• Тарих толқынында
  • 22 Қаңтар, 2020

ЖӘНІБЕКСІЗ ЖАУ ЖЕҢІЛМЕС

Жексен Алпартегі, журналист

Қазақ тарихының ХVІ ғасырдың аяғы мен ХVІІ ғасырдың соңын сөз еткенде Жоңғар шапқыншылығы еске түседі. Шапқыншылықтың арты «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен ел есінде қалғаны рас. Жаудың жер қайысқан қалың қолына қарсы тұрған қазақтың батырларының ерлігі мен жан қиярлық табандылығының арқасында жауды жеңіп, елдігімізді сақтап қалдық. Сұрапыл қан майданда талай батырларымыз мерт болған болса, олардың ерлігі мен батырлығы әлі күнге дейін аңыз болып айтылып келуі де соның дәлелі. Ерлік қашанда елдің есінде, жүрегінде сақталатын рух десек, оны қадірлеу мен қастерлеу, дәріптеу – болашақ ұрпақ үшін де үлкен құрмет. Сол құрметке лайық кейбір баһадүр батырлардың әлі де назардан тыс қалғандары бар. Соның бірі Жетісудағы Албанның абызы атанған Әлмерек бидің үлкен баласы Жәнібек батыр. Оның батырлығы мен ерлігі, мергендігі, қол бастаған қолбасшылығы күні бүгінге дейін айтылмай келеді.

Жәнібек Әлмерекұлы жоңғар шап-қыншылығы кезінде дүниеге келіп, әкесінен садақ тартуды, қылыштасу мен семсерлесуді, найзаласуды үйреніп өскен. Әкелік тәрбие мен тәлім Жәнібек үшін өмір мектебі болып қалыптасса, жаумен болған талай майданда өзін де көрсеткен. Жоңғардың неше бір «сен тұр, мен атайын» деген мықты батырларымен де жекпе-жекке шығып, абыройын асқақтатқан. Алайда Жәнібек батыр күні бүгінге дейін белгісіз де елеусіз қалғандығы, оның шын батыр екенін мойындамау сияқты. Тек оның аты ел ауызында көп айтылғанымен ғана батыр, мерген, қолбасы болып танымал болғандығы. Ал, оның зерттелмей қалуының себебі қазақ жерін отарлаған патшалық Ресей мен одан кейінгі кеңес заманның теріс саясаты ықпал еткен. Сонда да Жәнібек батырдың жоңғарлармен болған шайқастардағы ерлігі, қол бастаған қолбасшылығы мен құралайды көзге атқан мергендігі осы күндерге дейін айтылып келуінде бір шындықтың бары рас. Оны бүгінгі ұрпаққа жеткізген ел ішіндегі көнекөз қариялардың әңгімесі. Жәнібек батыр туралы бір дерек Кеңес үкіметінің 1928-1932 жылдардағы солақай саясатынан Қытай жеріне кетіп, 23 жасында қыршынынан қиылған талантты ақын, Әлмерек абыздың ұрпағы Әуезқан Белгібайұлының (1910-1933 жж.) Рысжан атты ақын қызбен айтысқан өлеңінде кездеседі. Жәнібек тұңғышы екен Әлмеректің, Қайтпаған алған беттен, айтқан серттен. Жоңғардың құты қашып қашқан талай, Кіргенде жау шебіне Райымбекпен... – деп, өзін таныстырады. Яғни, ақын Жәнібектің атақты батыр Райымбекпен бір майданда соғысқанын, жаудың құтын қашырған батыр екендігін жырына қосқан. Сондай-ақ ел ішінде Жәнібек Райымбектің әкесінің құры екендігі, жас батырға соғыс өнерін үйретіп, бірге соғысқаны жөнінде деректер кездеседі. Оған жоңғар шапқыншылығында албанның тізгінін ұстаған Әлмерек би мен әскер қолбасы Хангелді бірге соғысқаны дәлел. Және де Әлмеректің Хангелдіден жасы үлкендігін де жоққа шығаруға болмайды. Демек Жәнібек жас Райымбекке соғыс өнерін үйретіп ғана қоймай бірге жүргені ақиқат. Шапқыншылық кезінде әкелі-бала бір майданда жүріп, ат үстінде ғұмыр кешкен заман болғанын ешкім де жоққа шығармайды. Соғыс көп уақытқа созылғаны да шындық. Бұл туралы Әлмерек пен оның ұрпақтары туралы небір сұңғыла жандардың ауыз екі әңгімелері де мысал болады. Әңгіме айтушылар Жәнібектің құралайды көзге атқан мергендігі мен батырлығын және жоңғарлармен болған ұрыста қол бастаған қолбасы дәрежесіне көтерілгенін әкесімен бірге байланыстырады. Әлмеректің кіндігінен сегіз ұл болған, солардың ең үлкені Жәнібек, бұдан кейін Баба, Құрман, Тоқан Бибіажар деген бірінші әйелінен туған. Қаракісі (шын аты Әубәкір) Әлмеректің екінші әйелі Ажардан. Елдай, Жайық және Жұмықтың анасы Ырысты абыздың үшінші әйелі дейді шежірешілер. Әлмерек абыз 96 жыл өмір сүріп дүниеден өтсе, соның алпыс- жетпіс жылын жоңғар соғысымен өткізіпті. Бір жылдары Әлмерек үйлі-ошақты болған бес баласын жиып алып, «үйлеріңе барып, құдайы нәзір беріңдер. Менің шақырғаным осы»-деп қайтарыпты. Әкенің мұндағы ойы ұрпағының болашағы мен келешектерін білмек болған екен. Баланың тұңғышы Жәнібек алдымен әке-шешесі мен ауылдың үлкендерін үйіне шақырып, ат сойып құдайы нәзір бергенде: – Елдің қамын ойлағаның жақсы, балам, ат жауға мінер қанат.Тұқымыңнан ел қорғаны болар ерлер көп шығады. Менің түсімде сен тұлпар мініп ту ұстаған қалпыңда көрінесің. «Жәнібексіз жау жеңілмес» деген сөз қалар. Бірақ жаумен жағаласып жүргенде Құдайдың алары да, ажалынан бұрын адамнан өлері де болады, – депті. Әкенің бұл болжауы Жәнібектен бастап, кейінгі ұрпақтары – Бәйсейіт, Пұсырман (кейбір деректерде Пұсырманбай, кейде Мұсылманбай деп те жазылады), Тазабек, Солтанбек, Әубәкір, Жақыпбердің тағдырлары бір-бірінен ұқсас келгені. Бұдан кейін Құрманның үйіне түскенде баласы бидайдан наурыз көже тақылеттес ас жасап дайындалыпты. – Құрманым, үйіңе құт қонғалы тұр екен. Басқалардан тұқымың көп болады. Дау шешер шешендер де сенен шығып, «Құрмансыз дау шешілмес» деген сөз де айтылар. Көптен не мықтылар шығады. Жау алған батыр да, дау алған би де тұқымыңнан үзілмейді, – деп дәм татыпты. Құрманның кіндігінен Қара туса, ол да әкесімен бірге шауға шапқан. Ел ауызында Қара Райымбек батырдың оққағары болып, Көкпек жазығында мерт болғанда, бүкіл сарбаздар қолдан-қолға өткізіп, Сөгеті тауының шығыс етегіне жерлеген. Кейін Қара батырға кесене тұрғызған. Ол әлі бар. Оның баласы Орынтай да дұшпанмен соғысып өткен. Орынтайдың баласы Түменбай да әке жолын қуған батыр болумен қатар, көріпкел, албан мен қырғыздың бұғысына тұтқа би болған. Оның аты Шоқан Уәлихановтың жазбаларында кездеседі. Ел Түменбайдың түңлігіне қарап, жаудан, табиғат апатынан аман қалып, көш түзепті. Түменбайдан туған Алпардың да батырлығы, елге жасаған мырзалығы күні бүгінге дейін айтылса, одан туған Саурық батыр, оның баласы Ұзақ және Шалтабай қазақ тарихында аттары қалған тұлғалар. Патшалық Ресей мен Қытайдың тарихи құжаттарында аттары кездеседі. Міне, Әлмерек абыздың бір кездері Құрманға айтқан болжауының туралығы. Әлмерек үшінші баласы Бабаның үйіне барғанында, қой сойып дайындалғанын көріпті. – Қой төрт түліктің берекесі, тұқымыңнан мың-мыңдап қой айдаған байлар үзілмес. Саба қоры сенде қалатындай, – деп, төртінші баласы Тоқанның үйіне келсе, шай қайнатып, май тоқаш пісірген дастарқанның үстінен түскен. Бауырсақтан дәм татып, шайын ішкен әке: – Астың ішінде нан қасиетті, тұқымың еңбекшіл, турашыл, момындау келеді. Ішінара оқымысты да, молда-сопылар да сенен шығады, – деп, бәйбішесі екеуі бесінші ұлы Қаракісінікіне келіпті. Үйінде Қаракісі болмай, нәзір беруді ұмытып, отынға кетсе керек. Баласының бұл қылығын Әлмерек ерен санамай, кеш келген ұлына күле қарап: – Сенің тұқымыңнан үйші, ағашшы, өнерпаздар көп шығатындай. Дастарқан дәулетті ағаларыңа жетіңкіремес, – деп үйіне қоныпты. Сол түні Әлмерек түс көріп, түсінде үйдің босағасында ұя сап, жұмыртқа басқан бозторғайды көреді. Көрген түсін ертесінде бәйбішесіне айтып, жақсылыққа ырымдап, мол ұрпақ көрудің нышанына жорыпты. «Жақсы түс – жарым ырыс» демекші, осыдан кейін Әлмерек үшінші әйелі Ырыстыдан – Еділ, Жайық атты екі бала сүйген. Қаракісіні «ақжолтайым» деп, көп қол ұшын беріп, абыз өмірінің соңғы жылдарын Қаракісінің үйінде өткізген екен. Осыдан кейін ел Қаракісінің үйін «Әлмеректің қара шаңырағы» деп атап кеткен. Бұл әңгіме де ел ішінде сақталған болса, белгілі жазушы Әскер Тойғанбекұлы да мұны растаған еді. Бұдан үш ғасыр бұрын елдің батыры, әулие, көріпкел, абыз атанған Әлмеректің балаларына айтқан сол бір болжамы уақыт өтсе де аумай келген. Күні бүгінге дейін Жәнібек ауылының келіндері «батыр атаң ауылы» десе, Құрман әулетін «қабырға жетпес ауылы», Бабаны «бай атаң ауылы», Тоқанды «момын атаң ауылы», Қаракісіні «үлкен үй ауылы» деп тергеуі тегін еместігін теріске шығаруға болмайды. Ал , Жәнібек батыр жөніндегі әңгімеге келсек, оның кіндігінен Қойлыбай, Бәйсейіт, Көшек, Тоқсейіт деген төрт бала тарайды. Олардың бар ғұмыры жаумен жағаласып өтсе, немере, шөберелері де ат үстінде «Әлмерек! Әлмерек!» деп ұрандап, бала жастан есейіп, ерттеулі атқа ерте мінгендер. Әсіресе Жәнібектің өзі бұғанасы бекімей жатып, әкесімен бірге соғысқа кірген. Бала күннен садақ тартып, мергендікпен машықтанса, қылыштасу мен найзаласу тәсілін жетік үйреніп, талай ұрыста көзге түскен. Албанның бас қолбасы Хангелді Жәнібектің бұл ерекшелігін бағалап, жиырма бесінде садақшылардың жүздігін басқаруды жүктепті. 1710 жылдары Жоңғардың қалың қолы Жетісу жеріне баса көктеп кіргенде Жәнібек садақшылар жүздігімен жауға қырғидай тиіп, ерлік көрсеткені туралы жазушы Әскер Тойғанбекұлының «Қайран елім» атты тарихи-деректі романының бірінші кітабында кеңірек суреттеледі. Туындыда Албанның дуан биі болған Сүйіндіктен бастап, Әлмерек, Сырымбет, Хангелді, Биеке, Сатай, Бағай, Түке, Олжай, Тайлақ және де Орта, Кіші жүздің батырлары тізе қосып, жоңғар басқыншыларына қарсы соғысқан ерліктері сипатталып жазылған. Әкелі-балалы және немерелер атқа қонған уақытта жер мен ел үшін жаумен соғысқан Әлмерек пен Хангелді және басқа батырлар да ұрпақтарымен майданда бірге жүрген. Олардың да аттары аталып, ерліктері назардан тыс қалмаған.Солардың алдыңғы қатарында Жәнібектің ерліктері де аз баяндалмайды. Жоңғардың қалың қолы Шу мен Таласта үлкен ұрыс басталғанда Албанның бас биі Әлмерек пен әскерінің бас қолбасы Хангелді майдан жоспарын өзгертіп, жоңғарларды қарсы алыпты. Әр жүздікпен атой салып, ұрандатқан албан жасақтары жауға түрлі айла-тәсілмен ұрыс салған. Жәнібек бастаған мерген садақшылар жүздігі ұрыста түрлі айла-тәсілмен жауға атойлай кіріп, қоян-қолтық майданда қылыштасып, найзаласып, дұшпанның бетін қайтарып соғысқан. Ұрыстың оңай болмағанын байқаған Жоңғар әскерінің қолбасы Қордай он бес мың әскерін қайта біріктіріп, қазақтарды ашық жекпе-жек майданына шақырыпты. Екі жақтың әскерлері бір-бірмен үш шақырымдай жақын келіп, майдандасқан. Жоңғар жағынан бірінші болып, бір дәу батыры ат ойнатып, «Жекпе-жек! Жекпе-жек!» деп ортаға шыққанда албандар жағы да қарап қалмай, Хангелді қолбасының алдына жиырма-отызы рұқсат сұрап барған екен. Сабырлы да салмақты бас қолбасы олардың әрқайсының бет жүзіне қарап шығып, бірінші кезектің жүгі өте ауыр да қиын екендігін іштей түсінгендіктен оған лайық батыр жеңістің басы деген оймен жанарынан от шашқан Жәнібекке сенім артыпты. Сенімнің жүгі ауыр екенін түсінген Жәнібек Хангелдіден бата алып, жоңғардың дәуімен найзаласып, қылыштасып, бар қайратын көрсетіп үстемдігін танытқан да, ол өзінен әлденеше кіші денелі қазақтан мұндай қайрат- жігерді күтпепті. Ол шамасы жетпесін біліп, садағымен улы жебені Жәнібекке тартқанда жебе қалғанға тиген. Жәнібек те есесін жібермей жауды желке тұстан көздегенде садақтың жебесі оның желкесінен кіріп, кеңірдегінен шығыпты. Бұдан кейін жоңғар жағы бірінен соң бірі алты бірдей батырын жекпе-жекке кезек-кезек шығарып майдандастырады. Жәнібек оларға дес бермей бәрін жер жастандырып, жаудың десін қайтарған екен. Ұрыс екі-үш күнге созылып, екі жаққа да оңай тимеген. Жекпе-жекте жаудың жүз отыз батыры жер жастанса, қазақтан отызы мерт болыпты. Жекпе-жекте жолы болмаған Қордай қолбасы өзінің сәтсіздікке ұрынғанына ызаланып, аламан майданымен қазақтарды бірдемде жоюды көздеген. Алапат ұрыс біраз күнге созылып, қазақ жағы басым болғандықтан Қордай Шу мен Таластағы Шынтақ асуынан кейін шегініп, жеңіліс табады. Жау бұдан кейін де тыныш жатпай, араға он үш жыл салып барып, қайта бас көтереді. Жиырма бес мың қолын бастаған Шамалған қолбасы Жетісу жеріне баса-көктеп кіргенде Жәнібек мыңбасы болып, қол бастап соғысқа кіреді. Баласы Бәйсейіт те ер жетіп, қолына қару ұстағанға жараса, Хангелдінің немересі Райымбек те жаумен шайқасып, ел аузына ілінген кезі екен. Жалындаған жас Райымбекті Жәнібек жанынан тастамай ұрыс майданында өзінің білгенін үйретіп, қамқор болып, талай ұрысқа бірге түскені оның ерте есеюіне жола ашады. Және де ұрыстың тоқтаусыз уақыты балаң Райымбекті тез шыңдап, үлкен майданда батырлығы мен ерлігін де ел көреді. Жаудың қалың қолы Кеген өңіріне баса-көктеп, жан-жағын жалмап кіргенде Жәнібектің мың қолы әр жүздікке бөлініп, ұрыс қимылын әлсіретумен соғысып жатқанда Райымбек те жауға атойлап кіріп, талай ауыр сындарға қатысады. Бірақ жаудың саны басым болғандықтан соғысу аса қиын, жағдайды ескеріп, Әлмерек би мен Хангелді бас қолбасы ұрыстың қимыл-әрекетін басқаша өзгертуді ойластырып, барлық батырларды жияды. Ондағы мақсаттары ұрыс майданының тізгінін жастарға беру керектігін және де Хангелді бас қолбасы өзінің жасы алпысқа аяқ басқанын айта келіп, жауға қайрат жасар жастардың барын көзі көргендігін ескеріп, «мен майданда қолбасы болсам, маған көмекші қолбасылық міндетін атқаратын жастарға сенім артқым келеді. Ол Әлмеректің Жәнібегі. Көзалдымда өсті. Соғыста жүріп есейіп, қол бастады. Енді оны өзімнің қатарымнан көрсем деймін. Қайратымның барында өзіме көмекші қолбасылық міндетті оған жүктеймін және баулып, жетілдірсем деген ойым бар және тағы бір көмекші қолбасылыққа он сегіз жасар Райымбектің лайық екендігіне көздерің жетті. Соғыс қанша жылға жалғасарын бір Алла біледі» деп сөз тастағанда барлық сардарлар мақұлдасып, бірауыздан қолдайды. Ол жылдары Жәнібек орда бұзған отыз бесте болыпты. Бұл шамамен 1723 жылдар болса керек. Жәнібек пен Райымбек жоңғардың жер қайысқан қолын Торыайғыр тауының етегіндегі Көкпек жазығында тосып, сан жағынан көп жауды түрлі айла-тәсілмен шабуылдап, таудың тар қыспағында көп шығындайды. Жоңғарлар мұндай жағдайды күтпей кейін шегініп, Қарқарада қайтадан ұрысқа кіреді. Бұл жолы да Жәнібек пен Райымбектің қолынан жау ығысып, майдан бағытын басқа жаққа бұрып, кейін шегінеді. Албанның бас қолбасы Хангелдінің көмекші қолбасы болған Жәнібек бұдан кейін жауапты міндетті түсініп, барлық ұрыстарда өзін көрсеткен. Үш жүздің басы қосылған Жетісу жеріндегі ұрыстарда жауды жеңуде ержүректігін сан мәрте қайталайды. Қасында жүрген жас Райымбекке де көп көмегін беріп, жауға ойсырата соққы береді. 1727 жылы жоңғардың атақты ханы Сыбан-Рабден қайтыс болғаннан кейін әкесінің орнына отырған баласы Ғалден Серен аса мол қолымен 1729 жылы Балқаштың шығыс оңтүстігіндегі Итішпестің Алакөл маңында үлкен соғысқа кіреді. Екі жақтың қарақорым қалың қолы ұрысқа дайындалып, шайқасқа түсерде жоңғар қолбасы Ғалден Серен қазақтарға жаушы жіберіп, алдымен жекпе-жек сайысымен бастауды ұсынады. Ұсынысты қазақ жағы қабыл алды. Жау жағы жекпе-жекке кілең жаужүрек батырларын іріктеп дайындаса, қазақтар алдымен түменбасылардан жоғарыларды шығаруға іріктейді. Жекпе-жектің алғашқы күнінде Ұлы жүз Шапырашты руынан шыққан түменбасы Бөлек қарсыласын жеңсе, екінші күні Орта жүзден шыққан Ерасыл, үшінші күні Өтеген батыр жеңіске жетеді. Төртінші күні жоңғардың Шұна батыры «маған Бөгенбай керек!» деп, ат ойнатып, атойлап шығады. Мұның себебі үш жүздің әскер қолбасы Әбілқайырдың туын ұстаған батырдың сағын сындырмақ ниеті болған. Екі батыр бұрыңғы ұрыстарда бір-бірімен кездесіп, бірін-бірі жеңе алмай қайтқанның есесін Шұна осы жолы қайтарамын деген сеніммен шыққан. Бірақ Арқаның батыры қарсыласын дегеніне жеткізбей, ішек-қарнын ақтарып, атынан құлатып, жоңғарлардың мысын басады. Жекпе-жектің бесінші күні Албан жағына кезек әрең тигенде, талай ұрыстарда батырлықтарын көрсетіп, отызында орда бұзған Қаракісі, Әжібай, Малай, Бақай, Тайлақ және жиырмаға әлі жете қоймаған Райымбек, Бәйсейіт, Қорам, Малыбай, Бекбау да майданға шықсақ деп ниеттерін білдіргенде, Хангелдідей сабырлы қолбасы жауапты айқасқа жасы қырық беске келген түменбасы Жәнібекті таңдайды. Қолбасының таңдауын жақсы түсінген Жәнібек үш жүздің басы қосылып, жауына бір тізе қосқан шайқастағы жекпе-жектің маңыздылығын ұққан. Төрт күн қатарынан жеңілген жоңғар жағы бұл жолы тек жеңісті тілеп, аса айлалы Балдын батырына сенім артып шығарады. Сайыс алдыңғыларға қарағанда бөлекше болған деседі көнекөз қариялар. Екеуі де ақ алмасты семсерлерін жарқыратып, құлаштай сермеп айқасқа түскенде көбі қайран қалып, артын күткен. Екеуі де бірін-бірі ала алмай қылыштарын қынабынан суырып, шайқасады. Айлалы жоңғар көп жағдайда мықты екенін көрсетіп, қайраттылығын да танытқан. Сонда да Жәнібек айлалы қарсыласын тықсыра жүріп, бір кезде ердегі шоқпарын алып, жаудың тізесінен ұрған, қатты соққы Балдынды есеңгіретіп жіберген. Есін тез жиып, қайратына қайта мінген жоңғар батыры садағына жармасып, жебесін Жәнібектің жүрек тұсына көздегенде батыр оны қалқанымен тосып үлгереді. Жәнібек те қарап қалмай қорамсабына қол салып, жебесін Балдынның қарақұсына қадайды. Аттан құлаған Балдынды көрген жоңғарлар Жәнібекке бұдан кейін тағы да төрт бірдей батырын бірінен соң бірін шығарып, Жәнібектен есе алуға ұмтылады. Бірақ олар да ажал құшып, аттарынан құлайды. Екі жақтың бұл жекпе-жек майдандасуы жиырма күнге созылып, жоңғардың жүз елудей батыры қаза тапса, қазақ жағы да отыздай батырынан айырылады. Солардың ішінде Хангелдінің үлкен ұлы Тілеуке де мерт болған. Жекпе-жек майдандасуда жолы болмаған жоңғарлар жеңіліп жатса да, тағы да бес күнге ұзартуға келіскен екен. Бір айта кетерлік жайт, жекпе-жектің алғашқы кезегінде майдандасуға рұқсат сұрағандардың ішінде әлі де жиырмаға тола қоймаған бір жас жігіт бірнеше мәрте сұранып, қазақ қолбасы Әбілқайырдың алдына келе беріпті. Оның тым жастығына қарап, жекпе-жекке жібермей қайтарғанда ол тағы да келгенде, оның Албанның бас қолбасы Хангелді батырдың немересі Райымбек екенін біліпті. Бойында батырлықтың қасиеті көрінген жас жігітке Әбілқайыр әуелі рұқсатын бермей, албанның биі Әлмерек пен бас қолбасы Хангелдіге қарағанда, «Райымбектің десін қайтара көрмеңіз, өтінішін қабыл алыңыз. Еншісіне тиген жоңғардың батырына есесін жібермес» деген Әлмеректің сөзін Әбілқайыр мақұл көрген. Жасындай жарқылдаған Райымбекке Әлмерек ақ батасын беріп, жақсы тілеумен сайысқа жібергенде, жоңғар жағы да қазақ батырына сай, Шамалғанның үлкен ұлы Серіні шығарған екен. Әуелі екі батыр найзаласып, одан кейін қылыштасып, бір-бірін қайрат жасап біраз жүрген. Оңтайлы бір сәтте Райымбек қарсыласына қылышын дәл сермеп, басын шапқанда аттан құлаған ұлын көрген Шамалған бас қолбасының сөзін тыңдамай «аттандап» ұрыстың ашық майданын бастап жіберіпті. Екі жақтың қалың қолы бір-біріне тап берген айқас қанды қырғынға жалғасып, жау жағы көп шығынға ұшырап жатқанымен олар жекпе-жекте жеңіске жеткен қазақ батырларын арнайы жүздіктерімен қоршап алып, өлтіруге ұмтылыпты. Бұл амалға Жәнібек те, Райымбек те және басқа батырлар да іліккенмен, қоршаудан әрең құтылып, аман шыққан. Ғалден Сереннің алғашқы ойы іске аспағандықтан ұрыс майданын басқа жаққа бұрып, небір ұрыстар жүргізген. Тек жоңғарлар Аңырақай шайқасынан кейін ойсырай жеңіліп, әр жаққа ыдыраған. Албан қолы күншығысқа бет алған Шамалған мен Сарманжының қолымен айқасумен өткізеді. Шамалған жеңіліп жатса да бір ес жиып, Ұзынағаштың Қарғалысында жекпе-жек майданын тағы ашқанымен өзі Наурызбайдың қолынан мерт болды. 1733 жылдың жазында Албан қолы қашқан жаумен алысып, жауды шығысқа ығыстырумен қуады. Бірақ жоңғарлардың жымысқы ойы қазақ қолбасылар мен сардарларының соңына үлкен олжа тігіп, жансыз жіберіп өлтіру ісін ойластыруды жалғастырады. Сондай жоспар Жәнібектің өліміне себепші болыпты. Батырдың әр ізін аңдып баққан жансыз қазақ ортасында дүниеге келіп сіңген, әрі тіліне жатық болған. Жоңғар батырдың жүрген-тұрған жерін көзінен таса етпеген. Жәнібек Алатаудың етегіндегі Бесағаштағы шатырына кіре бергенде оның тасада тұрып, улы жебемен жауырынның ортасынан көздеуі мүлт кетпеген. Батыр улы жебенің уынан кейін көз жұмған. Қырық тоғыз жасында қастандықпен қайтыс болған Жәнібекті Алмалы өзенінің бойына қоныстанған «Әлмерек ауылы» атанған елді мекендегі шешесі жатқан жерге жерлейді. Оның өлімі Албан еліне ғана емес, өзі майданға түскен жердегі елдерге ауыр тиген. Жәнібек Әлмерекұлының бұдан да басқа ел аузында жүрген аңыз-әңгімесін тарихи-мәдени «Әлмерек қоғамдық қорының» атқарушы директоры, Білім беру саласының құрметті қызметкері Ысқақ Нұрмұханбетовтен де естіген едік. «Кешегі Қарқарадағы 1916 жылғы қанды көтерілістің басшысының бірі болған Әубәкір және де қолмерген атанған Жақыпбердіге дейін 7 буын батырлар әулетін қалыптастырған. Олар қазақ халқының, оның ішінде Албан тайпасының сақталып қалуына өз үлестерін қосқандығын ешкім жоққа шығармайды. Ал, Жәнібек батыр бабамыздың Қайқы анамызбен үйленіп, балалы-шағалы отбасы болуы да өзінше бір тарих. Оны аңыз деп айтуға да келмейді. Себебі олардан тараған ұрпақ қазір өскен, өнген рулы ел. Ел ішінде соғыс толастап, аздаған болса да бейбіт уақытта түменбасы Жәнібек батыр саяттан келе жатып алыстан екі ер тоқымды аттың қаңтарылып тұрғанын көреді. Екеуі де көп жер жүріп келгендіктен суытылып тұрғаны бірден көзге түскен. Батыр нөкерлерімен байқаусыз келіп, аттарды ұстап алмақ болғанда олардан ертерек қамданған біреуі ерттеулі атқа қарғып мініп, қаша жөнеледі де, екіншісі қапелімде қолға түседі. Қашқанды біраз адам артынан қуғанымен бабында жаратылған тұлғасы бөлек сәйгүлік шаңын да көрсетпей кетеді. Оның үстіне қолға түскен екінші адам: «Оны қумай-ақ қойыңыздар. Ол арғымаққа жететін жылқы бұл өңірде жоқ»-дейді. Одан «Қайдан келесіңдер? Кімсіңдер? Ана серігің неге сені тастап, өзі қашып кетті?..», деген сауалдар қойғанда, «Мен өз елімнің патшасының қызы едім, ал, жаңағы сіздерге қарсылық көрсетуге жарамай қашып кеткен жігіт – өзім сүйіп, сол үшін әке-шешемді тастап етегінен ұстаған біздің елдің жылқышысы еді», – деп бас киімін шешкенде қолаң шашы беліне түскен сұлу қыз болып шығады. Ол барлық оқиғасын еш бүкпесіз айтып бергеннен кейін Жәнібек патша қызын сыйлы қонағы ретінде қабылдайды. Біраз уақыттан кейін Әлмерек абыз батырлары мен балаларын жинап, қыздан осылардың ішінде біреуін таңдауын сұрағанда, Қайқы анамыз бірден көзіне түскен Жәнібек батырды таңдап, оған былай дейді: «Батыр, бақытымды іздеп етегінен ұстап, сол үшін ел-жұртымды қиып шыққан азаматым мені сендерден қорғап, көз алдымда көз жұмса, мен өмірлік сондық болар едім. Бірақ ол қорқақтық танытып, тек өз басын ғана сауғалап қашып кетті. Ендігі өмірімді өзіңізбен бірге өткіземін. Алайда бір ғана тілегім бар, мен басымды жуып жатқанда рұқсатсыз үйге кірмейсіз», – дейді. Осыдан кейін екеуі үйленіп, дүниеге қыз бала келеді. Одан кейін Қойлыбай, Көшек, Тоқсейіт, Бәйсейіт атты балаларды дүниеге әкеледі. Бірде Жәнібек батыр жорықтан үйіне келсе, балалары сыртта жүргенін көріп апаларын сұрайды. Аналарының жуынып жатқанын айтқанда Жәнібек батыр тағатсыздықпен туырлықты тіліп жіберіп қараса, әйелінің шашынан қып-қызыл от лаулап тұрғанын көрген. Күйеуінің әрекетін байқап қойған Қайқы ана: «Бекер көрдіңіз, Жәнібек батыр! Не өзіңізді, не ұрпақтарыңыздың біреуін хан етер едім. Енді мен сіздерге жоқпын. Қош сау бол», – деп көзді ашып жұмғанша ақ кептер болып шаңғырақтан ұшыпты. Ауылды үш айналып, артында қалған балаларына да қайырылып қарайламай көзден ғайып болған. Біраз күндерден кейін балалары аналары әкесімен кез-дескен алғашқы жерге барып, «Апа, қайдасың, бір көрінші», деп жылап тұрған балаларының ішінде қызы мен кіші ұлы Бәйсейітке ғана рақымы түскен. Ұлының басынан сипаған, ал, қызы сол жерде ғайып болыпты. Жәнібектің сол Бәйсейіт батырдан – Қонысбай, одан Пұсырман (Пұсырманбай, шын аты Мұсылманбай), одан Тазабек, одан Солтанбек, одан Әубәкір мен Жақыпберді тарайды. Бәрі елім-жерім деп жауымен жағаласып өткен батырлар, елдің иесі болған би-болыстар. Барлығы бабалары Әлмерек абыздың, әкелері Жәнібек батырдың жолын қуып, елі мен жері үшін бастарын бәйгеге тіккен арыстар мен асыл азаматтар ретінде халықтың есінде сақталып, жүрегінде орын алған. Тарихта белгісіз болып келген Жәнібек Әлмерекұлы туралы ел аузындағы дерек осындай. Оның ерлігі мен батырлығы және мергендігі, даңқты қолбасы болғандығы үш ғасыр өтсе де көптің есінде сақталып, әлі айтылып жүргендігі. Жәнібек батыр 1733 жылы 49 мүшелі жасында өмірден озған деген дерекке сүйенсек, ол 1684 жылы дүниеге келген болады. 25 жасында жүздікті басқарып, 30 жасқа жетер- жетпесте түменбасы, одан кейін албанның бас қолбасының көмекші қолбасы болу – Жәнібектің нағыз батыр екенін көрсетеді. Ал, батырдың әлі күнге дейін белгісіз болып келуі оның іздеушісі мен зерттеушісі жоқ болғандығынан болса керек.

1751 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз