• Заманхат
  • 25 Ақпан, 2020

ЕЛ АБЫРОЙЫН АРТТЫРҒАН ІСКЕР АНА

Азамат ОМАРОВ, журналист

«Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» – деген ертеден қалған даналық сөз бар. Ана деген бұл өмірде қайталанбас махаббат, ана деген жан тербетерлік өмір, ана ардың ақ жолын көксейтін рухани ұстаз. Оның балаға жеткізетін сезімі, махаббаты, даналығын айтып жеткізу мүмкін емес. Ананың балаға деген сезімі, әйгілі «Эверест» тауының шыңынан жоғары десек, әлбетте жарасымды. Адам баласының бойына ең жақсы қасиеттер де алдымен анадан тарайды. Әкенің қабағын бағып, үйдің берекесі болып отырған ананың адамзат үшін алаңдап отыратын киелі тағы бар. Әке деген жанып тұрған шырақ болса, ана деген анық тұрған жұмақ. «Жұмақтың кілті ананың табанының астында» – деп, ел арасында қанатты сөз осы күнге дейін қалған. Қазақ елі әр уақытта ардақты аналарымызға тағзым етіп өтеді.

Ертеде қасиетті Бәйдібек бабаның 2-ші әйелі, шын аты Нұрила (Бибісара). «Диһнат мама» (әулие ана) деген атаудан шығарылып, Домалақ ене есімімен аталып кеткен. Ұлы жүздегі Албан, Суан, Дулат – үш ру Жарықшақтан (Жарықбас) тарайды. Қазақтың бұл іргелі рулары негізінен Алматы, Жамбыл облыстарын мекен етеді – Бәйдібектің Домалақ енеден тараған ұрпақтары. Тілге тиек еткелі отырған тақырыбымызға оралып реті келгесін айтайық. Домалақ ененің қадір-қасиеті ерте-ақ танылып, ел аузында ол кісі жөнінде аңыз-әңгіме көп. Солардың бірі мынадай: «Бәйдібек заманында жайлауында үйір-үйір жылқысы, келе-келе түйесі, отар-отар қойы өрген, шығыс пен батысқа керуендер жүргізген асқан бай адам болған екен. Бірде Алатау асып келген қалың жау Қаратау жонын жайлап отырған Бәйдібектің ауылын шауып, сан мың жылқысын түре айдап кетеді. Бәйдібек бастаған ел азаматтары ауылда болмаса керек. Содан, жау шапты деген хабарды естіп, Бәйдібек елден жасақ жиып, қасына үлкен әйелі Сары бәйбішеден туған алты ұлын алып, жауға аттанғалы жатқанда Нұрила: «Бай-еке, малдың құты, жылқының иесі құла айғыр қолда қалды. Амандық болса, алты күннен кейін жылқы жауға қайыру бермей өзі ауылға келеді. Жауды қума, азаматтар аман болсын, осы тілегімді беріңіз» – деп өз отауының белдеуінде матамен байлаулы тұрған, жүген-құрық тимеген шу асау айғырды көрсетіпті. Бірақ жауға кектенген батыр әйелінің тілін алмай, жасағын бастап жүріп кетіпті. Бәйдібек жасағы жауға Күйік асуында жетіп, қырғын ұрыс салыпты. Алайда, жасанып келген жау аттанға ілесіп атқа қонған аз жасаққа теңдік бермепті. Осы соғыста қаза тапқан алты ұлын Үшқарасай жазығына жерлеп, кері қайтыпты. Арада алты күн өткенде байлаулы тұрған құла айғыр жер күңіренте дүлей күшпен кісінеді дейді. Сол күні кеш шамасында шығыстан қалың шаң көтеріліп, ұзамай Бәйдібектің қалың жылқысы көрінеді. Ереуілдеп барып, кері қайтара алмаған жылқыны Домалақ ене осылайша үйде отырып-ақ түгел қайтарып алса керек. Бүгінгі біздің әңгімеміз өмірлік жолында киелі Домалақ енені пір тұтып, киелі анамыздай ақыл мен парасатқа ие болған жан, қайсар мінезді, қазақтың нәзік жанды сұлу қызы, Талғар ауданының құрметті азаматы, Алматы облысының Талғар ауданындағы Қызылқайрат кентіндегі «М И СOMPANY» ЖШС-нің балабақша құрылтайшысы Майгүл Ескендірова төңірегінде өрбімекші. Адам баласы осы арпалысқан заманның тағдырына тоқтамай, өзінің дара жолын іздеп, ел игілігін ойлайтын азаматтар мен азаматшалар ел арасында жиі кездеседі. Құдайдың шексіз құдіреті десек, еңбектің жолын қастерлеп, өзінің өмірлік жолында жігерленіп, талай арпалыс асудан шаршамаған адам баласы үшін әрқашанда несібесі алдынан кезігетіні ақиқат. Еңбек ету жолы имандылық пен сабырлықты, ақыл мен ынсапты, білімділік пен өмірлік тәжірибені қалайтыны рас. Ал, Майгүл Асанқұлқызы туралы айтсақ, өмірге құлшына араласып, мақсатына жете білген көпке үлгілі нәзік жандылардың бірі десек, қателіксіз. 1960 жылдың мамыр айындағы бірінші жұлдызында Жамбыл облысы, Қордай ауданы «Қордайастық» совхозында (қазіргі Беріктас ауылы) Ескендіровтердің отбасында дүние есігін ашқан Майгүл Асанқұлқызы жастайынан алғыр, қабілетті, оқуға зерек болып өсіпті. Әрине, көңілі алып-ұшқан тәтті қиялға толы жеткіншектің қадамы кеңінен ілгерілеуіне Майгүлдің ата-анасы Панаркүл Егінбайқызы мен Асанқұл Нұртайұлының салмақты да сабырлы санасқан ой-пікірлері көп септігін тигізді. 1978 жылы М.Горький атындағы мектепті үздік аяқтап, киелі туған жерін артқа қалдырып, алыс арман қуған бойжеткен Алматыдағы №1 педагогикалық училищесіне студент болып қабылданды. 1981 жылы аталмыш жоғары оқу орнын бітірген жас маман Жамбыл облысы, Жаңатас қаласында №13 бала-бақшасында еңбек жолын бастады. 1986 жылы Шу қалалық білім басқармасында мектепке дейінгі тәрбие саласы бойынша инспектор, ал, 1990 жылға дейін «Айгөлек» бала бақшасының меңгерушісі қызметтерін атқара жүріп, жоғары білім алып та үлгерді. Әлбетте, қызметі жоғары, талантты, жас маман өзінің жаратылыс болмысындағы қасиетін адал еңбегімен ұштастырып, әр үйдің көзінің қарашығындай ерке сәбилеріне өнеге боларлық іскерлігімен, білімділігімен көріне білді. Осы жылдар ішінде еншілеген мақтау қағаздары, алғыс хаттар - еңбегінің жемісі. 1993 жылы «Алтын диірмен» ААҚ-ның президенті Әділмырза Бейсенбайұлы Майгүлді аталмыш мекемеге қарасты «Жалын» денсаулық-сауықтыру кешенін басқаруға шақырды. Біліміне ақылы, ақылына көркі сай Майгүл Асанқұлқызы Ескендірова өз іскерлігінің, қайраттылығының арқасында, шырайы жарасқан айтулы мекеменің ісін де ойдағыдай дөңгелетіп отырды. Әріптестеріне сыйлы, достарына абыройлы, туған-туысына сүйкімді Майгүл Асанқұлқызын сөзге тартқанда: – Әрине, бейнеттің де зейнеті бар ғой, жұмысбастылыққа қарамастан, үй шаруашылығына, бала тәрбиесіне аса зор мән беремін. Себебі, отбасындағы береке мен баланың дұрыс тәрбие алуы, бірден-бір әйел адамға байланысты. Ошағының түтіні түзу шығу үшін береке-бірлік керек. Ал, ұясында не көрсе, қияда жүріп соны жасайтын жас ұрпағымызды өнегелі, иманды етіп тәрбиелеу ең алдымен ақ сүт емізген ананың парызы деп санаймын. Майгүл Асанқұлқызы тек еңбекте ғана емес, өз отбасында да шаңырағының шырайлы шаттығы деп айтсақ артық болмас. Үлкен ұлы Айдар білікті заңгер, екі қыз, бір ұлдың әкесі.Ата-анасының тәлім-тәрбиесін алған Айдар, осы күнде өзінің шаңырағының отағасы болуда. Ал, Айнұр қызына келсек, білікті (заңгер, экономист).Алматы қаласындағы үлкен шетелдік компанияда қызметте, осындай ұл-қызының аяулы анасы, сонымен қатар Ерғали Сейділдәұлы ағамыздың өмірлік серігінің сүйікті жарына айналған іскер қазақтың қызы. Ерғали ағамыз туралы айтсақ, жаны жадыраған ақ көңіл, пейілі кең, адам баласына мейірімі мол арқалы азаматтардың бірі. Сондай-ақ, Ерғали ағамыздың қара шаңырағына қонақ келе қалған жағдайда, Майгүл жеңгеміз, дастархан үстін жайнатып, бар дәмдіні қонақ алдына жадыратып жіберетін сабырлы нар-Ана. Бүлдіршіндердің талап-тілектерін тиімді қанағаттандыруда үлкен алғысқа бөленіп жүрген Майгүл Асанқұлқызының басқаруындағы «М И СOMPANY» ЖШС балабақшасындағы әріптестерінің де еңбекқор қауым екенін айтып кеткеніміз жөн. 2019 жылдың бизнес-рейтинг сараптамасы бойынша «МИ СOMPANY» ЖШС Қазақстан Республикасы кәсіпкерлері арасында 32-орынды иеленіп, «Сенімді салық төлеуші» деген алтын белгісімен марапатталса, Алматы облысының кәсіпкерлер арасындағы үздік компаниялардың ішінде 7-орынды иеленіп, «мемлекет бюджетіне қосқан үлесі» үшін деген алтын белгісімен марапатталды. Бұл дегеніміз ұжымның және де тікелей Майгүл Асанқұлқызының еңбекқорлығы мен қайратты албырлығының арқасында осындай сара жолдың төрінде орналасқаны. Осыған орай, Майгүл Асанқұлқызын және де ұжымындағы нәзік жанды әріптестерін 8-ші наурыз халықаралық әйелдер мейрамы күнімен құттықтаймыз! Мол табыс, қажымас қайрат, келешекте өмірдің биік шыңына шығуларыңыз осымен тоқатамасын деп тілектеспіз! Соңында айтарым, Алла тағала қазақ еліне батыл, батыр, іскер, еңбекқор, намысшыл, патриотты нар-аналарымыз көбеюіне молынан нәсіп етсін. «Алып анадан туады» демекші, қасиетті жан көп болса, киелі нәр мол болары сөзсіз.

493 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз