• Заманхат
  • 25 Наурыз, 2020

ШЫҢДА ӨСКЕН ШЫНАРДАЙ

Университетте болған Наурыз мерекесінің үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие берерліктей мәнді, мағыналы өткеніне өзі де, әріптестері де риза. Байқап қараса, жастар санасына халқымыздың саналы салтын, жарқын дәстүрін сіңіретіндей ұлттық қасиеттерді, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін қырлары көп болыпты. Жетекшілік, ұйымдастырушылық еңбегі алғыс хатпен атап өтілді. Көтеріңкі көңіл-күйін байқаған балалары бүгінгі жексенбілік демалысты табиғат аясында отбасылық отырыспен жалғастыруды ұйғарыпты...

«Ұлы істің ұлы күні» өзінің де үйде отырғысы жоқ еді. Сонау балғын балалық шақтан бері көктемнің алғашқы күндері бар аңсары далаға ауады да тұрады. Табиғатқа шыққанына қуанды. Ауа райы тамаша. Түнгі сүлесоқ қалпынан арылып жатқан Алатаудың биік-биік шыңдары күн шапағының алқызыл нұрына бөленген. Терең шатқалдардан өзен суының гүрілі естіледі. Сай-саладан құлдырай аққан бұлақтарда бұлқыныс бар, шолп-шолп етіп сылдырай ағады. Бел-белестер қызыл, жасыл, көк, сары бәйшешектерден әсем алқа тағынса, орман-тоғай енді-енді бүршік жара бастаған аппақ-аппақ гүл шоқтарына оранған. Бәрі де жастайынан сезініп-түйсініп жадында жатталып қалған көріністер. Жер-ана он екі айда бір келер толғақты сәтінде. Айнала былдыр-былдыр, күмбір-күмбір жас иіс: құстар әні, жапырақ сыбдыры, су сылдыры, самал лебі. Жап-жасыл, жап-жас дүние жылы шуаққа бусанып жатыр. Сезімтал жүрек өзінен-өзі күбірлеп келеді: – Құдіреті күшті жасаған, күн көзіндей жылу бер, адамзат дейтін пендеңе!.. Саумал самал лебінен мойыл гүлдің хош иісі аңқиды. Мойыл, долана, шырғанақ, рауғаш сияқты сирек кездесетін емдік қасиеті бар өсімдіктер біздің Тарбағатай тауларында өте көп өсуші еді. Шіркін, Тарбағатай – асқар таулы, айдын көлді, көк орай шалғынды табиғат көркіне, табиғи байлығы сай құт-береке дарыған қасиетті өлке ғой. Көне тарихының өзі үлкен шежіре. Көңілге көрік, пейілге кеңдік беретін осынау атажұрттың қадір-қасиетін әрдайым айтып та, жазып та жүретін жәйі бар. Мұндай сәттерде: – Тектілік тегіне тартпай қоймайды. Іріліктің ірге тасы – ұшқан ұяда, өскен ортада қаланады, – деп отыратын ауыл үлкендерінің, ата-ананың ұлағат сөздері де тілге тиек болады. 15-16 жасында құлағына құйып алған бабалар өсиетін әлі күнге өнеге тұтып келеді. Десе де, елінің ежелгі даналық тәлімі туралы білгенінен білмейтіні көп екені рас. Тағдырдың жазмышы ғой. Шетсіз де шексіз өмір жолдары ертеден-ақ туған ортадан алыстатып әкетіпті. Алғашында, білім қуып, тұрмыс құрып дегендей, кейіннен жұмыс бабы, бала-шаға қамы деп көп жылдар шет жүріп қалғаны-ды. Содан болар, Тарбағатай десе елеңдеп, тіл жетпестей бір алабөтен сағыныш күйін кешетіні. Осы уақытқа дейін еліміздің көптеген жерлерінде, керемет деген шетелдерде болып, талай халықтың дәм-тұзын татты. Рас, бір көрер көзге әсері болған шығар. Бірақ ешқайсысы туған жердей көңіл қуантып, жылылық сыйлап толғандырған емес. Бүгін де өмірінің қимас бір бөлшегіндей сезіліп тұрғаны. Ата-жұрт, кіндік қан тамған топырақ қасиеті осынысымен қымбат шығар. Ерекше сезім жетегінде тұрғанда, ойын немерелер дауысы бөліп жіберді... *** Өмірдің өткені бар, өткелі бар. Клара Қабылғазинаның бар саналы өмірі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен біте қайнасып кеткендей. 1968 жылы журналистика факультетіне түсіп, оны 1973 жылы бітірген. Арадағы бірер жыл мамандық бойынша газетте, телевизияда істегені болмаса, соңғы 40 жылға таяу уақыттан бері осы факультеттің «Баспасөз және электронды БАҚ» кафедрасында ұстаздық етіп келеді. Бар білімін, қабілет-күшін өзі білім алған университетіне арнағандығын өмірлік мақсатының орындалғаны деп біледі. Бұл мамандық – пән бойынша жан-жақты білімділікті ғана емес, саяси, адами дүниетанымдылықтың кемелдігін, рухани парасаттылықтың тереңдігін, техникалық ақпарат ағымының қарқынды үрдісіне ілесу біліктілігін қажет ететін күрделі ғылым. Клара осынау талаптарды игеру барысында, сан қиындықты бастан өткере отырып, жан аямай еңбек етті. Қажымай-талмай көп ізденді, көп оқыды. Тәжірибе жинақтау ізденістерімен шетелдік, республикалық оқу орындарымен байланысқа шықты. Түрлі деңгейлерде өткізілетін ғылыми конференцияларға, басқа да шараларға қатысып, ой-пікір алмасты, ақпарат жинады. Қазір де педагогикалық-ағартушылық тәжірибесін жетілдіру белсенділігі жоғары. Сөз реті келгенде, ҚР Білім және Ғылым министрлігінің бағдарламасы бойынша шыққан «Радиожурналистика» оқулығының үш тарауын, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсыр-масымен жарық көрген «Қазақ журналистикасы» үш томдығының бір тарауын Клараның жазып дайындағанын атап көрсеткен жөн. Сондай-ақ, 9 оқу құралының, 3 электрондық оқу құралының, 1 оқулықтың, 400-ге жуық ғылыми, публицистикалық еңбектердің авторы. Мұның сыртында журналистің жеке тұлға ретінде қалыптасуы, кәсіби біліктілігін арттыруы тұрғысындағы ақпараттық бағдарлама жобалары да баршылық. Әр еңбектің берер білімі терең десек, сол тереңдікті бөтен санаға дарыту біліктілігін шыңдау қиыншылығы және бар. Маңыздысы – мақсат-мұраттың ақталып, игілікке жаратылуы. Бұл тұрғыда әріптестері ұжым болып қуаттап-қолдап, бағалап келеді. Атақ-марапаттан да кенде емес: филология ғылымының кандидаты, ассистент профессор. «ҚазҰУ-дың үздік оқытушысы» атағының, Ы.Алтынсарин атындағы және «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері. ҚР Журналистер академиясының дипломдарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. «Қазақстан ғылымдары», «Қазақстан білім саласы үздіктері», Шығыс Қазақстан облыстық энциклопедияларына ұсынылған. СТВ телеарнасы Ақпарат және мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша «Қоғам және әйел» сериясымен деректі фильм түсірілген, т.с.с. Тағы бір үлкен игілікті шара – журналистика факультеті оның 70 жылдық мерейтойы құрметіне арнап, «Цифрлық медиа және журналистика: білім берудің классикалық үрдістері мен жаңа талаптары» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырып отыр. Бағдарлама аясында К.Қабылғазинаның еңбек тәжірибесін көрсету мақсаты да көзделген. Бұдан артық қандай сый-құрмет болмақ. Клара өз кезегінде: – Бәріне де уақыт төреші ғой. 40 жылдың қалтарысында қаншама сезім-төзімді бастан өткергенім өзіме аян. Енді міне, кезі келіп өткен күндерді бағамдайтын шақты бастан өткеріп жатырмын. Өмір-өзен ағысының осынау бір салиқалы кезеңінде азды-көпті еңбегімді бағалап жатқан ел-жұртыма ризамын. Әсіресе, қандай да бір жағдайларда дем беріп демеуші, қуат беріп қолдаушы болып келе жатқан қанаттас-қатарлас Сағатбек Медеубек, Кәкен Хамзин, Гүлмира Сұлтанбаева сияқты әріптестеріме деген алғысым шексіз. Жалпы біздің ұжымда жаны жайсаң жақсы жандар көп. Білім-ғылымды соларша бағалауға, ел мен жерді соларша қадірлеуге тырысып жүремін, – деп ықылас-пейіл тұнығын мөлдіретті. Шынайы жүрекжарды лебіз. Клара шығармашылығының тағы бір қыры – журналистика мен жазушылық. Бұл тұста да қаламы жүрдек. Өмір шындығын шынайы суреттейтін әңгіме-новеллалары, жастар тәрбиесі, әлеуметтік мәселелер туралы мақалалары басылым беттерінде жарияланып тұрады. Шығармаларының бәрі оқырманға өмір шындығын іздеттіреді, ой-пікір түюге ықпал етеді. Осынау ерекшелік есімін даралап, сонау алыстағы шет жерлерге танытып жатқанына неге қуанбасқа. Жуықта ғана Евразия жазушыларының Бельгияның Брюссель қаласында өткен халықаралық конкурсының жүлдегері атанды. Әңгімелерінің байқауға қатысқан 1200 қаламгер шығармаларының үздігі деп таңдалуы тегіннен-тегін болмаса керек. Бұл да – кімнің кім екенін танытатын көрініс. Осы тұста мына бір сөздері еріксіз еске түсті: – Шын мағынасында, мен ең әуелі оқытушымын. Оқытушылық – кәсіби мамандығым. Студенттер тарапынан «жақсы мұғалім», «жақсы ғылыми жетекші» дегенді естіп жатсам, мен үшін бұдан артық марапат жоқ. Қазіргі жастар бойында білімді игерсем, іскерлікке жетсем деген талпыныс күшті. Әлемдік ғылымның, электронды ақпарат құралдарының озық үлгілері мен жаңалықтарын меңгеру алғырлықтары, құлшыныстары ерекше дамыған. Айтар ойларынан, сөйлер сөздерінен өршіл рух байқалады. Мысалы, бүгіндері білім алып жатқан барша шәкірттерімді осындай зейінді зерделілер қатарына жатқызар едім. Өйткені, жылдан -жылға өте білімді, өрелері биік, зерделі қазақ жастарының көбейіп келе жатқандығы қуантады. Елдің болашағы солардың қолдарында ғой... «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты немесе «Шәкіртіне қарап ұстазын таны» дейді халық даналығы. Біліміне білім, ақылына ақыл қосып, бар жақсылыққа баулыған ұстазды кім ұмытар. Былтыр бітірген Күнту Арғынбек есімді шәкірті: – Бағыт-бағдар берген Сізге мың алғыс! Журфакқа алғаш келгенде дауысыңда қоңыр әуен бар деп радиоға тарттыңыз. Міне, бүгінде сол ақыл-кеңесіңізбен радиожүргізуші болып қызмет атқарып жүрмін. Жастарға деген адал пейіліңіз ешқашан сарқылмасын. Аман-сау болыңыз! – деп құрмет көрсетіпті. Риясыз көңілдер тілеулестігінің үндестік өнегесі! Иә, бұл күнде жарқырап, жалындап алғы шептен көрініп жүрген Нұрділда Ораз, Ренат Кертаев, Берік Уәли, Жанарбек Әшімжан, Сәуле Досжан, т.б.сияқты толып жатқан шәкірттері баршылық, олардың есімдерін тізсең бір кітап боларлықтай-ау... Олардың аттары аталған сайын, жүрек түкпірінен жаңа бір жақсы есімдердің жаңа тізбесі ойға оралатынын қайтерсің. Ылайым, ұстаздық өмір-дастан беттері шәкірт жетістіктерінің жарқын-жарқын жазбаларымен қалыңдай бергей! Клараның өмір-дерегінің бәрі осындай жарқын, жеңіл деуге болмас. Сағын сындырар талай сынақтан өтті. Осыған байланысты көмейге тірелген сан сауалды қалай қоярға батпай отырғанда, әңгімені өзі бастады: – Тірлігім – күйініш-сүйінішім. Бұл күнге оңай жеткенім жоқ. Жастайымнан «бәрінен де ел аман, жер тыныш болсын» дегенді көп естіп өстік қой. Сол аманшылық арқасында, Жасаған иеміз мені адамдардың ықылас-пейілінен кенде етпепті. Пейілі кең туған-туыс, ниеті дұрыс жора-жолдас беріпті. Қиналғанда тірек болып келе жатқан тағы бір тиянағым – еңбек ортам. Осынау жақсы жандардың жақсылығын балаларымның баласына өсиет етіп кетсем деймін. Рас, тағдыр тауқыметінің, еңбек бейнетінің ащысын да, тұщысын да татты, ыстығына күйді, суығына тоңды. Сол бір күйзеліс кезеңдеріндегі қилы-қилы қиындықтарды әйел затына тән беймәлім қара күшпен қопарып әкеп, сыры ашылмас сыр-сандыққа қотарып салып құлыптап тастаған ғой. Бөтен сөз, жаңсақ пікірден аулақтағаны да. Сөйтіп, өзінің Ар, Әділет, Намыс, Абырой алдындағы адалдығына жүгініп, бар Жақсылықты Аллаһ тағаладан, табан ет, маңдай терден күтті. Бар ерік-жігерін бір арнаға тоғыстырып, ертеде де, кеште де жар құлағы жастыққа тимей еңбек етті. Мұндай жанкештілікке бармағанда, өсудің орнына өшуі, орта жолда қалуы әбден мүмкін еді. Осыны білді. Әйел-ана намысының құдіреттілігі деген осы! Ойды ой, сөзді сөз қозғайды. «Қатар өмір сүре береді екен-ау, Қайыспайтын қайсарлық пен үлбіреген нәзіктік», – деген өлең жолдары, Клараға арналып жазылғандай. Тегінде, Клара – табиғи жаратылысы нәзік, сыршыл, әсершіл жан. Сырт келбеті қандай келісті, көркем болса, ішкі жан-дүниесі де соншалық таза, мөлдір. Жастың тілеуін, үлкеннің жолын кеспейтін ізеттілігіне, барын ірікпейтін, бөлісуге іркілмейтін жомарттығы сай ақ тілеудің адамы. Осы ретте әлеуметтік желіге жазған Мәди (қазір Нұр-Отанның Алматы қалалық жастар қанатын басқарып жүрген азамат) деген шәкіртінің жазбасын айтпай кетуге болмас, ол: «Өмірде сыртқы сұлулығы мен жан-дүниесінің сұлулығы табиғатынан бірдей дарыған адамдар кемде кем.Біздің Клара апай – сол қасиеттің бәріне ие адам», – деп жазыпты. Отбасына ұл-қызымен көгеріп-көркейген ана, береке-бірлікті ұйытып отырған батагөй әже. Тәңірім, анасына бергенді баласынан да аямаған ғой. Үлкені Арай С.А.Асфендияров атындағы медицина университетінің доценті, медицина ғылымының кандидаты. Абзалы мен Асқаты – заң қызметкерлері. Кенжесі Айбек – компьютерлік модельдеуді меңгерген талантты математик. Келіндері қас-қабағына қарайды, немерелер айналып-толғанып қасынан шықпайды. Тәубә, тәубә... тіршілік атты ұлы дүбірдегі көші осылармен көлікті де көрікті. Жалпы бұл әңгіме ақ-адал еңбекті бағалау, үлгі-өнеге ету мақсатын көздеген-ді. Сонымен шашыраңқы ой ұшқындарының тоқ етер түйіні төмендегідей өріліп сабақталады: – Университеттің 85 жылдық тарихы бар журналистика факультетіне үзіліссіз 40 жыл ұстаздық ету еңбек пе? Еңбек! Қазақ журналистикасына ұлттық кәсіби маман даярлауға үлес қосу ма? Қосу! Ендеше, терең тамырлы ҚазҰУ-дың тарихи шежіресінде Клара Қабылғазинаның да қалдырған ізі айшықты. Жетпістің өріндегі, университеттің төріндегі еңбек жолы жалғасуда. Алда да журналист-қаламгер, ұстаз-ғалым, әйел-ана ретінде атқарар ісі, таратар өнегесі баршылық. Өзі сергек, қадамы нық, ойы ұшқыр. «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, көңілі әлі биікте. Тау басында өскен қарағай-қайыңдардың нәрі де, сәні де ұзақ сақталатыны белгілі. Клараның кісілік келбеті мен кішілік ізеті осы шынарлардай шырайлы да сымбатты. Иә, солай, шыңға біткен Шынардай! Курстас-достарың: – Тұлғаңды әрқашан биіктен көрсек, – дейді. Тұғырыңнан тайма, Клара!

***

...Мойылды сайды тағы бір көз қиығымен шолып өтті де, қызғалдақ теріп, қызық қуып алаңсыз жүрген немерелеріне қарай беттеді. Балалары да өзіне қарайлап қалыпты. Осыларды берген Аллаһ тағалаға, мың шүкірлік. Өсер ұрпақ аспаны әрдайым бүгінгідей ашық болғай!

Ғалия Омарханова, ардагер журналист, курстасы

586 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз