкейхан. Қазақ тілін тұрмыс қазанында қайнатып, қандастарын әлемдік ғылым жетістіктерінен ана тілінде сусындауына жол ашқан дегдар Фламмарионның «Астрономия әліпбиі» (1924), Тутковскийдің «Жердің қысқаша тарихы» (1926), Гравенің «Дүниенің құрылысы» (1926) ғылыми еңбектерін қазақшалап басып шығарды. Тутковскийдің «Жердің қысқаша тарихы» (1926) кітабының «Жердің өткен өмірін қалай білеміз?» бөлімінде мақал-мәтелдердің елтанудағы маңызын пысықтай түседі:«Бұрын, ертеде болып өткен жұрттың мәдениетін, әдебиетін, иманын, істеген ісін, қылған әдісін, амалын білем десек ол жұрттың жазған хатын, айтқан әңгімесін, жұмбағын, ертегісін, жазған заңын, әкім-жарлығын, жасасқан уәде қағазын, мақалын, өлеңін алып салыстырып, тесе қарап тексеріп, ол жұрттың кім екенімен танысамыз, кім екенін білеміз. Ертеде өткен жұрттың тарихы міне дейміз». «23 жоқтаудың» (Қазақ тарихының төрт жүз жылын алады. Жинаған, түзеткен: Байтұрсынұлы Ақмет. Қыр баласы. Кеңес Одағындағы елдердің Кіндік баспасы. Мәскеу, 1926) «Бастырушыдан» берілген кіріспесінде «Ел аузындағы тіл дегенімізде нені үлгі-өрнек етеміз? Әрине, осындай жоқтауларды, мақалдарды, жұмбақтарды, ертегілерді, өлеңдерді тағы-тағы осындайларды!» деп байыптады. Ұлттың ұлт болып ұйысуындағы тілдік құбылыстың әлеуетіне Алаш әлеуметінің көзін жеткізген, сол арқылы елдің елдік белгісі тілді сақтауда аянбай тер төккен қыр баласына тілін ардақтау мен ұлықтаудағы перзенттік парызына ақтық демі үзілгенше адал болып өтті. Иә, Алаш ардақтысының қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі қолданыс аясын арттырып, ғылым мен білім, саясат пен мәдениет, әдебиет пен өнер тіліне айналдырудағы ерен еңбегінен алар тағылым мол. Ғұмыр жүзінде қазақ тілі өз бәйгесін алудағы аламанда жанкештілік танытып келеді. Қазіргі арлы ұрпақтың да сол өміршең үрдістегі жауапкершілік намысын қамшылап, өрелі биікте болуға ұмтылулары аманатқа адалдық танытулары деп білеміз.

1084 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз