• Заманхат
  • 02 Мамыр, 2020

АҚЖАН МАШАНИ – ФАРАБИТАНУДЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ

Қазақ ғылымындағы фарабитанудың негізі қаланып, оның дамып өркендеуі көрнекті ғалым Ақжан Машани (Ақжан Жақсыбекұлы Машанов)  есімімен тығыз байланысты. А.Машани ұлы бабаның өмір жолын, мұраларын тауып, зерттеуді азаматтық парызы санап, оған ғұмырының 40 жылын арнады. Осы жолда ол басын бәйгеге тігіп, не бір «тар жол, тайғақ кешулерді» бастан өткізді. Сонау қылышынан қан тамған Кеңес дәуірінде әл-Фарабидің Отырар-Фараб қаласынан шыққан қыпшақ руынан екендігін дәлелдеп, он бір ғасырдан соң өзі туған елімен қауыштырды. Әлемдегі екі ұстаздың бірі – «әл-мұғалим әл-сани» атанған әл-Фарабидің қазақ перзенті екендігін ғылыми-зерттеу еңбектері арқылы дәлелдеді. Мұндай пікірі сол кездегі «Көшпенділердің өркениетке қолы Кеңес дәуірінде ғана жетті» деген астамшыл, шовинистік көзқарасқа алғашқы соққы болып тиді.

Ақжан Машани осы жұмыспен шұғылдануды 1958-1959 жылдары еліміздегі ірі-ірі кітапханалардағы каталогтармен танысудан бастайды. Тынымсыз іздену жұмыстары біртіндеп жемісін бере бастайды. Әл-Фарабидің кейбір әлеуметтік мәселелер жөніндегі трактаттарын табады. Ғалым мұнымен шектелмей, жұмысын одан әрі жалғастыра түседі. Шетелдердегі кітапханаларға хат жолдап, әл-Фараби еңбектерінің  фотомикрофильмдерін жіберуін өтінеді. Содан кейін ол қолға түскен әл-Фараби еңбектерін қазақшаға, орысшаға аударып, көпшілікке таныстыруды алдына мақсат етіп қояды. Бұл үшін сол кездегі Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қ.Сәтбаевқа осы Ғылым академиясының  орталық ғылыми кітапханасының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Н.Б.Ахметова екеуі 1960 жылы 15 қарашада хат жазып, әл-Фарабидің Еуропаның бірқатар қалаларындағы, мысалы, Голландияның Лейдена қаласынан «Рисала фисус аль Хаким «Ғылымның інжу маржаны», «Рисала...аль Мадина...аль Фабила» («Қала үлгісі»), профессор Брунелла неміс тілінде шығарған «әл-Фараби бойынша мемлекет басқару» атты еңбектерді алдыртуды өтінеді. Әл-Фараби мұраларынан хабары бар Президент Қ.И.Сәтбаев бұны іске асыруды қолдап қол қояды. Осылайша қазақ жерінде әл-Фарабиді зерттеудің алғашқы соны соқпағы қалыптаса бастайды.

Ал Машани әл-Фарабидің мұраларын зерттеу ісін қалай бастау керек деген ойын 1961 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының «Хабарлар» атты журналының бесінші санында жариялады. Бұл мақаланы әл-Фараби мұрасын елімізде зерттеудің  алғашқы бастамасының бірі деп айтуға болады.1962 жылы «Білім және еңбек» журналының бірінші санында ол тұңғыш рет әл-Фарабидің «Философияға кірісер алдында не керек?» деген философияны үйренушілерге бағышталған 9 трактатын аударып, ұлы бабаны қазақ тілінде тұңғыш сөйлетті. Осы санда түсіндірме ретінде Машанидің мақаласы қоса жарияланды. Бұл мақаладан сол кездегі қазақ оқырмандары әл-Фарабидің өмірі, ғылыми қызметі туралы біраз мәлімет алады. Отырарда білім алып, ғылым қуған жиһанкездің Бағдатқа, Шамға, Аллепоға, Хорасанға, Халебке, Каирге сапар шегіп, онда көптеген ғылымды меңгергенін, бірнеше тіл үйренгенін, екінші ұстаздың қандай ғылымды дамытуға үлес қосқанын алғаш рет осы мақала арқылы біледі. Оның жүзден астам еңбек жазып, ғылымның астрономия, математика,медицина, ботаника, химия, минерология, география, философия, лингвистика, логика, тарих, музыкамен шұғылданғанын, ежелгі грек ғалымы Аристотельдің бірқатар еңбектеріне талдау жасап, оларға түсіндірме жазғанынан хабардар болды. Көп еңбектері жоғалып кеткенін, оның еңбектерін Еуропа ғалымдары кең түрде пайдаланғанын, араб ғалымдары, әл-Фарабиді ұстазы санағанын, әсіресе оның еңбектерін Орта Азия ғалымдары жоғары бағалағанын, кейбір еңбектері неміс, ағылшын, француз тілдеріне аударылғанын атай келіп, өз ұсыныс-пікірлерін  де жасады. Мысалы, әл-Фарабидің ізімен жүрген Әбу әли ибн-Сина, Бируни сияқты ғалымдардың еңбегі көп томдық болып шығып отыр. Олар туралы өзбек, тәжік ғалымдары көптеген еңбектер жазды. Ал әл-Фараби жөнінде ондай ешнәрсе жоқ. Сол үшін әл-Фарабидің туған жері Отырар қаласы Шыңғыстың жорығында қиратылғалы бері әлі сол қалпында жатыр. Сол жерде қазба жұмыстарын жүргізіп, ескі мұраны зерттеу керек. Және дүниежүзіне аты әйгілі ғалым әл-Фарабидің мұрасын зерттеу  міндетіміз.

Бұны қанағат тұтпаған Ақжан Машани өз қаржысымен әл-Фарабидің ғұмыр кешкен Таяу Шығыс елдерін аралады. Осы сапарында Дамаскідегі Баб ас  Сағир зиратынан бабасының қабырын тауып, бір уыс топырағын әкеп, Отырар жеріне қосты. Сол жылы Сирия Үкіметі тарапынан бабасының басына құлпытас орнатуға мұрындық болды.

Бұл шаруаны жүзеге асыру Ақжан Машаниге оңайға түскен жоқ. Ол араб тілін жақсы білу үшін мешітке барып, қосымша білімін жетілдіреді. Сол үшін үстінен жоғары орындарға арыз түседі. Осы мәселе жөнінде Д.Қонаевтың қабылдауында болады. Екеуі геологиялық  барлау жұмысынан бір-бірін жақсы біліп, еркін сөйлесе береді екен.

Базбіреулер мені намаз оқу үшін мешітке барды деп үстімнен арыз  түсіріпті. Мені қорғап қалуға шамаң келе ме? Ашығын айтайын, әлде партбилетті осы арада қолыңа тапсырып кете берейін бе?депті А. Машани.  Д. Қонаев иманды кісі ғой:

Саған ешкім де тимейді. Әл-Фарабиді зерттей бер, партбилетің өзіңде болсын, депті. «Осы сөз өзі сол бір қысылшаң кезде едәуір медеу болды» деп еске алады А.Машани.

1967  жылы күз айында Қазақ ССР Ғылым академиясының мәжіліс залында әл-Фарабидің мұрасын жинап, зерттеу мәселесі қаралды. Онда Ғылым академиясынан орталық ашу керек делінді. Сөйтіп, Ғылым академиясының философия және право институтынан орталық ашылады. Халқымыздың атын жаханға танытқан әл-Фарабидің Қазақ ССР Ғылым академиясының табалдырығын аттауы осылай басталған еді.

Ендігі міндет әл-Фарабиді ЮНЕСКО тізіміне енгізіп, оның 1100 жылдығын өткізу мәселесін көтерді. 1971 жылы Мәскеуде өткен ЮНЕСКО-ның 13-конгресі аясында әл-Фарабиге арналған симпозиумде баяндамалар жасалады. Осы мәжілісте күтпеген жерден Өзбекстан ғалымы М.М. Хайруллаев мінбеге шығып: «Әл-Фараби мұрасын зерттеу орталығы Ташкентте болсын. Ол кісінің мұрасын марксизм негізінде, диалектикалық материализм тұрғысында біздер ғана өз дәрежесінде өткізе аламыз. Қазақстанда оны зерттейтін маман жоқ. Әл-Фараби бәрімізге ортақ тума», – дегені бар емес пе?» – деп еске алыпты А.Машани. Жиын төрағасы мысырлық: «Бізге әл-Фарабидің кім екені жақсы аян. Сендер оны марксизмге бағындырмақсыңдар. Бұған жол бермейміз. Әл-Фараби мерекесі оның еңбек еткен жерінде Бағдадта өтуі керек», – деп бұлқан-талқаны шығып ашуланады. Хайруллаев қорыққандықтан, зып беріп, сыртқа шығып кетіпті.

Сонда Ақжан Машани сөз алып:

Алхамдулла, әл-Фарабидің мұсылман екендігіне шек келтірмейміз. Оны ешкім жоққа бұра алмайды. Ал мен болсам, әл-Фарабидің нағыз  туған   жеріненмін. Хайруллаев біздегі басқа республиканың адамы. Біздер, Қазақстан ғалымдары осы отырған баршаңызды әл-Фарабидің туған жеріне қонаққа шақырамыз. Сіздерсіз әл-Фараби мұрасын таба алмаған болар едік. Соны сақтап, зерттеп келген ғалымдарға зор рақмет айтамыз, деп сонда отырған әл-Фарабидің еңбегін зерттеген бірсыпыра ғалымдардың есімін  жеке атап шығады. Олар риза болып қалады.

Келесі мәжілісті жүргізген Германия ғалымы Булл: «Мен әл-Фарабидің бір ғана еңбегімен танысып шықтым. Ол французшаға аударылған, оның музыкаға арналған кітабы. Соның өзі ол кісіні ЮНЕСКО тізіміне кіргізуге боларлық дүние. Оның үстіне, қазақ ғалымдары талай жаңалық қосып отыр. Ол үшін оларға көп рахмет айтамыз және әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойы туған жерінде, Қазақстанда өтетін болсын», – деген ұсыныс жасады.

Қысқасы, ЮНЕСКО қаулы алған соң, Мәскеу басшылары әл-Фарабидің тойын Қазақстанда өткізуге мәжбүр болды. А.Машани бастаған Қазақстан ғалымдарының зерттеулері әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми конференцияны Қазақстанда өткізуге, шешім қабылдауына негіз болды. Сөйтіп, ұзақ  жылдар бойы дүниежүзілік «екінші Аристотель» аталған әл-Фарабиге арналған ғылыми форум 1975 жылы 8-13 аралығында Мәскеуде басталып, ұлы бабаның өз Отаны Қазақстанда, Алматыда аяқталған болатын. ҚазМУ-де әл-Фараби орталығы ашылды.

Осы кезеңде Ақжан Машани 32 ғылыми еңбек жариялап үлгерді. Оның екеуі монография болатын. Қазақ әдебиетінде екінші ұстаздың көркем бейнесін сомдаған «әл-Фараби» (1970) атты тұңғыш тарихи роман жазды. «Әл-Фараби және Абай» монографиясында екі ғалым арасындағы ғылыми және рухани байланыстар мәселесін зерделейді. «Абайды оқып, тағылым тәрбие алмаған болсақ, әл-Фарабиді сөз етер ме едім... Өзіме шындық жолды іздеуге бағыт берген Абай шығармалары деп білемін» («әл-Фараби және Абай», Алматы, 1994), деп ағынан жарылуы осыдан болса керек.

Көрнекті ғалым, академик, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық университетінің профессоры Ақжан Машановтың 100 жылдық мерейтойы 2006 жылы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді. Осыған байланысты, Алматыда өткен ғылыми конференцияда Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дің ректоры Д. Сүлеев жасаған баяндамасында  «А.Машани соңғы демі таусылғанша саналы ғұмырының қырық жылдан астам уақытын әл-Фараби мұрасын зерттеуге арнады. Қазақстан ғалымдарының ішінде ұлы бабаның ғылыми өмірбаянын жасауда теңдесі жоқ мұра қалдырды және әл-Фараби қағидаларының бүгінгі ғылымдағы көріністері мен қазақтың дүниетанымдық пайымдауларын зерттеуде фарабитану методологиясының ғылыми, ислами негізінің концепциясын жасады. Кезінде  жариялауға тыйым салынып, 30 жылдан соң 2004 жылы басылып шыққан «Әл-Фараби және бүгінгі ғылым» зерттеуі осының куәсі» деп А.Машанидің фарабитануға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

«Бұл кісіден бұрын да, кейін де даналар болды. Бірақ олардың ішінде дәл Фарабидей геометрия, музыка, астрономия сияқты үш ғылым саласына бірдей үлес қосқан аса ірі жаңалық ашқан ғалымдарды табу қиын. Платон. Аристотель, Птоломей сияқты ғұламалар музыканы жөнді меңгере алмағандарын өздері жазып кеткен» (Әл-Фараби және Абай» Алматы, 1994) дейді.

Өзі ғұмыр бойы қызмет еткен университетте 2001 жылы Ақжан Машани орталығы ашылды. Орталық А.Машанидің фарабитануға арналған 7 томдық қолжазбасын кітап етіп шығарды. Осыларды қосқанда 14 томдық еңбектерінің электрондық нұсқасы даярланды.

Бүгінде қазақ фарабитану ғылымы құлашын кең жайып келеді. Әлемнің шартарабына тарап кеткен әл-Фараби мұрасын жинап, қазақ, орыс тілінде кітап етіп бастыруда, зерттеу еңбектер  жазуда көптеген игілікті  жұмыстар атқарылды. 2019 жылы әл-Фарабидің 15 томдық жинағы (оның 7  томы қазақша, 7 томы орысша, 1 томы ағылшынша) жарық көрді (Халықаралық «Абай клубы» тарапынан). Фарабитануға қазақстандық ғалымдар Ә.Марғұлан, О.Жәутіков, А.Қасымжанов, А.Көбесов, М.Бурабаев, Ә.Дербісәлі, Қ.Жарықбаев, т.б.үлес қосты.

Ақжан Машани есімі қазақ  ғылымы шоқжұлдызы ішінде сөнбестей із қалдырған тұлға. Биыл әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтіледі. Онда А.Машанидің есімі де аталатыны сөзсіз.

Көшкінбай  ЕЛІКБАЕВ,

білім саласының ардагері,

Төлеби ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері

761 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз